59.Әдебиет теориясының ғылым ретіндн қалыптасуы.Әдебиеттану — көркем әдебиет мәселелерін зерттейтін ғылым. Сөз өнерінің түп төркінін, тегін, туу, қалыптасу тарихын, даму заңдылықтарын, көркемдік және эстетикалық ерекшеліктерін зерттейді. Негізгі салалары үшеу: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны. Жанама тараулары — текстология, тарихнама, библиография. Әдебиет теориясы әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Сөз өнерінің ерекшеліктерін, қоғамдық рөлін, көркем шығарманы танудың принциптерін, талдауын, әдістері мен методологиясын, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен ағыс мәселелерін тексереді, талдайды. Сонда әдебиет теориясының зерттеу объектісі де үшеу болғаны — әдебиет, әдеби шығарма, әдеби процесс. Әдебиет дегенде, оның тағы да үш түрлі яки, таным тарапындағы, тәрбие саласындағы және эстетикалық мәні мен мәнісі дара-дара сараланады. Әсіресе эстетикалық табиғатына ерекше назар аударылады.Әдебиеттану ғылымының туу, қалыптасу, даму тарихы тым әріде жатыр. Бүкіл әлем шеңберінде алып қарасақ, сөз өнері, оның сыры мен сипаты туралы топшылаулар, көркемдік таным мен талғамның алғашқы белгілері грек өркениетінен ондаған ғасыр бұрын көне Қытайдың “Ән кітабы”, “Құбылу кітабы”, ежелгі Мысырдағы “Ағалы-інілі екеу туралы ертегі”, байырғы Вавилон жұртының “Көрмегені жоқ кісі туралы” дастаны немесе көне үнді халқының “Ригведа”, “Махабхарата”, “Рамаяна” жырлары тәрізді адам баласының жер бетінде тұңғыш туғызған әдеби ескерткіштерінде б.з.б. 3 — 2 мыңыншы жылдарда пайда болып, келе-келе тұрлаулы эстетикалық ұғымға көше берген. Эллада эстетикасы да бірден мектепке айналып, қауырт қалыптаса қалған жоқ. Гректің әдемілік туралы ілімі Пифагор мен пифагоршілердің (б.з.б. 6 ғ.) өнер мәнін санға, Гераклиттің сапаға, Демокриттің мөлшерге, Сократтың өлшемге сайған аңқау аңғарымдарынан басталып, Платонның “сәбилик” филос-сы арқылы Аристотель (б.з.б. 384 — 322 ж.) “Поэтикасына” келіп ұласады. Ал “Поэтика” — күллі көркемөнер туралы тұңғыш философия-эстетика трактат қана емес, өз кезіндегі әжептеуір жүйеге түскен бірден-бір әдебиет теориясы. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазмұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болады. Өнер туындысының көп жайларын, әсіресе характер, әрекет, байланыс, шешім, шиеленіс, хабар, түйін, метафора, гипербола, фабула, аналогия т.б. жайларын талдап-тексеруі күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |