техниканың қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар
82-бап. Медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы монтаждау, жөндеу, оларға техникалық және метрологиялық қызмет көрсету
1. Медициналық техниканы және жекелеген жағдайларда медициналық мақсаттағы бұйымдарды монтаждауды, жөндеуді, оларға техникалық және метрологиялық қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы жұмыстарды орындауға құқығы бар жеке немесе заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жөндеуден кейінгі қауіпсіздік деңгейі медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың техникалық паспортында белгіленген қауіпсіздік деңгейінен төмен болмауға тиіс.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Денсаулық сақтау ұйымдарында пайдаланылатын медициналық мақсаттағы өлшем құралдарын метрологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес реттеледі.
4. Өлшем құралы болып табылатын медициналық техника Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілуге жатады және Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес қолданылуға рұқсат етіледі.
Өлшем құралы болып табылатын медициналық техниканың тізбесін техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша уәкілетті орган бекітеді.
83-бап. Қауіпсіздікті сыныптау және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы қолданудың ықтимал қатерінің дәрежесіне қарай қауіпсіздігін қайта сыныптау
1. Қазақстан Республикасында қолданылатын медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника пациенттердің, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы пайдаланатын персоналдың және өзге де адамдардың денсаулығына зиян келтіретін ықтимал қатерінің дәрежесіне қарай қауіпсіздік сыныптарына бөлінеді.
Қауіпсіздік сыныптарының әрқайсысы белгілі бір техникалық регламенттерге сәйкес келетін медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың топтарын және типтерін қамтиды. Медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы бір мезгілде бірнеше қауіпсіздік сыныбына жатқызуға болмайды.
2. Медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздігін сыныптау қағидаларын техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша уәкілетті орган бекітеді.
3. Медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сыныптау қағидаттары:
1) қолданылу ұзақтығын;
2) инвазивтілігін;
3) организммен байланысының болуын немесе онымен өзара байланысын;
4) организмге енгізу тәсілін;
5) өмірлік маңызы бар ағзаларға қолданылуын;
6) энергия көздерінің қолданылуын ескереді.
4. Медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздік сыныбына жатқызылуын оларды мемлекеттік тіркеу кезінде уәкілетті орган айқындайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздік сыныбын қайтадан айқындау үшін негіздер пайда болса, өндірушінің мемлекеттік тіркеуден кейін кемінде екі жыл өткен соң қайта сыныптау рәсімін жүргізуге құқығы бар.
6. Уәкілетті орган медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника жұмысының негізіне алынған қағидаттардың, құбылыстардың, медициналық әдістемелердің егжей-тегжейлі есептеріне негізделген өзгерістерді сыныптамаға енгізе алады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
84-бап. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы қолдануға тыйым салу, оны тоқтата тұру немесе айналыстан алып қою не олардың қолданылуын шектеу
1. Уәкілетті орган:
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника Қазақстан Республикасы заңнамасының дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы жөніндегі талаптарына сәйкес келмеген;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) дәрілік затты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілмеген дәрілік заттардың адамның денсаулығына қауіпті жанама әсерлері анықталған немесе нұсқаулықта көрсетілген елеулі жанама әсерлер немесе төмен терапиялық тиімділік (терапиялық әсердің болмауы) жағдайларының анықталу жиілігінің артуы немесе пайда мен қауіптің келеңсіз арақатынасы бар елеулі жанама әсерлердің анықталуына байланысты оны тоқтата тұру және (немесе) басқа елдердің нарығынан кері қайтарып алу туралы ақпарат болған кезде;
3) медициналық мақсаттағы бұйымдарды немесе медициналық техниканы қолдану процесінде оларды қолдану қауіпсіздігіне әсер ететін конструкциясының ақаулары, жұмыс істеу қағидаты, өндірістік орындалуы анықталған;
4) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы қолданудың сапасына, қауіпсіздігі мен тиімділігіне әсер ететін оларды өндірудің бекітілген процесі бұзылған;
5) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы қолдануға байланысты пациенттің немесе тұтынушының денсаулығына зиян келтіру туралы деректер болған;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы қолданудың қауіпсіздік деңгейін төмендетуді қамтамасыз ететін, өндіріс технологиясы мен сапаны бақылаудың ғылыми-техникалық деңгейінің жеткіліксіздігі туралы деректер алынған;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) тіркеу куәлігі иесінің тіркеу куәлігін тоқтата тұру, кері қайтарып алу немесе дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы айналыстан алып қою не олардың қолданылуын шектеу туралы негіздемесі алынған жағдайларда, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы қолдануға, өткізуге немесе өндіруге тыйым салуы немесе оны тоқтата тұруы, сондай-ақ айналыстан алып қою немесе қолданылуын шектеу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға тыйым салу, оларды тоқтата тұру, айналыстан алып қою немесе шектеу қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 84-1-баппен толықтырылды
84-1-бап. Жалған дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника
1. Қазақстан Республикасының аумағында жалған дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндіруге, әкелуге, сақтауға, қолдануға және өткізуге тыйым салынады.
2. Жалған дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жойылуға жатады.
3. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы адамдар мен субъектілер жалған дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндіргені, сақтағаны, таратқаны, өткізгені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жалғандығына (сипаттамалары және (немесе) шығу көзі туралы анық емес мәліметтер ұсыну) сонымен қатар жалған өнімді өндіру үшін дайындалған және соған арналған аксессуарлар, бөліктер және материалдар, сондай-ақ өнімге немесе оның өндірісіне және (немесе) таралуына қатысты құжаттар жатады.
5. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жалғандығын болдырмауды және оған қарсы күресті уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен, өндіруші ұйымдармен, денсаулық сақтау субъектілерімен, қоғамдық ұйымдармен бірге жүзеге асырады.
6. Уәкілетті орган жалған дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 85-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
85-бап. Дәрілік заттарды фармакологиялық қадағалау және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жанама әсерлерінің мониторингі
1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында дәрілік заттарды фармакологиялық қадағалауды жүргізеді.
2. Дәрілік заттарды фармакологиялық қадағалауды және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жанама әсерлерінің мониторингін жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті органды дәрілік заттың басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесу ерекшеліктерінің байқалу фактілері және жанама әсерлері, оның ішінде дәрілік затты, медициналық мақсаттағы бұйымды қолдану жөніндегі нұсқаулықта және медициналық техниканы пайдалану жөніндегі нұсқамада көрсетілмеген жанама әсерлері туралы хабардар етуге міндетті.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 85-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
86-бап. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника туралы ақпарат
Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат етілген дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника туралы, мемлекеттік тіркеуден өтпеген, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін дәрілік заттар туралы, мемлекеттік тіркеу туралы шешімді қайтарып алу туралы, сондай-ақ дәрігердің рецепті бойынша босатылатын дәрілік заттар туралы ақпарат медицина және фармацевтика қызметкерлеріне арналған мамандандырылған баспа басылымдарында беріледі.
5-Бөлім. Азаматтардың денсаулығын сақтау
16-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтар мен міндеттер және оларды қамтамасыз етудің кепілдіктері
87-бап. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз етудің кепілдіктері
Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына:
1) денсаулық сақтау құқығына;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің көрсетілуіне;
3) медициналық көмекке бірдей қол жеткізуіне;
4) медициналық көмектің сапасына;
5) дәрілік заттардың қолжетімділігіне, сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне;
6) аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қалыптастыру жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуіне;
7) жеке өмірге қол сұғылмауына, дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтердің сақталуына;
8) ұрпақты болуды таңдау еркіндігіне, ұрпақты болу денсаулығын сақтауға және ұрпақты болу құқықтарының сақталуына;
9) санитариялық-эпидемиологиялық, экологиялық саламаттылыққа және радиациялық қауіпсіздікке кепілдік береді.
88-бап. Азаматтардың құқықтары
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттары уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етілуге;
3) медициналық ұйымды, сапалы әрі уақтылы медициналық көмекті еркін таңдауға;
4) өздерінің жеке қаражаты, ұйымдардың, ерікті сақтандыру жүйесінің қаражаты және тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс қосымша медициналық қызметтерге;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көрсетілімдер болған кезде, бюджет қаражаты есебінен шетелде медициналық көмек алуға;
6) медицина қызметкерлерінің дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы дұрыс тағайындамауынан және қолданбауынан денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
7) еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама бере отырып, еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыруға;
8) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурулар профилактикасының, диагностикасының, оларды емдеудің және медициналық оңалтудың әдістері, клиникалық зерттеулер, қоршаған ортаның жай-күйін, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын, дұрыс тамақтану мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындыларын қоса алғанда, денсаулыққа әсер ететін факторлар туралы дәйекті ақпаратты өтеусіз алуға;
9) дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналысы саласындағы мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сарапшы ұйымдардан және субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;
10) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) денсаулық сақтау ұйымына, жоғары тұрған органға және (немесе) сот тәртібімен шағым жасауға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
11) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, тәуелсіз са- рапшыларды тарту туралы өтінішхат беруге;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 12) тармақшамен толықтырылды
12) өлгеннен кейін өздерінен тіндерін (тінінің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлігін) транспланттау мақсатында алу мүмкіндігі туралы ерікті түрде еркін білдіруіне құқығы бар.
2. Әйелдің ана болу туралы мәселені өзі шешуге және отбасын жоспарлау мен өз денсаулығын сақтау мақсатында, өзі қаламайтын жүктіліктен сақтанудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.
Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы:
1) ұрпақты болу жасындағы әйелдерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде медициналық қарап-тексеру, оларды динамикалық байқау және сауықтыру;
2) науқас баланы күтіп-бағу үшін стационарға түскен кезде әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық көрсетілімдер бойынша емдеу арқылы қамтамасыз етіледі.
Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың жұмыс уақытының режимі, жүктілігі мен босануы бойынша демалысы және еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Психикасының бұзылушылығы (ауруы) бар адамдардан басқа, жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдардың жынысын ауыстыруға құқығы бар.
Жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу қағидаларын уәкілетті орган белгілейді.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Бас бостандығы шектеулі азаматтарға, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек уәкілетті органмен келісу бойынша қылмыстық-атқару жүйесі органдары айқындайтын тәртіппен көрсетіледі. Аталған адамдар медициналық көмек алу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жоғарыда келтірілген барлық құқықтарын пайдаланады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналадағылар үшін қауіп төндіретін қатты аурулары болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Босқындарға, сондай-ақ баспана іздеп жүрген адамдарға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және көлемде, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсетіледі.
6. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
89-бап. Балалардың құқықтары
1. Әрбір баланың:
1) денсаулық сақтау жүйесінің уақтылы әрі тиімді қызметтерін және ауруды емдеу мен денсаулықты қалпына келтіру құралдарын пайдалануға;
2) денсаулық сақтау саласында білім алуға;
3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде медициналық қарап-тексерілуге және динамикалық байқалуға, емделуге, дәрімен қамтамасыз етілуге және сауықтырылуға құқығы бар.
2. Балаларды стационарлық емдеу кезінде:
1) үш жасқа дейінгі, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтіп-бағуға мұқтаж ересек, науқасы ауыр балаларды күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ беріліп, онымен медициналық ұйымда бірге болу мүмкіндігі жасалады;
2) бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана баланы күтіп-бағу үшін медициналық ұйымда болған барлық кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
3. Мектеп жасындағы балалардың стационарлық, қалпына келтіру емін алу кезеңінде стационар, оңалту орталығы, санаторий жағдайында үздіксіз білім алуға құқығы бар.
Стационарлық балалар бөлімшелерінің және мамандандырылған стационарлық медициналық балалар ұйымдарының пациенттеріне ойын ойнау, дем алу және тәрбие жұмысын жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалады.
4. Мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ АИТВ инфекциясын жұқтырған, ЖИТС-пен ауыратын балалардың білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.
АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың балалар үйлерінде және жалпы мақсаттағы өзге де медициналық және оқу-тәрбие ұйымдарында болуға құқығы бар.
5. Балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымға орналастыруға медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
90-бап. Азаматтардың, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың міндеттері
1. Азаматтар:
1) өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға;
2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
1-1) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар төлеуге;
2) денсаулық сақтау ұйымдарының қолданыстағы режимін сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өтуге;
4) медицина қызметкерлерінің, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты нұсқамаларын орындауға;
5) өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтау жөніндегі сақтық шараларын орындауға, медициналық ұйымдардың талап етуі бойынша зерттеп-қараудан өтуге және емделуге, инфекциялық аурулар мен айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде өзінің ауруы туралы медициналық персоналға хабарлауға міндетті.
Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын азаматтар зерттеп-қараудан және емделуден жалтарған жағдайда, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес куәландырылуға және мәжбүрлеу тәртібімен емделуге тартылады.
Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегетін азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жіберудің негіздері мен тәртібі осы Кодекспен реттеледі;
6) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
2. Жүкті әйелдер жүктіліктің он екі аптасына дейінгі мерзімде медициналық есепке тұруға міндетті.
3. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндеттілікте болады.
4. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өздері жүзеге асыратын қызметіне сәйкес:
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық iс-шаралар жүргiзуге;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің, сондай-ақ мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың актілері мен санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларының талаптарын орындауға;
3) орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және өнімді өндіру, тасымалдау, сақтау және халыққа өткізу кезінде оның қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;
5) жаппай және топтық инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен улану пайда болған жағдайда, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарына халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қауіп төндіретін авариялық жағдайлар, өндірістің тоқтауы туралы, технологиялық процестердің бұзылуы туралы уақтылы хабарлауға;
6) дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың жанама әсерлері анықталған жағдайда, уәкілетті органға уақтылы хабарлауға;
7) айналасындағыларға инфекциялық және паразиттік ауруларын жұқтыру қаупі бар қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін қызметкерлерді гигиеналық оқытуды қамтамасыз етуге;
8) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының лауазымды адамдарына өздерінің құзыретіне сәйкес зертханалық зерттеулер жүргізу үшін өнімдердің, шикізаттың, тауарлардың, өндірістік ортаның сынамаларын іріктеп алуға мүмкіндік жасауға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) медициналық қарап-тексеруден, гигиеналық оқудан өткендігін куәландыратын құжаты жоқ адамдарды жұмысқа жібермеуге, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары анықтаған инфекциялық, паразиттік аурулармен ауыратын науқастарды және инфекциялық, паразиттік аурулардың қоздырғыштарын таратушыларды жұмыстан шеттетуге;
10) тауарлардың, өнімдердің, шикізаттың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына және гигиеналық нормативтерге сәйкес еместігі анықталған жағдайда, оларды өткізуге жол бермеуге, сондай-ақ оларды пайдалану немесе кәдеге жарату мүмкіндігі туралы шешім қабылдауға;
11) 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарына халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мәселелеріне қатысты есепке алу және есептілік құжаттамасын тексеруге ұсынуға;
13) егер кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызмет халықтың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін болса, оны тоқтата тұруға;
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
14) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың объектілерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің сақталуы тұрғысынан тексеруі мақсатында оларға кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
15) эпидемиологиялық көрсетілімдер мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдарының нұсқамалары, қаулылары бойынша дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау іс-шараларын өз қаражаты есебінен жүргізуге;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 16) тармақшамен толықтырылды; 2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
16) өздері өткізетін дәрілік заттар туралы толық және анық ақпарат ұсынуға;
2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен 17) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
17) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар төлеуге міндетті.
91-бап. Пациенттердің құқықтары
1. Пациенттің осы Кодекстің 88-бабында көрсетілген құқықтардан басқа:
1) диагностика, емдеу және күтім жасау процесінде өзіне лайықты ілтипат жасалып, өзінің мәдени және жеке басының құндылықтарына құрмет көрсетілуіне;
2) қандайда бір кемсітушілік факторларының ықпалынсыз, тек қана медициналық критерийлер негізінде айқындалатын кезектілікпен медициналық көмек алуға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) дәрігерді немесе медициналық ұйымды, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсететін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында қызметін жүзеге асыратын шетелдік дәрігерді таңдауға, ауыстыруға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) медициналық ұйымда аудио- және (немесе) бейнебақылау және жазба жүргізілетіндігі туралы хабарландырылуына;
4) отбасының, туыстары мен достарының, сондай-ақ діни бірлестіктер қызметшілерінің тарапынан қолдау көрсетілуге;
5) медициналық технологиялардың қазіргі деңгейі қандай мүмкіндік берсе, сондай шамада дерт зардабының жеңілдетілуіне;
6) өзінің денсаулық жағдайы туралы тәуелсіз пікір естуге және консилиум өткізілуіне;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары болады.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған адамдар үшін қолжетімділігі ескеріле отырып, пациенттің өз құқықтары мен міндеттері туралы, көрсетілетін қызметтер, көрсетілетін ақылы қызметтердің құны, олардың ұсынылу тәртібі туралы ақпаратты алуға құқығы бар. Пациенттің құқықтары туралы ақпарат медициналық ұйымдардың көрнекі үгіт орналасатын жерлерінде орналастырылуға тиіс.
Медициналық ұйымға түскен кезде пациентке өзіне медициналық қызметтер көрсететін адамдардың аты-жөні мен кәсіптік мәртебесі туралы, сондай-ақ медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидалары туралы мәліметтер берілуге тиіс.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Медициналық көмек хабардар етілген пациенттің ерікті түрдегі ауызша немесе жазбаша келісімі алынғаннан кейін көрсетілуге тиіс. Инвазиялық араласулар кезінде пациенттің ерікті түрдегі жазбаша келісімі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалады.
4. Пациент медициналық көмек алу кезінде ұсынылатын және баламалы емдеу әдістерінің ықтимал қатері мен артықшылықтары туралы деректерді, емделуден бас тартудың ықтимал салдарлары туралы мәліметтерді, пациентке түсінікті болатын нысандағы диагноз, емдік іс-шаралардың болжамы мен жоспары туралы ақпаратты қоса алғанда, өз денсаулығының жай-күйі туралы толық ақпаратты алуға, сондай-ақ оны үйге шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептері туралы түсінік алуына құқығы бар.
5. Пациент өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты хабарлау қажет болатын адамды тағайындай алады. Пациенттің ақпарат алудан бас тартуы жазбаша ресімделеді және медициналық құжаттамаға енгізіледі.
6. Егер медициналық аппараттың берілуі пациентке пайдасын тигізбейтіні былай тұрсын, елеулі зиянын да тигізеді деуге кесімді негіз болса ғана ақпарат пациенттен жасырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы ақпарат пациенттің жұбайына (зайыбына), оның жақын туыстарына немесе заңды өкілдеріне хабарланады.
7. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалық базалары жағдайында медициналық көмек алатын пациенттердің оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ емдік-диагностикалық рәсімдердің өткізілуі кезінде үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартуға құқығы бар.
8. Пациенттердің құқықтарын қорғауды денсаулық сақтау органдары, ұйымдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
9. Пациенттің медициналық көмек алу кезінде тағайындалған дәрілік зат туралы толық ақпарат алуға құқығы бар.
10. Некелесетін азаматтардың медициналық және медициналық-генетикалық зерттеп-қаралуға құқығы бар.
92-бап. Пациенттердің міндеттері
1. Пациент осы Кодекстің 90-бабында көрсетілген міндеттерден басқа:
1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;
2) медицина қызметкерлерімен қатынаста сыйластық пен сабырлылық көрсетуге;
3) диагноз қою және ауруды емдеу үшін қажетті бүкіл ақпаратты дәрігерге хабарлауға, медициналық араласуға келісім бергеннен кейін емдеуші дәрігердің барлық нұсқамаларын мүлтіксіз орындауға;
4) медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медициналық көмек алу кезінде медицина персоналымен ынтамақтастықта болуға;
5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік пайда болған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлерін уақтылы хабардар етуге;
6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер жасамауға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) медициналық ұйыммен жасалған шартқа сәйкес амбулаториялық деңгейде медициналық және дәрілік көмек алу кезінде тағайындалған барлық нұсқамаларды орындауға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген пациенттердің міндеттері науқас балаға стационарда күтім жасауды тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.
93-бап. Медициналық көмектен бас тарту құқығы
1 Осы Кодекстің 94-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, пациенттің немесе оның заңды өкілінің медициналық көмектен бас тартуға құқығы бар.
2. Медициналық көмектен бас тартқан кезде, пациентке немесе оның заңды өкіліне оған түсінікті түрде аурудың ықтимал салдарлары туралы түсіндірілуге тиіс.
3. Медициналық көмектен бас тарту, оның ықтимал салдарлары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарға жазбамен ресімделеді және оған пациент не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.
Пациент не оның заңды өкілі медициналық көмектен бас тартуға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, медициналық құжаттамаға бұл туралы тиісті жазбаны медицина қызметкері жүзеге асырады және оған қол қояды.
4. Кәмелетке толмаған адамның не әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан кезде, медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншы және қамқоршы органға және (немесе) сотқа жүгінуге құқылы.
2010.29.12. № 375-IV ҚР Заңымен 94-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
94-бап. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету
1. Азаматтардың келісімінсіз:
1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы;
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші;
3) психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші;
4) психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты медициналық көмек көрсетуге жол беріледі.
2. Кәмелетке толмаған адамдарға және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған кезде медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде - медициналық ұйымның лауазымды адамдарын және заңды өкілдерді кейіннен хабардар ете отырып, шешімді тікелей медицина қызметкері қабылдайды.
3. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін жалғастырылады.
2013.21.05. № 95-V ҚР Заңымен 95-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
95-бап. Дәрігерлік құпия
1. Медициналық көмекке жүгіну фактісі, азаматтың денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат пен оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер дәрігерлік құпияны құрайды.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайлардан басқа, оқыту, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтер белгілі болған адамдардың оларды жария етуіне жол берілмейді.
3. Дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімімен пациентті зерттеп-қарау және емдеу мүддесіне орай, ғылыми-зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқыту процесінде және өзге де мақсаттарға пайдалану үшін басқа жеке және (немесе) заңды тұлғаларға беруге жол беріледі.
4. Дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз беруге мынадай жағдайларда:
1) өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз азаматты зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері болған кезде, оның ішінде қан мен оның компоненттерінің донорлығы кезінде;
3) тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың сұратуы бойынша;
4) кәмелетке толмаған адамға немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;
5) азаматтың денсаулығына зақым құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер болған кезде жол беріледі.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Қан мен оның компоненттерінің донорлығына байланысты жағдайлардан басқа, жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерiн қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшiн жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты дербес деректердi олардың рұқсатынсыз жинауға және өңдеуге жол берiлмейдi.
Қан мен оның компоненттерінің донорлығына, сондай-ақ құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың психиканың үнемі бұзылуын, алкогольдік, есірткілік тәуелділікті және тәуелділіктің өзге де түрлерін, агрессия мен зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға бейімділікті қоса алғанда, қоғам үшін қауіпті бұзылу мен аурулардан зардап шегетін адамдардың диспансерлік есепте тұрғаны туралы дәрігерлік құпияны құрайтын электрондық құжат нысанындағы ақпаратты беру жөніндегі сұрау салуларына байланысты жағдайлардан басқа, жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты дербес деректердi пайдалану кезiнде жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерiн қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды олардың рұқсатынсыз басқа дерекқорлармен байланыстыратын телекоммуникациялар желiлеріне қосуға жол берiлмейдi.
Жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты дербес деректердi заңсыз жинағаны және өңдегені үшін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
17-тарау. Адамның ұрпақты болу құқықтарын қорғау
Достарыңызбен бөлісу: |