XVIІ ғғ. Қазақстанның ішкі саяси және халықаралық жағдайы.
(2 сағат)
Қарастырылатын мәселелер:
-
XVIІ ғ. басындағы саяси жағдай. Бухара хандығы мен өзара қарым-қатынастар.
-
XVIІ ғ. 30-50 жж. Қазақ хандығы.
-
Тәуке хан тұсындағы биліктің нығаюы. «Жеті жарғы»
-
Ресеймен және көрші халықтармен өзара қарым-қатынастары.
Пайдаланатын әдебиеттер:
-
Қазакстан тарихы. Төрттомдық. 2-т. - А., 1997.
-
Мұхаммед Хайдар Мырза. Тарихи Рашиди. - Ташкент, 1996.
-
Сарыбаев Б. Казахские музыкальные инструменты. - А., 1978.
-
Тынышпаев М. История казахского народа. - А.. 1993.
-
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 2-том.
- А., 1998.
Мақсаты: Тәуке хан ел басқарған кезіндегі қазақ хандығының өрлеу тенденциясын көрсету.
Тірек ұғымдары: Есім ханның (1598-1628) билікке келуі. Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы қайшылықтар. Тұрсын ханның өзін Ташкент билеушісі жариялауы. Есім ханның Шығыс Түркістанның ішкі өміріне араласуы. Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы күрестің шиеленісуі. Тұрсын ханның өлімі. Есім ханның қайтыс болуы. Салқам Жәңгір ханның билікке келуі. Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы.
Тәуке ханның (1680-1718) билікке келуі. Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының ішкі саяси өміріндегі өзгерістер. Батырлар мен билердің ролі. Хандық Кеңес. "Жеті жарғы" заңы. Тәуке хан тұсындағы Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы. Қазақ-орыс қатынасы. Тәуке ханның қайтыс болуы, қазақ қоғамында феодалдық бытыраңқылықтың етек алуы. Жоңғар қалмақтарының 1723 жылғы басқыншылығы. "Ақтабан шұбырынды" оқиғалары. Қазақ халқының Жоңғар басқыншыларымен күресі. "Қалмақ қырылған", "Аңырақай" шайқастары, олардың тарихи маңызы.
Есім ханның билік кезеңі өте күрделі болды. Оңтүстікте Бұхара ханымен Ташкент үшін үздіксіз күрес жүрді, шығыста ойрат тайпалары күшейді, Қазақ хандығының өз ішінде сепаристік пиғылдағы сұлтандардың бас көтерулері болып тұрды. Қазақтардың қарақалпақтармен қатынасы да шиеленісе түсті. XVI ғасыр соңында 40 қарақалпақ руының өкілдері Тәуекел ханға Орталық Қазақстан мен Арал маңынан оларға жер беруін сұрап өтініш жасады. Бұл өтініш қанағаттандырылды, жаңа бодандардың басына хан өз баласын қойды. Бірнеше жылдан соң қарақалпақтар көтереліс жасап, Ташкентті басып алды. Есім хан қарақалпақтарға қарсы соғыс ашып, 1613 жылы Оларды Сырдарияның орта ағысын тастап кетуге мәжбүр етті.
Бұл уақытта Бұхара ханы Ташкентті иемденуге талаптануын жиілетті. 1603 жылы күзде бұхаралықтар Самарқаннан Ташкентке бағыт алды. Біріккен қазақ-қырғыз әскері Айғыржарда бұхаралықтарды толық талқандап, Самарқанды қамады. Қамау еш нәтижеге жеткізбеді де, одақтастар Ташкентке оралды. 1607 жылы бұхаралықтар Ташкентті басып алды, бірақта Есім хан оларды кері қайтарды. 1612 жылы бұхаралық Имамқұл хан қазақтарға шабуыл жасап, жолындағы бірнеше қалалар мен ауылдары тонап Қаратауға дейін жетті, ал Ташкентке билеуші етіп өзінің ұлын отырғызды. Бұхара әскері қаланы тастап кетісімен, ташкенттіктер көтеріліс жасап ханзаданы өлтірді. 1613 жылы қазақтар қарымта жорық жасап, Бұхара мен Балханың біріккен әскерін талқандады. Шайқастағы сәтсіздіктерінен соң Имамқұл хан Ташкент өңірінде қазақтан өз адамының келуіне мүмкіндік жасауды ұйғарды. Көп ұзамай мұндай мүмкіндік оған берілді де.
1613 Ташкент билеушісі Тұрсын сұлтан өзін хан жариялап, Бұхарамен одақ құрды және Түркістан, Сайран, Әндижан мен Шахрухия қалаларын басып алды. Онымен қатар бір мезетте ойрат тайпаларының шабуылы басталды. XVI ғасырдың соңында ойрат тайпалары Қазақстан аумағымен батысқа қарай жылжыды. Олардың ұлыстары Есілде, Ертісте, Тарбағатайда және Тянь-Шанда пайда болды. XVI ғасырдың басында-ақ ойраттар Орта Азия мемлекеттері мен қырғыз көшпелілеріне шабуыл жасады. 1604 жылы ойраттар қазақтардан жеңіліске ұшырады, бірақта Тұрсын хан билікті басып алған соң ойраттар жаңа жорықтар жасап, Ұлы жүзді өздеріне бағындырды. Есім хан Шығыс Түркістанға қашуға мәжбүр болды. Тұрсын хан Бұхараға қарсы соғыс ашып, 1621 жылы қазақтар бұхаралықтарды екі рет жеңді, алайда осы жеңістерін баянды ете алмады. Бұл уақытта 1620 жылы ойрат әскерін талқандап Қазақстанға Есім хан оралды. 1624 жылы Есім Тұрсын ханнан Түркістанды тартып алғанымен, оны құлатуға күші жетпеді. Қарсыластар арасында уақытша тепе-теңдік орнады. Есім хан ойраттармен бітім жасасты, Тұрсын ханмен бірге Қазақ хандығынан бөлінуге бет алған Әндижанға жорық ұйымдастырды. Бірақта олардың қарым-қатынасы тіпті ширығып кеткен еді. 1627 жылы Есім хан қазақ қолын бастап ойраттарға қарсы жорыққа аттанды. Осы мезетті пайдаланған Тұрсын хан Түркістанға шабуыл жасап, Есім ханның барлық жанұясын тұтқынға алды. Тұрсын хан жеңіспен оралған Есім ханға Сайран маңында тосқауыл қойды. Осы себепті болған шайқаста ташкенттіктер жеңілді де, Есім хан Ташкентті бағындырды, ал Тұрсын хан өзінің жақындарының қолынан қаза тапты.
Есім хан да көп ұзамай 1628 жылы күзде қайтыс болды. Ол Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленді. Есім ханның Қазақ хандығының тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтау жолындағы қажырлы күресі ел есінде қалды. Халық оны құрметпен Еңсегей бойлы ер Есім атады.
Тәуке және “Жеті Жарғы”
Тәуке хан билігі тұсындағы Қазақ хандығының нығаюы, қазақтардың қырғыздармен және қарақалпақтармен одағы жоңғарлардың қазақ жеріндегі тегеуірінін уақытша әлсіретті. Олардың 1680 жылғы Оңтүстік Қазақстанға шабуылы кезінде Тәуке хан әскерімен болған Түркістан қаласы ғана тонаудан аман қалды. Жоңғар шапқыншылығы Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалардың біртіндеп өмір сүруін тоқтатуының елеулі себептерінің бірі болды. Сонымен қатар жоңғар шапқыншылығы маңызды сауда жолдарын тоқтатты, бейбіт жұрттың шаруашылығына үлкен залал келтірді. Тоқтаусыз өзара қырқыс, Орта Азия билеушілерімен тұрақсыз қарым-қатынас Қазақстандағы ауыр экономикалық және саяси жағдайды тудырды. Қазақ хандығының әлсіреуі тек мемлекеттің тұтастығына ғана әсер етіп қойған жоқ, этникалық әсері болды. Билік, жайылымдық жер мен қалалар үшін талас-тартыс қоғамдық-мәдени дамуды баяулатты, мемлекеттікті нығайтуға және оның көмегімен халық пен оның жерін қорғауға кедергі жасады.
Тәуке хан ыдырай бастаған хандықта саяси ахуалды біршама қалпына келтірді. Ол хан билігін күшейтуге, сепаристік күштерді басуға, халықтың бірігуіне бірқатар шаралар қолданды. Оның тұсында құқық қорғау мен мемлекет құрылғысының негізгі қағидаларын белгіленген салт-дәстүр құқығының жинақ нормасы “Жеті жарғы” құрастырылды.
“Жеті Жарғы”. Саяси құрылымның өзгеруі қазақ қоғамының құқық базасын қайта қарастырудың қажеттілігін тудырды. Бұл жұмыс XVIІ ғасырдың басында жүрді де Тәуке хан тұсында “Жеті Жарғы” заңдар жинағында бекітілді. Бұл жинақ XVIІІ ғасыр басындағы белгілі билердің қатысуымен әзірленді және мынадай жеті негізгі тараулардан тұрды:
-
Жер дауы, мұнда жайылымдар мен суаттар туралы дауды шешу жолдары айтылған.
-
Неке құру және бұзу тәртібін, ерлі-зайыптылардың құқығы мен міндеттерін, жанұя мүшелерінің мүліктік құқығын белгілейтін жанұя-неке Заңы.
-
Әскери міндеткерлікті, қосындар құруды және әскери басшыларды сайлауды реттейтін әскери Заң.
-
Сот жүргізу тәртібін белгілейтін сот процесі жөнінде Ереже.
-
Кісі өлтіруден басқа әртүрлі қылмыстарды жазалауды анықтайтын қылмыстық Заң.
-
Кісі өлтіргені және ауыр дене жарақатын жасағаны үшін жазалауды анықтайтын құн жөніндегі Заң.
-
Жесірлер мен жетімдердің мүліктік және жеке құқығын, сонымен қатар оларға байланысты қауым мен марқұмның туысқандарының міндеттерін реттейтін Жесір дауы.
“Жеті Жарғыдан” басқа халықаралық құқық облысында Қасымның Кодексі де пайдаланылды. “Ереже” – билер құрылтайы ережесі және соттық оқиға, билер соты әрекеті жөнінде мағлұмат беретін әңгімелер – “Билер сөзі” Кодекске өзіндік толықтырулар болды.
Сот ісі, әдет-ғұрып құқығы – адат пен мұсылман заңы – шариғатқа негізделді. Сот ісі ру басшылары – билердің қолында болды. Ерекше күрделі істер билер съезінде қаралды. Кейбір істерде сұлтандар мен хандар қатысты. Егер жауапкер соттан немесе оның шешімін орындаудан жалтарса, онда қуынышы барымта жасауға құқылы болды.
Қазақ құқығының негізгі институты – жеке меншікке құқылық. Жайылым мен жыртылған жерлер руға, қауымға ортақ болды, мал жанұялық меншік болды. Қыстық жайылымдар мен шабындықтар ерекше қатаң бөлінді. Қазақтарда мынадай өзіндік міндетті құқық институты өмір сүрді: жылу, жұртшылық, асар және тағы басқа.
Қазақтардың неке формасы экономикалық базиске сәйкес болды. Некенің негізгі формасы бірнекелілік (моногамия) болды. Мүлікті сословие арасында көпнекелілік (полигамия) тарады. Жанұя-неке қатынасының ерекшеліктерінің бірі марқұмның әйелі күйеуінің бауырына көшетін салт-дәстүр – әмеңгерлік болды. Жетінші ұрпаққа дейін туысқандар арасында некеге тиым салынды. Ержеткен бала әке мүлкінің бөлігіне ие болуға құқығы болды. Белгілі бір жасқа келген соң балаларын жеке шаруашылыққа – отауға бөліп шығарды. Әкенің барлық шаруашылығы ол өлген соң шаңырақ иесі кіші ұлына тиесілі болды.
XV-XVII ғасырларда қазақ қоғамында азаматтық құқық пен қылмыстық құқық арасында шек болған жоқ. Қылмыс жөніндегі түсінік жаман іс, күнә түсінігімен астасып жатты. Қылмыс құқығында негізгі орынды кек қайтару заңы (қанды кек) алды. Көп жағдайда қанды кек құн төлеумен алмастырылды. Кейбір қылмыстарға айыптар салынды.
“Жеті Жарғыға” сәйкес қылмыстық жауапкершілік тек тікелей айыптыға жүктелді, сонымен қатар қауымның ұжымдық жауапкершілігі қағидасы кең тарады. Егер жауапкер сотқа келмесе немесе кесілген құнды төлемесе, онда айып барлық қауымнан алынды. Ондай жағдайда жауапкер қауым мүшелерінің еркіне берілді. Зерттеушілер қазақ қылмыс заңының ізгілікті болғанын атап көрсетеді. Тек ерекше жағдайларда ғана өлім жазасы қолданылды. Ондай жағдай біреудің әйелін зорлау мен алып қашу болды. Үкімді орындауға арнайы орган болған жоқ, бұл құқық қуынушыға берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |