2.Дала комиссиясының қызметі. Түркістан өлкесін басқару туралы ереже (1886 ж.). Дала облыстарын басқару туралы ереже (1891 ж.).
1865 жылы үкімет Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлау үшін Далалық комиссия құрылды. Оның құрамына Ішкі істер министрлігінің, әскери министрліктің және жергілікті генерал губернаторлықтардың өкілдері кірді. Өзінің шекарасы күннен күнге ұлғайып келе жатқан Ресей империясы үшін сыртқы жағдай әкімшілік жүйесін реформалауды жүргізуге қолайлы болды. Шаруалардың басыбайлы тәртібі жойылғаннан соң Ресей үкіметі земствоның, соттың, қалалықтардың және т.б. әлеуметтік саяси өмірін түбегейлі өзгерткен бірқатар реформалар жүргізді. Осы жағдайда Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды.Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарға алынбады. Реформа қазақтың материалдық игілігін сақтап, тұрмыс ахуалын көтеруге ықпал ететін радикалдық жоба болсын деген ниетпен Ш.Уәлихановта ол жайлы үн қатты. Ш.Уәлиханов Қазақстанда халықтың өзін өзі басқаруына негізделген әкімшілік билік жүйесін енгізуді ұсынды. «Сот реформасы жөніндегі жазбаларында» ол қазақ халқы үшін әлеуметтік экономикалық жаңашылдықтарды аса маңызды деп есептеді.
1867 жылы наурызда Қазақ жерін , Орта Азия өлкесін әкімшілік басқару реформасының жобасын түпкілікті құрастыру үшін әскери министр Д.А.Милютин бастаған ерекше комитет құрылды. Нәтижесінде ІІ Александр патша 1867 жылы 11 шілдеде «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша Ережені», 1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал губернаторлықтарының Дала облыстарын басқару туралы Ережені» бекітті.
1867-1868 жылдары реформаның (Уақытша Ережені) негізгі мақсаты «Қазақ даласының ХІХ ғ. Ресейдің басқа да бөліктерімен толық қосылуына қол жеткізу, Ресейдің қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру, жергілікті ақсүйектерді биліктен шеттету, рулық бастамаларды әлсірету» болды.
Реформаның негізінде Қазақстан аумағы үш генерал губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір болып бөлінді. Іс жүзінде Қазақ жері үш жүзге бөлінген күйінде қалды. Әрбір генерал губернаторлық облыстарға бөлінді. Қазақстанның бүкіл аумағында 6 облыс құрылды, олардың екеуі – Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан, Ақмола мен Семей облыстары Батыс Сібір, ал Орынбор мен Торғай облыстары Орынбор генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді. Басқару орталықтары қазақ халқынан жырақта Ташкент, Орынбор, Омбыда орналасты. Ал бұрынғы Бөкей хандығының жерлері 1872 жылы Астрахань губерниясының құрамына енгізілді. Маңғыстау түбегіне ерекше мән берілді. Өйткені оның әскери стратегиялық маңызы бар еді. Ол Каспий теңізі арқылы Ресеймен, оңтүстігінде Хиуа хандығымен, батысында Кавказбен шектесіп жатты. Орынбор генарал губернаторлығының Орал облысы құрамындағы Маңғыстау приставы құрылды. Мұндағы тағы бір ерекшелік – болыстар мен ауыл ағамандарын отарлық әкімшілік тағайындаса, ал басқа жерлерде ол сайлау жолымен өтеті. Ал Түркістан генерал губернаторларына қосымша Қытай және Иранмен дипломатиялық келіссөз жүргізу құқығы берілді.
Әрбір облыс белгілі бір шамадағы уездерден құрылды. Мысалы, Семей және Ақмола облыстары 5 уезден, ал Сырдария облыстары 8 уезден және т.б. Уездер болыстарға бөлінді. Болыстар 100-200 шаңырақтан тұратын әкімшілік ауылдарға бөлінді. Облыстың басына әскери губернаторлар қойылды, ал уездерді генерал губернатор сайлаған орыс офицерлері басқарды. Болыс басына сайланбалы болыс басқармалары, әкімшілік ауылдарда ауыл старшиналары тағайындалды. Болыстар сияқты ауылдар да рулық принцип бойынша емес, аумақтық принцип бойынша құрылды.
Әкімшілік басқарма ашықтан ашық әскери сипатта болды. Облыстардың басында барлық әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарында шоғырландырған әскери губернаторлар тұрды (олар әрі әскери округтердің қолбасшылары болды). Әскери және әкімшілік биліктің бір қолда, яғни орыс әскерлерінің қолында болуы жаңа реформаның қазақ даласында жасалған әкімшілік құрылымының мәні болды.
Қазақ жеріндегі әкімшілік реформаның аясында сот реформасы да жүргізілді. Шариғат пен қазақ халқының дәстүрлі құқық тәртібі негізінде іс жүргізетін билер мен қазылар соты сақталынды. Бірақ, олар ауыл деңгейінде ғана қызмет атқарды. Әскери, уездік соттар Ресей империясы заңдары негізінде жұмыс істеді. Мәселен, Отанға опасыздық жасау, өкіметке бағынбау, мемлекет мүлкін бүлдіру, лауазым адамдарды өлтіру сияқты қылмыс түрлерімен әскери, уездік соттар айналысты.
Реформа бойынша қазақтардан жыл сайын әрбір шаңырақтан ақшалай салық алу жүйесі енгізілді. Салық мөлшері Түркістан генерал губернаторлығында 2 сом 70 тиын; Орынбор мен Батыс Сібір негерал губернаторлығында 3 сом белгіленді. Ал отырықшы егіншілікпен айналысатын халық өнімінің оннан бір бөлігін астық түрінде немесе ақшалай талап етілді.
1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару» бойынша және 1867 жылғы Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару жөніндегі «Уақытша Ереже» бойынша болыстық басқармасының қолына полициялық және нұсқау таратушылық биліктер берілді. Ол «тыныштық пен тәртіпті» сақтауды, салық төлеуді және халықтың барлық міндеткерліктерін өтеуін бақылады. Оның міндетіне билер сотын орындату кірді. Ауыл старшындары өзінің құзырында болыстық басқармалардың міндеттерін орындады. Қазақ шаруалары шамадан тыс ауыр земстволық міндеткерліктерді өтеді: ауыл –болыс әкімшілігі қажетті малмен қамтамасыз етті, көпірлерді, пошта желілерін реттеуге қаржы бөлді, әскери бөлімдерді көлікпен қамтамасыз етті.
Реформаның қазақ халқы үшін ең ауыр бабы, «Уақытша Ереженің» 210 тармағына сәйкес Қазақ жері Ресей империясының меншігі болып жариялануы болды. Жерді мемлекеттік меншік деп жариялау оны қазақ халқының пайдалануынан жатсындырып, қоныс аударушы қара шекпен учаскелеріне таратуға заңды құқық берді. Сұлтандардың барлық әлеуметтік- саяси және мұрагерлік құқықтары жойылды, ел билігі орыс шенуніктерінің қолына шоғырландырылды.
Жаңа болыстар мен ауылдардың әкімшілік жобаларын даярлаған Далалық комиссия алғашқы кезекте, дәстүрлі билік жүйелерінің саяси қауіптілігінен қорықты. «Қырғыздарда кез келген күшті сайлау билігін жою өте пайдалы және салиқалы болар еді, яғни оларды ақсүйектік және рулық дәстүрдің езгісінен азат ету керек... сонда олар үкімет күштерін тежей алмайды», - деп жазды ХІХ ғасырдың ортасындағы зерттеуші А.К.Гейнс.
1867-1868 жылдардағы ережелер «уақытша» енгізілген болатын. Патша үкіметі он екі жыл ішінде толық жүзеге асрамыз деп жоспарлаған еді. Бірақ жаңа отарлық тәртіптер жергілікті халықтың тарапынан күшті қарсылыққа тап болды. Себебі бұл реформаны іске асыру оларды толығымен Ресей империясының бұғауына түсіретінін жақсы түсінген болатын. Сол себепті бұл ережелерді қазақ халқына енгізу 20 жылға созылып кетті.
Бұл реформа туралы М.Тынышпаев «История казахского народа» деген еңбегінде: «Олар қазақ халқының талаптарына жауап бермеді, тек зиян әкелді» деп, қазақ халқына әкелген зардаптарын атап көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |