Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы №1 (61)


Дүниеге көзқарастың негізгі аспектілері мен компоненттері



бет18/37
Дата17.06.2016
өлшемі1.55 Mb.
#142085
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   37

Дүниеге көзқарастың негізгі аспектілері мен компоненттері

Дүниеге көзқарас (менің көз алдымдағы дүние) - қоршаған дүние туралы, адам туралы метафизикалық ойлаудың жалпы жиынтығы немесе әлемді біртұтас формада тану. Метафизикалық көзқарастың құрамына, біріншіден, ғасырлар бойы қалыптасқан нәсілдік, ұлттық, халықтық кәдімгі табиғи қоғамдық дәстүр-салттары, әдет-ғұрыптары, күнделікті өмірге деген көзқарастары; екіншіден, бірер жүйеге келтірілген ілімдік (миф, дін, философия) көзқарастар; үшіншіден, барлық ғылыми жетістіктердің өмірге, табиғатқа деген жалпы көзқарастары жатады.

Дүниеге көзқарасқа жалпы адамзаттың білімі жата бермейді. Оның пәні білімге философиялық тұрғыда қарастыратын көзқарасты айтамыз. Егер де, Аристотельдің айтуынша метафизика "бірінші философия" десе, ал философия дүниетанымның өзегі (ядросы) деп айтамыз. Дүниетанымдық көзқарастың өзіндік объектісі, сол адамды қоршап тұрған дүние мен адамның ара қатынасынан шығатын негізгі сұраулар жауабы. Атақты философ П.В. Копниннің айтуынша: "дүниеге көзқарастың пәні, "адам, оны қоршаған дүние" арасында, адамдар мен табиғат ара-қатынасындағы жалпы заңдылықты біле отырып, адам мәселесін шешуге болады" - деді [1].

Дүниеге көзқарас білімнің айрықша тұрғыдағы "селекциялық" көрінісі. Ондай "селекцияға" - адамның өмір сүру мақсаты, мәні, дүниедегі оның орны, өлімі мен өмірі туралы гносеологиялық эпистемологияны жатқызамыз. Оның онтологиялық эпистемологиясына кіретіндер: болмыс және ешбір болмыс, дүние және о дүние, өмір және өлім, адам және құдай, материя және рух, жан мен тән және т.с. сұраулар жатады. Онтологиялық және гносеологиялық тұрғыдағы дүниетаным сұрауларының шығуы, адамның ерте заманнан бастап осы кезге дейін өмір сүру жағдайларымен тікелей байланысты. Себебі, дүниеге көзқарастық адамның санасында ғана пайда болады да, оның осы дүниеде саналық, түсінікті өмір сүруімен тығыз байланысты. Атақты гуманист А. Швейцердің айтуы бойынша: "Қоғам және жеке адамдар дүниеге көзқарассыз өмір сүрсе, онда олар негізгі өмір сүру бағытынан айрылған, патологиялық аурумен ауырған қоғам болады", - деді [2]. Сондықтан, қандай да бір адам болмасын, әлеуметтік мектептен өткен және бірер деңгейлік білімі бар адамның өмірге, дүниеге, өзінің кім екендігіне дүниетанымдық көзқарасы болады. Дүниетаным қоғамдық мәдениеттің қайнар көзі, оның бастамасы және соңы. Дүниетанымның адам өмір сүру тұрғысына тигізетін мағынасы өте зор. Жеке адамдардың күнделікті өмірлік көзқарастары дүниетанымдық көзқарасқа айналу үшін "адамдандырылған" дүниеден өту керек. Қарапайым көзқарастар адамның эмоциялық, субъективтік тәжірибеден өтіп, берікті сенімге деген тұрақты көзқарасы дүниетанымдық көзқарасына айналады.

Дүниетаным бөлшек-бөлшектен тұратын жинақтаушы көзқарас емес, ол біртұтас жүйелілік көзқарас болғандықтан, оның негізі адам мәселесі. Адам мәселесі рухани дүниеге тығыз байланысты болғандықтан дүниетанымның ішкі құрылымы (структурасы) өте күрделі. Ондай құрылымға (категориялық ұғымдарға) кіретіндер: болмыстық түсінік, материя, табиғат, қоғам, идеялар, ақиқат, рух, әлем рухы, бостандық, мәңгілік өмір, құдай, өмір, қуат және т.с. дүниеге көзқарастық ұғымдар.

Дүниетаным адамзаттың тікелей өмір сүру жолындағы рухани-практикалық түрде өмірді меңгеру десек, онда біз дүниетанымдық рольдері арқылы қарастырамыз. Дүниетаным тек өмірді, әлемді тану мен түсіну емес, ол арқылы дүниені өзгерту дейміз. Адамның санасы дүниені тек бейнелеп қоймайды, оны өзгертеді. Сондықтан, дүниетанымның ішкі өзіндік аспектілері мен компоненттері арқылы дамып және өзгеріп отырады. Осы жерде біз дүниеге көзқарастың негізгі аспектілеріне ғана тоқталып өтейік.

Дүниеге көзқарас адам санасының елеулі "селекциялық" бөлігі бола тұрып, оның өзіндік ішкі категориялық аспектілерінен тұрады. Ондай аспектілер адамды қоршап тұрған дүниемен тығыз байланыс ретінде қарастырады.

Қандай бір адам болсын оның өмірі үш дүниенің бірлігінде өтіп жатады:

1. Бізді жасаған дүние - табиғат.

2. Ғасырлар бойы өзіміз жасап жатқан дүние - қоғам.

3. Адамның ішкі рухани дүниесі - екі дүниенің жемісі (өзіндік сана). Осы "үш дүниенің" әсер-бейнелерін аспектілік бейне ретінде қарастырамыз. Ондай аспектілерді өздерінің бейнелену жағымен философиялық категориялармен көрсетсек онда: онтология, гносеология және логика аспектілері деп айтамыз. Әрбіреулеріне жеке-жеке тоқталып өтейік.

Дүниеге көзқарастың онтологиялық аспектісі, адам санасына берілген, зерттеуге болатын, бізді қоршап тұрған объективті болмыс десек, сол жалпы болмыстың ішінен "бізге берілген" болмысты біздің санамызға бейнелену процесін онтологиялық аспекті дейміз. Бұл жерде онтологиялық терминді метафизикалық мағынада қолдана отырып, бейнелеу теориясы мен тану теориясын біртұтас қарастырамыз, немесе Гегель айтқандай бұл аспектіні "бірінші сана" деп қарастырамыз.

"Бірінші сананың" онтологиялық аспектінің көлемдік және мазмұндық жағынан дүниетанымның үш компоненті арқылы толығынан көрсетуге болады деп ұйғарамыз. Ол компоненттердің әр қайсысы өмір бейнесін айқын формада суреттейді, олардың әр қайсысы өздері "кіші дүниелік" көзқарас. Сондықтан, әрбір аспект өздерінің функциялық жақтары, өзіндік компоненттермен жүріп жатады. Онтологиялық аспект өзінің негізіне ең болмағанда үш компонентті біріктіреді, олар: дүниені қабылдау (мировосприятие), дүниені пайымдау (аңдау) - (мироощущение) және дүниені түйсіну (миросозерцание). Осы дүниетанымдық үш компонент онтологиялық "бірінші сананы" жан-жақты, толығырақ негізі мен мазмұнын көрсетеді.

Дүниені қабылау (мировосприятие) - жалпы дүниетанымның бірінші қадамы немесе қайнар көзі. Дүниені қабылдау - субъект және объект ара қатынасынан пайда болатын образдық, ұғымдық идеялизациялық объект. Оның ерекшелігі айқын аффектілік-эмоционалдық образдың түрлік жағы. Ондай "қабылдау" адекватты немесе иллюзорлы болады. Дүниемен тікелей немесе жанама қатынастағы жағымен тығыз байланысты болғандықтан, "ақиқаттық" жағынан жеңіл тексеруге болатындығын айтамыз. Тағы бір ерекшелігі, бұл компонент адамның шығармашылық актісімен байланысты бола отырып, оны "процесс" есебінде қабылдаймыз. Дүниені қабылдау компоненті - "процесс" ретінде объект және субъект арасында тоқтамай өтіп жатады.

Дүниені қабылдауда бұл процесс жалпылама тұрғыда, қабылдаушы субъектінің білімдік саласы, тәжірибесі, логикалық заңдылықты ескере отырып жасалатын процесті айтамыз. Дүниені қабылдау процесінде бірінші орында "мәндік" және "бағалық" феномендері тұрады. Психологиялық қабылдау тікелей біздің физикалық организміміздің "қабылдау" рецепторларымен байланысты. Қабылдау нәтижесінде сол бар нәрсенің қасиетімен қатынастың белгілерін айқындап, тікелей қорытынды шығарылады. Ол "қабылдау" ерекшеліктеріне байланысты екі сапалық деңгейліктен тұрады. Біріншісі - "қабылдаудың" көлемі, мақсаты. Екіншісі - қабылдаушының субъективті білімі, психологиялық ерекшелігі. "Қабылдаудан" шыққан нәтижеге байланысты: жалпы қорытынды ма, жеке қорытынды ма, жай тәжірибелік пе, жоқ ғылымға негізделген бе, осыларды ескере отырып, дүниетанымдық "қабылдауды" ажырата аламыз. "Бірінші сана" құрастырылуы үшін дүниені қабылдау процесі актыға айналуы керек. Ондай акт дүниені қабылдау процесінен дүниені түйсіну компонентіне өтуімен байланысты дейміз.

Дүниені түйсіну (миросозерцание) компонентін "алғашқы сананың" анықтауышы ретінде қарастырамыз. Бұл компонент арқылы сананың, ақылдың терең еместігін байқаймыз. "Алғашқы сана" алғашқы дәуірде өмір сүрген адамдардың санасына сәйкес немесе кәзіргі сәбилердің санасына сай көзқарасты айтамыз. Бұл компоненттің ерекшелігі: бір нәрсенің қасиетін, қатынасының асты және үсті жағын терең емес көрсету, табиғатты, ғарышты гармониялық, "шеңберлі тұйықталған" тұрғыда қабылдауы. Дүниені түйсіну көзқарасы терең емес ақыл-естің негізі бола тұра, интуициялық, әдеби, эстетикалық көзқарастың қайнар көзі. Дүние түйсіну компоненті дүниені әйгілі, көрнекті етіп санада бейнелейді. Сондықтан, жас сәбилердің дүниетанушылығы сәулелі, көркемді, фантазиялы болып келеді. Бұл компоненттік көзқарасқа логикалық ойлаудан гөрі сандық немесе математикалық тұрғыда ойлау маңызды. Мысалы, "алғашқы санада" әрдайым 2+2=4 болса, ал ақиқаттық жағынан орындары ауысуы мүмкін.

Егерде дүние қабылдау компоненті субъект және объект арасында тоқтамай жүріп жататын процесті бейнелесе, компонент дүние түйсіну тұрақтылықты, өзіндік жүйелілік көзқарасты байыптайды. Сондықтан дүниені түйсінуді акт есебінде қарастырамыз.

"Алғашқы сананы" толықтыратын компонент дүниені пайымдау дейміз.

Дүние пайымдау (мироощущение) компоненті қоршаған дүниенің негізінен гөрі формасын, түрлілік белгісін пайымдайды. Бұл компонент арқылы "дүние" мен адам арасындағы байланысты "жеңіл" немесе көрнекті жолдармен бейнелелейді. Себебі, пайымдау адамның сол қоршаған дүниесімен тығыз байланысты сезімдік, эмоциялық, көркемдік жақтарымен тығыз байланысты. Ондай сезімдік түсінікте адамға әр алуан көрнекті түсініктер туылып, қарапайым образдар шығады. Саналық жағынан қарапайым санамен байланысты болғандықтан, бұл аспектімен "алғашқы сана" құрастырылады.

Бұл компонентті өзіндік тұрақтылығы болғандықтан акт есебінде қарастырамыз.

Осы көрсетілген үш компонент онтологиялық аспектіні меңзейді десек, келесі аспектіні гносеологиялық (таным теориясы) аспектісі дейміз. Бұл аспекті адамның дүниеге деген танымдық қатынасының мәнін, оның басқы және жалпы негіздерін зерттейді. Ондай зерттеу ең болмағанда үш компоненттік аспектіде жүріп жатады дейміз.

Олар: дүниені байыптау, дүниені елестету және дүниені аңғару компоненттері, осы аспектіні толығынан, жан-жақты негізін ашып көрсетіп, олардың біртұтастығы "өзіндік сана" түсінігін береді. Себебі, осы аспектіде адамды қоршаған дүниені танумен қатар, адам өзінің кім екендігін түсінуге тырысады. Таным теориясында ең шын мәніндегі мәселе "адам деген кім?" деген сұрақтан басталады да, сол сұраққа жауап іздеу жолында барлық гносеологиялық мәселелермен аяқталады.

Дүниені байптау (мироосмысление), онтологиялық аспектіге сүйене отырып оның мәндік және мағыналық жақтарын тереңірек қарастыру немесе онтологиядан алынған "ақпаратты" қорыту мен тұжырымдау. Дегенмен, дүниені байыптау адам санасында тоқтамай жүріп жататын процесс болғандықтан бұл компонентті "процесс" феномені ретінде қабылдаймыз. Онтологиялық образдық қабылдаудың мәні мен маңызын білу үшін байыптау арқылы оның қасиеттерін, қатынастарын ажырата білу керек. Сондықтан бұл компонентте логикалық ойлау формаларының рольдері өте жоғары. Дүниені пайымдау әрдайым жалпы біліммен тығыз байланысты. Неғұрлым адамның білімі терең де жоғары болса, соғұрлым пайымдау ақиқаттылығы жоғары деңгейге көтеріледі. Білім мен дүниені пайымдаудың арақатынасы адамның дүниетанымдық деңгейін жоғары көтереді. Бұл компоненттің ерекшелігі онтология аспектісінен алынған ақпаратты талдайды, таңдайды және ондай ақпараттарды тұрақты системалық көзқарасқа айналдырады. Ондай "айналдыру" процесін акт деп қарастырамыз. Ондай актылық процесті дүниені елестету компоненті дейміз.

Дүниені елестету (миропредставление) компоненті эмпирикалық тұрғыдан тануға келе бермейтін, абстрактілі деңгейде рационалды немесе иррационалды образдар тудырады.

Бұл компонент елестету мен естеліктің қайнар көзі. "Өзіндік сана" - естелікпен тығыз байланысты. Адамды "адам" деп оның естелік қабілетін айтамыз. Бұл компонент арқылы объективтік образдар субъективті елестету образы арқылы жүріп жатады. Бұл компоненттің мүмкіндігі әр түрлі абстрактылы образдардың шығуын, жай немесе ғылыми жорамалды туғызуды, ғылыми фантазия шығаруды, ұғымды классификациялауды және т.б. логикалық операциялар жасауды бейнелейді. Дүниені елестету дүниені біртұтастық, жалпылама тұрғыда айқындап көрсету функциясын орындайды. Бұл деңгейде ғылыми теориялық заңдылықтарын көрсету қаблетін айтамыз. Бұл компонентті тұрақты идеалдық образдарды тудыруына байланысты акт феномені ретінде қарастырамыз. Дүниені елестету де жеке адамдардың тікелей білімдік деңгейліктерімен тығыз байланысты. Образдық елестету адекваттылығы тікелей рационалды немесе иррационалды ойлаулармен тығыз байланысты болғандықтан, қабылданған "информацияны" қорытып түсіну актысына көшеді. Ондай мәндік аңғаруды - дүниені аңғару компоненті дейміз.

Дүниені аңғару (миропонимание) - адамның дүниені қабылдау мен дүниені елестетудің кәмілдігіне, ақиқаттылығына сену. Оның негізіне түйсіну жатады.

Дүниені аңғару жеке және "шашылып жатқан" ұғымдық түсінікті бірер қалыпқа келтіріп, себеп-салдарлық байланыстармен жалпы системалық ретке келтіру. Бұл компоненттердің ерекшелігі, басқа адамдардың дүниеге деген көзқарастық мақсаттарын түсіну (аңғару), ондай түсінік арқылы өзінің де бұл дүниедегі орнын, мақсатын аңғару. Сондықтан осы аспектіні "өзіндік сана" деп айтамыз. Өзіндік сана әрдайым логикалық ойлау заңдылықтарымен тығыз байланысты. Қандай да бір заңдылық ойлау тұрақтылығын қажет етеді. Дүниені аңғару компоненті ұғымдық тұрғыда "өзіндік сананың" қорытындысын шығарады. Бұндай тұрақтылықты түсінік акт ретінде қарастырамыз. Дүниені аңғару компоненті де келесі аспектілік компоненттермен тығыз байланысты болады.

Дүниетанымның логикалық аспектісі. Бұл аспектіні дүниеге көзқарастың жалпы логикалық қорытындысы деп те айтамыз. Оның негізгі мақсаты - ойлау жүйесінде ақиқат қорытындыларға жетудің қажетті шарты болатын заңдарды, принциптерді тұжырымдау.

Дүниетанымның логикалық аспектісі негізінен бұдан кемінде үш компоненттік көзқараспен жүріп жатады: дүние қатынастық, дүние бағалау және дүние нұсқаулық.

Дүние қатынастық (мироотношение) компоненті адамның қоршаған дүние қатынастығының заңдылық тұрақтылығын шығару процесі ретінде қарастырамыз. Мұндай қатынастықтың негізін, жалпы қатынастық жағын көрсетеді. Дегенмен, дүние қатынастық компоненті бұл аспектіде алғашқы компонент ретінде болғандықтан, қалған екі компонентке қарағанда, қатынастық тоқталмай жүріп жататын процесс болғандықтан, бұл компонентті "процесс" ретінде қарастырамыз. Мұндай көптеген түрлілік қатынасты топтап бір системалық қатынастар шығарылады. Ондай қатынастар философиялық тұрғыда себеп пен салдар, сан мен саналық, детерменизм және индетерменизм және т.с. қатынастар өздерінің іштік логикалық заңдары байқалып, тұрақты логикалық заңдар шығуына демеу болады.

Дүние қатынастықта адам өзін-өзі тану қабілетіне дейін көтеріледі, қоршаған дүниеден алған білімін тәжірибемен ұштастырады. Қоғамдық практика ақиқаттың негізі бола отырып, логикалық ойлау заңдылықтарын дамытады. Дамыту деп жаңа категориялық ұғымдарды айтамыз. Ондай ұғымдар бағалық пен мақсаттық категорияларымен тығыз байланысты. Ондай ұғымдық категориялардың дүниетаным негіздері өте зор.

Дүние бағалау (мирооценка) - компоненті адам мен адамдардың әлеуметтік қатынаста мінез-құлық реттеуші фактор есебінде бейнеленеді. Реттеуші мен бағалау тұрақтылықты меңзейді, сондықтан дүниені бағалауды акт түсінігімен белгілейміз. Ол арқылы өмірдің жақсы және жаман, әсемдік пен көргенсіздік ұғымдарын терең танимыз. Дүниені бағалау арқылы өмірге деген қатаң бағалық көзқарас құрастырылады, ол арқылы стереотипті мінез-құлық қалыптасады (керек болса фанаттық көзқарас та қалыптасады). Өмірді бағалау: ақиқаттық, адамгершілік, әдептілік, бауырмалдық және т.б. ұғымдық түсініктер кең бағалық жолында көрсетіліп, мызғымас идеалға айналады. Идеал адамға мән және мағына беріп, оның ой-өрісін жаулап алады. Адамның бағалық идеалы неғұрлым биік болса, оның рухани ішкі дүниесінің деңгейі биік болады. Ондай жағдай соңғы компонентке өтуіне жол ашады. Ол компонент дүниенұсқаулық көзқарас.

Дүниенұсқаулық (мироустановка) компонентін дүниеге көзқарастың бастамасы және соңы деп қарастырсақ артық болмайды. Себебі, барлық ілімдік (дін, философия), ғылымдық көзқарастар өздерінің мызғымас ақиқатқа ие болуға ұмтылады. Дүниенұсқау компоненті сондай "ұмтылуды" бейнелеп көрсетеді. Оның ішкі тұрақтылық актісіне мынандай ұғымдық көзқарастар кіреді: адам мәселесі, өмір сүру мәселесі, әр түрлі діни тұрғыдағы мәселе, атеизм мәселесі, рух, жан және т.с. мәселелер. Дүниенұсқаулықтың ең бір ерекшелігі "кәміл" шындыққа сену. "Кәміл шындық" түсінігі көзқарасқа айналғанда әрбір адамның рухани ішкі дүниесімен тығыз байланысты. Ондай тұрғыда адамда бұлжымас көзқарастық сенім мен наным қалыптасады. Ондай жағдай адамды фанаттық көзқарасқа да жеткізеді.

Қарастырылған дүниетаным компоненттері тоғыз түрмен ғана шектеледі деп айта алмаймыз. Біздің алғашқы қарастырып отырған мәселе дүниетанымды феномен ретінде тереңірек, ішкі структурасымен түрлілік ұғымдарын, олардың бір-бірімен тығыз байланыстарын көрсету.

Кез келген адамның дүниетанымдық көзқарасы болады. Олардың көзқарастарын компоненттік тұрғыда қарастырсақ, кез келген көзқарастың деңгейлік жағын, оның жалпы өмірге деген көзқарасын сәл де болса анықтай аламыз. Компоненттік талдау, дүниетанымдық құрастыру жолдарын және жеке адамдардың дүниеге көзқарасын зерттеу жолдарын көрсетуге жәрдем береді.

Келешекте, дүниетанымдық компоненттер ерекшеліктерін және қатынастарын пайдалана отырып, формальды және символикалық логиканың заңдылықтары мен жеке адамдардың ойлау деңгейлік сапаларын "есептеп" шығару деңгейіне де жетуіміз мүмкін.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Копнин П.В. Гносеологические и логические основы науки. -М., 1971.

2. Швейцер А. Культура и этика. -М., 1973.

3. Щербинин В.А..Научное мировоззрение и проблема активизации человеческого фактора. -М., 1989.

4. Буянов В.С. Научное мировоззрение: социально-философский аспект. -М. 1987.

Редакцияға 7.01.2008 қабылданды



Ж.Е. Садықанова


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет