Лингвомәдениеттану ғылымының зерттелу жайы


Лингвомәдениеттанудың ұстанымдары мен бағыттары әдістемелік негізі



бет7/13
Дата03.01.2022
өлшемі263.5 Kb.
#450863
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13
М.Мағауин

1.3 Лингвомәдениеттанудың ұстанымдары мен бағыттары әдістемелік негізі
ХХ ғасыр лингвистикасында антропоцентристік парадигмаға сай тілде жеке адаммен, оның ой-санасымен мәдениеті мен тұрмыс-тәжірибиелік қызметімен байланыстыра қарастыратын жаңа бағыт дами бастады. Бұл бағыт мемлекеттер мен олардың халықтарының мәдени, экономикалық байланыстарының дамуы арқасында тіл, мәдениет және тұлға мәселелеріне қызығушылықтан негіз алады. Атаулы үш ұғым мәселелерінің арасындағы байланыс барған сайын өзектілік сипат ала бастады,бұл өзара тығыз байланыс күтпеген жағдай емес немесе кездейсоқ қалыптасқан жоқ, ол (байланыс) көп жылдың жемісі. Жеке адамның дамуындағы тіл мен мәдениеттің байланысы сонау ерте заманнан басталған. Дәлірек айтқанда, ертедегі адамдар өміріндегі тіл мен жазу-сызулар, (мәдениет) бір-бірімен байланыста болған. Олай болса, тіл-мәдениет жемісі, оның құрамдас бөлігі, өмір сүру формасы.

Тіл мәдениетпен тығыз байланыста бола отырып, онымен бірге дамиды. Сондай-ақ, тіл мәдениетті қалыптастырады, дамытады және оны, (мәтін түрінде) сақтайды. Осы орайда, тіл арқылы материалдық және рухани мәдени құндылықтардың шынайы, обьективті шығармалары пайда болады. «Ұлттық мәдениеттің бөлінбейтін бөлігі бола отырып, тіл оның дамуына септігін тигізеді. Мәдениет тілдің барлық формалары қайнайтын қазандық болатындықтан, тілдің мәдениетке де кері әсері сөзсіз жүріп отырады» [37,16]. Сонымен тіл мен мәдениетті біртұтас бірлікте қарастыру негізінде антропологиялық лингвистиканың жаңа бағыты лингвомәдениеттану қалыптасты. Жоғарыда аталған мәселелерді лингвомәдени тұрғыдан қарастыру олардың жеткіліксіз өңделмеген тұстарын ашып беруге көмегін тигізді. Себебі лингвомәдениеттану тіл мен мәдениет туралы ғылыми- мәдени ой қозғалысының жаңа зерттеу парадигмасы болып табылады. Бұл салада зерттеу идеяларының қатарына кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге оның(идеяның) мүмкіндіктері мен қорларын тереңірек және жан-жақты танытуға мүмкіндік береді [1,37]. Сонымен жоғарыдағы айтылғандарды бір түйінге сала айтқанда, лингвомәдениеттану қандай да болмасын ұлт мәдениетінің тілдегі көрінісін зерттейді.

Лингвомәдениеттану ғылымының дамуындағы үш кезеңді атап көр-сетуге болады: бірінші кезең – В.Гумбольдт, А.А.Потебня, Э.Сепирдің еңбектері – ғылым дамуының алғышарты болса, екінші кезең – лингвомәдениеттанудың жеке зерттеу саласы болып қалыптасуы, үшінші кезең – қазіргі кездегі пәнаралық ғылымның – лингвомәдениеттанудың негізі қалануы.

Лингвомәдениеттану (лингвокультурология) – латынның Lingua – тіл, Cultura – мәдениет, Logos – ілім деген терминдердің жинақталуынан туындап, лингвистика мен мәдениеттану пәндерінің тоғысуында пайда болған, халық мәдениетінің тілдегі әсерін, ерекшелігін жаңаша көзқараспен зерттейтін сала. Тілші-ғалымдар атаулы лингвистикалық дербес сала – лингвомәдениеттану жайлы ғылыми пікірлер айтып, зерттеу жұмыстарында оған түрлі анықтамалар бере кеткен. Айталық, ресейлік тілші Е.О.Опарина: «лингомәдениеттану – ұлттық тіл мен тіл процестеріндегі материалдық және рухани мәдениеті көріністерін бірлікте зерттейтін гуманитарлық пән» [38,16], деп тоқталса, лингвомәдениеттанудың этнолингвистикамен тығыз байланысты екені соншалықты, оны В.Н.Телия этнолингвистиканың бір саласы ретінде қарастырады. Оның пікірінше ,лингвомәдениеттану – тілдің корреспонденциясы мен мәдениеттің өзара қатынасының синхронды түрін зерттейтін және сипаттайтын этнолингвистиканың бір бөлшегі [2,217]. Ал, лингвомәдениеттану ғылымының теориялық және әдістемелік жолын зерттеуші ғалым В.В.Воробьев оны «металингвистика» ғылымы ретінде қарастырып, бұл сала туындағанын дәлелдейді, әрі мынадай ғылыми анықтама береді: «Лингвомәдениеттану – қызметі тұрғысынан тіл мен мәдениеттің өзара байланысы мен өзара әрекетін зерттейтін және осы процесті қазіргі басымдықтар мен мәдени белгілеулерге (қағидалар мен жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесіне) бағыт сілтейтін жүйелі әдістердің көмегімен тілдік және тілдік емес (мәдени) бірліктердің біртұтас құрылымында бейнелейтін жинақтау үлгісіндегі кешенді ғылыми пән» [1,37].

Ғалым В.А.Маслова бұл пәнді халық мәдениетін танытушы ғалым деп санап, мынадай анықтама ұсынады: «Лингвомәдениеттану – лингвистика мен мәдениеттанудың түйіскен жерінде пайда болған, халық мәдениетінің тілдегі бейнеленген және қалыптасқан көрінісін зерттейтін ғалым» [39,9].

Жоғарыда келтірілген анықтамалардан байқағанымыздай, В.В.Воробьев, В.А.Маслова, В.Н.Телияның бұл ғылыми тұжырымдамаларында арқау болған мәдениет пен тіл арасындағы байланыстың сыры американдық ғалымдар Э.Сепир мен Б.Уорфтың «Лингвистикалық ықтималдық теориясының» негізін танытқан «этнос дүниетанымындағы ерекшеліктің ізі халық тілінде сақталады» деген қағидамен астасып жатқандығынан сезіледі. Бұл жайт лингвомәдениеттану пәнінің этнолингвистика ғылымымен туыстығын ашық көрсететіндей. Көп жағдайда этнолингвистика мен лингвомәдениеттану пәндерінің ортақтық, тіпті ұқсас жақтары бірізді айтылғанымен, В.В.Воробьев атап көрсеткендей, этнолингвистика ғылымының өзіндік ерекшелігін былайша түсіндіруге болады: «Этнолингвистика кешенді этнографиямен шектес, халық мәдениеті, тарихтың шығу тегі мен таралуын зерттейді. Бүгінгі ғылымда этнолингвистиканың зерттеу мақсаты – тілдің қызметі мен дамуына лингвистикалық, этномәдени, этнопсихологиялық факторының әсерін ерекше қарастыру, ұлттық болмыспен ұштастыру» [1,15].

Дегенмен, тіл мен мәдениеттің өзара қарым-қатынасы, әсіресе мәдениеттің тілге ықпалы, мәдениеттің тілдегі көрінісі ғылым үшін жаңалық емес. Лингвомәдениеттанудың негізін құрайтын ғылыми ой-тұжырымдардың, дәлірек айтқанда, халық тілінің еншісі мәдениетпен толығатынын, ұлт мәдениеті сол халықтың тілінде сақталып, болашаққа аманатталатыны сияқты ой-пікірлердің туындау төркіні тереңде жатыр. Айтылған ой жайында немістің лингвист ғалымы В.Гумбольдтың лингвистикалық зерттеулеріндегі «Тіл – халық рухы, халық рухы тіл арқылы көрініс табады» деген тұжырымы – жаңа ғылыми жолдың концепциясының алғашқы нышаны немесе қағидасы. Сондай-ақ, оның мәдениетті тілдің ішкі құрылымдық бөлшегі деп қарастыруы да тіл табиғатын таныта түсумен қатар, жарыққа шығып келе жатқан ғылыми жаңалықтардың шығу тегіне арқау болғаны сөзсіз. Атап, айтқанда ғалымның пікірінше, біріншіден, мәдениеттің екі түрі – материалдық және рухани мәдениеттер ізі халық тілінде сақталады. Екіншіден, мәдениет – ұлт нышанын танытып, тілде өз жүйесін табады, үшіншіден,тіл –адам мен табиғатты жалғастырушы күш, төртіншіден, мәдениет пен халықтың рух – тілдің ішкі формасына тән [17,32]. Сонымен бірге, В.Гумбольдт өз еңбектерінде «ұлтты» (мұнда «халық» ұғымымен мәндес («тілдік мәртебесі» бар «адам рухының даралану формасы» деп қарастырып, ол адамзаттың тілге бөлінуін халыққа бөлумен сәйкестендіреді. Демек, тіл мен адам рухының арасындағы байланыс берік болып келеді, бірақ бұл екеуі бір-бірінен бөлек не бірінен кейін бірі дамымайды, бұл процесс екеуінде бірдей жүреді. Осыдан тіл мен адам рухы бірігіп, интеллектуалды қабілет әрекетін қалыптастырады [17,10].

Мәдениеттің көне, жаңасын, мәдениеттің арғы-бергі тарихын сөйлетуші де, жеткізуші де тек ана тілдің құдіреті екені әр халықтың тілі мен мәдениетінің өзара қарым-қатынасынан, өзіндік тұрмыс-тіршілігі тіл арқылы өрнектелуінен, мәдениеті тіл арқылы басқа елге танылуынан, тіл мен мәдениет арасындағы ажырағысыз байланыстың бар екенінен көрінеді. Аталған ғылыми тұжырымның негізін американдық ғалым Э.Сепир: «Тіл мен мәдениеттен тыс өмір сүрмейді. Ол дәстүр болып жалғасқан, халықтың тыныс-тіршілігі мүлде қабысып кеткен салт-дәстүр мен наным-сенімдерден арыла алмайды. Тілдегі лексика өзі қызмет етіп отырған мәдениетті өз қалпында көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, тілдің тарихы мен мәдениет тарихы жапсарлас дамиды деуге болады» [18,186] - деп анықтай келе, әр халықтың танымдық ерекшелігі тек тілінің табиғатынан байқалатынын дәлелдейді. Осы орайда, ұлт мәдениеті мен тіл формаларының байланысы мен арақатынасын қарастырған ғылымда аты белгілі «Сепир – Уорф болжамы» дүниетанымы мен ойлау тәсілдері арасындағы құрылымдық байланысты этнолингвистикалық тұрғыдан баяндап береді [40,3].

Тілдің ерекшелігін әлеуметтану тұрғысынан зерттеген ресейлік тілші ғалым А.Потебня тіл халық мәдениетімен біте қайнасқан ұғым екенін айта келіп: «Тіл –халықтық рухтың жемісі, сондықтан тіл ұлттық ерекшелікті көрсетеді» деп анықтайды. Мәдениет тілдің таңбалану қасиеті арқылы танылатынын, оған дәлел халық ауыз әдебиеті үлгілері екендігін жан-жақты сөз ете келе, «халық рухы алдымен тілде, содан кейін барып әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде, ән өнерінде, фольклорында көрініс береді» [41,117] деп қорытады.

Жоғарыда айтылған ғалымдардың зерттеу еңбектеріндегі ғылыми тұжырымдар ұлттық тіл мен халық мәдениеті арасындағы о бастан болжап, тілдің ішкі формасына саятын қасиеттерін айқындаудан туған. Ішкі форманың тілдегі көрінісін өзек қылған ғылыми құнды ой-пікірлер тіл ғылымының жаңа бағытымен ерекшеленетін лингвомәдениеттану пәнінің болжамы іспеттес. Лингвомәдениеттану ұлттық мәдениет пен ұлттық тілдің өзара байланыстары, бір-біріне ықпалы айқын деректердің белгілі бір этносқа тән екендігін зерттейді. Бірақ тіл ғылымында XV ғасырдың бас кезінен бастап ерекше қалыптасқан жоғарыда аталған ғалымдардың (В.Гумбольдт, Э.Сепир, А.Потебня т.б.) ғылыми ой-тұжырымдарын одан әрі жалғастырушы Ресейдегі фразеологиялық мектептің өкілдері В.В.Воробьев; В.Н.Телия, Е.М.Верщагин, В.Т.Костомаров, В.А.Маслованың зерттеулерінің лингвомәдениеттануды дербес ғылыми пән дәрежесіне көтеруілуіне, қалыптасуына зор ықпал еткенін ерекше атап өткен жөн.

Тіл мен мәдениет ұғымдарының байланысы әсіресе Е.М.Верщагин мен В.Т.Костомаровтың зерттеу еңбектерінде жаңаша қырынан суреттеледі. Олардың «Тіл –тек сөйлесу, қарым-қатынас құралы емес, ол адам өмірінің материалдық және рухани мәдениетінің сол ұрпаққа тән тума қасиеттерін жинақтаушы, сақтаушы құрал, осы арқылы болашақ ұрпаққа жеткізуші құрал. Мұны тілдің кумулятивтік қасиеті деп танимыз. Тілдің тағы бір қоғамдық қызметі – әлеуметтік өмірде адамдардың жеке тұлға ретінде, ұлт өкілі ретінде қалыптасуы» [42,10] деген ойлары бүгінде лингвомәдениеттану пәнінің қоғамдағы әлеуметтік орнын нақтылай түскендей.

Қазіргі таңға дейін лингвомәдениеттану пәнінің бірнеше бағыттары қалыптасып үлгерді. Олар:

1.Жеке әлеуметтік топтың, этностың лингвомәдениеттануы, яғни белгілі лингвомәдени оқиғаны белгілі бір кезеңде мәдениетпен байланыстыра зерттеу;

2.Тарихи лингвомәдениеттану, яғни этностың лингвомәдени жағдайының белгілі кезеңдегі өзгерістерін зерттеу;

3.Салыстырмалы лингвомәдениеттану әр түрлі, бірақ өзара байланысты этностардың лингвомәдени көріністерін зерттейді;

4. Салғастырмалы лингвомәдениеттану. Бұл – жаңадан дамып келе жатқан бағыт, қазіргі таңда бұл ғылыми бағыт бір-екі еңбектерде көрініс табады. Олардың ішіндегі ең қызықты еңбектердің бірі М.К.Голованивскийдің «Орыс тілінде сөйлеушілердің көзқарасы жайындағы франсуз мәдениеті»;

5.Лингвомәдени лексиография. Бұл бағыт лингвоелтану сөздіктерін жасауға арналған. Бұл сала басқаларға қарағанда қарқынмен дамып келеді. Мысалы, Д.Г.Мальцеваның сөздігі, онда жиырма бес негізгі үлкен тақырыптық бөлімдер қамтылған.

XX ғасырдың соңында лингвомәдениеттанудың ғылыми ой-тұжырымдарының негізінде Мәскеуде төрт лингвомәдениеттану мектебі қалыптасты:

1.Э.Бенвенист (Жалпы лингвистика.- М.,1974) концепциясына әдістемесі жағынан жақын Ю.С.Степановтың лингвомәдениеттану мектебі. Бұл мектептің мақсаты мәдениет көріністерін суреттеу болып табылады.

2.Н.Д.Артюнованың лингвомәдениетану мектебі. Бұл мектеп халықтардың түрлі кезеңдегі (уақыттағы) мәтіндерінен алынған жан-жақты мәдениет терминдерін зерттейді.

3.В.Н.Телияның лингвомәдениеттану мектебі. Бұл мектеп Ресей мен шет елдерде фразеологиялық тіркестерге лингвомәдени талдау жасаумен айналысатын Мәскеу мектебі ретінде белгілі.

4.Ресей Халықтар Достығы Университетінде В.В.Воробьев, В.М.Шаклейн қалыптастырған және Е.М.Верещагина мен В.Г.Костомаров концепциялары негізінде дамып келе жатқан лингвомәдениеттану мектебі.

Ғылыми зерттеудің кез келген нақты әлісінің өзіндік қолдану аясы болады, яғни қазіргі таңдағы ғылымдардың кез келген әдісі шектеулі. Тіл мен мәдениеттің өзара байланыстылығы көп аспектілі болғандықтан, оның табиғатын, қызметтері мен генезисін бір әдістің көмегімен тану мүмкін емес. Сондықтан лингвомәдениеттанудың нысанын зерттеуге бірқатар әдістер қолданылады.

Лингвомәдениеттанудың зерттеу әдістері дегеніміз – тіл мен мәдениеттің өзара байланысын талдауға қолданылатын аналитикалық тәсілдердің, операциялар мен процедуралардың жиынтығы [39,34]. Лингвомәдениеттану тіл білімі мен мәдениеттанудың, этнолингвистика мен мәдени антропологияның түйіскен жерінде қалыптасқан пәнаралық ғылым болғандықтан, оның нысанын зерттеуге атаулы ғылым

салаларының танымдық әдістері қолданылады. Атап айтқанда, лингвомәдениеттануда лингвистикалық, сонымен бірге мәдениеттану және әлеуметтану ғылымдарының әдістерін, яғни контент – талдау (мазмұндық талдау), әдістемесін, фреймдік талдау (құрылымдық талдау), нарративті талдау (түсіндірмелі талдау), сондай-ақ этнографиялық әдістерді (суреттеу, топтастыру, ескілік әдісін т.б.), психология мен әлеуметтануда қолданылатын ашық сұхбатты, Н.И.Толстой мектебінде қолданылатын мәдениетті лингвистикалық қалыпқа келтіру әдісін негізге алуға болады [39,34]. Сайып келгенде, лингвомәдениеттану материалдарын этнографияның дәстүрлі әдістерімен де, экспериментті-когнитивті лингвистика әдістемесімен де зерттеуге болады. Бұл ғылыми әдістер лингвомәдениеттану ғылымының күрделі нысанын, яғни тіл мен мәдениеттің өзара байланысын түрлі танымдық қағидалар негізінде жан-жақты танытуға мүмкіндік береді.

Лингвомәдениеттанымдық суреттеме негізінде психосоцио- мәдениеттанымдық эксперимент, сондай-ақ, әр түрлі дайын мәтіндер қолданылады, себебі тілдік бірліктердегі мәдени ақпарат олардың жеке тілдік мәндері жүйесінде жасырын сипатта болады.

Ерекшк зерттеу аясы ретінде мәтіндердің лингвомәдениеттанымдық талдауын қарастыруға болады, себебі ол мәдениеттің түп нұсқа сақтаушысы болып табылады. Адамның мәдениетпен қарым-қатынасы «бөтен» мәтіндерді оқып үйрену негізінде жүзеге асады. Мәтін дүниені қамтиды, дүние кейпінде болады, сондай-ақ бүкіл дүниені оқырмандар үшін өзіне сыйдырады. Сондықтан герменевтикалық парадигма (герменевтика – түсіну туралы ғылым) шеңберінде мәтіндерді талдау маңызды болып саналады. Осы орайда, лингвомәдениеттану пәнін зерттеуге интерпретациялық және психолингвистикалық зерттеу тәсілдері мен амалдары қолданылады.

Лингвомәдениеттану жайлы ғылыми ой-тұжырымдарды түйіндей келе, оның зерттеу нысанына тоқталайық. Мәдени ақпаратты жеткізуші тіл, мәдениет және сол мәдениетті тіл арқылы қалыптастыратын жеке тұлға арасындағы өзара байланысты зерттеу лингвомәдениеттанудың нысаны болып табылады [39,35].

Лингвомәдениеттанудың зерттеу пәні ретінде мәдениетке символикалық, эталонды, образды-метафоралы мәнге ие болған және жеке адамның мифтерде, аңыздарда, салт-дәстүрде, әдеп-ғұрыптарда, фольклорлы және діни дискурстарда, поэтикалық және прозаикалық көркем әдебиетте (нақтырақ, мәтіндерде), фразеологизм мен теңеулерде т.б. қалыптасқан архетиптік немесе прототиптік санасының нәтижелерін жалпылайтын тілдік бірліктер алынады. Кейде бір лингвомәдени бірлік бір уақытта бірнеше семиотикалық жүйелерге тән болуы мүмкін. Айталық, әдет-ғұрып стереотипі мәтелге, сосын фразеологиялық бірлікке айналады.

Лингвомәдениеттанудың зерттеу нысандарының қатарына берілген мәдениетке ғана тән, соның ғана ерекшелігін суреттейтін эквивалентсіз тілдік бірліктер, сөздер мен сөз тіркестері жатады. Мифтік қасиетке тән тілдік бірліктер: мифология, тілдегі наным-сенімдер, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, тілдің тұрақты тіркестері, яғни фразеологиялық бірліктер, эталондар, стереотиптер, белгілер, бейнелер, сөздің ішкі көріністері, сөйлеу этикеті және т.б. аталған ғылым салсының зерттеу нысандары қатарын толықтыра түседі.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет