Кодекстiң «Әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық»



жүктеу 60.15 Kb.
Дата29.02.2016
өлшемі60.15 Kb.
ПIКIР
Маханбет Бақтығұлов,

Орал қалалық мамандандырылған

әкiмшiлiк сотының төрағасы
Әкiмшiлiк айып мӨлшерi

қайта қаралғаны жӨн
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодекстiң «Әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық» туралы 532 бабы iзгiлендiрудi қажет етедi
Қоғам алға баса отырып, құқықтық жағынан дамыған сайын заңдар да заман талабымен үндесiп, жетiлдiрiле түсетiндiгi заңдылық. Сот жүйесi – мемлекеттiк билiктiң бiр тармағы және елiмiзде құқықтық мемлекет орнықтырудың көшбасшысы ретiнде қоғамның құқықтық мәртебесiн нығайтып, заңнамалардың жетiлдiрiле түсуiне мүдделi. Сот төрелiгiн атқару барысында бұрын қабылданған заңдардың қоғамның қазiргi даму деңгейiмен және азаматтардың, қоғамның әлеуметтiк жiктерiнiң құқықтық жағдайымен сәйкестiлiгiн таразылап, сот тәжiрибелерiнiң негiзiнде заңнамаларды жетiлдiру жөнiнде нақты ұсыныстар жасауына мүмкiндiк те бар. Сондай-ақ, Ата Заңымызда көрсетiлгендей ең басты құндылық адам және оның құқықтары мен бостандықтары болып табылғандықтан заң адамға, оның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға неғұрлым жанасымды бола түсуi керек.

Елбасымыз Қазақстан халқына биылғы дәстүрлi Жолдауында Қазақстанның әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарынан орын алуы стратегиясын ұсынды. Бұл елiмiздiң биiк мұраты. Бiз мемлекет басшысы нұсқаған басымдылықтарды қолдай отырып, әлемдiк бәсеклестiкке iшкi және сыртқы қоғамдық қатынастарды заңдылық жолымен дамыту арқылы ұмтылатындығымызды ескерер болсақ, елiмiзде жүзеге асырылып жатқан құқықтық реформаларды да заман ағымынан қалдырмауға тиiспiз.

Мұны айтып отырған себебiм – осы мақалада Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодекстегi бiр ғана баптың, заңның “Әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық” туралы 532 бабын iзгiлендiру мәселесiн көтеру. Өйткенi, қолданыстағы заңдарымызға байланысты айтылған әрбiр дұрыс ұсыныс-пiкiр өз дәрежесiнде iске асып жатса, бұл сөз жоқ, қоғамның құқықтық дамуына зор әсерiн тигiзедi.

Әкiмшiлiк жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру және құқық бұзушылықты жасаған адамды заңдар талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, сол сияқты басқа адамдардың да жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Әкiмшiлiк жаза әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамға тән, немесе жан азабын тарттыруды, оның адамгершiлiк қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат тұтпайды.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодекстiң 30 тарауында “Әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық” жасағандық үшiн жауапкершiлiк негiздерi қаралған. Осы тараудағы 532 бапта қаржы шараларын бұзғаны үшiн жауаптылық көзделген.

Бiрiншi бөлiмiнде: Мемлекеттiк лауазымға не мемлекеттiк немесе соларға теңестiрiлген функцияларды орындаумен байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдардың, сол сияқты аталған адамдардың жұбайының (зайыбының) кiрiстер, мүлiк туралы декларацияларды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарда көзделген басқа да мәлiметтердi бермеуi немесе толық емес, жалған мәлiметтер беруi – айлық есептiк көрсеткiштiң елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Екiншi бөлiмiнде: Мемлекеттiк лауазымдағы, сондай-ақ келеңсiз себептермен мемлекеттiк қызметтен босатылған адамдардың, сол сияқты аталған адамдардың жұбайының (зайыбының) кiрiстер, мүлiк туралы декларацияларды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарда көзделген басқа да мәлiметтердi бермеуi, дер кезiнде бермеуi мемлекеттiк қызметтен босатылғаннан кейiн үш жыл бойы жыл сайын берiп тұрмауы немесе толық емес, жалған мәлiметтер беруi – айлық есептiк көрсеткiштiң елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Үшiншi бөлiмiнде: Осы баптың бiрiншi, екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi бiрнеше рет жасауы – айлық есептiк көрсеткiштiң жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сот тәжiрибесiнде мемлекеттiк лауазымға кандидаттар сондай-ақ, келеңсiз себептермен мемлекеттiк қызметтен босатылған адамдардың, немесе олардың жұбайының (зайыбының) осы заңда қаралған құқық бұзушылықты жасағанда, мысалы: декларацияны уақытында тапсырмауы, декларацияда бұрынғы сенiмхат арқылы сатып жiберген автокөлiгiн көрсетпеуi т.б. жағдайларға байланысты судья жаза тағайындағанда, көбiне құқық бұзушының жеке басының қандай екенiн және оның отбасылық, материалдық жағдайларын, құқық бұзушылықтан келтiрiлген зиянның елеусiздiгiн, болмаса зиянның жоқтығын ескерiп, ӘҚБК-нiң 68 бабын басшылыққа алып, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамға ауызша ескерту жасаумен шектелiп, әкiмшiлiк жауаптылықтан босатады.

Судьялар арасында: «Құқық бұзушыны әкiмшiлiк жауаптылықтан босату дұрыс емес, өйткенi құқық бұзушы – әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық әрекет жасаған» дегендей пiкiр айтылады. Бiз бұл пiкiрдiң терiстiгiн ескерткiмiз келедi.

Бiрiншi жағдай – жоғарыда айтылғандай әрбiр iстi қараған судья жаза тағайындағанда құқық бұзушының жеке басының қандай екенiн және оның отбасылық, материалдық жағдайларын, құқық бұзушылықтан келтiрiлген зиянның елеусiздiгiн, яғни зиянның жоқтығын ескередi. Қаралған iстер бойынша құқық бұзушылар көп жағдайда декларацияны уақытылы тапсырмай ұмыт қалдырған, немесе бұрынғы жеке меншiгiнде болған автокөлiгiн сенiмхат арқылы сатып жiберген, ол мүлiк өзiнiң қарамағында жоқ, мүлдем сатылып кеттi деген түсiнiкте болған, шын мәнiсiнде сатып алған адам көлiктi қашан өзiнiң атына шығарып алғанша, ол автокөлiк жол полиция бөлiмiнде бұрынғы иесiнiң атында тұратынын бiлмеген. Мұндай жағдайларда судья мән-жағдайларды дұрыс анықтаған деп санаймын.

Екiншi жағдай – егер құқық бұзушы декларация тапсырған кезде өзiнiң мүлiктерiн әдейi жасырып қалу мақсатымен көрсетпеген жағдайда, ол әрекеттердi бiрнеше пәтерi, немесе авткөлiгi бар, жалақысы жоғары адам жасаған жағдайда судья заңда көзделген жазаны қолдануы тиiс деп есептеймiн.

Көрсетiлген бiрiншi жағдайға байланысты судья құқық бұзушыны әкiмшiлiк жауаптылықтан босатып, iстi қысқартуының бiрден бiр себебi, ол жазаның мөлшерi, яғни айыппұл сомасының өте жоғары көлемде екенiнде. Жоғарыда көрсетiлгендей айлық есептiк көрсеткiштiң елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатыны. Бүгiнгi таңда бұл айыппұл сомасы – 51500 теңгеден 103000 теңгеге дейiн.

Мысалы, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамның жалақысы 15000-20000 теңге аралығында, отбасында жұбайы (зайыбы) жұмыссыз, мектеп жасындағы 3-4 балалары бар делiк. Осы адамға ең төменгi мөлшердегi – 51500 теңге айыппұл салғанның өзiнде, оның өзi және жанұясы 2-3 айлық жалақысыз қалатыны белгiлi. Мұндай жағдайда сот тәжiрибесiнен көрiнгендей судьялар ӘҚБК-нiң 68 бабына сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамға ауызша ескерту жасаумен шектелiп, әкiмшiлiк жауаптылықтан босатқаны дұрыс.

Бұл жерде құқық бұзушылықты мүлдем жауаптылықтан босатпау үшiн кодекстiң басқа баптарындағыдай осы баптағы жаза – айыппұл мөлшерiнiң төменгi шегiн төмендеткен дұрыс. Мұндай жағдайда құқық бұзушы әрi жауаптылықты сезiнiп, ең бастысы жаза әдiл болар едi.

Ол құқық бұзушылықты жасаған адамды заңдар талаптарын сақтауға және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеуге, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, сол сияқты басқа адамдардың да жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатын қамтамасыз етедi.



Сот тәжiрибесiнен мынадай мысал келтiруге болады: 1978 жылы туылған Б. – деген азамат 1978 жылы шыққан (өзiмен құрдас), “Жигули” автокөлiгiн 2002 жылы сенiмхат арқылы сатып жiберген, алайда ол көлiк жол полиция бөлiмiнде сол Б-ның атында есепте жазулы тұрған. Шын мәнiсiнде сатып алған адам ол көлiктi өзiнiң атына шығарып алмаған. Б. өзi автокөлiктi сатып жiбердiм деген түсiнiкпен мемлекеттiк қызметшi ретiнде декларация тапсырғанда ол автөклiктi көрсетпеген. Тексеру кезiнде жол полициясы бөлiмiнде Б-ның атында есепте тұрған “Жигули” анықталып, оған ӘҚБК-нiң 532 бабының 2 бөлiмiмен хаттама жасалып, әкiмшiлiк жауапқа тартылған. Сотта Б. өзiмен түйедей құрдас темiр тұлпардың бұл жалғанда бар-жоғын да бiлмейтiнiн, өйткенi ол сатқан кезде автокөлiктiң әбден тозығы жеткенiн, жанұяның жалғыз асыраушысы екендiгiн, жалақысы 17000 теңге, балалары болса әлi жас екенiн, айыппұл төлеген жағдайда жанұясының материалдық жағдайы қиын болатынын, декларацияда автокөлiгiн саттым деп түсiнгендiктен көрсетпегенiн айтып берген. Судья осы мән-жайларды және мемлекетке ешқандай зиян келмегенiн ескерiп, ӘҚБК-нiң 68 бабын басшылыққа алып, ауызша ескертумен шектелiп, оны әкiмшiлiк жауаптылықтан босатқан. Бұл жерде судья заңсыз шешiм шығарып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушыны жауаптылықтан босатып жiбердi деп қорытынды жасау негiзсiз. Өйткенi мұндай жағдайда құқық бұзушыға ең төменгi жаза – елу айлық есептiк көрсеткiш – 51500 теңге айыппұл салу, жасалған әкiмiшiлiк құқық бұзушылық iс-әрекет деңгейiмен салыстыруға келмейдi.

Сот тәжiрибесiнде осыған ұқсас құқық бұзушылықтар болып жатады. Мұндай жағдайларда егер де жаза мөлшерi, яғни айыппұл сомасы сол жасалған әкiмiшiлiк құқық бұзушылық iс-әрекетке лайықты деңгейге келтiрiлсе, құқық бұзушылардың бәрiн бiрдей әкiмшiлiк жауаптылықтан босатпай жаза қолдануға болар едi. Сонда құқық бұзушы әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылып кетпей, жасаған құқық бұзушылығы мен материалдық және әлеуметтiк жағдайына қарай жазаға тартылар едi және тағайындалған жаза құқық бұзушыға әсерлi, әдiл болар едi.

Сондықтан ӘҚБК-нiң 532 бабының 1,2 бөлiктерiндегi көрсетiлген ең төменгi жаза мөлшерi елу айлық есептiк көрсеткiштi 5 немесе 10 айлық есептiк көрсеткiштен басталатын етiп көрсетiлсе дұрыс, әдiл жаза болар едi.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет