Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы №1 (61)


Заңдылық - сот органдарының қылмыстық -құқықтық нормаларды қолдану бойынша қызметтерінің ең маңызды қағидаларының бірі



бет19/37
Дата17.06.2016
өлшемі1.55 Mb.
#142085
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   37

Заңдылық - сот органдарының қылмыстық -құқықтық нормаларды қолдану бойынша қызметтерінің ең маңызды қағидаларының бірі


Заңдылық проблемасы Қазақстанның бүкіл дамуын, соның ішінде социалистік кезеңді қоса алғандағы даму барысында мемлекетті қалыптастыру теориясы мен практикасындағы ең маңызды, өзекті және күрделі мәселелердің бірі болып келеді. Заңдылық мәселелері құқықтану ғылымдарының барлық ғылыми зерттеулерінің, сондай-ақ құқықтанудың кез келген теориялық және практикалық проблемаларының маңызды бөлігін құрайды. Бұл ереже-жағдай ҚР мемлекеттік органдарының, соның ішінде құқық қорғау органдары мен құқық қолдану органдарының заңдылықты сақтауы, демократияға тән ажырамас қасиет екендігін, құқықтық мемлекеттің міндеттерінің табысты орындалуының қажетті шартын білдіретіндігімен байланыстырылған.

ҚР Конституциясының 1б. "Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" деп жарияласа, ал оның 12 бабы "Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі" делінген. Осылай бекіте отырып, ҚР Конституциясы мемлекетке, оның органдары мен лауазымды тұлғаларына жеке тұлғалардың құқықтарын ұлтына, діни сенім-нанымына, саяси көзқарасына, жынысына, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына байланыссыз құрметтеуге, қорғауға және кепіл болуға міндеттейді.

Демократиялық және құқықтық мемлекеттің осы қағидасын жариялай отырып, Қазақстан өзінің мемлекеттік құрылысының дамуының негізіне биліктің бөлінуінің классикалық доктринасын қалады. Соған сәйкес сот билігі жеке дербес және тәуелсіз болып табылады. Қайрат Мами "Сот билігі - бұл дауларды заңды, әділетті де жедел шеше отырып, азаматтың, қоғамның және мемлекеттің сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған мемлекеттік-құқықтық институт" дей келе оның қызметін қамтамасыз ету, істің негізінен алғанда, бүкіл мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуінің кепілі, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, құқықтық реформалардың табыстылығының кепілі болып табылады деп атап көрсетеді. Мықты да күшті және тәуелсіз сот билігі - бұл адамдардың мемлекетке деген сенімдерінің шарты және кепілі, тұрақтылық кепілі, әділеттілік пен заңдылықты нығайту кепілі, азаматтардың ажырамас құқықтарын қамтамасыз ету және күшейту кепілі, сондықтан да тек осы маңызды алғышарт соттардың қызмет етулерінің басты қағидасы, сот реформасының мәнін, қазіргі уақыттағы соттың рөлі мен міндетін ұғынуға көмектеседі [1]. "Ұтымды сот жүйесін қалыптастырудағы ең негізгі талаптардың біріне сот тәуелсіздігін жатқызуға болады. Сот тәуелсіздігі мәселелерін көтергенде, судьяны ойлап отырғанымыз жоқ, біз бұл жерде азаматтардың қамын ойлап отырмыз" - дейді Қ.Мами. Тек тәуелсіз сот қана әділ де шыншыл бола алады. Заңды да негізді шешім қабылдайтын және осы кезде кез келген сырттан келген қысымнан немесе ықпалдан ерікті судья - идеалда тиімді және әділетті әділсоттылық дәл осындай болуы тиіс. Осы көзқарас тұрғысынан алып қарағанда, елімізде заңдылықты нығайту, демократиялық институттарды орнықтыру соттың құқық қолданушылық, соның ішінде қылмыстық құқық нормаларды қолдану қызметімен тікелей байланысты болып келеді, өйткені қылмыстық - құқықтық нормаларды қолдану қатаң түрде жеке басқа, нақты жеке адамға бағытталған. Ал адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бұл қоғамымыздың алдына қойған мақсаттарының бірі.

Осыған сәйкес "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы" ҚР заңында "әркімнің ҚР Конституциясымен және заңдарымен қарастырылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалардың және басқа да тұлғалардың кез келген құқыққа қайшы шешімдері мен іс-әрекеттерінен соттық қорғалуға кепілдік беріледі" деп бекітілген.

Сот органдары адам мен азаматтардың бұзылған құқықтары мен міндеттерін қалпына келтіру үшін, адам мен азаматтардың, қоғамның мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау үшін әділсоттылықты жүзеге асыру кезінде қылмыстық-құқықтық нормаларды қолдану арқылы Қазақстан Республикасында заңдылықты да қамтамасыз етеді. Сонымен қатар құқық қорғау органдары мен құқықты қолдану органдары сияқты мемлекеттік органдардың негізінен алғандағы өзіндік қызметтері заңдылықтың қатаң түрде сақталуына негізделеді, заңдармен және заң күшіндегі актілермен белгіленіп сызылған шектерде ғана жүзеге асырылуы тиіс, өйткені барлық уақыт кезеңдерінде құқық нормаларының, соның ішінде қылмыстық-құқықтық нормаларының дұрыс қолданылуына аса назар аударылып келеді.

Заңдылықтың бұзылуы оның қайда жерде жасалғандығына қарамастан, оның кез келген түрдегі бұзылуы халықтың, қоғамның мүддесіне, ал егер оның бұзылуына қазақстандық заңдардың сақталуы үшін күресуге міндетті мемлекеттік органдар жол беретін болса, онда оның екі есе қауіп төндіретіні сөзсіз. Бұл, әсіресе қылмыстық-құқықтық нормаларды қолдануға байланысты болып отыр.

Заңдылық-бүкіл заң ғылымдары мен практикасының іргелі, негізін қалаушы категория, ал оның деңгейі мен хал-жағдайы қоғамның, оның азаматтарының құқықтық өмірінің басты белгісі ретінде қызмет етеді.

Заңдылықты нығайтудағы практикалық қызмет заңдылықтың өзекті проблемаларын ғылыми тұрғыдан шешуді талап етеді. Құқықтану ғылымдары облысындағы теориялық концепцияларды практика тұрғысынан бағалау, ең алдымен, қандай-да бір концепцияның, мәселе көтерудің қайсысы заңдылықты нығайтуға, мемлекеттік қызметкерлерді, қоғамдық ұйымдардың қызметкерлерін, азаматтарды тәрбиелеуге ықпал ететіндігін анықтауы қажет. Заңдылықтың сөзсіз, мүлтіксіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін және жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың өздерінің қарамағындағы істері мен мәселелері бойынша заңдарды дұрыс қолданудың маңызы аса зор. Мемлекеттік органдардың заңдарды өздеріне дәлме-дәл сәйкестілікте, ешбір ауытқусыз дұрыс қолдануы заңдылықтың маңызды жақтарының бірі болып табылады.

Сот органдарының қылмыстық-құқықтық нормаларды қолдану бойынша қызметі ҚР заңнамасына сай жүзеге асырылуы тиіс, себебі қылмыстық-құқықтық нормаларды дәл қолданудан, заңдылықты қатаң сақтауларынан олардың бүкіл жұмыстарының табыстылығы, оларға деген қоғамның, халықтың, жеке тұлғалардың сенімі де арта түспек.

Күнделікті өмірден алатын болсақ, соттың шығарған үкімдері заңға сай емес, т.б. болғандықтан өзгертіліп жатады. Сөйтіп, Шығыс Қазақстан облысының Зырян аудандық соты Ш.-ді 2002 жылы 18 қаңтарда жәбірленуші И.-дің өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті емес зорлық қолданып, соңғысының құны 1 000тг. тұратын жасанды құлақшынын ашық түрде алып кеткені үшін кінәлі деп танып, ҚР ҚК 60 бабына сәйкес түпкілікті түрде жалпы режимдегі түзету колониясына жазасын өтеумен 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған және апелляциялық инстанция өзгеріссіз қалған үкімді жазаның істеген іс-әрекетіне сай келмейтіндігі анықтап сот үкімі өзгертілген. Алдын-ала тергеу барысында құлақшын жәбірленушіге қайтарылған. Ал жәбірленуші алдын-ала тергеу кезінде, сондай-ақ істі қараған сот отырысында оны кешіретіндігін, оған айып тақпайтындығын, қатаң жаза сұрамайтындығын айтқан. Іс бойынша зиян жоқ, қандайда болмасын ауыр зардаптар келтірілмеген. Сотталушы өз кінәсін толығымен мойындап, шын ниетімен өкінген.

Заңға енгізілген өзгертулерге байланысты сотталушының ҚР ҚК 175б. 2б. бойынша бұрынғы сотталғандығы орташа ауырлықтағы санатқа жататын болғандықтан, ҚР ҚК 13б. негізінде сотталушының іс-әрекетінде үкімде көрсетілгендей қылмыстардың қауіпті емес қайталануы бар. Сөйтіп, қылмыстардың аса қауіпті қайталануын құрайды деп танып қателік жібере отырып, оған оның бұрынғы соттылығына сілтеме жасай отырып, қылмыстық заңды дұрыс қолданбау істеген іс-әрекетінің ауырлығына сай келмейтін жазаны тағайындауға әкелген [2].

Әділсоттылықты жүзеге асыруда сот ісін әділетті жүргізу және соттардың қылмыстық-құқықтық нормаларды дұрыс қолдану өзінің маңыздылығы жағынан негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Сөйтіп, ол Қазақстандық заңнамада, атап айтқанда, Қылмыстық іс жүргізу Кодексінде қылмыстық процестің алға қойған міндеттерінің бірі ретінде белгіленген. Осы міндеттердің табысты шешілуі, біздің ойымызша, заңды және негізді үкімді қабылдау арқылы қол жеткізіледі.

Заңдылық элементінің міндетті қағидаларының ішінде соттардың заңды (немесе құқық нормаларын) дұрыс қолдануын атауға болады. Заң шығарушының қылмыстық заңды дұрыс қолданбауды жеке дербес апелляциялық негіз ретінде атап көрсетуі кездейсоқтық емес [3]. ҚР ҚІЖК 416б. "қылмыстық заңды дұрыс қолданбау" ұғымының мазмұнын аша отырып, бұл ұғым мынаны білдіреді деп көрсетеді:

1) ҚР Қылмыстық Кодексінің Жалпы бөлімінің талаптарын бұзу;

2) ҚР Қылмыстық Кодексінің Ерекше бөлімінің басқа бабын, бабының басқа бөлімін, бабының бөлімінің басқа тармағын қолдану;

3) ҚР Қылмыстық Кодексінің Ерекше бөлімінің нақты бір бабының санкциясында қарастырылған жазадан қатаң жаза тағайындау.

ҚР ҚІЖК 416б. аталған және баяндалған мазмұны қылмыстық-құқықтық нормаларды дұрыс қолданбаудың барлық жағдайларын қамти алмайтындығы түсінікті де, себебі сот әділсоттылықты жүзеге асыруда тек қылмыстық-құқықтық нормаларды ғана қолданып қоймай, азаматтық-құқықтық нормаларды да және т.б. қолданады. М.С.Строговичтің заңды дұрыс қолданбау үкімінің күшінің жойылуының немесе өзгертілуінің негізі ретінде Қылмыстық Кодекстің ғана емес, сондай-ақ басқа да заңдар мен нормативті-құқықтық актілерді де дұрыс қолданылмауда көрінуі мүмкін деген пікірімен бөлісеміз [4].

Қылмыстық Кодекстің Жалпы бөлімінің талаптарын бұзу түрінде қылмыстық-құқықтық нормаларды дұрыс қолданбау, бұл, ең бастысы, ҚР Конституциясында белгіленген, сондай-ақ ҚР қылмыстық құқығының қағидаларын да, атап айтқанда, заңдылық қағидасын ҚР ҚК (9 және 38б.), қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді (ҚР ҚК 9б), азаматтардың заң және сот алдында теңдігі қағидасын (ҚР ҚК 14б.), кінәлілігі үшін ғана жауаптылық қағидасын (ҚР ҚК 19б.), жеке бас жауапкершілігі қағидасын (ҚР ҚК 14б.), әділеттілік қағидасын (ҚР ҚК 52б.), адамгершілік қағидасын (ҚР ҚК 38б.) бұзу болып табылатындығында көрініс табады. Қылмыстық құқықтың осы негізгі ережелерінің бұзылуы көп жағдайда сот үкімінің күшін жоюға негіз болады. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, жауаптылықты немесе жазаны жеңілдететін не болмаса қылмыс істеген тұлғаның қандайда болмасын түрде жағдайын жақсартатын заңның кері күші болатындығы белгілі. Басқаша айтқанда, кері күшінің болуы институтын қолданудың құқықтық салдарлары өте елеулі.

Кінәлі тұлғаға қолайлы жағдай туғызатын жаңа заң қылмыс жасағаны үшін айыпталған тұлғаларға ғана емес, сондай-ақ жазасын өтеп жүрген сотталушыларға да тарайды, олар жазасын одан әрі өтеуден босатылуы мүмкін. Бұл заң жазасын өтеп болған, бірақ соттылығы бар тұлғаларға да таралады, яғни олардың сотталғандығы жоқ деп саналады.

Егер жаңа заң жазасын өтеп жүрген тұлғаның іс-әрекетінің жазаланушылығын жеңілдететін болса, онда ол жаңа заңның санкциясының шегінде қысқартылуы тиіс. Сәйкесінше, жазасын өтеп жүрген тұлға үшін сотталғандықтан арылу мерзімдері іс-әрекеттің жазаланушылығын жеңілдететін заңның санкциясына сүйене отырып есептелуі тиіс. Әділсоттылық қағидаларына қатысты осы аксиомалық ережелер практикада дұрыс қолданылуын таппай жатады.

Қылмыстық Кодекстің Жалпы бөлімінің талаптарын бұзу әртүрлі түрде көрініс табуы мүмкін. Сот практикасын талдау нәтижесінде ең көп тарағандары ретінде мыналарды атауға болады:

1) қылмыстың қайталануы туралы заңның нұсқауларын көптіліктің көрініс табуы ретінде дұрыс қолданбау;

2) басқа мемлекеттің аумағында жасаған қылмысы үшін соттылығын есепке алуды реттейтін заңды дұрыс қолданбау;

3) қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаны оданда ауырырақ жазаға сіңіру жолымен тағайындау арқылы емес, оның орнына жазаларды қосу арқылы жазаны дұрыс анықтамау, яғни ҚК 58б. 1т. дұрыс қолданбау;

4) кәмелетке толмағандардың жауаптылығын реттейтін заңдарды дұрыс қолданбау;

5) қылмысқа қатысушылық нысанын анықтаумен байланысты қателіктер [5].

Қылмыстардың қайталануы туралы заңның нұсқауларын дұрыс қолданбау қылмыстың қайталануы деп тану кезінде бұрынғы соттылығын негізсіз есепке алу кезінде не болмаса, керісінше, қылмыстардың қайталануының болуы туралы мәселені шешу кезінде өтелмеген сотталғандығын ескермеуде көрініс табуы мүмкін. Қайталану деп танудың құқықтық салдарлары және оның түрлері алуан түрлі. Қылмыстық Кодекстің 54б. 1б. 1б. "а"т. сәйкес қылмыстардың қайталануы қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай болып табылса, Қылмыстық Кодекстің 175-181,257,270,271 және т.б. баптарына қатысты қылмыстардың қайталануы бірқатар қылмыстардың құрамын ауырлататын белгі ретінде танылады. Қылмыстардың қайталануы, сондай-ақ сотталушыға түзеу мекемелерінің түрін тағайындауға да ықпал етеді. Сонымен қатар ҚР Қылмыстық Кодексінің 59б. көрсетілген қылмыстардың қайталануының барлық үш түрі де (қайталану, қауіпті қайталану, аса қауіпті қайталану) қылмыстардың қайталануы кезінде жазаны тағайындаудың одан төмен болмайтындай ең төменгі шекті белгілеу мен жаза тағайындау тәртібін формализациялау үшін негіз болып табылады. Осы айтылғандарды ескере отырып, қылмыстардың қайталануы туралы заңды дұрыс қолданудың ерекше маңызды екендігін мойындауға тиіспіз. Сот практикасында сотталғандардың іс-әрекеттерінде қайталануды негізсіз таныған жағдайлар өте жиі кездесетіні мәлім. Осылай, Павлодар облыстық соты Г. іс-әрекеті қылмыстардың аса қауіпті қайталануын құрайды деп танып қателік жібере отырып, оған оның бұрынғы сотталғандығына сілтеме жасай отырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуді тағайындады. Бірақта бұл сотталғандықтары өтелген болатын, және ол жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеуге тиісті еді [6].

Қылмыстық-құқықтық нормаларды дұрыс қолданбаудың келтірілген және осыған ұқсас фактілерді заңның түсініксіздігінен деп немесе басқа да объективті белгілермен түсіндіруге келмейді, өйткені бұл тек - соттардың дұрыс көңіл қоймағандығының салдары болып табылады.

Сот практикасында қылмыстық-құқықтық нормаларды дұрыс қолданбаудың ең көп кездесетіні және негізгісі - бұл кінәлі тұлғаның іс-әрекетін дұрыс қылмыстық-құқықтық сараламау, яғни оған ҚК Ерекше бөлімінің баптарын дұрыс қолданбау. Сот қылмыс фактісін, сотталушының жасағанын және оның кінәсін анықтай келе, осы қылмыс үшін көзделген ҚК Ерекше бөлімінің бабын (баптың бөлімін, баптың бөлімінің тармақшасын) қолданбайды да, басқа қылмысты көздейтін басқа бабын (баптың бөлімін, баптың бөлімінің тармақшасын) қолданады. Қылмысты осылай дұрыс сараламау, ереже бойынша, жаза тағайындағанда қателіктерге әкеледі.

Дұрыс сараламау нәтижесінде заңға қате түсінік беруге, қылмыстық іс-әрекеттің сипаты туралы қате түсініктерге әкелетін, қылмыстың конструктивті, сондай-ақ ауырлататын белгілерін қате бағалауға әкеледі. Бұл көп жағдайда бөтеннің мүлкін ұрлау, қорқытып алушылық туралы істерге көп келеді. Қылмыстық Кодекстің бірқатар баптарында ауырлататын белгі ретінде бұрынғы сотталғандығы белгіленген. Сотталғандығынан айыру немесе кешіру сотталғандықпен байланысты құқықтық салдарлардың барлығын жояды, ал бұл сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандардың сотталғандығы сияқты, заңдардағы нұсқауларға қарамастан, практикада ауырлататын белгі ретінде айырылған сотталғандықты есепке алған жағдайлар жиі кездеседі.

ҚР Қылмыстық Кодексінің Ерекше Бөлімінің нақты бір бабының санкциясында қарастырылған жазадан анағұрым қатаң жаза тағайындауды заң шығарушы үкімді өзгертудің апелляциялық негіздеріне жатқызады. Осы ережемен қылмыстық құқықтың әділеттілікті білдіретін ерекше нұсқауы жүзеге асырылады. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған тұлғаға тиісті бапта белгіленген шектерде жаза тағайындалады. ҚК 55б. белгіленген нақтылы бір жағдайларда сотқа ҚК сәйкес бабында көзделмеген онша қатаң емес жаза тағайындауға құқық берілген, бірақ тиісті баптың санкциясында көзделген жазадан қатаң жаза тағайындауға тыйым салынған. Бұл тыйым салушылық жеке судьялық бассыздыққа жол бермеу мүмкіндігіне шек келтіреді, ол қылмыстық құқықтың логикасымен бұйырылған: жауаптылық Қылмыстық Кодекспен тыйым салынған кінәлі іс-әрекет үшін ғана басталады және де осы жауаптылықтың шектері қылмыстың сипаты мен дәрежесіне, кінәлінің жеке басына, жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларға сәйкес белгіленеді.

Қылмыстық Кодекстің тиісті бабының санкциясында көзделген жазаға қарағанда одан да қатаң жаза тағайындағаны үшін үкімді қайта қараудың жеке дербес апелляциялық негізі ретінде бөліп көрсету заң шығарушының қылмыстық құқықтағы әділеттілік қағидасының, яғни жасалған іс-әрекетті тиісті қылмыстық-құқықтық саралай отырып, әділ жаза тағайындаудың (ҚР ҚК 52б.) аса маңыздылығы мен жаза мақсаттарының бірі ретіндегі ескертетіндігін растайды.

Сонымен, қылмыстық заңда көрініс тапқан қылмыстық-құқықтық нормаларды соттың қолдануы әруақытта қатаң түрде жеке басқа, нақты жеке адамға бағытталған. Демократиялық қоғамда олардың қолданылуы жай ғана заңды болып қана қомай, сондай-ақ өнегелілік тұрғысынан ақталған және құндылықты негізделген болуы тиіс, яғни олардың түпкілікті мақсаты тіпті қылмыс жолын қуған адам ертеңгі күнде қайтадан қоғамға қажет адам бола алатындай болуы үшін жәрдемдесуі тиіс.

Сот азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің сұраныстарын заңды, әділетті, жедел қанағаттандыруға бағытталған мемлекеттік-құқықтық институт болғандықтан, біздің қоғамымыздың қазіргі уақыттағы даму кезеңінде мықты сот органдарын қалыптастыру - бұл адамдардың мемлекетімізге сенулерінің басты шарты және кепілі, қоғамымызда заңдылық пен әділеттілік, тұрақтылық орнату кепілі, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау мен қамтамасыз ету кепілі болмақ, сондықтан да сот органдары демократияны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету механизміндегі маңызды тетіктердің бірі болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. ҚР Конституциясы, 1995 ж. 30 тамыз (1998 жылы толықтырулар мен өзгертулер енгізілген). -Алматы: Жеті Жарғы, 1995. -49б.

2. ҚР Қылмыстық Кодексі.-Алматы: ЮРИСТ,2006.-152б. (2006ж. 07 шілдесінде өзгертулер мен толықтырулар енгізілген)

3. ҚР Қылмыстық Іс жүргізу Кодексі. -Алматы:ЮРИСТ, 2005. - 208с.

4. Уголовное право РК. Общая часть.//Под ред. Проф. Рогова И.И., доц.Баймурзина Г.И.- Алматы: Жеті Жарғы, 1998. -288с.

5. Строгович М.С. Проверка законности и обоснованности судебных приговоров. -М.: Изд-во АН СССР, 1956. -с. 104-105.

6. Мами К.А. Суд как гарант утверждения законности и справедливости//Правовая реформа в Казахстане. -Алматы,2006.-№1(31).С. 3-5.

7. Айтмухамбетов Т. Неправильное применение уголовного закона// Правовая реформа в Казахстане. -2004. №2 (24). - с.15-18.

8. ҚР Жоғарғы Сотының бюллетені. 2004ж. №5.

9. ҚР Жоғарғы Сотының бюллетені, 2002. №4. с. 24-25.

Редакцияға 20.02.2008 қабылданды

А.Н. Сагадиев



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет