Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


 Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ



Pdf көрінісі
бет36/74
Дата09.03.2024
өлшемі1.99 Mb.
#494755
түріЛекция
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   74
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

3. Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ 
халқының күресі
XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси 
жағдайы шиеленісті. Тəуке хан өзара тартыстарды уақытша тый-
ып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда сұлтандардың 
өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті 
бұзды. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек 
алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық 
етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Ал 
бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік 
пен батыстан — Ресей мемлекетінің, шығыстан — жоңғарлардың, 
оңтүстіктен — Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы 
айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп — Жоңғар 
хандығы тарапынан төнді. XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың 
негізгі тайпалары: торғауыттар мен дербеттер Тарбағатай, Монғол 
Алтайы, Ертістің жоғарғы ағысын, хойттар Қара Ертіс салалары мен 
Қобда өзенінің алқабында, ал Іле өзенінің орта жəне жоғарғы сала-
лары бойында чоростар, Жоңғар Алатауының беткейлерінде хошо-
уттар мекендеді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығы 
болды. Мал басының өсуімен, жер көлемін кеңейту мақсатында 
жоңғарлар Қазақ хандығы аумағына шапқыншылықты жиілетті. Со-
нымен бірге жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда-қолөнер 
орталықтары шоғырланған қалаларды басып алуды көздеді. 
1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары 
мен жоңғар əскерлерінің арасында болған үш күндік қантөгіс 
ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Əбілқайыр жəне Қайып 
сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді. Осы 
жылы жоңғар əскерлері Түркістан маңында Бөген, Шаян жəне Арыс 
өзендерінің бойында қазақтарды тағы да қырғынға ұшыратқан.
1715—1722 жж. жоңғарлардың негізгі əскери күші Цин импе-
риясы əскерлеріне қарсы соғысып жатты. 1722 ж. Цин императо-
ры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ 
хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарым-
қатынасы шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт келісім-шартқа 
отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуды 
шешті.
Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 
1723 жылы көктемде жоңғарлар 70 мың əскермен жеті бағыттан 
қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді. Цеван-Рабданның ұлы 
Қалдан Церен Балқашқа одан əрі қарай Қаратау өңіріне, Құлан ба-
тур Алтайға жəне Көктал өзенінің өңіріне, Амурсана əскері Нұра 
өзені бағытында, Қалдан Цереннің Цеван-Доржы атты ұлы Шелек 
өзенінің аңғарымен, екінші ұлы Лама-Доржы Ыстықкөл бағытында 
қозғалды. Дода-Доржым нойон Шу өзеніне бағыт алса, Цеван-
Рабданның өзі Іле өзені арқылы Жетісуды басып алуды көздеді. Бас 
қолбасшылықты Цеван-Рабданның бауыры Шона-Даба атқарды. 
Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтары қабылдады. 
Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген, дайындалмаған халық 
əуел баста оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты 
жаппай қырып, мал-мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, 
мал-мүліктерін тастап босып кетуге мəжбүр болды. 
Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың 
қолынан қаза тапты. Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың 
қолына көшті. Қазақ рулары мекендерін тастап, Сырдарияның 
арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы жəне Орта жүз 
қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының 
біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара 
аумағына өтті. Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын, қалаларын басып 
алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Əсіресе, Шона-Дабаның 
бағытындағы халық ауыр зардап шекті. Оның əскері 5000 қазақ 
жанұясын тұтқындап, 1000 жанұяны тұтқынға айдады. Жоңғарлар 
Қазақ хандығы аумағының басым бөлігін жаулап алды. Ендігі жер-
де қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш 
көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл 
кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Қашып, 
босқан қазақтардың паналаған жері Сырдарияның сыртындағы 
Алқакөл көлі болды. Бұл оқиға қазақтың кіші жүзі арасында «Са-
уран айналған» деген атпен əйгілі болған. Жоңғарлардан қашқан 
Кіші жүз қазақтары соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін Са-
уран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға «Сауран айналған» 
деп аталған екен. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» əні 
халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.
Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. 
Көп жерлерде халық жауға батыл қарсылық көрсетті. Ташкенттің 


106
107
300 мың тұрғындары қаланы үш ай бойы ұстап тұрды. Халық 
жоңғарларға қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сайрам, 
Түркістан қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды. 
Осындай қарсылықтарды ұйымдастырушы Бөгенбай, Қабанбай, 
Саңырық, Тайлақ, Жəнібек, Малайсары жəне т.б. халық батырла-
ры болды. Түркістан қорғанысына Қабанбай мен Айшыбек батыр 
қатысты. Қоршауда қалған Сайрам қаласын басып ала алмаған 
жоңғарлар Сайрамсу мен Тубалақ өзендерінің ағысын өзгертуге 
шешім қабылдайды. Бұл өзендер қаланы сумен қамтамасыз 
еткендіктен қала тұрғындары сусыз қалады. Осыдан кейін ғана 
əбден əлсіреген халық қаланы жауға беруге мəжбүр болады. Тек 
қалаларда емес, тау, дала өңірлерінде де жау халықтың ұйымдасқан 
қарсылығына тап болды. Қожаберген жыраудың айтуы бойынша 
қазақтар шегінуі барысында да үлкен қарсылық көрсеткен.
Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да 
қазақ жеріне шабуылы жиіледі. Əбілқайыр ханның басшылығымен 
қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға ұйымдасқан тойтарыс 
берді. Осынау қиын-қыстау кезде халық сұлтандар мен ру басы-
ларына үміт артпай, өз тарапынан да қарсылық ұйымдастыра ба-
стады. Қазақ жасақтарының басында халық батырлары тұрды. 
Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек, Əйтеке билердің рөлі зор 
болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан ба-
сталды. Бұл жылы негізгі əскери қақтығыстар Орталық жəне Ба-
тыс Қазақстан аумағында болды. Бұл қақтығыстарда Əбілқайыр 
хан бастаған қазақ қолдары табысты қимылдады. Əбілқайыр ханды 
қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл жылда-
ры Əбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты. 1725 
жылы Əбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың саны 50000-ға 
жетіп, қазақтар жаудың басып алған жерлерін азат етуді бастады. 
Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен тойтарыс берілді. 
Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде 
қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі 
алқабындағы Садырбұлақ өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың 
қолын Үлкентұр тауына қуып тығып, жойып жіберді.
Мəшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан
қайтып келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жəнібектің 
қолбасшылығымен Шұбаркүл көлінің маңында жоңғарларды 
талқандады делінеді. Шəкəрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. 
Осы жеңістен кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сар-
баздары жаудың тас-талқанын шығарды. Бұл шайқаста Əбілқайыр 
ханның, батырлар тама Есет, тама Жантай, Қаракерей Қабанбай, 
Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас 
болған жер «Қалмақ қырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін 
қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы ғана емес, Мұғалжар 
тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті. 
1726—27 жылдары сұлтандар мен билер қазақ жерін жаудан азат 
етуде қазақ руларының басын біріктіру саясатын қолға алды. Осы 
бағытта Кіші жүз ханы Əбілқайыр белсенділік танытты. 1726 жылы 
Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз 
өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің ханда-
ры — Əбілқайыр, Əбілмəмбет, Сəмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, 
Төле, Қазыбек, Əйтеке бастаған билер, батырлар қатысты. Жиналыс 
барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу 
мəселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен 
майдан құру керек деп шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды 
мəселенің бірі — бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау тура-
лы мəселе болды. Ордабасына Əбілқайыр хан бас қолбасшы болып 
сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың 
ішінен Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Жиналыста елімізді жоңғар 
басқыншыларынан азат ету жолында қазақ халқы бас біріктіріп, 
бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады. 
А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды. 
1727 жылдың жаз айларында үш жүздің біріккен қолы əскери 
дайындықтан өтіп, қару-жарақты жетілдірумен, дайындаумен 
айналысты. Əбілқайыр Бұхарадан ат, қару-жарақ сатып алып
əскерді соғыс өнеріне жан-жақты дайындайтын батырларды өзі 
тағайындаған. Сонымен бірге əскери барлау ісіне үлкен мəн берілді. 
Күзде Сарыарқа даласындағы Бұланты өзенінің маңында жауға үл-
кен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп аталады. Осы 
маңдағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысындағы 
Қарамолда деген жерде болды. Бұл шайқаста да жоңғарлар жеңіліс 
тапты. Кейіннен шайқас болған аймақ «Қалмақ қырылған» деп 
аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ күреске 
жігерлендірді. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық 
санасында бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді. Əбілқайыр хан жəне 
Бөгенбай батырдың басшылығымен Қаракерей Қабанбай, ошақты 
Саңырық, тама Тайлақ, Шақшақ Жəнібек, тама Есет, Малайсары, 
тарақты Байғазы қолдары асқан ерлік көрсетті. Осы шайқастағы 
қазақтардың ерлігі туралы мəліметтер М.Тынышпаевтың, 
А.И.Левшиннің, А.Диваевтың еңбектерінде айтылады. Үмбетай, 
Ақтамберді, Тəттіқара, Бұқар, Көтеш, тағы басқа жыраулардың 


108
109
жырларында шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың іс-қимылдары 
жан-жақты сипатталған.
Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тари-
хы үшін маңызы зор шайқастардың бірі — Аңырақай шайқасы. 
Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл 
маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақы-
рымға созылды. Бұл шайқастың болған орны М.Тынышпаевтың, 
А.Диваевтың зерттеулерінде нақты сипатталған. 1997 жылы Қа-
зақстан халық жазушысы Ə.Кекілбаев пен тарихшы М.Қозыбаев 
бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерт-
теді. Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, 
географиялық жер атауларына да үлкен мəн берілді. Балқаш көлінің 
оңтүстігімен Алакөлге бет алғанда Сұнқайтты (Сұмқайтты) өзені, 
қазіргі Жамбыл облысы Тараз қаласының шығысында Əбілқайыр 
сайы бар. Ал, халық ауыз əдебиетінде бұл жерде жоңғарлар аңырай 
жеңілген деген мəлімет бар. Археологиялық зерттеулер барысында 
сарбаздардың қару-жарағы, ер саймандары көптеп табылды.
1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, 
Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай 
тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ əскерінің жалпы 
саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырын-
да мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық 
берілген. Олар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал 
Барақ, Керей Жəнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей Жанатай ер, 
Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай жəне т.б. Мыңдықтар 
құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ 
əскерінің сол қанатын Əбілмəмбет хан, Сəмеке сұлтан, Қазыбек би, 
Қабанбай батыр басқарды. Əскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, 
Қойгелді, Қосын Шінет, Мəмбет, Сəңкібай, Шойбек батырлар 
басқарды. Əскердің орталық тобын Əбілқайыр, Əйтеке би, Бөгенбай, 
Шақшақ Жəнібек батырлар басқарды. Шайқас барысында жалпы 
қолбасшылықты Əбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да бұл шайқасқа 
жан-жақты дайындалған болатын. Олардың əскерінің саны да 28-30 
мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан та-
лантты əскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. 
Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында 
Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. 
Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі 
қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тари-
хи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Əбілмансұр) Абылай 
есіміне ие болды. 
Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік 
көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жəнібек, Тама 
Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Құдайменді Жібекбай, 
Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың 
алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік 
үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, 
соғыс ісін жан-жақты білетін, əскери стратегия, тактикамен таныс 
тəжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Əйтеке, Төле билер бастаған қазақ 
билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін 
нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының
жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, 
Үмбетай жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жырау-
лардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар 
жан-жақты сипатталған. Жыраулардың Отан қорғау тақырыбына 
арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін 
жақындата түсті.
Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан 
кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде 
Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас ба-
сталды. Тəукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның ор-
нын Орта жүзден Сəмеке, Кіші жүзден Əбілқайыр хан аламыз деп 
дəмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Əбілмəмбет 
болды. Сəмеке мен Əбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр 
қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды. 
Нəтижесінде Əбілмəмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Əбілқайыр 
кіші жүз аумағына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан 
толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді. Қазақтардың 
Аңырақайдағы жеңісіне қарамастан жоңғарлар тарапынан шабуыл 
тыйылмады. 
1723—1730 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдары Шəкəрім 
Құдайбердіұлының жазбаларында тек «Ақтабан шұбырынды, 
Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ халқының санының 
үштен екісі кемігені туралы мəлімет бар. Демограф М.Тəтімовтің 
санағы бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 млн 330 мың 
болса, 1725 жылы 2 млн 222 мыңға азайған.
1730- жылғы жеңістің тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы 
өз мемлекетінің тəуелсіздігін сақтап, басып кірген жаудың тас-
талқанын шығарып жеңіске жетті. Жоңғарлармен соғыста ерлік 
көрсеткен батырлардың, билердің есімдерін ұрпақтары биікке 
көтеріп, батырлығын мақтаныш тұтады. Ел қорғаған батырлар 
ерлігін дастан ететін жырлар жазылды. Атап айтсақ, «Қабанбай 


110
111
батыр», «Бөгенбай батыр», «Шақшақ Жəнібек батыр», «Қойгелді 
батыр», «Өтеген батыр» тағы басқа. Олардың аты ұранға айналып, 
ел ардақтайтын аруақты жандар дəрежесіне көтерілді. Бүгінгі таңда 
олардың атымен аталатын Қазақстанның əр қаласында көшелер, 
мекемелер бар. 1723—30 жылдардағы Ұлы Отан соғысы қаһар-
мандарының ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қалмақ.
Жоңғарлардың шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің 
экономикалық жəне саяси өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, 
қазақ тарихына алапат ауыр жылдар болып енді. Қазақтар мал-
мүлкі мен адамдарынан ғана емес, сонымен қоса Жетісудағы 
шұрайлы жайылымдарынан да уақытша айырылып қалды. Көшіп-
қонудың ғасырлар бойы қалыптасқан жолдары бұзылды. Сырдария 
мен Жетісудағы егіншілік мəдениетінің ошақтарына үлкен нұқсан 
келтірілді. Жоңғарлардың Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды 
басып алуының қазақ қоғамының экономикалық жəне мəдени өмірі 
үшін елеулі зардаптары болды. Қазақ рулары сауда жəне қолөнер 
орталықтарынан ажырап қалды. Қазақ жүздерінің арасындағы 
шаруашылық-саяси байланыстар əлсіреді. 
Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының əлеуметтік қаты-
настарына да теріс əсерін тигізді. Елдің құлдырауы мен күйзелуі 
салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар жəне т.б. көбейді. Өз 
бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы 
көп байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс 
істеуге мəжбүр болды. 
Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан Жоң-
ғар хандығының жаңа шабуылының тікелей қаупі сақталып қалды. 
Қазақ хандықтары жөнінде барынша агрессияшыл саясат жүргізген 
Қалдан Цереннің (1727—1745 жж.) билік басына келуі мұндай 
шабуылдың қаупін күшейтті. 
Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қаты-
настары шиеленіскен күйінде қала берді. Еділ қалмақтары жəне 
башқұрттармен қарым-қатынастар да күрделі еді. Осындай жағ-
дайда қазақ билеушілері алдында маңызды да күрделі міндет 
— қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіздендіру жəне елдің 
феодалдық бытыраңқылығының күшейе түскен үрдісін жою міндеті 
тұрды. Олардың бұған өз күштерімен жете алмайтындығына көз-
дері жете түсті. Солтүстіктегі қуатты көрші — Орыс мемлекетімен 
одақтасу қажеттігі туралы пиғыл туындады. Осылайша қазақ 
билеушілерінде орыс-қазақ саяси жəне экономикалық байланыста-
рын нығайтып, Ресейдің қарауына кірудің жолдарын іздеуге деген 
ұйғарым қалыптасты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   74




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет