Лекция 11. Қызылорда 200 жыл
Дария бойындағы қазақтардың Қамысқала атты елді мекені 1817 жылы Қоқан хандығынан қорғану үшін салынған бекініс болатын. 1818 жылы жұртшылық жаңа бекіністі алыстан көрінетін мешітке байланыстырып, Ақмешіт деп атап кетті. Бекініс 1853 жылға дейін «Ақмешіт» аталып, орыс басқыншыларының келуімен генерал В.А.Перовскийдің құрметіне форт «Перовск» деп аталды. Ақмешіттің іргетасының қалану уақыты жөнінде екі түрлі пікір қалыптасқан. Оның бірінде ҚСЭ, А, 1975 ж, 7 томның 89 бетінде Ақмешіт Қоқан хандығының қамалы ретінде шамамен 1820 жылдары салына бастады делінсе, шығыстанушы П.П.Ивановтың «Очерки истории Средней Азии» атты еңбегінде «1817 жылы Сырдария бойында қоқандық қамал Ақмешіт салына бастады» деп көрсетілген. Перовскіге 1867 жылдан бастап қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналған. Осы кезеңде Перовск уезі солтүстігінде Торғай уезімен және Ақмола облысының Атбасар уезімен, батысында Қазалы, онтүстік-шығысында Шымкент уезімен және оңтүстігінде Бұхар хандығымен шектесті. Санақ бойынша уезд халқының саны 133 663 адамға жетті.
Сыр халқы үшін орыстардың үстемдігін өлкеде түпкілікті орнатуға негіз болған тағы бір реформалық сипаттағы заңдық құжат «Түркістан генерал-губернаторлығы туралы Ереже» болатын. Халқының басым көпшілігі мұсылман дінін тұтынған және бірнеше этностардың басы қосылған «Түркістан генерал-губернаторлығы туралы» Ереже бойынша жаңа губернаторлықтың жері бұрынғы Торғай және Ташкент ауданы мен 1866 жылға дейін орыс әскерлері басып алған Сырдария және ішінара Семей облысына қарасты әкімшілік бірліктерден тұрды.
«Ережеге» сәйкес Перовск уезіне 8 болыс қарады. Уезге 18686 шаңырақ топтасқан. Айталық, Жаңақорған болысы 15 ауылды қамтыса, Жөлек болысына –14, Кеңтүп болысына – 11, Царский болысына – 12, Шағанға – 11, Байзақ болысына – 9, Қармақшы болысына 10 ауыл қарады. Кейіннен барып 10 ауылды қамтитын Қосбөгет, 6 ауылдан тұратын Аққыр болыстары ашылды.
«Сырдың төменгі бойындағы орналасқан малшы қазақтарды жайлауға қоныстануына қарай бес топқа бөлуге болады: бірінші топ – Сарысу өзені жағасындағы Аяққамыр сайына дейін созылып жатқан жайлауларға қоныстанатын көшпелілер; екінші топ –Торғай облысына қарасты Торғай уезіндегі Қалмақ жайлауына көшетіндер; үшінші топ – Қарақұм құмдарын бойлай отырып, Қазалы және Торғай уездерінің оңтүстік батыс бөлігіндегі жайлауларды қамтығандар; төртінші тобы Қостанай уезінің оңтүстігіндегі жайлауларды қамтыды; бесінші тобы Қазалы уезінің шығыс және оңтүстік шығыс бөлігінде жайлауларды иемденді .
Сырдарияның орта ағысы бойындағы отырықшы мал шаруашылығын кәсіп еткен тайпалар қыстаудан алыс кетпей Қаратау етегіндегі жайлауларды пайдаланған. Сырдың төменгі ағысы бойындағы көшпелі тайпалар Қостанай өңіріндегі жайлауға жету үшін 800-1000 шақырымға дейін жол жүрген. Сырдың орта ағысы тұсына қарай орналасқан көшпелілердің бір бөлігі жайлауға Ұлытау, Кішітау етегіне және Сарысу төңірегіндегі Қаражарға қоныстанды. Ұлытау мен Кішітаудың етегі Сыр қазақтары үшін әрі қыстау, әрі жайлау болды, сол себепті де Қаражар елді мекеніндегілерден басқа көшпелілердің Сарысу жағалауындағы жайлауларға ерте көшулеріне тура келді.
Бай ауылдарда ірі мал саны жоғары болғандықтан, олар алысқа, тіпті, екі бағытқа 2000 шақырымнан аса жерге дейін көше алды. Статист, топографтардың есептеуінше Сыр қазақтарының бір бағытқа көшуі – 1000, 1500 км. А.К.Гейнс бойынша Сыр қазақтарының көші Тройцк, тіпті Тройцкіден әріге дейін жеткен, орта есеппен бір бағыттағы көші 600-800 шақырым болған. А.И.Добросмыслов бойынша Сырдағы көшпелі тайпалар Қостанай өңіріндегі жайлауға жету үшін орта есеппен 800-1000 шақырымға дейін жол жүрген. Жазда Торғай облысы жеріне көшетін Перовск және Қазалы қазақтары қыстаудан жайлауға дейін 600-1000 шақырым, тіпті одан да көп жол жүрген. С.П.Поляков бойынша Сыр көшпелілерінің бір бағытқа қарай көшу қашықтығының кемі 800 шақырымнан асып отырған. О.Финш пен А.Брэмнің Батыс Сібірге саяхаты жазбасында шығыс қазақтарын батыс қазақтарымен салыстыра отырып, Сырдариядан басталған көштің бір бағытының Тобылға дейін жететінін жазған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ырғызда қоныстанған телеулер Қостанай жеріндегі Үшбала жайлауына жету үшін 500 км. жол жүрген.
1901-1906 жылдары қала үстімен «Орынбор-Ташкент» темір жолы жүргізілді, депо, бүгінгі вокзал ғимараты салынды. Кеңес өкіметі Қазақстанда алғашқы болып 1917 жылы 30 қазанда осы Перовскіде орнады. 1922 жылы қаланың Ақмешіт аты қайтарылды.
1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешітте Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі ашылып, онда "Қырғыз республикасын” "Қазақ республикасы” деп атауға қаулы алынды және Ақмешітті Қызылорда деп атап, оны Қазақстанның астанасы етіп бекітті. Осы жылдары А.Байтұрсынов, С.Сейфулин, Т.Жүргенов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, І.Жансүгіров, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, т.б. Алаш зиялылары Қызылордада жұмыс істеді.
Сөйтіп, өз тарихында Қызылорда атауы 1818 жылы – Ақмешіт, 1853 жылы – Перовск форты, 1867 жылы – Перовск қаласы, 1922 жылы қайтадан – Ақмешіт, 1925 жылдан бері Қызылорда қаласы болып 5 рет өзгертілді.
1938 жылы Қызылорда облыс орталығына айналды. Қалада электр станциясы, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрды. ҰОС-дан кейінгі жылдары аяқ киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы іске қосылды. Гагарин, Титов атындағы шет аймақтар қала көлемін арттыра түсті. Оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. 1980-1990 жылдары қала көшелерінде сәнді үйлер, зәулім ғимараттар бой көтерді.
1996 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» құрылды. АЭА бағдарламасы негізінде қалада жекешелендіру, акционерлендіру, инвестиция тарту секілді жұмыстар жүргізілді. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді.
Қызылорда қаласының іргесі қаланғанына 200 жыл толып отырған бүгінгі күнге дейінгі тарихы осылай өріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |