Л. Н. Гумилев: этногенез теориясы


ЛЕВ ГУМИЛЕВ – ҰЛЫ ӘУЛЕТТІҢ ӨКІЛІ4



бет3/14
Дата23.02.2016
өлшемі1.1 Mb.
#7276
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ЛЕВ ГУМИЛЕВҰЛЫ ӘУЛЕТТІҢ ӨКІЛІ4
Бұрынғы Рязань уезінде (қазіргі Рязань облысы – Ресей) Желудево дейтін селода Христорождественский шіркеуі болған. ХІХ ғасырдың басында соның дьячогі (православие дінінің кіші діни попы) Яков Федорович Панов священниктің (православие дінінің попы) қызы Матрена Григорьевна Гумилеваға үйленді де өз фамилиясын тастап, Яков Федорович Гумилев деп әйелінің фамилиясына көшті. Бұл оқиға 1844 жылы болды. Бір жылдан соң Матрена Григорьевна ұл тапты да оған Стефан деген есім бергізді. Стефан Яковлевич Гумилев Рязань қаласындағы діни семинарияны оқып бітірген соң Мәскеу университетінің медициналық факультетіне оқуға түсіп оны әскери емгер (военврач) болып бітіріп, Теңіз ведомствосына офицерлерді емдейтін ауруханада жұмыс жасады.

Медициналық қызметпен жүрген Стефан Яковлевич 40 жасында екiншi рет 22 жастағы Анна Ивановна Львоваға үйлендi. Бұл қыз Ресей флотының адмиралы Леонид Иванович Львовтың ең кіші қарындасы болатын. Львовтар Ресейдің ең бай помещиктері еді. Анна Львова Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын жаттап, «маған бір жігіт ғашық болса ғой» деп аңсап жүріпті. Білімі аз, арақ ішкіштерді маңайына жуытпаған.

22 жастағы қыз өзінен 18 жас үлкен Стефанға күйеуге барамын деп келісімін бірден берді. Бұл неке бақытты болды. 1886 жылдың 15 сәуірінде олардың жанұясында Николай деген ұл дүниеге келді. Мына балаларыңыз тым дарынды болып, мазасыз өмір кешеді. Жасы қырықтан аса қоймас, – деді оны бағушы нянька кемпір әлгі сәбиді сынап. Бұл сөз баланың әке-шешесіне оншама ұнаған жоқ. Бірақ айтылған сөз атылған оқ сияқты, кемпірдің айтқаны кейіннен дәл келді.

Әлгі айтылған Николай Стефанович Гумилев анасы Аннаның қатал принципті тәрбиесінен өтті. Жастайынан өте діншіл болып өсті. Бір ғажабы Николай жеті жасында оқып та, жаза да алатын болды. Ал 8 жасында өлең мен әңгіме жаза бастады. Мұндай ғажапты естіген Ресей ақындары мен жазушылары таң қалысты.

Сөйтіп, Николай Стефанович Гумилев 22 жасында 1908 жылы алғашқы өлеңдер жинағын шығарды. Енді жас ақын өзі ғашық болатын қыз іздеді. Ол көп ұзамай Львовтар имениесінен табылды. Бұл Маша Кузьмина-Караваева дейтін талдырмаш келген өңді арық қыз болатын.

Николай қызға өзінің ғашықтығын айтқанда Маша қуанып жылады. Бірақ ол өзінің қатты сырқат екендігін жігіттің алдына жайып салды. Соңғы рет Николай Гумилев әлгі қызды 1911 жылы 24 желтоқсанда көреді. Маша Кузьмина-Караваева, қазасына қайғырып ақын Николай «Адасқан трамвай» атты өлең шығарды.

Бір күні Николай Стефанович Гумилев Петербургтың «Гостиный двор» (ол Нева проспектісінде) атаулы әмбебап дүкенінде шырша сатып алып жүрген 14 жасар Аня Горенко деген жас қызды көрді. Бұл 1903 жылы болған оқиға.

1889 ж. туған Анна Горенконың шешесі ескі Ресей дворяны Шыңғыс ханның ұлы Жошы дейтіннің ұрпағы болатын. Осыны жіліктеп айтсақ, 1735 жылы Шыңғыс ханның Жошы ұлы ұрпағы Ахмат Петербургта ескі дворян сословиесіне жазылып, православие дінін қабылдады. Ол ұлымен бірге 1735 жылы Петербургта баспахана ашты. Орыстың «Петербургские ведомости» және «Московские ведомости» газеттері осы баспаханадан шығып, Ресейге тарайтын. Бұл әңгіме тым ұзақ. Оны қысқартып айтсақ кейінде Ахмат ұрпағында еркек кіндіктілер таусылып, ылғи қыздар ғана қалды. Жошыдан бүгінде тараған қазақтар да көп. Сөйтіп Ахматтың аты өшіп қалды. Осы себепті Ахматтың жиеншарының жиеншары Анна арғы нағашы атасының атын тірілту үшін Ахматова деген фамилия алды. Сөйтіп Анна Андреевна Ахматова-Горенко (1889-1966) болып жазылды.

1905 жылы Анна Ахматованың шешесі күйеуінен бөлінісіп алдымен Евпаторияға, одан кейін Киев қаласына көшіп келді. Киевте Анна семинарияны бітіріп, әйелдердің жоғары курстарының заң факультетіне оқуға түсті.

Ол өлеңді 11 жасынан бастап жазды. Сол кездегі басылымдар дарынды ақынның шығармаларын ешбір пікір айтпай басуға қағып әкететін.

Николай Стефанович Гумилев Анна Андреевнаға «маған күйеуге шық» деп ізінен қалмай қойды. Бұған Ахматова күлетін де қоятын. «Сенен басқа ешкімге күйеуге бармаймын деп ант бер» деп Николай Гумилев оны әбден жалықтырды. Сонымен 7 жыл өткен соң Анна Гумилевке күйеуге шықты. Екеуі де дарынды ақындар. Мынадай бір дүниеге уағдаласты. «Біз оншама ғашықтар емеспіз, солай болып жанұя құрдық. Кетемін десе әркіміміздің бас бостандығымыз өз еркімізде. Бұл үшін ешқандай дау шықпауы тиіс». Бұл жанұяда 1912 жылы 1 қазан күні Лев деген ұл дүниеге келді. Ол кезде Николай Гумилев пен Анна Ахматова есімдері Ресейге кеңінен белгілі ақындар болды. Бұл ақындардың өлең жинақтары қазақшаға аударылмауы себепті олардың атауларын енді орысша береміз. Николай Гумилевтің бірінші өлеңдер жинағы «Путь конквастидоров» (1908 жыл), екіншісі «Романтические цветы» (Анна Ахматоваға арналған), үшіншісі «Жемчуга», төртіншісі «Чужое небо» (1911), «Колчан» (1916).

Енді Анна Ахматованың Октябрь революциясына дейінгі өлеңдер жинағын айтайық. «Вечер» (1912 жыл), «Четки» (1914), «Белая стая» (1917).

Николай Гумилев 1914 жылы басталған бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, прапорщик шенімен оралды. 1 қазан 1912 жылы туған Лев Гумилевті тәрбиелеп өсіруге Николайдың қолы тимеді. Үйде де аз болды. Сонымен 1918 жылы Николай мен Анна бөліністі.

Ал Лев Гумилев алты жасында анасының тәрбиесінде қалды. Әкесі үйден кетіп қалды. Сол жылы ол Ленинградта тұратын қыз Анна Николаевна Энгельгардтқа үйленді. 1919 жылы 14 сәуірде Николай Гумилевтің әйелі Анна Энгельгардт Елена есімді қыз тапты. Елена Николаевна Гумилева театр институтын тәмамдап, 1941 жылы қуыршақ театрының артисткасы болды.

Сол жылы қыркүйек айында Гитлер армиясы Ленинградты қоршап алды. Қала азық-түліксіз блокадада қалды. Осы шаһар тұсында 4 миллион халқы бар Ленинградта бір жылға жетерлік азық-түлік қоймалары болған. Оны жұртшылық «Бадаев қоймалары» атайтын. Гитлерлік авиация аспаннан соны бомбалап, қоймалар өртке оранды. Осыдан қоршаудағы Ленинград қаласының 600 мың халқы азық-түліксіз қалып, дистрофия ауруына ушырап, көз жұмды. Солардың ішінде Елена Николаевна Гумилева, оның анасы Анна Николаевна Энгельгардт, Аннаның әкесі Николай Энгельгардт бәрі қайтыс болды.

Маған осыны Лев Николаевич Гумилевтің өзі айтып берді. Ол Ленинградтың Пискарев зиратына жиі барып ойға түсіп тұратын.

– Мұнда менің қарындасым жерленді, – дейтін.

1917 жылғы Октябрь революциясынан кейін Николай Стефанович Гумилев жақсы еңбектеніп «Костер», «Шатер», «Огненный столп» атты ақындық жинақтар шығартты. Ол ақын Александр Блоктан кейін Бүкілроссиялық ақындар кеңесінің Петербург бөлімінің төрағасы болды. «Всемирная литература» («Дүниежүзілік әдебиет») басылымының редколлегия мүшесі еді. Осындай ірі басылымның негізін пролетариат жазушысы Максим Горький (1868-1936) қалаған болатын.

I921 жылдың 3 тамызында Николай Стефанович Гумилев аяқ астынан тұтқындалды да, контрреволюциялық ұйымға қатысқан Ресейдің жауы деп сол күнгі қысқа соттың үкімі бойынша атылды.

– Сенің әкең өкіметке ешқандай жау болған емес, – деп ұқтырды 9 жасар Лев Гумилевке анасы Анна Андреевна Ахматова. Лев 1919 жылы Ленинградтың орта мектебін бітіріп, құжаттарын университетке тапсырды. Ол Ленинград университетін 1946 жылы 34 жасында үздік бітірді. Бұл оқуды өз теңдестерінен 12 жыл кейін бітірсе де түркі, латын және басқа тілдерді керемет білетіндігімен ғалымдарды таңдандырды.

Еуразиялық тарихшы Лев Николаевич Гумилев өзі жөнінде былай айтатын:

«Мен үш рет тұтқындалып, сотталдым. Оның біріншісі – 1935 жылы болды. Абайсызда «Кеңес Одағында халық жауы болушы ма еді?», – деп қалыппын. Маған осы үшін 5 жыл берді. Бірақ 1937 жылы аман-сау үйге оралдым».

Лев Николаевич бала мінезді, шындықты бүкпей айтатын пенде болған.


  • 1938 жылы университет маған стипендияны бермеу жөнінде шешім шығарды. Оқуды ылғи үздік оқимын. Себебін сұрап едім «Сенің әкең халық жауы» деді. «Менің әкем ешқашан халық жауы болған емес, оны өлтіргендер нағыз халық жауы», – дедім.

Осы сөзім үшін тұтқындалып, енді түрмеде 8 жыл отыратын болдым. 1944 жылы Совет үкіметі Гитлерді жеңе бастады. Тегі басшылардың көңіл күйі көтеріңкі болса керек, мені түрмеден тым ерте босатып жіберді. Соның арқасында 1946 жылы университетті бітіріп, аспирантураға қабылдандым. Менің ғылым кандидаты атағын қорғауым 1948 жыл деп белгіленді.

1946 жылы Совет үкіметінің мемлекет және саяси қайраткері Андрей Александрович Жданов (1896-1948) «Ленинград» және «Звезда» журналдарын жамандаған ірі баяндама жасады. Оның кеселі жазушы Михаил Зощенко мен менің анам Анна Ахматоваға тиді. Екеуі де Жазушылар одағынан шығарылды. Шығармалары еш жерде басылмасын деген шешім қабылданды. Өте дарынды ағайынды Вознесенскийлер тұтқындалды.

Осындай қиын жағдайда 1948 жылы Лев Николаевич Гумилев тағы сотталды. Бұл жолы ол 15 жылды бірақ арқалады. Соттың алғашқы үкімі бойынша ол өлім жазасына кесілген еді. Ал 15 жыл да аз мерзім емес қой. Соттың мұндай қаталдыққа баруының бір себебі – Лев Гумилевтің үйіне жасалған тінтуде өз анасына арнап жазған «Жошы» деген поэма табылды.

«Шыңғысхан орыс жерін жаулаушы. Оның ұлы Жошы да сондай ірі жауымыз» деген айып авторға тағылды.

Осы тұста бір айтар ой бар. Лев Николаевич Гумилев – әке-шешесінен де керемет ағып тұрған ақын еді.

Ол тарих, географиямен шұғылданбай әдебиетке кетсе Ресейге есімі белгілі ірі ақын да болар еді.

Менің әке-шешем екеуі де ақын, қуғын-сүргін көргеннен басқа өмірден не рахат көрді? – дейтін Лев Гумилев, сондықтан ақындықты қумадым. Енді Гумилевтің сотпен айдалған жерлерін айтайық. Ол Мәскеудегі «Лефортово» түрмесі, Ленинградтың «Крест» түрмесінде болды. Мұнда ату жазасына кесілгендер отырады. Онан соңғылары Беломорканал, Норильск, Кузбасс, Саян. Ол Қарағанды тұтқындар лагерінде де отырды.

Лев Николаевич бәрін санап «түрмеде 13 жыл отырдым» дейтін. Өзіне университетте сабақ берген профессорларының ішінде тарихшы Евгений Тарлені (ол «Наполеон Бонапарт» атты тарихи кітап жазған), В. Струвені және басқаларды ересен мақтап, абырой тұтатын.

Соңғы рет Лев Николаевич Гумилев 1956 жылы Сталин өлген соң айдаудан Ленинградқа келді де, Эрмитаж аталатын ірі музей кітапханасына кітапханашы болып жұмысқа орналасты. Бір айтып өтерлік жай, сол айтылған оқымысты 1948 жылы Бірінші түрік қағанатына арналған диссертация қорғап, тарих ғылымдары кандидаты атағын алды. Ғылыми кеңесте бірталай оқымыстылар жағы жас ғалымға мұндай зерттеуі үшін бірден тарих ғылымдарының докторы атағын беру қажет дегенді айтты. Бірақ Гумилевтің сотталу істері бұған саяси тұрғыда кедергі болды.

Мен 1956 жылы Мәскеудің Валериан Куйбышев атындағы инженерлік-құрылыс институтына түстім. Бір студенттік орынға 25 баладан таластық. Сол жылы инстиуттағы тарихтан беретін профессор дүниеден өткен соң оның орнына студенттерге лекция оқып емтихан қабылдауға Лев Николаевич Гумилев Ленинградтан Мәскеуге шақыртылды. Ол ешқашан «менің лекцияма қатысыңдар» деп айтып көрген емес. Профессор лекция оқығанда аудиторияда ине шаншарға орын қалмайтын. Тіпті басқа жоғары оқу орындарының студенттері қаптап кететін. Гумилев ғылымды өте жоғары бағалайтындардың ғалымы еді. Ол тарих ғылымы докторы атағын 1967 жылы қорғады. Сондағы диссертациясының аты «Байырғы түркілер» деп жазылған.

Әлі есімде. 1958 жылдың көктемінде институт деканы маған Гумилевті іздеп тауып, ғалымдар форумына қатысуға шақырған билетті апарып беруге жұмсады. Мен оның Мәскеудегі пәтерін тез таптым. Сөйтсем Лев Николаевич Переделкино деп аталатын Мәскеу дачасына шешесіне кетіпті. Мен оған барсам Анна Андреевна Ахматова-Горенко мен ұлы Лев Николаевич бар екен. Гумилев мені шешесіне «бұл менің студентім, өзі қазақ» деп таныстырды.

– Саған сабақ беріп жүрген академик-профессорлардың бәрі де еврей, – деді маған жол-жөнекей Гумилев күлімдеп қарап. – Олардың бәрі орыс, украиндықтар, белорустар емес пе? – деп едім Лев Николаевич басын шайқады.

– Бірақ, – деді ол маған, – ешқашан еврей деген сөзді айтушы болма, біреуге кеселің тиеді. Өзің де жауапқа тартыласың.


  • Айтпаймын, – дедім мен оған. Бірақ еврейлер жөніндегі тарихи кітаптарды үнемі жинаумен болдым. Қазір мен олар жөнінде талай кітап жинадым. Бір ғажабы сонда Мұхаммед пайғамбар еврейлерді жақсы білген екен.

Менің бір байқағаным Гумилевтің өзінің және анасының мұрындары өте ұқсас қоңқиған, өздері түріктерге ұқсайды.

1974 жылы 62 жастағы Лев Гумилев география ғылымдары докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Этногенез және жердің биосферасы» деген тақырыпта диссертация қорғады. Кейіннен оған география ғылымдары профессоры атағы қоса берілді. Ғалымның бұл ірі диссертациясы араға 15 жыл салып 1989 жылы басылып шықты. Мұның бұлай болуының жөні де бар еді. Оны көре алмайтын КСРО қайсібір чиновниктері мен ғалымсымақтары Лев Гумилевке неше түрлі пәле салып ат қойып, айдар тақты. Оған екі ғылымнан доктор дәрежесі бар ғалым мұқалып мойыған жоқ. Бұл тұста тағы бір айтар дүние – сол Лев Николаевич Гумилев 1956 жылдан бастап өз әкесі Николай Стефанович Гумилевтің халық жауы болмағанын айтып Ресей жоғарғы сотына 35 жыл бойы арыз беріп, ақтауды өтінді.

1991 жылы Совет үкіметі құлаған соң ғана Ресей соты ақын Николай Стефанович Гумилевті ақтап шықты.

Лев Гумилев те өте ауыр өмір кешті. Тірі кезінде еңбектері лайықты бағаланбады. Өзі Ресейде бейнетаспаға да түсірілмепті. Қайта біздің қазақтар жағы оның көзі тірісінде үйіне барып, үш сағаттай сөйлесіп, өзін бейнетаспаға түсіріп әкелді.

Ресей академиясы Гумилевтің 80 жылдығын да атаған емес. Ал қазақ елі Лев Николаевич Гумилевті жоғары бағалап, Астанадағы университетке оның есімін берді. 90 жылдығын атап өтті. Оның кітаптары қазақ тілінде жарық көрді.

Ғалым Лев Гумилев 1992 жылы 80 жасында көз жұмғанда оның мүрдесі Александр Невский лаврасы деп аталатын ақсүйектердің ақсүйегі жататын зиратқа апарып жерленді.



Күлзира Искакова,

философия ғылымдарының кандидаты,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры
Л.Н. ГУМИЛЕВТІҢ ЭТНОС, ҰЛТ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ5
Этникалық тақырып: этнос пен ұлттардың пайда болуы, дамуы, олардың өзара қарым-қатынасы адамзатты үнемі қызықтырған. Ұлттық-этникалық процестер қазіргі кезде ғалымдар мен саясаткерлердің де, жалпы бұқаралық сананың назарын аударуда. Этносаралық қарым-қатынастарды, ұлт, этнос феноменін зерттеу мәселесі күрделі де, қызықты мәселелердің бірі екені даусыз. Бізді қоршаған дүние көп этникалық мемлекеттерден құралады. Жер планетасында 3 мың ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Әлем халықтары 225 мемлекетке біріккен [Кыдыралина Ж.У. Межэтнические и межконфессиональные отношения в Республике Казахстан: теория и практика регулирования. – Астана, 2004. – 4 с.].

Қазақстан – әлем елдерінің ішіндегі 130-дан астам этностың өкілдері мекендеген көпэтникалық мемлекеттердің бірі. Осыған орай, этникалық тақырып Қазақстан ғалымдары үшін ахуалды тақырып болып саналады.

Этникалық тақырыпқа әртүрлі тарихи кезеңдерде үлес қосқан шетелдік және отандық ғалымдардың ішінде үлкен ғылыми мұра қалдырған Лев Николаевич Гумилев.

Л.Н. Гумилев «халықтану» деп аталатын арнаулы курс бойынша 20 жыл бойы лекция оқыған. Ол лекция оқыған 20 жыл аясында бірнеше толқын студенттердің зердесін қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзі де шыңдала жүріп, бүкіл әлем мойындаған орыс этнологиясының іргетасын қалаушылардың маңдай алдында болды. Дәлірек айтсақ, таза гумилевтік этнология мектебін дүниеге келтірді. Яғни, этностың шаруашылық және саяси жүйелерінің арасындағы өзгерістердің өзара байланысына, сол байланыстардың нәтижесінде болатын жаңғыруларға, сондай-ақ этностың кіндік жұрты болып табылатын ландшафт эволюциясына табанды түрде ден қояды. Бұл ретте, ол Ұлы Дала көшпенділерінің шаруашылығының, этнотарихының және экожүйесінің арасында өзара біте қайнасқан байланыстың барына алдымен назар аударады.

Лев Николаевичтің этнологиялық ізденісі мұнымен шектелмейді. Шығыс Еуропа тарихын қайта зерделеуге мұрындық боларлық «Хазарияның ашылуы» («Открытие Хазарии») атты тамаша кітабын 1966 жылы жарыққа шығарды. Лев Николаевичтің бұл еңбегі этнос, табиғат, қоғамның әлеуметтік өмірі және космос арасындағы байланыстардың нәтижесін одан әрі тереңдете зерделеуге дес береді. Мұның өзі, түптеп келгенде этногенездің тұғыры болып табылатын пассионарлық идеясының дүниеге келуіне себепші болады.

Этногенез бен биосфера арасындағы біте қайнасқан заңдылықтарды одан әрі орнықтыра дәлелдеу үшін Лев Николаевич енді табиғи қоршаған ортаның этнос тағдырына әсер-ықпалын ашып көрсетуге бел буады. Жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін өзінің этнологиялық тұжырымдарына тұғыр етуге бекінеді. Сөйтіп, 1974 жылы география бойынша «Этногенез және Жердің биосферасы» деген тақырыпта екінші докторлық диссертациясын қорғайды.

Лев Николаевичтің ғылыми ізденістерінің шыңы болып табылатын «Этногенез және Жердің биосферасы» («Этногенез и биосфера Земли») атты еңбегінде халықтардың қалай жаралып, қалай сейілетініне, сондай-ақ оған табиғат пен космостың аса тегеурінді әсер-ықпалына бүкіл-әлемдік ауқымда тарихи шолу жасайды. Тарихи шолуын айғақ-дәлел ретінде көлденең тарта отырып, этнология туралы бұрынғы көзқарастардан түбегейлі айырмашылығы бар ой-тұжырымдар жасайды.

Лев Николаевичтің ой-тұжырымдары сол кездегі социологияның сойылын соққан этнографтардың, қоғамтанушы-лардың, ұлт және ұлт азаттық күрес теориясымен айналысатын марқасқалардың (корифейлердің) ой-тұжырымдарына мүлде кереғар болатын. Лев Николаевич Гумилевке дейін этнос дегеніміз, яғни, халық, ұлт, жұрт (национальность) дегеніміз – тіл, мемлекеттік билік, тарихи ағым (инерция), өзіндік таным, өмір салт біріктірген адамдардың қоғамдастығы деп түсіндірілетін. Ал, Лев Николаевич болса, этносты нақтылы категория ретінде қарастырады. Яғни, этнос дегеніміз – өзіндік шек-шекарасы бар, өзіндік қалыптасқан мінез-құлқы бар, өзіндік ішкіқұрылымы бар, уақыт аясында өзіндік заңдылықтармен өзгеріске түсіп отыратын біртұтас жүйе дейді. Оның ойынша этнос адамдар ұжымының тәртібінің ерекше (оригиналды) стереотип, яғни ерекше қалыптасқан түрі.

Бұрын (соцжүйе кезінде) этнос немесе этникалық қауымдастық дегеніміз тарихи-табиғи жолмен қалыптасатын әлеуметтік категория дейтін. Ал, Лев Николаевич болса этнос дегеніміз био-геогрфиялық категория дейді. Жай ғана био-географиялық категория емес, этнос дегеніміз – әлеуметтік және формациялық құрылымнан (устройства) тыс, әлеуметтік проблемаға кіріптар болмайтын жаралым дейді. Мұның өзін этнос тарихы мен табиғат тарихының шендесуі арқылы болатын антропосфералық құбылыс деп біледі. Әйгілі ғалымның ой-тұжырымы бойынша, біріншіден – этностың күш-қуаты өзі тіршілік құратын табиғи ортамен кіндіктес, екіншіден – әрбір этнос тіршілік құру барысында әлеуметтік кеңістігін ұдайы ұлғайтып отыруға бейім болады. Ал, этностың алғашқы жаралымына космос қуаты әсер етеді. Сол әсердің нәтижесінде қайрат-жігері ерекше «пассионар» адамдар қалыптасады. Өз кезегінде пассионар адамдар соңдарынан қалың тобырды ертіп, өздеріне қарсыластарға (субпассионарларға) тойтарыс беріп, өзіне дейінгі «мәдени жаралымды» жойып, «этнос» деп аталатын жаңа қауымдастықты қалыптастырады. Мұның бәрі де қоршаған ортамен бітеқайнасқан тұтастықта жүзеге асып жататын үрдіс. Яғни, әрбір этносты ең алдымен био-географиялық құбылыс ретінде қабылдау керек. Этнос био-географиялық құбылыс болса, онда өзінен-өзі олардың өлшеулі ғұмыр жасы болмақ. Ондай ғұмыр жастың ұзақтығы әдетте 1200-1500 жыл шамасында болып келеді. Осынау өлшеулі уақыт аясында этнос танытып дүниеге келеді, еңсе көтеріп ес жияды, өркен жайып дамиды (акматикалық фаза), сонсоң бірте-бірте құлдырап сейіле бастайды (обскурация немесе аннигиляциялық фаза). Бұл үрдіс «этногенез» деп аталады. [Гумилев Л.Н. «Этногенез и биосфера Земли». – СПб, 2002. -161с.]

Л.Н. Гумилевтің ғалым ретінде ұсынған тың идеясы – этнос болмысын қоршаған ортамен шендестіріп, әрбір этносты био-географиялық жаралым деп қарастыруы технократтық дамуға дейінгі ахуалды зерделеуге айырықша ұрымтал ой-тұжырым екеніне назар аударуға болады. Ал, технократтық даму бел алып, оның өмір жаңғыртқыш қуаты үстемдік құрған заманда Лев Николаевичтің этносты био-географиялық жаралым деп келетін тұжырымдамасын жаңаша зерделеуге тура келетін сияқты.

Лев Николаевия Гумилев еңбектерінің бәрін дерлік көктей өтіп жататын идеялардың бірі – пассионарлық. Әйгілі ғалымның ой-тұжырымы бойынша, адам әрекеті планеталық күш-қуат болып табылады. Сол күш-қуат Жердің геологиялық жаңғыруына пара-пар. Яғни, адам (ұлт, халық) қозғалысының күші тектоникалық қозғалыстармен теңдес келеді. Бұл ретте адамның планеталық ауқымдағы әрекеті жанды биосфераның биохимиялық қуатынан бастау алады. Мұнан әрі адамның планеталық ақыл-ойы биосферадан ноосфераға ұласады. Былайша айтқанда, өсімдігі бар, жан-жануарлары бар, адамзаты бар – тіршілік атаулының болмысы планетаның жоғары қабатына айналады. Мұның өзін биология деуге де, социология деуге де болмайды. Сірә, географиялық-геологиялық құбылыс десе жобасы келіп қалар. Биосферадағы жанды заттардың биохимиялық қуаты болып табылатын осы құбылысқа космос кеңістігінен құйылатын тегеурінді қуат (сверхэнергия) әсер еткенде Жер бетінде айырықша жаңғыру үрдісі басталады. Адамдарды қозғалысқа келтіріп, олардың ішінен қайрат-жігері тасыған тұлғаларды тарих сахнасына шығартып, одан әрі этникалық жаралымға ұйытқы болатын себеп осы. Яғни, пассионарлық дегеніміз – адамдарды шабыт тұғырына қондыратын биохимиялық қуат. Пассионарлық сөзінің латын тіліндегі «пассио» деген түбірі «шабыт», «құлшыныс» (страсть) деген мағына береді. Биосфера әркезде Жерге биохимиялық қуат береді. Осы шабыттан ұлт, этнос, өркениет, суперэтнос пайда болады.

Этногенез мәселесінде пассионарлық идея бойынша отырықшы – көшпелі, еуропалық-азиялық, орыс-қазақ, француз-американ деп келетін салғастыруларда мән-мағына болмайды. Лев Николаевичтің тұжырымы бойынша этнологиядағы жалғыз ғана өлшем – пассионарлық қуаттың деңгейі. Демек, озық немесе тозық, мәдениетті немесе жабайы деп келетін кез келген салғастырулар дәстүрлі тарихнамада қателікке ұрындырады. Себебі, этностар ғұмырының әр деңгейде болуы, оған қоса әр түрлі өмір салт пен әр түрлі шаруашылық мәдени типін бастан кешуі әлгіндей салғастырулардың мәнсіздігін зерделетеді.

Лев Николаевичтің пайымдауы бойынша, этногенез дегеніміз – этносфера аясындағы этникалық ұжымның жаңарып-жаңғыруы. Ондай жаңарып-жаңғыруларға пассионарлық құбылыс тұғыр болып отырады.

Лев Николаевичтің өзінің пассионарлық идеясы арқылы адам феноменінде әлеуметтік себептен гөрі биосфералық себептердің бел алып жататынын дәлелдеуге күш салды. Сөйтіп, этногенездің пассионарлық теориясын дүниеге келтірді.

Атап өтетін жағдай, Лев Николаевич пассионарлық идеяны орнықтыру үшін адамзат тарихынан мейлінше мол айғақ-деректерді көлденең тартып отырады. Осы ретте, айғақ-деректер қаншалықты мол болғанымен мұның өзі адамзат тарихындағы айғақ-деректердің бәрі емес екенінде күмән болмаса керек. Сондай-ақ, Лев Николаевич көлденең тартып отырған айғақ-деректер, негізінен пассионарлық идеяға қызмет ететін айғақ деректер ғана екені де дау тудырмауға тиіс.

«Лев Николаевичтің соңында ұлан-ғайыр мұра қалды. Сол ұланғайыр мұрадан алғаш рет қарпып алып жариялаған еңбектерінің өзі 15 том. Әрине, мәселе санда емес. Лев Николаевич еңбегіндегі тосын да тың ойлардың, мейлі, оң болар немесе теріс болар, әлі де ұрпаққа ден қойдырып, әлі де талай-талай ғылыми ізденістерге тұғыр болатыны хақ», – деп атап көрсетеді көрнекті этнолог, әдебиетші ғалым Ақселеу Сейдімбек [Егемен Қазақстан. – 2 қазан, 2002.]. Лев Николевич Гумилевтің этникалық тақырыптағы еңбектері Еуразия аймағын мекендеген халықтар арасында түсінушілік пен достықты қалыптастыруда баға жетпес құнды үлес қосатыны даусыз.




Ж. Жұмабаева
Л.Н. ГУМИЛЕВ:

ЭТНОГЕНЕЗДІҢ ПАССИОНАРЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ6
Жер бетінде әртүрлі замандарда өмір сүрген этностар мәңгі емес. Бұл мәселе туралы пікірталас көп. Немістің ұлы тарихшысы Ранке тарих ғылымында «халықтық рух» идеясын енгізіп, ұлтты, халықты «тарихи аренаға шығаратын уақыт» деп көрсеткен болатын. Ұлттың үнемі өзгеріске ұшырайтыны туралы идея кеңестік теорияда да бар, осыған сүйене отырып, кеңес өкіметі ұлтсыздандыру саясатын жүргізді. Алайда ұлт мәселесіне мұндай жауапсыздық пен жеңіл көзқараспен қараудың неге әкеп соқтырғаны тарихта белгілі жайт. Әлем халықтарының өзара байланыстылығы мен халықтарды «тарихи» және «тарихи емес» деп бөлетін евроцентризмге өмір бойы күрескен Л. Гумилев Еуразияның ерекше географиялық аймағы – Ұлы даланың тарихының Еуропа тарихынан әсте кем еместігін зерттеп қана қойған жоқ, жаңаша тұжырымдар жасап, тарихи ақиқатты жақындататын зерттеулер әдістерін жаңартып, этногенездің жаратылыстық ғылыми теориясын жасақтады.

Бұл зерттеулер 1965 жылы «Вестник Ленинградского университета» атты журналда «Ландшафт және этнос», «Тарихи география пәні туралы» деген мақалаларында жарияланды.

1976 жылы жазылып аяқталған «Этногенез және жер биосферасы» атты еңбегін, 15 жылға дейін жариялауға тыйым салынды.

1979 жылы бұл кітап қолжазба түрінде ВИНИТИ-ға тапсырылып, (депонирование) сақталды. Көп тиражбен басуға рұқсат етілмегендіктен, Л. Гумилевтің бұл еңбегімен танысуға қызығушылар саны толастамады. ВИНИТИ-ға 2 мыңнан аса тапсырыс түсті. Бұл ғалымның атағын дамытып, асқақтатты. Бірақ ғылыми орта мен оқырман арасында Л. Гумилевтің даңқы артқанмен, ресми билік оның себебін мойындамады. Тек Қайта құру кезеңінде ол кітап боп басылып шықты.

Кеңестік ғалымдар Гумилев тұжырымдарын қолдамады. Мұның басты себебі – Кеңес этнографтары этносты – әлеуметтік құбылыс деп қарастырса, Гумилев этностың табиғи құбылыс екендігін дәлелдеді.

Ұлт немесе халықтың бұрынғы анықтамасы бойынша, ортақ тілі, территориясы, ортақ тегі, экономикалық байланыстары, саяси бірлестігі және мәдени ерекшеліктері, діні, сана-сезімі сияқты белгілер негізге алынып, этногенез аяқталған процесс боп саналса, Гумилев этносты аяқталмаган процесс ретінде көрсетті.

Мысалы, батыстық тарихнама мен әлеуметтануға тән «өркениеттік әдіс» субъективтік фактордың маңызын арттырып, дін және мәдениетке көп көңіл бөлді. Ал маркстік формациялық әдіс экономикалық детерменизмге бой ұрып, субъективтік факторлардың рөлін төмендетті.

Осындай жағдайларда батыс әлемін XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы тарих ғылымындағы методологиялық дағдарыстан шығу жолдарын іздестіріп, тамаша тарихшы социологтердің еңбектері жарияланды. Олардың тарихи концепция-лары тарихты зерттеудің әдістері мен жолдарын жетілдірді. Алайда XX ғасырдағы Ресейдегі жағдай мүлде өзгеше қалыптасып, Кеңестік дәуірдегі тарих ғылымы догматтық пен біржақтылыққа ұрынды. Осындай тиімсіз жағдайларда Л.Н. Гумилев өзінің тарихи ұстанымдары мен көзқарастарын өз еңбектері арқылы көрсете білді. Этногенез – ұлттың, халықтың пайда болуы, дамуы және жойылу процесі. Ежелгі түркілер тарихын зерделеген Л. Гумилев халықтар мен ұлттардың пайда болуы мен жоғалуына жауап іздеп: «Финикиялықтар бір кезде болды, ал қазір жоқ, финикиялықтар кезінде француздар болған жоқ, олар IX ғасырда пайда болды, XIX ғасырда қалыптасты» деген сұрақ қояды.

Л. Гумилев ұланғайыр тарихи процестерді талдау, қорытындылау анықтаманың: тіл, экономика, территория, мәдениет орталығы қате екендігін дәлелдеді. Мысалы, ортақ тілді алсақ, тарихта әртүрлі тілде сөйлесе де, өзінің ұлттық бірлігін жоғалтпаған этнос аз емес. Мысалы, француздар орта ғасырларда 3 тілде сөйледі: Париж тұрғындары – ескі француз тілінде, Бретань провинциясында – бретандық тілде, ал оңтүстікте Прованс пен Лангедокта – провансаль тілінде сөйлесе де, француз этносын сақтап немесе 120 жыл бойына Ресей, Австрия, Германия империяларының қол астында болған поляктар ұлтын жоғалтпады.

Жоғары мәдениет пен гүлденген экономикаға қол жеткізген этностар өздерінен әлдеқайда төмен ұйымдасқан халықтардың идеологиялық және әскери экспансиясына төтеп бере алмады, яғни экономикалық қуаттылық та ұлттың, халықтың мәңгі өмір сүруінің белгісі бола алмайды. Мысалы, Рим империясы ІV-V ғғ. варвар-герман, ғұн тайпаларына төтеп бере алмады.

Л. Гумилев этносты-ұлтты анықтайтын бұрынғы белгілердің қате екендігін дәлелдеп, этногенезді – этностың пайда болуы мен дамуын – жаратылыстық ғылым тұрғысынан қарастыруды ұсынды. Яғни этностың қалыптасуы адам қызметінің нәтижесінде емес, Жердің биосферасындағы процестер арқылы жүзеге асады деген тұжырым жасады. Бұл бір қарағанда жаңалық емес сияқты, өйткені географиялық фактордың адам қызметі мен шаруашылығына, мемлекеттердің сипатына ықпал ететіндігі туралы пікірлерді араб ғалымдарынан бастап, еуропалық гуманистер, ағартушылар айтқан болатын. Л. Гумилев еңбегінде бұл идея теория түрінде ғылыми негізделді.

Л. Гумилев этногенез процесінің энергетикалық табиғатына назар аударды. Тарихтағы қызметтің қайнар көзі, Гумилевтің айтуынша, биосферадағы тірі заттардың биохимиялық энергиясы. Биосфераның биохимиялық энергиясын кезінде В.И. Вернадский ашқан болатын.

Этнос – бір-біріне ынталылығы мен мәдени деңгейлері жағынан ұқсамайтын әртүрлі адамдардан құралады. Адамдар қоршаған ортадан тұрақты түрде қабылдайтын биохимиялық энергиясы деңгейімен ерекшеленеді. Кейбір адамдарға қоршаған ортаға бейімделу үшін және қайшылықсыз өмір сүру үшін энергия қажеттілігі жеткілікті болады, біз мұндай адамдарды «гармониялық» адамдар дейміз. Кейбіреулерінің қабылдаған энергиясы тұрмыстық қажеттілігіне жетпейді, сондықтан олар өмірдің қызығына тоймайтын, өзгелер арқылы күн көретін, болашағын ойламайтын «субпассионарларға» айналады. Ал тарихты, адамзат қоғамын қозғайтын күш – пассионар адамдар, олар биохимиялық энергиясын өмірді өзгертуге, қоғамды қайта құруға арнайды.

Уақыт өте келе, бір этностың ішіндегі адамдардың 3 пассионарлық түрі өзгеріске ұшырайды. Субпассионарий адамдары көп этнос бірте-бірте әлсірейді. Пассионарлары көп этнос немесе халық күшейеді. Ол ұлы империялар мен мәдениетті қалыптастырған халықтардың (гундар, түркілер, моңғолдар, еуропалықтар т.б.) тарихи аренаға шығуын түсіндіреді.

Ұлттың қалыптасуының шешуші факторы – «пассионарлық» –биохимиялық энергияның сапалық көрінісі. Осы пассионарлық энергия Жердегі биосферадағы әртүрлі этникалық жүйелердің пайда болуы мен өмір сүруіне әсер етеді. Осындай фактормен біріккен адамдар ұжымдарының ортақ мінез-құлқы болады, сонысымен өздерін өзгелерден ажыратады.

«Пассионарлық энергияны» адам қызмет ету үшін жұмсау қажет. Пассионар адамдар жаңа үйлер салады, кітап жазады, соғыс жүргізеді, билік үшін күресте белсенділік көрсететін, саясатпен айналысатын жігерлі адамдар болады. Осыған байланысты әртүрлі ұлттар мен халықтардан шыққан пассионар адамдардың әрекеттері өздерінің мақсаттарына сәйкес ұқсас болады. Сондықтан мысалы, Наполеонды – Юлий Цезарьмен, Александр Македонскиймен, Лобачевскийді – Евклидпен, ал Пушкинді – Дантемен салыстырып жатады.

Бірақ осы ұқсастықтарына қарамастан, әртүрлі этностың адамдарының сырт көзге және іс-әрекеттеріне байланысты өзгешеліктері де болады. Ол заңды да. Өйткені адамның мінез-құлқына, іс-әрекетіне оның географиялық ортасы – ландшафт пен шаруашылық жүйесі және мәдени дәстүрлері мен этникалық қоршауы (көршілес халықтар) әсер етеді. Осы 3 фактор Л. Гумилевтің айтуынша, ұлтты (этнос) өзге ұлттан ерекшелендіретін белгілерін қалыптастырады. Бұл ерекшелік ұлт пен ұлт арасындағы өзгешелікті ғана емес, бір ұлттың ішіндегі ерекшеліктерді де көрсетеді.

Әрбір этнос субэтносқа бөлінеді. Орыс ұлтының (этнос) ішінде поморлар, старообрядцы, сибиряктар, казактар – субэтнос боп саналады.

Қазақ ұлтының (этносының) ішіндегі тайпалық бірлестіктер мен руларды да субэтнос деуге болады. Мысалы, үйсіндер мен наймандар арасында немесе беріштер мен шеркеш арасында өзіндік ерекшеліктер бар. Соған қарамастан бұлар қазақ халқын құрайды.

Мұндай жағдайды этностар арасындағы қарым-қатынастардан да көруге болады. Тарихтан іс-әрекеттері мен мінез-құлқы бір-біріне жақын ұлттар мен халықтар үлкен этникалық одақ құрғанын білеміз. Бұларды суперэтностар деп атаймыз. Оларды «мәдениет», «өркениет», «әлем» деп те атауға болады. Мысалы, «христиан әлемі» деп Рим папасын, яғни католик дінін мойындайтын барлық католиктерді айтамыз. Немесе араб әлеміне барлық ислам дінін ұстанатын Арабия түбегі мен Жерорта теңізінің шығысы мен оңтүстігіндегі елдерді жатқызамыз. Мысалы, ерте замандардағы ғұн, түркі, моңғол халықтары суперэтностар саналады. Л. Гумилевтің пассионарлық теориясы Еуразия халықтарының туыстығы туралы пікірді растайды.

Сонымен қатар, этнос биологиялық құбылыс еместігін де көрсете отырып, Л. Гумилев оның географиялық сипатына ерекше мән береді. Жер ландшафтының әртүрлілігі – этностардың да әртүрлілігін калыптастырады дейді.

Қазіргі кезде Л.Н. Гумилевтің этногенез теориясы көпшілік мойындаған, ғылыми ортадағы ең маңызды жаңалықтың бірі. Этносты – табиғи құбылыс деп қарастырған Гумилев, оны зерттеудің тәсілдеріне назар аударады.

Этностың мәні мен маңызын түсіндіруде әртүрлі көзқарастар жүйесін қолдану керек. Мысалы, орта ғасырда Американы жаулап алған испандар ацтек, инктердің әйелдеріне үйленіп, балаларын испандық деп санады. Сөйтіп, Испанияның шекарасын Оңтүстік Америкаға дейін создық деп ойлады. Бірақ Оңтүстік Америка халықтары испандыққа айналмады, XIX ғасырда бұл халықтар Испаниядан бөліну үшін ұлт-азаттық көтеріліске шығып, тәуелсіздігі үшін күресті. Ақырында Латын Америкасында Бразилия, Аргентина, Чили, Венесуэла, Колумбия, т.с.с. мемлекеттер пайда болды. Сонымен қатар, бұл халықтарға христиандық католик дінін тарату да оларды испан ұлты ете алмады.

Л. Гумилев этнография мен этнология деп екіге бөліп қарастырады, біріншісі халықтардың тұрмысы, шаруашылығы мен діни ерекшеліктерін зерттесе, этнологияның басты мақсаты – этностар мінез-құлқының импульстарын зерттеу. Мұны зерттеу үшін тарихтың әдістері жеткіліксіз. Дәстүрлі әдіс оқиғаларды белгілі бір аймақтарда іріктеуге, баяндауға әкеледі. Мұндайда осы оқиғалардың байланысын анықтау зерттеуші назарынан тыс қалады. Этнологиялық методика арқылы жекелеген елдер мен оның көрші елдер арасындағы ғана емес, тұтас Еуразияның этникалық тарихындағы ақтаңдақтарды зерттеуге болады.

Синхронды принцип (мысысалы, студент пен профессорды салыстыру), яғни ұлттардың уақыттық даму кезеңдерін ескермеу көшпелі халықтардың «артта қалғандығы» туралы тұжырымдарды шығарды, сондықтан синхрондық принципті этникалық процестерді зерттеуге қолдануға болмайды, себебі, этникалық процесс – дискретті (үзілмелі). Осы себептен ежелгі түркілер өздерінің арғы тегі – хұндарды білмеді, сол сияқты түркі қағанаты мен Шыңғысхан империясы арасындағы дәстүр жалғастығының үзілісі болды. Қазақ тарихын осылармен байланыстырмау үрдісі де осылайша қалыптасты.

Л. Гумилев ұсынған диахрондық принцип қазіргі мәдениетті еуропалықтардың жастық кезеңінде жабайы франктер мен нормандар болғанын көрсете алады. Осы әдістерге сүйене отырып, Л. Гумилев еуразиялық теорияны жасақтайды. Бұл теория жекелеген халықтардың қайталанбас ерекшелігі мен әлемнің әртүрлілігіне негізделеді. Бұл қазақ тарихын зерттеуде жаңаша тұжырымдарға шығуға мүмкіндік береді.

Бұл идеялар жалпыадамзаттық, әлемдік мәдениет туралы тұжырымдарды жоққа шығарады. Керісінше, әлемдік мәдениеттік этностар мен суперэтностық мәдениеттерден құралатындығын тұжырымдайды. Ол Батыс Еуропадан да, Азиядан да ерекшеленетін еуразиялық суперэтностың бірлігі туралы пікірі ерекше құнды.

Л.Н. Гумилевтің этногенез териясының негізгі ережелері қандай? Оның айтуынша, этностар тармағында – ру, тайпа, кең ұғымда «халық, ұлт». Этнос табиғи жағдайда өзіндік ортақ мінез-құлық, дәстүр-тұрмыс сипаты жағынан басқалардан ерекшеленетін адамдардың ұжымы, этнос комплиментарлық (ұнамды) негізде басқа ұлт, халықтармен байланысқа түседі. Сонымен этносты анықтаушы негіз – халықтың мінез-құлық, дәстүр-тұрмыс бірлігі. Яғни халықтар мен ұлттар – бір-бірінен нәсілі, тілі, діні, білімділігі арқылы емес, ұстанған мінез-құлық пен тәртібімен ерекшеленеді.

Мінез-құлық, тәртіп – адамдардың жер, табиғат жағдайларына бейімделуінің нақты көрінісі. Әртүрлі табиғи жағдайлар – әртүрлі халықтар мен ұлттарды қалыптастыратын негіз боп саналады. Ұлт пен ұлттың, халық пен халықтардың комплиментарлық байланысы жақсы, жаман және бейтарап боп 3-ке бөлінеді. Жақсы байланыс – халықтардың бір-бірімен келісімді өмір сүруіне ықпал етеді. Мысалы хазарлар мен ежелгі түркілер осындай қатынаста болған. Жаман байланыс халықтардың бір-бірін жау көруі немесе оны өзгертуге ұмтылуы. Мысалы, хазарлар мен еврейлердің байланысы негізінде Хазария жойылды. Немесе қытайлар көшпелілерді жек көрді, сондықтан көшпелілермен үнемі соғысты. Л. Гумилев орыстар мен Еуразия түркілері арасында ұнамды қатынастар болды дейді. Үшінші бейтараптық байланысқа түсу. Өзара түсіністік, бейқамдық қатынастар боп саналады. Қытайлар мысалы, хұндармен жауласқанмен, үйсіндермен бейтараптық байланыста болды.

«Комплиментарность» деген мінез-құлық тәртібін Лев Гумилев табиғи негізден шығарды. Әр адамның биоритмі болатыны сияқты, өзара ұқсас мінез-құлық негізінде жинақталған халықтың биоритмі немесе биоэнергетикасы болады. Халықтар арасындағы комплиментарность деңгейі осы энергетикалардың үйлесу-үйлеспеуіне байланысты болады деп көрсетеді Гумилев.

Пассионарлық теория бойынша ұлт немесе халық бір ортақ атадан шыққан ұрпақтар жиынтығы емес. Саналы адам пайда болған палеолит дәуірінен бастап, бүгінге дейін қаншама халықтар мен ұлттар ауысып, өзгерді. Бір халықтың ұрпақтары кейін қалыптасқан бірнеше халықтардың құрамында болуы мүмкін, себебі, этнос, ұлт дегеніміз – бір тектен таралған адамдардың жиынтығы емес, жүйе. Ұлт жойылғанда, оны құрайтын адамдар жоқ боп кетпейді.

Гумилевтің зерттеу әдісі этностардың пайда болуы мен жоғалуының себебін анықтауға мүмкіндік береді. Халық немесе ұлт, мемлекеттің аты жоғалғанмен, оны құрайтын адамдар жойылып кетпейді. Жаңа пассионарлық негізде басқа бір халықтардың құрамына кіріп, жаңа этносты қалыптастырады.

Бұл тұжырым қазақ халқының Еуразиядағы ежелгі көшпелі мемлекеттермен тарихи сабақтастығын дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Әдебиеттер

1. Ермолаев В.Ю. Предисловие к очерку Л.Н.Гумилева «Из истории Евразии»; Ланров С.Б. Триумф после смерти // газета Санкт-Петербургский университет / №16 (№3449) / 1 сентября 1997 г.; // (http: // www. kulichki. com/~ gumilev/.



  1. Ирмуханов Б.Б. Исторические воззрения мыслителей XX века. -А., 1999. - 136 с., -73 с.

3. Козлов В.И. О биолого-географической концепции этической истории. «Вопр. истории», 1974. -№12.

  1. Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. Л. Гидрометеоиздат. 1990, 528с.; От Руси к России: очерки этнической истории. -М.: Экопрос, 1994;

  2. Гумилев Л. Н. Тысячилетие вокруг Каспия. Баку Азернешр,1990. -312 с.

  3. Гумилев Л.Н. Конец и вновь начало. -М.: Танаис, 1994. -542 с.



М.Н. Алдаберген, Р.С. Садыкова


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет