Ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?»



бет2/2
Дата25.06.2023
өлшемі21.93 Kb.
#475359
1   2
Ипбергенова М Ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні

Ұлттық ойындар туралы
Ақсүйек
Ең алдымен, ойнаушылар өзара келісіп, жеңген топ үшін жүлде тағайындайды да, екі топқа бөлінеді. Топ басқарушылар ақсүйекті қайсысының лақтыратынын шешіп алу үшін кезектесіп таяқ ұстайды, таяқтың басына кімнің қолы бұрын шықса, сол ақсүйекті құлашы жеткенше лақтырады. Ақсүйек жерге түскеннен кейін ғана ойыншылар іздеуге шығады. Көмбеде топ басқарушылардан басқа ешкім қалмайды. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, көмбеге қашуға әрекет жасайды да, ал қарсыластары біліп қалса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті алдымен тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топтың адамы бұрын жеткізсе, сол топ ұтқан болады да, жүлдегер атанады. Келесі жолы ақсүйекті екінші топ лақтырады, сөйтіп ойын кезектесіп отырады.
Алтыбақан
«Алтыбақан» - қазақтың ұлттық ойыны. Алтыбақанды сырықтың екі басында үш-үштен қосақтап (мосы ағаш сияқтандырып) байлайды. Бақанның аша тармағы сырыққа кигізіліп тұруға тиіс. Алтыбақанды құрастырып болғаннан кейін, оның екі басынан үш қатар арқан байлайды. Арқанның екеуі бір деңгейде, үшіншісі олардан 40-50 см төмен тұрады. Бір деңгейде байланған екі арқанға екі адам қарама-қарсы отырады да, төменірек байланған арқанға аяқтарын тірейді. Бұларды бір адам тербетеді. Алтыбақанда тербеліп отырған екі адам ән салуға тиіс. Алтыбақанды ертедегі ауыл өмірінде жастардың кешкілікте бас қосып, халық аспаптарының сүйемелдеуімен ән салатын, айтысатын, әзіл-оспақ, назды күлкісімен көпшілік болып көңіл көтеретін ойын-сауығы болған. Алтыбақанның дене шынықтыруға да пайдасы мол. Ол – ауылдық жерде әлі де қызықты ойындардың бірі.
Қыз қуу
Ойын үшін жігіттер мен қыздар іріктеліп, ұшқыр, жүйрік аттарға мініп шығады. Қашықтығы 300, ал ені 30-40 метрлік тегіс, топырағы жұмсақ, ашық алаң таңдалып алынады. Жарыстың басталатын жері – алаңның бір маңдайында қатынасушылар орағытып өту үшін қарақшы қойылады. Бұған көбінесе қызыл жалау қағылады. Жарыс жекелей де өтеді. Егер екі топқа бөлінсе, онда қыздар мен жігіттердің саны тең болуы қажет. Төрешінің бірінші белгісі бойынша қыз жігіттен 10 метрдей алда тұрып, шабысқа дайындалады. Келесі белгіде олардың екеуі де аттарының басын жіберіп, шаба жөнеледі. Жігіт қызды бұрылысқа дейін қуып жетіп, жең ұшына ілінген орамалды ілгері алып қашуы керек. Егер жігіт сол бетімен – қарақшыдан сөреге дейін қуғыншыға жеткізбесе, онда – жеңгені. Ал егер қыз қуып жетсе, жігіттің атын, әйтпесе өзін қамшының астына алады. Мұнда қыз жеңді деп есептелінеді. Жарысқа қатынасушыға бір-бірінің атын тоқтатуға, алаңнан сыртқа шығуға, қарақшыға жетпей сөреге оралуға рұқсат етілмейді.
Күміс ілу
«Күміс ілу» - ептілікті, атқа жақсы отыруды керек ететін ұлттық ойын. Келін түсіру, қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға түйіп, өзінің күміс шолпысын, әйтпесе жүзігін тастайды. Сондықтан да кей жерлерде бұл ойын «жүзік ілу» деп аталады. Қатты шауып келе жатқан шабандоз жігіт ат екпінін бәсеңдетпеспен, әлгі орамалды іліп алып кетуі керек. Сонда ол беташар айтуға ерік алады.
Жасырынбақ
Ойын, әдетте, жазды күндері ай жарығында, шөптесін алаңдарда, ал күндіз қора-қопсысы мол жерде, яғни жасыратын жері бар алаңдарда ойналады. Ойнаушылар көмбеге жиналғаннан кейін, саусақ санау әдісімен кезекшіні, яғни жасырынатын ойыншыларды іздеп тауып көмбеге әкелушіні тағайындайды. Осыдан кейін ойын басқарушы кезекшінің көзін басып тұрып дауыстап елу рет санайды да, қоя береді. Осы кезде ойнаушылар жасырынып үлгерулері керек. Кезекші жасырынған ойыншыларды іздеуге кіріседі. Жасырынған ойыншыларды ол іздей жүріп көмбе маңынан алыстамауы керек. Себебі, кезекші бірінші жасырынған ойыншыны көрген бетте көмбеге ойыншыдан бұрын келіп хабарлайтын болады. Егер кезекшінің көзіне бірінші түскен ойыншы көмбеге кезекшіден бұрын келсе, онда кезекші өзінің қызметін екінші рет қайталайды. Бұл жерде кезекші ұтылмас үшін, бірінші көрген ойыншының атын атап, мәселен, Бекбай деп дауыстап көмбеге қарай жүгіруі керек. Содан кейін асықпай басқаларын іздей бастайды. Тағы бір ескеретін жай: кезекші ойыншыны көрмейінше, атын атап дауыстамайынша, ойыншылардың өз бетінше көмбеге кетулеріне болмайды.
Халық ойынының келелі бір мақсаты – баланы жан-жақты тәрбиелеу болғандықтан, бір ойын түрліше ойналуы мүмкін, сондай-ақ, ойлануға берілген сұрақтың түрліше жауабы болуы мүмкін.
Ойын ережелерінде тәрбиенің үлкен маңызы жатыр. Олар ойынның барысын белгілейді, балалардың тәртібі мен әрекеттерін, олардың қарым-қатынасын бақылайды, жігерінің қалыптасуына ықпал етеді. Мысалы: «Қоғи көк» ойынында қаздар тек кемпірдің: «Олай болса, сендердің біріңді алып қаламын» деген сөзінен ғана тізбегін жазбай кемпірден қаша жөнелуі керек.Ойын ықыластықты, шыдамдылықты, ептілікті, кең жерге тез үйрене білуді, ұжымдық сезімін көрсетуді, дер кезінде бір-біріне көмектесуді («бірі-бәрі үшін» және «бәрі – бірі үшін» - қаздар), жауапкершілікті, батылдықты, тапқырлықты (кемпір) талап етеді. Ойынға қызығуы үшін ойын өмірмен ұштастырыла алынып, оның қажеттілігін бала сезінуі тиіс. Сондай-ақ, ойын тұжырымы әдеттегіден бөлектеу, түсінуге жеңіл, мақсаты айқын болуымен бірге, есептеуі аз, ойлану арқылы тез табылатын болуы қажет. Әрбір ойын ойналып болғаннан кейін, қорытындыланады. Балалардың рухани дүниесін ізгілендіруде, рухани дамытуда дидактикалық ойындарды кеңінен қолдануға болады. Себебі, дидактикалық ойындарды ойнау барысында балалар өздерін еркін сезінеді, өз ойларын қысылып - қымтырылмай жеткізеді. Мұның өзі балалардың жеке тұлғалық қасиеттерінің дамуына, рухани жан-дүниесінің толысып жетілуіне зор ықпал етеді. Демек, сабақта ойындарды тиімді қолдана отырып, балалардың рухани дүниесін ізгілендіру, жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру кажет.Себебі ойындар кезінде балалар өздерін еркін сезініп, ұжымды сыйлауға, өз ой-пікірлерін дәлелдеуге үйренеді.
Ұлттық педагогика негіздерімен балаларды оқыту арқылы оларды өз халқын сыйлауға, туған тілін құрметтеуге үйретеді. Бұл балалардың бір-бірімен қарым-қатынас кезінде өзара кішіпейілдікпен қарауды, әдеп сақтауды, сыпайы сөйлесуді қалыптастырады, нәтижесінде балалардың тіл мәдениеті жетіледі.
Ойын баланың денесін, тұлғасын жетілдіріп, дамытып, қоймайды. Сонымен бірге ақыл-ойын, ұлттық рухын, сана-сезімін, намысында қалыптастыратын тәрбие құралы.

Ипбергенова Маржан Мықтыбековна


«Анажан ана» балабақшасы қазақ тілі пәні мұғалімі
Түркістан облысы. Сауран ауданы. Ескі Иқан ауылы



Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет