Кодексі Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы 2014. 07. 11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен


-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



бет26/26
Дата04.07.2016
өлшемі2.76 Mb.
#177209
түріКодекс
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26

463-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы тарауда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) иесімен жөнелтілмейтін багаж - жеке тұлғаның Кеден одағының кедендік аумағына кіруімен немесе оның Кеден одағының кедендік аумағынан кетуімен байланысты Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы іс жүзінде өткізілуі үшін халықаралық тасымалдау (көлік экспедициясы) шарты бойынша тасымалдаушыға берілген немесе берілетін, жеке тұлғаға тиесілі жеке пайдалануға арналған тауарлар;

2) иесімен бірге жөнелтілетін багаж - қолжүгін қоса алғанда, Кеден одағының кедендік шекарасынан өтетін жеке тұлға тікелей өткізетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;

3) жеке пайдалануға арналған, тасымалдаушы жеткізетін тауарлар - Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өтпеген жеке тұлғаның атына не жеке тұлғадан Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы іс жүзінде өткізу үшін халықаралық тасымалдау шарты бойынша (жүкқұжат, коносамент және өзге де құжаттар бойынша) тасымалдаушыға берілген немесе берілетін, жеке пайдалануға арналған тауарлар;

4) жеке пайдалануға арналған көлік құралы - жеке тұлғаның меншігінде немесе иелігінде болатын, осы көлік құралдарын тұлғаларды сыйақы алу үшін немесе тауарларды өнеркәсіптік немесе коммерциялық жолмен сыйақы алу немесе тегін тасымалдау үшін емес, Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тек өз мақсаттарында өткізетін, қосалқы бөлшектерімен және әдеттегі керек-жарақтарымен және жабдықтарымен бірге, оның әдеттегі бактарында жанар-жағар майы мен отыны бар авто-, мотокөлік құралы, тіркеме, су немесе әуе кемесі.

 

464-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу туралы жалпы ережелер



1. Жеке пайдалануға арналған тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы осы тараудың ережелеріне сәйкес, осы тараумен реттелмеген бөлігінде, - Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес өткізіледі.

2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға тарифтік емес реттеу және техникалық реттеу шаралары қолданылмайды.

3. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызу критерийлері, жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік төлемдер мен салықтарды төлемей өткізудің құндық, сандық және салмақтық нормалары, жеке пайдалануға арналған тауарлардың жекелеген санаттарын кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден босату жағдайлары, сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтарды қолдану тәртібі Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартымен белгіленеді.

 

465-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу тәсілдері



Жеке пайдалануға арналған тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тасымалдаушы жеткізетін тауарлар ретінде иесімен бірге жөнелтілетін немесе иесіз жөнелтілетін багажда, сондай-ақ осы Кодекстің 51-тарауына сәйкес халықаралық почта жөнелтімдерімен өткізілуі мүмкін.

 

466-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты жасалатын кедендік операциялар



1. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операциялар осы Кодексте және (немесе) Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартында айқындалатын тәртіппен жасалады.

2. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операциялар Кеден одағының кедендік аумағына келу немесе осы аумақтан кету орындарында не аумағында мұндай тауарлардың декларанты ретінде әрекет етуге құқығы бар жеке тұлға тұрақты (немесе уақытша) тұратын Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органындағы өткізу тәсілдеріне байланысты жасалады.

3. Жеке тұлғалар жеке пайдалануға арналған тауарларын өткізу кезінде кеден органдары, бұл Кеден одағының кеден заңнамасын сақтау үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, осы тұлғаларға көлік құралдарынан шықпай кедендік операциялар жасауға мүмкіндік береді.

4. Жеке пайдалануға арналған тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасынан өткізу кезінде осы Кодекстің 467-бабына сәйкес кедендік декларациялауға және осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылмай жеке пайдалану үшін шығарылуға жатады. Жеке пайдалануға арналған тауарларды шығарумен байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі Кеден одағының кеден заңнамасында айқындалады.

Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізетін тұлғаның қалауы бойынша мұндай тауарларға қатысты осы Кодекске сәйкес оларды уақытша сақтауға орналастырумен, кедендік рәсімдермен орналастыру арқылы, сондай-ақ олар келген жерінен кетіп қалмаса, Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілумен байланысты кедендік операциялар жасалуы мүмкін.

Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген кедендік операциялар жасалмаған жағдайда, осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес тауарлар кідіртілуге жатады.

5. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік бақылау осы Кодекске және (немесе) Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартына сәйкес жүргізіледі.

 

467-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау



1. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауды жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілген кезде кеден органына тауарларды бір мезгілде көрсете отырып жүзеге асырады.

2. Жазбаша нысанда кедендік декларациялауға:

1) иесіз жөнелтілетін багажда немесе тасымалдаушы жеке тұлғаның мекенжайына жеткізетін, жеке пайдалануға арналған тауарлар;

2) тарифтік емес және техникалық реттеу шараларынан басқа, оларға қатысты тыйым салулар мен шектеулер қолданылатын кез келген тәсілмен өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;

3) кез келген тәсілмен өткізілетін, оның ішінде құны және (немесе) саны мұндай тауарларды Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартында белгіленген кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден босатылатын өткізу нормаларынан асатын, уақытша әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;

4) Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағында тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, Кеден одағының кедендік аумағынан уақытша әкетілетін және мұндай аумаққа қайта әкелінетін, кез келген тәсілмен өткізілетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары;

5) Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында және (немесе) халықаралық шартында белгіленген жағдайларда, Кеден одағына мүше мемлекеттердің валютасы, бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар;

6) мәдени құндылықтар;

7) иесімен жөнелтіліп әкелінетін бағажда, егер оларды өткізетін жеке тұлғада иесіз жөнелтілген багаж болса, жеке пайдалануға арналған тауарлар;

8) Кеден одағының кеден заңнамасында айқындалған өзге де тауарлар жатады.

3. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау жолаушының кедендік декларациясы қолданыла отырып, жазбаша нысанда жүргізіледі.

Жолаушының кедендік декларациясының нысаны, оны толтыру, беру және тіркеу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.

4. Жеке тұлға өз қалауы бойынша жолаушының кедендік декларациясын қолдана отырып, жазбаша нысанда кедендік декларациялауға жатпайтын жеке пайдалануға арналған тауарларға кедендік декларациялау жүргізуге құқылы.

5. Он алты жасқа толмаған жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларын кедендік декларациялауды, оны алып жүретін тұлға (ата-анасының бірі, осы тұлғаны асырап алушы, қорғаншысы немесе қамқоршысы, оны алып жүретін өзге де тұлға не алып жүретін тұлғалар болмаған кезде тасымалдаушының өкілі, ал ата-аналарының, асырап алушылары, қорғаншылары немесе қамқоршылары алып жүрмей, кәмелеттік жасқа толмаған адамдар тобының ұйымдасып шығуы (кіруі) кезінде - топ жетекшісі не тасымалдаушының өкілі) жүргізеді.

6. Қайтыс болғандардың денесі (сүйектері) салынған табыттарды және мәйіті (күлі) салынған сауыттарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде кедендік декларациялауды қайтыс болған адамның денесі (сүйектері) салынған табытты немесе мәйіті (күлі) салынған сауыттарды алып жүретін тұлға осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген құжаттарды табыс ете отырып, еркін нысанда өтініш беру жолымен жүзеге асырады.

Қайтыс болғандардың мәйіті (күлі) салынған сауыттарды және денесі (сүйектері) салынған табыттарды Кеден одағының кедендік шекарасынан әкету кезінде мынадай құжаттар табыс етіледі:

1) Кеден одағына мүше мемлекеттердің азаматтық хал актілерін тіркеу үшін белгіленген тәртіппен азаматтық хал актілерінің жазу бөлімдері беретін, өлгені туралы куәлік не өлгені туралы медициналық куәлік не көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері;

2) қайта көмген жағдайда, эксгумация мүмкіндігі туралы жергілікті мемлекеттік санитариялық қадағалау органдарының еркін нысанда жазылған қорытындысы;

3) мырыш табыттарын дәнекерлеу жөніндегі жерлеу қызметін көрсетуді жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымның оларда бөгде салымдардың жоқтығын көрсете отырып, қайтыс болған адамның заттары мен құндылықтары қайтыс болған адамның денесімен (сүйектерімен) бірге жөнелтілген жағдайда, олардың тізімдемесі қоса беріле отырып, еркін нысанда жазылған актісі (анықтамасы) табыс етіледі;

Қайтыс болғандардың мәйіті (күлі) салынған сауыттарды және денелері (сүйектері) салынған табыттарды Кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде мынадай құжаттар:

1) өлгені туралы жөнелтуші елдің уәкілетті мекемесі берген куәлік не өлгені туралы медициналық куәлік немесе осы құжаттардың көшірмелері;

2) мырыш табыттарын дәнекерлеу жөніндегі жерлеу қызметін көрсетуді жүзеге асыратын ұйымның оларда бөгде салымдардың жоқтығын көрсете отырып, қайтыс болған адамның заттары мен құндылықтары қайтыс болған адамның денесімен (сүйектерімен) бірге жөнелтілген жағдайда, олардың тізімдемесі қоса беріле отырып, еркін нысанда жазылған актісі (анықтамасы) табыс етіледі.

 

468-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау кезінде құжаттарды табыс ету



1. Жолаушылар кедендік декларациясын беру кеден органына онда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттардың табыс етілуімен ілесе жүруге тиіс.

Мұндай құжаттарға:

1) жеке басын куәландыратын құжаттар (оның ішінде кәмелетке толмаған адамның);

2) кәмелетке толмаған адамның асырап алынғаны, қорғаншылығын, қамқоршылығын растайтын құжаттар;

3) декларацияланатын жеке пайдалануға арналған тауарлардың құнын растайтын құжаттар;

4) көлік (тасымалдау) құжаттары;

5) кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерге құқықты растайтын, оның ішінде жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларды уақытша әкелуін (әкетуін) растайтын, сондай-ақ жеке тұлғаны босқын, мәжбүрлі қоныс аударушы не Қазақстан Республикасыеның заңнамасында айқындалған тәртіппен тұрақты тұруға қоныс аударушы деп тануды растайтын құжаттар;

6) тарифтік емес және техникалық реттеу шараларынан басқа, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар;

7) жеке пайдалануға арналған көлік құралын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер бар құжаттар;

8) жеке пайдалануға арналған көлік құралын иемдену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын растайтын құжаттар;

9) Кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес табыс етілуі көзделген басқа да құжаттар мен мәліметтер жатады.

2. Иесіз жөнелтілетін багажбен өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау кезінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарға қосымша оның Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілуі кезінде жеке тұлғаға берілген, кеден органы ресімдеген жолаушылар кедендік декларациясының данасы табыс етіледі.

Жолаушылар кедендік декларациясын жоғалту себебі бойынша немесе өзге де себептер бойынша оны табыс етпеген кезде, егер жеке тұлға басқаша дәлелдей алмаса, иесіз жөнелтілетін багажбен әкелінген жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден босатылған тауарларды әкелудің құндық, сандық, салмақтық нормаларынан асыра әкелінген тауарлар ретінде қарастырылады.

 

469-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау кезінде қос дәліз жүйесін қолдану



1. Кеден одағының кедендік аумағына келу немесе осы аумақтан кету орындарында жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау мақсатында қос дәліз жүйесі қолданылуы мүмкін.

2. Қос дәліз жүйесін қолдану Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өтетін жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларды жазбаша нысанда кедендік декларациялауды және кедендік операцияларды жасау үшін тиісті дәлізді («жасыл» немесе «қызыл») дербес таңдауын көздейді.

3. Тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келу және осы аумақтан кету орындарында қос дәліз жүйесін жайластыруға қолданылатын талаптар Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.

 

470-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды уақытша әкелу



1. Шетелдік жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік аумағында өзінің болуы кезеңіне кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден босатылған көлік құралдарын қоспағанда, тізбесі Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартында айқындалған жеке пайдалануға арналған тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелуге құқылы.

Уақытша әкелінген, жеке пайдалануға арналған тауарлар жазбаша нысанда кедендік декларациялауға жататын жағдайларда, мұндай тауарларды уақытша әкелу мерзімін кеден органы шетелдік жеке тұлғаның Кеден одағының кедендік аумағында болу ұзақтығын ескере отырып, оның өтінішін негізге ала отырып белгілейді.

2. Шетелдік жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік аумағына шет мемлекеттердің аумағында тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын өзінің уақытша болуы мерзіміне, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден босатыла отырып, уақытша әкелуге құқылы.

Шетелдік жеке тұлғаның дәлелді өтініші бойынша кеден органдары жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімін мұндай көлік құралдарын уақытша әкелген күннен бастап бір жыл шегінде ұзартуы мүмкін.

3. Жеке пайдалану үшін уақытша әкелінген тауарларды, оның ішінде көлік құралдарын пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын Кеден одағының кедендік аумағында басқа тұлғаға беруге Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды кедендік декларациялау және кедендік төлемдер мен салықтар төленген жағдайларда жол беріледі.

4. Жеке пайдалану үшін уақытша әкелінген тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан кез келген кеден органы арқылы қайта әкетілуі мүмкін.

5. Егер жеке пайдалану үшін уақытша әкелінген тауарлар белгіленген мерзім өткен соң әкетілмеуіне байланысты Кеден одағының кедендік аумағында болса, мұндай тауарларға қатысты Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік баждар, салықтар алынады.

6. Жеке пайдалану үшін уақытша әкелінген тауарлар аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан қайтарымсыз жоғалған жағдайда, кеден органдары аварияны немесе еңсерілмейтін күш әсерін таныған жағдайларда мұндай тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан қайта әкету жүргізілмеуі мүмкін.

 

471-бап. Жеке тұлғалардың жеке пайдалануына арналған тауарларды уақытша әкетуі



1. Кеден одағына мүше мемлекеттердің жеке тұлғалары жеке пайдалануға арналған тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан өзінің шет мемлекеттің аумағында уақытша болуы мерзіміне уақытша әкетуге және кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, оларды қайта әкелуге құқылы.

2. Егер жеке пайдалану үшін уақытша әкетілетін тауарларды сәйкестендіру оларды кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден босата отырып қайта әкелуге жағдай жасайтын болса, жеке тұлғаның өтініші бойынша кеден органы осындай сәйкестендіруді жүргізеді. Тауарларды сәйкестендіру туралы жолаушылар кедендік декларациясында көрсетіледі, оның бір данасы тауарларды әкететін жеке тұлғаға беріледі.

Мұндай сәйкестендірудің болмауы кеден органына бұл тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан уақытша әкетілгенінен кейін қайта әкелінетіні Кеден одағының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен расталған жағдайда жеке тұлғалардың кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден босатыла отырып, жеке пайдалануға арналған тауарларды қайта әкелуіне кедергі болмайды.

3. Уақытша әкетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарымен олардың Кеден одағының кедендік аумағы шегінен тысқары жерлерде болуы кезінде қажет болған техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу жөніндегі операцияларды жасауға жол беріледі.

4. Жеке пайдалану үшін уақытша әкетілген көлік құралы тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарда есепке алынуға (тіркеуге) жататын көлік құралының бөлшектерін ауыстыруға байланысты жөнделген кезде, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарттың талаптарына сәйкес кепілдік беріп жөндеу немесе қызмет көрсету жүзеге асырылған не оның аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан зақымдануынан кейін жеке пайдалануға арналған көлік құралын қалпына келтіру үшін қажетті жөндеу жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, ауыстырылған бөлік кедендік декларациялауға жатады.

 

472-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждар мен салықтарды төлеу



1. Жеке тұлғалар толтыру нысаны мен тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын кедендік кіріс ордерінің негізінде жеке пайдалануға арналған тауарларды жазбаша нысанда кедендік декларациялау кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлейді.

Кедендік кіріс ордерінің бір данасы кедендік баждарды, салықтарды төлеген тұлғаға табыс етіледі.

Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік кіріс ордерін толтыруды және кедендік баждарды, салықтарды есептеуді кеден органының лауазымды адамы жүргізеді.

2. Жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкалары бойынша немесе осы Кодекстің 126-бабына сәйкес қолданылатын кедендік баждар, салықтар бойынша есептелген кедендік баждардың, салықтардың сомасына тең жиынтық кедендік төлем түрінде төлейді.

3. Кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкалары Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартында белгіленеді.

4. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкаларын, жиынтық кедендік төлемді қолдану тәртібі, кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы және тоқтатылуы, сондай-ақ оларды төлеу мерзімдері Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартында айқындалады.

 

473-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың кедендік құны



1. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың кедендік құны жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны туралы мәліметтер бар құжаттардың түпнұсқаларымен расталған, мұндай тауарлардың жеке тұлға мәлімдеген құны негізінде айқындалады.

Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелуі кезінде тауарлардың кеден құнына олардың Кеден одағының кедендік аумағына келгеніне дейін және келгенінен кейін тауарларды тасымалдау және сақтандыру бойынша шығыстар енгізілмейді.

2. Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізетін жеке тұлғада қажетті құжаттар және (немесе) олардың құны туралы мәліметтер болмаған жағдайда не тұлға табыс еткен құжаттар және (немесе) мәліметтер дұрыс болып табылмайды деп ұйғаруға негізделген себептер болған кезде, кеден органының лауазымды адамы тауарлардың кедендік құнын ұқсас тауарларға кеден органының иелігінде бар баға ақпаратының негізінде, оның ішінде ұқсас тауарларды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын шетелдік фирмалардың каталогтарында көрсетілген деректер негізінде айқындайды.

Жеке тұлға кедендік құнды айқындау үшін табыс етілген мәліметтердің дұрыстығын дәлелдеуге құқылы.

Осы бапты қолдану мақсаты үшін ұқсас тауар деп әкелінетін тауардың сипаттамаларына жақын, яғни өзінің мақсаты, қолданылуы, сапасы, техникалық және өзге де сипаттамалары бойынша әкелінетін тауармен сәйкес келетін сипаттамалары бар тауар түсініледі.

 

474-бап. Жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін өткізетін көлік құралдарына арналған қосалқы бөлшектер мен отын



1. Жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын жөндеу үшін қажетті қосалқы бөлшектер кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, мұндай көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімінен аспайтын мерзімге уақытша әкелінуі мүмкін.

2. Жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының конструкциясында көзделген бактардағы отын кедендік баждар, салықтар төленбей, Кеден одағының кедендік аумағына әкелінуі немесе тиісінше осы аумақтан әкетілуі мүмкін.

 

 

57-тарау. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері



 

475-бап. Осы тараудың қолданылу аясы

1. Керек-жарақтарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу осы тараудың ережелеріне сәйкес, ал осы тараумен реттелмеген бөлігінде, - Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

2. Керек-жарақтарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кедендік баждар, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай жүзеге асырылады.

3. Осы тараудың ережелері жеке тұлғалардың жеке пайдалану үшін қолданатын көлік құралдарындағы тауарларға қатысты қолданылмайды.

 

476-бап. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері



1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде керек-жарақтарға қатысты кедендік операциялар келу орындарында, Кеден одағының кедендік аумағынан әкету кезінде - халықаралық тасымалдауды бастау орындарында не кету орындарында жүргізіледі.

2. Керек-жарақтар тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырмай кедендік декларациялауға жатады.

Керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде кедендік декларация ретінде тауарларға арналған декларация, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттар пайдаланылуы мүмкін.

Керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтердің тізбесі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.

3. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операциялар тіркелген еліне немесе су, әуе кемелерінің немесе поездардың ұлттық тиесілігіне қарамастан, бірдей жасалады.

 

477-бап. Керек-жарақтарды пайдалану



1. Жолаушылардың және су кемелерінің экипаж мүшелерінің тұтынуына арналған керек-жарақтар және осы кемелерді қалыпты пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін қажетті керек-жарақтар, егер экипаж осы уақытта кемені тастап кетпесе, жолаушылардың және экипаж мүшелерінің санына, сондай-ақ аялдау ұзақтығына тиісті мөлшерде олардың Кеден одағының кедендік аумағында болуы, соның ішінде су кемелерін докта, верфьте немесе кеме жөндеу зауытында жөндеу кезінде осы кемелерде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.

2. Әуе кемелерінің Кеден одағының кедендік аумағында орналасқан бір әуежайға немесе бірнеше әуежайға жоспарланған қонуы кезінде осы кемелерді қалыпты пайдалануға және техникалық қызмет көрсетуге арналған керек-жарақтар және әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде экипаж мүшелерінің және жолаушылардың тұтынуына арналған керек-жарақтар әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде пайдаланылуы мүмкін.

3. Әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаж мүшелеріне сатуға арналған керек-жарақтар, оларды осы кемелердің борттарында пайдалану мақсатынсыз сату осы кемелердің борттарында жүзеге асырылған жағдайда әуе кемелерінің Кеден одағының кедендік аумағында болуы кезінде сатылуы мүмкін.

4. Поездар жолаушыларының және поезд бригадалары жұмыскерлерінің пайдалануына арналған керек-жарақтар және осы поездарды қалыпты пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін қажетті керек-жарақтар осы поездардың жүру жолында немесе аралық тоқтау не Кеден одағының кедендік аумағында тұру пункттерінде жолаушылардың және поезд бригадалары жұмыскерлерінің санына, сондай-ақ тұру ұзақтығына және жолда болу уақытына сәйкес мөлшерде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.

5. Кеден органдары тасымалдаушыны су кемелерінің, әуе кемелерінің немесе поездардың Кеден одағының кедендік аумағында болуы кезінде осы тарауда көзделген керек-жарақтарды пайдаланудың шарттарын сақтауды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолдануға міндеттеуге құқылы. Кеден органының шешімі бойынша керек-жарақтар сақталатын орын кедендік пломбалар мен мөрлерді қою жолымен мөрленуі мүмкін.

6. Егер осы тарауда көзделген шарттар сақталса, кеден органының рұқсатымен керек-жарақтар уақытша түсірілуі, тиісінше жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багажды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын басқа да кемелерге немесе басқа да поездарға берілуі мүмкін.

7. Керек-жарақтарды осы тарауда көзделмеген мақсатта пайдалануға олар ішкі тұтыну немесе экспорт үшін шығарудың кедендік рәсімдерімен орналастырылған кезде жол беріледі.

 

 



8-бөлім. 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

 

 



Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Н. НАЗАРБАЕВ



 

Астана, Ақорда, 2010 жылғы маусымның 30-ы.



№ 296-IV

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет