4. Есет ақынның шығармашылығы.
Есеттің әдеби сөз мұрасы бізге толық жетпеген. Барының өзі де толық зерттелді деп айта алмаймыз. Қазіргі зерттеулер мен жинақтарда жарық көріп, сөз болып жүрген туындылары «Мен-мен едім, мен едім», «Қартайдым да қор болдым», «Тауға біткен қайыңның» деп басталатын толғаулары.
Есет патша жендеттеріне, хан-төрелерге қарсы күресіп, ат үстінде күн кешеді. Әкімдерден қуғынға түскен Есет біраз жыл Хорезм жағында ауып жүреді. Осындай қиян-кескі өмір кешкен батыр өзін "Мен-мен едім, мен едім" деп басталатын толғауында:
Мен, мен едім, мен едім!
Қатарға салсаң, қайыспас
Қас қара нар мен едім,
Шабуыл салса шаршамас
Шыны тұлпар мен едім.
Су шашырап, жел тимес,
Аударылмас қара кеме едім.
Қасарысып келгенде,
Қап түбіне сыймаған
Қара болат мен едім.
Қияннан ұшқан қу ілген
Анық сұңқар мен едім.
Тегеурінім теріс біткен,
Тепсем, жілік сындырған
Қыран бүркіт мен едім!
деп сипаттайды
Есет ақын шығармаларында Махамбет шығармаларымен үндестік айқын байқалады. Ол әсіресе, ақынның осы «Мен, мен едім, мен едім» толғауында көрініс тапқан. Бұл толғаудан екі сөз шеберінінің ұқсастығы тек жырдың құрылысы мен сөз тіркестерінен, сөз қолданыстарыннан ғана емес өршіл рухтың көрініс табуынан да айқын аңғарылады. Ғалым Х.Сүйіншәлиевтің жазғанындай жоғарыдағы келтірілген өлең жолдары « – нағыз талант иесіне тән табыс. Төгілген жыр толы поэтикалық тіл, метафоралық орамдар, батыр ақын шабытын танытарлықтай».
Есет ақын «Қартайдым да қор болдым» деп басталатын өлеңінде:
Қартайдым да қор болдым,
Күн сенікі, жастарым!
Кәрілікке жеткізсе,
Талайды көрер бастарың.
Заманымда өзімнің
Еңсеріскен ер көрдім.
Белсеніскен бел көрдім.
Жасанысқан жау көрдім,
Тізелескен дау көрдім.
Бір өтірік болмасын,
Табаным тайып қашпадым.
Түгел ердің жолдасы -
Тілектес болған дос-жарым.
Сол дәулеттің тұсында
Самарқандай сапырып,
Шапқан шөптей жапырып,
Аспадым да, таспадым,
Қанды көйлек жолдасты
Сары алтындай сақтадым.
Менің көрген затым бұл,
Төкпей- шашпай қолданып,
Ортаңа сүйреп тастадым.
деп өзінің өмірден жиған тәжірибесі мен көргенін кейінгі жасқа «Төкпей-шашпай қолданып», үлгі ретінде өсиет етіп ұсынады. Бұл жырда ақынның «жауға шапқан батыр, дауға түсіп, сөз тапқан шешен би, дос-жаранға жан аямай ізгілік көрсеткен ер-азамат, қолы ашық жомарт, дүниені сапырып өткен ардагер азамат» болғандығы да бейнеленген.
«Оның нақылдары адамгершілік, ізгілік тұрғысында айтылған шешен толғау, мәнді, образды туындылар». Бұл ерекшелік ақынның насихат мәндегі «Тауға біткен қайыңның» деп басталатын шығармасының:
Тауға біткен қайыңның
Солқылдар басы жел өтсе.
Тоғайға біткен жоңышқа
Солғын тартар күн өтсе.
Ерні салпы ер аты
Семірмес қайта ер өтсе.
Еңкейіңкі тартады,
Ер қолынан мал кетсе.
Арбадан үркіп жаман ат,
Ер салдырмас жал бетсе.
Қайыры болмас ғаріпке,
Асылсызға мал бітсе.
Тәңірден тілеп алған ұлдарың
Тіл қайырар ер жетсе.
Хан бұрылып қараған,
Би бұрылып сұраған -
Ажары болмас арудың
Екі он бестен жасы өтсе.
Сылдырап белін шешінген,
Назданып аяқ көсілген -
Алғаныңа, жандарым,
Қадірің кетер күн болар
Ер қартайып, жас жетсе –
деген өлең жолдарында айқын көрініс тапқан
Есеттің бізге жеткен шығармалары термелей айту, толғау үлгісінде болып келеді. Шығармалары, негізінде 7-8 буынды жыр өлшемінде жасалған. Тындауға тартымды, сезімге әсерлі болу үшін бейнелеп сөйлеуде бірыңғай дауысты не бірыңғай дауыссыз дыбыстардан басталатын бунақтар жасайды, ассонанс, аллитерация жиі кездеседі.
Қорыта айтқанда, Есет - бізге жеткен өлеңдеріне қарағанда, айтар сөзге келгенде тайсалмай сөйлейтін өзіндік «мені» бар, өзінен бұрынғы сөз шеберлері – жыраулар дәстүрін жалғастырған, кейінгілерге үлгі болған әдебиетіміздің тарихында өзіндік орны бар көрнекті сөз шебері – шешен би, өр рухты ақын.
Достарыңызбен бөлісу: |