Тақырыбы:
ХІІІ-ХҮ ғғ. Ноғай Ордасы. Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір.
Жоспары:
1. Ноғай Ордасының құрылуы, жер аумағы.
2. Ноғай Ордасының этникалық құрамы, қоғамдық құрылысы және саяси жағдайы.
3. ХІІІ-ХҮ ғғ. Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір.
Лекция мақсаты:
Студенттерге Ноғай Ордасының құрылуы, оның жер аумағы, Ноғай Ордасының этникалық құрамы, қоғамдық құрылысы және саяси жағдайы, сондай-ақ ХІІІ-ХҮ ғғ. Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір тарихы туралы түсіндіру.
Лекция мәтіні
1. Ноғай Ордасының құрылуы, жер аумағы.
Алтын Орданың ыдырау барысында өмірге келген ірі мемлекеттік құрылымдардың бірі Ноғай Ордасы. XIV-XV ғасырларда ол Батыс Қазақстан жерінің бөлігін қамтыды. XIV ғ. соңына қарай Жайық пен Еділдің арасындағы тайпаларды біріктірген қауым өзін маңғыттар, ал өз ұлысын “Маңғыт жұрты” атады. “Ноғайлар”, “ноғайлықтар”, “Ноғай Ордасы” деген атаулар деректерде XVI ғ. бас кезінде пайда болады. Ноғай Ордасының мемлекеттік құрылым ретінде оқшаулануы Едіге бидің Алтын Орданы билеген кезеңіне тұстас келеді (1396—1411 жж.). “Беклар-бегі” атанған би іс жүзінде бұл құрылымның негізін қалаушы болды. Ол бес жыл бойы Алтын Орданың саяси өмірінде шешуші роль атқарған Едіге би өз елі маңғыттар ұлысын күшейтуге біраз күш жұмсайды. Едіге би опат болған соң (1419 ж.) маңғыттардың билеушілері шығыс жағындағы көршілерімен жақын қатынаста болуға ұмтылды, Әбілқайыр ханмен одақ құрды. Ноғай Ордасы дербестікке біржола Едігенің ұлы Нұр ад-Дин билігі (1426-1440жж.) тұсында қол жеткізеді.
Ноғай Ордасының жер көлемі өзгеріп отырған. XV ғ. екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауынан асып өтіп, шығыс және оңтүстікке жылжыды. Сыр бойы қалалары үшін күрес және Мауреннахрға ықпалын арттыру жолында жүрген Әбілқайыр хан ноғайларға ешқандай да кедергі жасаған жоқ, қайта одақтастық пиғылда болды. Мұны пайдаланған ноғай билеушілері солтүстік-шығыста жайылымдарын Батыс Сібірге дейін жеткізді. Төменнің оңтүстік шығыс беті Ноғай даласы аталды. Сондай-ақ, ноғайлар көші ауық-ауық Сыр бойы мен Арал теңізі жағалауына шейін де жетіп жатты.
2. Ноғай Ордасының этникалық құрамы, қоғамдық құрылысы және саяси жағдайы.
Ноғай Ордасының этникалық құрамы төңірегіндегі түркі халықтарының, яғни олардың жеке ұлттық тұтастыққа көшкенге шейінгі құрамына ұқсас болды. Оның құрамына маңғыттардан басқа қыпшақ, қаңлы, қоңырат, найман, үйсін, қарлық, алшын, тама және басқа тайпалардың бөліктері енді. Әуелде этносаяси құрылым ретінде пайда болған Ноғай Ордасы негізінде кейінірек, яғни XV ғ. соңына қарай ноғай халқы қалыптаса бастайды.
Ноғай Ордасының негізін қалаған Едіге өзін хан деп жариялауға құқы болмағанмен, Алтын Орданың билеушісі болды. Оның кезінде ноғайлар Алтын Ордадан бөлектенген, елеулі феодалдық иеліктердің біріне айналды. Беклер-бек» - «ұлы әмір» атанған оның билігі шексіз болды. Тіпті Шыңғыс әулетін хан көтеру Едіге ұрпақтарының келісімінсіз қабылданбайтын дәстүрге айналды. Маңғыт елі оған арнап «Едіге батыр» жырын шығарды. Едігенің билік жүргізген кезінде (1396-1411) Ноғай Ордасының жері Батыс Сібір ойпатына дейін ұлғайған. Бұл аймаққа қашып келген Тоқтамыс хан қаза болғаннан кейін, бұл жердегі тайбұға тайпасы да Едігенің билігін мойындаған. Жазба деректердің мәліметі бойынша, ноғайлар (маңғыттар) ХҮ ғ. ортасында Сырдың орта ағысына дейін жетіп, кейбір бекініс қалаларды жаулап алады. Мәселен, 1446 ж. Едіге бидің үрім-бұтағы Уақас би Үзкент қаласына билік жүргізген. Едігенің Мұса мырза, Ямғұрчи және басқа ұрпақтары бүкіл Дешті Қыпшақтың саяси өмірінде белгілі болған. Қазақ еліне тілі, салт-дәстүрі жақын ноғай жұрты қазақтармен жылы, одақтастық қатынаста болды. Алғашқы қазақ ханы Жәнібектің тұсында (XV ғ.) қазақ пен ноғай жылы, туыстық қатынаста болды. XVI ғ. орта тұсында деректер Хақназар ханды “қазақтар мен ноғайлардың ханы” атады.
ХҮІ ғ. басында Ноғай Ордасы ыдырай бастайды. 1550 жж. ортасында Қазан, Астрахань хандықтарының Ресейге қосылуына байланысты Ноғай Ордасы бірнеше иеліктерге бөлінеді. Оның ыдырау кезінде халқының кейбір бөліктері Кіші жүз қазақтарының құрамына қосылады.
3. ХІІІ-ХҮ ғғ. Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір.
Сібірдің ұлан-байтақ жерін ежелден түрік тайпалары мекендеген. Батыс Сібір халқы Қазақстан аумағындағы халықтармен тығыз қарым-қатынас жасап отырды. Шыңғыс ханның жорығына байланысты көптеген тайпалар бас сауғалап, Сібір жерін паналады. Батыс Сібір тайпаларымен көрші қонып, оларға елеулі ықпал еткен қазақ тайпаларының негізгі ұйытқысы қыпшақтар болды. Батыс Сібір жерінде туысқан түрік тілдес халықтардың бірлестігі болды. Бірлестікте керейттер басты роль атқарды.
Монғол шапқыншылығынан кейін Батыс Сібір Жошы ұлысына кіріп, Шайбани әулетінің жері саналғанымен, елді басқару Тайбұға заманындағы түрік шонжарлары әулетінің қолында болды. Тайбұға Шыңғыс ханның құрметіне өзінің астанасы Тура қаласын Чимги-Тура деп атаған. Қазір ол қаланың орнында Тюмень қаласы орналасқан.
Алтын Орданың ыдырауы кезінде Едігеден қашқан Тоқтамыс хан осы тайбұғалықтардың арасына келіп, біраз жыл хандық құрған. Тоқтамыстан соң тайбұғалықтар Едігенің билігін мойындаған. Ал Едігеден соң, бұл амаққа билік үшін Шайбани ұрпақтары арасында талас қайта басталған. Бұл таласқа Ақ Орда хандары да араласқан. Барақтан жеңілген Шайбани ұрпағы Махмұт Қожа Батыс Сібірге қашып келіп, ноғайлардың қолдауымен хан болып жарияланады. 1428 ж. Әбілқайыр хан Батыс Сібірге жорыққа шығып, Махмұт Қожаны жеңіп шыққаннан кейін Батыс Сібір Әбілқайыр ханның қарамағына өтеді. Әбілқайыр қаза болғаннан кейін, Шайбанидің екінші бір ұрпағы Ибақ хан билікті өз қолына алады.
Сонымен Сібір хандығының негізгі жерлері Батыс Сібірдің түркі тілдес халқы тұрған Тобыл, Тура өзендерінің аңғары болды. Ол біртіндеп далалы аймақтарға кеңейтілді.
Бақылау сұрақтары
1. Ноғай Ордасының құрылуы.
2. Ноғай Ордасының аумағы.
3. Ноғай Ордасының астанасы.
4. «Ноғай» сөзінің шығуы және оның мемлекет атына айналуы.
5. «Маңғыт елі».
6. Ноғай Ордасының этникалық құрамы.
7. Әмір Едіге - Ноғай Ордасының негізін салушы.
8. Ноғай Ордасының Алтын Ордадан бөлініп, дербес мемлекетке айналуы.
9. Шыңғыс әулеттерін хан сайлаудағы Едіге ұрпақтарының рольі.
10. Ноғай Ордасының ыдырауы. Үлкен және кіші Ноғайлы.
11. Ноғай Ордасы халқының қазақ хандығы мен қазақ халқының қалыптасуына әсері.
12. Батыс Сібірді мекендеген ежелгі түрік тайпалары.
13. Батыс Сібір тайпаларына елеулі ықпал еткен және түркі тілдес тайпалар бірлестігінде басты роль атқарған тайпалар.
14. Батыс Сібірде билік еткен билеушілер.
15. Батыс Сібір халқының қазақ халқының қалыптасуына әсері.
№ 21 лекция.
Тақырыбы:
Қазақстанның ХІҮ-ХҮ ғғ. экономикасы.
Жоспары:
-
Мал шаруашылығы.
-
Егіншіліктің дамуы.
-
Қалалар, қалалық және селолық қоныстар.
Лекция мақсаты: Студенттерге ХІҮ-ХҮ ғғ. Қазақстан экономикасы, атап айтқанда, мал шаруашылығы, егіншілік дамуы, қалалар, қалалық және селолық қоныстар, қолөнер және
керуен жолдары, сауда мен ақша айналымы туралы түсіндіру.
Лекция мәтіні
1 . Мал шаруашылығы.
Шаруашылықтың негізгі түрі жыл бойы тебінді жайлымда жүретін жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды. Онымен қатар Қазақстанның оңтүстік аудандарында Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің жағалауында отырықшы мал шаруашылығы да таралды.
Қазақтар негізінен жылқы, қой және түйе өсірумен шұғылданды, ал отырықшы шаруашылықпен айналысатындары ірі қара мен ешкі де өсірген. Бойы ұзын, қысқа аяқты жылқыларды қазақтар қысы-жазы мал бағуда мініске ұстайтын, олар қазіргі “жабы” дейтін жылқылар тұқымына ұқсас келеді. Қазақтар асыл тұқымды сәйгүліктер мен арғымақтарды өсіру мен де жақсы айналысқан.
Қазақ халқы түйе өсіруге көп мән берген. Себебі көшпелі және жартылай көшпелі өмірде түйе негізгі көлік ретінде пайдаланылѓан, суыққа және шөлге төзімді жануар. Түйе жыл бойы үй маңында ашық далада жатады, тек қатты суық түскенде ғана үстіне киізден жабу жабатын. ХV-XIX ғғ. қазақтар жалғыз өркешті “нар түйелерді” өсірсе де, шаруашылыққа қолайлы қос өркешті түйелерге көбірек мән берген.
Қазақтар ірі құйрықты қойлар мен қатар ұсақ, биязы жүнді қой өсірумен де шұғылданған. Табиғи жағдайдың ерекшелігіне байланысты мерзімдік жайылымдары болған. Қыста қыстап шығу үшін өзен бойына, қамысты жерлерге, тау аңғарларына, жота бөктерлеріне, орманды жерлерге қыстау салған. Ал қоры ерте кететін жас төлдің жайылымына ыңғайлы жерлерді көктеуге қойған. Көктеуден соң жаздың нағыз ортасында қойдың жүнін қырқып, шыбыны мен масасы аз, шөбі шалғын, суы мол жайлауға көшкен. Күз түсе қайтадан қыстауларына жақындау жерге көшіп келген, оны “күздеу” дейді. Мұндай айнала көшудің себебі, мал жеп кеткен шөптің қайта өсуін қамтамасыз ету, малға жақсы жағдай жасау.
Қазақстанның шөлейт аудандарында малды қолдан суару үшін құдықтар қазып, қауғамен су алатын. Қауға теріден тігілетін үлкен шелек тәрізді ыдыс, онымен бірнеше мәрте құдықтан су алып бүкіл табынды суару оңай емес, сондықтан оны тартуға түйе мен өгізді жиі пайдаланған. Терең, тас құдықтардан қауға тарту ісі – Маңғыстау мен Үстірт жерлерінде жиі пайдаланылған.
Қазақтар малын жайылымға қыста да шығаратын болған, оны “тебінді жайылым” деп атаған. Себебі қар астында қалған шөпті мал тұяғымен теуіп, тартып, жұлып жейтін болған. Ондай жерлерге алдымен жылқыны, одан соң сиыр мен түйені жайған, олар қарын аршып бетіндегі шөбін жеген соң, аршылған жерге ұсақ малды, қойды жайып отырған.
Кейбір жерлерді қиын-қыстау кезең үшін әдейі сақтап “қарамал жері” деп қорып отырған.
Малшылар үшін ең қауіпті жағдай - малдың жаппай қырылуын - жұт дейді. Жаздың құрғақ болуы, шөптің шықпай қалуы, қыстың қатты болуы немесе ауа-райының күрт өзгеруі жұтқа ұшыратқан. Қыс қатты болған жылдары қазақтар “күрек-ашу” деген әдеті қолданып күрек, бөренелерді арқанмен атқа байлау арқылы жайылымды қардан тазартқан.
Қыстауға көшіп келген соң әр жан соғымға ең семіз малдарын сойып, бір-бірін қонаққа шақырысып “соғым басын” берген. Соғымнан қалған қазы-қарта көктемгі жаңа жыл мерекесі-наурыз тойына дейін жеткен. Наурызда жеті түрлі азық-түлік түрінен наурыз көже жасалып (халық мейрамы) ойын-сауығымен қызған халықтық мереке өткізіліп тұрған.
2. Егіншіліктің дамуы.
Суармалы егіншілік. Қазақтардың шаруашылық өмірінде жер өңдеудің де маңызы зор болған. Әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Созақ аймақтарында кең таралған. Жер өңдеумен Батыс Қазақстан мен Сары-Арқаның қазақтары да айналысқан.
Қазақстанда жерді суландырудың түрлі әдіс-тәсілдері болған. Көктемі еріген қар суына да бөгеттер жасалып, егін суаруға пайдаланған, немесе сол жыртылатын егістік жерлерде бөгеп кейін сол жерді өңдейтін болған. Талас өзенінің суы азайып құрғаған салаларына да дән сеуіп “көл табан” жерлер деп атаған.
Ал тұрақты суландыру үшін арықтар қазып, тоғандар, жасанды көлдер жасаған. Оған үлкен өзен сулары арнайы арықтармен әкелініп құйылған. Сырдарияның солтүстік жағалауында жер суландыруға қажетті 2-3 жасанды көлдер жасалып, өзара арықтар мен жалғасқан. Қаратаудың оңтүстік баурайындағы егісті суаруда жер асты суларын жинайтын каналдармен өзара жалғасқан терең құдықтар пайдаланылған.
Суды бұрып пайдалану қиынға соғатын жерлерде оны арнаулы құралдармен көтеріп арықтарға құю арқылы пайдалану әдістері де қолданылған. (“Атпа”, “Шығыр” қолдану арқылы).
Қазақтарда жер суландырудың үш түрлі әдісі болған: жаппай суландыру, атыздар арқылы және бороздалар бойымен суландыру.
ХІХ ғасырдың басына қарай табиғи (құрғақшылықтың әсері) және саяси (Ресейдің отарлық саясатының күшеюінен) жағдайларға байланысты суландыратын жерлердің көлемі қысқара бастады. Бірақ Қазақстанның оңтүстігі мен орталық аудандарда Жем, Торғай, Ырғыз бойында және Қазақстанның солтүстігі мен шығысында жер өңдеу қазақтардың қосалқы шаруашылығы ретінде дами берді.
3. Қалалар, қалалық және селолық қоныстар.
Монғол шапқыншылығы қалалық мәдениеттің дамуына зардабын тигізді. Жазба деректерде Жетісу аймағы қалаларының қаңырап бос қалғандығы туралы жазылған. Археологиялық зерттеу жұмыстарына қарағанда, ХІІІ ғ. аяғы мен ХІҮ ғ. басында Іле алқабындағы қалалық мәдениет мүлде құрып бітсе, ал Талас пен Шу алқабындағы кейбір қалалар қайта жанданып көркейе түскен.
Қалалық мәдениеттің дамуы туралы Шыңғыс ұрпақтары арасында екі түрлі көзқарас болған. Олардың біріншісі қалалық өмірге қарсы болып, отырықшы халықты аяусыз тонап, шексіз салық төлетуге тырысса, екіншілері қалалық өмірді дамытып, отырықшылықты өркендетпей, алым-салықты көбейту мүмкін еместігін түсінді. Сондықтан 1269 ж. Талас жағасында құрылтай өткізіп, онда отырықшы халық пен қала тұрғындарынан белгіленген салық көлемінен артық алуға тыйым салынған заң шығарылды. Міне, осы заңның әсері болу керек, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Йасы, Отырар, Құмкент, Созақ, Сығанақ сияқты қалалардағы тіршілік жақсара бастайды. Қалаларда тіршіліктің жандана бастауы туралы армян патшасы І Гетум Монғолияға сапарындағы күнделігінде жақсы жазған.
Қалалық өмірдің дамыған кезі – Ақ Орда хандары Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтайлардың билік құрған тұсы. Ақ Орданың орталығы болған Сығанақ қаласы қалалық өмірдің қайта өрлеуіне үлкен әсерін тигізген. Қалалар Орта Азиядан келген саудагерлер мен жартылай мал өсірушілер бас қосатын орталыққа айналған. Сығанақта және оның аймағындағы қалаларда Ерзен ханның кезінде мешіт, медреселер салынып, қоғамдық құрылыстар көбейген.
Алайда қалалық өмір қанша өркендегенімен монғол шапқыншылығына дейінгі деңгейге жетпеген. Қайта ХҮ ғ. бірінші жартысында көптеген қалалар қаңырап, бос қалған.
Бақылау сұрақтары
1. Қазақстандағы көшпелі мал шаруашылығы дамыған аймақтар.
2. Жартылай көшпелі мал шаруашылығы дамыған аймақтар.
3. Отырықшы мал шаруашылығы дамыған аймақтар.
4. Қазақтардағы малдың құрамы.
5. Қазақтардың мал жайылымдарының түрлері.
6. Жайлау, қыстау, күздеу, көктеудің ерекшеліктері.
7. «Тебінді жайылым».
8. «Жұт». «Күрек ашу».
9. Қазақстандағы егіншіліктің дамуы.
10. Қазақстандағы жерді суландырудың әдіс-тәсілдері.
11. Қазақстандағы қалалық мәдениеттің дамуына монғол шапқыншылығының тигізген зардаптары.
12. қалалық мәдениеттің қайта жандануы.
13. Талас құрылтайы, онда қаралған мәселелер.
14. Қазақстандағы қалалар туралы армян патшасы І Гетумның жазбалары.
15. Қалалық өмірді жандандыруға үлес қосқан Ақ Орда хандары.
16. Кірпіш күйдіру кәсібінің өркендеуі.
17. Зергерлік кәсіптің дамуы.
18. Әйнек жасау кәсібі.
№ 22 лекция.
Тақырыбы:
Қазақстанның ХІҮ-ХҮ ғғ. мәдениеті.
Жоспары:
1. Қазақстанның ХІІІ-ХҮ ғғ. рухани мәдениеті.
2. Діни наным-сенімдер.
3. Қазақстанның ХІҮ-ХҮ ғғ. сәулет өнері
Лекция мақсаты: . Қазақстанның ХІІІ-ХҮ ғғ. рухани мәдениеті, діни наным-сенімдер және Қазақстанның ХІҮ-ХҮ ғғ. сәулет өнері туралы студенттерге түсіндіру.
Лекция мәтіні
1. Қазақстанның ХІІІ-ХҮ ғғ. рухани мәдениеті.
Бұл кезеңнің рухани мәдениеті Дешті Қыпшақ аумағында ежелгі түрік, монғол және ислам мәдениеті дәстүрлерінің өзара тығыз ықпалымен сипатталады. Ол негізінен алғанда фольклор, ауызекі жеке поэзия, жазба әдебиет және музыкалық-поэтикалық өнер түрінде болып, дамып отырған.
ХІҮ-ХҮ ғғ. Қазақстанда мекендеген ру-тайпалардың әдеби туындылары ауызша фольклор түрінде таралды. Фольклорға ел ішінде айтылып жүрген ертегілер, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, эпостық жырлар жатады.
Фольклордың ертедегі үлгілері түрлі мифологиялық сюжеттерден тұрады. Мәселен, Ғарыш пен Жердің ғайыптан пайда болуы немесе Күн мен Айдың және жұлдыздардың қайдан шыққандығы туралы түрлі аңыздар сақталған. Мысалы, «Күннің баяны», «Темірқазық пен Жетіқарақшы» жұлдыздары, т.б. туралы аңыздар. Алғашқы адамдар мен жануарлардың, таулар мен өзен, көлдердің қалай жаралғандығы туралы аңыздар да бар.
Ауыз әдебиетіндегі кең таралған жанрлардың бірі – ертегілер. «Құламерген», «Жоямерген», «Жерден шыққан Желім батыр», «Ер Төстік», Керқұла атты Кендебай» сияқты батырлық, өнегелік мазмұндағы ертегілердің әлі күнге дейін тәрбиелік мәні зор.
Ауыз әдебиетіндегі ертеден ел аузында айтылып келе жатқан ірі саласының бірі – эпостық жырлар. ҮІ-ҮІІІ ғғ. бастау алған батырлық жырлары көптеген көріністерімен толықтырылып, ХІҮ-ХҮ ғғ. эпостық жырларға айнала бастады. Мәселен, қияттар мен қыпшақтардың қызылбастар мен қалмақтарға қарсы соғысын суреттейтін «Қобланды батыр» жыры. Кеңейтіліп, жаңару барысында бұл жырда Алтын Орда дәуіріндегі Алшағыр, Қазан, Қараман, Айбақ сияқты тарихи адамдардың есімдері де орын алды. Ал Алтын Орда ыдыраған кезде «Ер Тарғын», «Орақ-Мамай», «Ер Қосай» сияқты батырлар жырлары пайда болған.
ХІІІ-ХҮ ғғ. ауызша поэзия үлгілері де дами бастайды. Оның өкілдері: аттары бізге аңыз боп жеткен Кетбұға, Қодан, Сыпыра жырау, Асан Қайғы. Олардың өмірбаяндары бізге белгісіз болғанымен, ауызша сақталып бізге жеткен шығармалары, халықтың бірлігі мен тірлігі туралы айтқандары бүгінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жағынан өте құнды еңбектер болып табылады.
ХІҮ-ХҮ ғғ. жазбаша әдебиет те дами бастады. Олардың көпшілігі қыпшақ тілінде жазылған. Мәселен, «Кодекс куманикус», «Оғызнама» сондай туындыларға жатады. Бұл кезеңде өзбек ақыны Хорезмидің «Мухаббатнама», Кутбтың «Хұсрау мен Шырын», Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха» сияқты әдеби шығармалары белгілі болған.
Әдебиетпен қатар музыка өнері де дамыған. Бізге жеткен музыка туындылары – «Ескендір», «Қамбар батыр», «Шора батыр» т.б. күйлер. Ежелгі Алтын Орда дәуірінен келе жатқан «Жошы ханның жортуы», «Ақсақ құлан», «Ел айырылған», «Сағыныш» сияқты күй-аңыздар – халқымыздың музыка өнеріндегі асыл қазыналары.
2. Діни наным-сенімдер.
Қазақстанда ислам діні ҮІІІ ғасырда тарай бастағанымен, ХІХ ғасырдың аяғына дейін бұл дін оның тұрғындарының жүрек түкпіріне толық жете қоймаған еді. Мұндай пікірді «Ислам діні» атты мақаласында қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановта та айтады. Атақты Өтеміс қажы өзінің «Шыңғыснама» кітабында «Дешті уалаяты Берке ханға бағынған кезде дінсіздердің көп бөлігін ол ислам дініне кіргізді» деп жазған. Хан өз төңірегіне діншіл ғалымдарды жинап, мұсылман дінінің таралуына себін тигізген.
ХІҮ ғ. Өзбек хан (1312-1342) мен Моғол ханы Тоғылық Темір хан (1348-1362) билігі кезінде исламның таралуына қатты көңіл бөлінген. Жазба деректерге қарағанда, хандар шонжарларға исламды зорлап қабылдатуға дейін барған. Ал Тоғылық-Темір хан мұсылман дініне кіріп, басына сәлде тақпағандарға қатаң жаза қолданған. Осындай шаралардың арқасында тұрғындар мұсылман дінін қабылдай бастайды.
Қазақстанда ислам дінінің тез қанат жая бастауына және бір себеп – ислам дінінің сопылық тармағының таралуы. Өйткені сопылықтың кейбір идеялары мен әдет- ғұрыптары шаманизмнің наным - сенімдеріне жақын болды.
Сонымен ХІҮ –ХҮ ғғ. аралығында ислам діні мен шаманизмнің кейбір діни наным – сенімдері қатар өмір сүрді. Мәселен, Қазақстанның байырғы аспан әлемін «Көк тәңірі» деп түсінген. Ал тәңірді пір тұту исламның құдайға жалбарыну әдетімен бірдей жалғаса берді.
3. Қазақстанның ХІҮ-ХҮ ғғ. сәулет өнері
ХІІІ ғ. екінші жартысынан бастап қалалық отырықшы мәдениеттің жандана бастауының нәтижесінде ХІҮ-ХҮ ғғ. ірі архитектуралық құрылыс жүйелері салына бастаған. Мәселен, бұл кезден бізге жеткен сәулет өнерінің тамаша үлгілеріне Арыстанбаб, Қожа Ахмет Йассауи, Көккесене, Алаша хан, Дәуітбек, Тектұрмас сияқты кесенелер жатады.
Арыстан баб кесенесі көне Отырар қаласының батыс жағында 3 км жерде, Сырдария өзеніне жақын орналасқан. Ел ауызындағы аңыз бойынша Арыстанбаб ҮІІ-ҮІІІ ғғ. өмір сүрген. Қожа Ахметтің рухани ұстазы болған. Оның басына тұрғызылған құлап қалған кесенені Әмір Темір ХІҮ ғ. қайта салғызыпты. ХІҮ-ХҮ ғғ. аралығында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған сәулет өнерінің тамаша бір үлгісі – Қожа Ахмет Йассауидің кешенді кесенесі. Кесене Түркістан қаласының дәл ортасына салынған.
Жазба деректерге қарағанда, кесенені салуға Әмір Темір 1397 ж. бұйрық берген. Күмбезді салғызудағы басты мақсаты Қожа Ахметтің мұсылмандар арасындағы зор беделі арқылы оны пір тұтушылардың сеніміне ие болып, өз жағына тарту болды. Кесененің аумағы – 46,5 х 65,5 м. Биіктігі – 37,5 м. Қасбеті шығысқы қараған, ең биік күмбезді. Кесене 35 бөлмеден тұрады. Залдың ортасында 1399 ж. жасалған үлкен тайқазан тұр. Бөлмелердің шіндегі негізгісі – кітапхана. Оңтүстік жағында үлкен ақсарай, кіші ақсарай бар. Олардың ішінде атақты адамдар жерленген.
Көккесене – Ақ Орданың орталығы болған Сығанақ қаласының маңында, Төменарық кентінің солтүстік-батысында 8 км жерде орналасқан бір күмбезді кесене. Қазіргі кезде бұл кесененің жұрнағы ғана қалған.
Алаша хан кесенесі – ХІҮ-ХҮ ғғ. арасындағы сәулет өнерінің басты бір ескерткіші. Күмбез Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір өзенінің жағасына салынған. Бұл кесененің өзіндік бір ерекшелігі – далалық сәулет өнерінің үлгісінде жасалуы. Алаша хан күмбезінің қабырға сыртын әсемдеу ісінде қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі (таңдай, жүрекше) кең қолданылған.
ХҮ ғ. екінші жартысында салынған тағы бір ескерткіш – жартылай сақталған Рабиға Сұлтан Бегімнің кесенесі. Кесене Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің шығыс жағында 60 км жерде орналасқан.
Бақылау сұрақтары:
1. ХІҮ-ХҮ ғғ. Қазақстанның рухани мәдениетінің ерекшеліктері.
2. ХІҮ-ХҮ ғғ. Қазақстан халқының фольклоры.
3. Ғарыш пен Жердің, Күн мен Айдың және жұлддыздардың қайдан шыққандығы туралы аңыздар.
4. ХІҮ-ХҮ ғғ. ауыз әдебиетіндегі ертегілердің алатын орны.
5. ХІҮ-ХҮ ғғ. эпостық жырлар.
6. «Қобланды батыр» жыры.
7. «Ер Тарғын», «Орақ-Мамай», «Ер Қосай» батырлық жырлары.
8. Кетбұға жырау.
9. Қодан тайшы.
10. Сыпыра жырау.
11. Асан Қайғы.
12. «Кодекс куманикус».
13. «Оғызнама».
14. «Мұхаббатнама».
15. «Хұсрау мен Шырын».
16. «Жүсіп-Зылиха».
17. Аспаптық музыка туындылары.
18. Алтын Орда дәуірінен келе жатқан күй-аңыздар.
19. Ислам дінінің күшеюі.
20. Шамандық наным-сенімдер.
21. Арыстан Баб кесенесі.
22. Қожа Ахмет Йассауи кесенесі.
23. Көккесене.
24. Алаша хан кесенесі.
25. Жошы хан кесенесі.
26. Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі.
№ 23 лекция.
Тақырыбы:
Қазақстан аумағындағы этникалық процестер. Қазақ этногенезі.
Жоспары:
1. Қазақ халқының қалыптасуы. Этногенез мәселесі.
2. Қазақ этногенезінің қалыптасу кезеңдері.
3. Монғол дәуіріндегі және одан кейінгі кезеңдегі этникалық процесстердің ерекшеліктері.
4. Қазақ этнонимінің шығуы.
Лекция мақсаты: Қазақ халқының қалыптасуы, этногенез мәселесі, қазақ этногенезінің қалыптасу кезеңдері, монғол дәуіріндегі және одан кейінгі кезеңдегі этникалық процесстердің ерекшеліктері және қазақ этнонимінің шығуы туралы студенттерге таныстыру.
Лекция мәтіні
1. Қазақ халқының қалыптасуы. Этногенез мәселесі.
Қазақстанның этникалық тарихы да Орталық Азияның барлық аймақтарындағыдай өте күрделі. Ғасырлар бойы бұл аймақта да көптеген халықтар мен тайпалар тағдыры тоғысып, небір тарихи оқиғалар өтті. Олар туралы шығыс және европа халықтарының тілдерінде жазылған деректер де баршылық.. Шығыстанушылардың бірнеше ұрпақтары да этникалық тарихты зерттеумен айналысып, көп еңбек сіңірді.
Ғылыми әдебиеттерде “этнос” деген түсінікті (яғни халық, тайпа, ұлт т.б.) тарихи қалыптасқан, адамдардың тұрақты тобы. Олардың тек сыртқы физикалық белгілері ғана ұқсас емес, тұрақты мәдениеті (тілі), психикасы және өзге де ерекшеліктері ортақ болып келеді. Этностың қалыптасуы мен сақталуын қаптамасыз ететін оның өзіне тән мекендейтін территориясы болады.
Достарыңызбен бөлісу: |