Тезистер
Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы ішкі феодалдық қырқыстарды аяқтап, тайпалық талас-тартыстарға тыйым салды. Ел ішінде бейбіт өмір орнады.
1511 жылы Қасым хан билікке қол жеткізгеннен кейін Қазақ хандығы Қасым хандығы деп атала бастады.
Қасым хан тұсында Қазақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды. Қасым хандығының аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қалаларына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылып жатты.
Қасым ханның қол астына қараған халықтың саны 1 миллион адамға жеткен.
Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібір хандығымен және Орыс мемлекетімен сауда-саттық және елшілік қарым-қатынас орнатты.
Қазақ хандығымен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі князь III Василий (1505-1533 жж.) билік жүргізген кездегі Мәскеу мемлекеті болды.
Қасым хан тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Еуропаға мәлім болды.
Ол феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, мемлекеттің саяси, экономикалық, әскери қуатын арттырды. Оның тұсында мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органы Мәслихат – сұлтандар мен ру басшыларының съезі болды.
Мәслихат жылына бір рет шақырылып, мемлекеттің ең маңызды – соғыс жариялау, бітім жасау, жайылым жерлерді бөлісу, көшіп-қону жолдарын айқындау сияқты мәселелеін қарастырды.
Мәслихаттың Шыңғыс хан әулетінен хан сайлау құқығы болды. Мәслихат жұмысына тек ерлер ғана қатыса алды.
Мемлекеттегі бүкіл билік хан қолында болды, сонымен бірге оның заң қабылдау, жарлық беру құқығы болды.
Ханның жанына неғұрлым беделді билер мен қауым өкілдерінен тұратын кеңесші ұйым – Билер кеңесі болды.
Қасым хан өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқықтық нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы болған «Қасқа жолды» жарыққа шығарды.
Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды.
Халық Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы болған жарғыны қайтадан жаңғыртқанын ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың жазбалары бойынша Қасым хан 1518 жылы қайтыс болған. Ал Тахир Мұхаммед өзінің «Раузат-ат Тарихирин» атты еңбегінде Қасым ханның қайтыс болған уақыты 1523-1524 жылдар деп көрсетеді.
Қадырғали Жалайыридың мәліметі бойынша Қасым хан Сарайшық қаласында дүние салған.
1523 жылы Тахир хан ноғайлардан біржолата жеңіліп, қазақ даласының батысын тастап, оңтүстік-шығысқа кеткен соң Қазақ хандығы үшке бөлініп, сыртқы жаулардан әркім өз білгенінше қорғана бастады. Оларды басқарған Қожа Ахмет хан да, Мамаш хан да, Бұйдаш хан да елді біріктіре алмай, сыртқы жаулармен күресте құрбан болды.
Осы уақытта әкесі Қасым ханның «қасқа жолын ұстанған» Хақназар хан тарих сахнасына шықты. Ол Қасым ханның Ханық сұлтан-ханым атты әйелінен туған еді. Жасөспірім жасқа жеткенде Хақназар әпкесімен бірге Ноғай Ордасына барып, солардың арасында ержетті. Хақназар қазаққа да, ноғайға да жақын хан тұқымына айналды. Ноғайлар оны Хақназар сұлтан десе, қазақтар Ақназар хан дейтін.
Ноғай мырзаларымен бірігіп Шейх Мамай Қазақ хандығын талқандаған соң оның тағына өздері тәрбиелеген Хақназар сұлтанды 1538 жылы ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Құрылтайға жиналған ноғай мырзалары қазақты біржолата бағындырудың басты жолы олардың өздері мойындаған әрі ноғай ықпалында жүрген атақты Қасым ханның баласын таққа отырғызу деп ойлады.
Бұрын қазақ пен ноғайға бірдей хан болған атақты Қасым ханды ноғайдың қалың жұрты да аса құрметтейтін еді. Осылайша әкесі тәрізді қазақ-ноғай ханы атанған Хақназар қасиетті әке жолын жалғастыру мүмкіндігіне қол жеткізгендей болды. Алайда шынайы билік оның қолында емес еді. Қазақ даласына хан болу үшін оған әлі оның орталық және шығыс аймақтарындағы сұлтандарға өзін мойындату керек еді. Ал мұндай толық билікке Хақназардың қолы 1559-1560 жылдары ғана жетті.
Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580 жж.) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді.
Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді.
ХVІ ғасырдың 60 жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы Қазақ хандығына өтті. Бұл кезде батыста күшейе түскен Орыс мемлекеті шығысқа қарай ірге кеңейтіп 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын басып алды. Енді шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан Орыс мемлекеті шегарасын Қазақ хандығына жақындата түсті.
Енді Хақназардың хандығы шығыста Ертіс бойынан батыстағы Ембіге дейін, ал оңтүстікте Сыр бойынан солтүстіктегі башқұрттар аймағына дейін созылып жатты.
1563 жылы Қазақ хандығының күшеюінен қатты қорыққан сібірлік Көшім хан Қазақ хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып тұрды. Осындай қиын уақытта Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті.
Шайбандық сұлтандар арасындағы өзара тартыстарды пайдаланған Хақназар шебер дипломатиялық жолдармен Абдолланы уақытша болса да өзінің жағына тарта білді. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауренахрдағы шайбанилық Бұхара ханы Абдаллах және қазақ ханы Хақназар «қастаспай дос болып, өзара көмектесу» жөнінде одақтық келісімшарт жасасты. Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жақсарды. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы күшейе түсті. Хақназар хан Бұхара ханы Абдаллах ташкенттік Баба сұлтанға қарсы күресте қолдап, соңғыны өлтіруге әрекеттер жасады. Осыны сезген және бұрыннан өшіккен Баба сұлтан жедел қимылдап, Хақназар ханның жасағына тұтқиылдан бас салып, ханның өзін де өлтірді.
Хақназар хан қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес.
Достарыңызбен бөлісу: |