Тезистер
Қазақ хандығының құрылуы «жаңа мемлекеттік жүйенің» бастауы болды.
1457жылы Әбілқайыр хан Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан Түркістан өңірінде жеңіліп қалып, өз ұлысында қатал тәртіп орнатуға кіріседі.
Оған қарсы күресті Жәнібек пен Керей басқарды.
Қазақ хандығының құрылуына 1457 жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап, Шығыс Дешті Қыпшақтан Батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы мұрындық болды.
Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462 жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілқайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді.
Алғашында Қазақ хандығының территориясы Батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді.
Әбілқайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, тұрмыстарын түзей бастады.
Жетісу рулар мен тайпалар және мемлекет бірлестігінің орталығына айналды.
Жетісуға қоныс аударушылардың саны 200 мың адамға жетті.
Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы еді.
Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.).
Қазақ хандығының алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды: 1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәртібін қалпына келтіру. 2. Шығыс пен батыс сауда керуен жолдары өтетін Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т.б. қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. 3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру.
Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды.
1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Ал Сырдария жағасындағы Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді.
Оңтүстік Қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да толастамады.
Батыс Жетісудағы иеліктеріне, оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты.
Қазақ хандығы Еділден Жайыққа дейінгі территорияны, Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыды.
Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясына негізделген монархия болды. Мемлекет басшысы – хандар саяси билік жүргізді. Олар төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайланып отырды.
«Жүз» ұғымының мәні толық ашылған жоқ. Біраз зерттеуші қазақтың «жүз» деген сөзін арабтың «джуз», яғни «бір нәрсенің басты бөлігі», «тармақ» деген сөзімен сәйкестендіреді.
XVIII ғ. дейін жүздердің қалыптасуы аяқталды. Жүздерде адамдарды ру-тайпалық қауымдастыққа бөлу сақталды: тайпалар мен рулардың (жүздерді құраған) өз басқарушылары болды (билер, батырлар), яғни билеушілер сол рудан болуы керек еді. Тайпалар мен рулар тек этникалық форма болып қана қойған жоқ, сонымен қоса оның мүшелерінің шаруашылық-саяси қауымдастығы да болып саналды.
Ұлы жүз Қазақстанның қазіргі үш облысының – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жерін қамтыды. Негізін қалаған рулар: үйсін, қаңлы, дулат, жалайыр, албан, суан, шапырашты т.б. Осы тайпалардың көпшілігі моңғолдарға дейінгі кезеңде белгілі болған, олардың өздерінің әскери-саяси одағы және хандығы болды немесе олар басқа тайпалармен бірігіп одақ құрып отырды. Ұлы жүзді жинақтап айтқанда үйсіндер деп атайды.
Орта жүз Орталық және Солтүстік-шығыс Қазақстан жерін мекендеген. Орта жүздің шегарасы Арал теңізі мен Торғай өзенінен бастап, шығыста Ертіске, Алтай, Тарбағатай тауларына дейін, оңтүстік шегарасы Сырдария, Шу өзендері, Балқаш көліне дейін, солтүстік шегарасы осы күнгі Омбы, Түмен облыстарына дейін барады. Осы кең далада Орта жүздің негізгі тайпалары – қыпшақтар, арғындар, наймандар, керейлер, қоңыраттар өмір сүрді. Керей, найман, қоңырат тайпаларының моңғол шапқыншылығына дейін де автономиялы саяси одақтары болған.
Қазақ халқының пайда болуында басты рөлдің бірін қыпшақтар атқарды. Бұл атпен көптеген ғасырлар бойында Ертіс пен Дон (Дешті Қыпшақ) аралығында көшіп-қонып жүрген тайпалар аталған. Арғындар басқа тайпаларға қарағанда кеш пайда болған, бірақ олардың аты Орта жүздің синонимына айналды. Қоңырат тайпасы ХІХ ғ. басында Орта жүзден бөлініп Бұқара, Қоқан хандықтарының ықпалына түсіп, сөйтіп өзбек руларымен көршілес өмір сүреді.
Жүздерге бөлу тегі тайпалар арасындағы қатынастарды реттеу үшін ағалық (үлкендік) және кішілік сыйластық, құрмет тұтуға байланысты пайда болуы тиіс. Тұрмыстық және қоғамдық өзара қатынастарда да қазақ рулары осы тәртіп бойынша бөлінген.
XVI ғ. қазақ қоғамының феодализмге қарай дамуы бай және беделді ру аристократтарын (билер, батырлар) өмірге әкелді, олар өздерінің үстемдігін салт-дәстүр арқылы, ал артықшылықтарын әдеттегі құқық нормаларымен көрсетіп отырды. Осы үстемдік етуші топ аға хан мен сұлтандардың күшеюіне жол бермеуге тырысты, сөйтіп саяси бытыраңқылық, ұсақтық саясатын жүргізді. Жүздердің құрылуы осы рулық аристократияның саяси және экономикалық мақсаттарына сай келді.
Хандықтың әскери қуатының әлсіреуі, әскери-саяси одақтың (тайпалар тарапынан) о бастан-ақ нашар болуы қазақ хандығының бірнеше бөлікке бөлінуіне, яғни жүздердің құрылуына (пайда болуына), кейіннен олардың автономиялы аудандарға айналуына жағдай туғызды. Жер көлемі кең, бір орталықтан басқару мүмкін емес болатын Қазақ хандығында бірнеше ханның болуын, аға ханның институты болуын, ру басшылары съезінің болуын осымен ғана түсіндіруге болады.
Бұл туралы елбасымыз: «Қазақ ұлысының құрылу үрдісі этникалық аумақтың қалыптасуымен және этносаяси, шаруашылық, табиғи, табиғи-географиялық жағдайларға орай үш этноаумақтық бірлестік – Ұлы, Орта, Кіші жүздердің құрылуымен қатар жүзеге асты» деп атап кеткен болатын.
Жүздердің шығуы туралы ғалымдардың пікірлері:
Ш.Ш. Уәлиханов: «Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін үлкен одақтар құрған».
Н.А. Аристов: «Жүздердің бірігуі жоңғар шапқыншылығы кезінде жүзеге асқан».
В.В. Бартольд: «Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық факторлар әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырады».
М.П. Вяткин В.В. Бартольдпен келісе отырып «жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың соңынды қалыптасты» дейді.
С. Аманжолов: «Қазақ елі, жері үш жүзге моңғолдарға дейінгі кезеңде – X-XII ғасырларда бөлінді» деп есептейді.
Достарыңызбен бөлісу: |