60—70-жылдардағы зерттеулер. XX ғасырдың 60—70-жылдарынан
бастап
жекелеген ғалымдар көшпеліліктің
географиялық-экологиялық
себептерін қайта мойындай бастады. Осы ғалымдардың пікірінше, көшпелілік
дегеніміз, кейбіреулер айтқандай, "адамзаттық өркениеттің сара жолынан адасу"
емес,
керісінше, шаруашылықтың, мәдениеттің ерекше
даму
түрі.
Олардың пікірі бойынша: "Көшпелілер далалы, шөлді, шөлейтті табиғатта өз
шаруашылығын қалыптастырған, олардың негізгі күнкөріс көзі мал болған, мал
басы өскен сайын жайылым айырбастау қажеттілігі туған, сөйтіп
жылжымалы өмір салты
қалыптасқан".
Көшпелі
халықтар,
оның
ішінде ғұндар мен
түркілердің
тарихына
ерекше
мән
берген
тарихшы Л.Н.Гумилев болды. Ол Еуразия көшпелілерінің бұл құрлықтың
тарихында алатын орнын өте жоғары бағалады. Дегенмен Л.Н.Гумилев:
"Халықтар дамуында, олардың қалыптасуында, шаруашылық-мәдени
ерекшеліктерінің пайда болуында географиялық, экологиялық фактор үлкен рөл
атқарады" деп санады. Оның ойынша, "бүкіл тарихи үдеріс географиялық,
биосфералық өзгеріске тікелей және толығымен тәуелді". Л.Н. Гумилевтің
осындай көзқарастары кезінде сыналған да еді.
Археолог К.Ақышевтың пікірі бойынша, Қазақстан жерінде көшпелі мал
шаруашылығының қалыптаса бастауы қола дәуірінің соңы, темір дәуірінің
басына, яғни б.з.д. IX—VII ғасырларға жатады. Осы кезден бастап, Орталық,
Батыс Қазақстан жерінде меридиан бойымен көшу, ал Шығыс Қазақстан мен
Жетісуда қыста жазықтар мен қар аз түсетін таулардың қойнауын қыстап, жазда
биік таулы жайлауларға көшу қалыптасқан. Оңтүстік Қазақстан аймағында ерте
заманнан-ақ көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы шаруашылық пен тұрмыс
орын алған.
Өткен ғасырдың 60—70-жылдарынан бастап қазақ көшпелі қоғамы жөнінде
қазақстандық ғалымдардың еңбектері шыға бастады. Бұл ретте С.Зимановтың
"Қазақтардың XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық құрылысы", В.Ф.
Шахматовтың "Қазақтың жайылымдық көшпелі қоғамы",
С. Толыбековтің "XVII—XX ғасырдың басындағы қазақтардың көшпелі
қоғамы", Д.Кішібековтің "Көшпелі қоғам: шығуы, дамуы, құлдырауы", Н.
Масановтың "Қазақтардың көшпелі өркениеті", т.б. еңбектері жарық көрді.
Осы ғалымдардың пікірінше, көшпелі жұрттар өз бетімен таптық қоғамның
ең алғашқы сатысына жетеді, ал олардың өрі қарай дамуы отырықшы
халықтардың ықпалымен ғана іске асады. Көшпелі қоғам — бұл даму болашағы
шектеулі қоғам. Кейінгі кезде көшпелі қоғамның ежелгі замандағы, орта
ғасырлардағы мәдени, әлеуметтік-саяси оңды жақтары, артықшылықтары
мойындалып келеді. Көшпелі өркениеттің адамзат тарихындағы заңды құбылыс,
шаруашылықтың, мәдениеттің, өмір тұрмысының ерекше бір түрі екендігін
көпшілік ғалымдар мойындай бастады.
|