Лекция тақырыбы: Философияның қалыптасуына негіз болған тарихи алғышарттар


Антика заманының философиясы (б.д.д. VІІ-VІ ғғ.)



бет8/12
Дата06.03.2024
өлшемі51.9 Kb.
#494483
түріЛекция
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Филос

Антика заманының философиясы (б.д.д. VІІ-VІ ғғ.)
Аталған дәуірлерде Эллада полистерінде (қала-мемлекет) қолөнер, сауда, ақшалай-заттық қатынастар жоғары қарқында дамып, осы себептердің негізінде өзіндік талап-мүдделері ерекшеленген әлеуметтік топтар пайда болды. Бұл ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінуіне, осы негізде таза зиялылар қауымының пайда болуына, әртүрлі әлеуметтік топтардың талап-мүдделеріне сай саяси-әлеуметтік, философиялық көзқарастардың қоғамдық сана ретінде қалыптасуына әкеліп соқтырды.
Сонымен қатар, антика философиясының қалыптасуына Крит-Микен, Гомерлік Греция кезеңдеріндегі әдеби-діни-мифологиялық көзқарастар және күнделікті өмір тұрғысынан тұжырымдалған данышпандық ой-пікірлер негізінде дамыған грек мәдениетінің сол кездегі Көне Шығыс мәдениетінің озық үлгілерін өз бойына сіңіруі арқасында қалыптасқан әлемнің субстанционалдық негізін іздеген, рационалданған көзқарастар зор әсер етті.
Демек, антикалық дүниетанымдық көзқарас өз кезеңіндегі ғылыми жетістіктерге сүйене, өзінің логикалық, категориялық аппараттарын жетілдіре отырып, философияның көзқарастық және рационалдық-жүйелілік жақтарын тығыз байланыстыра қарастырып, алғашқы философиялық ой-пікірдің қалыптасып, кейінірек келе оның классикалық деңгейге дейін көтерілуіне мүмкіндік туғызды.
Грек философиясы «физис» философтары немесе натур-философтар болған милет мектебі өкілдерінен (Фалес, Анакимандр және Анаксимен), Гераклиттен және Пифагордан басталады. Олар дүниедегі барлық заттардың түпнегізін іздеумен айналысты, нәтижесінде дүниетанымда төңкеріс басталып, философияның қалыптасуына әкеліп соқты.
Сократқа дейінгі кезеңде дүниеге келген алғашқы философиялық мектеп кіші Азияда шыққан Милет мектебі болды. Оның негізін қалаушы Милет қаласында өмір сүрген жеті данышпандар қатарына жататын солардың ішіндегі ең сыйлысы Фалес болды. Ол «Бастама туралы», «Күн туралы», «Күн мен түннің теңесуі туралы» деген еңбектер жазған. Фалестің ілімінше барлық денелердің генетикалық бастамасы – су. Фалес біржағынан барлық денелер суда қалқып жүреді десе, екінші жағынан ол жай су емес ақыл - ойдың осы тұрғыдан ол құдай тектес дейді. Күн және басқа әлемдік денелер судың буымен қоректенеді. Фалестің философиялық көзқарасы тұрпайы, балаң болғанымен, табиғат құбылыстарын олардың пайда болуын даму заңдылықтарын табиғи тұрғыдан танып білуге ұмтылған алғашқы талпыныс болды.
Фалестің ілімін әрі қарай оның шәкірті және жолын қуушы үлкен – Анаксимандр (б.д.д. 611-545ж.) жалғастырды. Негізгі еңбектері – «Табиғат туралы», «Жер картасы», «Глобус». Анаксимандр барлық денелердің бастамасын сол денелердің түп негізі сатысына дейін көтерді. Бастаманы ол заттардың түп негізі апейронмен теңестіреді. Апейрон генетикалық бастама ретінде де, түп негіз ретінде де таусылмайтын шексіз және төрт дүлей күштің (жер, су, ауа, от) бір-бірімен араласып, ауысу процесінің негізі, бірақ апейрон кеңістікте шексіз емес, сол төрт дүлей күштің негізі ретінде шексіз, көмескі, және мәңгі. Ол еш уақытта қартаймайды, өлмейді және жойылмайды, және қозғалыста болады. Осы төртеуі арақатынасқа түсіп, олардың ортасында ең ауыр жер орналасады да, қалғандары оны сумен, ауамен, отпен қоршайды. Анаксимандр ілімінше тіршілік теңізбен құрлықтың шекарасы айда аспан отының әсерімен пайда болды. Алғашқы тірі жәндіктер теңізде, кейін олардың кейбіреулері өздерінің қабыршақтарын тастап құрлыққа шығып тіршілік етті. Сөйтіп жануарлар пайда болды. Ал адам теңіз жануарларының бір түрінің ішінде өсіп, өрбіп ер жеткеннен кейін құрлыққа шығып өмір сүрді. Анксимандр ілімі қазіргі табиғаттану дилектикасының алғашқы қадамдары болды.
Анаксимандр ілімін әрі қарай оның шәкірті Анаксимен (б.д.д. VІ ғасыр ортасы) жалғастырды. Негізгі еңбегі – «Табиғат туралы». Анаксимен барлық денелердің негізі деп ауаны айтады. Ауа шексіз ол үнемі қозғалыста болады да бірде қоюланып, бірде сұйылып алуан түрлі заттармен құбылыстарды түзеді. Ауа сұйылған да алдымен отқа, содан эфирге айналса, қоюланғанда желге, бұлтқа, суға, жерге және тасқа айналады. Ауаның сұйылуы жылылыққа байланысты да қоюлануы салқынға байланысты. Анаксименнің ілімінше жер және басқа аспан денелері ауада қалқып жүреді. Жер қозғалмайды, ал басқа денелер ауаның әсерінен ылғида қозғалыста болады. Ауа тек денелердің бастамасы емес, сонымен бірге жанның да бастамасы. Анаксимен құдайларды да ауадан пайда болды деген пікір айтады.
Милет мектебінде қалыптасқан философиялық дәстүрді ілгері қарай дамытқан Эфес қаласынан шыққан саяси қайраткер, ғұлама ойшыл Гераклит (б.д.д. 544-483 ж.) болды. Оны іліміндегі терең ойлары үшін «тұңғиық» деп атаған. Гераклит заттардың түп негізін генетикалық бастамасын от деп есептеген. От мәңгі және құдай тектес. Әлемді құдайда, адамда жаратқан жоқ ол өз заңдылығымен бірде лапылдап жанып, бірде сөніп тұратын бар және болатын тірі от. Әлемнің өзгеру тәртібі мен өлшемі, оның обьективті заңы – логосқа байланысты. Логостың өзі от сияқты. Логос сонымен қатар адам жанына тән. Адамның жанына тән Логос ылғалдың булануынан пайда болады. Ал керісінше, жан өлгенде ол суға айналады. Жан қарама-қарсы екі құбылысты ылғалды және құрғақ жаннан тұрады. Ылғалдық – жаман жандарға тән. Мысалы: маскүнемдерге, ауруларға. Ал құрғақ жан – данышпан, ақылды адамдарда кездеседі. Гераклиттің ілімі ежелгі грек стоиктер философиясына үлкен әсер етті. Солардың арқасында бүкіл батысқа тарады.
Пифагор (б.д.д. 580-500 ж.). Б.д.д. VI ғасырдың аяғында философиялық ілімдер Кіші Азиядан ұлы Элладаға ауыса бастады. Осы кезеңде оңтүстік Италияның, Сицилияда пифагоршылар мектебі деп аталған одақ құрылып, онда қоғамдық өмірді діни әдептілік тұрғыдан реформалау қажеттігі туралы ілім кең өріс алды. Пифагоршылар қоғамда анархияның етек алуына, қарсы болып, құдайдың айтуымен жасалған мемлекеттік заңдарды сақтау керектігін уағыздады. Пифагор тек қана мате-матикамен айналысып қоймай, оның негізгі қағидаларын сандарды жалпы әлемдік қағидаға айналдырған және сол сандардың ара қатынастарын олардың арасындағы пропорцияның әлемдік үйлесімділіктің бейнесі деген көзқарасты философиялық ілімнің өзегі етіп қабылдаған. Оның пікірінше, сандар барлық заттардың, ғарыштың негізі. Олар ғарыштың реттілігін, үйлесімділігін көрсетеді. Бұл үйлесімділікті аспан денелерінің бір сазды дыбысты белгілі бір интервалда шығаруынан білеміз. Сандар тек денелерге ғана тән. Бастама емес олар әдептілікке де, рухани құбылыстарға да, жанға да тән. Жан дегеніміз сандардың үйлесіміділігі. Жан мәңгі өмір сүреді. Ол өлгеннен кейін жануарларға, өсімдіктерге ауысуы мүмкін. Яғни бұл жерде ежелгі Үндістандағы ведалық ілімнің әсерін байқаймыз. Пифагор ежелгі Үндістандағы философиялық көзқарастар сияқты жанды тазарту, оған құмарлықты жеңу, жастарды, үлкендерді бұлжытпай тыңдауы, достық пен жолдастықты дәріптеу сияқты қағидаларды сақтай отырып жетуге болады дейді. Қорыта айтқанда, Пифагор философтардың ішінде бірініші болып өз ілімінде сан категориясын жан-жақты қарастырған және өз ілімін халық арасында үгіттеп таратқан ғұлама. Пифагоршылар Гераклит сияқты ғарыш қарама қайшылыққа толы дей отырып олардың 10 жұбын атап көрсетеді. Олар: шектілік және шексіздік, тақ және жұп, жалпы және жалқы, оң және теріс, еркек пен әйел, тыныштық пен қозғалыс, түзу мен қисық, жарық пен түнек, жақсы мен жаман, квадрат пен көп қырлылық. Осылардың ішіндегі ең маңыздысы шектілі пен шексіздік. Шекті нәрселерді танып білуге болса шексіздікті танып білу мүмкін емес. Шекте денелер геометрия арқылы мәлім болса шексіздік танымның мүмкіндік шеңберінен тыс сондықтан оны тек ойша шамалауға болады.
Классикалық философия – антика философиясының екінші кезеңі. Ол Сократтың есімімен (б.д.д. 469-399 жж.) тығыз байланысты болғандықтан, «Сократтан кейінгі» немесе «классикалық кезең» деп аталады. Сократ жазбаша еңбектер қалдырмаған, оның философиялық көзқарастары бізге Платон, Аристотельдің еңбектері арқылы жетті. Элеаттар мектебінің негізгі өкілдері Ксенофан, Парменид, Зенон. Элеаттар ілімі ежелгі грек философиясының дамуындағы жаңа қадам болды. Егер Милет өкілдері түп негіз – физикалық дене, ал Пифагоршылар – сан десе Элеаттарда түп негіз – болмыс. Элеаттар негізінің қағидалары мынаған сыяды: түйсінген денелердің барлығын нақтылық деп қабылдауға болмайды. Керісінше олардың бәрінде өздерін ақыл ой арқылы негіздеуге болатын заттар ғана нақтылы өмір сүреді. Элеат мектебінің негізін қалаушы және көрнекті өкілі – Колофон, полисінен шыққан Ксенофан (б.д.д. 579-487 ж.) Оның пікірінше барлық заттардың негізі жер. Жер өзінің тамырларымен шексіздікке кетеді. Тіршіліктің шығуына жер мен қоса судың да маңызы зор. Жанның өзі де жер мен судан жаратылған. Ал судан бұлттар пайда болады да, бұлттардан аспан денелері жаралады. Егер милет мектебінің өкілдері космостың бастамасын физикалық қасиеттері бар ауа, су, от, апейрон десе, Ксенофан жер космостың түп негізі ретінде бір тұтастық деп тұжырымдайды. Ксенофанның құдайы – таза ақыл-ой. Оның барлық күші данышпандылығында. Ол әлемді тек ақыл оймен ғана басқарады.
Ксенофанның жалпы құдай туралы ілімін; әрі қарай дамытып, оны бір тұтас болмыс ұғымына дейін көтерген ойшыл – Парменид (б.д.д. 540-480 ж.) болды. Оның негізгі шығармалары: «Табиғат туралы», «Ахиллес». Парменидтің қарастырған мәселелері – болмыс пен бейболмыстың арақатынастары мен болмыс ақыл ойға қатынасы. Бұл мәселелерді тек ақыл - ой арқылы шешуге болады.
Парменидтің пікірінше, болмыс пен бейболмыс тең емес, яғни болмыс - нақты өмір сүреді де бейболмыс деген жоқ нәрсе. Осы пікірін Парменид дәлелдеуге тырысқан. Парменидке дейінгі философтар өз пікірлерін дәлелдеуден гөрі метафорамен немесе ұқсастық тәсілін қолдану арқылы негіздеуге тырысқан. Парменидтің ойынша бейболмыстың болуы мүмкін емес, себебі оны танып білуге және оны сөзбен жеткізуге болмайды, басқаша айтқанда нақты өмір сүрмейтін нәрселерді түсінуге де ойлауға да болмайды. Ал болмыс бейболмыс болмағандықтан біртұтас және қозғалмайды. Болмыстың өткен кезеңі де болашағы да жоқ, ол өзгермейді дейді. Әлемнің физикалық қасиеттеріне тоқтала келіп ол от пен жердің арақатынасын қарастырады.
Парменидтің ілімін ары қарай жалғастырушы оның шәкірті Зенон (б.д.д. 490-430 ж.) болды. Негізгі еңбектері: «Философтарға қарсы», «Табиғат туралы». Зенон Парменидтің болмыс жалқы, біртұтас және қозғалмайды пікірін басқа жолмен дәлелдеуге тырысты. Зенон өз дәлелін көзге көрінетін ақиқатқа жатпайтын әлемнен бастап, болмыс әлемін қарастырумен аяқтайды. Оның физикалық әлем қарама-қарсылыққа толы. Сол себепті ол – ақиқатқа жатпайды. Ал нағыз ақиқат біздің біздің түсінуімізден тыс жатқан әлем, ол – болмыс. Болмыстың жалқылығын және біртұтастығын Зенон өзінің аты шулы тәсілі – «эпихейрема» арқылы дәлелдейді. Бұл тәсілдің мәні – тікелей дәлелдеу тәсілінің орнына кері бұрмалап қарсыластарының пікірін абсурдтық жағдайға әкелу арқылы өзінің айтқан пікіріне қарсы пікірді мойындаттыру. Болмыстың қозғалмайтындығын Зенон өзінің «Дихотомия» (ортасынан қақ бөлу) «Ахиллес және тасбақа», «Жебе», «Стадион» деген апорияларына сүйеніп дәлелдейді.
Атомистер ілімі. Бұл бағытқа ежелгі грек ойшылдары Левкипп, Демокрит, Эпикур және ежелгі Рим өкілі Лукреций Карр т.б. жатады. Атомистік бағыттың, қалыптасуына үлкен үлес қосқан ойшыл Левкипп болды. Ол әлем бөлінбейтін ұсақ, бөлшектерден «атомдардан» тұрады және олар бос кеңістікке алақұйын қозғалыста болады. Бір-бірімен байланысқа түсіп, жеке денелерді құрайды. Космостың өзі шексіз көп әлемдерден тұрады, олар бір-біріне ауыспайды, бірақ, әрқайсысы жеке алғанда пайда болып, даму шыңына жетіп, жоғалып жатады. Левкиптің, бұл пікірлері Демокрит ілімінің, қалыптасуына зор әсер етті. Демокрит (б.д.д. 460-371ж) 70-тен астам шығармалар жазған: «Пифагор», «Планеталар туралы», «Адам табиғаты туралы», «Табиғат туралы» т.б.
Демокриттің ілімінше дүниеніц бастамасы - атомдар (шын болмыс) және бос кеңістік (бейболмыс). Болмыс пен бейболмыс бір-біріне қарама-қарсы құбылыстар. Егер болмыс өзіндік пішіні бар және ол өте тығыз болғандықтан бөлшектенбейтін атомдардан тұратын болса, бейболмыс-өзіндік пішіні, түрі жок, шексіз бос кеңістіктерден тұрады. Болмыс - сансыз көп ұсақ, бөлшектердің, жиынтығы. Ұсақ бөлшектер-атомдардың, негізгі қасиеттері: мәңгі бөлінбейді, өзгермейді, өзіне-өзі тең қозғалмайды. Бұл қасиеттер атомдардың ішкі мәні. Ал сыртқы қасиеттеріне олардың өзіндік пішін, түрлерінің және көлемінің болуы жатады. Атомдар шар, бұрыш, қармақ т.б. тәріздес. Атомдарды бос кеңістіке бөліп түрады. Атомдар бос кеңістікте өз табиғатына тән, үздіксіз қозғалыста болады, бір-бірімен соқтығысқанда, өздерінін, қозғалыс бағыттарын өзгертеді. Атомдар бос кеңістікте соқтығысып, бір-бірімен бірігіп және байланысып заттар әлемін құрайды. Атомдар өзгермейтін мәңгі болса олардан құралған заттар уақытша, өтпелі және өзгерісте болады. Денелердің пайда болуын Демокрит былай түсіндіреді: бос кеңістіктегі атомдардың, тығыздығы әр түрлі болғандықтан, оның бір бөлігінде тығыз орналасқан атомдар құйындатып қозғалысқа түседі де, ортасында ауыр салмақты атомдар, ал шетке таман - жеңіл салмақты атомдар топтасып, әртүрлі денелер пайда болады. Мыс: жер мен аспан ауыр салмақты атомдардан жаратылған. Ал аспаннан — от, ауа және ауа құйынын қуып жүрген жұлдыздар пайда болады. Тіршіліктің, шығуын Демокрит табиғи заңдылықтардың салдары деп түсіндірді. Бұл жерде ешқандай да жоғарғы күштердің әсері жоқ. Жалпы таным процесінің ақиқатқа жетудегі қайшылықтарын түсінген Демокрит, танымның, субъектісі болу кез-келген адамның қолынан келмейді, ол тек данышпандарға ғана тән деп есептейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет