«Қайдан келдік?» деген сұраққа жауап табудың екінші тиімділігі ретінде ұлттық тарихқа жаңаша көзқарас ұсынып, бүгінгі бағыт-бағдарды анықтау, ұлттық рухты көтеруге, бүгінгі күн тұрғысынан қандай бағыттың тиімділігін тануға мүмкіншілік туатынын айтуға болады. Әлихан Бөкейханның идеолог ретіндегі қызметінің бұл қыры қатты тұщындырады. Мысалы, алдымен қарапайым қазақтың өз ішінде айтатын болсақ, өткенге деген биік моральдық көзқарас Алаш көсемінің «Бұрынғыдан қалған жақсы мұра» атты 1889 жылғы мақаласында қазақтың текті дәстүрін сипаттап, бара-бара бұл құндылықтар ұмытылып жатқандығын күйініп жазғанынан, кейін қазақ дәстүріндегі «жылу» туралы айта келіп, бұл кез-келген ауыр жағдайға түскен адамға, ел-жұрт болып, бай немесе кедей деп алаламай, барынша шын-ниетпен жүзеге асатын көмек еді, қазір ол тек абыройы бар адамдарға жасалып жүргендігіне ашынып: «Аталарыңнан қалған жол көмекті солай берсін деді ме, аталарыңның жолы солай ма!?» [5, 272] − деп сынағанынан көре аламыз. Ал халықаралық қатынастарда көрінген ұлттық тарихымыздағы тектілігіміз жайлы Әлихан Бөкейханның «Въ мире мусульманства» газетінде «Заметки читателя (По поводу Устава о воинской повинности)» атты мақаласында Ресей империясындағы жалпы мұсылмандардың жағдайын, олардың құқықтары туралы ешқандай жүйелі заң жобалары жоқтығын, ескерілмегендігін, тіпті мұсылман дінінің діни қызметкерлерінің салықтан, басқа да міндеттемелерден босауы былай тұрсын, әскери қызметтен босатылуы қарастырылмағанын айта келіп, тағылар деп оқытылып жүрген кезіндегі Орда хандарының өздеріне жат діннің құқықтарын аяққа таптамай, тіпті ол діннің діни қызметкерлерін барлық салықтан босатқандығын, сол орыс тарихшылардың өздері келтірген деректер арқылы дәлелдеп, осы арқылы қазақ халқының моральдық, рухани дәрежедегі тектілік деңгейін тарихи мысалдармен көрсетіп береді [5, 361-365]. Оған қоса жоғарыда келтірген Алаш көсемінің «Керек сөз» мақаласындағы Еуропаның төрт корольдігін тексіздікте сынағанынан, «Балқан соғысы» мақаласындағы: «Иттікті Румынияға қылғызып отырып, оның қылғанына үн шығармай, Еуропа патшалықтары: «Біз мәдениетті Еуропамыз!» деп мақтанады» [10, 484] − деп сынағанынан да, оның сыртқы саясатта рухани қағидаттарды алдыңғы қатарға шығарып, биік адамгерішілік ұстаным таныта алғандығын көреміз. Және бұл рухани ұстанымның қазақтың терең тарихында жатқандығын Қазыбек бидің «біз қазақ мал баққан елміз» деген толғауынан, яғни біз ешкімнің жерін баса көктеп шауып кірмегенбіз, ал біздің жерімізге тікелей шауып келген жаудың бетін қайтара алғандығымыз туралы ұстанымдарынан көреміз. Ал одан да тереңге бойлайтын болсақ, бұл ұлттық тектілікті Күлтегін ескерткіштеріндегі Қытай иероглифтерінің жолма-жол аудармасында: «Бұлап талау мен зорлық-зомбылық жойылса, садақ-жебені жасауды доғарып, қаруды қоймаға қойсақ, сен мені алдамасаң, мен сені алдамасам, шекарада, тағы да сұғанақтық болмаса, онда жаман ба?» [11, 216-218] − деген, «бәрі бейбіт, бәрі тату, бәрі қағанды» («Күлтегін») болсын деген ұстанымдардан анық байқаймыз. Бүгінгі күнде Елбасымыздың: «қазақ өзінің әргі-бергі тарихында ешқандай да ұялатын іс жасамаған», –деген тұжырымы да осы ойымызды толықтырып отыр. Осындай текті тарихтың арқасында ғана Алаш көсемі өз мақалаларында өзге елдерді сынай алғандығы ақиқат. Себебі өзі ондай атқа сай болмаса, өзгеге ондай талап қою мүмкін емес қой. Яғни біз текті ұлтпыз, бірақ біздің тектілігіміз өзгелердің бізден төмендігін білдірмейді, керісінше біздің ешкімнен кем емес екендігімізді танытады, осы ұлттық тектілігіміз біздің өзге әлсіз көршілерімізге зұлымдық жасамауымызға себеп болып, біздің жерімізге баса көктеп кіріп келген жауымызға қасық қанымыз қалғанша тойтарыс беруге күш береді. Осыларды қорыта келгенде, біз қазақ бүгінгі күнге тегімізді танып, салт-дәстүрімізді құрметтеп, ата-бабамыз мұрасы – тіліміз бен дінімізді, еліміз бен жерімізді қасық қанымыз қалғанша сыртқы жауларымыздан қорғаудың, мемлекетіміз қаншалықты күшейіп кетсе де тектілігімізді сақтап, рухани қағидаттарымызды ең басты құндылығымыз етіп қастерлей алуымыздың, ізгі, текті, қайсар қасиеттеріміздің арқасында келіп жеттік.