Лекци «Рухани жаңғыру»


Лекция 3. Сыр-Алаштың анасы



бет3/10
Дата14.12.2022
өлшемі73.9 Kb.
#467207
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
15 лекция

Лекция 3. Сыр-Алаштың анасы

«Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы Елбасының сөзі. Қазақтың байтақ даласына қарап Алла Тағаланың өзі қазаққа пейіліндей дархан, көңіліндей кең атырапты сыйға тарта салған-ау деп тамсанасың. Алтай мен Алатаудың арасын алып жатқан құлан даланың қай тұсын болмасын Жерұйық дерсің... Сыр елі де – сондай сырлы да жырлы қасиетті мекен.


Көненің көзі болған көрікті қала Жазса Тарас Днепрді, Жазса Пушкин Еділді. Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді. Әбділда ТӘЖІБАЕВ Қазақ тарихында өзіндік үлкен рөл атқаратын қаланың тарихы да тереңде жатыр. Сонау 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында бой көтерген алғашқы қорған Ақмешіт болып аталады. Кейіннен, яғни 1853 жылы шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Содан соң қала Перовск атанып, 1867 жылы Сырдария уезінің орталығына айналады. Міне, осыдан соң қалада мәдени орталықтар мен үлкен жұмыс орындары бой көтере бас­тады. Теміржолдар пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды. Ал 1922-1925 жылдары қала қайта Ақмешіт атанды. 1925 жылы қазақтың орталығы болған қала Қызылорда атын иемденеді. Яғни бұл қала қазақ халқының алғаш рет «қазақ» атануының тарихи куәгері болды. Сонау 1920 жылдары Орынбор қазақтың бірінші астанасы болғаны баршаға аян. Бірақ қашықтан ел басқару қолайсыз болды. Сондықтан да қазақтың сол тұстағы біртуар ұлдары алты Алаштың астанасы болуға лайық орталық іздеді. Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды қоғам қайраткерлері қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қаладан гөрі қазақтың иісі аңқыған, ұлттық болмыс-нышаны көрінген киіз үйлі ауылында болғанын артық көрді. Ақыры келісіле отырып қазақтың астанасы болып сол кездегі Ақмешіт қаласы бекітілді. Әу баста өзге ұлт өкілдері астананың Орынбордан Ақмешітке ауыстырылғанында «...қа­зақтар құмға көшіп барады» деп кекет­кен де еді. Бірақ қалың қазақтың ортасы, то­ғыз жолдың торабы, Ұлы Жібек жолының бойы болғандықтан осы қала таңдап алынды. Астана мәртебесіне қол жеткізген қалада түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргесі қаланды. Қалада 1920 жылдың 13 қаңтарында алғашқы қазақ драма театрының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылды. Мұнан өзге түрлі ғылыми-зерттеу институттары мен техникумдар бой көтерді. «Еңбекші қазақ», «Казахстанская степь» газеттері де осында жарық көрді. Әрине, тақыр жерге қала тұрғыза салу бір күннің жұмысы емес. Бұл та­бандылықты талап етеді. Десе де, сол тұстағы большевиктердің оптимизмі таңда­нар­лықтай еді. Олар жоқтан бар құрап, өздері де түсініп болмайтын, қиялға бергісіз қоғам орнатуға даяр болатын. Сондықтан да қараша ауылды салтанатты қалаға айналдырудың бас жоспары қолға алынды. Қаланың сызбасын жасауға білікті мамандар тартылды. Олардың қатарында мәскеулік профессор, инженер-конструктор С.А.Фельдмен мен В.Н.Львов, қазаққа аты мәлім тұңғыш инженеріміз Мұхамеджан Тынышбаев та болған еді. Міне, осындай қауырт жұмыстың нәтижесінде қала қарыштап дамыды. Тіпті оны алғаш «Мәскеу сынды мәртебелі қаланың қатарына қосылады» деген де. Әрине, ол солай болды. Қазақтың астанасы Қызылорда сол тұстағы қазақтың «Мәскеуі» болды. Бола да бермек. Сырдария тудырған жыр дариясын Дүбірлі дүлдүлдердің ізі қалған, Жүлделі жүйріктердің жүзі жанған. Ежелгі Сырдың елі, жырдың елі, Киелі, қасиетті Қызылордам. Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ Сыр өңірі – жыр сүлейлері шыққан киелі өңір. Сол себепті де «Сыр елі – жыр елі». Мұнда жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Ешнияз сал, Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Даңмұрын, Нартай, Нұртуған, Әзілкеш Шымырұлы, Құлан Алдабергенұлы, Қаңлы Жүсіп сынды тұлғалар Сырдың даңқын асырды, мәртебесін арттырды. Сыр елі – қазақтың кемеңгері, от тілді, орақ ауызды шешенінің бірі Әйтеке бидің, туған жерін жаттан жан аямай қорғаған Жанқожа, Көкен, Жанназар, Бұқарбай сынды хас батырлардың, азаттықты аңсаған, ұлтын сүйген азамат Мұстафа Шоқайдың Отаны. Бұл жерден шыққан кәсіби ақын-жазушыларды сөз еткенде ең алдымен ауызға ілігері – Әбділда Тәжібаев. Жұбан Молдағалиев: «Әбділда Тәжібаев туралы сөз болғанда екі дария көз алдыңа келеді. Бірі – Сырдария. Ғасырлар бойы ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға ене болып келе жатқан дария. Екінші дария – жыр дариясы... жыр дариясы ұшы-қиырсыз қазақ даласын ғана суарып жатқан жоқ, жер-жердің, ел-елдің поэзия мұхитына құйып жатыр. Оның аты – Әбділда Тәжібаев», – деген еді. Осындай ұлы ұлдар тудырған Сыр топырағы­нан Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Әбдіжәмил Нұрпейісов сынды тұлғалар шыққан. Сырмен сыр бөліс... Дария тағы да алға асығады, Толқындар бірде тасып, басылады. Сан ғасыр бауыр басқан Аралының, Алдынан кең құшағы ашылады. Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ Иә, қызылордалықтар сырғып аққан Сырымен мақтанады. Сырдарияның бүгіп жатқан сыры да мол сынды. Ол көне грек тілінде Яксарт деп аталса, ортағасырлық мұсылман жазбаларында өзен жұмақтағы төрт өзеннің бірінің атымен Сейхун деп аталған. Тарихшылар­дың айтуынша, Ескен­дір Зұлқарнайынның жаулап алған жерлерінің солтүстік шекарасы Сырдария өзені арқылы өткен екен. Міне, сан тарихтың куәсі болған Сыр өзені – бүгінде барша Алаштың мақтанышы. Сырдың бойын жағалап, сыр бөліссең, Сыр сенің сырыңды ұғар сырласың, мұңыңды шағар мұңдасың, тіпті жаныңа медеу жолдасың да бола алады. Ендеше, қай-қайсысыңыздың болмасын Сырға жолыңыз түссе, Сыр суымен сырласыңыз. Қимастықпен қоштасарыңыз анық. Сыр елі – оқу-білімнің ордасы. Мұндағы «Сырдария кітапханасы» – Сыр елінің жауһары. Ал мұндағы бас­ты білім ордасы саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өзінің 73 жылдық тарихында өңірдегі жоғары және орта кәсіби оқу орындарының көшбасшысы болып қана қоймай, еліміздегі еңселі оқу орындарымен иық тірестіре аларлық дәрежеге жетті десек, артық айтпағандық болар.
Бүгінгі Сырдария ауданы жеріндегі ескерткіштерінің зерттелу тарихы Қазақстан патшалық Ресейдің отары болған кезден басталады. Ескерткіштердің зерттелуін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады:
1) XVII ғ. ортасынан 1895 жылға дейін, яғни, отар елді зерттеуге бағытталған түрлі экспедициялардың шығу кезеңі;
2) 1895-1917 жылдар аралығында, яғни Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің қызмет еткен уақытынан басталады;
3) Кеңестік дәуірдегі 1946-90 жылдар аралығындағы академик С.П.Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының зерттеулері ;
4) 1991 жылдан басталған қазіргі кезеңдегі зерттеулер.
Сыр өңірін зерттеудің бастапқы кезеңі қазақ жерінің Ресей империясының қол астына кіруімен тікелей байланысты болды. 1731 жылы Кіші Жүз ханы Әбілқайыр Ресейге бодандығы туралы ант қабылдады. Осы уақыттан бастап Ресей империясының қазақ жерін және оған көршілес жатқан азиялық елдерді жан-жақты зерттеу жұмыстары басталады. Бірақ бұл зерттеулердің барлығы дерлік саяси мақсатта жүргізілгендігін айта кету керек. Сондықтан XVIII ғасырдағы әскери шенді зерттеушілердің жазбалары мен есептері негізінен аймақты жалпы сипаттаумен, ескерткіштерді тіркеумен және ауданның географиялық картасын түсірумен шектелді.
Орта ғасырдағы Сыр өңірі ескерткіштері туралы алғашқы мәліметтер ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда жарық көрген «Үлкен сызба кітабы» мен Семен Ремезов құрастырған «Сібірдің сызба кітабы» еңбектерінде кездеседі. Бұл еңбекте Арал маңындағы Борсық және Қарақұм шөлдерінің жайылымдық маңызы туралы, жер-су атаулары және тұрақтары туралы мәліметтер келтірілген. ХҮІІІ ғасырда Кіші жүз ханы Әбілқайырдың шақыруымен Қазақ жеріне келген орыс топографтары Н.Муравин мен Д.Гладышев өлкедегі және Қазақстанның басқа аймақтары археологиялық ескерткіштерінің картасын сызу және есепке алу, сипаттау ісінің іргетасын қалады. 1867 жылы Археологиялық комиссия құрамында жолсапармен Оңтүстік Қазақстанға келген шығыстанушы П.И.Лерх Түркістан өлкесіндегі және Сырдарияның төменгі ағысы өңіріндегі археологиялық ескерткіштерді зерттей бастайды. Н.И. Веселовскийдің 1885 жылы Орта Азияға келуі ескерткіштерді қазуды археолог-мамандар арқылы жүргізудің бастамасы болды. Сыр өңірі қалаларын В.А.Каллаур, В.В.Бартольд, А.Ю.Якубовский сынды т.б. бірқатар атақты ғалымдар зерттеп, көптеген деректер қалдырған. 1895 жылы құрылған Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері маңызды зерттеулер жүргізді. Сол кезеңде Ташкентте «Түркістан тізімдемесінен» және «Хаттамалар» сияқты басылымдар шыға бастайды. Осы үйірменің белсенді мүшелерінің бірі В.А.Каллаур археологиялық ескерткіштерді іздестіру, тізімдеу бағытында біршама тыңғылықты жұмыстар жасады. Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі В.А. Каллаур 1899 жылы Асанас қаласының орнына келіп, қаланың топографиялық сипаттамасын жасайды. Ол жазба деректерде аталатын қала атауын негізге ала отырып оны ортағасырлық Ашанас (Эшнас) қаласымен сәйкестендіреді. Сонымен қатар, В.А. Каллаур Сырдың сол жағалауында Қызылордадан 25-30 км қашықтықта Томарөткел жерінде орналасқан Қыш-қаланың қиранды қалдығы Женд қаласының орны болуы мүмкін деген болжам жасайды. Сол сияқты өзінің көріп білгенін «Түркістан әуесқойлары үйірмесінің хаттамаларында» жариялап отырды.
1911 жылы Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің тағы бір мүшесі А.Кастаньенің Сыр бойындағы археологиялық ескерткіштерге қатысты «Древности киргизских степей и Оренбургского края» деген жинақтама еңбегі жарық көреді. 
Сыр өңірі 1946 жылдың күзінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы С.П. Толстовтың басқаруымен Жаңадария мен Қуаңдария бойындағы «Жанкент қалалар тобын» зерттеуді қолға алды. Ғылыми тұжырымдама көрсеткендей, ҮІІІ-ІХ ғасырларда Сырдария мен Әмудария өзендері бойында Жетіасар қалалары орналасты. Батпақтағы қалалар мәдениеті, Кердері мәдениеті деп аталды. Б.э.д. ҮІІ ғасырларда Жетіасар мәдениеті бұл жерде батпақтағы қалалар деген атпен дамыды. Батпақты қалалар аталған мәдениет тұрғындарын С.П.Толстов оғыздармен байланыстырады. Экспедицияның кең көлемде жүргізген археологиялық-геоморфологиялық кешенді жұмыстары нәтижесінде С.П.Толстов алдын-ала жоспарлағандай, Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысындағы ертедегі суландыру жүйелері мен су жүйелері, сондай-ақ тарихи ескерткіштерінің археологиялық-геоморфологиялық картасы жасалды [2, 18 бет].
1947 ж. А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясыСырдарияның сол жағалауында, Ақкөл деген жерде орналасқан орта ғасырлардан сақталған көне қала орны Артық Ата, Артық төбені зерттеді. Зерттеушілер Артық Ата көне Артук қаласының орны болуы керек деп болжаған. Соңғы рет қала орнын 1971 ж. Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы толық зерттеді.
Н.И. Вактурскаяның 1968 жылы ертедегі Асанас қаласының цитаделі маңында жүргізген екі стратиграфиялық қазбасы нәтижелі аяқталды. Мұнда VІІ-ғасырдан ХVғасырға дейінгі қалыптасқан бес құрылыс көкжиегі қималық сызбаланып, одан шыққан материалдардың көбісі топтарға бөлініп мерзімделеді. Қыш өнімдерін талдай келіп, қала оғыз-қыпшақ дәуірлерінде қала өркендегенін айта келе, ал ХV ғасырда Сырдарияның қазіргі арнасы қалыптасып, Іңкәрдарияның суы құрғағандықтан Асанас тұрғындары қонысын тастап кеткен деген болжам жасайды.
Жетіасар өңірінде 1990 жылдарға дейін көп жылдар бойы археологиялық қазба жүргізген Л.М. Левина Жетіасар мәдениеті керамикасын Отырар-Қаратау және Қауыншы мәдениеттерімен шендестіреді. Сөйтіп, Өзбекстан жағынан басталған ізденістерді Қазақстан тарихымен байланыстыруға алғаш қадам жасайды. Оның зерттеуінше, б.э.д. V ғасырдан бастап, ІХ ғасырда Сырдарияның төменгі ағысындағы тұрғындардың этникалық құрамы өзгермеген. Қазба кезінде табылған тар ернеулі ұзын шүмекті асханалық құмыралар мен хұмдар секілді қыш өнімдерінің түрлері Пенджикент, Сырдарияның орта ағысындағы және Арыс, Жетіасардың жоғарғы мәдени қабатынан ашылған жәдігерлермен ұқсас. Бұдан Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Іле алқабындағы және Арал өңірі тұрғындарының үнемі бір-бірімен мәдени, кәсіптік қарым-қатынастарда болғанын көруге болады. Жоғарыдағы ізденістерді тұжырымдағанда, ХАЭЭ-ның алдына Арал өңірінің кейінгі орта ғасыр қалалары мен тұрақтарының мәселесі қойылмағанымен, ізденістерінде археологпен қатар этнограф, географ, геоморфологтар, топырақтанушылар, антропологтарды қатыстырған іргелі зерттеушілік ғылыми-ақпараттық негіз қалыптасты. Алғаш рет археологияда аэрофото барлау әдістерін қолданып, тақырыпты кең және ұзақ мерзімді деңгейде зерттеудің үлгісі көрсетілді. «Қазақстан археологиялық картасы» (1960 ж) жинағында Қызылорда облысының орта ғасырдағы көне қалаларының орналасуы, деректері мен зерттелу тарихнамасы туралы құнды мәліметтер келтірілген. 

Лекция 4. Қызылорда облысының жалпыұлттық қассиетті нысандарының тарихы



Сыр өңірі тарихи-мәдени ескерткіштерге өте бай. Қазіргі таңда 500-ден астам тарих және мәдениет ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы ірі жобалардың бірі — «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» еліміздің ғылымына үлкен серпіліс алып келді. Осыған орай, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі жалпы Сыр өңірінің қасиетті нысандарын іріктеу мақсатында жұмыс атқарып келеді [1, 166 б.]. Осы жұмыстардың нәтижесінде Жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген діни және ғұрыптық орындарының ішінде Сыр өңірінің шығыс бөлігіндегі нысандар — Қорасан ата кесенесі, Төлегетай-Қылышты ата кешені және Сыр өңіріндегі Қағбаның көшірмесі жайында болмақ. Қорасан Ата кесенесі. Барлық өмірі мен өнегелі тірлігі алты Алаштың баласына мәлім, сонау Арабиядан Орта Азия, түркі, қазақ жерлеріне, соның ішінде Сыр бойына ислам діні мен мәдениетін алғаш әкелгендердің бірі — халықты имандылық парасатына тәрбиелеген Әбдіжалил Баб еді. Халық аузындағы әңгімелерде ол Қорасан ата деп аталады [2, 36 б.]. Қорасаннан қалың қолмен аттанған Әбдіжалил Баб Сырдарияның сол жағалауындағы Қызылқұм өңіріндегі «Тотықұс» аралына (қазіргі Жаңақорған ауданының аумағында) келіп табан тірейді, осы жерді тұрақты мекен етеді. Мешіт-медресе салдырып, бала оқытады, емшілік істермен де айналысады. Аңыз әңгімелерде Қорасан ата бамдат намазын оқып тұрғанда бүкіл тұла бойы қорғасындай еріп тұрғандықтан халық оны қорасан деп атап кеткен деседі. Ислам дінін уағыздаумен қатар жүйке, қояншық, шешек ауруларын емдеп жазатын болыпты. Қорасан ата өзі өлсе де рухы өлмей, мазар басына түнеп, перзент сұраған ерлі-зайыптыларға Алланың құдіретімен ұл сұраса ұл, қыз сұраса қыз берген. Бұл жөнінде қазақ халқының эпостық жырларының бірі — Қобланды батыр жырында Қорасан атаның киесі туралы айтылады [2, 38 б.]. Қорасан ата (Әбдіжәлил баб) мен оның ұлы Хұсайын баба (Хұсайын Ғази) зираттары қазіргі Жаңақорған ауданының жерінде орналасқан. Қорасан ата кесенесі туралы жазылған тарихи және аңыздық деректер көптеп кездеседі. Халық арасында қызығушылық тудыратын, қасиеті дара орындардың бірі — Қорасан ата кесенесі аумағындағы «Қағбаның» көшірмесі. Қағба «Сыр еліне қалай келді»? — деген сұраққа халық аузында сақталған ертедегі аңыз әңгіме жауап береді. Қорасан атаның баласы ғұлама имам болған екен. Әкесі Қорасан әр жұмада «Тотықұс» аралынан Ақмаямен желдей ұшып, Меккеге барып Бамдат намазын өтеп қайтатын болған-ды. Осыны сезген Хусаин әкесіне: «Рұқсат етіңіз, Меккедегі Қағбаны осында көшіріп әкелейін», — депті. Таң намазының уақытында аспанды қара бұлт басып алай-дүлей желдетіп, ит үріп, тауық шақырып, түйе боздап, ауыл у-шу болыпты. Сонда баб: «Балам сені сынайын деп едім, іліміңе сендім. Жерге түсірме, Қағбаның көлеңкесін сызып алайын, өзін қайта орнына апарып қой. Бұл жерде аяқ асты болады. Өз орнында тұрғаны дұрыс», — дейді. Қағбаның сол сызып алынған көлеңкесі орнына топырақ үйіліп, ұзамай оның көшірмесі жаңадан салынады. Меккеге бара алмаған адам Құрбан айт намазында сол Қағбаны жеті рет айналып өтетін болған. Дегенмен, бұл тарихи дерек емес ауыздан-ауызға тараған аңыз — әфсана екенін баса айтқымыз келеді [3, 16 б.]. Қағба көшірмесі дүниенің төрт бұрышына қарап тұрғызылған, қабырғалары 6,5х6,5 метр, биіктігі 5 метр шамасында, яғни шаршы формасында салынған. Қағбаның ішінде бабаларымыздың қолының табы қалған ертедегі қабырғалардың қирандысы сақталған. Қазір Қағбаның ішінде VІІ-VІІІ ғасырлардан қалған тастар қойылған. «Тасқа қолыңды қойып, ең үлкен арманын айтқан адамның тілегі орындалады» деген халық арасында сенім бар. Қорасан ата кесенесі және Қағба — қазіргі таңда халықтың зиярат ететін орны. Қағба жанындағы емдік қасиеті бар құдық суы дертке шалдыққан адамдардың шипасына айналды. Аллаға құлшылық ететін намазхана да келушілерге қызмет етуде. Киелі орынның инфраструктурасы жақсы дамыған. Келешекте бұл аумақ туристік нүктеге айналуы мүмкін. Қағба көшірмесінің ішіне кіретін есігі солтүстік шығысқа қараған. Ішке кіре берісте ғибадат етуші еденіне жайнамаз төсемей-ақ, дүниенің төрт бұрышының кез келген бағытына намаз оқыса да, Меккедегі оқыған намаздың сауабын табады деседі. Қожа Ахмет Ясауи Қорасан атаға зиярат ете келгенде: «Тоқсан машайықты артыңнан көрдім, Қағбаны Мәккәні алдыңда көрдім, Рахым ете гөр, бабам Қорасан», — деп хикметіне қосып айтқанда, осы қасиетті орынды меңзеген болуы керек дейді халық арасындағы аңыз әңгімелер [3, 22 б.]. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қызылорда облыстық музейі тарихшылар мен өлкетанушылардың облыстық форумын 2018 жылдың сәуір айында откізген болатын. Форумда қабылданған іс-шаралар жоспарына сәйкес Қызылорда облыстық музейі БАҚ өкілдерімен бірлесе Сыр өңірінің шығыс бөлігіне «Сыр өңірінің қасиетті орындары» атты телеэкспедиция ұйымдастырды. Өңірдің шығыс бөлігінде орналасқан қасиетті нысандардың ішінде Қорасан ата кесенесі және оның аумағындағы қасиетті орындар зерттеліп, насихатталды. Нәтижесінде қасиетті орындар туралы бейнефильмдер түсіріліп, олар туралы зерттеулер ғылыми айналымға түсті. Төлегетай-Қылышты Ата кешенді-мазары (ХІ-ХІІ ғғ.). Қылышты ата өз заманының батыры, әрі ерекше қасиетке ие әулие адам болған деседі. Халық арасына тараған аңызға сүйенсек, көлікті адам көлігінен түсіп зиярат етпесе өзі немесе аты майып болады екен.Басына түнеп перзент тілегендер мен кеселденгендерге Алланың күшімен шипа беріп отырады. Қылышты атаның әкесі Камаладдин Меккеден келіп Қырөзгент шаһарының патшасы Әбубәкір Сыдық ұрпағы Ілгімағзұмның қызына үйленеді. Содан көп кешікпей Меккеге қайтып келеді. Қылышты ата шеше ішінде қалып, өскенде аспаннан қылыш пен ақбоз ат түсіп, 1001 бәлеге қарсы тұрған. Уәзірлері мен билері алдына келгенде қылышы күн сәулесіне шағылысып, қылыштың жүзіне қонған шыбын екіге бөлініп түсе беретін болыпты. Онысы «Кімде-кім адал болмаса осындай жаза алады» дегені екен. Міне,осыдан бастап Қылышты ата атаныпты [4, 203 б.]. Қылышты ата кесенесі Төлегетай баба кесенесімен қатар Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы орталығынан 30 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Бір күні Қылышты ата Төлегетайды сынайды. Сөйтсе сусыз құм ішінде Төлегетай аса таяғымен жер сызып су шығарып, қой суарып жүр екен. Баланың жетілгенін біліп, өз қызын беріп күйеу бала етеді [3, 23 б.]. Шындыққа жүгінгенде бүкіл Найман ұрпағының түп атасы Төлегетай екендігі негізделуде. Ақсұлу кішкентай қайнысы Белгібай он алтыға толғанша күтіп, өзі отыз беске келгенде соған қосылады. Белгібай мен Ақсұлудан — Сүйініш, Сүйініштен — Төлегетай дүниеге келеді. Ал Төлегетайдан — Қытай, одан — «Төрт Төлегетай» атанған: Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл деген ұлдары дүниеге келеді.Төлегетай баба — ХІІ ғасырдың басындағы Күшілік ханның ұрпағы. Наймандарды жер-жерлерге бөлген кезде Төлегетай ежелгі Өзгент-Түркістан өңіріне жіберіледі. Бұрын да бірінің атағын сырттай білетін Төлегетай мен Қылышты Сыр өңірінде кез болып, бірін-бірі құрмет тұтып өтеді. Қорыта айтқанда, Қызылорда облысы осындай шежіреге толы өңір, тұнған тарих. Өткен тарихымызды білмей, бүгінгімізді танымай, ертеңгі күніміздің басын ашып айтуымыз қиын. Сондықтан өткенімізді өзіміз тануымызбен бірге оны қазіргі өскелең ұрпағымызға таныта отырып, ата-бабаларымыздың өткен өнегелі жолын насихаттай білуіміз қажет. Сыр өңірінің шығыс бөлігіндегі орналасқан Қорасан ата кесенесі, Төлегетай — Қылышты ата кешендері Қазақстанның Жалпыұлттық Қасиетті нысандар тізіміне енген.
Лекция 5. Қызылорда облысының өнірлік қасиетті нысандарының тарихы

Еліміз бойынша 2017 жылдан бастап Қазақстанның қасиетті жер­лерін анықтау және оның тізімін жасақтау жұмысы қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарды Қазақ­стан Республикасы Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақ­стан» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізуде. Сол 2017 жылдың өзінде еліміз бойынша 100 жалпыұлттық және 500 өңірлік маңызы бар қасиет­ті орындар іріктеліп алын­ды. Осы аталған орталықтың ұйым­дастыруымен елімізге белгілі ғалым­дар, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар, археологтар, этно­граф­тардың қатысуымен киелі жер­лерді зерттеудің ғылыми жүйесі құрылып, зерттеушілер басшылыққа алатын нұсқаулықтар жасалды.


Осыған сәйкес, «Қазақстанның қасиетті орындары» ретінде ерекше қастерлейтін табиғи-мәдени мұра, діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ, Қазақстан халқының жа­дында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар тізімдері іріктелген бола­тын. Сонымен қатар, осы санатқа Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірін­де маңызды орын алатын, ұлт­тық бірлік пен жаңғыру нышаны ретінде көрінетін нысандар мен Қазақ тарихында астана деңгейіне жеткен ежелгі және ортағасырлық қалашықтар кірді.
Республикалық сараптамалық кеңес­тің шешімімен қасиетті орындар жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар болып бөлінді. Барлық киелі немесе қасиетті деген нысандар бес топқа жіктелді:
1. Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлкекет қорғауында тұрған табиғат құбылыстарының нәтижесінде пайда болған орындар.
2. Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орта­лық­тар. Бұл топқа қалашықтар, бекініс­тер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуына ерекше рөл атқарған, Қазақ мемлекетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған ежелгі және ортағасырлық қалалар кіреді.
3. Діни және ғибадат санатындағы орындар. Мұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыстыруға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуір­дегі аттары аңызға айналған, көне түркі және ортағасырдағы, сонымен бірге ХІХ аяғы ХХ ғасырдың басына дейінгі тарихи тұлғаларды қамтиды.
4. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тари­хында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін қазақ елінің бостандығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, елдік маңызды мәселелерді шешкен хандар, от ауызды орақ тілді ел мен жердің дауын шешкен билер, қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың батырлары, ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшілері, қолбасшылар, ғылым мен білімге, мәдениетке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын­дар, ғалымдар, ағартушылар тура­лы мәні зор орындар алынып отыр.
5. Саяси, тарихи оқиғаларға бай­ла­нысты қасиетті орындар. Қа­зақ даласында қазақ халқының бір­лігі үшін болған шайқастарды, ерлікті, батырлықты, қайсарлықты насихаттайтын, елдің бірлігін біл­діретін ескерткіштер мен ел жадына өшпес із қалдырған қасиетті орындар және қоғамның, мемлекеттің тари­хын­да ерекше орны бар мемлеке­ті­міз­дің жаңа нышандары еніп отыр.
Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы облыстық мәдениет басқармалары мен тарихи-мәдени ескерт­кіштерді қорғау жөніндегі меке­мелермен және тарихи-өлкетану му­зейлерімен, рухани жаңғыру орта­лығының мамандарымен бірлесе арнайы жұмыс топтарын құрып, жер­гілікті жерде халық арасында танылған қасиетті де киелі жерлердің тізімін анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар мен табиғи ланшафты аймақтар тізіміне 60 нысан республикалық сараптамадан өтіп қасиетті орындар тізіміне енгізілді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет