Ләйла Жанысова Ғалым химияның болашағына алаң



жүктеу 47.36 Kb.
Дата08.07.2016
өлшемі47.36 Kb.
Ләйла Жанысова
Ғалым химияның болашағына алаң
– Мен үшін мектепте химия жеңіл пәндердің бірі болды. Үнемі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленетінмін. Бірде әдемі кристалдар, олардың қолданылуы, химиялық жолмен алынуы туралы танымдық киножурнал көрдім. Содан бастап химия пәніне қызығушылығым арта түсті, – деп әңгімесін бастаған химия ғылымдарының докторы Бақыт Бегенова – 90 ғылыми басылымның, соның ішінде Қазақстан Республикасының 3 патентінің, 3 предпатентінің, 5 инновациялық патенттің, өнертабысына берілген КСРО-ның 5 авторлық куәлігі мен “Полиэлектролиттер және комплексондар” монографиясының авторы. Сонымен қатар “КСРО өнертапқышы”, “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі” төсбелгілерінің иегері.

Петропавл қаласындағы бұрынғы №1 орта мектепті (қазіргі М.Айтхожин атындағы ОМ) күміс медальмен бітірген албырт қыздың сол кездегі К.Ушинский атындағы Петропавл мемлекеттік педагогикалық институтының химия факультетіне түсуіне оқушы кезіндегі кристалдарға деген қызығушылығы себеп болады. Аталмыш жоғары оқу орнында үздік оқып, Ленин атындағы стипендияның иегері атанған Бақыт Естекенқызы делегат ретінде Мәскеуде өткен І Бүкілодақтық студенттер съезіне қатысады. Еңбек жолын Мамлют ауданының Покровка ауылындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастаған ол мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін өседі. Ісіне тиянақтылығының, шәкірттеріне берген сапалы білімінің нәтижесінде 1977 жылы өзі оқыған институттың химия кафедрасына мұғалімдікке шақырылады.

“Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады” деген қағиданы ұстанатын Бақыт Естекенқызы өзінің білгенін қанағат тұтпай, 1980 жылы Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетінің біліктілікті жетілдіру факультетіне оқуға барады.

“Бар болғаны 33 жасында докторлық диссертация қорғаған Еділ Ерғожин өзінің студенттерін үнемі Лев Толстойдың: “Адамға бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек қажет” деген сөзімен қанаттандырып отырушы еді. Ол кісі өзі өте еңбекқор, талапшыл болды, бізді де соған баулыды”, – деп ұстазын еске алған Бақыт Естекенқызы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, химия ғылымдарының докторы, профессор Еділ Ерғожиннің жетекшілік етуімен екі жыл тағылымдамадан өтуін өзінің бағы санайды.

“Мен өмірімде жеткен жетістіктерім үшін екі адамға қарыздармын”, – дейді ол. Оның бірі – он жыл “халық жауының” әйелі ретінде “АЛЖИР”-де болып, өмірдің ащы дәмін татқан анасы Мүслима Ілиясова еді. Ол қызының санасына еңбектің наны тәтті екендігін бала күнінен құйған. Қанша қиналса да, жүзінен мейірім шуағы төгіліп, күлімдеп тұратын анасы Бақыт Естекенқызын өмірді сүюге, алған бетінен қайтпайтын қайсарлыққа, табандылыққа, адалдыққа, білімқұмарлыққа, мақсаткерлікке тәрбиелеген. Есейген шағында бала күнгі қалыптасқан қасиеттерін одан әрі ұстазы Еділ Ерғожин шыңдап, ғылымның тұңғиығына бойлата білген. Ғылыми ізденіс жолында кітапты жастана жатып оқып, зертханадан шықпай еңбектенді. Сол еңбектің жемісін көріп, жеңістің дәмін татты.

1987 жылы аспирантураны бітіріп, кандидаттық қорғағаннан кейін Петропавлдағы педагогикалық институт кафедрасында мұғалім, доцент болып төрт жыл қызмет етеді де, 2001 жылы Алматыға ғылыми аға қызметкер болып қайта кетеді. “Көп іздеген көмбенің үстінен шығады” дегендей, 10 жылдай сонда ғылыммен айналысып, бойындағы талабына еңбекқорлығын серік еткен Бақыт Бегенова 2009 жылы “Полиаминдер, моно-этаноламиннің винилдық эфирі және кейбір ароматты қосылыстардың глицидилдік туындылары негізіндегі жаңа полуфункционалды ионалмастырғыш полимерлер мен комплексондар: алынуы, қасиеттері және қолданылуы” тақырыбындағы докторлық жұмысын қорғап, туған елге оралады.

Химияның ғажайыптарына бала күнінен қанығып өскен Бақыт Естекенқызы жаңа затты табу, оны алу шартын, қолдану саласын іздеу тынымсыз, табанды еңбекті қажет ететінін айтады. Бойындағы мақсаткерлік, алған бетінен қайтпайтын табандылығының арқасында тамырын жайған бәйтеректей сан тармақты химия ғылымының аталмыш саласындағы оның ашқан жаңалықтары бүгінде гидрометаллургия, су дайындау, мұнай және газ шығаратын өнеркәсіпке аса қажет. Мысалы, алынған ионидтер гидрометаллургияда поливалентті металдардың иондарын сіңіруге, молибденді мыстан бөлуге, өндірістік ағын сулардан анионды бояғыштарды жоюға ықпал етеді. Түзілген комплексондар айналма сумен жабдықтау жүйесін тұз шөгу мен қақ түзілуден қорғайды және мұнай мен газ ұңғымаларын бекіту үшін тампонажды ерітінділерге қосымшалар ретінде ұсынылады. Жаңа сорбенттерді қолдану еліміздегі импортқа тәуелділікті жоятын бәсекеге қабілетті, экологиялық таза, қалдықсыз технологияларды жасауға мүмкіндік береді.

“Шәкіртсіз ұстаз – тұл” дегендей, соңыңнан ізбасарлар тәрбиелеп шығаруды да ұмытпау керек”, – деген Бақыт Естекенқызы кафедрада өзінің білгенін өзгелерге үйретуде. Ұрпақтар арасындағы сабақтастықты үзбеуге зор мән береді. Бүгінде бірінші қазақ тобының түлегі, оның алдынан тәлім алған Айнаш Бектемісова – химия ғылымдарының кандидаты, доцент. Кешегі студенттері: Наталья Иванова мен Наталья Остафичук магистр, аға оқытушы, өзімен бірге еңбек етуде. Алматыдан қайта келген төрт жылда одан басқа да бірқатар магистрлер мен диплом жұмысын жазған студенттерді дайындап шығарған.

– Қазір Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінде, индустрияда ғылымды дамыту үшін көп қаражат бөлініп, жыл сайын түрлі салалар бойынша гранттық зерттеулерге конкурстар жарияланады. Біздің кафедраның өзінде екі грант жұмысы бар. Біреуі химия ғылымдарының докторы, академик Қыдырма Тоқмурзиннің, екіншісі химия ғылымдарының кандидаты Марианна Лежневаның басқаруымен жұмыс істеуде, – дейді Бақыт Бегенова.

Осызаманғы қондырғылардың соңғы үлгісімен жабдықталған 15 химиялық зертханасы бар кафедрада химия ғылымдарының төрт докторы, бес кандидаты жұмыс істейді. Университетішілік рейтингте аталмыш кафедра бірінші орын алған. Кафедрада “Органикалық заттардың химиялық технологиясы”, “Органикалық емес заттардың химиялық технологиясы” мамандықтары бойынша бакалавриат және магистратура бар.

Өңіріміз ауыл шаруашылығына бағытталғандықтан, былтырдан бері қазақ және орыс тілдерінде оқытатын “Азық-түлік өнімдерінің технологиясы” деген жаңа мамандық ашылған. Алғашқы жылы оның қазақ тобына – 5, орысшасына 8 бала ғана түскен. Биыл орыс тобы ғана бар. “Серпін” бағдарламасы бойынша химия мұғалімдерін даярлайтын қазақ тобында Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларынан келген 10 бала грантпен, өзіміздің облыстан бір бала ақы төлеп оқып жүр. Кафедрадағы ғылыми жұмыс студенттермен бірлесе жүргізіледі. Студенттердің ғылыми қоғамы “Химия және өмір” атты республикалық олимпиадада бас жүлдені жеңіп алғандығы олардың білімдері терең екендігін дәлелдейді.

“Алайда, кафедраның осынша мүмкіндіктеріне қарамастан, мектеп түлектері химияны таңдамайды. Өйткені, мектепте химия пәніне екі-ақ сағат бөлінген. Мектепте дамымаған химия өндірісте қалай дамиды?” – дейді ғалым.



Бақыт Бегенованың айтуына қарағанда, олардың басты мәселесі де осы. Оқуға жағдай бар, бірақ оқытатын студент жоқ. Химияның сұрақтары қиын болғандықтан, мұғалімдер де балаларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлаудан қашады. Сол себепті, химия мамандығына оқуға түскісі келетіндер де аз.
// Солтүстік Қазақстан. - 2014. - 20 қараша


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет