Кодексі Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы 2014. 07. 11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен


-бөлім. КЕДЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯНЫ БЕРУ АЛДЫНДАҒЫ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАР



бет15/26
Дата04.07.2016
өлшемі2.76 Mb.
#177209
түріКодекс
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   26

4-бөлім. КЕДЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯНЫ БЕРУ АЛДЫНДАҒЫ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАР

 

27-тарау. Тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу туралы негізгі ережелер

 

242-бап. Тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу

1. Барлық тұлғалар Кеден одағының кеден заңнамасында және осы Кодексте белгіленген ережелерді сақтай отырып, тең негізде тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге құқығы бар.

2. Тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізіледі.

Тауарлардың жекелеген санаттары, оның ішінде керек-жарақтар, жеке пайдалануға арналған тауарлар, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары үшін осы Кодекспен және (немесе) Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен оларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізудің ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.

3. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар Кеден одағының кеден заңнамасында және осы Кодексте белгіленген тәртіппен кедендік бақылауға жатады.

Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары және олардың лауазымды адамдары Кеден одағының кеден заңнамасында және осы Кодексте көзделмеген талаптар мен шектеулерді белгілеуге құқылы емес.

4. Дүлей зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жою үшін қажетті тауарларды, бейбітшілікті сақтау не оқу-жаттығу өткізу бойынша акцияларды орындау үшін қажетті әскери мақсаттағы өнімді, сондай-ақ тез бұзылуға ұшырайтын тауарларды, тірі жануарларды, радиоактивті материалдарды, жарылғыш заттарды, халықаралық почта жөнелтімдерін, экспресс-жүктерді, гуманитарлық және техникалық көмекті, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған хабарлар мен материалдарды және осындай басқа да тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелу және осы аумақтан әкету кезінде кедендік декларацияны беру алдындағы кедендік операциялар бірінші кезекте жүргізіледі.

 

2013.04.07. № 130-V ҚР Заңымен 243-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)



243-бап. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындары

1. Өткізу пункттері не Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өзге де орындар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындары болып табылады.

2. Жолаушыларды, көлік құралдарын және тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылым объектілерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқаруына беруге құқылы.

 

244-бап. Тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтау



1. Егер осы Кодексте, Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында, Кеден одағы комиссиясының шешімдерінде және мұндай тыйым салулар мен шектеулер белгіленген Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шығарылған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше белгіленбесе, тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу тыйым салулар мен шектеулер сақтала отырып жүзеге асырылады.

2. Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған, Кеден одағының кедендік аумағына келген тауарлар, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Кеден одағының кедендік аумағынан тез арада әкетілуге жатады.

Көрсетілген тауарларды әкету жөнінде шаралар қабылдау тасымалдаушыға не, егер осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, олардың меншік иесіне жүктеледі.

3. Кеден одағының кедендік аумағынан әкетуге тыйым салынған тауарлар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуге жатпайды.

4. Егер әкелуге немесе әкетуге шектеу қойылған тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелу немесе мұндай аумақтан әкету кезінде шектеулердің сақталғанын растайтын құжаттар ұсынылмаса, осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері қолданылады.

5. Осы баптың 2 және 4-тармақтарында көрсетілген тауарларды әкету мүмкін болмаған немесе оларды тез арада әкету жүзеге асырылмаған жағдайда бұл тауарлар осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұсталуға жатады.

 

245-бап. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өтетін тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету



1. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды пайдалану және (немесе) билік ету оларды кеден органы шығарғанға дейін Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.

2. Тауарларды кеден органы шығарғаннан кейін оларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету мәлімделген кедендік рәсімнің шарттарына сәйкес немесе осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылуға жатпайтын тауарлардың жекелеген санаттары үшін белгіленген шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

 

246-бап. Жарамсыз болған, бүлінген немесе зақымданған тауарлар



Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген, оларды кедендік рәсіммен орналастыруға байланысты, оның ішінде оларды уақытша сақтау кезеңінде кедендік операциялар жасағанға дейін, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде жарамсыз болған, авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан бүлінген немесе зақымданған тауарлар оларға қатысты одан әрі кедендік операциялар жасау кезінде олар Кеден одағының кедендік аумағына жарамсыз, бүлінген немесе зақымданған түрде әкелінген ретінде қаралады.

 

247-бап. Мүдделі тұлғалардың тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алуы



1. Мүдделі тұлғалар және бақылаушы мемлекеттік органдар кеден органының рұқсатымен, осы Кодексте (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға құқылы.

2. Кеден органы тауарлардан сынамалары мен үлгілерін алуға, егер мұндай алу:

1) кедендік бақылау жүргізуді қиындатпаса;

2) тауарлардың сипаттамаларын өзгертпесе;

3) кедендік баждарды, салықтарды төлеуден жалтаруға немесе тыйым салулар мен шектеулерді сақтамауға әкелмесе рұқсат береді.

3. Тауарлардың сынамалары мен үлгілеріне арналған жеке кедендік декларация олар тауарларға арналған декларацияда көрсетілген жағдайда берілмейді.

 

 

28-тарау. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келуі



 

248-бап. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келу орны және уақыты

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келуі тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында (бұдан әрі - келу орны) және кеден органдарының осы орындардағы жұмыс уақыты кезінде жүзеге асырылады.

Тауарлардың жекелеген санаттарын Кеден одағының кедендік аумағына кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындаған орындарға ғана әкелуге болады.

Тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған жағдайларда және тәртіппен келу орны болып табылмайтын өзге де орындарға келуі мүмкін.

Кеден органдары келу орындарының тізбесін жариялау үшін, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жариялау үшін Кеден одағының комиссиясына жіберіледі.

2. Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткеннен кейін әкелінген тауарларды тасымалдаушы келу орындарына немесе осы баптың 1-тармағында көрсетілген өзге де орындарға жеткізуге және кеден органына ұсынуға тиіс. Бұл ретте тауарлардың жай-күйін өзгертуге немесе олардың орамын бұзуға, сондай-ақ салынған пломбаларды, мөрлерді және өзге де сәйкестендіру құралдарын өзгертуге, алып тастауға, жоюға немесе зақымдауға жол берілмейді.

3. Кеден органдары келу орындары, белгіленген шектеулер және кеден органдарының жұмыс уақыты туралы ақпаратты, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып беруге міндетті.

4. Осы тараудың ережелері Кеден одағының кедендік аумағында орналасқан портқа немесе әуежайға тоқтамастан Кеден одағының кедендік аумағын кесіп өтетін су және әуе кемелерімен тасымалданатын тауарларға, сондай-ақ құбыржол көлігімен және электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларға қолданылмайды.

 

249-бап. Авария, еңсерілмейтін күш әсері немесе өзге де мән-жайлар кезінде қолданылатын шаралар



1. Егер Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткеннен кейін тауарларды келу орнына жеткізу үзілсе, сондай-ақ, егер су немесе әуе кемесі авария, еңсерілмейтін күш әсері не тауарларды жеткізуге, белгіленген орындарға тоқтауды немесе қонуды жүзеге асыруға кедергі келтіретін өзге де мән жайлар салдарынан Кеден одағының кедендік аумағына мәжбүрлі тоқтаса немесе қонса, тасымалдаушы тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолдануға, жақын кеден органына осы мән-жайлар мен тауарлардың тұрған жері туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ тауарларды апаруға немесе оларды жақын кеден органына (егер олардың халықаралық тасымалдау көлік құралы зақымдалса) не кеден органы көрсеткен өзге орынға тасымалдауды қамтамасыз етуге міндетті.

2. Осы баптың талаптарын сақтауға байланысты тасымалдаушыда туындаған шығыстарды кеден органдары өтемейді.

 

250-бап. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келуі туралы хабарлама



1. Тасымалдаушы осы Кодекстің 251-бабында көзделген құжаттар мен мәліметтерді ұсыну арқылы тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын көліктің түріне қарай кеден органын Кеден одағының кедендік аумағына тауарлардың келуі туралы хабардар етуге міндетті.

Құжаттарды тасымалдаушының атынан кеден өкілі не тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін өзге де тұлғалар табыс етуі мүмкін.

2. Тасымалдаушы, кеден өкілі не өзге де мүдделі тұлға кеден органына тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына іс жүзінде келгеніне дейін олар туралы алдын ала ақпаратты беруге құқылы. Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында және (немесе) халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда тасымалдаушы тауарлар туралы алдын ала ақпаратты беруге міндетті.

3. Тасымалдаушы құжаттарды электрондық құжаттар түрінде табыс етуге құқылы.

4. Аумағына тауар келіп түскен Кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік тілі болып табылмайтын тілде жасалған құжаттарды ұсынған кезде мұндай құжаттардағы мәліметтерді аударуды тасымалдаушы немесе өзге мүдделі тұлға қамтамасыз етеді.

 

251-бап. Тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралына қарай кеден органына ұсынылатын құжаттар мен мәліметтер



1. Тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына келген кезде тасымалдаушы мынадай құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:

1) автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдау кезінде:

құжаттар:

халықаралық тасымалдау көлік құралына арналған құжаттар;

көлік (тасымалдау) құжаттары;

Дүниежүзілік почта одағының актілерінде айқындалған, халықаралық почта жөнелтімдерін тасымалдау кезінде олармен ілесіп жүретін құжат;

тасымалданатын тауарларға арналған тасымалдаушыда бар коммерциялық құжаттар;

мәліметтер:

халықаралық тасымалдау көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы;

тауарларды тасымалдаушының атауы және мекенжайы;

тауарларды жөнелтуші елдің және межелі елдің атауы;

тауарларды жөнелтуші мен алушының атауы және мекенжайы;

тасымалдаушыда бар коммерциялық құжаттарға сәйкес тауарларды сатушы және алушы туралы;

жүк орындарының саны, оларды таңбалау және тауарлар орамаларының түрлері туралы;

тауарлардың атауы, сондай-ақ Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесіне немесе Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес бірінші төрт белгіден кем емес деңгейдегі кодтары;

тауарлардың брутто салмағы (килограммен) не өте ауқымды жүктерді қоспағанда, тауарлардың көлемі (текше метрмен);

Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлардың болуы туралы;

халықаралық тауар-көліктік жүкқұжат жасау орны және күні туралы;

2) су кемелерімен халықаралық тасымалдау кезінде:

құжаттар:

жалпы декларация;

жүк туралы декларация;

кеме керек-жарақтары туралы декларация;

кеме экипажының жеке заттары туралы декларация;

кеменің рөлі;

жолаушылардың тізімі;

Дүниежүзілік почта одағының актілерінде айқындалған, халықаралық почта жөнелтімдерін тасымалдау кезінде олармен ілесіп жүретін құжат;

көлік (тасымалдау) құжаттары;

тасымалданатын тауарларға арналған тасымалдаушыда бар коммерциялық құжаттар;

мәліметтер:

кемені және оның ұлттық тиесілігін тіркеу туралы;

кеменің атауы және сипаттамасы;

капитанның тегі;

кеме агентінің тегі және мекенжайы;

кемедегі жолаушылардың саны, олардың тегі, аты, азаматтығы (бодандығы), туған күні және жері, отырғызу және түсіру порты;

экипаж мүшелерінің саны және құрамы;

кемені жөнелтуші порттың және кіргізуші порттың атауы;

тауарлардың атауы, жалпы саны және сипаттамасы;

жүк орындарының саны, оларды таңбалау және тауарлар орамасының түрлері туралы;

тауарларды тиейтін порттың және түсіретін порттың атауы;

осы портта түсіруге жататын тауарларға арналған теңіз (өзен) тасымалдау шартының болуын және мазмұнын растайтын коносаменттердің немесе өзге құжаттардың нөмірлері;

бортта қалатын тауарларды түсіретін порттардың атауы;

тауарларды жіберуші бастапқы порттардың атауы;

кемедегі кеме керек-жарақтарының атауы және олардың санын көрсету;

тауарлардың кемеде орналасуын сипаттау;

кеме бортында халықаралық почта жөнелтімдерінің болуы (болмауы) туралы;

экипаж мүшелеріндегі Кеден одағына мүше мемлекеттердің валютасын және валюталық құндылықтарын қоса алғанда, кеме бортында Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған, құрамында есірткі, қатты әсер ететін құралдар, психотроптық және улы заттар бар дәрілік құралдардың, қару жарақтардың, оқ дәрілердің болуы (болмауы) туралы;

3) әуе көлігімен халықаралық тасымалдау кезінде:

құжаттар:

азаматтық авиация саласындағы халықаралық шарттарда көзделген тасымалдаушының стандарттық құжаты (бас декларация);

әуе кемесінің бортында тасымалданатын тауарлар туралы мәліметтер бар құжат (жүк ведомосы);

борт керек-жарақтары туралы мәліметтер бар құжат;

көлік (тасымалдау) құжаттары;

тасымалданатын тауарларға арналған тасымалдаушыда бар коммерциялық құжаттар;

бортта тасымалданатын жолаушылар және олардың багажы туралы мәліметтер бар құжат (жолаушы ведомосы);

Дүниежүзілік почта одағының актілерінде айқындалған, халықаралық почта жөнелтімдерін тасымалдау кезінде олармен ілесіп жүретін құжат;

мәліметтер:

кеменің ұлттық тиесілігі белгілерін және тіркеу белгілерін көрсету;

рейстің нөмірі, ұшу бағытын, кеменің ұшып кету пунктін, келу пунктін көрсету;

кемені пайдаланушының атауы;

экипаж мүшелерінің саны туралы;

кемедегі жолаушылардың саны, олардың тегі және аты-жөні туралы, кіру және шығу пункттерінің атауы;

тауарлардың атауы;

жүк жүкқұжатының нөмірі, әрбір жүк жүкқұжаты бойынша орындардың саны;

тауарларды тиеу пунктінің және түсіру пунктінің атауы;

кемеге тиелетін немесе одан түсірілетін борт керек-жарақтарының саны туралы;

кеме бортында халықаралық почта жөнелтімдерінің болуы (болмауы) туралы;

экипаж мүшелеріндегі Кеден одағына мүше мемлекеттердің валютасын және валюталық құндылықтарын қоса алғанда, кеме бортында Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған, құрамында есірткі, қатты әсер ететін құралдар, психотроптық және улы заттар бар дәрілік құралдардың, қару-жарақтың, оқ-дәрілердің болуы (болмауы) туралы;

4) теміржол көлігімен халықаралық тасымалдау кезінде:

құжаттар:

көлік (тасымалдау) құжаттары;

теміржол жылжымалы құрамына арналған берілетін ведомость;

керек-жарақтар туралы мәліметтер бар құжат;

Дүниежүзілік почта одағының актілерінде айқындалған, халықаралық почта жөнелтімдерін тасымалдау кезінде олармен ілесіп жүретін құжат;

тасымалданатын тауарларға арналған тасымалдаушыда бар коммерциялық құжаттар;

мәліметтер:

тауарларды жөнелтушінің атауы және мекенжайы;

тауарларды алушының атауы және мекенжайы;

тауарларды жөнелтуші станцияның және межелі станцияның атауы;

жүк орындарының саны, оларды таңбалау және тауарлар орамаларының түрлері туралы;

тауарлардың атауы, сондай-ақ Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесіне немесе Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес бірінші төрт белгіден кем емес кодтары;

тауарлардың брутто салмағы (килограммен);

контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері.

2. Тасымалдау жүзеге асырылатын көлік түріне қарамастан, кеден органын Кеден одағының кедендік аумағына тауарлардың келуі туралы хабардар еткен кезде, тарифтік емес реттеу шараларын қоспағанда, осы Кодекстің 244-бабының 1-тармағына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар ұсынылады.

 

252-бап. Келу орындарында жасалатын кедендік операциялар



1. Келу орындарында тауарларды түсіру және қайта тиеу (ауыстырып тиеу), сондай-ақ тауарды Кеден одағының кедендік аумағына жеткізген көлік құралын басқа көлік құралына ауыстыру жүзеге асырылуы мүмкін.

2. Тауарларды түсіру және қайта тиеу (ауыстырып тиеу), тауарды Кеден одағының кедендік аумағына жеткізген көлік құралын басқа көлік құралына ауыстыру кеден органының жұмыс уақытында, кеден органының рұқсатымен және мүдделі тұлғаның сауал салуы бойынша берілетін арнайы осы мақсаттарға арналған орындарда жүзеге асырылады.

3. Келу орындарында тауарларды уақытша сақтауға, оларды кедендік декларациялауға және мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасауға жол беріледі.

4. Тасымалдаушы немесе өзге де мүдделі тұлға тауарларды уақытша сақтауға немесе оларды кедендік рәсімге сәйкес кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды тауарларды келген орнында кеден органына көрсеткеннен кейін үш сағат ішінде жасауға міндетті.

Теміржол немесе су көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты тасымалдаушы немесе өзге де мүдделі тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген кедендік операцияларды тауарларды келген орнында кеден органына көрсеткеннен кейін кеден органының келесі жұмыс күнінің аяқталу уақытынан кешіктірмей жасауға міндетті.

5. Тауарларды келу орнынан кеден органы белгілеген орынға жеткізу, егер мұндай тауарлар келген орнында өзге кедендік рәсіммен орналастырылмаса немесе оларға қатысты Кеден одағының кеден заңнамасында көзделген өзге де кедендік операциялар жасалмаса, кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес жүзеге асырылады.

 

253-бап. Тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына келген кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі



1. Тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына келген кезде тасымалдаушыда кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен кезде туындайды.

2. Тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына келген кезде тасымалдаушыда кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет:

1) тауарларды келу орнына жеткізген және уақытша сақтауға орналастырған немесе келу орнында кедендік рәсіммен орналастырған кезде, сондай-ақ, егер осы тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына келгеннен кейін тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орнынан шықпаса, тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан кеткен кезде;

2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.

3. Тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына келген кезде:

1) тауарларды келу орнына жеткізбеген кезде - тауарлардың Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал егер бұл күн анықталмаса - тауарларды келу орнына жеткізбеу фактісі анықталған күн;

2) авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи кему нәтижесінде жойылуды (біржола жоғалуды) қоспағанда, тауарлардың келу орнында жоғалуы кезінде - тауарлардың Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал егер бұл күн анықталмаса - тауарлардың жоғалу фактісі анықталған күн;

3) келу орнында уақытша сақтауға орналастырмастан немесе оларды кедендік рәсіммен орналастырмастан, тауарларды келу орнынан Кеден одағы кедендік аумағының қалған бөлігіне әкету кезінде - тауарлардың Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал бұл күн анықталмаса - мұндай әкету фактісі анықталған күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі болып саналады.

4. Кедендік әкелу баждары, салықтар тауарларды ішкі тұтыну үшін кедендік шығару рәсімімен орналастыру кезінде төленуге тиісті болған кедендік әкелу баждарының, салықтардың кедендік баждардың, салықтардың ставкаларын, кедендік құнды, олардың табиғи мәндегі физикалық сипаттамасын (мөлшерін, массасын, көлемін немесе өзге де сипаттамасын) және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленген және тауарлардың Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өту күні, ал егер бұл күн анықталмаған болса, тауарларды келу орнына жеткізбеу, оларды келген жерінде жоғалту не келген жерінде уақытша сақтауға орналастырмастан немесе оларды кедендік рәсіммен орналастырмастан келген жерінен Кеден одағының кедендік аумағына алып шығу фактісі анықталған күні қолданыста болған валютаның нарықтық бағамын басшылыққа ала отырып есептелген сомаларына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.

 

 



29-тарау. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан кетуі

 

254-бап. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан кету орны мен уақыты

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан кетуі тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында (бұдан әрі - кету орындары) және кеден органдарының осы орындарда жұмыс істеуі кезінде жүзеге асырылады.

Тауарлардың жекелеген санаттарын Кеден одағының кедендік аумағынан кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындаған әкету орындарынан ғана әкетуге болады.

Тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан кету орны болып табылмайтын өзге орындардан Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған жағдайларда және тәртіппен кете алады.

Кеден органдары кету орындарының тізбесін жариялау үшін, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, Кеден одағының комиссиясына жолдайды.

2. Кеден органдары кету орындары туралы, белгіленген шектеулер туралы және кеден органдарының жұмыс уақыты туралы ақпаратты ұсынуға, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып ұсынуға міндетті.

3. Осы тараудың ережелері Кеден одағының кедендік аумағында орналасқан портқа немесе әуежайға тоқтамастан Кеден одағының кедендік аумағын кесіп өтетін су немесе әуе кемелерімен тасымалданатын тауарларға, сондай-ақ құбыржол көлігімен және электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларға қолданылмайды.

 

255-бап. Кету орындарында жасалатын кедендік операциялар



1. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан кетуі үшін тасымалдаушы кеден органына кедендік декларацияны не оларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкетуге жол беретін өзге де құжатты, сондай-ақ, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, тауарлар тасымалы жүзеге асырылатын көлік түріне қарай осы Кодекстің 251-бабында көзделген құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға міндетті.

Тасымалдау жүзеге асырылатын көлік түріне қарамастан, тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан кетуі үшін кеден органына осы Кодекстің 244-бабының 1-тармағына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар ұсынылады.

Кедендік декларация не тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкетуге жол беретін өзге де құжат, егер осы тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына келгеннен кейін тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарынан шықпаса, тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан кетуі үшін ұсынылмайды.

2. Тасымалдаушы құжаттарды электрондық құжаттар түрінде ұсынуға құқылы.

3. Тасымалдаушының атынан құжаттарды кеден өкілі не тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін өзге де тұлғалар ұсынуы мүмкін.

4. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсатымен жол беріледі.

Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсаты кедендік декларацияда не оларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкетуге жол беретін өзге де құжатта және көлік (тасымалдау) құжаттарында кеден органының тиісті белгілерін қою арқылы ресімделеді.

 

256-бап. Тауарларға Кеден одағының кедендік аумағынан кету кезінде қойылатын талаптар



1. Осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, егер бұл тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарынан шықпаса, тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан оларды белгілі бір кедендік рәсіммен орналастырған кезде не олар Кеден одағының кедендік аумағына келуі кезінде болған мөлшерде және жай-күйде Кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуге тиіс.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, табиғи тозу немесе кему салдарынан не тасымалдаудың, тасудың және сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде тауарлардың табиғи қасиеттерінің өзгеруі салдарынан тауарлар мөлшерінің және (немесе) жай-күйінің өзгерулеріне, сондай-ақ көлік құралындағы төгілмейтін қалдықтардың болуы салдарынан тауарлар мөлшерінің өзгерулеріне жол беріледі.

2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Адамдар, егер тауарлардың жоғалуы не жай-күйінің өзгеруі авария не еңсерілмейтін күш әсері салдарынан болған жағдайда осы баптың ережелерін сақтамағаны үшін, ал техникалық регламентте және ұлттық стандарттарда көзделген жағдайларда өлшеу әдістерінің ағаттықтарынан тауарлардың мөлшері туралы мәліметтер өзгерген кезде жауапты болмайды.

3. Кеден одағының тауарлары олар бойынша тауарлар мөлшерінің азаюы болған себептерге қарамастан, олардың белгiлi бiр кедендiк рәсіммен орналастырылған кезінде мәлімделген мөлшерден аз мөлшерде Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілуі мүмкін.

 

257-бап. Авария, еңсерілмейтін күш әсерi немесе өзге де мән-жайлар кезінде қолданылатын шаралар



1. Егер тауарларды жеткізу кету орнынан Кеден одағының кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өту орнына дейін жеткізу авария, еңсерілмейтін күш әсері не тауарларды мұндай жеткізуге кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар салдарынан үзілсе, тасымалдаушы тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолдануға, жақын жердегі кеден органына осы мән-жайлар мен тауарлардың тұрған жері туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ тауарларды тасымалдауды немесе оларды жақын жердегі кеден органына не кеден органы көрсеткен өзге орынға тасымалдауды (егер олардың халықаралық тасымалдау көлік құралы зақымдалса) қамтамасыз етуге міндетті.

2. Осы баптың талаптарын сақтауға байланысты тасымалдаушыда немесе өзге де тұлғаларда туындаған шығыстарды кеден органдары өтемейді.

 

258-бап. Шетелдік тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан кеткен кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі



1. Шетелдік тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан кеткен кезде тасымалдаушыда кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет кеден органы Кеден одағының кедендік аумағынан тауарлардың кетуіне рұқсат берген кезден бастап туындайды.

2. Шетелдік тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан кеткен кезде тасымалдаушыда кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет:

1) тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткен кезде;

2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.

3. Авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи кему нәтижесінде жойылуды (біржола жоғалуды) қоспағанда, егер тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткенге дейін жоғалған болса, шетелдік тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан кеткен кезде тауарларды жоғалту күні, ал егер бұл күн анықталмаса кеден органы Кеден одағының кедендік аумағынан тауарлардың кетуіне рұқсат берген күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі болып саналады.

4. Кедендік әкелу баждары, салықтар тауарларды ішкі тұтыну үшін кедендік шығару рәсімімен орналастыру кезінде төленуге тиісті болған кедендік әкелу баждарының, салықтардың кедендік баждардың, салықтардың ставкаларын, кедендік құнды, олардың табиғи мәндегі физикалық сипаттамасын (мөлшерін, массасын, көлемін немесе өзге де сипаттамасын) және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленген және тауарларды жоғалту күні, ал егер бұл күн анықталмаған болса, кеден органы тауарларды кеден аумағынан әкетуге рұқсат беру күні қолданыста болған валютаның нарықтық бағамын басшылыққа ала отырып есептелген сомаларына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.

 

 

30-тарау. Тауарларды уақытша сақтау



 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   26




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет