26-бап. Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялар жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық салық преференциялары Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған заңнамасына сәйкес айқындалған олардың қолданыс мерзімі өткенге дейін сақталатыны белгіленсін
27-бап. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 274-бабы 2-тармағы 1) тармақшасының мақсаттары үшін мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесіне енгізу күні деп, сондай-ақ республикалық мониторингке жататын салық төлеушілердің 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған тізбесіне енгізу күні түсінілетіні белгіленсін.
28-бап. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің (Салық кодексі) 623-бабы 3-тармағының мақсаттары үшін 2009-2010 жылдары мониторингке жататын ірі салық төлеушілер тізбесіне «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 99-бабына сәйкес түзетулерді ескерусіз 2007 жылдың деректері бойынша неғұрлым көп жылдық жиынтық табысы бар үш жүз ірі салық төлеуші енгізіледі.
Аталған тізбені Қазақстан Республикасының Үкіметі 2009 жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей бекітеді.
29-бап. 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін басталған, патент, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлердің қызметі тоқтатылуына байланысты өтініші бойынша салықтық тексерулер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде (Салық кодексі) белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады деп белгіленсін.
30-бап. Резидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін қосылған құн салығы бойынша салық міндеттемелерін дұрыс орындауы мәселесі бойынша 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін басталған салықтық тексеру «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде (Салық кодексінде) белгіленген тәртіппен және мерзімдерде аяқталуға тиіс деп белгіленсін.».
31-бап. 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша оның құралған кезінен бастап бес жылдан астам әрекетсіз салық төлеушінің жеке шоты есебіндегі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдардың артық төленген сомалары оның салықтық берешегін өтеу есебіне мынадай тәртіппен:
1) бюджетке артық төленген салық сомасы:
салықтың осы түрі бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдарды төлеу есебіне;
салықтың басқа түрлері мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша бересілерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебіне;
2) бюджетке артық төленген басқа да міндетті төлемнің сомасы:
бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің осы түрі бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебіне;
салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің түрлері бойынша бересілерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебіне;
3) бюджетке артық төленген өсімпұлдың сомасы:
салықтың осы түрі және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем бойынша бересілер мен айыппұлдарды өтеу есебіне;
салықтардың басқа түрлері мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша бересілерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебіне есепке алуға жатады деп белгіленсін.
Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің, өсімпұлдардың артық төленген сомасы есепке алу жүргізілгеннен кейін соттың шешімі бойынша есептен шығарылады.
2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша оның құралған күнінен бастап әрекетсіз салық төлеушінің жеке шотында бес жылдан аса уақыт бойы есепте болған, есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасының есептен шығарылған салық сомасынан артығы соттың шешімімен есептен шығаруға жатқызылады.
Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің, әрекетсіз салық төлеушінің салықтық берешегін өтеу есебіне өсімпұлдардың артық төленген сомаларын есепке алудың салық органдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуінің, осы бапта көрсетілген сомаларды есептен шығарудың мерзімдерін уәкілетті орган белгілейді.
32-бап. Кәсіпкерлік, адвокаттық, нотариаттық қызметті жүзеге асырмайтын жеке тұлғаны қоспағанда, салық төлеушінің жеке шотындағы есепте бар және 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша төленбеген айыппұлдың сомасы салық салу саласындағы құқықтарды бұзғаны үшін әкімшілік жаза белгілеу туралы қаулы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен белгіленген ескіру мерзімінің өтуіне байланысты орындалуы мүмкін емес айыппұлдар сомасы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен салық органы шешімінің негізінде есептен шығаруға жатқызылады.
33-бап. 2008 жылы қолданылу мерзімі 2009 жылы бітетін патент алған дара кәсіпкерлер 2009 жылдың келесі айларына патент алу үшін патент есебін ұсынған кезде 2009 жылдың алдыңғы айларында алған табыс сомасын көрсететін болып белгіленсін. Бұл сома 2009 жыл ішіндегі табысты есептеген кезде ескеріледі.
34-бап. 2010 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) бүкіл мәтіні бойынша сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша есепке алынғаны туралы куәлік те қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылғаны туралы куәлік болып табылады деп белгіленсін.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 34-1-баппен толықтырылды
34-1-бап. 2010 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексін) және осы Заңды қолдану мақсатында айлық есептік көрсеткіш және жалақының ең төменгі мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және 2009 жылдың басында қолданыста болған мөлшерлерді негізге ала отырып айқындалатын болып белгіленсін.
35-бап. 2011 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде қосылған құн салығы бойынша артып кеткен сомасын осы Заңның және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексінің) нормаларын ескере отырып қайтару тәртібін уәкілетті орган айқындайды деп белгіленсін.
36-бап. Осы бапқа сәйкес 2011 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде біржолғы талон негізіндегі арнаулы салық режимін қолдану тәртібі белгіленсін.
1. Біржолғы талон негізіндегі арнаулы салық режимін:
1) қызметі дүркін-дүркін сипатта болып, қызметтің мынадай түрлерін:
газеттер мен журналдар, тұқым, сондай-ақ, отырғызылатын материал (екпелер, көшет), бақша дақылдарын, саяжайларда және үй маңындағы учаскелерде өсірілген табиғи гүлдерді, қосалқы ауыл шаруашылығы, бағбандық, бақшашылық және саяжай учаскелерінің өнімдерін, жануарлар мен құстардың жемдерін, сыпыртқылар, сыпырғылар, орман жидегін, бал, саңырауқұлақ және балық сатуды (стационарлық үй-жайда жүзеге асырылатын қызметтерді қоспағанда);
жер учаскелерін өңдеу жөніндегі жеке трактор иелерінің көрсететін қызметін;
үй жануарлары мен құстарын бағуды жүзеге асыратын жеке тұлғалар;
2) базар аумағындағы дүңгіршектердегі, стационарлық үй-жайлардағы (оқшауланған блоктардағы) сауданы қоспағанда, базарларда тауарлар өткізу, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолданады.
Бұл ереже жоғарыда аталған салық төлеушілерге олардың жалпы белгіленген тәртіпті не арнаулы салық режимін пайдалануына қарамастан қолданылады.
2. Салық агенттерімен жасалатын шарттар негізінде жүзеге асырылатын қызметті қоспағанда, күнтізбелік жылда бәрін қосқанда тоқсан күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылатын қызмет дүркін-дүркін сипатындағы кәсіпкерлік қызмет деп түсініледі.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден босатылады.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жеке тұлғалар күнтізбелік жылда тоқсан күннен асатын мерзімде қызметін жүзеге асырған жағдайда, дара кәсіпкер ретінде міндетті түрде мемлекеттік тіркелуге жатады.
5. Біржолғы талон арнаулы салық режимін қолдану құқығын куәландыратын және төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын қоспағанда, жеке табыс салығы бойынша бюджетпен есеп айырысу фактісін растайтын құжат болып табылады.
6. Біржолғы талондардың кұны табыс алынатын объектінің орналасқан жерін, түрін, қызметті жүзеге асыру жағдайларын, сапасы мен алаңын, сондай-ақ қызметпен айналысу тиімділігіне ықпал ететін басқа да факторларды ескере отырып, салық органы жүргізген орташа күндік хронометраждық байқау мен зерттеу деректері негізінде жергілікті өкілді органдардың шешімімен белгіленеді.
7. Біржолғы талондарды жергілікті атқарушы органдар айқындаған органдар қызметті жүзеге асыруды бастағанға дейін береді.
Салық төлеушінің қалауы бойынша біржолғы талон бір күнге немесе неғұрлым ұзақ мерзімге, бірақ күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге беріледі.
Біржолғы талонды бір күннен асатын мерзімге берген жағдайда, оның бағасы жергілікті өкілді органдардың шешімімен белгіленген бағаны біржолғы талонның қолданылатын күнінің санына көбейту жолымен айқындалады.
Біржолғы талондар беру:
«Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл алты ай өткенге дейін - салық төлеушінің куәлігін;
«Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл алты ай өткенге дейін сәйкестендіру нөмірі бар құжатты көрсеткенде жүргізіледі.
Біржолғы талонның қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін қызмет тоқтатылған жағдайда, қызмет уақытша тоқтатыла тұрған немесе оны жүзеге асыру шарттары өзгерген жағдайларда біржолғы талон құнының төленген сомасы қайтаруға және қайта есептеуге жатпайды.
Біржолғы талон біржолғы талонда көрсетілген қызметті жүзеге асыру орны бойынша жарамды.
Біржолғы талонның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
8. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілер осы бапта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы баптың 7-тармағында белгіленген тәртіппен біржолғы талон негізінде бюджетпен есеп айырысуды жүргізеді.
9. Арнаулы салық режимі қолданылмайтын қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде салық төлеушілер кірістер мен шығыстардың бөлек есебін жүргізуге және жалпы белгіленген тәртіппен немесе біржолғы талон негізіндегі арнаулы салық режимі бойынша қызметтің көрсетілген түрлері бойынша салықты есептеуді және төлеуді жүргізуге міндетті.
Егер осы арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер жалпы белгіленген тәртіппен не ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғалар үшін арнаулы салық режимімен көзделген тәртіппен бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асырған жағдайда нарықта тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан және қызмет көрсетуден түскен кірістер мен шығыстар салық салынатын кірісті айқындаған кезде есепке алынады.
Егер осы арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер шағын бизнес субъектілері үшін патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимімен көзделген тәртіппен бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асырған жағдайда нарықта тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан және қызмет көрсетуден түскен кірістер кірісті айқындаған кезде есепке алынады.
Көрсетілген жағдайларда жеке немесе корпоративтік табыс салығының есептелген сомасы біржолғы талон бойынша төленген жеке табыс салығының сомасынан төмен болмауы тиіс.
10. Базарларда жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалардың қызметкерлері тауарлар өткізген, жұмыстар орындаған, қызмет көрсеткен жағдайда, біржолғы талон дара кәсіпкерге немесе заңды тұлғаға беріледі.
Көрсетілген жағдайда қызметкер біржолғы талонды алу үшін:
«Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл алты ай өткенге дейін - дара кәсіпкер немесе заңды тұлғаның салық төлеуші куәлігінің көшірмесін;
«Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл алты ай өткеннен кейін дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың көшірмесін қоса беріп, біржолғы талонды алу құқығына нотариаттық куәландырылған сенімхатты ұсынуы тиіс.
Базарда сатуды күнтізбелік жылдың тоқсан күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асыратын жеке тұлғалар осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызмет жөнінде жеке табыс салығы бойынша декларация ұсынбайды.
Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген дара кәсіпкерлер, егер осы баптың 9-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызмет бойынша жеке табыс салығы декларациясын ұсынбайды.
11. Біржолғы талондарды беру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органдар:
1) біржолғы талондар түбіртектерінің толтырылуының толықтығын, дұрыстығын және сақталуын;
2) біржолғы талондарды беруден түскен сомалардың уәкілетті орган белгілеген тәртіппен бюджетке есепке жатқызылуын;
3) уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша журналда біржолғы талондарды беру есебінің жүргізілуін;
4) есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша ай сайын салық органына:
кәсіпкерлік қызметі жылына 90 күннен асатын жеке тұлғалар туралы;
біржолғы талондардың пайдаланылған және бүлінген бланкілері туралы;
қалған біржолғы талондар туралы;
біржолғы талондарды беруден бюджетке аударылған сомалар туралы;
жеке тұлғалар отыз күнге сатып алған талондар мерзімінің біткен күні туралы мәліметтер беріп отыруды;
5) біржолғы талондардың түбіртектерін, бүлінген және пайдаланылмаған біржолғы талондарды есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей салық органына тапсыруды қамтамасыз етеді.
12. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілер сатып алушының талабы бойынша берілген және тауарлар өткізгені, жұмыстар орындағаны, қызмет көрсеткені фактісін растайтын құжатта базардың атауын, біржолғы талонның сериясы мен нөмірін, берілген күнін көрсетуге міндетті.
37-бап. Біржолғы талон негізінде арнаулы салық режимін қолданатын және осы Заңның 36-бабының 4-тармағына сәйкес дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаларға қатысты 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің (Салық кодексі) 43-бабының ережелері қолданылады деп белгіленсін.
38-бап. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексі (Салық кодексі) 7-тарауының ережелері салық салу жалпы белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын дара кәсіпкерлерден басқа, осындай арнаулы салық режимі қолданылатын қызмет бойынша біржолғы талон негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлғаларға қолданылмайды деп белгіленсін.
39-бап. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексі (Салық кодексі) 114-бабының мақсаттары үшін салық салынатын табыс осындай шығыстарды шегергеннен кейін нөлден жоғары болған жағдайда, біржолғы талон сатып алу шығыстары 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін шегерімге жатады деп белгіленсін.
40-бап. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексі (Салық кодексі) 137-бабының мақсаттары үшін, егер осы салық кезеңі ішінде салық төлеуші біржолғы талон негізінде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асырған жағдайда, салық төлеушінің салық кезеңінде шеккен зияны 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін келесі салық кезеңіне ауыстырылмайды деп белгіленсін.
41-бап. Біржолғы талон негізінде арнаулы салық режимін қолдана отырып, жеке тұлғаның қызметін жүзеге асыруымен байланысты төлемдер 2011 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге төлем көзінен жеке табыс салығы ұсталатын салық агентінен түсетін жеке тұлғаның табысына жатпайды деп белгіленсін.
42-бап. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексі (Салық кодексі) 272-бабының 1-тармағы 1) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы абзацтары және 4-тармағы 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады деп белгіленсін.
43-бап. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексі (Салық кодексі) 332-бабының 5-тармағы 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады деп белгіленсін.
44-бап. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебіне қоюды растаудың тәртібі белгіленсін.
1. 2009 жылғы 30 маусымды қоса алғанда, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінде тұрған тұлғалар қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебіне қойылғанын растау үшін орналасқан жері бойынша салық органына 2009 жылғы 1 желтоқсанға дейін мынадай құжаттарды:
1) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салық өтінішін;
2) қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәлікті;
3) салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесін табыс етуге міндетті. Құжат көшірмесінің нотариаттық куәландырылған күні мен салық органына табыс етілген күні арасындағы мерзім он жұмыс күнінен аспауы тиіс. Мыналар:
азаматтарды тіркеу кітабы;
жылжымайтын мүлікті жалдау (сатып алу-сату) шарты;
жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу туралы куәлік немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген өзге де құжат дара кәсіпкердің, заңды тұлғаның орналасқан жерін растайтын құжат болып табылады.
2. Салық органы қосылған құн салығын төлеуші өтініш берген күннен бастап бір ай ішінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюды растау немесе растаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Қосылған құн салығын төлеушіде салықтық өтініш беру күніне төмендегі жағдайлардың бірі немесе бірнешеуі болған:
1) салық есептілігін беру жөніндегі орындалмаған салық міндеттемесі болған;
2) заңды тұлғаның құрылтайшысы және (немесе) басшысы немесе дара кәсіпкер:
әрекетсіз дара кәсіпкер;
әрекетсіз заңды тұлғаның құрылтайшысы және (немесе) басшысы;
іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекеті шектеулі және (немесе) хабар-ошарсыз кеткен;
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192, 216, 217-баптары бойынша өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам;
іздеу салынған адам болып табылған ретте, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылуын растаудан бас тарту туралы шешім қабылданады.
3. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылғаны расталған жағдайда салық органдары қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікті беруді жүргізеді.
Қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебіне қоюды растаудан бас тарту туралы шешімді салық органы уәкілетті орган белгілеген нысанда береді.
4. Қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебіне қойылғанын растау үшін 2009 жылғы 1 желтоқсанға дейін салық органдарына өтініш жасамаған, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығын төлеуші болуын тоқтатады.
Олар жөнінде салық органдары қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюды растаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар салық органы шешім қабылдаған күннен бастап қосылған құн салығын төлеуші болуын тоқтатады.
2009 жылғы 30 маусымды қоса алғанда берілген, резидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәлігін қоспағанда, қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәлік 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап жарамсыз деп танылады.
5. 2008 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейінгі қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінде тұрған резидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығы бойынша есептен шығарылған деп танылады. Бұл ретте оларға 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін туындаған міндеттемелер жөніндегі қосылған құн салығы бойынша декларацияны табыс ету жөніндегі міндеттемелер қолданылады.
Резидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәлігі 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап жарамсыз деп танылады.
Резидент заңды тұлғаның қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын құрылымдық бөлімшесі жеке шотының 2009 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қалыптасқан сальдосы, қосылған құн салығын төлеуші заңды тұлғаның жеке шотына жіберілуге жатады.
45-бап. Салық төлеушілерді мәжбүрлеп таратудың мынадай тәртібі белгіленсін:
1) осы бапта белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейінгі соңғы бес жыл бойы салық есебін табыс етпеген және 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі жоқ дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері мәжбүрлеп таратуға және Мемлекеттік тіркелімнен алып тастауға, әділет органдарында есептік тіркеуден шығаруға және салық органдарында тіркеу есебінен шығаруға жатады;
2) салық қызметі органдары осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап алты ай ішінде мәжбүрлеп таратылуға тиіс салық төлеушілердің тізімін мынадай мәліметтерді:
салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) немесе толық атауын;
басшының тегі, аты, әкесінің атын (болған жағдайда);
салық төлеушінің тіркеу нөмірін;
кредиторлардың немесе салық төлеушінің мәжбүрлеп таратылуына байланысты құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын өзге де тұлғалардың өтініштерін (талап-арыздарын) қабылдау орнының мекен-жайын көрсете отырып, мемлекеттік тілде және орыс тілінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
3) кредиторлардың немесе салық төлеушінің мәжбүрлеп таратылуына байланысты кұқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын өзге де тұлғалардың өтініштері (талаптары) қойылатын талаптардың заңдылығын растайтын құжаттармен қоса, мәжбүрлеп таратылуға тиіс салық төлеушілердің тізімдері жарияланған күннен бастап екі ай ішінде қабылданады;
4) уәкілетті орган осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілердің тізімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оларды көрсетілген салық төлеушілердің банк шоттарының болуы мәнінде салыстыру жүргізу және осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейінгі соңғы бес жыл ішінде банктердегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы банк шоттарында ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы мәлімет алу үшін банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жібереді;
5) банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар осы баптың 4) тармақшасында көрсетілген тізімдерді алған күннен бастап екі ай мерзімде уәкілетті органға осы бапқа сәйкес мәжбүрлеп таратылуға тиіс салық төлеушілердің банк шоттарының болуы (болмауы) туралы және банк шоттарындағы ақшаның қалдығы мен оның қозғалысы туралы ақпарат береді;
6) осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейінгі соңғы бес жыл ішінде банк шоттары болмаған және (немесе) жабық банк шоттары бойынша ақшаның қозғалысы болмаған жағдайда салық органдары осы банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың мәліметтері бойынша бір ай мерзімде:
әділет органдарына Мемлекеттік тізілімнен алып тастау және есептік тіркеуден шығару үшін мәжбүрлеп таратылуға тиіс заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің тізімін жібереді;
мәжбүрлеп таратылуға тиіс дара кәсіпкерлерді тіркеу есебінен шығарады;
7) әділет органдары осы баптың 6) тармақшасында көрсетілген тізімдерді алған кезден бастап бір ай мерзімде:
мәжбүрлеп таратылуға тиіс заңды тұлғаларды Мемлекеттік тізілімнен шығарады, олардың құрылымдық бөлімшелерін, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерін есептік тіркеуден шығарады;
салық қызметі органдарына оларды Мемлекеттік тіркелімнен шығару және есептік тіркеуден шығару туралы мәліметтерді жібереді;
8) салық органдары әділет органдарынан заңды тұлғаларды Мемлекеттік тіркелімнен шығару, олардың құрылымдық бөлімшелерін, резидент емес заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерін есептік тіркеуден шығару, сондай-ақ салық органдарында дара кәсіпкерлерді тіркеу есебінен шығару туралы мәліметтерді алғаннан кейін аталған салық төлеушілердің жеке шоттарын жабуды жүргізеді.
Осы бапта белгіленген мәжбүрлеп таратудың тәртібі:
өздеріне қатысты салық органдарына кредит берушілер немесе осы баптың 3) тармақшасына сәйкес өзге де тұлғалар талап-арыз берген;
осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейінгі соңғы бес жыл ішінде банк шоттарында ақша қалдығы және (немесе) олардың қозғалысы бар;
осы баптың 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келмейтін салық төлеушілерге қолданылмайды.
46-бап. «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл алты ай өткенге дейін:
1) салық төлеуші туралы мәліметтерді салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорына енгізу салық төлеушінің тіркеу нөмірін беру және нысанын уәкілетті орган белгілейтін, қатаң есептілік бланкісі болып табылатын салық төлеушінің куәлігі беріле отырып жүргізіледі;
2) жеке тұлғаға салық төлеушінің тіркеу нөмірін беруді салық органы мынадай құжаттардың:
жеке тұлғаның немесе кәмелетке толмаған жеке тұлғаның ата-анасының (заңды өкілінің) салықтық өтініші;
түпнұсқасын көрсете отырып, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
тұрғылықты жерін растайтын құжаттың көшірмесі негізінде жүзеге асырады;
3) таратылатын заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшесінің салық міндеттемелерін орындау кезінде, сондай-ақ заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде салық органына салық төлеушінің куәлігі немесе ол жоғалған немесе бүлінген жағдайда қағаз жеткізгіште түсіндірме табыс етіледі деп белгіленсін.
47-бап. «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл алты ай өткенге дейін:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 561, 563, 564, 580-баптарын, 562-бабының 8, 9-тармақтарын және 581-бабының 3) тармақшасын қоспағанда, бүкіл мәтіні бойынша «сәйкестендіру нөмірі», «сәйкестендіру нөмірлері», «сәйкестендіру нөмірімен», «сәйкестендіру нөмірлерімен» деген сөздер «салық төлеушінің тіркеу нөмірі», «салық төлеушілердің тіркеу нөмірлері», «салық төлеушінің тіркеу нөмірімен», «салық төлеушілердің тіркеу нөмірлерімен» деген сөздер болып саналсын;
2) тоқтата тұру кезеңінде банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналарының және әлеуметтік аударымдардың төлем құжаттарын қабылдау кезінде салық төлеушінің тіркеу нөмірінің құрылымына (қалыптастыру алгоритміне) және уәкілетті органның деректеріне сәйкес салық төлеушінің тіркеу нөмірінің дұрыс көрсетілуін бақылауға міндетті екені белгілене отырып, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексі (Салық кодексі) 581-бабының 3) тармақшасының қолданылуы тоқтатыла тұрсын.
48-бап. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) мынадай:
1) 2009 жылғы 1 шілдеге дейін 273-баптың 1-тармағы 2) тармақшасының 274-бапта көзделген және (немесе) нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымды жүзеге асырмайтын, қосылған құн салығынан артық төленгенді қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолданбайтын салық төлеушілер үшін;
2) «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл алты ай өткенге дейін 562-баптың 8-12-тармақтарының;
3) 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін:
2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жоятын 274-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының;
274-баптың 2-тармағының 3) тармақшасының;
4) 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін: 657-баптың 3), 5) және 7) тармақшаларының;
659-баптың 4-тармағының;
660-баптың;
662-баптың;
664-баптың ережелерінің қолданылуы тоқтатыла тұрсын.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 49-бап өзгертілді
49-бап. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) қолданысқа енгізілген күнінен бастап Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілерінің:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2001 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 11-12, 168-құжат; 2002 ж., № 6, 73, 75-құжаттар; № 19-20, 171-құжат; 2003 ж., № 1-2, 6-құжат; № 4, 25-құжат; № 11, 56-құжат; № 15, 133, 139-құжаттар; № 21-22, 160-құжат; № 24, 178-құжат; 2004 ж., № 5, 30-құжат; № 14, 82-құжат; № 20, 116-құжат; № 23, 140, 142-құжаттар; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; № 21-22, 86, 87-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 1, 4, 5-құжаттар; № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45, 46-құжаттар; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 77, 79-құжаттар; № 13, 85-құжат; № 16, 97, 98, 103-құжаттар; № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 16, 18-құжаттар; № 3, 20-құжат; № 4, 33-құжат; № 5-6, 37, 40-құжаттар; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 12, 88-құжат; № 14, 102, 105-құжаттар; № 15, 106-құжат; № 18, 144-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 178-құжат; 2008 ж., № 6-7, 25, 27-құжаттар; № 13-14, 58-құжат; № 15-16, 64-құжат), оған мыналарды:
2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап күші жойылатын 21- баптың 4-тармағын;
2010 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылатын 39-баптың 4-тармағын:
«4. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізген кезде кеден органдары алатын салықтардың бюджетке артық төленген сомасы салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша салықтың артық төленген сомаларының бар екендігі туралы кеден органының растауы қоса беріліп, өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық берешегін өтеу есебіне мынадай тәртіппен:
1) бересіні, өсімпұлдарды және салықтың басқа да түрлері бойынша айыппұлдарды өтеу есебіне;
2) салықтың басқа да түрлері бойынша алдағы төлемдер есебіне жатқызылуға тиіс.»;
2010 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылатын 40-баптың 2-1-тармағын:
«2-1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізген кезде кеден органдары алатын салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің және өсімпұлдардың артық төленген сомасын қайтару бюджетке кедендік төлемдердің, салықтардың және өсімпұлдардың артық төленген сомасының бар екендігі туралы кеден органының растауы қоса беріліп, қайтару туралы өтініш берілген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде төленген жері бойынша жүргізіледі.»;
2002 жылғы 1 қаңтардан бастап 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылатын 85-бапты:
«85-бап. Банктер құраған провизиялар (резервтер) көлемінің
төмендеуінен түскен кірістер
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құраған провизиялар (резервтер) көлемінің төмендеуінен түскен кірістер деп мыналар танылады:
1) борышкер атқару сомасына барабар мөлшерде талапты орындаған кезде бұрын шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомалары;
2) басқаға қайта табыстау туралы шарттың, новация шартының негізінде цессия шартын жасау және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздерде борышкерге қойылған талаптар көлемін азайту кезінде бұрын шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомалары;
3) талаптарды қайта сыныптау кезінде бұрын шегерімге жатқызылған провизиялардың (резервтердің) азайтылған сомалары.
2. Есептен шығарылған сенімсіз актив бойынша борышкердің шартты міндеттемесіне қойылатын талаптың азайтылған көлемінде банктің немесе лицензия негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның бұрын шегерімге жатқызылған құраған провизияларының (резервтерінің) сомалары кіріс болып танылмайды.»;
2012 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жоятын 225-баптың 17) тармақшасын;
2003 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жоятын 226-баптың 2-тармағын;
2012 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылатын 228-баптың 2-тармағын:
«2. Мынадай шарттар сақталған жағдайда:
1) осындай беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келсе;
2) лизинг алушы мүлікті негізгі құрал, жылжымайтын мүліке инвестиция биологиялық актив ретінде сатып алса;
3) берілетін мүлік «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексі (Салық кодексі) 225-бабының 17) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығынсыз сатып алынса, мүлікті қаржы лизингіне беру қосылған құн салығынан босатылады.»;
Қазақстан Республикасының Үкіметімен 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға жасалған концессиялық шарт бойынша 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 230-1-бапты;
Қазақстан Республикасының Үкіметімен 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға жасалған концессиялық шарт бойынша 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 234-баптың 1-тармағының 13) тармақшасын;
2012 жылдың 1 қаңтарына дейін мынадай редакцияда қолданылатын 249-бапты:
«249-бап. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту
1. Салық органдары, егер:
1) импортталатын тауарлар өнеркәсіптік өңдеуге арналған;
2) су, газ, электр энергиясы импортталатын тауарлар болып табылатын жағдайда, импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгертуді жүргізеді.
2. Импортталатын тауарларды өндірістік өңдеу мақсатындағы тауарларға жатқызу тәртібі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес айқындалады.
3. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту кеден органының кедендік жүк декларациясын қабылдаған күнінен бастап үш айдан аспайтын мерзімге өсімпұл есептелмей жүргізіледі.
4. Қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту мына құжаттар:
1) уәкілетті орган белгілеген нысандағы өтініш;
2) тауарлар жеткізіліміне арналған шарттың (келісімшарттың) көшірмесі;
3) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес импортталатын тауарларды өндірістік өңдеуге арналған тауарларды импортталатын тауарларға жатқызуды растау туралы кеден органының қорытындысы негізінде жасалады.
Төлеу мерзімін өзгертуге құқығын растау үшін салық органдары қосылған құн салығын төлеушінің өндірістік қуаттарын және үй-жайларын тексеріп қарауға құқылы.
5. Уәкілетті орган өнеркәсіптік өңдеу үшін импорттық тауарларды ұдайы алып тұратын қосылған құн салығын төлеушілерге қосылған құн салығын өзгертілген мерзімдер бойынша төлете отырып, тауарларды кедендік ресімдеуді жүзеге асыруға күнтізбелік жыл ішінде қолданылатын рұқсат береді.
Осы тармақта көзделген рұқсат, қосылған құн салығын төлеу мерзімін кеден органының кедендік жүк декларациясын қабылдаған күнінен бастап үш айдан аспайтын мерзімге өзгерте отырып, тауарларды кедендік ресімдеу үшін негіздеме болып табылады.
Рұқсат алу үшін уәкілетті органға осы баптың 4-тармағында көрсетілген құжаттар, сондай-ақ оның өндірістік қуаттары мен үй-жайларының бар-жоғы туралы қосылған құн салығын төлеушінің тіркелген жері бойынша салық органының қорытындысы табыс етіледі.
6. Салық органдары осы баптың 1-тармағында көрсетілген импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту туралы шешімді қосылған құн салығын төлеушіден салықтық өтініші мен осы бапта белгіленген растау құжаттарын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
7. Төлеу мерзімдері осы бапқа сәйкес өзгертілген салық сомаларын өтеуді салық органдары өткізілген тауарларға, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге қатысты қосылған құн салығы бойынша бюджетпен өзара есепке жатқызу әдісімен үш айлық кезең ішінде жүргізеді.
Көрсетілген үш айлық кезең аяқталғаннан кейінгі бірінші күннен бастап өтелмеген берешектің сомасына өсімпұл есептеледі.
8. Тауарларды өнеркәсіптік өңдеусіз өткізген жағдайда, салық салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге тиіс қосылған құн салығының сомасы белгіленген тәртіппен өсімпұл есепке жазыла отырып, салық салынатын айналым бойынша есептен шығарылған, қосылған құн салығының сомасы мен есепке жатқызылған салық сомасы арасындағы айырма ретінде анықталады.
Осы баптың ережелері жеңіл автомобильдерден басқа, акцизделетін тауарларды өндіру үшін импортталатын тауарларға қолданылмайды.»;
2012 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылатын 250-бапты:
«250-бап. Есепке жатқызу әдісімен импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу
1. Мынадай тауарлардың:
1) жабдықтардың;
2) ауыл шаруашылығы техникасының;
3) автомобиль көлігінің жылжымалы жүк құрамының;
4) тікұшақтар мен ұшақтардың;
5) темір жол локомотивтері мен вагондардың;
6) теңіз кемелерінің;
7) қосалқы бөлшектердің;
8) пестицидтердің (улы химикаттардың);
9) асыл тұқымды малдың барлық түрлері мен қолдан ұрықтандыруға арналған жабдықтардың импорты бойынша қосылған құн салығы осы бапта белгіленген тәртіппен есепке жатқызу әдісімен төленеді.
Аталған тауарлар тізбесін және оны түзудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Бұл ретте осы тізбеге Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін немесе Қазақстан Республикасының мұқтажын жаппайтын тауарлар енгізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері қосылған құн салығын төлеушінің кейіннен өткізуге арналғандарын қоспағанда, мыналардан:
1) мүлікті қаржы лизингіне беруден;
2) бұрын импорт режимінде әкелінген тауарды кері экспорт режимінде қайтарудан басқа әкелінетін тауарларына қатысты қолданылады.
3. Қосылған қүн салығын төлеуші кеден органына қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің көшірмесін, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша декларацияда осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлардың импорты бойынша төленуге тиіс қосылған құн салығының сомасын көрсету жөніндегі және көрсетілген тауарларды нысаналы пайдалану туралы міндеттемені табыс етеді.
Міндеттеме уәкілетті орган белгілеген нысанда үш дана етіп толтырылады.
Міндеттеме негізінде тауарларды еркін айналысқа шығару белгіленген тәртіппен кеден төлемдерін және акцизделетін тауарлар бойынша акциздерді де төлеген жағдайда, қосылған құн салығы іс жүзінде төленбей жүргізіледі.
4. Міндеттемеде көрсетілген қосылған құн салығының сомасы сонымен бір мезгілде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен есептелген және есептемеге жатқызылған қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетіледі.
5. Осы баптың 6-тармағында көрсетілгендерді өткізуден басқа, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды кейіннен өткізуге қосылған құн салығы салынуға тиіс.
Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды әкелу күнінен бастап талап қоюдың өткен мерзімінің ішінде осы бапта белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, әкелінетін тауарларға қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде өсімпұлдарды есепке жаза отырып, тауарлар әкелу кезінде қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап төленуге тиіс.
6. Тауарлардың импорты кезінде қосымша құн салығы есепке жатқызу жолымен төленген, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналымдар қаржы лизингіне берілген кезде қосылған құн салығынан босатылады.»;
2011 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жоятын 533-баптың 5-тармағының 3) тармақшасын;
2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексін) қолданысқа енгізу туралы» 2001 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 11-12, 169-құжат; № 15-16, 224-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 1, 2-құжат; № 6, 73-құжат; № 19-20, 171-құжат; 2003 ж., № 21-22, 160-құжат; 2005 ж., № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 16, 98-құжат), 5-3-бабын қоспағанда;
3) «Теңізде мұнай операцияларын жүргізу кезінде өнімді бөлу жөніндегі келісімдер (келісім-шарттар) туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 13, 54-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
|
Н. Назарбаев
|
Астана, Ақорда, 2008 жылғы желтоқсанның 10-ы.
№ 100-ІV ҚРЗ
Достарыңызбен бөлісу: |