Лекция. Тақырып: Бақ және журналистік принцип



Дата14.05.2024
өлшемі18.7 Kb.
#501003
түріЛекция
1 Лек Операторлық шеберлік 3


  1. Лекция.



Тақырып: Бақ және журналистік принцип

БАҚ шығармашылығының ерекшеліктері оның объектісі мен субъектісін айқындап алуды талап етеді. Қалыптасқан теория бойынша шығармашылық үрдісінің негізгі объектілері мыналар:


- қоршаған орта, оны сипаттайтын жекелеген деректер, оқиғалар мен құбылыстар, солардың өзара байланысы;
- тұлғалар (жекелей, топтар, қауымдар);
- олардың қызметі;
- әлеуметтік құрылымдар;
- БАҚ аудиториясы.
Негізгі субъектілері:
- бұқаралық ақпарат құралдары,
- журналистер,
- БАҚ аудиториясы,
- әлеуметтік құрылымдар.
Қарым-қатынас пен тілдесімнің әр кезеңінде шығармашылық үрдіс әрқалай өрбиді және олардың байланысы ұдайы тұрақты болмайды. БАҚ пен аудитория арасындағы байланыстың табиғаты сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оған әсер ететін факторлар өте көп, сондықтан да шашыраңқы. Мұның өзі осы зерттеудің өзектілігін айқындап береді.
БАҚ құрылымының негізгі компоненттері мыналар:
-ақпарат көзі (әлеуметтік құрылымдар, тұлғалар, құжаттар);
- баяншы-коммуникатор (журналист, редакциялық ұжым, белсенді авторлар);
-хабар (газет материалы, телехабар);
-тарату желісі- телерадиоарналары. Оның негізі (материалды-техникалық базасы);
Мақсаты-аудитория.
Бұл жай ғана қатысым тізбегі емес, тұтас жүйе. Оның бөлшектерін бөліп қарастыруға келмейді, олар өзара байланысқанда ғана жұмыс істейтін жүйе құрылады.
Бұл жүйенің екі ерекшелігі аңғарылады. Оның бәріне адамдар тікелей қатысады, яғни, әр адамның өз сұраныстары, рухани қажеттіліктері мен мүддесі тұр. Осыдан келіп, жүйенің тиімділігі қатысты тұлғалар мен топтар арасындағы өзара сенімге, қоғамдық санаға және әлеуметтік іс-қимылға тәуелді болады.
Екінші ерекшелігі, БАҚ жүйесіндегі ең маңызды буын бір жағынан журналист, екінші жағынан аудитория болып табылады. Журналист – жеке тұлғалық қасиеттер иесі болса да, оны аудитория телестудияның немесе редакцияның өкілі деп қабылдайды. Журналист жеке дара кәсіби қызметімен айналыса алмайды, ол көп алдында көрнекі, белгілі бір жауапкершіліктерді мойнына алған тұлға. Сөйте тұра әлеуметтік топтар мен құрылымдар арасындағы байланысты қалыптастыратын дәнекер міндетін қоса қамтиды. Оның еңбек нәтижесі - ақпараты –редакцияның ұжымдық іс-әрекеті арқасында көрерменге, тыңдарманға жетеді. Ал, редакция да белгілі бір әлеуметтік факторлар мен қағидаларға тәуелді (қаржы көздері, жарнама берушілер, құрылтайшылар, заңдар және басқалар).
Аудиторияның өз ерекшеліктері бар:
- оның ауқымы түрлі себептермен шектеледі;
- қатысымшылар шашыраңқы;
- тікелей «кері байланыс» бола бермейді;
- ақпараттың жетуі, қабылдануы көп қырлы және болжап білуге келмейді;
- «ұжымдық бейсананың» ықпалы күшті;
- ақпараттың бір бөлігі тікелей жетпейді, оны «қоғамдық пікір көшбасшылары» ары таратады, яғни, екі сатылы сипат тән;
- психологиялық «бумеранг әсерінен» аудиторияның іс-әрекетін болжап білу мүмкін емес, насихат кері серпуі мүмкін.
БАҚ пен аудитория арасындағы ықпалдастық алда да нығая түседі. Өйткені, БАҚ демократия мен жариялылықтың кепілі ғана емес, сонымен бірге биліктің қызметін белгілі бір дәрежеде назарда ұстайтындығын да ұмытпауымыз керек.
Телерадио ақпараттық қатысымының бір жағында БАҚ факторлары ретінде журналист тұлғасы, туынды сапасы (образдылық, логикалық шешім, дәйектілік (аргументация), эмоциональдылық) сияқты ұғымдар тұрса, екінші полюсінде - аудитория мен оның психологиялық тетіктері: қабылдау, эмоция, жады, таным, стереотиптер, қағидаттар, «психологиялық кедергілер» тұр. Оған қоғамдық құндылықтар, ұстанымдар мен наным-сенімдер, адамгершілік нормалары сияқты негізгі категориялар да қамтылады.
Журналист жекелік, сонымен бірге ұжымдық психология нысаны болып табылады. Міне, осындай күрделі ұғымдар мен солардың арасындағы қатынастар журналистің зерттеу жұмысының шеңберінде тарқатылады, соларға қатысты заңдылықтар мен принциптер зерттеледі. Зерттеудің бағыттары мен ауқымы осыдан келіп туындайды:
• журналистің кәсіби, тұлғалық және азаматтық қасиеттері мен қабілеттері, өмірлік ұстанымы мен ішкі жан дүниесі, қоршаған орта мен құбылыстарға жанашырлығы;
• бұқаралық қатысымдағы психологиялық үрдістерге тән заңдылықтар мен ерекшеліктер;
• бұқаралық аудиторияның сұраныстары, рухани қажеттіліктері, ақпаратқа сенімділігі мен оны қабылдауға дайындығы;
• журналист психикасының ерекшеліктері, оның өзгелердің ықпалынан бейтараптығы;
• БАҚ ықпалымен жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың санасы мен іс-әрекетінде болуы мүмкін өзгерістерді болжай білу;
• журналистік мәтін, оның құрылымы, сапасы мен қуаттылығы, жақсы, сауатты мәтін мен сапасыз, түсініксіз мәтін аражігін ажырату, оның сапалық өлшемдерін ғылыми жүйелеу;
• қоғамдық сана мен ақпараттық қауіпсіздік арасындағы байланыстар;
• бұқаралық аудитория мен БАҚ арасындағы кері байланыстар, ондағы психикалық ерекшеліктер, ұжымдық бейсана (архетиптер мен діл);
• «журналист — аудитория» моделіндегі тілдесім түрлері;
• БАҚ редакциялары, ақпараттық агенттіктер, хабар тарату мекемелері, олардың ұжымдары, журналистік қауымдастық арасындағы әр деңгейлі байланыстар, формалды емес құрылымдар, көшбасшылар мен элиталар қарым-қатынасы;
• қазақ қоғамы, оның ділі, мәдениеті, рухани сұраныстары, журналистік қарым қатынастардың заң шеңберінде реттелуі, этикалық талаптар, өзін-өзі реттеу тетіктері, қаржылық және техникалық инфрақұрылыммен байланыс;
• жаңа талаптарға сай БАҚ міндеттеріндегі өзгерістер, коммерциялық және қоғамдық мүдде арасындағы, мемлекеттік пен жекеменшіктік мүдде арасындағы сәйкестілік тетіктерін табу және соларды іске қосу және басқалар.
Сонымен, журналистік шығармашылық қаншалықты күрделі және сан қырлы болғанымен, оның ортақ заңдылықтары мен принциптері орныққан. Ғылыми зерттеу соларды жүйелеп, нақты тәжірибемен ұштастырып, қазіргі кезеңге қатысты ұсыныс-пікірлер даярлау болып табылады.


Бақылау сұрақтары:

1.Телеарна және қоғамдық байланыстың әлеуметтік маңыздылығын түсіндіріңіз.


2. Ақпараттың жаһандық белсенділігі білім алуға негіз болады дегенді түсіндір.
3. Ақпараттың түрлері және оның функциялары деген ұғымды түсіндіріңіз

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет