ЕУРАЗИЯШЫЛ ГУМИЛЕВ11
Жаһандану қарқыны үдеген уақытта ұлттық мүддені қорғау ісіне бір кісідей жұмылу қажеттігі артады. Нәтижесінде, қоғамдық-саяси ой зердесінде ұлттық мүддені қорғау мақсатындағы түрлі идеялар өмірге келіп, тамырын тереңге жайған ілімге айналып жататындығы да қалың оқырманға белгілі. Көзқарастан ілімге айналып, классикалық үлгіні иеленіп үлгерген сондай идеялардың бірі, қалың әдебиетте «еуразияшылық» деген атпен белгілі болған ілім. Осы тұста еуразияшылық идеясы туралы толғаныстардың мәні мен мазмұны бір арнаға тоғыспайтындығын да естен шығармағанымыз жөн. Олай дейтініміз, орыс зиялыларының осы мәселе төңірегіндегі көзқарастарының да алуан түрлі болуында. Мәселен, орыс зиялыларының арасында «Далалықтарға» қатысты пікір тұрғысында сан алуан көзқарастар қалыптасқан. Олардың бірі «моңғол-татарлар» төңірегінде сыңаржақ пікір қалыптасқандықтан, ақиқатты айтатын уақыт жетті, – деген пікірді ұстанса, екіншілері қыпшақтар мен моңғол-татар шапқыншылығына байланысты қалыптасқан қазіргі қоғамдық ойға қозғау салмау қажет деген пікірден айырылмай отыр. Әрине, бұл арнайы зерттелетін тақырыптардың бірі.
Еуразияшылдар қозғалысының тарихына көз жүгіртсек, оның алдымен шетелдегі орыс эмигранттарының арасында дүниеге келгендігін байқаймыз. Олар бүкіл халықтардың рухани дамуына үстемдік етуге ұмтылған Еуропаорталық көзқарас пен романдық-германдық мәдениеттің өзгелерді «елемеуге» деген ұмтылысын сынға алған еді. Кейін қозғалыс мүшелерінің көпшілігі славяншылдықты өздерінің рухани негізі ретінде тани бастағандығы да белгілі.
1980-жылдардың соңына қарай тарихи еуразияшылыққа деген қызығушылық арта түсіп, осы идеямен қаруланған тұлғалар қатарының саны артқандығы да белгілі. Сондықтан, ХХ ғасырдың соңында орыс қоғамында еуразияшылық идея жандана түсіп, Ресей ғалымдары ұлттық-мемлекеттік идеологиясыз халықтың күш-жігерін державаны қалпына келтіруге бағыттай алмайтындығын да жазуда.
Орыс ғалымдары Л.Н. Гумилевтің еуразияшылықты ғылыми теорияға айналдырғандығын, сондықтан осы теория негізінде орыс халқының, сонымен бірге Ресейдің өзге де жергілікті халықтарының мүддесін көздейтін ұлттық-мемлекеттік идеологияны жасау қажеттігін де іргелі мәселе ретінде көтеруде. Ұлттық, бірінші кезекте орыс проблемасын шешу ісінде Л.Н. Гумилевтің қағидаларын қажеттеріне жаратып, Ресей мемлекетінің геосаяси дамуына идеялар ұсынуда.
Еуразияшылық идеясының славян-түркі байланысын қайта жандандыруға өзек болатындығы бізге тиімді екендігі де рас. Осы көзқарасты жақтаушы ғалымдар Еуразия құрлығындағы ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды даму көзі ретінде қарастырады. Олар Ұлы дала тарихының әлемдік өркениетке қосқан үлесіне оң баға беріп, орыс тарихының «татарлармен» тығыз байланысатындығын көрсетті.
Ең басты мәселе еуразияшылық идеясын тарихи жүріп өткен ізімен және оны заманауи түсінікпен (тарихи шындықты бетке ала отырып) ұғынуда болып отыр. Себебі, тарих – қоғамдық сананы қалыптастырушы қуатты құрал. Үстем мемлекеттердің тарихи көзқарасты өздерінің саяси мақсаттарына орай пайдаланатындығы да ешкімге құпия емес. Мәселен, тарихтың жеткіншегі ретінде қалыптасқан этнология, этнография ғылымдарының саяси мәнін ешкім де жоққа шығармайды. Сондықтан, тарихи көзқарастарды зерделегенде ұлттық мүддені ешқашан естен шығармауымыз керек. Себебі, кейбір орыс ғалымдарының «Создание русским этносом из Московского княжества российской державы можно объяснить двумя основными причинами. Во-первых, высокой пассионарностью русского народа, которая позволила ему освоить необходимое жизненное пространство и навязать свою волю другим народам Евразии. Во-вторых, особенностью стереотипа поведения русских в области межнациональных отношений, в силу которой присоединенные народы не превращались в людей второго сорта, а вовлекались на равных правах в процесс государственного строительства» – деп жазғандары тарихи шындықты дәл көрсете алмайды. Сөзімізді Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Юрий Афанасьевтың: «Кез келген адамнан «Дмитрий Донской кім болған» деп сұраңызшы. Куликово шайқасы, татар езгісінен құтылу деп жауап береді
…Егер «татар езгісінен құтылу» дегенді Дмитрий Донскойдың өзіне айтса, ол есінен адасып кетер еді. Себебі, ол мойындайтын патша татар патшасы ғана болатын. Ал Мамай өзін хан жасағысы келген көлденең көк аттының бірі болды. Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған. «Татарлардан азат болу» деген сандырақты ол қабылдамас еді. Бірақ қазір осылай сөз саптау біздің тарихи қағидамызға айналып кетті» –деп айтқанымен дәлелдей аламыз. Ал, Л.Н. Гумилев көшпелі мәдениеттің тасымалдаушылары ғұндар, түрік халықтарының салт атпен жүріп Еуропа мәдениетіне шалбар киюді үйреткендігін де жазған-ды.
Осы тұста түркі дүниесінің Ресей тарихында алатын орны туралы тың пікірлерді де келтіруге болар еді…
Ресей ғалымдарының бірсыпырасы мемлекетті құрушы орыс этносы еуразияшылықты орыс идеологиясы ретінде қабылдамаған-дықтан, бұл идея құндылық деңгейінде қалып, күшке айналмады деп жазуда. Тіпті, еуразияшылықты орыс ұлтының дамуына қарсы идеология ретінде қабылдайтын да көзқарастар ара-тұра кездесіп қалады. Сондықтан, бір ұлтты биіктетіп, екіншілерін аласартып көрсету тарихты бұрмалау болып табылады деген пікірді ұстанамыз.
Орыс ғалымдардың пікірінше, Л.Н. Гумилевтің еуразиялық көзқарастары еуразиялық идея дамуының жоғары сатысы болып табылады. Сондықтан, осы шағын мақалада Л.Н. Гумилевтің еуразиялық көзқарастарының тарихи мәнін және оның қазақ ұлтының этникалық өздік сана мәселелеріне қатысты қырларын зерделеуге ұмтыламыз.
1970 жылдары кеңестік тарихнамада Л.Н. Гумилевтің еңбектерін зерттеу басталған-ды. Гумилевтің кеңестік тарихнаманың тезіне көнбеген этнос, этногенез, пассионарлық туралы көзқарастары, түйіндеп айтқанда, этнологиялық тұжырымдары бір жақты сынға ұшырағандығы оқырманға жақсы таныс. 1990 жылдардың соңында Л.Н. Гумилевтің тарихи тұжырымдарын еуразияшылықпен сәйкестендіріп, сонымен қатар этногенез мәселесінің жалпы заңдылықтарын айқындау ісіне алғашқы қадамдар жасауға ұмтылыс танытқан еңбектер жарық көре бастады.
Л.Н. Гумилев орыс идеясынан сусындағандықтан, орыс идеологиясын насихаттады. Ғалымның «Ресей өзін Евразиялық держава ретінде ғана құтқарып қала алады, тек евразияшылдық арқылы ғана» – деп жазғаны да белгілі. Ғалым Н.С. Трубецкой, П.Н. Савицкий және Г.В. Вернадский секілді ойшылдардың негізгі тарихи-әдіснамалық тұжырымдарымен келісетіндігін бірнеше мәрте айтып, алайда, «олардың этногенез теориясындағы басты мәселе – пассионарлықты ұғынуды ескермегендігін» жазған еді. Ғалымның пікірінше, этностар пассионарлық серпілістің нәтижесінде туындайтын табиғи құбылыс болып табылады.
Этнос өзінің өмір сүруіне қажетті әлеуметтік институттарды, соның ішінде мемлекетті қалыптастырады. Сонымен қатар, этностардың тұрмыс-тіршілігіне табиғи ортаның тигізер ықпалы тұрғысында көптеген тың ойларын қалдырған-ды. Мәселен, Л.Н. Гумилев 1966 жылдың 17 ақпанында өткен КСРО Географиялық қоғамының Этнография бөлімінің мәжілісінде «Этнос және ландшафт. Тарихи география халықтанудың бірі» атты баяндама жасайды. Ғылыми тұжырымдарға негізделген баяндама «талқылау үшін» редакциялық белгісімен екі жылдан соң ғана жарияланған еді.
Л.Н. Гумилевтің «Этностардың өзіндік сыртқы ерекшеліктерін анықтайтын этнография тәрізді сипаттамалы ғылыммен қатар этногенез және адамзат пен тірі және қатып қалған табиғат арасындағы өзара қарым-қатынастың мәселелерін шешетін халықтану (этнология) ғылымын шығару мүмкіндігі бар. Бұл жаңа ғылым өзінің пәні, аспектісі және әдістемесі бойынша гуманитарлық ғылым қатарына емес, жаратылыстану ғылымдарына жатады» – деген тұжырымы этнологияның дербес ғылым ретінде дамуы мемлекет ісінің алға басуына оңтайлы әсерін тигізетіндігін айқындап тұр.
Көшпелі халықтардың тарихы мен мәдениеті жөнінде көптеген еңбектер жазған зерттеуші, космолог, белгілі шығыстанушы, құрлықтардың өзара байланысы жөніндегі жаңа тұжырымдама мен жобаның авторы академик Джангар Пюрвеев Л.Н. Гумилевпен 1991 жылғы қазан айында соңғы рет әңгімелескен-ді. Сол сұхбатта Лев Николаевич өзінің еуразияшылық көзқарастарын анық айтқан еді: «Ұлттар табиғи түрде үлкен топтарға бірігеді, мен бұларды «суперэтностық топтар» деп атаймын. Этностық емес, суперэтностық. Біздің суперэтностық тобымыз Қытай мен Еуропаның аралығында жатыр және оның айрықша этностық нақышты тұтастығы бар. Бұл топтағы халықтар бірге болуға, бірін-бірі жақсы көріп, құрметтеуге тиіс. Бірақ, бұл – бірге болу әлдекімге еліктеу немесе қайтадан оқып, үйрену негізінде емес, әр ұлттың өзінің дербес мәдениеттері негізінде жүзеге асырылады. Әр халықтың өз мінез-құлық стереотипіне құқығы бар, ол өзін өзіне ыңғайлы деп тапқан орайда ұстай алады, халықтың осы ерекшелігімен санасу керек және бұл құрметтелуге тиіс. Сол себепті мен орыстарды қалай сыйласам, қалмақтар мен якуттарды да, қазақтар мен буряттарды да солай сыйлап, құрметтеймін. Олардың бәрінің де біртұтас еуразиялық отбасында бірге туған бауырлардай болуға толық құқығы бар». Сондай-ақ, ғалым халықтың тарихқа қосқан үлесі оның санына байланысты болмайтындығын, мәселен, Еуропа мәдениетіне саны миллионға жетпейтін байырғы гректер жұрттың бәрінен көп үлес қосқандығын түйіндеген еді. Осы тұста Алаш зиялыларының «Ел қалыңдауы мен мәдениет жоғарылауы арасында не сабақтастық бар? …Мәдениеттің негізгі себепкері ел тығыздығы деген тым көтеру болады…» – деген пікірін айта кеткеніміз жөн болар еді.
Тарихта еуропалықтарды елшілердің қауіпсіздігін сақтауға үйрету, еуропалықтардың әдет-ғұрпына дипломатиялық тиіспеуші-лікті енгізу дәстүріне моңғол шапқыншылығы себеп болды. Гумилев «Осы үшін де бүкіл әлемнің дипломаттары бірігіп, Шыңғыс ханға ескерткіш тұрғызуға тиісті еді. Шыңғыс ханға дейін елшілердің өміріне ұдайы қауіп-қатер төніп тұрды…» – деген-ді. Ғалымның негізгі ой-тұжырымы өркениеттің ортақ арнасы болмайтындығын, алайда қандай мәдениет болмасын адамзат тіршілігінде өзіндік терең ізін қалдыратындығын, ал жер бетіндегі халықтардың тұрмысы коммуналдық пәтердің тұрғындары тіршілігіне ұқсайтындығын, басты мақсат – бейбіт өмір сүру екендігін дәлелдеуге саятын еді.
Л.Н.Гумилевтің этногенез теориясы бойынша барлық тіршілік атаулының даму негізінде энергия жатады және оның ең жоғары көріну нысаны пассионарлық болып табылатындығы дәлелденді. Этнос немесе халық адам секілді өмірдің түрлі кезеңдерінен өтіп, белгілі бір уақыт шеңберінде энергиясын жаңа этностың дүниеге келуіне жұмсап, дүниеден өтетіндігі де жазылып, этнос ғұмырының (өмір сүру мерзімінің) теориялық негіздері жасалынды. Ғалымның пікірінше, этнос ғұмырының ұзақтығы бір мың екі жүз жылдан бір мың бес жүз жылға дейінгі аралықты қамтиды. Сондай-ақ, халықтың күні өтіп бара жатқан кезде оның ештеңеге қарамайтындығы, өзінен өзі жойылатындығы, өйткені, әлемдегі барлық нәрсенің басы мен аяғы бар екендігі ғалымның этногенез теориясының негізгі мәні болып табылады.
Сонымен қатар ғалымның «Бүгінгі таңда халықтардың сана-сезімінің өсуіне және орныққан жаңа геосаяси көзқарас-пікірлердің пайда болуына байланысты бұл проблема мүлде тың түсінікке – Еуразиялық мәдениет ұғымына ие болып отыр: бұл – Азиямен араласқан Еуропа емес; бұл – Еуропа да, Азия да емес; бұл – Еуропаға да, сол сияқты Шығыс және Оңтүстік Азияға да қарсы тұра алатын дербес бірегей тұтастық.
Егер бұрынғы КСРО-ның көпұлтты елдерінің халықтары жойылып кетпейтін болса, олар жаңа заман жағдайындағы өз мәдениетін жасайды. Осы мәдениет барынша тұрақты болады, ол Еуропаның да, Азияның да жолын қумайды, өзінің жеке шығармашылық күштерін, дербес бірегейлігін іздейтін болады. Бірақ бұл үшін жарқын тұлғалар – талантты адамдар қажет. Егер елде талантты адамдар көптеп пайда бола бастаса, мәдениет дүр сілкініп, жанданып, асқақтайды. Бұлай болмаса, ел құриды» – деген пікірлері де оқырманға жақсы таныс.
Сонымен, еуразияшылық футуристік бағыттағы дүниетаным-дық дәстүрлердің біріне жатады.
Классикалық еуразияшылық ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында историософиялық тұжырым мен қоғамдық-саяси қозғалыс ретінде орыс эмиграциясы арасында қалыптасқандығын, орыс зиялыларының батыс «өктемдігінен» құтылудың жалғыз жолы – Ресейдің ұлттық мүддесін дәріптеу идеясы деп ұғынғандығын жоғарыда айтып өттік. Өздерін «еуразияшылдықтармыз» деп атаған, білімнің түрлі саласын игерген ой иелері Ресейді ерекше мәдени, тарихи және жағрафиялық әлемде орналасқан, Еуропаға да, Азияға да жатпайтын дербес мәдени-тарихи үлгідегі «орталық өркениет» екендігін дәлелдеуге ұмтылған-ды. Әр ұлт зиялысының өз ұлты мен мемлекетіне қызмет етуі табиғи құбылыс.
Кез келген халықта пассионарлық тұлғалар болады. Алайда, Патшалық Ресей, одан қалды кеңестік Ресей тұсында қызыл империяның бұғауында болған халықтардың дара тұлғалары қолдан жойылып отырды. Ресейге көгендеулi болып, кiрiптарлық көрген заманда ұлт мүддесi ниеті жаттың тепкісінде қалып, ұлттық рухымыз жасыды. Билігі жоғарыға жағымпаздық, ұлт ісіне келгенде осалдық, жасықтық, әлсізге әлімжеттік, көз тоймас парақорлық секілді ар ілімін аяқ асты еткен жат қылықтар арамыздан бой көтерді.
Алаш зиялыларының «биіктеген сайын халыққа жақындай түс» деген аманатын бір кісідей ескермедік. Оның салдарын уақыт деген дана қарияның күндердің күні болғанда жақсылап ұғындырып беретіні де ақиқат. Дара тұлғаларды жою арқылы халық «қараңғылыққа» тоғытылды.
Себебі, кез келген ұлт өзінің зиялы қауым өкілдері арқылы ғана мемлекетшілдік сананы қалыптастырып, мемлекеттіліктің іргетасын берік қалайды. Дара тұлғалардың тарих көшін басқарудағы рөлі тым маңызды. Оны ұғыну арқылы ұлттың жанын ұғынамыз. Кенесары сынды дара тұлғалар ұлтқа қажетін беруге ұмтылады, өз жанын аямай ұлтын өрге сүйрейді. Ғұмар Қараш жазғандай, қажет болса елі үшін, күле де жанын береді.
Серікқали Бәйменше,
филология ғылымдарының докторы
ХАЛЫҚТЫҢ ТАРИХҚА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ОНЫҢ
САНЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БОЛМАЙДЫ12
(Гумилевтің соңғы сұхбаты)
Белгілі шығыстанушы, қалмақ жұртының қайраткер ұлдарының бірі, академик Джангар Пюрвеев – көшпелі халықтардың тарихы мен мәдениеті жөнінде көптеген еңбектер жазған зерттеуші, космолог, құрлықтардың өзара байланысы жөніндегі жаңа тұжырымдама мен жобаның авторы. Сондай-ақ ол ұзақ жылдар бойы Лев Николаевич Гумилевпен достасып, өзара тығыз қарым-қатынаста болған.
Джангар Бадмаұлы Пюрвеев осынау бір дәуірдің жарқын жұлдызына айналған ардақты тұлға – ұлы ғалым Л.Н.Гумилевтің соңғы рет әңгімелескен сәтін (1991 жылғы қазан айы) қағазға түсірген екен. Автордың қалауымен һәм келісімімен осы сұхбатты біршама ықшамдап аударып, қазақ оқырманының назарына ұсынып отырмыз. Әйгілі тарихшымен сұхбаттасушы өз сұрақтарының денін қалмақтарға байланыстырып қойғанымен, тарихи тағдырларының ортақтастығына орай Лев Николаевич Гумилевтің жауаптары қазақтардың кешегісі, бүгіні мен болашағына да қатысты екені талас тудырмаса керек.
– Құрметті Лев Николаевич, сіздің этногенез жөніндегі теорияңыз этнологияның іргетасы болып қаланды. Сіздің іліміңіз, ғылыми-тарихи көзқарасыңыз бүгінде бірегей құбылыс болып отыр. Шын мәнінде, Сіз жаңа этнологияға табиғи-тарихи тамырларды сіңіріп, оның тың теориялық негізін қалаған адамсыз. Әлбетте, өмірдің өткелектері мен қиын-қыстау асуларынан өткен кез келген тұлғаға өз шығармашылығының жемістерін, ғылыми идеяларының жүзеге асырылғанын, есімі мен еңбегін елдер бағалап, халықтар құрметтеп жатқанын көзі тірісінде көру көп бұйыра бермеген ғой. Сіз саналы ғұмыр сүрдіңіз, көптеген көкейкесті, көрнекті кітаптар жаздыңыз. Сондай сәтте “Бұл өмірдің мәні неде?” деген сауалға бойлап көрдіңіз бе?
– Өмірдің мәні неде екенін, шынымды айтсам, білмеймін. Ал менің өмірімнің мәні – өзім шексіз сүйген Азияның көшпелі халықтарының даңқын асырып, дәрежесін көтеру болды.
– Көшпелі қалмақ жұртының өкілі болғандықтан, сізден мұндай сөзді есту мен үшін әсте сүйінішті, әрине. Осы халықтардың атынан сізге деген ыстық ықыласым мен ізгі тілегімді жеткізе отырып, моңғолдардың: “Ең алдымен өзінің халқын сүйіп, құрметтейтін адам ғана өзге жұртты кіршіксіз сыйлап, шынайы сүйеді” деген мақалын еске түсіре өткім келеді. Сізді де түсініп отырмын: әдетте оқымысты адамдар өмірдің мәні жайында сиректеу сөйлейді, ішкі сарайын айқара ашып, ағынан да жарыла қоймайды. Дегенмен, көрнекті ғалым, біртуар тұлға ретінде бұл өмірдің мәніне тоқталып өтіңізші.
– Менің ойлауымша, өмірдің мәні (мұны ешкімге таңғалы отырғаным жоқ – дүниеге келгеннен бастап, адамды өле-өлгенше аңдып жүретін ажал жеткенге дейін лайықты өмір сүру.
– Сіз ұлы орыс мәдениеті дәстүрінің мұрагері әрі сол дәстүрді жалғастырушы ретінде көп ұлтты қауымдастығы қалыптасқан мемлекеттік жүйенің ыдырауына және сонымен бір мезгілде халықтардың ұлттық сана-сезімінің өсу проблемасына, жалпы ұлт пен мәдениет мәселесіне қалай қарайсыз?
– Ұлттар табиғи түрде үлкен топтарға бірігеді, мен бұларды суперэтностық топтар деп атаймын. Этностық емес, суперэтностық. Біздің суперэтностық тобымыз Қытай мен Еуропаның аралығында жатыр және оның айрықша этностық нақышты тұтастығы бар. Бұл топтағы халықтар бірге болуға, бірін-бірі жақсы көріп, құрметтеуге тиіс. Бірақ бұл бірге болу әлдекімге еліктеу немесе қайтадан оқып, үйрену негізінде емес, әр ұлттың өзінің дербес мәдениеттері негізінде жүзеге асырылады. Әр халықтың өз мінез-құлық стереотипіне құқығы бар, ол өзін өзіне ыңғайлы деп тапқан орайда ұстай алады, халықтың осы ерекшелігімен санасу керек және бұл құрметтелуге тиіс. Сол себепті мен орыстарды қалай сыйласам, қалмақтар мен якуттарды да, қазақтар мен буряттарды да солай сыйлап, құрметтеймін. Олардың бәрінің де біртұтас еуразиялық отбасында бірге туған бауырлардай болуға толық құқығы бар.
– Бүгінгі ақиқатқа жүгінсек, қазір әлемде саны аз халықтар баршылық. Керісінше, саны көп халықтар да аз емес. Адамзат өркениетінің тарихына әр халықтың қосқан үлесін қалай бағалауға болады және бұған халық санының қандай да бір әсері, қатысы, маңызы бола ма?
– Халықтың тарихқа қосқан үлесі оның санына байланысты болмайды. Мәселен, Еуропа мәдениетіне саны миллионға жетпейтін байырғы гректер жұрттың бәрінен көп үлес қосты. Олардың аз ғана бөлігі мәдениетке өз үлесін қосса, қалғандары тауда өмір сүріп, мал бағып күнін көрді. Бірақ ежелгі Афины, Коринф, Спарта және Сиракузы аз болса да, адамзатқа өте көп нәрсе берді. Сол себептен мен, мысалы, саны аз моңғол және қалмақ халықтары Еуропа мәдениеті үшін өте көп нәрсе жасады деп есептеймін. Бүгінде жұрттың көбі ұмытып барады, ал шынында еуропалықтарды елшілердің қауіпсіздігін сақтауға үйреткен, еуропалықтардың әдет-ғұрпына дипломатиялық тиіспеушілікті енгізген нақ осы моңғолдардың жорығы болатын. Осы үшін де бүкіл әлемнің дипломаттары бірігіп, Шыңғыс ханға ескерткіш тұрғызуға тиісті еді. Шыңғыс ханға дейін елшілердің өміріне ұдайы қауіп-қатер төніп тұрды…
– Сіздің “Қиял патшалығын іздеу” кітабыңызда бейнелеп берілетін шалбар жайын айтпағанда дейсіз ғой.
– Иә. Римдіктер шалбарсыз, тога (жеңсіз ұзын жамылғы) киіп жүрді; көне гректер мантия (ұзын шапан) киіп жүрген жоқ, кең мата шүберекке оранып жүрді. Ал атқа салт мінетін ғұндар, түркілер мен моңғолдар Еуропа мәдениетіне шалбар киюді енгізді.
– Саны аз қалмақтардың орыс мәдениетінің қалыптасуына қосқан қолтаңбасы аз емес… Өзара мәдени байланыстағы халықтардың өзіндік үлесін қалай бағалар едіңіз?
– Орыс мәдениетінің дамуында қалмақтардың белгілі бір рөл атқарғаны рас, мұны ілтипатпен атап өткен жөн. Бағалау жағына келсек, бағаны жалпы уақытқа қатысты, заманға қатысты беру жарасымды бола қоймайды, баға базарда ғана болады. Бағалау деген түсінікті ғылымға енгізген иудейлік көпестер еді. Тегінде, бағалау – біздің ісіміз емес, біздің ісіміз – бейнелеп түсіндіріп, жүйелеп баяндау, мазмұндап, хаттау. Халықтардың мәдениетін, қызметін, шығармашылығын, қаһармандығын, қадір-қасиетін және т.б. осындай өзіндік өрнекті сипаттарын қандай да бір материалдық есептеулер білдіре алмайды, бұларды ақшаға шағуға болмайды. Халықтарды бір-бірімен жасы жағынан ғана салыстыруға болады. Бір халық ерте пайда болады, бір халық кеш пайда болады…
– Жұмыр жеріміз біртұтас болса да, Шығыс пен Батыстың тайталасы өнерге де, мәдениетке де сіңісіп бара жатқан сияқты. Үшінші мыңжылдыққа кірген кезімізде екі мәдениеттің қайшылығы, қарама-қарсылығы болуы мүмкін деп ойлайсыз ба?
– Олар әрқашан қарама-қарсылықта болады, бірақ ешқашан жоғалып кетпейді. Жер бетінің адам мекендейтін бір бөлігінің (Ойкумена) екінші бөлігімен нақ осы өзара күресінің арқасында адамзат дамып келеді. Бірақ адамзаттың Жер бетіндегі қазіргі тіршілігі өте үлкен коммуналдық пәтердегі сияқты. Әдетте мұндай пәтерде тұратын адам барлық көршілерімен бірдей қарым-қатынаста бола алмайды. Біреуімен дос болуы мүмкін, екіншісімен ренжісіп қалуы мүмкін, үшіншісімен мүлде сөйлеспей жүруі мүмкін. Міне, Жер бетіндегі халықтар да осындай коммуналдық пәтерде тұрады. Бұлардың ең басты мақсаты – бір-бірінен бөлек тұрып жатса да, бейбіт өмір сүру.
– Өркениеттің ортақ арнасы, дамудың ортақ желісі бола ма?
– Ортақ нәрсе жоқ. Әркімнің өз жолы, өз бағыты бар.
– Бәрібір еуропалық, шығыстық және басқа деген сияқты ортақ мәдени үлгілер болады ғой…
– Әлбетте. Алайда олардың біреуін артық, біреуін кем деп айтуға болмайды. Себебі, бос уақыт орайында немесе ойланып, толғану мүмкіндігі жағынан көшпелі мәдениет еуропалық мәдениеттен әлдеқайда биік тұр. Еуропалықтың үнемі қолы бос болмайды, ал қырдың басында жайбарақат малын жайып отырған моңғолдың немесе қазақтың ойы әрқашан еркін, кең; ол шаршап, шалдығып жатқан жоқ; сондықтан дүниені сырттай қарап, барлап, меңзей отырып, ойға шомады. Шығыста талай ойшыл, таңғажайып адамдар болған. Олар Қытайдан немесе Еуропадан тапқан, көрген ең бағалы нәрселерін бойына сіңіріп, ой елегінен өткізіп, мұның бәрін өз халқы үшін, өзі үшін өңдеп, кәдеге асырған.
– Яғни, отырықшы-жер игеру ғылымы мен мәдениеті және серпінді көшпелілік. Солардың тоғысқан торабында үйлесімді өркениет пайда болды ғой?
– Тоғысқан торапта, өкінішке қарай, химерлер, бір-бірімен мүлде үйлеспейтін екі элементтің сапырылысып, араласуы пайда болды. Олар өте тұрақсыз еді, бойларында көп ештеңе бола қойған жоқ, сондықтан тез жоғалып отырды. Бірақ көп залал келтірді, ұштасып, жалғасудың орнына ұрысып, жанжалдасуды көбейтті, ұдайы болған дау-дамайлар көп қантөгіске тап қылды.
– Егіншілікпен айналысқан халықтар көшпелілерден көп нәрсе алса, көшпелілер де жер игерушілердің жетістіктерін пайдаланып, оларды өз қоғамына бейімдеп отырды емес пе?
– Көп нәрсе ала алса ғой… Өйткені, егіншінің кәдесіне жараған кейбір нәрселер көшпелінің пайдалануына мүлде келмейтін. Немесе, керісінше. Мәселен, тропикалық климатына орай Қытай елі қой баға алмады, ондағы ыстық, жыл маусымына қарай ауысып соғатын жел, ұдайы болатын ылғалдылық қой өсіруге жарамады. Ал көшпелілер күріш өсіре алмады, оларға күріш өсіру өте қиын болды, тіпті мүмкін емес-ті. Сондықтан олар ет пен сүтті көбірек ішіп, жеді. Қытайлықтар дәмі нашар деп әлі күнге дейін сүт ішпейді ғой. Бұдан біз адамның Табиғатқа бейімделуінің әртүрлі нысандары болғанын көре аламыз.
– Шолып айтатын болсақ, сіз жасап шығарған этногенез теориясы бойынша барлық тіршілік атаулының даму негізінде энергия жатады және оның ең жоғары көріну нысаны пассионарлық болып табылады… Соның арқасында адам дүниеге келеді, белгілі бір егде жасқа жетеді, қартаяды, энергиясын жаңа тіршілікке беріп, өмірден өтеді. Адамдардың этнос немесе халық деп аталатын қоғамдастығы да осындай кезеңдерден өтеді, сөйтіп ол да жаңа этностың тууы үшін энергетикалық негіз бола отырып, өмірден көшеді. Бұл этногенездің, этнос өмірінің, ұзақтығының, өмір сүру мерзімінің теориялық негіздері. Іс жүзінде адамның Жер бетінде өмір сүру мерзімі мен уақыты орта есеппен жүз жылдың шамасында екені белгілі. Ал этностың өмір сүру ұзақтығы қандай болады? Осыны қалмақтармен байланыстырып айтуға бола ма?
– Этностың ұзақтығы бір мың екі жүз жылдан бір мың бес жүз жылға дейінгі аралықта болады… Қалмақтар – моңғолдардың бір бөлігі, Х ғасырдың ең соңына таман туған моңғолдардың батыс бөлігі. Қазір олар бір мың жылдан астам өмір сүрді, бұл жарты өмірден артық, бірақ олардың өмірінің үштен екісінен көп емес. Қалмақтар әлі ұзақ өмір сүреді, алдағы бес жүз, алты жүз жылда олар игілікті тіршілік кешетін болады деп үміттенемін. Қазіргі маңызды нәрсе бұл емес. Маңызды нәрсе – этностың өзін өзі ұстауы. Егер қалмақтар өздерін қонақжай, ортақ іске жаны ашитын, мәдени және әлеуметтік ауқымда көп жұмыс істейтін, яғни мәдени-тарихи және табиғи мінез-құлық стереотипі шегінде өмір сүретін нағыз қалмақ этносы сияқты ұстайтын болса, олар аралық буын ретінде өмір сүре беретін болады.
– Ал олардың бірте-бірте өз мәдениетін, дербес тілін жоғалтып, басқа халықтармен сіңісіп, ұқсасып кету жайына қалай қарайсыз?
– Бұл болады және болмай қоймайтын құбылыс. Қартаю – барлық тіршілік атаулының табиғи заңы. Даму дегеніміздің өзі туу, қартаю және өлу. Бірақ өлімнен қорқу қисынсыз ерсілік болар еді, өйткені ол болмай қоймайтын нәрсе. Орыстарды, ағылшындарды, гректер мен көне римдіктерді жаңа ұрпақтың алмастыратыны сияқты қалмақтардың орнына да жаңа, жас халық келеді және олар өз этногенезінің өрімінде немесе өмірлік циклында өмір сүретін болады.
– Бір халықтың тарихи қатпарынан жаңа, жас халықтың өркені өсіп шығады дейсіз ғой…
– Халықтың күні өтіп бара жатқан кезде ол ештеңеге қарамайды, өзінен өзі жойылады, бұған ешқандай да оптимизмнің не пессимизмнің қажеті болмайды. Ақыры келген кезде ақырына жетеді. Әлемдегі барлық нәрсенің басы мен аяғы бар…
– Нақты табиғи ортаға, белгілі бір уақыттық кеңістікке бейімделген адам мәдени жағынан бейімделе ала ма, әлде бұл сол қоршаған ортаға сіңісудің табиғи үдерісі ме?
– Адамға әрқашан бейімделуге тура келеді. Не бейімделеді, не өледі, басқа жол жоқ. Бірақ табиғи ортаға бейімделу әлі де мәдениетті жасау үшін жеткіліксіз. Бұл аз. Адам осы болмыстың соқпақ-жолдарын іздегені сияқты, бөгде болмысқа да баратын жолдарды іздейді.
– Әр халықтың пассионарлық өрлеу кезеңі жарқ етіп көрінетін тұлғаларымен сипатталатыны белгілі.
– Жарқын тұлғалар мен олардың жолын қуушылар көптеп пайда болады, өйткені жолын қуушылары, ізбасарлары болмаса, тұлға ештеңе де істей алмайды. Мұндай жолын қуушылардың саны қанша екендігін біз байқамаймыз, ал жекелеген тұлғалар тарихтың қандай да бір аралдары сияқты қала береді. Біз бұл тұлғаларды білеміз, назар аударамыз, көңіл қоямыз, бірақ олардың рөлін түсінбейміз.
– Кейбір аз халықтардың пассионарлық шарықтауының табиғи үдерісі болған тұлғаларын қоғамдық жүйе жасанды түрде отап, қырқып отырды ғой. Тұлғалары болмаса, этнос қалай дамуы мүмкін?
– Аз халықтарды ғана емес, саны көп халықтардың да тұлғаларын қырқып, отап отырды… Не жаңа тұлғалар туады, не этнос құриды.
– Осындай жүйелі түрдегі қырқып, отаудың салдарынан талай халық селдіреп қалды, соның бірі қалмақтар десе болады…
– Біздің орыс халқын да оңдырған жоқ. Орыстың біртуар тұлғаларын 1956 жылға дейін ұдайы және үзіліссіз жойып, отап, қырқып отырды!
– Тұлға болуға жарайтын талайлар елдің түкпір-түкпірінде жүріп жатты, оларға қол жеткізе алмады ғой…
– Оларды әлі көре қойған жоқ еді, сондықтан жойып үлгере алмады…
– Қалмақтар ежелден мал баққан, даланың табиғи-климаттық жағдайларына бейімделген халық. Кешегі қуғын-сүргін жылдарында Сібірге тап болған кезде, олардың өздеріне тән емес басқа кәсіппен айналысуына тура келді. Байырғы малшылар амалсыз ағаш кесуші, механизатор, орманшы, т.б. болып істеді. Ал кейін ақталып, отанына оралған кезеңде халықтың басым көпшілігі малшы болудан бас тартты, сөйтіп этнос моральдық-психологиялық тұрғыдан мертікті, шатынап, жарылды.
– Мұндай жағдайды орыстар да басынан кешірді, қуғын-сүргін кезеңінде олар оқи алған жоқ, қайткенде де өлмеудің амалын іздеді. Ал кейін лагерьден қайтып оралған кезде, олардың басым көпшілігі рухани тұрғыда нақ солай сынып, мертіккен болып шықты. Сол себепті қазір біздің мәдениетіміз мардымсыз, жұтаң, бос қаңырап тұр. Ескінің осы қателігін түзейтін жаңа ұрпақтың пайда болуымен ғана пассионарлық ұшқын өршуі мүмкін.
– Жаңа ұрпаққа жаңа көзқарас, жаңа дүниетаным бағдарлары керек.
– Бұл жағдайда жазу мәдениеті мен кітап басу ісі игілікті рөл атқарады. Адамдар осылар арқылы жетілуге тиіс. Оқып, білім алғанда ғана бір кезде өздері құлап түскен деңгейге қайта көтеріле алады. Бұлай етпесе, сол түсіп кеткен ордан шыға алмай отыра береді.
– Енді үшінші мыңжылдыққа қуатты серпін беретін идеялар қозғалысына экскурсия жасап көрейік. Әңгіме Еуразия континентіндегі табиғи және этностық процестердің дамуындағы белгілі бір заңдылықтар жайында, бір кездегі төңкерістердің салдарынан Ресейден қуылып, кейін еуразияшылар үйірмесі сынды рухани туыстық отауын құрған ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ресейлік ғалымдар мен ойшылдардың тұжырымдары туралы ғой. Бұлардың сапында есімдері көпшілікке белгілі Н. Трубецкой, Г. Вернадский, П. Савицкий, Н. Очиров, Х. Даван және т.б. болды. Осы шоғырға Н. Рерих, Н. Гумилев, С. Ольденбург, Г. Грумм-Гржимайло және сіз кіресіз.
– Бүгінгі таңда халықтардың сана-сезімінің өсуіне және орныққан жаңа геосаяси көзқарас-пікірлердің пайда болуына байланысты бұл проблема мүлде тың түсінікке – Еуразиялық мәдениет ұғымына ие болып отыр: бұл Азиямен араласқан Еуропа емес; бұл Еуропа да, Азия да емес; бұл Еуропаға да, сол сияқты Шығыс және Оңтүстік Азияға да қарсы тұра алатын дербес бірегей тұтастық. Егер бұрынғы КСРО-ның көп ұлтты елдерінің халықтары жойылып кетпейтін болса, олар жаңа заман жағдайындағы өз мәдениетін жасайды. Осы мәдениет барынша тұрақты болады, ол Еуропаның да, Азияның да жолын қумайды, өзінің жеке шығармашылық күштерін, дербес бірегейлігін іздейтін болады. Бірақ бұл үшін жарқын тұлғалар – талантты адамдар қажет. Егер елде талантты адамдар көптеп пайда бола бастаса, мәдениет дүр сілкініп, жанданып, асқақтайды. Бұлай болмаса, ел құриды.
– Солай ғой. Бірақ елдегі тәрбиелеу, оқыту, рухани және материалдық құндылықтарды қалыптастыру жүйесі жетпіс жыл бойы идеологиялық жағынан біржақты болып, даму мен ойлаудың ортақ желісіне таңылған гегемонистік бағдармен жүргізілді емес пе? Халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлері ауыстырылып, қолдан құрастырылып жатты, тіпті соларға тыйым да салынды ғой. Мысалы, қалмақтар да, КСРО-ның көптеген халықтары сияқты Шыңғысханның мәдени-тарихи дәстүрлерінің мұрагері еді, алайда бұл пікір бір-біріне айдап салуға арналған идеологиялық құрал қызметін атқарды, әрқашан зиянды әрі мемлекетке жат деп саналып келді.
– Бұл дүниеде жақсылықтан басқа жамандық та бар. Будда заңы бойынша, жамандықтың, жауыздықтың, қастықтың мәні – білімсіз топастық, қаһарлы ызақойлық пен өшпенді кекшілдік. Егер осы жамандықты жеңіп, білімге, қайырымдылыққа һәм өзара құрметтеушілікке қол жеткізе алсақ, біз әрқашан да өмір сүре беретін боламыз.
– Бірақ жамандық жақсылықтың шапанының шалғайына оралып алып, өзінің арам ойын иланымды, тіпті талантты түрде жүзеге асыра беруі де мүмкін-ау! Біздің жақта бір талантты ақын бар, ол әр уақытта конъюнктура мен биліктің пайдалы биігінде бола білді, кезінде заманның ыңғайына қарай өз халқының тарихын, қадір-қасиетін бұрмалауға да қысылып-қымтырыла қойған жоқ…
– Бұл жалғыз сендерде емес, барлық жерлерде де болды. Жақсылықты ғана емес, жамандықты да асқан шеберлікпен жасауға болады.
– Алайда халық осындай ұстаздардың кітаптарын оқыды, классикаға айналдырды, соларға сенді. Ал уақыттың тезіне түскен шақта бұлардың аса бір ізгі ақиқат емес екендігіне көз жеткізді. Демек, тарихты қайта жазу керек, жаңа дүниетанымдық көзқарастар, жаңа әдістемелер қажет. Бірақ сол оқулықтар мен кітаптар жоқ болып отыр емес пе?
– Иә, жаңа кітаптар, жаңа оқулықтар жазу керек. Тарихты қайта жазу қажет. Мен осымен айналыстым, тарихи тақырыпқа арнап он кітап жаздым. Бірақ бәрін жаза алғаным жоқ. Мен өзімнің жаза алғанымды ғана жаздым. Әркім өз шамасына қарай. Менің жазып үлгере алмағандарымды кейін әбден ойластырып, әрі қарай жалғастырып жаза алатын адамдар табылады ғой деп ойлаймын.
– Сіз жастарға арнап кітап жазғалы жүр едіңіз.
– Иә, Ресейге арналған кітап жазсам деген ой болған. Мен бұған дейін Даланы мекендеген халықтар туралы түбегейлі жазуға тырыссам, енді Ресейдің өз тарихы туралы үш том кітап жаздым…
– Өзіңізге белгілі, 1990 жылы «Континенттердің ұлы ұштасуы» жобасының тұсауы кесілді. Осы жоба бойынша «Адамзаттың ұлы көші жолымен» деп аталатын халықаралық экспедицияны бастау ұйғарылды. Жоба мен экспедицияның стратегиялық әрі ғылыми-теориялық негізіне сіздің «Этногенез және Жердің биосферасы» теорияңыз, бірқатар белгілі ғалымдардың, жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің Сібір мен Еуразия туралы, халықтардың көші-қоны мен басқа да мәселелер жөніндегі тарихи, медициналық-биологиялық, экологиялық, географиялық зерттеулері, философиялық-мәдени көзқарастары негіз етіп алынған… Экспедицияның еуразиялық деп аталған бірінші кезеңі Мәскеуден бастау алып, Чукоткада аяқталуға тиіс. Әрі қарай Солтүстік және Оңтүстік Америкаға сапар басталады… Осыған орай, Лев Николаевич, сізде қандай жаңа материалдар мен көзқарастар пайда болды?
– Татар филологы Каримуллиннің қызық зерттеулері бар екен. Ол дакот және түркі тілдерінің филологиялық өзара байланысын зерделепті. Зерттеушінің атап көрсетуінше, түркі халықтарының тілдік ортасында дакот тілінің сөздері барынша мол болып шыққан. Мысалы, «қаған» деген сөз дакот тілінде «оакған» деп айтылады әрі тілдік те, мағыналық та мәні бірдей. Бұл Висконсия мұздары жойылып, халықтардың Америкадан Сібірге еркін көшіп-қонып жүрген кезіндегі континенттер арасындағы көне заманнан орныққан өзара байланыстың жемісі. Бұрын халықтар Америкадан Сібірге қарай жүрсе, қазіргі заманда Сібірден Америкаға қарай жүреді ғой. Демек, ескі заманнан бері халықтар ұдайы араласып тұрды, бұл біздің эрамыздың І ғасырына дейін созылды.
Кейін оңтүстік теңіздерден келген эскимостар Курил аралдарын, Алеут аралдарын, Беринг бұғазының жағалауларын, Американың Гренландияға дейінгі солтүстік бөлігін басып алды. Олар үндістерді қиыр оңтүстікке дейін ысырып тастады, бұдан кейін үндістер оларды солтүстікке дейін шегіндірді. Қазір көне дәуірдегі сол қастасқан қарсылықтар жоқ.
Мен сіз айтып отырған экспедиция халықтар қалыптасуының ескі кезеңдері жөнінде, олардың бұрынғы тарихы туралы, сондай-ақ халықтардың әртүрлі ландшафттарға бейімделуінің географиялық тақырыптары бойынша көптеген қызықты материалдарға қол жеткізеді деп үміттенемін.
– Колумбтың Американы ашқанына да 500 жыл болып қалды. Бірақ бұл аймақтағы әлеуметтік және ұлттық мүдделердің өзара араласып кетуі белгілі бір проблемалар тудырды… Еуропалық өркениет пен аборигендік мәдениеттің тайталасы байқала бастады…
– Америкалық мәдениеттер (үлкендері) – өлі туған мәдениеттер болды. Өйткені, олар басып алушылардың жергілікті үндіс тайпаларын асқан қатыгездікпен езіп қанауының негізінде құрылды. Латын Америкасын жаулап алушыларға қарсы үндістер елеулі қарсылық көрсете алмады. Қазір олар шым-шытырық араласып кетті, соған сәйкес жаңа пассионарлық пайда болды. Латын Америкасының болашағы зор…
– Бұл пассионарлық серпін тууға тиіс өңір. Мұны жұлдыз жорамалдаушылар да, басқалар да айтып жүр. Бірақ онда әзірге жер үстінің апаттары мен астан-кестен өзгерістері байқалуда.
– Қазір бұл өңір ауыр кезеңді бастан кешіруде, себебі ескіні жаңа ауыстыратын кезде әрқашан астан-кестен өзгерістер болады. Біраз уақыт, бірнеше ғасырлар өткен соң мұның бәрі орнына келеді, Латын Америкасы өзінің дербес, жеке мәдениетін жасап, меншікті кеңістігін қалыптастырады. Бұған еуропалықтар да, азиялықтар да құрметпен қарайтын болады, сөйтіп осы арқылы жұмыр Жердің байлығы арта түседі.
– Бұл сонда тұтас бір құбылыс бола ма?
– Мұның саяси жағынан қандай тұтастығы болатынын білмеймін, бірақ ол мәдени жағынан тұтас ел болады.
…Қорыта келгенде, жер беті біртұтас дүние болса да, ол сан алуан нақыштарға толы. Біздің жеріміз сан түрлі. Осы сан алуандық, осы әр түрлілік мәдениеттердің ең бағалы өзіндік бірегейлігін сақтап, оның дамуына барынша мүмкіндік береді, қарыштап өркендеуіне кең жол ашады.
Достарыңызбен бөлісу: |