Бақылау сұрақтары:
1. «Түркі» этнонимінің шығуы.
2. Түркілердің шығу тегі туралы батыс ғалымдарының пікірлері.
3. Қытай деректеріндегі түркілердің шығу тегі туралы мәселе.
4. Хұндар мен түркілердің этносаяси байланыстары.
5. Түркілердің шығу тегі туралы араб зерттеушілерінің мәліметтері.
6. Н.А. Аристовтың түркілердің шығу тегі туралы пікірлері.
7. В.В. Радловтың түркілердің шығу тегі туралы пікірлері.
8. Печенек тайпаларының шығу тегі және мекендеген аумағы.
9. Бұлғарлар мен Хазарлардың шығу тегі және мекендеген аумағы.
10. Оғыз тайпаларының шығу тегі және мекендеген аумағы.
11. Қарлұқ тайпасының шығу тегі және мекендеген аумағы.
12. Қырғыздардың шығу тегі және мекендеген аумағы.
13. Қимақтардың шығу тегі және мекендеген аумағы.
14. Қыпшақ тайпаларының шығу тегі және мекендеген аумағы.
15. Махмұд Қашқаридің айтуынша Солтүстік түркілерге жататын тайпалар.
16. Махмұд Қашқаридің айтуынша Оңтүстік түркілерге жататын тайпалар.
№ 3 лекция.
Тақырыбы:
Түрік қағанаты
Жоспары:
1. Түрік қағанатының құрылуы.
2. Түрік қағанатының қоғамдық құрылысы және саяси тарихы.
Лекция мақсаты: Түрік қағанатының құрылуы, Түрік қағанатының қоғамдық құрылысы және саяси тарихы туралы студенттерге таныстыру .
Лекция мәтіні
1. Түрік қағанатының құрылуы.
Үйсіндердің күші қайтқан соң Жетісу үнемі қақтығыстарға ұшырап отырды.
V ғ. осында келген жожан әскерлері үйсіндерді өз иеліктерін далалық бөліктен Тянь-Шаньға ауыстыруға мәжбүр етті. Бос қалған жерлерге юечжилердің қалдықтары орналаспақшы болды, бірақ 418-419 жж. Жожандармен соғыстан соң олар Орта Азияға кетуге мәжбүр болды, ол жерде олар парсы және эфталиттермен қақтығысты. Шу мен Талас өзендерінің жоғарғы ағысын кангарлар басып алып, жожандардың батысқа жылжуын тоқтатты.
Жетісу мен Шығыс Қазақстан Жожан мемлекетінің шегі болғандықтан оларға көңіл аз бөлінді. Бірақ дәл осы жерде, Алтайда Жожандарға қарсы тұра алатын күш қалыптаса бастады.
Солтүстік-Шығыс Жетісуда, Ертіс аңғары мен Жоңғарияда мекендеген көптеген теле тайпалары 482 ж. Жожандарға қарсы көтеріліс жасап, өз мемлекетін құрды. Ол көп өмір сүрген жоқ, 516 ж. телелер қайтадан Жожандарға бағынышты болды. Алтай тайпаларының бірі — ашина Жожандар үшін темір балқытты. Бұл тайпаға евразия тарихында ерекше бір роль орындау жазылған. Осы ашина қоластындағы халықтарды түрік деп атады. “Түрік” сөзінің өзі — күшті, мықты дегенді білдіреді. А.Н. Кононовтың айтуынша бұл сөз басында саяси мәнге ие болған, онымен ашина тайпасының билеуші руын құраған дала ақсүйектерінің отбасы мүшелерін атаған. Тек кейін ғана түрк қағанына бағынған барлық тайпалардың ортақ атына айналды.
Халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірі (ІІ-Ү ғғ.) Қазақстан мен Орта Азияның және Шығыс Еуропаның этникалық және саяси картасын едәуір мөлшерде өзгертті. Ү ғ. түрік тілді теле (тирек) тайпаларының хисапсыз көп топтары Солтүстік Монголиядан бастап Шығыс Еуропаға дейінгі ұлан-ғайыр далаға кең жайылып қоныстанады, оңтүстікте олардың қоныс-өрісі Амударияның жоғарғы ағысына дейін жетеді.
ҮІ ғ. Қазақстан жері аса қуатты мемлекет – Түрік қағанаты өкіметіннің қоластына қарайды, олардың билеушілері түрік тайпасының, Ашындар әулетінен шығып отырған. Қағанат ұйымдасқанға дейінгі түрік этносының өзінің құрылу тарихына келсек, ол ІІІ ғасырдан ҮІ ғ. ортасына дейінгі Ганьсу, Шығыс Түркістан мен Алтай аймақтарында бірте-бірте сатылып құрылған.
«Түрік» атының тұңғыш рет аталуы қытай шежірелерінен кездеседі және ол 542 жылға жатады. Қытайлар түріктерді сюнну – ғұндардың ұрпақтары деп атаған. 546 ж. Алтайда теле тайпасы қыруар әскерінің талқандалуы салдарынан түріктерге 50 мың үйдің келіп қосылуы себепті олар кәдімгідей күшейеді. 552 ж. көктемінде түріктердің бастушысы Бумын өздерінің билеушісі аварларға (Жуань-жуаньдар) қарсы шығып, оларды ойсырата жеңеді. Осы мемлекеттің ойрандалған орнында олар Түрік қағанатын құрады. 552 ж. Бумин өлген соң таққа оның баласы Қара-Есік хан отырды. Ол да жожандарға жаңадан соққы берді. Жеңістен соң белгісіз жағдайда хан қайтыс болып, оның орнына ағасы Муган-хан келеді. Мұқан қаған (553-572) билік құрған жылдарда Түрік қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болды. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисейдегі қызғыздарды бағындырады, бұларға Солтүстік Қытай мемлекеті алым-салық төлеп тұрады. 553ж. жожандар тағы бір рет жеңіледі. Енді түрктер Алтайдан шығысқа қарай бүкіл даланың қожайыны болады. Келесі жылы түрктер батысқа қарай жорыққа аттанады, оны Бумынның кіші бауыры Истеми каган бастайды. Жожандардың шапқыншылығынан әлсіреген үйсіндер қарсылық көрсете алмады, сөйтіп 555ж. Истеми әскері Арал теңізі мен Ташкент маңына жетеді. Бірақ Аралдың солтүстігінде өмір сүрген уар мен хионит тайпалары қатты қарсылық көрсетіп, тек 558 ж. ғана бағындырылды. Түрктер Еділге жетті, бірақ оны өткен жоқ. Сөйтіп қысқа мерзім ішінде Еділден Хинган тауларына дейінгі аралықта үлкен көшпелі империя құрылды.
2. Түрік қағанатының қоғамдық құрылысы және саяси тарихы.
Жаңа мемлекеттің басында қаған тұрды, қағаннан кейінгі екінші адам, оның туысқаны, “ягбу” титулын иемденді. Тақ мұрагері қызметіне қарамастан тегин деп аталды, ал қағанның барлық туыстары өз аттарына “шад” лауазымын тіркеген. Мұрагерлік үлестік жүйемен берілді. Ол бойынша тақ әкеден балаға емес, үлкен ағасынан кішісіне немесе кіші нағашысынан үлкен жиеніне берілді. Мұрагерлікті күтіп, шадтар басқаруға үлес алған.
568 ж. Түрік мемлекеті 4 үлеске бөлінген, ал 576 ж. - сегізге. Қағанның өз ордасы Алтайда орналасқан.
Әлеуметтік жағынан түрктер үш топқа бөлінген — бектер, қара-будун (негізгі қауым), таттар (құлдар) - қолға түскен тұтқындар. Түріктерге бағынған теле тайпалары оғыз деп аталды.
Түрк қағанаты пайда болысымен сол кездегі дүниежүзілік империялармен бір қатарға тұрды.
IV ғ. 60ж. түріктер Бэй-Ци және Бэй-Чжой Қытай мемлекеттерінің өзара күресіне араласып, екеуіне де салық төлетті. Тобо-хан қаған айтқан екен: “Оңтүстіктегі екі бала (Чжоу және Ци) бізге бағынышты болса, кедейліктен қорқпауға болады”.
Отырықшы тайпалар байлығына ие болу үшін Түріктер Орта Азияға қарай ұмтылады. Бұл арада олар қарауындағы жерлері Каспий теңізінен Солтүстік Үндістан мен Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан. Эфталлиттермен кездеседі. 561-563 жж. Түріктер Иранмен эфталиттерге қарсы одақ құрады. ”. 560ж. түріктер Орта Азияда эфталиттермен соғыс кезінде Ташкент пен Зерафия жазығын басып алды. 564ж. Иранның шахы Хосроу Ануширван (531-579 жж.) эфталиттерден аса маңызды стратегиялық Тохарстан облысын тартып алады. 565ж. Несефи маңындағы ұрыста Истеми-каган бастаған түріктер жеңіп, Соғдыны қағанатқа қосты. 567 ж. Бұхара түбінде түріктер эфталиттердің негізгі күшінің күл-талқанын шығарады. Иран мен Батыс түрік қағанатының саяси ықпал жасау аймақтарының шекарасы Амудария болады.
Түріктер мен олардың билігінде болған соғдылар Византиямен тікелей сауда байланысын орнатуға ынтызар еді. Иран бұған кедергі жасайды. 568 ж. соғды көпесі Маниах Түрік қағанының елшілігін Константинопольге бастап барады, онда екі ел арасында сауда келісімі және Иранға қарсы әскери шарт жасалады. Парсылар Империя мен қанағаттың өзара одақ құруына мейлінше қарсы болды. Иран түріктерге жыл сайын 46 мың алтын теңге салық төлеп тұруды және олардың сауда-саттығына кедергі жасамауды міндетіне алады. Осыдан кейін түрік әскері Амударияның арғы бетіне әкетілді. Бұл Кавказды алып, Боспорға (Керчь шығанағына) шығады. Оның ұлы Түркісанфа Керчьті басып алып, Қырым жеріне еніп, Боспорды жаулап алады (576 ж.), бірақ көп ұзамай жарты аралдан кетіп қалады. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Күшейіп алған Иран 588 ж. Герат түбегінде түріктерді жеңіп шығады. Византия 590 ж. Боспорды қайтадан жаулап алады.
Түрік қағанатындағы өзара қарқыс кезеңі (582-593 жж.) 603 ж. Батыс Түрік қағанатының бөлініп шығумен аяқталады, Шығыс Түркістанның көгалды аймақтарынан бастап Амударияға, Еділ өңірі мен Терістік Кавказ далараныа дейін созылып жатқан байтақ жер осынау Қағанат қарауына көшеді.
Бақылау сұрақтары:
1. Ү-ҮІ ғғ.басындағы Орталық Азиядағы саяси жағдайдың басты ерекшеліктері.
2. Жужандар, олардың шығу тегі. Жужан хандығының құрылуы.
3. Жужандардың көрші елдермен қарым-қатынасы.
4. Теле тайпалары, олардың көрші елдермен қатынасы.
5. Түріктердің теле тайпаларын бағындыруы.
6. Түрік қағанатының құрылуы. Бумын қаған.
7. Қара-Еске қаған. Жужандарды екінші рет талқандау.
8. Мұқан қаған тұсындағы Түрік қағанатының саяси жағдайы.
9. Түріктердің батысқа жорықтары. Естеми қаған.
10. Түрік-эфталит соғыстары, оның салдары.
11. Түрік-Иран одағы.
12. Маниах елшілігі. Түрік –Византия одағы.
13. Земарх елшілігі.
14. Түрік-Иран қақтығысы және оның салдары.
15. Түріктердің Кавказды, Қырым мен Боспорды алуы.
16. Ұлы Түрік қағанатының аумағы.
17. Түрік қағанатындағы өзара қақтығыстар.
18. Түрік-Қытай қатынасы. Қытайдың түріктер жөніндегі ұстанған саясаты.
19. Түрік қағанатының екіге бөлінуі.
№ 4 лекция.
Тақырыбы:
Батыс Түрік және Түргеш қағанаттары.
Жоспары:
1. Батыс Түрік қағанаты (603-704 жж.)
2. Қағанаттың қоғамдық-саяси құрылысы.
3. Түргеш қағанатының құрылуы (704-756 жж.)
4. Түргеш қағанатының саяси тарихы.
Лекция мақсаты: Студенттерге Батыс Түрік қағанаты (603-704 жж.), қағанаттың қоғамдық-саяси құрылысы, Түргеш қағанатының құрылуы (704-756 жж.) және қағанаттың саяси тарихы туралы таныстыру.
Лекция мәтіні
-
Батыс Түрік қағанаты (603-704 жж).
Қағанаттың этникалық саяси өзегі «он тайпа» (он оқ будун) болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейінгі аралықта жатқан ежелгі үйсін жерін жайлайды. Шу өзенінің шығыс жағында дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында нүшебидің бес тайпасы мекендеді. Шудың жоғарғы бойындағы Суяб қаласы (Қырғызстандағы Тоқмақ қаласы маңында) елдің астанасы болды, ал қағанның жазғы ордасы – Мыңбұлақ (Түркістан қаласы жанында) еді. Қағанаттың алғашқы қағаны Тардуш (Дато) қаған болып есептеледі. 610-618 жж. Жегуй-қаған мен оның інісі Түн-жабғы қаған (618-630 жж.) билеген кезде қағанаттың күш қуатты таси түседі. Тохарстан мен Ауғаныстанға жасалған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік- батысына дейін жылжытып кеңейтеді.
Қағанат шаруашылықтың көшпелі және жартылай көшпелі әдісі басыңқы және отырықшы егіншілік түрі қоса жүргізілетін бірегей жүйесі болып табылады. Қала мен дала қағанат құрамындағы біріккен әлеуметтік-саяси ағзаның бір-біріне аса қажет, бірін-бірі толықтырып отыратын бөлшектері еді. Елдің халқы – түріктері де, соғдылары да – бәрі бірдей сауда-саттақпен, қолөнер кәсібімен, егіншілік және мал өсірумен айналысып отырған.
-
Қағанаттың қоғамдық-саяси құрылысы.
Қағанаттағы бірінші тұлға – жоғарғы билеуші-басқарушы, әскери бастық, бәлкім күллі жердің қожасы да – қаған болған.
Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар – жабғы, шад және елтебер – қаған әулетіне ғана тән атақ-тұғын. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарған. Қанағаттың негізгі халқы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болған, оларды – «қара будун» - («қара халық», «тобыр») деп атаған. Әлеуметтік жағынан тайпалар – ақ сүйек және вассал (бағынышты) тайпалар болып бөлінген. Бағыныштылар әманда алым-салық төлеп отырған. Түріктердің көрші тайпалар мен халықтарға шапқыншылық жасағандағы мақсаттарының бірі – құлдар әкету болған.
Жаулап алынған жерлерде негізінен олардың әлеуметтік, экономикалық және мемлекеттік құрылысы сақталған, бірақ қағанның орынбасарлары – тудундар алым-салық жинау және оны қаған ордасына жіберіп отыруды қадағалаған. Батыс Түрік қағанатында таптардың пайда болуы процесі және ерте феодалдық қоғамдық қатынастардың құрылуы жедел жүріп жатты.
Қарауындағы халықтар мен тайпаларды ұдайы бағынышты етіп ұстап отыруға Батыс Түрік қағанаты Орталық өкіметінің әскери-саяси ресурсы жетіспейтін болып шықты.
Қағанат ішінде өзара тартыс үздіксіз жүріп, билеушілер жиі-жиі ауысып жатты, бұл ыдыраушылықты асқындырып жіберді. Он алты жылға созылған тайпалар арасындағы соғыс пен әлеуметтік ішкі қырқыстар (640-657) Жетісуға Тан империясы әскерінің баса-көптеп кіруіне әкеліп соқты. Тан губернаторлары Батыс Түрік тайпаларын қаған әулетінен өздері қалап қойған сыбайластары арқылы басқаруға тырысты. Алайда түріктердің Тан басқыншылығы және оның сыбайластарына қарсы жүргізілген тынымсыз күресі түргештердің күшейіп көтерілуіне, сөйтіп 704 ж. Жетісуда олардың саяси жетекші күш болып шығуына себепші болды.
3. Түргеш қағанатының құрылуы (704-756 жж).
Арабтар жаулаушылығы басталған кезде Қазақстан және Орта Азияның басым бөлігі Батыс Түрік қағанаты өкіметінің билігінде болатын. Арабтарға қарсы күрес жүргізу ісінде Жетісуда өкімет басына келген түргіштер бірінші орынға шықты. Түргештер – Батыс Түрік қағанатындағы бес тайпа дулуға кіретін, Іле мен Шу өзендерінің аралығын жайлаған көп санды түрік тайпаларының бірі еді. Олардың билеуші әулетінің атасы Үш-Елік қаған (699-706 жж.) болды. Ол Жетісудан Бөрі-шадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Түрфан мен Бесбалыққа дейін көсіліп жатқан байтақ жерде өз үкіметін орнатты. Ол ордасын Шу бойындағы Суябқа орналастырды. Оның екінші ордасы Іле өзені жағасындағы Күнгіт қаласында болатын. Үш-Елік қаған елді 20 түтіктікке (еншілікке) бөлді, оның әрқайсысының 7 мыңнан әскері бар еді.
4. Түргеш қағанатының саяси тарихы.
705 ж. арабтар шауып кету тактикасынан бас тартып, Амударияның шығыс жанындағы Мауараннахр облыстарын басып алуға кірісті. Хорасанның уәли-орынбасары Кубейта ибн Муслим Балхты жаулап алып, 706 ж. Бұхараға таяу жердегі Пайкентке қарай беттеді. Түргештер дереу соғдыларға көмекке келді. Түріктер мен соғдылардың бірлескен қолы араб әскеріне ойсырата соққы берді. Кубейта ибн Муслим әккілік жолымен одақтастарды алдап, оларды бір-біріне айдап салып, өзі қоршаудан құтылып кетеді. 709 ж. Кутейба тағы да Мауараннахрға аттанып, Бұхар маңына дейін жетеді. Түрік-соғды одағы араб әскеріне талай рет аяусыз соққы береді. Алаяқ Кубейта тағы да алдау, арбау тәсілін қолданып, соғды патшасы Тархунды түріктер көмегін алудан бас тарқызады, соның салдарынан араб әскері Бұхарды басып алады.
Түргеш қағанатындағы Үш-Еліктен кейін оның мұрагері болып, баласы Сақал-қаған (706-711 жж.) таққа отырады. Түргеш мемлекетінде ішкі бірлік болмайды. Мемлекеттің сыртқы жағдайы да аса қиын еді. Олар батыста – соғдылармен бірге арабтарға қарсы табанды күрес жүргізіп жатты, оңтүстікте бұларға Тан әулетінің әскері зор қауіп төндіріп тұрды, ал шығыс жағынан Орталық Азия түріктері айбат шегумен болды. Шығыс түріктері қағаны Қапаған 711 ж. Болучу түбінде (Жоңғария) өткен соғыста түргештерді күйрете жеңеді.
Түргеш қағанатының ішкі саяси жағдай бірнеше жылдар бойы байыз таппай құбылып тұрған-ды, бірақ Сулық-қаған (715-738 жж.) таққа отырғалы бері ол күшейе түскен еді. Әскери-әкімшілік билік «қара» түргештердің қолына тиіп, олардың ордасы Таласқа (Тараз) көшірілген болатын.
Айлакер елші және тамаша қолбасшы Сулықтың екі майданда бірдей күрес жүргізуне тура келеді: батыстан арабтар елеулі қауіп төндірсе, шығыстан Тан сарайы Шығыс Түркістанда орнығып алған Батыс Түрік қағандары әулетінің таққа таласушы жұрағаттарын қолдап отырды. Елшілік жолымен (неке байланысы) және әскери шаралар арқылы Сулық шығыстан келетін қатердің алдын-алып болдырмай тастады, бұл түргештердің батыста белсенді әрекет етуіне жағдай тұғызды. 723 ж. Фергана қарлықтарымен және Шаш тұрғындарымен тізе қосып түргештер қағаны Сулық арабтарға қарсы жанқиярлықпен батыл қимылдайды, сол үшін арабтар оны «Абу Мүзахим» (Сүзеген) деп атайды.
746 ж. Жетісу жеріне Алтай мен Тарбағаттайдан қарлұқтар қара құрымдай қаптап келіп қоныстанады. Ішкі күрес-тартыстан, сол сияқты арабтармен болған ұзақ айқастан түркеш қағандары бұрынғы құдырет-қуатынан айрылып қалган еді, сол себепті де олар белсенді саясат жүргізіп жатқан Қытай империясы бұл жағдайды өз пайдасына асыра қояды. Оның Шығыс Түркістандағы уәлилері 748 ж. өз әскерін Суяб қаласына аттандырады да, оны басып алып ойрандайды, Шаштың иесі дарға тартылады. Оның баласы көмек сұрап, арабтарға барады. 751 ж. Тараз жанындағы Атлах қаласы түбінде аббасидтердің әскербасы Зияд ибн Салих пен Қытай қолбасшысы Гао Сяньжи арасында орасан зор арпалыс болды. Айқас бес күнге созылады. Шешуші сәтте қытайлардың ту сыртындағы қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтар жағына шығады. Қытай әскері толық күйретіледі. Атлах түбіндегі соғыстың Жетісу мен Мауараннахр халықтары тағдыр-талайына үлкен тарихи мәні болады. Тан әскері енді Жетісу шебін ғана емес, ұйғырлар мен тибеттердің қысымымен Шығыс Түркістанды да тастап кетуге мәжбүр болады. Талас алқабында арабтар да табан тіреп тұра алмай, Шашқа шегініп кетеді. Бірақ ішкі қырқыс Түргеш мемлекетін әбден тұралатып тастаған еді, сол себепті де олар 756 ж. түрік тілді қарлұқ тайпаларының тегеурінді шабуылына шыдамай құлап бітеді.
Бақылау сұрақтары:
1. Батыс Түрік қағанатының аумағы. «Он оқ будун».
2. Батыс Түрік қағанатының астаналары.
3. Қаған билігі.
4. Жабғу, шад, елтебер лауазымдары.
5. Бұйрықтар мен тархандар.
6. Тудундар мен селифтер.
7. Қара будун.
8. Таттар, олардың толығу көздері.
9. Жегүй қаған мен Тон-жабғы қағандар кезіндегі Батыс Түрік қағанатының саяси жағдайы.
10. Қағанаттағы өзара тайпааралық қырқыс және оның салдары.
11. Түргештер, олардың шығу тегі.
12. Түргеш қағанатының құрылуы. Үш-Елік қаған.
13. Түргеш қағанатының аумағы.
14. Түргеш қағанатының астаналары.
15. Араб шапқыншылығына қарсы түрік-соғды одағы.
16. Сақал қаған тұсындағы Түргеш қағанатының саяси жағдайы.
17. Болучу түбіндегі шайқас.
18. Сұлу қағанның билікке келуі.
19. Сұлу қағанның шығыста (Қытаймен, Шығыс түріктермен) және батыста (арабтармен) арада ұстанған саясаты.
20. Атлах шайқасы, оның тарихи маңызы.
21. Түргеш қағанатының құлауы.
№ 5 лекция.
Тақырыбы:
Қарлұқ қағанаты.
Жоспары:
1. Қарлұқ қағанатының құрылуы.
2. Қарлұқ тайпалары бірлестігінің этникалық құрамы және саяси тарихы.
Лекция мақсаты: Студенттерге Қарлұқ қағанатының құрылуы, Қарлұқ тайпалары бірлестігінің этникалық құрамы және саяси тарихы туралы түсіндіру.
Лекция мәтіні
1. Қарлұқ қағанатының құрылуы.
Қарлұқтар туралы «бұлақ» деген атпен мәлім болған алғашқы деректер Ү ғ. жатады. Ежелгі түріктердің руникалық ескерткіштері «үш қарлұқ» (қарлұқтардың үш тайпасы) атын Алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс еткен көшпелі тайпалардың қуатты одағына да таратқан. Қарлұқ тайпалары Батыс және Шығыс Түрік қағанаттарына бағынған-ды. ҮІІ ғ. орта кезінде қарлұқ бірлестігінің құрамына ірі-ірі үш тайпа – бұлақ, шігіл (себек) мен талшық кірген. Қарлұқ тайпаларының көсемдері Елтабар деп аталған.
742 ж. Монғолия даласындағы саяси жетекшілік Шығыс Түріктерінің өкіметін қиратқан үш тайпаның – қарлұқтардың, ұйғырлар мен басмылдардың одағына көшеді. Аз уақыт басмылдардың бағы жанады - олардың көсемі қаған болады. Қарлұқтар басшысы мен ұйғырлардың жетекшісі жабғы атағын алады. Алайда 744 ж. басмылдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күші күл-талқан етеді. Орталық Азияда жаңа мемлекет – Ұйғыр қағанаты (744-840 жж.) пайда болады.
ҮІІІ ғ. орта кезінен бастап, қарлұқтар мен оғыздар арасында түргештер мұрасын иемдену жолындағы тартыс етек алады, олардың қалың-қалың топтары Ыссық көл мен Талас облыстарына тарап кеткен еді. Осынау текетірес әсерінен оғыздардың негізгі бөлігі Жетісу жерінен өтіп, Сырдария өңіріне кетіп қалады.
756 ж. Түргеш қағандарының қос ордасы – Тараз мен Суябты қоса, бүкіл Жетісу қарлұқ жабғысының қоластына көшеді. Қарлұқтар қам-харекетімен ерте феодалдық мемлекет құрылады. Қарлұқтар бір тынбастан шекараларын кеңейте береді. 766-775 жж. Қарлұқтардың бір бұтағы Қашқарияны басып алады, ал ҮІІІ ғ. аяқ кезінде олардың өзге бір тобы Ферганаға ықпалын жүргізе бастайды.
2. Қарлұқ тайпалары бірлестігінің этникалық құрамы және саяси тарихы.
Жетісу территориясында қарлұқ тайпаларының саяси бірлестігі құрылады. Араб және парсы деректеріне жүгінсек, ІХ-Х ғғ. Қарлұқ бірлестігі толып жатқан рулық-тайпалық топтардан құралады. Мысалы, араб жағрафияшысы Әл-Марвази (ХІІ ғ.) қарлұқтар құрамында тоғыз тайпа болған дейді. Қарлұқ конференциясына Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның : тұхси, шігілдер, әзкіштер, түркештер, халаджылар, чаруктер, барысқандар сияқты көшпелі және жартылай көшпелі түрік тілді тайпалары енген. Қарлұқтардың қол астындағы халықтар этникалық жағынан бір тектес болмаған, олардың ішінді иран тілді соғдылар, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінен ауған келімсектер де бар-тұғын.
ҮІІ-Х ғғ. Қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта ағысына дейінгі кең көсіліп жатқан территориясын қоныс етеді. Балқаш пен Ыссық көлдері арасында, Іле, Шу, Талас өзендері бойында, Тән-шәннің сілемдеріне, Исфиджаб облысындағы орта ғасыр қаласы Отырарға дейін еркін көшіп-қонып жүреді. Араб жағрафияшысы Ибн Хаукалдің (Х ғ.) мәліметіне құарағанда «қарлұқтар жерінің батысынан шығысына дейін жету үшін 30 күн жүру керек екен».
840 ж. Орталық Азия даласында аса маңызды оқиға болады: Енисей қырғыздары Ұйғыр қағанатын жойып, ұйғырларды Тұрфан көгалды аймағы мен Ганьчжоу ауданына еріксіз көшіреді. Бұл оқиғаны Исфиджаб билеушісі, қарлұқ жабғысы Білге Күл Қадырхан шебер пайдаланады да, жаңадан қаған атын алып, өзінің жоғарғы өкіметі алуға қақы бар екенін ашықтан-ашық жариялайды.
Дегенмен, Қарлұқ қағанаты өз қолына баянды экономикалық байланыс жүйесін қондыра алмаған. Ішкі қырқыс, өкіметті алу жолындағы, қоныс-өрісті иемдену жолындағы талас-тартыс оның береке құтын қашырады. Міне осындай қиын жағдайда шын мәніндегі қауіп-қатер Қарлұқ қағанатына Қашғар жағынан келеді. 940 ж. олар Баласағұнды басып алады да, Қарлұқтар мемлекеті құлайды.
Бақылау сұрақтары:
1. Қарлұқтар туралы алғашқы деректер.
2. Қарлұқтардың шығу тегі және оның құрамына кірген тайпалар.
3. Қарлұқ тайпаларының алғашқы қоныстары.
4. Қарлұқтардың, ұйғырлар мен басмылдардың Шығыс Түріктерінің өкіметін құлатуы және Ұйғыр қағанатының құрылуы.
5. Қарлұқтардың Жетісуға көшуі.
6. Қарлұқ қағанатының құрылуы.
7. ІХ-Х ғғ. Қарлұқ тайпалары бірлестігінің этникалық құрамы.
8. Қарлұқ қағанатының аумағы және астанасы.
9. Қарлұқ жабғысы Білге Күл Қадырханның қаған атануы, қарлұқтардың қағанатқа айналуы.
10. Қарлұқтардың қалалары.
11. Қарлұқтардың шаруашылығы мен кәсібі.
12. Қарлұқ қағанатының әлсіреуі және құлауы.
№ 6 лекция.
Тақырыбы:
Оғыз мемлекеті
Жоспары:
1. Оғыз этимологиясының пайда болуы және оғыздардың этникалық құрамы.
2. Оғыз мемлекетінің құрылуы және оның әкімшілік-саяси құрысы.
3. Оғыздардың саяси тарихы.
Лекция мақсаты: Студенттерге оғыз этимологиясының пайда болуы, оғыздардың этникалық құрамы, Оғыз мемлекетінің құрылуы, оның әкімшілік-саяси құрысы және оғыздардың саяси тарихы туралы түсіндіру.
Лекция мәтіні
1. Оғыз этимологиясының пайда болуы және оғыздардың этникалық құрамы.
Оғыз этимологиясының пайда болуы туралы осы уақытқа дейін нақты пікір жоқ. Кейбір ғалымдар оны «уыз» сөзінен пайда болды десе, ал екінші біреулері садақтың оғы «оқ» сөзіне көпше мағына беретін «уз» жұрнағы қосылып, «оғыз» сөзі пайда болған дейді. Ал үшінші бір ғалымдар «өгіз» деген сөзден пайда болған деп дәлелдеуге тырысады.
Қазақстан тарихында оғыз этникалық құрамының пайда болуы да көңіл аударарлық мәселенің бірі. Ол бойынша мынадай төрт пікір бар: 1. Оғыздар ғұн тайпаларынан немесе олардың бір бұтағы тюгю түріктерінен таратады; 2. Оғыздар қимақ-қыпшақ тайпаларынан шыққан; 3. Оғыздар – ұйғырлар; 4. Оғыздар массагеттерден тараған. Осылардың ішінде бірінші пікір шындыққа жақын келеді. Оны Күлтегін жазуындағы мына шумақтар дәлелдей түседі: «Тоғыз-оғыз халқы өзіме тон еді, ... Үшінші рет оғыздармен соғыстық.... немесе Күлтегін бек – бастаушымыз құтымыз...Оғыздардың арасына кірді». Бұл шумақтардан бірінші, оғыз сөзінің дәл қай кезде шыққанын дәл айту қиын, дегенмен б.ж.с. І мың жылдығының бірінші жартысында пайда болғандығына ешкім күмән туғызбайды. Ал, екіншіден бұл сөздер оғыздардың І мың жылдықтың басында-ақ ру-тайпалық дәрежеде болғандығын айқындай түссе, ал Күлтегінді жерлеу кезінде тіпті олардың өсіп-өніп халықтық дәрежеге дейін өскендігін көрсететін сияқты, сондықтан оғыз тайпалары Қазақстанға қарай жылжыған түрік тайпаларының ішінде болған деген ой туғызды.
Олай болса, оғыз сөзінің пайда болған жері де, оғыз ру-тайпаларының қалыптасқан жері де Шығыс Түрік қағанатының жері. ҮІІІ ғ. тарихи жазба дерекердегі түрік-оғыз, тоқуз-оғыз, «усун иерте йатып» қалған он оқ одағы т.б. түрік тайпаларының аты-жөндерінің кездесуі оғыздардың Қазақстанға шығыстан келгендерін дәлелдей түседі. Оғыздардың құрамына тек түрік тілдес тайпалар ғана кіріп қоймай, Арал, Каспий бойына келіп орналасқан, тіл жағынан түріктене бастаған, арғы тегі үндіевропалықтар, фин-угорлар да кірген.
Оғыздар көптеген рулық тармақтары бар бірсыпыра тайпаларға бөлінетін. Махмұд Қашқаридың айтуынша (ХІ ғ.) әуелгі кезде олар 24 тайпадан құралып, екі фратрияға: бұзықтар мен үшұқтарға бөлінеді. Бұзықтар көптеген артықшылықты пайдаланған. Осынау екі топтың әрқайсысына 24 тайпа енген, олардың өзі тепе-тең екі бөлімге бөлінген. Оғыздардың қарлұқ, печенег, башқұр, қимақ, қыпшақ сияқты түрік тілдес көрші тайпалармен, қауымдармен тығыз байланыста болуы - уақыт өткен сайын олардың өзара жақындауына жол ашады.
Достарыңызбен бөлісу: |