Ұлт болмысын ұлықтаған қаламгер



Дата18.01.2023
өлшемі40.77 Kb.
#468510
Досжан


Ұлт болмысын ұлықтаған қаламгер
Ақын Олжас Сүлейменов Дүкенбай Досжанды: Қалам қасиетіне берілген жазушы, - десе, философ ғалым Ғарифолла Есім: - әдебиеттің тереңіне терең бойлап, көркемдік пен даналық санаға қол артып, шығармашылық шыңнан көрінген жазушы, - деп баға беріпті. «Мұхтар жолы», «Абай айнасы», «Алыптың азабы» және «Абақты» атты деректі прозасы арқылы ол тұлғатану бағытында жаңа бір соқпақ салды. Дүкенбай Досжан өз еңбектері арқылы зерделі зерттеуші екенін де мойындатты. Ана тілінің қаймағы түгіл қаспағын да қалдырмай қаламына арқау қылған қаламгер.

Ахмет ӨМІРЗАҚ13.09.2017 / 23:44
 218
Сонау алпысыншы жылдары әдебиетке Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов бастаған қуатты толқын келген-ді. Жылымық аталған кезеңнен соң қаламгерлер қалыптасқан жазу дәстүрі шеңберінен шығып, түрлі әдіс-амалдарды меңгере бастады. Сол қуатты толқынның ішінде Сыр бойынан келген, қазақтың ұлттық дәстүрін жақсы білетін, төл тіліміздің нәзік иірімдерін жетік меңгерген, сонысымен қатарластарынан біршама ерекшеленетін бір қаламгер бар-ды. Ол – Дүкенбай Досжан болатын.
Сөз қадірін жоғары бағалайтын Сыр бойында туып өскен баланың әріп танығаннан кітап оқуға аңсары ауды. Ауыл кітапханасын түгел сүзіп шықты деуге болады. Сол жылдары қазақша басылып шыққан Пушкин, Абай сияқты классиктердің қалың бір томдығын басына жастанып оқығанын жазушының өзі бертін келе бір сұхбатында айтқан. Әсіресе, оған Гогольдің «Өлі жандары» қатты әсер етті. Әрі ойланып, бері ойланып, балаң жігіттің Гоголь болғысы келеді. Осындай шығарманы мен де жаза аламын-ау деген сенім пайда болып, 7-сыныпты бітірген жылы, жазда Гогольдің «Өлі жандарына» еліктеп, тор көз дәптерді толтырып пьеса жазады. Бірақ сол пьесаны қайда жолдарын білмейді. Сосын Пушкин әлеміне бас сұғады. Өлең жазу пьеса жазудан оңайлау көрінеді. Пушкиннің «Руслан және Людмила» поэмасының сарынымен дастан жазып тастайды. Ол баспасөзге жарамағасын өлең жаза бастайды. Газет-журналдардан «материалыңыз басуға жарамады» деп басталып, ақыл-кеңес берумен аяқталатын хаттар ала бастайды.
Сөйтіп жүргенде жазуға икемі келе бастады ма, әйтеуір балалар газетінде «Ақ ешкі мен сары ешкі» деген мақаласы, облыстық газетке «Ленин томы» деген бір өлеңі жарық көреді. Облыстық газеттен келген бес сом қаламақыны өз қажетіне жаратпай, шешесіне құмшекер апарып беріп, батасын алады.
Дүкенбай Досжан ең алғаш 1964 жылы өлең кітабын шығарған. Бұл кезде Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиевтің де жұқалтаң жинақтары шығып, кең тынысты ақындардың даңқы дүрілдей бастаған-ды. Дүкенбай мынандай дарындар тұрғанда ақын болып жарытпасын білді де, прозаға ауысты. «Отырар» (1965), «Фараби» (1965) атты жинақтар шығарып, лезде ел аузына түсті. Тіпті оның дарынын көре алмаған біреулер жазушыны «жөргегінде» тұншықтырғысы кеп, 1967 жылы сын мақала ұйымдастырады. 30-дан енді асса да, 4-5 кітап жазып үлгірген жазушының еңбегін іске алғысыз еткісі келеді. Сонда мұндай көпе-көрнеу жалаға шыдай алмаған Қалихан Ысқақов араға түсіп: «Әй, ағайындар, Досжанов әдебиеттің нағыз жауынгері, оны бірер сын мақаламен құрта алмайсың, қолындағы автоматын алсаң – мылтығы бар, мылтығын алсаң – тапаншасы бар, тапаншасын алсаң – пышағы бар, оны құртам деп жүріп өзің құрып кетуің мүмкін», – деп жазушыны қорғап шығады.
Қаламдастың бұл сенімі Дүкенбай Досжановты қанаттандырып жібереді. Ол күншілдердің сынына шығармамен жауап беру қажеттігін ұғынады да, «Жібек жолы», «Зауал», «Кісі ақысы», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі» сияқты кемел туындыларды он-он бес жыл ішінде оқырман қауымға ұсынып, әдебиеттен өз орнын ойып тұрып алды.
Ол алғашқы еңбек жолын Алматы облыстық «Жетісу» газетінде әдеби қызметкерліктен бастайды. «Жетісу» газетіне 1963 жылдың желтоқсан айының басында келіп, 1966 жылдың тамыз айына дейін істейді. Осы үш жылға жуық уақытта журналистиканың қара жұмысында әбден ысылады. Мұндағы өмір тәжірибесі, бейнетқорлық жазушылық өмірінде де мол пайдасын тигізеді.
Алғашқы шағын әңгімесі оқушы кезінде жарық көрген автордың кітаптары әлемнің 20 шақты тіліне аударылып, бірнеше миллион таралыммен басылып шыққан. Кітап палатасының есебі бойынша, Қазақстандағы ең көп оқылатын жазушы Дүкенбай Досжанов қазақ әдебиетінде таза тарихи тақырыпқа тұңғыш қалам тартқан (1965 -66 жыл) автор ретінде де белгілі.
Ол 11 роман, 22 хикаят, 100-ден аса әңгіме жазып, қазақ прозасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан.
Дүкенбай Досжан Қызылорда облысының түстік шығысындағы Қаратау баурайында, Ақүйік өзенінің бойында, Құланшы деген жерде 1942 жылы 9 қыркүйекте шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Досжан Сары-ұлы (1894 – 1974) елге әйгілі атбегі, соғыс жылдары «Ынтымақ» колхозының төрағасы, жылқышы, соңына жақсы сөз қалдырған, еңбекқор кісі болған деседі. Ақүйік бойындағы осы күнгі Досжан бауы, Досжан бұлағы деген жерлер сол кісіден ұрпаққа қалған мұра. Жақсының аты өлмейді. Жазушының айтуынша, әке бейнесі көптеген шығармаларда прототипке айналған. Шешесі Жәмила Жанұзаққызы (1903 – 2004 ж.ж.) көп жыл сауыншы болған. Ділмар ана айтты деген сөздер қазірге дейін ел жадында сақталған.
Д.Досжанның сәбилік шағы соғыс жылдарына тап келгендіктен, сол жылдардың бар ауыртпашылығын көзбен көріп өскен. Өзінің еске алуынша, Қаратау ішінде, тоқал тамның үстінде, шыжыған күн астында сағаттар бойына жалаңбас ойға шомып отырады екен. Мектепті 1959 жылы алтын медальмен бітіреді. Әл-Фараби атындағы Қазақтың Мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін 1964 жылы үздік тәмамдады.
Университетте Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Мәулен Балақаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Асқар Тоқпанов, Ісмет Кеңесбаев, Мұхаметжан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов секілді ұлықтардың дәрісін тыңдап, тәлім алады. Жазушының өз сөзімен айтсақ, «Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев ағаларының қолына су құйып, батасын алған».
60 жылдардың басында Мәскеуде қызмет істеген Тәкен Әлімқұлов, Қызылордада ғұмыр кешкен Асқар Тоқмағанбетов ағаларымен сырлас болған, жазысқан хаттары әлі күнге отбасылық мұрағатта сақтаулы.
Алматы облыстық «Жетісу» газетінен кейін Баспа комитетінде, Жазушылар одағында қызмет істейді. «Қазақстан музейлері – музей Казахстана» журналының Бас редакторы болған.
Дүкенбай Досжан еліміз тәуелсіздік алған жылдары да саясатқа араласпай, билікке қызықпай – бірыңғай жазумен айналысты. Елдің бірлігі, мемлекеттің тұтастығы жолында қызмет етті. Сол қажырлы еңбектің жемісі – тәуелсіздікті, жаңа заманды көркем кестелеген «Ақ Орда» романы. Ол жеке бастың қамын күйттемей, әдебиетке адал қызмет ете отырып, аса төзімді, аса бейнетқор, ақжарқын кейіпкерлер галереясын жасады. «Өмір сүру – өнер», «әр тағдырдың өз шындығы бар», «ақын – жаратқан иенің жердегі көзі», «жікшіл адам жартыкеш» секілді көптеген ой оралымдарын туғызды. Жазушы шығармаларынан екі кандидаттық, бір докторлық ғылыми атақ қорғалды.
Дүние жүзінің көптеген жазушыларымен байланыста болған. АҚШ-тың Герберт Гувер архив қоры, Ясная Полянадағы Толстой мұрағаттар иесі, шетел баспагерлері, әдебиетшілері Д.Досжанмен әрдайым хат жазысқан. Мінездер картотекасын жасаған, көне қолжазбаларды көз қарашығындай сақтаған. Ол өзекті тақырыптарды тамыршыдай тап басып тауып жазған. Өткен ғасырдың 60-жылдары «Отырар», «Фараби» хикаяттарын жазуы, 70-80 жылдары алаш азаматтарының тәлкек тағдырын шығармаларына арқау етуі, 90-жылдары мінез экологиясын тұңғыш тілге тиек етіп «Таразы», «Алаң», «Дала гладиаторлары» романдар мен эссе кітаптарын жазуы – осы сөзіміздің айғағы.
Д.Досжан «Отырар», «Фараби», «Жібек жолы» шығармалары арқылы «тарихи тақырыптың пионері» атанды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы тұрған архивіне алғаш еніп, сот құжаттары негізінде «Абақты» (1993) романын жазған. Бұл әрине, ерлікпен парапар.
Д.Досжан шығармашылығы ғалымдарымыздың зерттеу нысанына айналғалы қашан! Әдетте жазушы шығармашылығы үш салаға бөліп қарастырылады. Бірінші: ежелгі ғасырлар қойнауынан ер түріктің өткенін іздеген 60-жылдар басындағы тарихи кітаптары. Бұған «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби» шығармалары жатады. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер езгісі зардабынан мінез экологиясына ұшыраған ұрпақтар образдарының галереясы – «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі», «Кісі ақысы». Үшіншісі: ғажайып адамдар ғұмырын көркем тілмен сөйлеткен сериялар тобына «Мұхтар жолы» (1998), «Ақ Орда» атты кітаптары енеді.
Дүкенбай Досжан дүниені өзіндік бояу-белгімен байқаған сөз зергері. Онда баяндаудан гөрі суреттеу басым. Оқиғаға ой ағыны, мистика сарынын арқау етіп, кейіпкерді оның жан-толғанысы, сезім шырғалаңы арқылы суреттеген.
Д.Досжан 1974 жылы «Трудный шаг» кітабы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы жақсы роман» сыйлығын иеленді. 1988 жылы Украинаның «Днепро» баспасының «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы жақсы кітап» сыйлығын алды. Суреткердің есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының 2-томына, Ұлттық энциклопедияның 3-томына, Абай энциклопедиясына енген.
Дүкенбай Досжан мұрағатпен үзбей жұмыс істеген жазушы ретінде де белгілі. Абай, Әуезов, Есенберлин туралы ғұмырнамалық шығармалар жазған кезінде бұрын зерттеушілер назарына түспеген, баспа бетін көрмеген Омбы, Қазан, Ташкент архивтерінің қызықты, ауқымды деректерін тұңғыш пайдаланып, «Абақты», «Дала гладиаторлары» кітаптарын жазды. Жазушы мұрағатында замандастарының қаламгерге арнап жазған ондаған хаттары сақталған.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушы Д.Досжанды 2000 жылы 16 ақпанда, 2001 жылы 18 сәуірде, 2002 жылы 25 ақпанда, одан кейінгі кезеңде әр жыл сайын жеке қабылдап, еліміздің басты проблемалары жайында сөйлескен. Сол кездесулердің әсерімен жазушының «Салтанат сарайы» атты эсселер жинағы жарық көрді.
Д.Досжанның 50 жылдығы тұсында 2 томдық таңдамалы шығармалары 1990 жылы О.Сүлейменовтің алғысөзімен «Жазушы» баспасынан шықса, 60 жылдығына орай «Білім» баспасы 2002 жылы 13 томдық таңдамалы шығармаларын басып шығарды. Он үш томдықтың алғысөзін қазақтың аса дарынды сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Серікқалиев жазды.
Дүкенбай Досжан әдебиетімізге елеулі үлес қосқан қаламгер. Таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні сияқты, жылдар жылжыған сайын ол қалдырған мол әдеби мұраның белгісіз қырлары ашылып, оқырман санасына сәуле түсірмек.
P.S. Өркениет өрлеп, күллі адам баласы бірін-бірі тіпті жақыннан көре білетін бүгінгі дәуірде «басқа шауып, төске өрлеп» келе жатқан сырттың түрлі мәдени экспанциясына қарсы тұру үшін ұлттың иммунитеті күшті болмаса – ол ұлттың сақталуы қиын. Кез келген халық сыртқы әсерге өз мәдениетін қарсы қоя білмесе, өзегі жұлынып, өзгенің діңіне сіңіп кетеді. Атамзаманнан бері өзгермей келе жатқан ел мен елдің, ұлт пен ұлттың қарым-қатынасындағы бұл қатал заңдылықтан ауытқыған елдің, ұлттың ассимиляцияға ұшырамағаны жоқ.
Қазақ әдебиетінің шырқау дамыған бір тұсы – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында әдебиетке келіп, ұлттық көркемсөзіміздің жаңа биікке көтерілуіне зор үлес қосқан санаулы жазушының бірі Дүкенбай Досжан жоғарыда заңдылықты терең түсінген, тіпті соны шығармашылық кредосы қылған қабырғалы қаламгер болатын.
Шығармашылығы жанрлық жағынан да, көркемдік бағыты жөнінен де сан салалы Дүкенбай Досжан – өз алдына үлкен арна ашқан, көркемдік негізіне ұлттық салт-дәстүрді өзек еткен шығармалары арқылы ұлтының болмысын өзгелерге танытуда бүкіл дарын қуатын сарп ете, ерен еңбек еткен жан. Сондықтан оның есімі қазақ әдебиеті тарихында дәйім биіктен көріне беретіні анық.
Д.ДОСЖАН ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАЛДЫБАЕВА Ұ Шымкент университетінің магистранты Мақалада Д.Досжан шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктері қарастырылады. Жазушы шығармалары талданған. Өмірлік материалдардың өздігінен көркем туынды туындамайды. Өмір шындығын қажырлы шығармашылық жұмыстың нәтижесінде ғана көркем суретке айналдыруға болады. «Жазушы үшін творчестводағы ең керекті нәрсе, басты шарт – көзбен көріп, құлақпен есту, қолмен ұстау, факті жетегінде кету емес, материалды эстетикалық тұрғыдан игеру, құбылыстардың жігін ажырату. Жез бен алтынның, тас пен алмастың айырмасын бірден тану» [1, 29 б.]. Тарихи шығарманың көркемдік табиғатын анықтаудағы басты өлшем тарихи шындық пен ойдан шығарудың ара салмағына негізделеді. Шығарманың көркем дәрежесінің биіктігі де осы құбылыстардың арақатынасындағы сәйкестікке, олардың бірбірімен өзара үйлесім табуының нәтижесіне байланысты. «Ойдан шығару шығармада суреттелер шындықтан шалғай жатқан оқыс нәрсе емес, сол шындықты сұрыптау, саралау тәсілі; шындыққа суарылған адам тұлғасын әрі жинақтау, әрі даралау тәсілі» [2, 81 б.]. «Тарихи шығармада жазушының ойдан шығаруы да, белгілі ақиқат шындықты ойдан толықтыруы да, оның кейбір құрамдас мағыналық бөліктерін өзгертіп, өзара орын алмастыру да тарихи жағдай мен тарихи характер шындығына бағындырылады. Егер жазушы тарихи шындыққа, тарихи ақиқат құбылыстарға жеңіл қарап, типтік сипаттағы деректерді дәл танып, ерекше саралауға жеке көңіл бөлмейтін болса, онда ол өмір құбылыстарының арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастардың заңдылығын, диалектикасын терең және жан-жақты ашып көрсету талабының үддесінен шыға алмайды» [3, 203 б.]. «Ойдан шығару – образға апарар жол; суреткердің өмірде көрген-білгенін ойша өңдеудің, қорытудың, жинақтаудың тәсілі» [3, 80 б.]. Олай болса, жазушы шығармасына таңдап алған оқиғаны, кейіпкерлер тағдырын алдымен ой елегінен өткізе, көз алдына ойша елестетіп алады. Творчестолық фантазия, ойдан шығару және көзге елестете білу құпиясының шешімін тапқан қаламгер ғана көркем бейне, яғни образ жасаудың шебері бола алады. «Жібек жолы» романы – тарихи көркем пәлсапалық шығарма. Орыс, украин, неміс, мадияр, монғол, ағылшын тілдеріне аударылып, жеке кітап болып шықты. Кітап желісі бойынша Ардақ Әмірқұлов «Отырардың күйреуі» атты екі бөлімді көркем фильм түсірді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы архивіне алғаш енген Дүкенбай 279 Досжан сот құжаттары желісімен «Абақты» (1992) дерекнама кітабын және 1986 жылғы желтоқсан қырғынының ізімен көркемделген «Алаң» (1993) романын жазды. Зерттеушілер Д.Досжан шығармашылығын үш салаға бөліп жазып жүр. Бірінші: көне ғасыр қойнауынан ер түрік рухын тірілткен 60-шы жылдар басындағы тарихи тақырыптағы – «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби» шығармалары жатады. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер тепкісі зардабынан мінез экологиясына ұшыраған өмірзая ұрпақтар образдарының галереясы – «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі», «Кісі ақысы» кітабынан табылады. Үшінші: ғажайып адамдар ғұмырын көркем тілмен сөйлеткен сериялар тобына «Мұхтар жолы» (1988), «Абайдың рухы» (1994 ж., 2008 ж.), «Алыптың азабы» (1997 ж.) деген кітаптары енді. Дүкенбай Досжан дүниені суретпен, ешкімге ұқсамайтын бояу-белгімен көреді, тірі сөзбен сурет салады. Магиялық реализм тәсіліне жиі жүгінеді, ой ағынымен жазады, кейіпкердің жан әлемін сөйлетуге машық. 21 ғасырдың ғажайып кейіпкерлерін сомдап жүрген бірден-бір қаламгер. Тәуелсіздігіміздің тарихын көркем кестелеген «Ақ Орда» («Елорда» баспасы, 2005 жыл) романын оқырмандар жылы қабылдады. «Астананың бас архитекторы» деген деректі хикаяты (2007 жыл) жарыққа шығып, оқырман жүрегіне жол тартты. 1990 жылы Д.Досжанның 2 томдық таңдамалы шығармалары ақиық ақын Олжас Сүлейменовтың алғысөзімен, мемлекеттік тапсырыспен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. 2002 жылы «Білім» баспасы облыстық кітапханалардың сұранысымен – меценаттар көмегімен – жазушының 13 томдық таңдамалы шығармаларын басып шығарды. Он үш томдықтың алғысөзін көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиев жазған. Қолжазбаны тұтастай қайта редакциялау, қалыптау, түсініктеме, баспалық аппаратын түзуді жазушы Жарылқасын Нұсқабаев іждаһатпен орындап шықты. Жазушының аталмыш шығармалары ағылшын, орыс, жапон, қытай, швед, чех, мадияр, монғол, украин, пұштын тіліндеріне аударылып басылды. «Оқырманы қисапсыз жазушы» деген айдардың Қазақстандық кітаптары қатарында Д.Досжанның «Терезенің жарығы» атты таңдамалы әңгімелер жинағы пайда болды. «Зауал» («Трудный шаг») романы үшін 1974 жылы «Қазіргі заманғы жақсы роман» сыйлығын, «Жібек жолы» («Шелковый путь») романы үшін 1988 жылы «Тарихи тақырыптағы жақсы кітап» сыйлығын иеленді. Дүкенбайдың төлбасы шығармалары – «Отырар», «Фараби» атты тарихи хикаяттар. Университет қабырғасынан шығар-шықпаста жазды, оқырман қауымды «қазақ та қала салған, қаласында дегдар даңғылдар болған екен-ау» дегізіп елең еткізді. Ең әуелі жас жазушының сол дәуірдің қалыбын, бояуын тап басып тани білгені; бағзылардың ренішқуанышын нанымды суреттегені; сөз саптауын, сөйлеу ырғағын, тіршілік базарын айнадан көріп тұрғандай құп елестеткені; кейіпкердің мінез-құбылысын «құйып келтіргені» сүйсінтті. Кейіпкерінің тынысымен тыныстап, жүрек бүлкілін тамыршыдай тап басып танығаны ерекше еді. Дүкенбай Досжан дүниені суретпен, ешкімге ұқсамайтын бояу-белгімен көреді, көркем сөзбен сурет салады. Мистика сарынына жиі жүгінеді, ой ағынымен жазады, кейіпкердің жан әлемін сөйлетуге машық. Жазушы қаламынан туған кейіпкерлер: Қыдырма, Шортанбай, Ошақбай, Асанәлі, Тойболды, Яғымус, Оразалы – осы сөзіміздің дәлелі. Қазақ ұлты тағдырының бейнеленуіндегі тарихилық пен көркемдік қиял тұтастығы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі салтанат құрған жаңа тарихы басталған XX ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасыр басындағы қазақ прозасы романдарынан байқалады. Бұл орайда, көрнекті жазушы Д.Досжановтың романдарын айтуға болады. Жазушының 280 «Алаң» (1993) атты романының тарихилығы шығарма желісінің 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты құжаттық деректерге, нақты прототиптерге сүйене жазылған реалистік сипатымен танылады. Романның он бір тараудан құралған композициясы, сюжеттік бөліктері авторлық эпикалық баяндаулармен, философиялық толғаныстармен, психологиялық талдаулармен, кейіпкерлердің монологтарымен, диалогтарымен, т.б. поэтикалық тәсілдермен өрнектелген. Романдағы он бір тарауда ұлт тағдырындағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тұрмыстық мәселелерді эпикалық шығарманың көркемдік жүйесі, шешімі арқылы жеткізуге тырысқан. Роман тарауларының басты кейіпкерлері – XX ғасырда өмір сүрген, қызметтері Қазақстан тарихына қатысты болған адамдар. Бұлар – көркем шығарма поэтикасы заңдылығы бойынша прототиптер. «Алаң» романындағы прототиптілік негізділігін сақтай отырып, бірақ көркем шығарма талабына орай әдеби тұлға тұғырында бейнеленген тарихи қайраткерлер тұлғаларын көреміз. «Алаң» романында жазушы кейіпкерлерінің сомдалуында олардың оңашадағы ойланулары-толғанулары, кейбіреулердің түс көрулері және т.б. тәсілдерін шығарма композициясында мол қолданған. Романдағы тарихилықтың көркемдік қиял арқылы романтикалық-реалистік сипатпен танылуы – кейіпкерлерінің нағыз ұлтын сүйген шын ұлтшыл-отаншыл көзқарастарын даралай танытатын тұстарында айқындала түседі. Мысалы, «Роман және сынақ алаңы» тарауының кейіпкері Бақытбектің Қазақстан Республикасы Президентінің тобымен бірге Түркияға, Иранға барған ресми сапарынан оралып келе жатқандағы самолет ішіндегі Елбасы екеуі арасындағы әңгімелесуден туындаған мегзеулі ойлар жүйесі шығармадағы идеялық түйінді анықтайды: «... Бақытбек Президенттің нұсқаған жағына көз салған беті, ет, жүрегі дір етіп шімірігіп кетті. Қара қошқыл алып бұлт жолбарысқа ұқсап, бүкіс белін бүгіп көкжиектен бермен нығыз тұтаса жатып алыпты. Күн сәулесін өткізер емес. «Неге ұқсайды?» – деді Президент. «Жолбарысқа келеді екен, қандай қорқынышты». «Иә, сайын сахарада желдей есіп, осынша кең даланы иемденіп өтіп өткен қазекемнің кешегі күні қандай болса, бүгіні де сондай ... жұтып қойғысы келіп аранын ашқан, аңдыздаған жолбарыс көп ... құтылудың жалғыз жолы – біз де жолбарыс бола білуміз қажет!» Нені мегзеді, қалай ұқтырды... Ешкім өз тағдырын таңдамайды. Тағдыр адамның талайына жазылады. Мына мазасыз алмағайып, андыздаған уақытта түлкі болып тағы шекең шылқымайды, тазы болып кімді, қалай шалмақшысың; қасқырға ұқсап саяқ жортып не оңдырады; текті ауыздан шыққан аталы сөз әлгі – қазаққа жолбарыс болмай теңдік жоқ» [4, 112 б]. (30 Досжан Дүкенбай. Алаң. Роман. – Алматы: Қазақстан, 1993. – 272 б.) Романның «Алаң» болып аталуының философиялық-символдық мағыналық астарын жазушы тараулардағы, сюжеттік бөліктердегі толғаныстарымен өріп беріп отырады. Алғашқы «Романға барар жол» тарауында атомның теріс, оң тебуінің күшінен протон мен нейтрондардың газды ортада сұрапыл соқтығысқа ұшырауы жаңалығын ашқан, кейін сол жаңалығының адамзатқа апат әкелуіне қарсы болған «Өркениет, бейбіт қатар өмір сүру және жеке бастың бостандығы туралы ойлар» атты еңбегімен, Кеңес Одағының тоталитарлық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы шыққан академик Андрей Дмитриевич Сахаровтың ой-толғаныстары – жазушының философиялық толғаныстарымен дәйектелген. Романға тақырып болған «Алаң» сөзінің философиялық-психологиялық мағынасы арқылы жазушы осынау өткінші жалған фәни дүниенің сипатын бейнелейді: «Білебілгенге дөңгелек жарық дүние – үлкен алаң. Алаңға шығып пікірін ашық айтуға әркімнің жүрегі дауаламайды. Көп пенде өмір бойы айтамын деп діттегенін айта алмай өтеді. Қолын сермелеген көсемдердің, басы қақшаңдаған жолбасшының соңынан қойша сүмеңдеп ілеседі, қара бастың қамымен мәзденеді, тобыр көбейтеді, өз әлінше, өз 281 білгенінше біреу ілгері, біреу кейін жүріп дүниеден өтеді, өліп-талып алаң шетіне жетеді. Алаң – адам тағдыры. Жарық дүниеге келген екенсің: күнделікті тәубаң бейнетің болсын, жүрегіңнің басынан шүкіршілік кетпесін. Алаңнан жүріп өту бұйырған екен: білеріңді, түйгеніңді жұрт алдына шығып айтып қал, дабыраны көбейтпе, даралануға ұмтылып бақ дер едім. Қайтсем де дараланам, дабыраям деп ізет шекарасынан аттама, өзім білемге семіріп, Тәңірінің көзіне түсіп жүрген жолаушыға таң қалам, алаңнан аман-есен өтуіне тілек қосам» [5, 21 б]. (27 Жұбатырұлы С. Абыржы. Роман. – Қызылорда: Тұмар, 2000. – 448 б.) Роман композициясына тұтастай желі болып тартылған тарихилық пен көркемдік қиялдың егізделе өрілген жолы эпикалық шығарманың соңындағы «Түйін» бөлімінде жинақтала қорытындыланған. Қазіргі қазақ прозасының романдарында тарихилық пен көркемдік қиялдың тұтаса өрілуі – қаламгерлердің классикалық әдебиет үрдістерін шығармашылықпен игеруінің көрсеткіштері. Әлем әдебиеттерінің әдеби тек жанрлары шығармаларындағы көркемдік шындық поэтикасы заңдылықтарын игеру арқылы қазақ әдебиеті де өркениеттегі өзіндік ұлттық бояулы болмысымен танылуда. Қазақтың ұлттық рухани құндылықтары дамуының өркениеттегі жетістіктері арқылы мемлекетіміздің беделі де нығая түсері ақиқат. Тарих – адамзат дамуының жүйелі жолы. Қазақ тарихы – ұлттық қалыптасу, даму кезеңдерінің атабабалардан сақталып жеткен тағылымды саласы. ХV–XVIII ғғ. Қазақ хандығы дәуірінен бастап, қазіргі ХХІ ғасыр басына дейінгі аралықтағы аса елеулі оқиғалар мен көрнекті тұлғалар туралы эпикалық шығармалар жазу үрдісі – осы тәуелсіздік жылдарында кең орын алды. XVIII ғасырдан қазақ-жоңғар соғыстары, Абылай хан, Кенесары хан басқарған ұлттық-мемлекеттік құрылымды сақтау, қалпына келтіру жолындағы оқиғалар қамтылуда ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресей империясы қарауындағы бодандық кезең шындығы да романдар нысанына алынды. Абылай хан мен Кенесары хан және олардың төңірегіндегі батырлардың әдеби көркем бейне тұғырымен бейнеленуінде олардың прототиптік түпкі болмыстары негіз болғаны анық. Бұл орайда, қаламгерлер аталған кезеңдер тұлғаларын бейнелеген халық әдебиеті шығармаларына көбірек сүйенеді. Әсіресе, дәстүрлі ақындық поэзиядағы лирикалық және эпикалық шығармалардың бейнелеу, суреттеу бөліктері дерекнамалық көмекшілік жасайды. ХХ ғасырдың 50-90-жылдары мен ХХІ ғасырдың бас кезіндегі тарихи кезеңдер шындығы да романдардың тақырыптық нысанына алынды. Қазақстанның кеңестік кезеңдегі оқиғалары мен тұлғаларын өмір шындығы бойынша суреттеуге мән берілген туындыларда қаламгерлер тарихи-дерекнамалық сипаттың сақталуын қатаң қадағалайды. Себебі, ұлттың шынайы тарихының әуелгі негізделуі ғасырлар бойы сөз өнері шығармаларында жазылып келді. Қазақ әдебиетінің соңғы онжылдықтарда жазылған прозалық романдарды тарихи шындық пен көркемдік шешім поэтикасы заңдылықтары бойынша саралау мақсатында нысанға алынған туындыларды қарастыру міндеттері айқындалды. Романдардағы өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі, тарихилықтың көркем шығармаларға негіз болуының ерекшеліктері, реалистік сипат пен көркемдік қиял жинақтауларының сабақтастығы басты назарда болды. Қазақ романдарының пайда болуы, қалыптасуы, дамуы – ХХ ғасырдағы әдебиетіміздің әлем өркениетіндегі классикалық үрдіске сәйкес көрнекті көрсеткішіміз. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 1 Досжан Дүкенбай, Жазмыштың формуласы : Хикаяттар / Д. Досжан. - Астана : Фолиант, 2008. - 536 б. 282 2 Досжан Дүкенбай, Жүз әңгіме : Таңдамалы әңгімелер. 2 томдық / Д. Досжан; [ҚР Мәдениет және ақпарат минист.; Ақпарат және мұрағат комитеті "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару" бағдарламасы]. - Алматы : Мереке, 2012 3 Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш: Зерттеулер мен өлеңдер. – Алматы:Атамұра, 2003. – 208 4 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 350 б. 5 Дәдебаев Ж. Қазіргі кезеңдегі қазақ тарихи прозасының дамуындағы М. Әуезов дәстүрі. – Алматы: Қазақ Мемлекеттік университеті, 1981. – 47 б. 6 Атымов М. Қазақ романдарының поэтикасы. – Алматы: Ғылым, 1975. 312 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет