Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyii ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Қобылан ақын өлеңдерінің тақырыптары, идеялық-көркемдік ерекшеліктері



бет101/109
Дата02.01.2022
өлшемі1.34 Mb.
#453482
түріЛекция
1   ...   97   98   99   100   101   102   103   104   ...   109
Хандық дәуір әдебиеті. Лекциялар мәтіні

3. Қобылан ақын өлеңдерінің тақырыптары, идеялық-көркемдік ерекшеліктері.

Қобылан ақынның өмірі бірқалыпты болмаған. Жасында ата дәулеті арқасында болса да жоқшылық зардабын көрмегенге ұқсайды. Ол ақынның:

Кедейлік, жас кезімде келмеп едің,

Жеңем деп мені жаста сенбеп едің.

Сексенге кеп селкілдеп отырғанда,

Кәрілікпен қосылып мені жеңдің –

деген өлең жолдарынан байқалады.

Ал, жасы жетіп, бойынан қайрат қайтқан шағында ақын жоқшылық зардабын шегеді. Сондықтан да Қобылан шығармаларында жоқшылық, қартайған шақтың өкініштерін жырлаған өлеңдер жиі кездеседі. Ақынның бұл кездегі жай-күйі «Кәріде күн жоқ», «Қара тасты қақ жарған қайран тісім», «Кәрілік қатты соққан желменен тең», «Тіріден өлген жақсы қадір кетсе», «Жайнап тұрған көзді алдың», «Дәмді тамақ қартайсаң берер қуат» өлеңдерінде кеңінен бейнеленген.

Қобылан ақынның «Кедейлік жас кезімде келмеп едің», «Қонақ-ау, өзің жақсы, бабың қатты» деп басталатын шығармаларында кедейліктің ерекшелігі, ақын өміріне қатысты жақтары айтылады. Қобылан ақынның адам өмірінің қартайған шағындағы жалпы сипатын өзінің басындағы жайттарды айта отырып жан-жақты бейнелей отырып ашып көрсете білгендігіне төмендегі өлең шумақтары дәлел болады.

Кәрілік қатты соққан желменен тең,

Көз көмескі болғанда, құлағым кем.

Қайнаған тұтас денем күй менен жыр,

Елден бақсы жисам да таппадым ем.
Қазаның төрт құлағы жан жолдасым,

Қасымда кемпірім бар, ол - мұңдасым...

Кәрілік, қарсы келдің қазған көрдей,

Жігіттік, желіп өттің бәйгекердей... –

деп ақын жастық, жігіттік шақтың өтуін жүйрік бәйге атына теңей отырып, кәрілікке шарасыздығын білдіреді.

Ақынның кәрілік пен кедейлікті жырлаудағы тағы бір ерекшелігі – кәрілікті, кедейлікті жанды кейіпке енгізіп, кәрілікке:

Жайнап тұрған көзді алдың,

Сайрап тұрған сөзді алдың,

Айхай, кәрілік, неңді алдым?!

Бүлкілдеген етті алдың,

Үлбіреген бетті алдың,

Айхай, кәрілік, неңді алдым?!

Алапаттай күшті алдың,

Ақ меруерттей тісті алдың,

Айхай, кәрілік, неңді алдым?!

Кеспей-пішпей ат қылдың,

Алғаныма жат қылдың,

Айхай, кәрілік, неңді алдым?!

десе, кедейлікпен:

Кедейлік, мұнша неге болдың қиын,

Ойын-той, сауық-сайран, қайда сыйың?

Естігенің қорлық сөз, қолда - жұмыс,

Жұмыртқадай шағылды күнде миым -

деп онымен айтысқа түскендей болып мұңын шағады. Ақын:

Кедейліктен болар ма мұнша қиын,

Байдың үйі айт пен той, күнде жиын... –

деп әлеуметтік теңсіздіктерді де көрсетеді.

Қобылан ақын кәріліктің кәріп еткенін:

Тіріліктен өлген жақсы - қадір кетсе,

Өлмей тірі кім жүрер - ажал жетсе.

(Не қылады, дейді екен, бірдеме етсе).

Енді біз не қыламыз тірі болып,

Тірі жүрген ғаріптің бірі болып –

деп толғаса, кәрілікті бір кездегі жастық шағымен салыстыра отырып:

Кәріде күн жоқ,

Жаста мін жоқ....


Екі бетім табақтай, қайран нұрым,

Жақ сүйекке жабысты тері болып.

Қара сақал жарасқан қайран иек,

Түрім қашып, қауқиған қалды сүйек.


Жетпіс асып, сексенге таянғанда,

Бауырыма байладым құрым күйек...

деген өлең жолдары арқылы қартайған кезінің бейнесін жасайды.

Қор боп тірі жүргенше,

Кіріп қана кетер ем,

Қазулы тұрған көр жоқ.


...Дәмді тамақ, қартайсаң, берер қуат,

Кемпіріңмен мұңдасып көңіл жұбат.

Кіруге көрші үйге өз бетіңмен

Жүрерсің қорғалақтап көріп ұят.

...«Кәрілікпен қосылып, мені жеңдің», – деп өзінің шарасыз хәлін де бейнелейді

Ақынның қартайған шағындағы кедейлік күйі осылайша өлеңдерінде айқын суреттелген.

Үйіне келген қонаққа бар дәмдісі мен жақсысын алдына тосып құрмет көрсету қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі екендігі белгілі. Қобылан ақынның қартайған шағында кедейліктің себебінен бір кездегі мол дастарханының да сәні кете бастайды. Бұл жайт ақынның өлеңінде:

Қонақ-ау, өзің жақсы, бабың қатты,

Күліп берген қара су балдан тәтті.

Қумаймын, шақырмаймын қонақтарды,

Көп адам Қобыланның дәмін татты.

Соғым арық, етіміз қара кесек,

Етханам жаратпайды бара берсек.

Аспаннан жауған қар да таусылады,

Бір жерден қайта-қайта ала берсек.

Қонақтың бір белгісі арқан, киіз,

Адал дәмге бар берген аузың тигіз.

Тоймадым деп, қонағым, өкпелеме,

Бір тойғаннан шекеңе бітпес мүйіз –

деген түрде бейнеленген. Ақын өз тұрмысының нашарлағанын, кедейлігінің себебін бірде:

Қара тасты қақ жарған қайран тісім,

Тісім түсіп, бойымнан кетті күшім.

Етігімнің өкшесі қисайып жүр,

Көзімнен бір-бір ұшты-ау қылған ісім –

деп қарттықтың келуімен, күш-қуаттың қайтуымен байланыстыра қараса, енді себебін отбасы жағдайымен, заманның өзгеруімен байланысты деп түсінеді.

Баланың ең тәттісі кенжесі екен,

Дейтұғын «ас дәмдісін сол жесе екен».

Әйел алып, ер жетіп кеткеннен соң,

Ата-анасын ұнатпайды - ол несі екен?! –

деп балаларының да ықыласпен назар аудармағанына «өкпесін» білдірсе, ендігі бір ұшын:

...Бекер ме осы айтқаным,

Айттырған мына заманың.

Ойлай берсең термелеп,

Арта берер азабың –

деп заманы әкелген құбылыстармен ұштастырады.

Қобылан ақын өз заманы туралы кең толғанып, шығармалар тудырған. Оның заманы туралы толғаныстары мен ой-пікірлері «Ат арыды, тон тозды», «Бұл дүние алуан-алуан заман екен», «Қадір-құрмет тоқтықта» өлеңдерінде бейнеленген. Ақын танымында адам жас кезіндегі бейнетінің зейнетін қартайғанда шағында көруге тиіс. Оны өз заманында көре алмаған ақын:

Адамзат өмір бойы бейнет көрсе,

Опасыз оның өзі харам екен –

деген қорытынды жасайды. Ақын заманның тарылғанын, адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздіктердің орын алғанын:

Заманнан рахатты кім көреді,

Кедей - бейнет, зейнетті бай көреді.

Өткізген мехнатпен өз өмірін,

Сол адам өмірінен не іледі?
Қайғысы тар заманның өзінен зор,

Бұл күнде адам бар ма кедейден қор.

Жаз ішіп, күз кигені басында жоқ,

Қоршап тұр кедейлерді жоқшылық тор.


Бар болсаң, Құдайеке, көрмеймісің,

Кедейге бір жақсылық бермеймісің?

Өмірін мехнатпен өткізгенді

Тағы да ол дүниеде тергеймісің?


Бұл дүние ойлағанға арман екен,

Адамды әрекетке салған екен.

Опасыз әрекетің, өмір қысқа,

Сүйегің қара жерде қалған екен.


Жүрегім ерімейді, езіледі,

Әр нәрсе ойлағанға сезіледі.

Ойласам ел-жұртымды азып-тозған,

Көп қайғы бір-біріне кезігеді –

деп жырлай келіп, заманың бұл күйінде тұра бермейтінін, өзгеретіні жөнінде:

Заманым барған сайын тарылады,

Тарылып, бір заматта жарылады –

деген тұжырым жасайды.

Қобылан ақын шығармашылығында арнаулар да едәуір орын алады. Арнаулары мыналар: «Мейрамды кім білмейді арғындағы», «Нұралыға».

«Мейрамды кім білмейді арғындағы» деп басталатын өлеңінде ақын Арқа елін қалмақтардан азат етуде ерлік көрсеткен Мейрам, Олжабай батырлардың есімдерін құрмет ете жырына қосып, үлгі етеді. Батырларды осылайша үлгі ете отырып ата даңқына малданып жүрген Саққұлақ байдың баласы Нұралыны:

Әкең жақсы кісі еді-ау жамбас жеген,

Жақсыдан жаман туса оңбас деген.

Сірә шешеңізде бір кінә болған шығар,

Иттің боғы қылшықсыз болмас деген -

деп өткір тілмен шенейді. Жалпы алғанда, өлеңдерінде зар менен мысқыл араласып келіп отыруын ақын шығармашылығындағы өзіндік бір ерекшелік деп айтуға болады.

Ақынның «Не жаман?» деп аталатын терме-насихат түрінде келетін толғау өлеңінің жолдары бастан-аяқ мәтел, афоризм дерлік шешен сөздер болып келеді.

Дәстүрлі әдебиеттен мол сусындаған Қобылан ақынның заман сырын, өмір шындығын бейнелеген шығармалары өсиетке, нақыл сөздер мен афоризмдерге толы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   97   98   99   100   101   102   103   104   ...   109




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет