Л. Н. Гумилев: этногенез теориясы


Л.Н. ГУМИЛЕВТІҢ ӨМІРІ МЕН ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТІ



бет2/14
Дата23.02.2016
өлшемі1.1 Mb.
#7276
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Л.Н. ГУМИЛЕВТІҢ ӨМІРІ МЕН ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТІ3
Лев Николаевич Гумилев есімі – тарихты зерделеушілердің бәріне ортақ темірқазық, бәрі де жүгінер ақиқат мінбері. Солай бола тұра, ол – уақыт пен кеңістігіміз бір замандасымыз болғанына қарамастан, Ресей ғана емес, әлем мәдениетіндегі ең бір жұмбақ есім.

Л.Н.Гумилев – этнография, тарих, география, археология, психология, герменевтика сияқты бірнеше білім саласының тоғысынан туған этнология ғылымындағы жаңа бағыттың негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым, есімі тарихшы ғалымдар ортасында ғана танымал емес, білмекке құмар оқырман мен көзі қарақты жұртшылық арасында да беделі биік. Оның ата-анасы Н.С. Гумилев пен А. Ахматовалардың тауқыметті тағдыры туралы да білеміз.

Ызғарлы тағдыр ызбары, олардың жалғыз ұлдарын да жанай өтпеді, әке-шеше «кінәсі» баласын да күйдірді, «күйеледі».

Қайта-қайта қамау, бітпейтін тергеу-тексерулер, он төрт жыл түрме тұтқыны болу, Сталин лагеріндегі сарсаң күй кешу, ғылыми жұмыстағы бөгет-бөгесіндер, тұрмыстық қолайсыздықтар – бәрі-бәрі ғалымды қалжыратып, денсаулығын діңкелетті, бірақ оның жігерін жасыта алмады, биік рухын аласарта алмады. Жаппай қуғындаудың ауыр жылдарында және одан кейінгі тоқырау тоңында да оның еңбегі оқырманға жетпеді. Жарық дүниеге шыға қалған еңбек болса, ғылым «шамшырақтары» мен партияның «ғылыми сараптамасынан» өтіп, цензура безбеніне салынды. Осындай өткелектерден өтіп, өзіне жол ашқан еңбектер бірден библиографиялық сирек санаттағы дүниелерге айналып жатты. Оған себеп: бұрыннан белгілі деректер мен құбылысқа жаңа қырынан келу; кітаптың таралым саны шектеулі болуы; және ғылыми еңбектің тіл көркемдігі.

Лев Николаевич сан алуан нақты деректерді емін-еркін игерген, тыңдаушыларын тәнті еткен, тіптен небір қатал діндарлардың өзін баураған өнерлі тұлға болатын.

Таңқалу мен тамсану, қорқыныш пен мазасыздану сияқты ғылым мен діннің басты екі қозғаушы күші оның бойында, өмір-әлемге көзқарасында берік орын алғанын байқайтындаймыз. Ғалым еңбектерінің мән-мазмұны туралы әңгімелейтін мезгіл жетті. Соңғы он бес жылда оның бәсі кемімейтін ғылыми еңбектері жарыққа шыға бастады, қайта басылып та жатыр. Ондаған жылдар бойы басуға тыйым салынған немесе шектеулі таралыммен шығарылған сол еңбектердің арасында «Ғұндар» (М., 1960), «Хазарияның ашылуы» (М., 1966), «Ежелгі түркілер» (М., 1967), «Қиял патшалығын іздеу» (М., 1970), «Қытайдағы ғұндар» (М., 1974), «Ежелгі Русь және Ұлы Дала», «Этногенез және Жер биосферасы» (М., 1989), «Шырағың сөнбес үшін» (М., 1990), «Русьтен Ресейге дейін» (М., 1992) тәрізді бірегей туындылар бар.

Л.Н. Гумилев тауқыметке толы ғұмыр кешіп, 80 жылдығына 3 ай жетпей өмірден өтті.

Кітаптары мен еңбектері қарсыластарын қанша қорқытқа-нымен, көзі тірісінде-ақ Ұлы ғалым деп аталды.

1993 жылы 1 қазанда танымал ғалымның 81 жылдығына орай Мәскеуде «Л.Н. Гумилев әлемі» атты қор құрылды. Қордың мақсаты – Л.Н. Гумилевтің шығармалар жинағының 15 томдығын шығару әрі оның идеясын насихаттау (баспагер А.И. Куркчи).

Лев Николаевич Гумилев 1912 жылы 1 қазанда Царское Село жерінде, әдебиетшілер әулетінде дүниеге келді, сөйтіп екі ұлы ақынның одағын одан әрі жарасымды ете түсті. Бұл адамдардың өмірі мен шығармашылығы XX ғасыр басындағы жаңа орыс мәдениетіндегі айтулы құбылысқа айналды.

Ғалымның әкесі Николай Гумилев 1912 жылы жаңа поэтикалық, ақындық мектептің басшысы болады. Дүниежүзілік соғыс басталғанда алда не күтіп тұрғанын, болашақ оған «не сыйларын» ақын жаны анық сезінді: соғыс кесірінен туындар тәртіпсіздіктер, қырып-жою мен қуғын-сүргін, діни, моральдық және идеялық құндылықтарды аңсау ақынның жан дүниесін жетімсіретті.

Ақын атына негізсіз айыптаулар айтылып, ол жөнсіз жазғыруларға ұшырады. Ақынға «милитаризмге құштар» деген нақақ кінә тағылды, оны соғыстың жаршысы және көне шығыс мәдениетінің жыршысы деп те санады. Өйткені өткен дәуір мәдениетіне мән беруге, маңызы зор есімдерді қадірлеуге замандастары кереңдік танытып, көкірек көздерін де байлап тастаған еді.

Болашақ ғалым ол мәселелерді сергек санамен саралай білді, сол мәдениеттер ақиқатын айқындауға өз өмір жолын арнады, содан соң оларды жіктеп, топтастыру мен этногенезді түсіндіріп пайымдауға саналы ғұмырын сарп етті.

Ғалымның анасы Анна Ахматова Одесса қалашығында дүниеге келіпті. Кейін Царское Селоға қоныс аударады, сол жерде ол өзінің болашақ жарымен кездеседі. Тырнақалды өлеңдері осында жазылып, шығармашылық тұрғыдағы бет-бейнесі де осы жерде айқындалады.

Лев Николаевичтің, отбасы алғашқы жылдары Царское Селода ұзақ тұрақтайды, осы мекен – жазда Петербургтің көркем ойлы, ұшқыр қиялды поэзия сүйгіш зиялыларының сыр бөлісіп, жыр тудырар шуақты, жылы ұясына айналады.

Оның балалық шағы терең тебіреніске толы, бірақ қандай да бір саяси реңкке бой ұра қоймаған әсер құшағында өтті: соғыс, Ресейдегі сілкіністер, әкесінің әскерге аттануы сияқты жағдайлардың бәрі оны тебірентпей, толқытпай калдыра алмады. Ол анасының айналасындағы адамдардың бәрін: Андрей Белый, Леонид Андреев, Павел Флоренский, Александр Чижевскийлерді жақсы білді.

Бұл – Л.Н. Гумилевті нәрлендірген, рухани азық берген мәдени орта болатын. Ол 1919 жылдан жаңа өмірге бірте-бірте бейімделе бастайды. Әкесі атылған күннен бастап, яғни 1921 жылдың тамызынан бастап, оның өмірдегі орны да тарыла түседі.

1917-1929 жылдары Лев Николаевич Бежецк түбінде, әжесінің меншігіндегі Слепиев деген жерде тұрады. Балалық шағында М. Рид, А. Дюма, Л.А. Буснердің тарихи және қызықты оқиғаларға толы романдары мен өзге де салмақты тарихи шығармаларды оқуға көп уақыт бөледі.

Л. Гумилев Бежецк орта мектебінде оқып, 1930 жылы Ленинградта совет мектебін тәмамдайды. Университетке түскісі келеді, бірақ ата-анасының дворян тегінен шыққанына байланысты жаңа қоғамдық құрылыс адамының әлеуметтік мәртебесіне «лайықты» болмағандықтан оқуға қабылдау кезінде қарсылыққа тап болады.

Алғашқы бесжылдықтардың қызған кезінде, аштық азабын арқалаған ауыр уақытта Саян тауына жұмысшы болып аттанады, осы жерде Ресейдің шет аймақтарындағы түркі этносының соңғы тұяқтарымен бетпе-бет кездеседі.

1931 жылы Л. Гумилев Памирде ғылыми бөлімнің ғылыми көмекшісі ретінде қызмет атқарады. Памир Лев Николаевичті өзіне баурап алады. Тәжік пен қырғыздың ауызекі сөйлеу тілін меңгереді, дәруіштермен, босқындармен танысады.

1934 жылы Л.Н. Гумилев 22 жасында Ленинград университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Е. Тарле, В. Струве және басқа да әлемге танымал ғалымдардан дәріс алады. Қоғамның толыққанды мүшесі ретінде жоғары оқу орнында оқуға қол жеткізген, ол Петербург зиялыларының ортасында жүреді.

30-жылдардың басында біреулердің жаласымен отбасында айтылатын әңгімелер сипатынан хабардар етпегені үшін тұтқындалады. Әйтсе де, Анна Ахматованың үкіметке өтініш білдіріп, сұрауымен оның ұлы және Ленинград университетінің бірқатар студенттері «қылмыс құрамының болмауына байланысты» түрмеден босатылады, бірақ олар университеттен бәрібір негізсіз шығып қалады. 1937 жылы Л. Гумилевті университетке қайта қабылдайды: ол бірнеше рет ғылыми баяндамалар жасайды, Б. Греков және С. Малов сияқты профессорлармен, Ежелгі Ресей тарихы мен Сібір, Моңғол түріктерінің көне тарихын зерттеуші мамандармен шығармашылық байланыста болады. 1938 жылдың қаңтарында Лев Николаевич тағы да негізсіз жазаның кесірінен тұтқындалып, «ерекше кеңес шешімімен» 5 жылға сотталады. Жазасын өтеу орны болып, әуелі Беломорканал жері белгіленеді. Бірақ «жұмсақ жазаны қатайту керек» деп шешкен заң орындары оның құжаттарын қайта тексеруге жібереді, сөйтіп ату жазасына үкім шығарады, ол жазаны кейіннен Норильскідегі түрме тұтқыны етумен алмастырады.

1943 жылы қамау мерзімі аяқталады. Л. Гумилев майданға сұранып, 1944 жылы 1-ші Белорусь майданындағы Ерекше екпінді әскердің айып батальонына ерікті солдат ретінде жіберіледі. Ол қатардағы жауынгер сапында Берлинді алу шабуылына қатысып, Рейх астанасының күйрегенін өз көзімен көреді.

1945 жылы Л. Гумилев университетке қайта қабылданады. 1946 жылдың қаңтарында барлық оқу курсы бойынша 10 мемлекеттік емтихан тапсырады. Университет түлегі, төрт тілді: француз, неміс, көне түркі, латын тілдерінің білгірі, ғұндар өркениеті тарихының және ежелгі моңғол тарихының маманы – Лев Гумилевтің әрі қарай білімін жалғастыруға, ғылыми ізденістерге ынта-ықыласы күшті, талабы зор болатын.

1946 жылы көктемде ол кандидаттық емтихандарын тапсырып, Шығыстану институты Ленинград бөлімшесінің аспирантурасына оқуға қабылданып, сол жылдың күзінде диссертация тақырыбын анықтайды.

Лев Гумилев алғашқы түркі қағанатының саяси тарихы жөнінде баға жетпес, құнды мәліметтер жинады. Ғылыми диссертацияны қорғап шығу соншама бір қиын міндет болып көрінбеді, алайда 1946 жылы тағы да тағдыр тәлкегіне түсті.

Ждановтың қаһарлы да қатерлі баяндамасынан кейін және «Звезда», «Ленинград» журналдары туралы қаулыдан соң, нақты айтқанда, Ахматова шығармашылығы ресми «жабылғаннан кейін» Л.Н. Гумилевті аспирантурадан шығарады. Филологиялық дайындығы таңдаған мамандығына «үйлеспейді» деген уәж айтылады. Лев Гумилев Ленинград ауруханаларының біріне әупірімдеп кітапханашылық жұмысқа қабылданады. Сол жұмыс орны берген оң мінездеменің арқасында диссертация қорғауға жіберіледі.

Ақыры, ол алыстап кеткен арманына қол жеткізеді. Жоғары оқу орнын бітіре салып, кейбіреулер үш жылдан кейін диссертация қорғауға төте тартып, қиналмай-ақ жеңіл жолмен жетсе, Лев Гумилевке талай өткелектен өтіп, сындарға төтеп беруге тура келді. Жеңіс оңай келмеді! Ерен ерік-жігер мен майданда шыңдалу арқасында ғалымның ғылымға деген құлшынысы әлсіремеді. Ғылымдағы алғашқы қадамын жасағанда, ол 36 жаста еді!

Ғалым өмірінің жаңа кезеңі 1948 жылдың көктемінде басталады.

Л. Гумилев тарихшы-маман ретінде С. Руденконың басшылығымен Алтайдағы археологиялық-этнографиялық экспеди-цияға қатысады. Еуразия қорғандарының ішіндегі ең әйгілісі, Эрмитажға «алтын» сыйлаған – Пазырық алтын қорғанында жүргізілген қазба жұмыстарына белсене араласады. Бұл қорғанның ашылуына Л. Гумилевтің қатысуының өзі оған әлемдік атақ әперді.

1948 жылы Л. Гумилев тарих ғылымдары бойынша кандидаттық диссертация қорғайды, алайда 1948 жылы 6 қарашада, Алтайдағы ғылыми экспедиция жұмыстарын қорытындылау кезінде, ғылым кандидаты дипломын алу қарсаңында ол тағы да тұтқындалады.

Бұл жолы өзі айтқандай, «анасы үшін» қамауға алынады (алғашында, 1935 жылы, өзі үшін; 1938 жылы «әкесі үшін» қамалып еді). Ленинградтың ерекше кеңесуінен кейін «контрреволюциялық әрекеті» үшін ол 10 жылға сотталады. Лагерь Қарағандыдан онша қашық емес, Шерубай-Нұра жайлауында, көптеген совет ғалымдары жазасын өтеп жатқан орында болатын. Одан соң Л. Гумилев Междурсченск деген жерге ауыстырылып, жазасын өтеу мерзімін Омбы абақтасында аяқтайды. 1956 жылы ұзақ сұрау салып, өтініш етуден соң бостандыққа жіберіліп, «қылмыс құрамы болмауына байланысты» ақталып шығады.

Үйсіз-күйсіз, денсаулығы кеміген, жалпы алғанда, ғұмырының 14 жылын түрмелерге тастаған 44 жастағы Л. Гумилев туған Ленинградына сол жылы қайта оралады... Докторлық диссертациясын 1961 жылы тамаша табыспен қорғап шығады. Соның негізінде 1967 жылы «Ежелгі түркілер» атты кітабы жарық көреді. Бұл кітаптың тың тақырыбы, авторының ұшан-теңіз білімі, тіл көркемдігі, баяндау стилі оқырмандар арасында үлкен серпін туғызды. Осы жылдардан бастап ғалымның қоңыр тірлігі мен бейбіт өмірдің қым-қуат күйкі-күйбеңі араласып, ғалым өмір ағынына ілесе берді.

ЛМУ-дің ректоры А. Александров Л.Н.Гумилевті Ленинград университеті жанындағы география ғылыми зерттеу институтына жұмысқа шақырды. Ғалым осы жерде 1986 жылға дейін, зейнеткерлікке «сұлу-сыпайы» шығарып салғанға дейін кіші ғылыми қызметкер болып істеді. Профессор дәрежесіне ұсынылуға оның «еңбегі сіңбеді».

Университеттің география факультетінде 20 жылдай «Халықтану» атты арнайы курс оқығанымен, ғалымның ресми түрде бекітілген оқу жүктемесі болмады.

Революцияға дейінгі атақ-дәрежеге жіктеу көрсеткіші бойынша, Л. Гумилев өзін «штаттан тыс профессор» деп атады. Кейде оның тыңдаушылары тұтастай университет аудиториясы болса, кейде жүздеген ерікті тыңдармандар тілек білдіріп жатты. Лев Николаевич өзін «бүкіл Ресей уезі» тыңдайтынын мақтан етті. Ғалым осы арнайы курстың ғана негізін салып қойған жоқ, сондай-ақ, орыс этнология мектебінің жаңа бағытын қалыптастырушы ретінде де қадірленді.

1956 жылдан 1986 жылға дейінгі 30 жыл мамыражай бейбіт тірлікте Лев Гумилев еліміздің ғылым көкжиегін бірнеше жарқын жаңалықтармен жарқырата, байыта түсті. Ол Хазарияны ашты және ол туралы өзінің «Хазарияның ашылуы» (1966) атты танымы терең кітабында жете талдап, толық сипаттап берді. Еңбек іле-шала тарихи-географиялық әдебиеттің классикалық үлгісіне айналып та үлгерді.

Ғалым Ленинградтың ғылыми тыныс-тіршілігіне белсенділікпен араласты. Құнды ғылыми мақалалардың авторы ретінде де, өткір полемист-ой таластырушы ретінде де қалам тербеді. Л. Гумилев «этнос» ұғымына жаңа тыныс, жаңа леп берді, сол уақыттан бастап гуманитарлық ғылымның маңызды бір бөлігі оның терминологиясымен «сөйлей бастады». Л.Гумилев мақалалар жазады, оларды редакциялаумен айналысады, ғылыми жинақтар шығарады, бір сөзбен айтканда, шығармашылық жұмысқа терең ден қояды.

Сонымен бірге, Лев Николаевич шығармашылық шеберлігін де шыңдап отырған, қытай мен парсы поэзиясы туындыларын тамаша тәржімалайды. Оның аудармалары екі кітапқа жүк болады, сондай-ақ он бестен аса поэзия жинағын құрастыруға да ғалым өзі тікелей ат салысады.

Л.Н. Гумилевтің XX ғасырдың 60-жылдары жазғандары отандық ғылымдағы мүлде жаңа құбылыс болып табылады. Дегенмен оның танымалдығының алғашқы кезеңінде-ақ ғалымдар мен жазушылар тарапынан бақталастық байқала бастайды. Шығыстанушылар мен этнографтар бас қоса, бірлесе соққы береді. Тағылған айыптаулар идеялық көзқарастардың замана рухына «үйлеспеуіне» байланысты болады. Ғалымның «Маркс іліміне қарсы шығуы», «білімсіз анархист», «нәсілшіл» болуы – кінәсі ғана емес күнәсі де екен.... академиялық қызметтен де алысқа ысырып тасталады.

Оны тек өзі сияқты қуғындалған П. Савицкий мен Г. Вернадский тәрізді ғалымдар бағалады, олар шетелден хат-хабар жіберіп, ғалымның тың ойларын құрметтеп, қолдап отырды.

Л. Гумилев тағдырдың кез келген тосын сәтіне әрқашан дайын болуы арқасында өзін сақтай алды.

Географиялық мекеме есебінде тұрса да, сол пәннің маманы болмағандықтан, кез келген уақытта-ақ тарих ғылымының докторы көшеде қалуы әбден мүмкін еді. Экономистер мен географтар өз ғылыми ортасынан аластаса, тарихшылар мен шығыстанушылар ғалым еңбегін көпе-көрінеу көзге ілмеді.

Л.Н. Гумилевтің екінші диссертациясы «Этногенез және Жер биосферасы» деп аталады (15 жылдан кейін шыққан кітабы да сол аттас). Кейінірек Л. Гумилев еңбегі ғылымның маңызды, жемісті жетістігі деп танылады, ол – «докторлық еңбектен жоғары тұрғандықтан да докторлық емес».

Бұл – ақылға сыймас жөнсіздіктің (казуистика) жеткен жері, биік шыңы болатын. Сол заманға лайық көрінісі еді.

Л.Н. Гумилев қайтыс боларынан сәл бұрын ғана Жоғары аттестациялық комиссия оның диссертациясын ресми бекітті.

Ұзамай-ақ Л. Гумилев әдейі келісілген «үнсіздік» құшағына, өзін танып-мойындағысы келмейтін қауымның ортасына түседі.

«Ескілікті қызғыштай қорғаушылар» тарапынан – жазушы, публицист, журналистер тарапынан соққы беріледі. 1980 жылы Л. Гумилев өзі «Қара полковниктер» деп атаған топ кезекті соққысын береді. Олар ғалымды «орыс халқын нәсілдік тұрғыда толыққанды етіп дәріптемейді, керісінше, азиаттар беделін арттыра көрсетеді», – деп кінәлайды және толып жатқан басқа да «кінәлары» үшін сөгеді, айыптайды.

1980-1988 жылдар аралығы да ғалым өмірінің ауыр кезеңінің бірі еді. 1976-1989 жылдарда – 13 жыл мүлгіген үнсіздік! Кейде баспасөз беттері мен кездейсоқ басылымдарда ғылыми мақалалары көрініп қалып жүрді, бірақ осы жылдарда бірде-бір жан оны қорғамады, ол үшін бір жан дауыс бермеді. Он үш жыл өз Отанынан орын таппады! Бұл қара ниет әрекетте кеңес ғылымның көптеген «қайраткерлері» белсенділік танытты.

Жиырма бес жылдай уақыт ішінде Л.Н. Гумилевтің жалғыз сенімді досы және қадірлі пікірлесі болып жұбайы Наталья Викторовна қасынан табылды. Ол ескі мәскеулік дворяндар отбасынан шыққан (өз фамилиясы Симоновская). Н.В. Гумилева мамандығы бойынша кескіндеме-суретші еді, Лев Николаевич кітаптарын алғаш көркемдеуші-суретші және ғалымның макалаларына сәйкес салынған көптеген суреттердің авторы.

1990 жылы Л.Н. Гумилев ауру азабын тартып, шығармашылықпен өнімді айналыса алмады. Ол көптеген елдерден шақыру алды: Франция мен Қазақстан, Жапон елі мен Венгрия, Моңғол жері мен Испания, Азия мен Италияда болуды армандап өтті. Жетпіс жыл бойы қызығушылығын туғызған Моңғол жерін көзбен көруге тағдыр жазбады. Қытай елі – жабық, Балқан мен Германия да – сондай күйде...

1992 жылы маусымда Л.Н. Гумилев өмірден озды. Жерлеу рәсімі салтанатты өтеді. Александр Невскийдегі Никольск зиратына жерленеді.

Л.Н. Гумилев алға қойған істерін орындап үлгерді деуге болады, ғалымдық міндетін мінсіз атқарды: өз еңбегінің нәтижесін көру, ғалымдық мәртебесімен мерейлену, ғалым шығармаларына қызығушылық танытқан жас толқын, жаңа буын өкілдерімен бетпе-бет кездесу, сырласу бақытына ие болды. Кітаптары түгел дерлік баспа бетін көрді. Ғалымның көзі тірісінде жарық көрген соңғы еңбегі – «Ежелгі Русь және Ұлы Дала» (1989).

Ғалым «Русьтен – Россияға дейін» атты монографиясының баспаға әзірленген нұсқасын көріп үлгереді. Бұл еңбек Мәскеу мен Санкт-Петербургте бір мезгілде жарыққа шығады.

Л.Н. Гумилев – бірқатар арнайы пәндер бойынша да XX ғасырдың биік беделді, ірі ғалымы.

Ұлы Дала тарихы мен барлық көшпелілер әлемінің тарихын зерделеген білгір, орыс тарихшысы Лев Николаевич ғұндар тарихы мен өмірін зерттеуші, тюрколог, моңғолтанушы, сондай-ақ, Л. Гумилев керемет психолог-тарихшы да еді. Оны адамдардың жеке және қоғамдық өмірінде көрініс беріп жататын тарихтың жұмбақтары» мен «иін-иірімдері», бұралаң-бұлтарыстары қатты қызықтырды.

Ол Александр Македонский мен Мұхамед, Кальвин мен Александр Невский, Шыңғыс хан мен Тоқтамыс және шіркеу тарихына көптеген кейіпкерлер туралы жазды.

Л. Гумилевтің редакторлық шеберлігі де айтарлықтай еді. Оның ескертпесімен және редакторлығымен 1962 жылы М. Артамоновтың «Хазар тарихы» атты еңбегі жарық көрді, бұл – Хазария туралы әлемдегі ең әйгілі кітап. Л. Гумилев түрлі тілдерден шебер тәржіма жасайтын кәсіби аудармашы да еді. Өз мақалалары мен кітаптарын жазу барысында орыс тілінің көркемдігі мен сұлулығын шебер пайдалана білген сырбаз стилист те болатын. Осы себептерден де түрлі саладағы мамандардың зерттеу нысанына айналуда.

Л.Н. Гумилевтің ірі жетістігінің бірі – пассионарлық теория негізін салуымен тікелей байланысты.

Сонау XIV ғасырдың өзінде-ақ мароккалық Ибн Халдун Африка мен Азия көшпелі халықтарының саяси дамуындағы дәуірлік, кезеңдік жіктелісті байқаған болатын, алайда бұл мәселеге тереңдеп ден қоймады. Бәрі де – тәңірдің ісі, құдайдың құдыретінде деп шешумен шектелген еді.

Барлық халықтардың табиғи эволюциясы туралы ой - ғылымда XX ғасырдың басында кең өріс ала бастайды.

Л.Н. Гумилев бұл мәселені әрі қарай тереңдетіп, ішкерілей енеді. Ағылшынның көрнекті тарихшысы А.Дж.Тойнби ойлары жаңа этностардың «пайда болуы, тууы» себебі мен олардың «жастығы мен кемелдену» тарихының сырын түсінуге ден қояды.

Л.Н. Гумилевтің жалпытарихи тұжырымдамасының орталық діңгегі этногенез және пассионарлық ұғымына келіп тірелері белгілі. Бұл ұғым этностардың пайда болуы және белсенділік қуаты әртүрлі кезеңді бастан өткеруі, сондай-ақ, белгілі бір уақыттан соң өзара бірлестіктерінің ыдырауы деген мәнді білдіреді.

«Этнос – органикалық бірліктегі әрі табиғи, әрі әлеуметтік бастаулар негізі», – деген көзқарасы мен этногенез сыр-сипаты туралы ұғым-түсінігі ғалым В.И. Вернадский ілімімен суарылғаны белгілі.

Тірі дүниенің биохимиялық энергиясы туралы және биосфераның жалпы заңдылықтарын адамзат қоғамы дамуына сәйкестіре қарау туралы В.И. Вернадский ілімі тарихшы ғалымға үлкен ой салды. Этногенез ілімін табиғи әлеуметтік тұрғыдан пайымдау мен қоғам тарихын жалпы таразылау мәселесі бұл күнде кең қолдау тауып отыр. Әйтсе де этногенез тұжырымдамасының тұғырын бекіту оңайға түспеді.

Оны ғылымдағы ресми көзқарастармен күресе отырып қана дәлелдеп шығу мүмкін еді. Түйіндей айтқанда, Л.Н. Гумилев тұжырымдамасын былай қабылдауға болады:

Ғарыш Жерге ауық-ауық энергия тасқынын жіберіп отырады («пассио-нарлық заряд» латынша «пассиа» – құштарлық).

Пассионарлықтың осылайша ағылуы ұлттар (этностар) мен өркениетті (супер этностарды) туғызады.

Мінез-құлық сипатына қарай Л.Н. Гумилев адамдарды үш топқа бөледі:

1. Үйлесімділіктегі адамдар, олар – көп. Бұл топтағы адамдар қуатпен жеткілікті қамтамасыз етілген, яғни өздерінің қарапайым қажеттіліктерін өтеуге жететіндей қуат олардың бойында толық бар. Олар өмір сүру үшін қызмет етеді. Басқа талап-тілектері жоқ.

2. Пассионар адамдар – олардың бойындағы қуат күші мөлшерден артық. Пассионар адамдар (құштар жандар) өздерінің мақсат-мұратын жүзеге асыру үшін өмір сүреді. Мақсат-мұратын өмірінен де жоғары қояды, мақсатының мәні өмірінен қымбат болып есептеледі.

Пассионар адам, яғни құштарлық сезімдегі адам батыр да, зұлым да, жасампаз да, күйретуші де бола алады, бірақ бей-жай, селсоқ адам бола алмайды.

3. Субпассионар адамдар – құштарлығы бәсең адамдар, олардың қуаты кәдімгі қарапайым тірліктегі қажеттілігін де өтей алмайтын деңгейде болады. Бұл топтағы адамдар ешбір әрекет жасағысы келмейді және басқа адамдар есебінен күн көруге бейімделеді.

Тарих осы топтардағы адамдардың белгілі бір дәрежеде үйлесе ынтымақтасуымен анықталады.

Өркениет дамуы бірқатар кезеңдерден өтетіні белгілі ғалым Л.Н. Гумилев ол кезеңнің әрқайсысына өз мазмұн-мәніне лайық атау береді.



1. Өрлеу («Сен кім болуға тиісті едің, сол бол!»).

Әр адам қоғамда нақты бір орын иеленеді және жалпыға ортақ іс жеке бастың мүддесінен жоғары тұратындай жағдайда әрекет етеді.



2. Акматикалық кезең («Өзіңмен өзің бол»). Бұл кезеңде адамдар жалпыға ортақ іс үшін қызмет етуді доғарады және әркім өзі үшін күресе бастайды. Ішкі бәсекелестік күшейе түседі.

3. Күйреу («Тек бұрынғыдай болмасын!»). Құштар сезімдегі адамдар азая түседі. Олар қайтыс болады немесе үстемдік еткен биігінен ығыстырыла бастайды. Қоғамда әлеуметтік сілкіністерден қажып-шаршау күшейе түседі.

4. Инерциялық фаза, яғни селқостық кезең («Мен қандаймын, сондай бол»). Этностар бұрынғы жинақталган құндылықтар ықпалымен өмір сүре береді. Адамдар заңға бағынады, еңбексүйгіш. Бұл – этностардың «алтын күзі». Қоғамда барлығына ортақ идеал пайда болады: Англия – джентельмен, Византия – әулие, Орталық Азия – батыр ұғымдарымен бірлікте қаралады. Жалпыға ортақ қағидадан ауытқушылық қатаң айыпталады.

5. Обскурация фазасы – көлеңкелі кезең («Біз қандаймыз, сондай бол»). Қоғамдағы негізгі орынды субпассионар адамдар, құштарлығы бәсең адамдар, иеленеді. Ез, өзімшіл, тоғышар пиғылдағы адамдар көбейе түседі.

6. Мемориаль фазасы – естелік кезеңі («Тамаша кезеңді еске алайық»). Өткеннен тек естелік қана қалады. Адамдардың көпшілігіне тойым мен тыныштықтан басқа ештеңе қажет емес. Олар өмір үшін күресе де алмайды, күрескісі де келмейді.

Жаңа кезең кезекті пассионарлық – құштарлық дүмпуі әсерінен тууы мүмкін. Бұрынғы этнос қайта өзгермейді, жаңармайды, жаңасы пайда болады. Орта есеппен этнос 1500 жыл «өмір сүреді».

Кез келген жаңа идеялар сияқты Л.Н. Гумилев көзқарастары да дау туғызбас деп айта алмаймыз. Оның тұжырымы толыққанды ғылыми сынға ұшырай қойған жоқ.

Л.Н. Гумилевтің ерен еңбегі – көпшіліктің тарихын біліп, олардың іс-әрекетінің әлеуметтік-психологиялық астарын ұғынуға біздің қызығушылығымызды оятуында. Бүгінгі таңда ең бір көкейкесті, сонымен бірге ғылыми тұрғыда да, қоғамдық дәрежеде де қызығушылық тудырумен шектеліп қалмай, өмірде жүзеге асып жатқан идея – еуразияшылдық теориясы.

Еуразияшылдық тұжырымдамасы Л.Н. Гумилевтің шығармашылық өмірін тұтас көктей өтеді. Бұл тұжырымдама тағдыры күрделі әрі қайшылықты. XX ғасырдың 20-жылдары эмиграцияда туған бұл ой – келесі онжылдықта су аяғы құрдымға кеткендей болды. Кейінгі уақытта еуразияшылдардың мақалалары мен кітаптары оқырмандарға жетпей жатты, сондықтан да бірегей ағым салмақты да байсалды ғылыми зерттеуге айнала алмады.

Еуразияшылдық теориясын алғаш рет негіздегендер – филолог әрі тарихшы князь Н.С. Трубецкой (1890-1938), географ әрі геосаясаткер П.Н. Савицкий (1895-1968) және әйгілі жаратылыстанушы ғалымның ұлы – тарихшы Г.В. Вернадский (1877-1973).

Ғалым Н.С. Трубецкой «еуразияшылдық» ұғымына анағұрлым қысқа анықтама беруге ниеттенеді, теориясының тұжырымды анықтамасын былай көрсетеді: «Бұрын Ресей империясы, ал қазір СССР атанған мемлекеттің ұлттық субстраты деп осы мемлекетті мекендейтін және көпхалықтық ерекше сипатымен ерекше ұлттық белгі иеленген халықтардың бірлігін, тұтастығын айтамыз. Осы ұлтты – еуразиялық, оның мекенін – Еуразия, ал ұлтшылдығын – «еуразияшылдық» дейміз.

Еуразияшылдықтың мақсаты: «Ресейде болған оқиғаларды ой елегінен өткізуге қабілетті, сонымен қатар, іс-әрекеттің мақсатын, әдіс-тәсілін түсіндіріп бере алатын жаңа идеология құрумен тікелей байланысты», – деп жазды П.Н. Савицкий.

Жас философтар мен публицистер Н.С. Трубецкой, П.Н. Савицкий, Г.В. Флоренский және П.П. Сувчинскийлердің 1921 жылы тамыз айында Софияда «Исход к Востоку. Предчувствия и свершения. Утверждение евразийцев» атты жинағының жарыққа шығуы еуразиялық қозғалыстың басталуына негіз қалады.

Өз ілімдері атауының шығу себебін түсіндіре отырып, оның мазмұны «Еуразия» және «Азия» деген географиялық терминдердің жалаң бірігуімен жанаспайтындығын атап көрсетті. Яғни оның мәні алғаш рет А. Гумбольдт қолданған мәнде емес, «өркендеу өрісі», тіршілік мекені, өзгеше өркениет, мағынасында түсініледі, немесе орыс халқы мен «Ресей әлеміндегі» еуропалық та емес, азиялық та емес, еуразиялықтың нақ өзі болып табылатын халықтардың табиғи және әлеуметтік байланыстарының өзара ықпалдасу аймағы деп ұғынылады.

Географиялық тұрғыдан алғанда, жер бетінің бұл бөлігі «құрлық – мұхит» (П.Н. Савицкий) шамамен алғанда, Ресей империясы өмір сүруінің кезеңіндегі шекарасымен сәйкес келеді. Еуразияшылардың тұжырымдауы бойынша, дәл осы арада еуропалық және азиялық мәдениеттен саналы түрде айырмашылығы бар бірегей өркениет пайда болған. Нақтылай айтқанда, осынау ұланғайыр өлкені бесік еткен, болмысы бөлек халықтардың ерекше мәдениеті, өзінің тылсым тарихымен, өрелі өнерімен ерекшеленетін мәдениеті бар өркениет қалыптасқан.

«Еуразия» ұғымын алғаш рет ғылыми айналымға 1883 жылы Австрия геологы Э.Зюсс енгізген болатын, яғни дүниенің екі бөлігі – Еуропа мен Азиядан тұратын жер жаһандағы ең үлкен құрлықты атау үшін алынған «Еуразия» – географиялық, тарихи, саяси салмағы бар ұғым.

XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары ресейлік еуразияшыл ғалымдар П.Н. Савицкий, Н. Трубецкой және басқалары бұл терминді географиялық термин мәнінде тар құрсауға салып тастаған жоқ. Олардың пікірінше, Ресей – Еуропа да, Азия да емес, өзінің табиғи ерекшелігі тұрғысынан Еуропа мен Азиядан елеулі айырмашылығы бар, айрықша «орташа құрлық». П.Н. Савицкий Ресейді (Еуразияны) құрлықтың «тұлға-кескіндемесі» деп есептейді және оның батыс шекарасын Қара теңіз – Балтық теңіздері аумағымен межелейді. Этнограф-лингвист Н.С. Трубецкойдың пікірі бойынша, Еуразия – географиялық, экономикалық және тарихи тұтастық. Еуразия халықтарының тағдыры бір-бірімен біте қайнасып, қиюласып кеткен. Геосаясаткерлер арасындағы жарқын тұлға, ағылшын ғалымы әрі саясатшысы Хэлфорд Маккиндер де Еуразияны осы сипатта қабылдайды.

Еуразияшылдық – ғылымның әр саласындағы талантты жас зерттеушілерді бір арнаға түйістірді. Олардың ішінде философтар, дінтанушылар, мәдениеттанушылар, экономистер, өнертанушылар, тарихшылар, географтар, жазушылар, публицистер және рухани өмірдің басқа да саласының өкілдері бар. Олардың арасында әйгілі географ П.Н. Савицкий, философ Л.П. Карсавин, филолог әрі мәдениеттанушы Н.С. Трубецкой, тарихшы Г.В. Вернадский, музыкатанушы және өнертанушы П.П. Сувчинский, діни философ- публицистер Г.В. Флоренский, В.Н. Ильин, Б.Н. Ширяев, сыншы, әдебиеттанушылар А.В. Кожевников, Д.П. Святополк-Мирский, құқықтанушы Н.Н. Алексеев, шығыстанушы В.П. Никитин, жазушы В.Н. Иванов, экономист Я.Д. Садовский және басқа да көптеген ойшылдар мен зерттеушілер бар. Бір кезде бұл қозғалысты орыстың ірі философтарының бірі С.Л. Франк және белгілі мәдениеттанушы П.М. Бицилли де қолдаған болатын.

Еуразияшылдық, әсіресе, XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары қарқынды дами түсті. Алғашқы жинақтан соң іле-шала екіншісі «На путях. Утверждение евразийцев» шықты (Берлин, 1922). 1923-1927 жылдар аралығында «Еуразия дәуірнамасының» үш саны шығады. Ол – діни, ұлттық, экономикалық, мәдениеттану, әскери мәселелерді қамтыған мақалалар жинағы, салмақты дүние болатын. Жиырма шақты жыл ішінде ондаған монография, брошюра, «Еуразия хроникасы», «Еуразия жазбалары. «Версты» журналдары басылып шықты. ХХ ғасырдың аяғында Парижде апталық «Еуразия» газеті шығып тұрды.

Еуразиялық баспа – қозғалысқа қатысушылардың еңбегін Берлинде, Парижде, Прагада, Белградта, Софияда басып шығарды. Көптеген елдерде еуразия үйірмелері құрылып, семинар мен конференциялар өткізілді, еуразияшылдардың идеясын насихаттай-тын дәрістік оқулар ұйымдастырылды.

Еуразиялық қозғалыстың мән-маңызының салмақты екенін мынадан-ақ байқауға болады: шетелдегі орыс ойшылдары Н.А. Бердяев, П.Н. Милюков, П.Б. Струве, В.В. Шульгин, И.Л. Ильин және басқалары бұл қозғалысқа қатысты пікір-талас тудырып, ой жарыстырып, пікірлер тайталасын ұйымдастырғаны белгілі. Еуразияшылдардың алғашқы еңбектері Кеңестер Одағында да назардан тыс қалған жоқ.

1929 жылы Қызыл профессура Институты «Марксизмді жаңаша сынауға қарсы» деген жалпы атаумен жинақ шығарады. Сол жинақтағы «Орыс эмигранттарының марксизмді сынауы» деген үлкен мақала тұтастай еуразияшылдыққа арналды. Олар бұл қозғалысты: «Ақ эмиграцияның Еуропада «көшіп жүрген» анағұрлым оңшыл бөлігі, сондай-ақ СССР-ден қуылған профессураның анағұрлым реакцияшыл бөлігі» сипатындағы ағым деп қарайды. Дегенмен, кейіннен «Еуразияшылдық» ұғымы XX ғасырдың 80-ші жылдарының соңына дейін кеңестік әдебиет беттерінде мүлде сөз етілмей қалады.

Еуразиялық ілімнің тартымдылығы мен өзіне баурап алу себебі көп жағдайда оның авторларының кәсіби шеберлігі мен ғылыми шыншылдығына, шығармашылық ой-әлемінің кеңдігіне байланысты болса керек. «Еуразияшылдық тұжырымдасын жасауда этнолог, географ, тілші, тарихшы, құқықтанушы және тағы басқа сала мамандары атсалысты. Бұл жағдай еуразиялық идеяны дүниежүзілік екі соғыстың аралығында Еуропада пайда болған көптеген идеологиядан айтарлықтай ажыратады», – деп көрсетеді белгілі зерттеуші Л. Люкс. Еуразияшылдықты зерттеушілер – ғылымға тереңдемей үстіртін қарайтындар немесе саяси көзжұмбайлыққа баратындар емес, керісінше, ғылыми мектеп сынынан өткен, талдап-саралаудың қыр-сырын меңгерген өз ісінің шеберлері.

Еуразияшылдардың көзқарасы мынаған тоқайласады: Ресей туралы пайымдай отырып, оның бастапқы киевтік-мәскеулік «жаратылысы» туралы емес, Еуразия «мекен-құрлығы» туралы, сол құрлықтың алыс қиырларындағы көптеген этностар мен мәдениеттерді бауырына басқан, әрі тұтастығын сақтап, бірлігін бұзбаған Еуразия туралы сөз қозғаған орынды болмақ. Еуразияшыл идеологтар орыс мәдениетін Еуропа мәдениетінің бөлшегі деп қараған жоқ, Батыс пен Шығыстың үлгісін тең дәрежеде бойына сіңірген өзіндік бет-бейнесі бар мәдениет ретінде қарастырады.

Еуразияшылдардың пікірі бойынша, Ресейдегі мәдениет бастауының шешуші факторы әуелі, татар-моңғол шапқыншылығымен, ал кейіннен, орыстардың Сібірге, одан кейін көп тайпалы Азияға экспансия жасауымен, тіпті Америка жеріне ішкерілей енуімен байланысты. Орыс халқын еуропалықтарға да, азиялықтарға да жатқызуға болмайды, ол мүлде ерекше этникалық қауым болып табылалы. Орыс мәдениеті мен мемлекеттілігінің осындай бет-бейнесі Ресейдің өзгеше тарихи жолын және батысеуропалық дәстүрмен сәйкеспейтін ұлттық-мемлекеттік бағытын айқындайды.

Тіпті белгілі еуразияшылдардың пікірі бойынша, азиялық бастаулар Ресейге батыстан гөрі етене жақын. Еуразияшыл идея биік өрелі бес мәдени «аксиомаға» табан тірейді: «еуропоцентристік» менмендікпен мүлде үйлеспеу және басқа ұлыстарға өркөкіректік танытпау, төлтума ұлттық дәстүрлерге берік болу; мәдени бастаулардағы діни факторға көңіл бөлу; адамзат мәдениетінің түп-тамырына бойлау; мәдениет құбылыстарын тегіс біржақты ғылыми рационалистік және прагматикалық тұрғыда ғана қарастырмау керек.

Еуразияшылдық өзінің идеялық дамуында бірнеше кезеңді бастан өткерді. С.Хоружиннің пікірінше, «өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары ол ілімнен гөрі ой-пікір жиынтығы» болды, оған діни және тарихи тұрғыда Н.С. Трубецкой, географиялық тұрғыда – П.Н. Савицкий назар аударған болатын. Алайда XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңына қарай еуразиялық идеология күрделеніп, біршама қарама-қарсы бағыттарға бой ұрады.

«Үйлесімді тұлғалардың» иерархиясы (төменгі басқышы) туралы мета-физикалық ілім бұл идеологияның маңызды құрамдас бөлшегі және философиялық негіз болып табылды, ал оның жоғары буыны – «Жеке құдай идеясы» және ұлттардың «жиынтығын» білдіретін «Еуразия» идеясы болып шығады. Екінші жағынан алғанда, бұл қозғалыс барған сайын саяси реңк алып келеді.

Кез келген салмақты теория өзін практикалық іс-тәжірибе арқылы танытқысы келетіні белгілі, осы табиғи да қарапайым тілекті еуразияшылдар өз іс-әрекеттері арқылы да көрсетпек болды. Өздері өмір сүріп отырған замандағы кеңестік Ресейде өтіп жатқан оқиғаларға толық талдау жасап, сараптама жасауға тырысты. Әрине, олар 1917 жыл оқиғасын да айналып өте алмады, әрі бұл мәселелерде олардың пікірі бір арнаға тоғысты деу қиын. Еуразияшылдар большевизмді мойындаған жоқ, алайда ақ эмиграция өкілдеріне қарағанда, Ресей революциясының маңыздылығын дұрыс түсініп, оны терең әрі мәнді оқиға деп есептеді. Еуразияшылдар революция ұғымын тарихи құбылыс ретінде қабылдайды, ал большевизмді негізгі мәні бұзып-жару, талқандау идеясына тікелей байланысты болып келетін революциялық идеологиямен «ауызданған» коммунис-тік идеяның және революцияның жемісі деп есептеді.

Екінші дүние жүзілік соғыс басталған уақытта еуразиялық қозғалыс өз қызметін тоқтатады. Еуропа мен әлемдегі ызбарлы оқиғалар жаңа мәселелерді шешуге жетеледі, алайда шетелдегі орыс қауымы ол мәселелерді әрқалай қабылдады. Фашистік Германия мен КСРО арасындағы соғыс жайлы көзқарастары ортақ болмағандықтан, орыс эмигранттары арасына сызат түскен еді.

Еуразияшылдар өздері іштей «солшыл» және «оңшыл» болып бөлінсе де, нақты бір бағыт ұстанды, ол бағыты қорғану болатын. Орыс эмиграциясы өкілдерінің көп бөлігі жеңілу, ыңғайға қону бағытында болды. Еуразияшылдардың бірде-біреуі КСРО-ға қарсы күрескен фашизммен ынтымақтасып арына дақ түсірген жоқ. Сындарлы шақ туғанда еуразияшылдар өздерінің биік адамгершілік қасиетін – Отанды шексіз сүйе білу қасиетін көрсетті.

Еуразиялық жүйе Лев Николаевич Гумилев еңбектерінде қайта түлеп, қазір нағыз жаңғыруды бастан кешіп жатыр. Бұл қазіргі біздің уақытымызда тарих шындығын бейнелейтін әлеуметтік-рухани іс-тәжірибемізді қайтадан бастау процесі өріс алғандығын білдіреді.

Л.Н. Гумилев өз ілімінде еуразияшыл бірқатар идеяларды қолдап-қоштады, яғни этнос туралы, комплиментарлық (шырайтаныту) туралы, еуразиялық суперэтностың қалыптасуы және еуразия халықтары дамуының ерекше жағдайы туралы ғылыми пікірлерінің негізгі өзегін осы идеямен сабақтастырады. Ұлы Даланы мекендеуші түркі-моңғол мен православиялық Русь арасын да өзара түсіністік, шырайтанытушылық (комплиментарность) бар екенін дәлелдейді. Бұндай шырайтаныту, яғни өзара ілтипат білдіру Ресей мемлекетінің қос сипатты еуразиялық держава болып қалыптасуына тарихи тұрғыда ықпал етті.

Сонымен, ерекше аймақ, өзгеше «көпхалықтық ұлт», жаңа идеология деген мәселелердің әрқайсысын Л.Н.Гумилев барынша мәнді толықтырулармен жетілдірді.

Ел аумағын еуразияшылдар өзгеше тарихи жэне географиялық әлем деп ұқты, Еуропаға да, Азияға да жатпайтын қайталанбас тарихи-географиялық даралық деп қабылдады. Этностың жанына жақын, оның әр кез қымбат қазынасы – «асыраушы, нәр беруші» және «құшағына сыйғызған құт мекені» туралы пайымдауларын толықтыра түседі. Бұл мекен орыстар үшін – өзен аңғарлары, фин-угорларда – су айырығындағы кеңістік, ал түркілермен моңғолдарда – жазық дала, далалы алқап.

Ұзақ уақыт бойы мынадай бір пікір белең алып келді: «Орман мен Дала бір-біріне қарсылас пиғылда өмір сүруде, дала мен орман иелері ғұмыр кеше алмайды, үнемі күресе, таласа-тартыса күн кешуде, – деген тұжырым этномәдени аспектіде алып қарағанда мүлде қате. Күнкөріс, тіршілік қамы үшін қажеттіліктерді бірі екіншісінен алып жатады», – деп жазды Л.Н. Гумилев.

Л.Н. Гумилевтің барлық іргелі еңбектерінде өмір көшінде қым-қиғаш тарихи оқиғалардың болмай қоймайтындығына әрі олардың табиғи заңдылық екеніне баса назар аударылып келді.

Ежелгі Русь пен Ұлы Даланың өзара байланысы (тарихи дәуірдің ұзына бойы алып қарағанда) Еуразия табиғатының бір бөлшегі ретіндегі Дала мен Орманның дәуірлер бойғы сабақтастығының тек бір ғана көрінісі болып табылатыны белгілі. Орман ман Дала табиғи аймақ ретінде сонау Жоғары Палеолит дәуірінің аяқталу кезінде қалыптасып, Мезолит, әсіресе Неолит дәуірінде көне тайпалардың мәдени жіктелісінің шешуші факторы, олардың тарихи даму жылдамдығы мен түрлі бағытын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Тарихи дәуірлер алмасуының қарқыны тұрғысынан Дала – Орманды ап-айқын басып озды және сондықтан да орман аймағындағы халықтарға мәдени-әлеуметтік ықпал жасаушы күшке айнала түсті.

Л.Н. Гумилевтің тарихи еңбектерінде Ресей – Орталық Азияның органикалық бір бөлігі ретінде қарастырылады. Шығыс славяндар мен Ресей тарихы – Еуразияны түрлі уақыттарда мекен еткен этностардың тағдырымен ортақтаса, бірлікте қарастырылып, сол этностардың көшіп-қонуы, аралас-құралас байланыстарда болуымен сабақтаса алынады. IX-XIII ғасырларда шығыс славяндарда болған саяси өзгерістер эволюциясы және Ресей мемлекетінің бірте-бірте қалыптаса бастауы Ұлы Даланы сілкінткен оқиғалармен байланыстырыла қаралады.

Көптеген отандық тарихшылардан бөлек Л.Н. Гумилев Русь пен Даланың қарама-қарсылығына екпін түсіре айтумен шектеліп қалмайды, сонымен қатар екі арадағы жағымды байланысты, бір-бірін толықтыра алатын тұстарын да баса көрсетеді.

Әрбір ұлт өзінің этникалық дамуы және пассионарлық мүмкіндігіне байланысты барлық суперэтнос жүйесіндегі этногенездік дамуға зор ықпал жасайды. Лев Николаевич зерттеулерінде Ресей мемлекеті Еуразиялық суперэтносты қалыптастырушы ретінде алынған (Түркі қағанаты мен Моңғол ұлысы тәрізді), сөйтіп аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, әр этностық өзінің үйреншікті, қалыптасқан өмір салтын ұстануына жағдай туғызып отырған.

Еуразияшылдардың тарихи әдіснамалық тұжырымдарын саралай келе, әрі олармен келісе отырып, Л. Гумилев бір мәселеге айрықша назар аударды. Этногенез теориясындағы ең басты идея – пассионарлық ұғымын еуразияшылдар біле алмады және солай болуға тиіс те еді, өйткені еуразиялық доктрина – тарих, география, геосаясат ғылымдарының синтезінен (қосындысынан) туған болатын. Ал Л. Гумилев ілімі еуразияшылдардың көптеген тұжырымды ойларына иек арта отырып, тарих, география және жаратылыстану ғылымының нәтижелеріне сүйенді.

Л. Гумилев көзқарасы бойынша, пассионарлық «дүмпудің» ықпалы әсерінен Еуразиялық дамудың ырғағы мен тарихтың әр дәуіріндегі нақты бір күштердің басымдылығы және Еуразия сияқты біртұтас құрылымды қалыптастырудың күрделі процесі анықталады екен. Бұл біртұтастық «өзге әлемге» қарама-қарсы қойылмайды, керісінше полицентризм-еуразияшылдықтың жалпы әдістемелік принципі қызметін атқарады.

Еуразия әлемдегі басым күш иеленген әлдебір мифтік орталық емес, көп орталықтың бірі: «Еуразиялық полицентризм бұндай орталықтың көптігіне нұсқайды. Еуропа – әлем орталығы, бірақ Палестина да – әлем орталығы, Иберия мен Қытай да солай».

Еуразияшылдар этностың өз болмыс-бітімі сақталуын қолдады, бірақ ешқашанда тар өрісті ұлтшылдықтың жақтаушысы болған жоқ. Керісінше, Н.С. Трубецкой былай деп атап көрсетті: «Эгоцентристік менмен пиғылдағы адам өзін «жер кіндігімін деп сезінеді, сондықтан осы адам тұрған қарапайым табиғи орта ешбір дәлелдеусіз-ақ ең жетілген орта болып шыға келеді». Еуразиялық тұжырымдама – ұлтшылдыққа да, жалпы адамзаттық қандай да бір мистикалық мәдениетке де қарсы қойылатын идея. 1920-жылдың өзінде-ақ Н.С. Трубецкой былай деп атап көрсеткен еді: «Барлық халықтарға ортақ, бәріне бірдей сәйкес келетін жалпы адамзаттық мәдениет болуы мүмкін емес».

Ал 1992 жылы шыққан кітабында Л.Н. Гумилев бұл ойды өзінше түсіндіреді: «Біз Батыс Еуропадан 500 жылға жас болғандықтан, Еуропа тәжірибесін қанша оқып үйренгенімізбен, дәл Еуропаға тән тұрмыс деңгейіне, мінез-құлық әдеттеріне, тұрмыс-салтына жете алмаймыз. Біздің жасымыз, біздің пассионарлық деңгейіміз мүлде өзгеше сипаттағы әдет-әдептерді талап етеді. Бұл өзгенікін өзекке тебу немесе қырын қарау емес, басқа да тәжірибені оқып-үйренуге тиіспіз, әрі ол қажет те, бірақ оның өзіміздікі емес, өзгенікі екенін естен шығармағанымыз абзал.

Л.Н. Гумилев еуразияшылдыққа кездейсоқ, аяқасты келе салған жоқ. Ресейдің айрықша (бірақ оқшау емес) жолын, басқа халықтармен бірдей басып өтетін жолын, терең түсінуге себеп болған жағдай – оның күрделі де азапты тағдыры, бірақ әрқашан шығармашылыққа толы тағдыры. Өмірінің соңында ол: «Мен қалай болғанда да бақыттымын, мен әрқашан өзімнің ой елегімнен өткенді жаздым, біреудің өкімімен, бұйырғанын жазбадым», – деп тебіренеді.

Л.Н. Гумилев түркі-моңғол тарихының өзіндік болмысын қорғауға алғашқылардың бірі болып үн қосты, моңғол-татар шапқыншылығына қатысты, көшпелілермен мәңгілік жауласуға байланысты еуропацентристік тұжырымға бірінші болып қарсы шықты.

Ал оның Шығыспен таныстығы жастық шағында-ақ басталған болатын. «Ежелгі түркілер» кітабының бірінші бетінде былай деп жазыпты: «Осы кітапты Кеңестер Одағындағы біздің туысқан түркі халықтарына арнаймын». Ол осы елдердің халқы туралы шындықты жазды. «Тікелей менің өзіме, – деді ол, – қазақтармен, татарлармен, өзбектермен тығыз байланыс жасау, бұл халықтармен достасу қиын емес, тек қана ағынан жарылған ақ көңіл, адал әрі ізгі ниетті болсаң сосын олардың өзіндік болмыс-бітімін сыйласаң жеткілікті. Өз әдет-ғұрыптарын және қалыптасқан үрдістерін олар ешкімге зорлықпен таңбайды».

Л.Н. Гумилевтің соңғы бір сұхбатындағы мына ойы еуразияшылдар теориясының қазіргі заманмен үндестігін тағы бір байқатқандай: «Менің білетінім – Ресей тек еуразиялық мемлекет ретінде және еуразияшылдық идея арқылы ғана өзін-өзі сақтай алады».

Еуразиялық идея бүгінгі таңда көптеген еуразиялық елдер мен халықтар идеологиясының алтын арқауына айналып отыр. Тарихшы Л.Н.Гумилев еуропацентристік және нәсілшілдік бағытты терістейтін ізгі жолды таңдап алған еді. «Шығыс халықтарында еуропалық «түсініктегі» тарих жоқ және ешқашан да болған емес», – деп санайтындар пікірі түбірімен қате екеніне ғалым Л.Н. Гумилев үнемі баса назар аударды.

Азамат тарихындағы табиғи-географиялық ортаның тигізетін әсер-ықпалына талдау жасайтын әдістердің сипат дәрежесі қандай болу керек, міне, осы мәселені де анықтау үшін ғалым еңбегінен жауап аламыз.

Л.Н. Гумилев қоғам дамуына сан алуан факторлардың әсер ететінін, сонымен қатар, олардың әрқайсысының ықпал ету дәрежесі үнемі өзгерісте болатынын атап көрсетті. Ғалымның бұл тәсілі адамзат дамуын талдау үшін бүгінгі өркениетте қолданылып жүрген тәсілдер қатарынан табылатынын айта кеткен жөн.

Л. Гумилевтің тарихи зерттеулерінің ішіндегі жаны қалаған сүйікті тақырыбы түркі халықтарының тарихы туралы еді, солардың ішінде үлкен қызығушылық тудыратыны, біздің көзқарасымызша, «Ежелгі түріктер» кітабы. Ол көшпелі және отырықшы қоғамның өзара қарым-қатынасын, ортақ мүдделерін зерттеп-зерделеуге де көңіл аударды.

Адамзаттың тарихи болмысы сан қырлы, түрлі ғылым саласы сол болмысты әр қырынан алып зерттейтіні және белгілі.

Л.Н. Гумилев адамзат болмысының этникалық қырын зерттеуші ретінде, экологиядағы нақты бір бағыттың негізін қалаушы ретінде адамзат жадынан өзінің сүбелі орнын алатыны аян. Бұл ғылымның қадасын қадаған Г.П Грум-Гржимайло болса, іргетасын бекітіп, қабырғасын қалаған – Л.Н. Гумилев еді. Ғалым бұл жолда үлкен еңбек сіңіріп, ғылымға өлшеусіз үлес қосты.

Еуразияның көшпелі халықтарының тарихын зерттеуден бастай отырып, ол әуел бастан Ұлы Даланы және оған іргелес жатқан аймақтарды бір кеңістік шеңберінде қарастырды. Ал көшпелі тұрмыстың пайда болуы мен көшпелі мемлекет билігінің құлауына дейінгі аралықты бір уақыт шеңберінде алып қарады. Өзінің алдындағы ғалымдар әрбір халықты және олардың даму тарихын да жеке-жеке, дербес зерттеумен айналысып келген еді.

Уақыт пен Кеңістікті тарихпен сабақтастыра, бірлікте қарастыру нәтижесінде Бүкіләлемдік тарихтың жаңа үлгісі жасалды, өйткені араларын тау мен тас, көл мен шөл бөліп жатқан отырықшы мәдениеттің арасындағы дәнекер көшпелілер болатын.

Кейінгі үлкен жаңалықтарға жол салатын ірілі-ұсақты жаңалықтар ашылып жатты. Мәселен, «орда» ұғымының мәнін ашумен, осы тәріздес бірқатар қауымдастықтың тарихын қарастыру – биліктің, дін мен халықтың даму заңдылықтарын түсінуге мүмкіндік береді. Л.Н. Гумилев көшпелілер тарихын зерттей отырып: «Адамдардың Ұлы Даланы мекен етуі бірнеше рет үзіліске тап болған және ол үзіліс бірер жыл емес, кем дегенде жүз жылға жуық созылған», – деген түйінге келеді. Бұл тұжырымнан шығар қорытынды: «ылғалды ауа ағынының ығысуы нәтижесінде Еуразия климаты өзгеріске ұшырап отырған», – деген теория жасауға жетеледі. Лев Николаевич көзінің тірісінде осындай ығысулар болғанын біле алмай кетті. Бірақ бүкіл планета шеңберінде жиырма жылдай уақыт бойы табиғи апаттар болып жатқаны ғалым еңбегі нәтижесінде ғана белгілі болды.

Көшпелі халықтар мен мемлекеттердің, сонымен қатар, олармен байланыста болған отырықшы елдер тарихын зерттей отырып, ғалым мына мәселеге көз жеткізді, халықтардың пайда болуы, өркендеуі, гүлдену, құлауы мен күйреуі әлдебір заңға бағынады, әйтсе де ол заң әлі күнге дейін ғылымда ескерілмей келеді, бірақ оны ақын-жазушы, жылнамашылар байқап-бағамдап қалғаны байқалады. Пассионарлық теориясы осылай пайда болды, оның этнология ғылымымен ара қатынасы бір-ақ қадам еді. Сол қадамды Л. Гумилев жасады.

Жер шары мен адамзат тарихын уақыт пен кеңістік шеңберінде алып, санаға ойша сыйдыру үшін тарихи талдаудың жаңа әдіс-тәсілін жасау міндеті тұрды. Оған бірнеше рет талап та жасалды. К. Маркс Ф. Энгельске жазған бір хатында ол әдісті дедуктивті деп атапты. Сондай-ақ, еңбектерінің нәтижесінен бұл әдісті қолдағаны байқалады. Л. Гумилев оны қайта жасап қана қойған жоқ, жан-жақты сипаттама беріп толықтырды. Тарихшы, археолог С. Руденко пікірі бойынша, көпшілік таныған индуктивті әдіс алдында гумилевтік дедуктивтік тәсіл – арифметикадан бұрынғы алгебра болып шығады. Тек осы үшін ғана Лев Николаевичке ескерткіш тұрғызуға болады. Ол қандай да марапатқа лайық, – деген баға береді,

Л. Гумилевтің тарихи еңбектерінің өзгеше сипаты «дүние жүзілік уақыт пен кеңістік шеңберінде этностардың бірін-бірі алмастыруы», – деген пайымдауымен тікелей байланысты.

Л. Гумилев қоғамдық құрылымдар өміріндегі оқиғаларды этникалық тарих өресімен пайымдайды. Оның тұжырымдамасы бойынша, әрбір этнос – әлеуметтік құбылыс қана емес, табиғат жаратылысы, жердегі басқа да жанды организмдермен бірліктегі өзгеше тіршілік иесі. Этностың тыныс-тірлігі өзі мекен ететін, нәр алатын жерден ажырағысыз байланыста.

Л.Н. Гумилевтің тарихи ізденістерінде гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары әдістерінің қоян-қолтық араласып жатуының себебі де осында болса керек.

Кеңестік тарих ғылымы өз өмірінің ақырына дейін қоғам мен табиғаттың өзара байланысы мен өзара сабақтастығы мәселелеріне мән бермеді, тіпті назар аудармады да. Революцияға дейінгі Ресей тарихшылары (С.М. Соловьев, В.О. Ключевский) қоғам өміріндегі табиғат факторына үлкен мән бергенімен, қоғамдық дамудағы табиғат факторы ролін біржақты түсінеді. Бұл сыңаржақ пікірді еуразиялық теория авторлары мен олардың ірі өкілдері де жеңе алмады.

Тарих ғылымындағы еуразиялық бағытты қолдаушы әрі жалғастырушы ретінде Л.Н. Гумилев оның теориялық негізін әрі қарай дамыта, тереңдете түсті. Оның тұжырымдамасындағы өз ерекшелігі бар экологиялық қоршаған орта – адамның шаруашылық қызметіне ықпал етуші жай ғана сыртқы фактор емес, оның өмір сүретін кеңістігі. Сол ортада адам мен басқа да жанды және жансыз дүниенің тіршілік әрекеті көрініс табады.

Л.Н. Гумилевтің этногенез теориясын дамытудағы ролі өте зор. Л.Н.Гу­милев – ұшан-теңіз білім иесі, тарих және география ғылымдарының докто-ры, этностардың қалыптасуы мен дамуын табиғатпен тығыз байланыста алып қараған тұжырымдама авторы. Ол өз еңбектері арқылы этнография, тарих, география ғылымдарының түйісінде тұрған мәселелерге қозғау салып, ғылыми нысанға айналдыра білді.

Этнос, этногенез, мәдени бастаулар, этникалық байланыстар, міне, мәселелердің толық емес тізімі осы сипатта болып келеді.

Л.Н. Гумилев еңбектері үнемі қызу талас тудырып, өткір айтыстарға ұласып отырды, бірақ әр кез өзіне қызықтырмай қалған жоқ.

Ірі ғалым – ой тоқырауы мен қасаң пайымдауларға қарсы шыға отырып, ғылымға жасампаздық тұрғыда келуге үндеді, сонымен бірге, этногенездің күрделі мәселелері туралы ақпараттарға оқырманның әрқайсысының қолы жететіндей жағдай жасауға тырысты.

«Адамдар – нақты бір ұжымда өмір сүретін, уақыт өкімімен дүниеге келіп, дүниеден көшетін тіршілік иесі. Бұлар – этностар, ол олардың дүниеге келіп, бақилыққа аттанғанға дейінгі аралығы –этногенез деп аталады».

Этногенезге берілген өзгеше баға және оның тарихи процеске тигізер әсер-ықпалы алғашқы кезде ғылыми ортада біраз дүрбелең тудырғандай болды, сонымен қатар, ғылыми орта оны қабылдамай тастады. Себебі, ғалымның қарсыластары – түрлі ғылыми бағыттар мен мектептің өкілдері тарапынан (Ю.В. Бромлей, А.С. Арутюнов, А.Г. Агаев, В.А. Тишков және т.б.) біраз сындар да айтылды.

«Қоғамдық құбылысқа биология ғылымының ықпалын арттырып, географияның да үлесін ұлғайта көрсетті», – деген айыптаулар тағылды.

Л.Н.Гумилев этногенез идеясын жалаң сипаттаумен шектеліп қалмай, қоғам мен табиғаттың өзара сабақтастығын анықтады, этносты табиғат құбылысы ретінде қарастыра отырып, этногенездің генетикалық тек-тамырын, заңдылықтарын ашып көрсетті; адамның табиғатқа зиян шектіруі салдарынан немесе халықтың жасын сипаттады. Ол үшін антикалық дәуірдің бай материалдары мен Ежелгі Русь, Батыс Еуропа, Византия, Таяу және Қиыр Шығыстың ортағасырлық мәдени құндылықтарына жүгінді; пассионарлық фаза, консоция, конвиксия және т.б. ұғымдарды енгізді.

Л. Гумилев өз зерттеулерінде мәдениет тарихына талдау жүргізу үшін физикалық география мәселелерін ғылыми нысанға алды. Натуралды шаруашылық экономикасы мен ежелгі қоғамның тұрмыс деңгейі арасындағы байланысты ескере отырып, Еуразияның далалық аймағындағы климаттық ауытқулар мен тарихи оқиғаларды өзара салыстырды және Шығыс Еуропаның бірегей мәдениеті мен өзге мәдениеттер тоғысқан тарихи-географиялық ортаны жан-жақты сипаттап берді. Халықтың мінез-құлқы, салт-дәстүрі мен мәдениеті оның өмір сүрген ортасымен терең байланыста болса, халықтың психологиясы биосферамен тығыз бірлікте болатындығы туралы Л. Гумилев теориясы – еуразияшылдар идеясымен үндесетіндігін байқау қиын емес (гео­граф П.Н. Савицкий, тарихшы Г.В. Вернадский, лингвист, философ князь Н.С. Трубецкой еңбектері бұған дәлел). Славян халықтарының мәдениеті мен өмір салтына зор ықпал еткен, сонымен қатар, Византия империясының ыкпалына ұшыраған Еуразиядағы негізгі этностар: ғұн, моңғол, түркі, хазарлардың тарихын зерттей отырып, Л. Гумилев әрбір этностың мәдениеті өзіндік болмыс-бітімімен ерекшеленеді, – деген тұжырымға келеді.

Олардың әрқайсысы қайталанбас ішкі мазмұн иеленіп, өзіндік мінез-құлық жүйесімен ажыратылатынына назар аудартады. Адамзаттың дәл осы көптүрлілігі оған икемділік дарытып, өміршең рух сыйлайды. Л.Н. Гумилев сонымен социосфералық тұжырымдамаға қарама-қарсы этногенездің биосфералық тұжырымдамасын ұсынады. Этноқұрылым мәселелеріне назар аудара отырып, этникалық тарих туралы әдеттегі қалыптасқан түсініктер аясында шектеліп қалған жоқ.

Ғалым тұжырымдарының ішіндегі ең маңыздылары мына мәселе болса керек: этногенез – этникалық теорияның алғашқы фазасы (кезеңі) ғана емес, сонымен қатар, төрт кезеңдік процесс ретінде де айқындалады, яғни этностың пайда болуы, өрлеуі, құлдырауы мен қайтыс болуы сияқты құбылыстар – этногенездің зерттеу нысаны. Л. Гумилев төрт кезеңдік бұл дамудың табиғат пен тарих құбылыстарына бірдей сәйкес келетініне нұсқайды. Этникалық жүйенің өз ішіндегі инерциялык кезең мен обскурациялық кезеңді сипаттай келе, мына бір пікірге көңіл бөледі: бұл кезеңде кез келген өсіп-өркендеу жағымсыз әсер етеді; еңбексүйгіштік келекеге айналады; ақыл-ой қуанышы ашу-ыза тудырады. Бұл уақыт таза ғылыми еңбектің орнына әркімнен ұрланған көшірме жұмыстар көбейе түседі; өнерде өзіндік үрдіс қалыптастыру төмендейді; қоғамдық өмірді жемқорлық жайлайды.

Адыңғы орынға өзінің жеке басының мүддесін қоймай, елі мен халқының мүддесін қорғайтын тұлғалар тарих сахнасына шықса, бұл кезеңнің өзінде де, қайта жаңғыру, қайта түлеу болуы әбден мүмкін. Жоғарыда сөз болған мәселелер ХХІ ғасырдың басында да өзінің өміршеңдігін жоғалтпаған, сондықтан да Л.Н. Гумилев зерттеулерінің практикалық құндылығы арта түседі.

Біздің көзқарасымызша, ғалым еңбектері маңыздылығының бір себебі этногенез ғылымының біртұтас, бірегей тұжырымдамасы жасалуымен де байланысты. Ол тұжырымдама қоғамдағы табиғи және тарихи дамудың тек өзіне ғана тән заңдылығы мен жалпыға ортақ заңдылығын анықтауды мақсат етеді. Ғалымның отандық және әлемдік ғылымға қосқан қомақты үлесі осы – этногенез теориясы екені дәлелдеусіз шындық. Л. Гумилевтің этногенез тео­риясы пәнаралык кең аукымды байланыстар синтезі болып табылады, ал оның түп негізі болып ғалым В.И. Вернадскийдің биосфера туралы ілімі, дәлірек айтқанда, бірінші биогеохимиялық принципі алынды.

Биосфера туралы ілім – тарихты пайымдаудағы жаратылыстанудың үлесі болса, этногенез теориясы – тарих ғылымының жаратылыстану мәселелеріне қосқан үлесі. Алайда Л.Н. Гумилев тарихи процесті биосфера шеңберіндегі этностар тағдыры деңгейінде, сонымен қатар, тіршілік дүниесінің биохимиялық энергиясымен байланыста қарастырады. В.И. Вернадский адамзатты тіршілік әлемінің бір бөлшегі ретінде, ал тіршілік әлемін ғаламшардың біртұтас биологиялық бірліктегі жаратылысы мәнінде қарастырды.

Л.Н. Гумилев «этнос» ұғымын жиі пайдалана отырып, этнос пен оның тіршілік ортасының байланысын адамзат тарихының әртүрлі кезеңдері шеңберінде зерттейді.

Ғылымдағы көзқарастардың сан алуандығы этногенез теориясы мен биосфера туралы ілімді бір-біріне қарсы қойып, басын біріктірмеді. В И. Вернадскийдің тұжырымдауынша, биосфера эволюциясы міндетті түрде ноосфераға алып келеді десе, Л.Н. Гумилев ноосфера идеясына тіптен сыни тұрғыдан карады. В.И. Вернадский пікірінше, ноосфера – биосфера эволюциясының ұзақ кезеңі, яғни ұзақ дамудың жемісі. Сол даму барысында стихиялы түрде, кездейсоқ, ретсіз өтіп жатқан процестер – ақыл-ойдың қарқынды қуаты және адам еңбегінің күші арқылы бірте-бірте ауыздықтала түсіп, өзінің бүлдіргіш, жойқын сипатын кеміте бастайды. Бұл тұжырымды этностың пайда болу негізі – генезисі мен тағдырына қатысты қолдансақ, онда ноосфера этногенез бен әлеуметтік прогресті жақындастырады деп шамалауға болады.

Л.Н. Гумилев осы процестердің аражігін ашып берді: әлеуметтік прогресті жылжымалы, қозғалыстағы құбылыс деп қараса, этносты біршама тұрақты, «қозғалмайтын», тек «тербелмелі» сипаттағы жүйе ретінде қарастырады.

Этнос – табиғи және әлеуметтік жағдайлардың ықпалдасуынан пайда болатын «қарапайым» құбылыс. Табиғат пен қоғамда прогрессивті өзгерістер болу мүмкіндігін жоққа шығару – ноосфера дәуірінің туатынына сенімі зор В.И. Вернадский пікіріне қарама-қарсы келері сөзсіз.

Л.Н.Гумилев: биосфераның ерекше құбылысы және «Ноmo Sapiens» тегінің ерекше түрі (формасы) – деп сипаттаған этнос – биосфераның ноосфераға айналуы жолындағы тежегіш, кедергі де болып шығады екен. Олай болса, биосфера эволюциясының нақты бір кезеңінде этнос сипатында пайда болған және ноосфераға қарай жылжуды тежейтін биоәлеуметтік тетікті (биосоциалды механизм) анықтау мүмкіндігі туды. Бұл жағдайда этногенез теориясын жаратылыстану мен тарихқа қосылған табыс ретінде қарастыру мүмкіндігі бар. Л. Гумилев этностың сипаты және пассионарлықтың мазмұны мен бағыты этногенездің даму процесінде табиғаттың басқа да құбылысы сияқты өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармады. Соның нәтижесінде Л.Н. Гумилев дамудың биологиялық және әлеуметтік бағытын, тіршілік ортасы мен мәдениет тарихын біріктіретін этникалық тарих идеясын ғылыми ұғым ретінде қалыптастырды.

Биосфера эволюциясының факторы ретіндегі ақыл-ой роліне ғалым тұжырымдамасында берілген баға көңіл аударуға тұрарлық дәрежеде екенін айта кеткен орынды.

Этногенез теориясында ақыл-ой қызметі бағынышты сатыда тұрады, ал В.И. Вернадский пікірі бойынша, адам ақыл-ойы энергия формасына жатпайды.

Л.Н. Гумилев ноосфераны көбіне техникамен байланыстыра қарап, оны (ноосфераны) «ақыл-ойдың заттануы деп бағалады». Адам шығармашылығының өнімі «өздігінен дами алмайды» және «тек қирап-бүлінуге ғана» қабілетті, – деп тұжырымдай отырып, Л.Н. Гумилев: техника мен өмірдің бір-біріне кереғарлығы дау туғызбас шындық, – деген қорытындыға келеді. Адамзат тарихын ойша көктей өтіп, оймен шолып, ол қарапайым бір сұрақка жауап іздеді: «ақыл-ой аясы» қаншалықты дәрежеде парасатты?

Ғалым тірі табиғат пен биосфераның тіршілік дүниесін жедел ығыстырып жатқан техносфера аралығындағы антропосфераны (адамзаттың пайда болу ортасы) зерттей отырып, ақыл-ой қызметі – этногенез негізінің өзін қиратып, бүлдіреді деген ойға келеді.

«Табиғат техникадан көп залал шексе де, антропогендік жаулап алушылықты (экспансия) өз күш-қуатымен жеңуге қабілеті жетеді», – деген Л. Гумилев пікірін еске сала кеткен жөн.

В.И. Вернадский биосфера эволюциясында қиратып, бүлдірушілік әрекет үрдіс алып отырғанын мегзеді. Адам жердің бейкүнә табиғатын жойып, барлық геохимиялық реакциялардың ағымын ауыстырып жіберді, сөйтіп, жердің ажарын «үздіксіз сілкіністермен әжімдеп» тастады, – деген пікір білдіреді.

Бұл жағдайлар ноосфера идеясын сақтап қалуға бөгет бола алмады. Ғалым табиғат пен адамзат тағдыры үшін жауапкершілік арқалай алатын ақыл-ойға басымдық берді. В.И. Вернадский ноосфераның қалыптасу процесін кездейсоқ және саналы деген негізгі екі кезеңге бөледі:

Бірінші кезең басталуын палеолит дәуірімен ұштастырған сияқты, ал екінші кезеңді XX ғасырдың ортасымен қабыстырады. Екінші кезең ерекшелігін ғалым – адамның ғаламдық процеске саналы түрде араласуының күрт өскендігімен байланыстырады. Егер ғылыми ой мен техника дамуы және демократия мұраттары табиғи-тарихи процеспен тонның ішкі бауындай қабысып, бірлікте болса, онда адамзатты шуақты болашақ күтеді.

Керісінше жағдайда, адамзат тарихының кездейсоқ, жөнсіз әрекеттері өркениет өрісін ұзақ кезеңге тұсап тастауы әбден мүмкін. Эволюциялық сипаттағы ақыл-ой – шектеулі.

Сананың ең жоғарғы формасын иеленген адамзаттың жаңа буыны шектеуліктен, бәлкім, шыға алады, өйткені адам ғаламшардағы кездейсоқ құбылыс емес, сыртқы ғарыштық ықпалдан болған жаратылыс.

Ноосфера – XX ғасырда пайда болған ұғым. Ол – адам өзінің қоршаған ортаға әсер-ықпалы бар екенін бірте-бірте сезіне бастауымен байланысты, яғни геологиялық процестер ықпалымен сезілетін әсерді сезінуіне байланысты туатын ұғым. Ноосфера ілімінің бастауы ежелгі Үнді ойшылдарының философиялық ізденістерінен нәр алып, XVIII ғасырда (Ж. Бюффон) және XIX ғасырда (Л. Агассис) бірте-бірте нығая түседі де, XX ғасырда күн тәртібіне айналады (Ч. Шухерт, А. Павлов, П. Тейяр де Шардек т.б.).

Термин қалыптастыруда зерттеушілердің пікірі де біркелкі болмай, әркім әртүрлі атау ұсынды: (адамзат дәуірі, психозой дәуірі, антропогендік дәуір, социосфера, техносфера), бірақ бәрінің беретін мәні бір: «өркениеттің дамуы формасында көрініс беретін адамзат ақыл-ойының жемісі биосфера дамуы үшін де маңызын жоймайды». Жаратылыстанушы В.И. Вернадский мен тарихшы Л.Н. Гумилев ноосфера идеясына әрқайсысы өз көзқарасы тұрғысынан келеді: бірі жердегі тіршілік дүниесін, оның биосферасын жүйелі зерттесе, екіншісі адамдардың іс-әрекетін қоғам дамуының әртүрлі тарихи кезеңдеріне және әртүрлі аймағына қатыстыра географиялық-тарихи тұрғыда зерттеді.

Ноосфераның даму жағдайы мен болашағын зерттеуде және бағалауда көзқарастары әр түрлі болғанына қарамастан, (В.И. Вернадскийде – оптимистік, Л.Н. Гумилевте – анағұрлым сыншыл) олардың еңбегінен туындайтын ортақ қорытынды біреу: ноосфера дамуының өз ішкі заңы бар, оны танудың өркениет үшін маңызы зор.

Ноосфераны және түрлі құбылыстарды тудыратын энергияны, «адамзат мәдениеті энергиясы» мен (В. Вернадский) «пассионарлық сипаттағы энергияны» (Л. Гумилев) зерттеу барысындағы негізгі мәселелердің бірде-бірі ноосфераның өзгеше түрін немесе бастау негізін іздеу бағытында нақты бір шешімге келуге септігін тигізе алмайды. Энергия ағынының өзгерістері өз құрылымы, өз даму заңдары бар жетекші ақпараттық өріспен реттеледі. Ақпарат энергия болып табылмайды және энергия тудырмайды да, уақыт пен кеңістік шеңберінде тек оның таралу бағыты мен тығыздығын ауыстырады.

«Пассионарлық дүмпудің» орны мен уақыты энергияның жаңа үлес-мөлшерімен анықталмайды, жинақталған энергияны іске қосатын «басу нүктесіне» белгі берумен анықталады.

Адам ақыл ой техносфераны (дамуға емес, өз-өзінен бүлінуге ғана қабілетті техникалық құралдар жиынтығын) және информсфераны (материя мен энергияның алмасуын конверсиясын айқындайтын, құрылымдық жүйеде ұйымдасқан энергияны) туғызады. Өркениеттің ақыл-ой қуаты энергияның түріне де, санына да тәуелді емес, жүйенің құрылымдық топтасуына, оның ақпараттық өрісіне, олардың өзара және өзге де өрістермен (жер және ғарыштық, оның ішінде біз енді ғана тани бастаған өрістер) байланысына, сонымен бірге, энергетикалық тасқынды қайта бөлу қабілетіне байланысты ақыл-ой әлеуеті анықталады.

Ақпарат өрісін ақылға сыйымды, мақсатқа сай басқару дегеніміз қоғам мен табиғаттың заңдарына сәйкес биосферадан ноосфераға сәтті ауысуды білдіреді; өркениетің тұрақты даму стратегиясының негізін; «табиғатты бағындыру» идеясынан «табиғатты тиімді пайдалану» саясатына көшуді танытады, яғни ноосфера ұғымының мәні осыған келіп саяды. В.И.Вернадский мен Л.Н. Гумилевтердің ұстанған бағытын әрі қарай дамыту – ноосфера ұғымын жетілдіре түсері сөзсіз. Қазіргі заманды ерекшелейтін өзіндік сипат Жердің біртұтас ғаламдық өркениетке айналуымен байланысты. Алайда күрделі ғаламдық процесс жеткілікті ойластырылмаған, этнографиялық, геосаяси, экологиялық және басқа да тұжырымдамалар синтезі негізінде құрылған қажетті ғылыми талдамалар жоқ. Құптауга болмайтын бұл жағдайдың бір себебі мынада: гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық білімдердің ұзақ уақыт бойы өзара байланысы, сабақтастығы болмады да, соның салдарынан пәнаралық қорытындылау мен теориялар қалыптасуы тежелді. Бұл мәселеге қатысты Л.Н. Гумилевтің ғылыми шығармашылығы үлкен қызығушылық туғызып отыр, оның ішінде, әсіресе, «Этногенез және Жер биосферасы» деген іргелі зерттеуінің орны алабөтен.

Ғалымның стратегиялық еңбегінің негізгі желісі білімдер синтезін қалыптастыру, ғылымдардың шамадан тыс ықшамдалуына жол бермеу, мамандыққа сай тарылуын жеңу: «мамандыққа сай ықшамдалу – нақты білімді толықтыру үрдісі ретінде ғана пайдалы болмақ, пәндер жіктелісі аса қажетті болса да, ұзаққа созылып кеткен жағдайда пайдасынан зияны басым болары аян».

Кең ауқымды қорытындалау болмай, мәліметтер жүйесіз жинақтала берсе, ондай әрекеттің ешбір мәні де болмас еді.

Л.Н.Гумилевтің бұл пікірі тиімді, ойлы пікір ғана емес, «Этногенез және Жер биосферасы» еңбегі – түрлі ғылымдардың басын біріктіріп, өзара сабақтастыра қараудың аса қызықты үлгісі. Бұл тұрғыда ең алдымен тарих пен табиғаттанудың ықпалдасуы қызығушылық туғызары белгілі.

Өзінің әйгілі еңбегінде Л.Н. Гумилев гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының арасына алтын арқау орнатты. Ол этнология мен географияны, әлеуметтану мен биологияны, этнология мен физиканы, тарих пен топырақтануды етене жақындастырып, ғылыми шеберлікпен қиюын тауып қиюластыра білді. Л.Н. Гумилев кең ауқымды ғылыми категорияларды белсенді пайдаланады, олардың қызмет өрісін одан әрі кеңейте, ғылыми нысанына сәйкес сан алуан сипат береді.

Мәселен, ең алдымен нақты ғылымдарда қолданылатын энергия, жүйе, фаза сияқты ұғымдарды тарихи және этнологиялық оқиғаларды түсіндіру барысына орайластыра шебер қолданады.

Л.Н. Гумилевтің өзге де ғылыми туындылары сияқты «Этногенез және Жер биосферасы» еңбегі гуманитарлық және жаратылыстану білімдерінің тұжырымына сүйенген қазіргі заманғы пәнаралық мәселелерді шешуге үлкен ықпал етеді. (Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. – М. 1990. -С.62.).

Жер қыртысының (топырақтың) экологиялық қызметі туралы ілімді әрі қарай дамытуда да Л.Н. Гумилев идеяларының әсері айтарлықтай елеулі болды. Топырақтың этносфераға тигізетін ықпалын зерттейтін ілім, сонымен қатар, этногенездің көптеген процесін ашуға септігін тигізеді, өйткені жер қыртысының қызметі аса мәнді роль атқарады.

Л.Н. Гумилевтің ғылыми мұрасының шектес пәндерді дамытудағы, Жер табиғаты мен адамзат туралы біртұтас ілімді қалыптастырудағы мәні уақыт өткен сайын арта түсері күмәнсіз.

Л.Н. Гумилевтің көп қырлы мұрасының бағасы өлшеусіз, жаңашыл бағытын, жинақты тұжырымдамаларының көкейкестілігі бүгінгі таңда кеміген жоқ. Оның көптеген идеялары қазіргі заманғы ғылыми ізденістердің өзегіне, әрі қарайғы мәдени дамудың іргетасына айналып отыр.

Біз үшін аса құндысы – еуразиялық теория. Бұл идея біздің аймақтағы мемлекеттердің идеологиялық және саяси ілімдерінің (доктрина) негізіне айналып отыр. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жаңа идея жүзеге асырылып, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды.

Еуразиялық идеяның ғылыми-білім кеңістігінде жүзеге асуының бір көрінісі – Лев Николаевич Гумилев атын иеленген Еуразия ұлттық университетінің құрылуы болып табылады.

«Өзінің болмысымен, рухымен еуразияшыл» университет халықаралық ғылым-білім байланыстарын белсенді дамытып келеді.

ЕҰУ негізінде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекетгік университетінің қазақстандық филиалы ашылған.

Еуразия ұлттық университеті – бұл күнде Л.Н. Гумилев мұраларын оқып-зерттеудің және еуразиялық идеяны өрістетудің қазақстандық орталығына айналып отыр.

ЕҰУ-дің бірінші курс студентінің университеттегі алғашқы білім күні Л.Н. Гумилевтің өмір жолы мен шығармашылығы туралы дәріс тыңдаудан, еуразияшылдық теориясының мәніне ден қоюдан басталады. 2002 жылы 3-4 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Гумилев оқулары» атты Еуразиялық ғылыми форум өтті.

Конференцияға Еуразияның көптеген аймақтары (Астана, Алматы, Санкт-Петербор, Новосібір, Омбы, Том және т.б.) ғалымдарының зерттеулері ұсынылды.

2002 жылы 1 қазанда ғалымның 90 жылдық мерейтойына орай университетте Л.Н. Гумилев Кабинеті ашылды. Ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы Наталья Викторовна Гумилева сыйға тартқан жәдігерлер жинақталып, өзінің тәлімдік қызметін атқаруда. Еуразияшылдық теорияны зерттеуге қосқан үлестері үшін ғалымдарға университетте Л.Н. Гумилев атындағы сыйлық тағайындалған.

2003 жылдың Сыйлығы мен Алтын медалі «Қоғамды трансформациялау стратегиясы мен еуразиялық өркениеттің қайта тууы» және «Сындарлы он жыл» еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевқа берілді.




Тоқтарбай Қазбалинов,

өлкетанушы, журналист


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет