М. Аллаберген тарих тудырған тұлғалар


Табиғи талант иесі (Қошке Кемеңгеров)



бет5/11
Дата25.02.2016
өлшемі1.1 Mb.
#20420
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

1.9 Табиғи талант иесі (Қошке Кемеңгеров)

Қошке Кемеңгероа – ірі көсемші.Оның қай очерк,мақаласын алсаңыз да үлкен толғаныстан туған ірі мәселелердің басын ашуға болады. Қазақ елінің әлеуметтік – саяси жағдайын баян етуде Қошке публицистикасы өте маңызды рөл атқарады. Халықтың әлеуметтік тұрмысымен саяси ахуалын қаламына арқау ету арқылы елдің өсіп - өнуінің алғы шарттарына тоқталады.

Қошкенің негізгі көтерген тақырыптары мыналар :

1) ауыл қазақтарының тұрмысы;

2) болыстар, олардың қандай болу керектігі;

3) тілшілердің міндеттері;

4) тіл, мектеп мәселесі;

5) әйел теңдігі.

Көсемсөзшінің ауыл тұрмысынан жазғаны «Жол әсері» очеркі. Онда автор Берлин университетінен келген профессор, дәрігер Макс Кучинскиймен бірге Семей уезін аралаған сапарынан көрген, түйгендерін жазады. Бұл жайында ғалым Ысқақ Дүйсембаевтың «Мұхтар Әуезов» кітабында мынандай жолдар бар : «Шамасы 20 жылдардың басында болуы керек, неміс ғалымы (медик) Макс Кучинский бастаған шағын топ жазды күні Мұқаңдардың ауылына келеді. Неміс оқымыстысының бір орыс (неміс тілін білетін), бір қазақ (орыс тілін білетін) екі тілмашы бар екен. Сол жылдары дәрігерлік жоғары мектепте оқып жүрген Қошке Кемеңгеров қазақ ауылына келген соң еркін серуендеп біраз серпілмек болады да, Мұқаңның өз орнына тілмаштық етуін өтініп, ол кісі ойламаған жерден Кучинскийдің қарамағында қызмет етеді. Ал Макс Кучинский ең алдымен даланың білімді адамымен сөйлескісі келген тілегін білдіргенде, оны Мұқаң Шәкәріммен таныстырады. Неміс ғалымына ол зор қызмет көрсетеді».

«Ескерте кететін бір жайт, Қошке тілмаш қана емес, профессормен бірге дәрігерлік көмегін аямаған. Ы. Дүйсембаевтің «Жоғарғы дәрігерлік дегені Қошке ол кезде Омбының медицина институтында оқып жүрген. «Жол әсерінде» жазғанына қарасақ, Қошкенің қазақ ауылына келген соң еркін серуендеп, көп «серпілуге» мұршасы болмаған секілді».

Қошке Кемеңгеров Кучинскиймен бірге (Автор-очеркте оны Кушинский дейді) Семей уезіне қарайтын Бұғылы, Шыңғыс, Меңдеш болыстарын, Қарқаралы уезіне қарайтын Ағанды, Абыралы, Кент, Ақсары, Дастар, Ақбота болыстарын аралайды. Профессор Кучинскийдің бұл сапарға шығу мақсаты қазақ арасындағы ауру түрлерін, қандай аурудың көп тарауын, тазалық шарттарын тексеру еді. Профессор қазақ елінің жалпы тұрмысына ойдағыдай баға береді. Ол Қошке тілімен айтқанда былай : «Германияда ең маңызды жағрапия Зейдл дегендікі.Сонда қазақ туралы екі-ақ жол бар : «Қазақ көшпелі, мекені – киіз үй, баққаны – мал», - деген. Енді байқап қарасам, қазақ туралы екі жол емес әлденеше том жазуға болады екен. Көшпелі тұрмысқа қолайланған. Мәдениеттен құр алақан емес. Әсіресе үй ішіне арналған ою кестелері өте шеберлікті көрсетеді. Мал баққан ел әнші келеді деген пікірді қазақ елі айқын дәлелдейді. Қазақтың кейбір әндері Венгриядағы мадиярлардың әніне ұқсас. Қазақ ол жағынан бір атадан өрбіген емес. Өйткені кейбір қазақтар өңдес Германияда, Италияда, Жапонияда, Орталық Америкада кездеседі. Әсіресе соңғы айтылған ауданда қазақ өңдес көп. Бұл антропологияның (адам өңін тексеретін пән) тереңнен тексеретін зор мәселенің бірі болуы керек».

Біздің сөз еткеніміз – очерктің кіріспесі ғана. «Жол әсері» тоғыз бөлімнен тұрады. «Тазалық» бөлімінде қазақтар тазалықты аса қатты ұстамайды, егер күннің, құмның, судың, таза ауаның қадірін біліп пайдаланса, тазалыққа көшсе, қазақтан сау халық болмас еді дегенді айтады. «Бұны орындау үшін үкімет заңы да, қаражат та керек емес. Тек ұғындырып, үлгі болу керек».

«Жалпы жайда» ауылдарды аралай жүріп, төрт түлік ел көргендігін тілге тиек етеді. Олар : 1. бейнетпен біте қайнасқан, тұрмысы қараңғы дағдарыста тұрған жатақ; 2. тұнық сулы, қалың нуда хал кешіп, мал семірткен төрт түлікке ие қалың болыс тобықтының көпшілігі қала маданиатынан хабарлар; 3. Тағанды болысындағы Абақ кіреді. Қазақтың қаймағы бұзылмаған ескі тұрмысы кіреді. Төңкеріс лебі кірмеген көрінеді; 4. Қарқаралыға қараған біз көрген қазақтар тобықты мен керейдің аралығында шаруа, білім, үй тұрмысы жағынан бұрынғы ел жуандарының аттан түскен де, түспеген де жері бар. Бір қаулай кеткен жуандық жоқ». Ауыл адамдары келгендерің ауру қараймыз, тегін дәрі береміз дегендеріне «Неғылған батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық» қазақ қазақ болғалы тегін емдейтін бұларды көрдік», - деп сенбейді. Бірақ олар ауру қаратудан тартынбайды. Көрсетуге ұялады деген әйелдердің өзі келіп қаралады. Бұл «Денсаулық жайы» бөлімінде айтылады. Қазақ арасында аурулардың қалай пайда болып, қалай таратылатындығы жөнінде деректер келтіреді : «Екінің бірі қотыр саялы. Мұның себебі таза тұрмағандықтан. Құрт аурулары да төсек, ас – аяқтың бір болғандығынан. Қақырықтың төсенішке сіңіп, шаңға айналып таралатындығынан». Соңында ауруды көп болдырмаудың жолдары айтылады. Олар : 1) Қазаққа монша салдыру; 2) Кез-келген жерде қақырып-түкіре бермеу; 3) етті күндіз жеуді әдетке айналдыру; 4) сүртінетін орамалды ортақ етпеу, қонақ келетін орындарға шанышқы алдыру; 5) қонаққа салған төсекті қонақ кетісімен далаға тастап желпілдіріп, күн көзіне жайып алу; 6) қазақ дәрігерлерін жинап, олардың ақысын молайту.

Автор «Кооператип жайы» бөліміне бес-ақ жол жазған. Мұнда аталғаны : «Ел арасына кооператип түгел тараған. Елдің кооператипке көзқарасы жақсы. Бірақ кейбір кедейлердің мүшелік жарна таба алмай, кіре алмай отырғандары көп. Бұларды кірістіріп, қарызын істеу керек. Елдегі шолақ саудагерлердің тамыры қиылып тұр».

Қошке Кемеңгеров бұдан кейінгі бөлімдерін – «Оқу жайында» ауыл балаларын оқыту, бұл тұрғысында Медеу деген қазақтың 12 бөлмелі мектеп салғызып жатқандығы, «Шаруа жайында» егіншілік, мал шаруашылықтары, «Салық жайында» қой малының қазаққа тиімділігі, «Отырықшылық жайында» жер дауы туралы, «Өткен тұрмыстың белгілерінде» өзі аралаған өңірдің тарихи орындары жөнінде әңгіме қозғайды.

Автор жол әсерін былайша қорытындылайды : «Қазақ көзімен көрмесе, ұстамаса да, өзінше біледі деген бір адам шаруа жүзінде басшылық етпесе, қанын ағызып, майын тамызған сөзіне көз алдыңда ұққансып шығара беріп ұмытады. Қазақ тұрмысқа қолайлануды біледі. Бұл қымбат қасиет. Мұны ел бастаған азаматтар пайдалана білу керек».

«Қазақ тіліне өтініш» деген мақаласында көсемсөзші «Жол әсерінің» соңғы абзацына байланысты түсінік береді. Абзацта мынау айтылған еді : «Басқармадан : бәрі жақсы-ау, бұл жерде профессор «төре» Берлин деген қаласынан (Германия қаласы) ел аралауға іздеп шығып, еріксіз ат мініп, атына ақша төлемей қазақты қорқытып ептеп қол ісін істеп жіберді деген хабар келіп қалды. Господин профессор бұл қалай?»

«Профессор орысша білмегендіктен, арамызда бір латыш тілмашымыз болған. Бұл найза, қамшы үйіруге үйреніп қалағн нағыз алаяқ болып шықты. Мен немісше білмегендігімнен профессорды меңгеріп кете алмадым, бірақ ылау ретінде мен наразылық көрсетіп, латышқа қарсы болдым,» - деп ақтала сөйлеп алады да шын оқиғаның қалай болғандығын баяндайды. Ол жоғарыда айтып өткен профессордың мінген атының ақшасын қалай төлемей кеткендігі туралы еді. Қошке Семейге барған соң екі жолдасымен оттаса алмайтынына көзі жетіп, Омбыға қайтып кетеді. Ал профессор мен тілмаш Зайсан жағына жол тартады. Қаламгер осы жайлы оқырманға дұрыс түсіндірлуін сұрайды : «Басқарманың мысқылына мен қоса арасында бос алынып отырмын оқушы мені бар деп ұғынатын көрінеді. Басқарма мысқылын құлақ мұрнын кесіп қысқа алмай, уақиғаны түгел жазу керек еді. «Қазақ тілінен» үғымсыз жазылған мысқылды шешуін өтінемін». 1924 жылдың 22 қазанында «Ақ жол» газетінің басқармасы саяси бағыттағы сұраулармен анкета жариялайды. Соларға жауап ретінде 9 желтоқсанда «Сұрауларымыз, жауаптар» деген Қ.Кемеңгеров жазбалары жарық көреді. Анкета сұрақтары төмендегідей болатын.

1. Өздік қызметкерлермен бастап ауылдың кеңес адамдарына шейін Кеңес мекемелеріндегі адамдар үкіметті еңбекшіге жақындату үшін, еңбекшілер қожалығын орнату үшін қандай шарттар керек? Кілең жалшы мен жұмысшыдан сайлау керек пе, жоқ орта шаруадан сайлаған жөн бе?

2. Орта шаруа деп қандай малы, қанша десятина егіні бар, қанша малай жалдаушыны айту керек? Қай елде қандай шек қоюға болады.

3. Кеңес қызметкерлерінің қызмет атқара алуы үшін адамшылығы, білімі қандай болуға тиіс?

4. Жергілікті елдің өзінен сайланғаны дұрыс па, басқа уез басқа болыстан сайлау дұрыс па?

5. Болыстық исплокомдардың мүшесі әр жерде әр ауылнайда болғандықтан, көбінесе басы қосылмай қызметті жалғыз исполком төрағасы атқарып жүреді. Жұмысты Кеңес арқылы жүргізу үшін қандай лаж бар?

6. Ел ішіндегі қызметкерлердің Кеңседе отырып жұмыс істейтіні бар. Көбінесе ат үстінде ел қыдырып жүреді. Оларды кеңес жұмысына қалай үйретуге болады?

7. Кей елдерде бір жерде Кеңес болмағандықтан көшіп жүреді. Кеңсенің көшпелі болғаны лайық па? Бір жерге орнату керек пе? Көшпелі болсақ қандай негіз, жол тұтыну керек. Бір жерде қанша уақыт болады? Қандай ауылда орнайды?

Анкетада ұзын саны 16 сұрақ бар. Біз оның бәрін тізіп шығуды жөн санамадық. Онан да жауаптарға аса назар аударған дұрыс шығар деп ойладық. Қошке ара-арасында бірнеше сұрауларға қатар жауап беріп отырады.

1,2-сұрауларға жауап : «Үкіметті еңбекшіге жақындату үшін, еңбекшінің қышыған жерін таба білу, мұңын жоқтай білу, шаруасын күйлендіру керек... Елге қатысы бар әкімді кілең малшыдан, жұмысшыдан сайлау әзірге жүзеге аспайды... іске қатыстыру үшін алдымен хат танытып, саяси тәрбие беру керек»... Кулактығы айдай айқын көрінбесе, бір малшы ұстағанды орта шаруаларға кіргізу керек. Жұмысшы саны екеу болса, оны кулактардың қауымына кіргізу керек.

3-сұрауға жауап : «Алдымен адамшылық керек... Рас, білімі міндетті түрде жұмысты атқарарлық болу керек... кемі екі ай оқытып, үйретіп, саяси тәрбиелеу керек».

4-8 сұрауларға жауап : «Болыстық уездік, райондық қызметкерлер ауысып отыру пайдалы ма? – делінген. «Болыстық исполкомдарға басқа уездерден сайланған дұрыс. Бірақ адамшылығы, тазалығы, сенімділігі айқындалағн қызметкерлерді басқа ауданда аудармалап салыстырудың керегі жоқ. Елдің ой шұқырымен, мінезімен, шаруасымен танысқан таза азамат бір жерде ұзақ тұрса, пайданы артық келтіреді».

5, 6, 7-сұрауларға жауап : «Мұның зияны көп, бұдан құтылу үшін Кеңсені ел ортасына орналастыру керек... Кеңсе ел ортасына орналасса, бірден исполком мүшелерін іске мойындатуға болады. Екінші, Кеңсенің көшпелі болуы тоқталады. Елдің шығыны азаяды. Кеңсенің көшпелі болуы – елдің соры».

Қошкенің сауалдарға жауабынан оның терең ойлы, аса шыншыл азамат екендігін танимыз. Қай сұраққа болса да, тіке, тайсақтамай әрі нақты жауап беруі қаламгердің саяси ой-өрісінің биіктігін, білімділігінің дариялылығын көрсетеді. Бұған жоғарыдағыларға қоса тағы бір мысал келтірейік :

16 сұраққа жауап : Ел ішіндегі қызметкерлер ақыны қалай, қайдан алады? Қашан қолына тез тиеді? «Ел ішінде болыстық, ауылдық исполкомдарға сайланғандардың көбі ескі әдетпен баюды ойлайды... Осы ретпен сорлы момынды соратындар бар... Алдымен қызметкерлер ақысы үшін артық шығын салмайтын қылу керек... үкіметтен алатыны бірден жеткіліксіз, екінші мезгілімен қолына тимейді. Ал отыруға болмайды, осыдан барып тап-таза қызметкерлер пара алып, бұзылып кетеді». Мұндайды болдырмау үшін, «үкімет ақыны мезгілімен тиіп тұратын қылу керек» Ол жеткілікті болмаса, «үстеу қосып ел үстінен жинау керек» Қошкенің пікірі бағалы. Олай дейтініміз – оның жауаптағы сөздері әлі күнге дейін маңызын жоймай келеді. Айлық аздығы, пара алудың көптігі - өзіміз өмір сүріп жатқан заманымыздың да өзекті мәселесі. Оның себеп-салдарны Кемеңгеров осыдан 74 жыл бұрын дәл айтып өткен.

1925 жылы сәуір айында болған «Ақ жол» тілшілерінің бірінші конференциясында әр уезден келген тілшілер сөз сөйлейді. Олардың сөздері сол жылы 27 беттік кітапша болып шығады. Солардың ішінде Кемеңгеровтың «Тілшілердің міндеті һәм мәнісі туралы» баяндамасы да бар. Баяндамада тілшілердің не жазуы керектігі, қандай мәселелерді талқылау, талдау қажеттігі тілге тиек етіледі. Ол кезде жазылмай, қамтылмай жүрген тақырыптар көп болатын. Өйткені тілшілер «хабарға сараң, көзі көріп, қолы ұстаса да, көбінесе қорқып қорғалап жаза алмайды».

Қазақтың болашағына қатты керекті мәселенің бірі – жерге орналасу жұмысы. Жерге орналасуға елдің ынтасы қандай, жерге орналасқан болса, одан шыққан пайда қандай, жерге орналаспағандардың алған үлгісі қандай? Оны үзбей жазып тұру – тағы тілші міндеті. Су – тіршілік көзі. Ол елге жете ме, жетпесе, оның себебі неде? Оны халық дұрыс пайдалана ма? Әйел мәселесі қалай болып жатыр? Қалың мал, құда түсу істері бұрынғы деңгейінен төмендеді ме, төмендемесе неліктен? Бұлар тілші қаламынан түспеу керек. Денсаулық мәселесі, мал ауруы – бұл екеуі де өте күшті, керегі күшті мәселелер... Бақсы-балгерлер бағасы ел көзінде бұрынғысынан қалай? Елдің дәрігерлік іліміне көзқарасы қалай? Бұлардың жазылып тұруы да тілшілер міндеті. Баяндамашы В. И. Ленин сөзімен мысал келтіреді : «Ел хаты барометр, әрі саясаттың қата жерлерін көрсетеді», - дейді. Тілші хаты үкімет заңының елге жайлы, жайсыздығын білдіреді. Тілші жақсы болса, саясатқа да пайдасы тиеді. Осылардың бәріне де керекті үлкен міндет : тілшінің шыншыл болуы, көзбен көріп, ақтығына жете жазуы. Сондай-ақ, Қошкенің ойынша, нағыз тілші елді жан-тәнімен сүйген кісі болуы керек. Елді сүймесе, өз ісіне қатынасы жоқ қиянаттардан тартқыншақ болады.

Тілшінің нені жазу керектігі жөнінде жан-жақты айтып алып, баяндамашы қалай жазу керек? деген сұрақ төңірегінде де біраз жайларды еске салады : «Ұғымды тілмен құрғақ әңгіме қосылмай, әлінен келгенше қайталамай, бөтен тіл қатыстырмай жазу керек». Қошке баяндама соңында тақырып таңдай білудің де өнер екендігін ескертеді.

Айта кеткен жөн, конференция аяғында «Ақ жол» басқармасның хатшысы Хасанғали «Басқарма мен тілшілер ортасында болған қатынас туралы» баяндамасында осы жиналыстан шығатын қорытынды ретінде он екі парызды атап өтеді :

1) жұрт қызметіне араласа жүру керек;

2) қырағы болу керек;

3) материалды мерзімінде жіберу керек;

4) басқармамен байланысың мықты болу керек;

5) әр нәрсені жазып алып (мынау газетке жарарлық әңгімелер деп түртіп);

6) әр мәселелерді бөлек жаз;

7) сөзді кестелі қылып қысқа жаз;

8) хабар жазудың техникасын үйрен;

9) дұрыс жазуға үйрен;

10) газеттің әсерін байқа;

11) шын газетшіл бол. Жұртшылық қызметі деп сана;

12) газеттің тілшісі бол (газеттің мезгілімен тарауына, қолына тиюіне).

Осыдан кейін конференцияның жабылуына «Ақ жолдың» шығарушысы Иса Тоқтыбаев, тілшілер атынан Жантеліұлы сөйлейді. Конференцияны призидиум атынан Байғасқаұлы қорытындымен жабады.

Қ. Кемеңгеровтың «Қызмет адамдарының қонақасы» атты мақаласына «айтыс ретінде» деп сілтеме берген. Өйткені, онда айтылғандар төңірегінде дау-дамай көп болды. «Қонақасы – алты алаштың бөлінбеген еншісі» деген мәтел бар. Бірақ ол – баяғының сөзі. Қора-қора қой, үйір-үйір жылқы баққан қазақтың өткен ғасырдағы мұндай мақала айтуы орынды еді. Ал Қошкенің кезеңі – қиын кезең. Тіптен кей жерлерден аштықтың да басы көрініп қалатын. Біреуге қонақасы бермек түгілі шаруаның өз жағдайы жанашырлық. Соны қызмет адамдары түсінбеді. Жүрген жерінде қорқытып болса да, жеп қалғысы келеді. Қанша жоқшылық үстінде отырса да, қонаққа сый көрсетіп қалған адамдары намысқа тырысады. «Әсіресе, - дейді мақала авторы, - аудан сотының ел арасына шыққаны, болыстық атқару комитетіндегілердің ел аралауы, салық инспекторларының, хатшыларының жүруі қойға топалаңнан кем тимейді. Аудан сотының орныққан жері кішігірім тойдан кем болмайды. Бұл қалпымен жүре берсе, бірер жылда тұқымдық қой да қалмас. Қой тұқымы үзіліп, жалпы шаруаға зиян келеді».

20-30 жылдарғы аштықтың бір себебі жоғарыда айтылғандардан шықты-ау деген ойға қаласың. Автор тағы бір жерде : «Осы күнгі қонақасы – үлкен апат дейді. Ойымыздың дәлелі бұл ғана емес», ...22 жылы партияда жоқ кедейлердің жиналыстарында кедейлер аштан қатқан. Жалғыз-ақ істі басқарып жүрген инструктор сыйлы болған. Ал енді мамандар бас қосқан жиналыстарында қой сою ас бергеннен кем емес. Қызмет басындағылар қыңқ етпеген сол жылдары шаруалар аштыққа ұшырап жатыр еді. Қ. Кемеңгеров мақаласының ел арасына зиян келтіретін жөнсіз салт-дәстүрлерден қашу керек дегенге тірейді.

20 жылдары мектеп құру, оны қалыптастырып дамыту істері әсіресе ауылдық жерлерде оңайға соққан жоқ. Бұл жерде біз бұрын мектеп болған жоқ деген пікірден мүлдем аулақпыз. Сөзіміз оның ішкі проблемаларына үңілу арқылы шығып отыр. Ал проблемаларды Қ. Кемеңгеровтың «Мектеп қай тілде болу керек» атты мақаласынан көріп танимыз. Мектептегі оқушыларды қай тілде оқыту мәселесін сөз еткенде автор : «Кейбір жолдастар орта мектеп орыс тілінде болсын дейді. Ондағы дәлелдері : 1) қазақ тілінде орта мектепті бітіргендер орыс тіліндегі жоғары мектепке түсе алмайды; 2) жергілікті қазақша оқытушы жоқ; 3) орта мектепте жеткілікті қазақша кітап жоқ дейді»... Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды... Орта мектеп орыс тілінде жүрсе, қазақ тілінде кітап басудың қажеті болмай қалады деген пікір айтып, білім ұяларының тек қазақ тілінде болу қажеттігін тайға таңба басқандай нақты дәлелдермен айтып береді.

Қошке публицистикасын тек біз тоқталған очерк, мақалаларымен ғана бағалау жеткіліксіз. Оның көркем шығармаларында да публицистика элементтері кездеседі.

«Алтын сақина» тұңғыш рет 1923 жылы Орынборда Қазақстан мемлекеттік баспасында шыққан. Жиырмасыншы жылдардың басында көркем үйірмелерде қойылған. Күләш Байсейітованың қолжазба дәптерінде осы пьесаны ел арасында қойғанда, жұртшылықтың жақсы қарсы алғанын атап өтеді.

Сол кезеңнің көрнекті қайраткерлерінің бірі Смағұл Садуақасов та аталған шығармаға орынды баға берген. Ол «Алғашқы тәжірибелер» атты мақаласында («Еңбекші қазақ», 1926 жыл 29 қаңтар) «Театрда ойнауға жарайтын пьеса бар ма?» деген сұрақ қойып, оған өзі жауап береді. Яғни, ол жарайтын пьесаларға мыналарды жатқызады : «Еңлік-Кебек», «Алтын сақина», «Бәйбіше-тоқал», «Сылаң қыз», «Қызыл сұңқар», «Алтын сақина» пьесасы төрт пердеден тұрады. Тақырыбы - әйел теңдігі. Жалпы мазмұны былай : бас кейіпкер Халима бай жерге өз еркімен келін болып түседі. Бірақ оның бақыты ұзаққа бармайды. Енесі Жәнияның азғыруымен сүйіп қосылған күйеуі Сағынтайдан күнде таяқ жейді. Сол таяққа шыдамай ақырыда қайтыс болады.

Бұл сол заманның барлық әйелдеріне ортақ. Қанша қорлық көріп, қанша соған шыдап бақса да, сол кезеңнің түйсігі тар, барлық мәселені тек қора-қора қой, үйір-үйір жылқымен ғана шешетін бай шонжарлары оларды түсінбеді. Қайта кемсіткен үстіне кемсітіп, қолбайлау үстіне қол байлау жасап, сүйгеніне қоспай, ұрып-соғып, ақыры осындай қайғылы оқиғаларға әкеп тіреп отырды.

Сол ащы шындықты, әйел зарын көркем тілде сөйлете білген Қошке Кемеңгеровтің шығармасында публицистік элементтер де кездеседі. Автордың проблема көтеруіннің өзін публицистикаға жатқызуға болады. Бұл тақырыпта ол кезде тек Қошке ғана қалам тербеген жоқ. Солай бола тұрса да, оның басқалардан ойы бөлек.

Қошке Кемеңгеров, қай шығармасында болмасын, өз заманының өзекті мәселелерін тілге тиек еткен. «Парашылдар» атты бір перделі комедиясында («Жаңа мектеп» журналы, 1926 ж.) да осы бағытты ұстанады. Ондағы Қоңырбай мен Момынбайдың жағдайы күлкілі де, аянышты. Күлкі дейтініміз, екеуі де хат танымайды, Крестьянский начальниктің алдына кіруден қатты қорқады, соған қарамастан, ел арызын арқалап келіп отыр. Аянышты дейтініміз, өздері кедей адамдар. Крестьянский начальникке береміз деп халықтан жинап әкелгендерін начальниктің маңайында жүрген қуларға алдырып, елі аманаттаған істі бітіре алмай масқара болады. Аталмыш пьесасында автор сауаты кем, әрі аңқау ауыл адамдарына бір жағынан мысқылдай қараса, бір жағынан жаны ашып, осындай қазақта болмаса екен деп тілейтіндей.

Қошке өз заманының негізгі жарасы - әйел теңсіздігіне аз тоқталмаған. Бұл тақырып оның әңгімелерінен де көрініс табады. «Дүрия», «Ерлік жүректе», «Қазақ әйелдері», «Назиқа» секілді туындыларын жатқызуға болады.

«Ерлік жүректе» атты мақаласы 1924 жылы «Сана» журналында жарияланды. Қошкенің өлең жазуда Абайға еліктейтіндігін жоғарыда айттық. Сол еліктеу аталмыш әңгімеден де байқалады. Абай өлеңі мен Қошке шығармасының мазмұндас келуі – осының айғағы.

Автор көркем шығарманың суреттеу, бейнелеу әдістерін де қолданады. Ауытқу, артық сөз айту жоқ. Сөздер бірін-бірі іздеп тапқандай. Шебер құйылған мүсінді көз алдыңызға елестетіңізші... Немесе пейзажды алып қараңыз. Солар Қошке қаламында әңгіме боп өрілгенде, мыналардың куәсі боласыз : «Арқаның ерке желі жорғалай жылжып, өрден ылдиға құлағанда, торғындай толқыған салалы көк шалғын бұрмаланып, жаңа түскен келіншек құсап тәжім еткендей. Марқа құлын жасырынғандай көкорай дариясында белуардан сүңгіп шағаладай шаңқан үйлер арқасын күнге беріп, мүлгіп тұрды. Ақ меруерт көбіктен қанат жайып, арқаның кербез сұлуындай бұраңдап, күн сәулесіне күлімдеп қанат қаққан бұлақтың мөлдір суы ауылды қуалай белдеулеп жатты».

Әңгіменің арасында өлеңдетіп те жіберетін тұстары бар. Бұл өзіміз бұрыннан білетін «Қамар сұлу», «Қалың мал» романдарына тән.

Зайраның сүймей, еріксіз қосылған күйеуі өлгелі бір жыл өтті. Жылын берісімен, төрт күннен кейін Зайраның қайын атасы Қарабай құдасы Шалқарға (Зайраның әкесі) «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деп келінін қырыққа келген баласына қатын үстіне қалдыртпақшы болады. Шалқар Қарабайдан отыз аттың алдынан келген бәйгесін алғаннан кейін бұған оңай келіседі. Бірақ, Зайра көнбейді. Оқиға шиеленісі осыдан басталады. Қарабай оны қаматып тастайды.

«Алтын сақина» пьесасындағы Халиманың басындағы хал де осындай аянышты еді ғой. Екеуінің осы азапты жағдайға келуі екі түрлі болса да, көріп отырған қорлықтары бірдей. Екеуі де заманындағы әйелді тек сабап көндіруге болады деген кері түсініктің құрбандары.

Зайраға өзінің немере қайын сіңлісі Қарашаштың жаны ашиды. Ауылда зарлы әйелдің мұңын түсінетін сол ғана. Басқаларға Зайраның басындағы жайт бұрыннан үйреншікті көрініс. Кімнің әйелі таяқ жемей жатыр? Бұл құқайға қазақ әйелдерінің еті үйренгелі қашан? Көндім, болдым деп бұға салады. Ал Қошкенің кейіпкерлері сияқты қорлыққа қарсы тұра алатын қайратты әйелдер өте аз болды. Қаршаштай қыздар да көп емес еді. «Жұрт ұйықтады дегенде, Қарашаш жастықтан басын көтерді. Тастай қатып, демін алмай аузын ашып пысылдағандырдың, қорылдағандырдың есебін алып, иығына қаптал шапанды желбегей тастады. Қолына құрт-май, кездік түйілген орамалды ұстап, кебісін алып, қыз оятқан баладай аяғын ептеп басып, тәсілі алынған есікті ашып тысқа шықты». Қарашаш сол түні жеңгесін қамаудан құтқарып алады. Зайра қайын сіңлісіне шын жүректен рахметін айтады. Екеуі бір-бірімен қимай қоштасады. Зайра төркініне қарай жаяу жол тартады.

Зайраның қашып кеткенін біле салысымен, Қарабай оның артынан қуғыншы жібереді. «Тасқа тиіп тарсылдаған тұяқ даусынан Зайра шошынып оянды, қуғыншы екенін сезді. Тап үстінен шыққандай көріп, көрмегенмен де де қуғыншылардың төркініне баратынына көзі жетіп, таудай үміті шөгіп, жартастың басына томағасын сыпырған бүркіттей шыға келді». Әңгіме Зайраның сол жартас басынан төменде ағып жатқан өзенге секіруімен аяқталады.

Жазушының басты мақсаты – шығарманы жазу ғана емес, сол арқылы ел жағдайын, қоғам тіршілігін, оған деген өз көзқарасын көрсету осы сөзімізге Қошкенің әңгімелерінен көп дәлел табуға болады. Оның «Дүрия» әңгімесі мазмұны жағынан әйел тақырыбына арналған басқа туындылардан өзгерек. Далабай ақсақалдың күнге, желге тигізбей, құдай қосқан құдама ұзатам деп отырған жалғыз қызы Дүрия өзінің көршісі, бір ғана аттан басқа түгі жоқ кедей жігіт Мұратқа қашып кетеді. «қызымды біреу азғырып алып кетті» деген даумен Далабай ауылдарына бүгін келген төреге жүгінеді. Төренің аты – Ес. Ол Дүрияны өзі жеке шақырып алып әңгімелеседі. Мәселенің анық-қанығына жеткен соң, Төре әділ шешімін айтып, қызға бостандық береді. Пара беріп, өз дегендеріне көндірмекші болғандардың арам ойын тас-талқан етеді. Төреден қаймыққан Далабай қызының жолына тосқауыл бола алмайды. Ес бағытынан таңбаған Дүрияға ризашылығын білдіреді. Қуанышы көлдей болып, қош айтысып Дүрия жөнелді. Далабай жағының мойны қайырылып, байын жоқтаған қатындай Николайды жоқтасып, Еске қарғысты мол беріп қала берді. Әйел басына әділет орнады. Автор төренің атын Ес деп бекер қоймаған. Бұның өзі біздің «ес», «ақыл» деген сөзден шығуы мүмкін деген тұспал бар.

«Қазақ әйелдері» әңгімесіндегі Қарашаш бейнесі Дүрияға мүлдем қарама-қайшы. Дүрия өз бақыты үшін күресіп, жеңіп шықса, Қарашаш ол жағынан өте дәрменсіз. Ата-анасының айтқанынан аса алмай, бір жағынан солардікі дұрыс шығар деп, тек солар жақсы болса екен деп, өзі сүймеген біреуге әйел болады. Бірақ артынан өкінішке ұрынады. Қайғы жейді. «Неге қарадым арыма» деумен Қарашаш қараңғы көрге кіреді.

Дүрияға тек Назиқа ұқсайды. Ол да өз теңіне қосылып, сол заманда әйел басына орнаған әділетсіздіктің бір табына балта шабады.

Қошке Кемеңгеровтің әңгімелеріне өзек етілген негізгі бағыттардың бірі – жетімдер мәселесі. Бұл сарында жазушының екі әңгімесі бар. Олар : «Жетім қыз», «Момынтай», «Жетім қызда» суреттеу, бейнелеу, әдемі бояулар көп. Яғни ол көркемдік жағынан «Ерлік жүректе» әңгімесімен теңеседі. Оған мысал көп. Мынау соның бірі ғана : «Түні бойы тұншықтырған қандай ұясы қара жерден құтылып, түтілген қоңыр түбіттей жұқа бұлтты шымылдықтай серпе тастап, көк жүзіне құлындай ойнақтап құшағын ана күн бала сәулелерінің жер бетінің маңдайын иіскеп, екі найза бойы көтерілген шақ». Жетімнің көрген күні құрысын. Әркімнің есігінен сығалап, әркімге тіленіп, бір күн аш, бір күн тоқ мән-мағынасыз тіршілік. Жетімнің жылы еститіндері де аз. Өйткені өз анаңнан басқа кім айтады? Туысқанның да жаратып пана болары шамалы. Дәл осы хал аталмыш әңгіменің бас кейіпкерінде бар.

Дарабек деген кісі далада шай ішіп отырады. Оның қазақ дастарханнан тайып шыққан көзі ауыл жақ бетте жиырма қадам бойынша сүзек ауруынан жаңа тұрғандай өңі қуарған, шілдеме тұрған қаймақтай жұқа қабағы түнерген, шыңыраудай терең мұңды көзімен дастархандағы үйме-төбе болып жатқан бауырсақ, қант, етті сүзген жасы 7-8 жастағы қызға түсті. Үстінде сауыншының киіміндей сауытталған боршаланған еттен жырымдалған түйе жүн көйлек, басында жабағыдай ұйысқан айдар, аяқ шаңы топырақтан бұлғарланып, суықтан жарылған ағаштай тілімденіп кеткен. Екі иығы сынып қалғандай салбырап, қол терісі қабыршықтанып, жапырая түскен ағаштай қу сүйегі, тарау-тарау тамыры көрінетін қыз баланы Дарабек қолына шақырып қант, бауырсақ береді. Бауырсақты асыға жеп, тауысып қойған жетім қыз қантты тек қолына алып қызықтап тұрады. Мейірімді жан «Ананы неге жемейсің?» қантты көрсетеді? Қыз таңырқап «Бұл немене?» дейді. Біз көрген жеке бақыттың, тоқтықтың құны жеті тиынға да тұрмайды. Бұл Дарабектің ғана ойы емес. Соны сөйлетіп отырған Қошкенің де толғанысы.

«Момынтай» әңгімесіндегі Момынтайдың шешесінен басқа жақын ешкімі жоқ. Шешесі ауылдағы Байтоқ деген байдың жалшысы. Ертеден кешке дейін сол үйдің барлық жұмысын істейді. Момынтай Байтоқтың баласы Құдайбергенге жалынышты, бағынышты. Ойнап жүргенде де соның көңілін табуға тырысады. Өйткені Құдайбергеннің қалтасы толы құрт-бауырсақ, жеп қалғысы келеді. Өзінде оның бір түйірі жоқ. Момынтай алты жасқа келгенде Байтоқтың қозысын бағады. Байлыққа құныққан адам соның жолында аянушы ма еді? Баланың өзіне зияны тиетін нәрсені көрсе, ұрып-соғатын. Бірде тіптен өлтіре жаздауға дейін барады. Сорлы бала қозыға мініп ойнағаны үшін де таяқ жейді. Ал оны өлтіруге барған себебі былай болатын : Айт күні болатын. Ел тойлап жатыр. Ұлы дүбірді көрген соң Момынтайдың ойынан қой шығып кетеді. Бірсыпыра уақыт қызықққа қарап тұрып қалды. Қырсықтың бір шалса, шала беретін әдеті ғой. Момынтайдың қойы белдің астына түсіп, қалтарысты аңдыған қасқырға тап болыпты. Қасқыр қойларды тамақтап ойран ботқа қылып жатқан жерінен бір қойшы айырып алады. Төрт қой арам өлді. Үш қойдың құйрығы алқам-салқам болды. Әншейінде қылт еткенге сылт ете қалатын Байтоқ мұндайда аясын ба?

Осыдан кейін Момынтай теңдік іздейді. Осылай жүріп ол : Балшебайлар келді, кедейге теңдік тиеді дегенді естиді. Балшебайларды көруге ынтық болады. Байдан өшімді алсам ба деп ойлайды. Соңында оларды да көреді. Уезден келген нұсқаушы Момынтайдың ақылына ризашылық білдіріп, өзімен бірге қалаға алып кетеді. Бұл жөнінде жазушы былайша қорытынды жасайды : «Момынтай көп тұрмыстан, қол-аяғын байлаған құлдықтан құтылды. Жарық дүниеге шықты, азат болды. Адамшылыққа қадам басты. Келешекте Момынтайдың қандай адам боларын уақыт көрсетер.

Қошке «Отаршылдық ұсқындары» әңгімесінде ел теңдігі мәселесін қамтиды әйел теңдігін, жетім теңдігін жоқтаған жазушыға ел теңдігін аңсамауға хақы жоқ. Яғни әңгіме осы ойлармен қалып құрған.

Жақатай шаруа мектебінде оқиды. Тәжрибеден өту үшін жіберілген қаласы Пресков станциясына Қызылжар уезіне келеді. Ол баспана жайын қамдап алған соң, қала базарын көрейін деп көшеге шығады.

Жақатай базарға жақындағанда, атты киргиз, арда деп ақпанның аязындай ызғар төккен орядниктің қырық бұралып шыпылдаған қамшысының астында құлындай даусы құраққа шыққан, жер құртындай домалаған, жөндеу киімді бір қазақтың «мен, төре жазық жоқ. Берблюд бұйда жоқ» дегені естілді. Үстінде оқып жүрген мектебінің сары ала түймелі формасын көргенде орядник сескеніп кетіп қалады.

Әңгіменің айтайын деген ойы бүгінгі таңда да маңызын жойған жоқ. Өйткені біз, қазақтар қазірдің өзінде өз елімізде жүріп өзге ұлттың тепкісін көріп келеміз.

Жазушының «Қанды толқын» әңгімесінің желісі М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі оқиғаға ұқсағанымен түйіні басқа. Баласын өлтірген тілмаш солдаттармен бірге Сарқынбайдың келінін күшке салып зорлайды.

«Мама... келза... сестра» деп жалынды. Орысшалағаны : сендердің де шеше-қарындастарың бар ғой, жарамайды дегені.

Бұл масқараға шыдамай әрі бұрынғы кегі бар Сарқынбай балтамен тілмашты қақ желкеден періп жібереді. Екінші рет балтаны сермей бергенде оған бір солдаттың оғы тиеді. Осылайша тілмашпен бірге Сарқынбай жан тапсырады.

Қошке шығармада атап өткен қай шығармасында болмасын, мәселе көтеруге тырысады. Оқырманға ой салады. Осылар Қошке Кемеңгеровтің көркем туындыларында публицистік нышан, көріністердің басым екендігіне де айғақ болады.

Талантты жазушы Қошке Кемеңгеров әдебиет сынына да назар аударып отырған. Өз кезіндегі ақын-жазушылардың әділ бағасын беруде жаңылыспағандардың бірі – осы Қошке Кемеңгеров. Жырмасыншы жылдары әдебиет туралы айтыстар, ой таластары нағыз қызып тұрған шақ еді. 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің бетіндегі әдебиет айналасындағы айтысқа Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров, Сәбит Мұқанов тағы басқа белгілі жазушылар, әдебиетшілер қатысты.

Сол пікірталастардың бел ортасында жүрген Қошкенің «Көркем әдебиет туралы» мақаласы («Еңбекші қазақ», 1926 ж., 1 желтоқсан), Сәбит Мұқановтың дәл осы аттас мақаласына жауап түрінде жазылған. Мұнда автор Сәбиттің көзқарастарымен мүлдем келіспейді. «Алты жылдың ішінде көркем әдебиет туралы не істедік дегенде Сәбит «жоқ» деп жауап береді. Сәбит өңгені көрмесе де Бейімбет пен Сәкенді көру керек еді. «Қартқожа» сияқты романды көру керек еді. Басылған пьесаларды, әңгімелерді, газет-журналдардағы өлеңдерді, әңгімелерді көру керек еді», - деп жазады.

Сәбит Мұқановтың Абай мен Ақанды ақын емес деп жаңылысқанын осы күнгі көп әдебиетшілер біледі. Бұл қателікті Қошке әдейі көрсетеді. Мұндағысы Сәбитке қатты өкпелегені болса керек. Соған қарамастан Сәбит «Масаны» әжетке жаратып, «Заманды әркім билемек» деп Абайдан мысал келтіріп отыр.

Қошке де сол кездегі басқа қаламгерлердей орыс әдебиетінің өкілдерінен оқып үлгі алады. Солардың тіліне, ой-пікіріне сүйенеді.

20 жылдары әдебиет жөнінде әңгімелер болса, «социалистік реализм», «пролетариат» дегендер жиі айтылатын. Көркем әдебиет шығармалар бір сарынды. Бір жақты тақырыпта болуы тиіс еді. Олар : қазан төңкерісі, кедейлер тұрмысы, байлардың аяусыз қанауы.Бай жаман да кедей жақсы болатын. Осындай қатып қалған тақырыптар үкімет талабынан туындады. Бұл талапты Қошке де, тіпті соңғы жылдарға дейін әдебиетшілер, жазушылар да орындады. Сондықтан ол үшін біз ешкімге кінә таға алмаймыз.

Осы айтқандарымыздың Қошке мақаласындағы көрінісі былай : «Октябрь төңкерісінен кейін де бұрыннан негізі бар ұлт әдебиетінің өрісі кеңейді,кемеліне жетті. Октябрь төңкерісінен бұрын бай, кедей деген жікті айырып үндеу, үгіт жүргізген оқыған топтар жоқ болатын. Оқыған атаулы отаршылдыққа қарсы ұлтшылдықты көздейтін. Ел ішін алсақ, байға қарсы наразылығын білдірген кедей жоқ еді. Жалдаған малайды бай басыбайлы есебінде ұстайтын, ақысын төлемей ұрып-соғатын. Кедей де, малай да бәрін құдайдан көретін. Кедей әдебиетінің өріс кеңейтпеуіне бас себеп : жаңа салт-сананың кемдігі,шаруашылық түрінің өзгермегендігі... Әлі де болса кедей әдебиеті көрнекті орын алу үшін көп жылдар керек» Сын қандай болу керек? Оны қалай қабылдаға жөн?

Қошке бұл сұрақтарды да сырт айналып өтпейді. «сынның қаттылығы бөгеу болады» деген қисынды емес. Сынның әкесі Нәзірдікіндей болар, сонда Сәкен бұққан жоқ. Сәкен ескі жазушы деп айтатындар болар, олай болса Самат пен Байбатыр да ескі жазушылар. Қатты сыннан бұққан екеуі ғана. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді», сыннан бұққан адам тоғыз қабат торқаға бөлесең де жазушы болмайды.

Жазушылар арасында ұйым құру да біршама әңгіме болды. Әрине, белгілі бір басқарма бар еді. Бірақ үлкен ұйым жасау – барлық қаламгерлерге қатысты арман. «Сәбиттің ұйым керек дегені дұрыс, бірақ шаруашылық сабасына түспей, салт-санаға нысан кірмей ұйым болғанымен, өндіргені шамалы болар еді. Бұдан былай ұйым пайда келтіруінде талас жоқ» «Ұлтшылдардың тамырына балта шапқан жөн деген ұран қаламгерлер ішінде биік ту болып көтерілді. Ал бұған бас имегендер сынға ұшырады. Солай бола тұрса да, Сәбиттің Мағжан Жұмабаев туралы айтқандарына Қошке қарсы. Оның ұлтшылдығына айып салудың қажеті жоқ екендігін дәлелдейді. Сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовті де қорғайды.

Орыстың отары болдық, олардың бізге берген түгі жоқ десек те, олардан үйренгеніміз көп болды. Әсіресе әдебиет саласында. Қазақтың көп ақын жазушылары орыс әдебиетінен сусындап, бүршік атып жапырақ жайды. Оған Қошкенің мына сөздері дәлел. «Оян қазақ» алғашында шыққан Грибоедовтың «Горе от умасындай» болған... Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы» «Бедная Лиза» сияқты болған. Міржақыптың атын алты алашқа таратқан «Оян қазақ» өлеңі болатын. Бұл жөнінде Қошке : «Оян қазақты» ел қазақтары құрандай жаттаған дейді.

Сөз арасында Қошке ұлтшылдық мәселесіне қайта оралады. Оған басқалар сияқты бір жақты түсінікпен емес, байсалдықпен, парасаттылықпен қарайды. Ұлтшылдардың бір жігі кеңес үкіметін қазақ ұлтына пайдалы деп табады, сондықтан еңбегін аямайды. Қазақ ұлты мәдениетті болса екен дейді. Ондай ұлтшылдар ру тұрмысына, атқамінерлерге, жуандарға, молдаларға, кейбір байларға, отаршылдарға, кеңесшілдерге, қызмет бұзықтығына, парасына қарсы еңбекшілердің еңбегін қорғайды. Әйел теңдігін жақтайды, қазақ ұлтын орыс ұлтымен тең құқықта болуы жүзеге асса екен дейді.

«Қаламгерлер негізінен қандай тақырыпта қалам тербеуге тиіс?» деген көлденең сұрақты Қошке шешіп береді. Ол қалам ұстауы қажетті тақырыптың 2 түрін атап өтеді :

1) қазақ елінің жер үшін талас тартысы, орыс поселкелерімен қатысы;

2) отаршылдықпен күрескендері жадидтер;

3) қадидермен күрескен жадидтер;

4) он алтыншы жыл толқындары;

5) жетісудағы жер формасы;

6) февраль төңкерісінң әсері;

7) октябрь төңкерісіндегі қазақ оқығандары бұқарасы;

8) РАзвервскідей атқамінерлер әділетсіздігі;

9) 1921-22 жылдардағы жұттар;

10) 1921 жылғы көтерілістерге крестьян, қазақ қатыстары;

11) алғашқы жылдағы ел арасындағы ячейка жасалу тарихтары.

Осыларға тоқтала келіп, Қошке : «Басқа да тақырыптар толып жатыр, Мұның бәрі өткен тақырыпқа айналып барады. Осындай өзгешеліктерді көркем әдебиет құшағына алатын мезгіл жеткен жоқ па?» – дейді.

Қошке ғылыми еңбектер де жазды. Бұған мысал ретінде Қошкенің «Қазақ тарихынан» (Мәскеу 1924 жыл) және «Бұрынғы езілген ұлттар» (Мәскеу, 1925 жыл) атты кітаптарын келтіруге болады.

«Қазақ тарихынан» кітабында қазақтардың Ресейге қосылуынан бұрынғы тарихынан, одан кейінгі өміріне жалпы шолу жасалады. Хандардың ел билеу саясаты, орыс мәдениетінің ықпалы, кәсіпшілдік, ағартушылқ, халықтың мінез құлқы жайында жазылады. Осыларға байланысты кітап төмендегіше бөлінеді :


1846 Басқармадан

2.1.


3. Мәңкеру жайы

4. Рамат жайы

5. 1846 Әскерлік жайы

6. 1846 Дін жайы

7. Жер жайы

8. 1846 Қарсы қозғалыстар

9. 1846 Қазақ хандарының мәдени мақсаттары

10. 1846 Мәдениетті орыс қандай үлгі береді?

11. Мінез, хұқық жайында

12. Денсаулық жайы

13. 1846 IV.

14. 1846 V.


СССР Халықтарының кіндік баспасында жарақ көрген бұл кітапқа алғы сөзді сол баспа басқармасынң тапсыруы бойынша Ғаббас Тоғжанов жазады. Ол бұл кітаптың тарихтан жазған тұңғыш еңбектердің бірі екендігін айта келіп : «Жазушы қазақтың бағынбаған кезіндегі тұрмысын қысқаша шолып өтіп, Россияға бағынғаннан кейінгі тарихына көбірек тоқталады» Орыс патшасынның қазаққа істеген зорлық – зомбылығы, қолданған саяси әдісі, онан соң қазақтың өз хандарынның арасында болған наразылықтары, арттарынан ерген қалың елді хандыққа айырбастағандары туралы қанша қысқа жолмен жазылғанмен де, едәуір мағлұмат береді».

Ғаббас Қошкенің кемшілігіне де тоқталады : «Жазушының саяси жолы – ұлтшылдық жолы. Көздеген саяси идеясын – қазақ ұлтын, бұзбай, жармай, мәдениетті ұлтқа жеткізу. Қазақтың басынан кешкен тарихына баға бергенде, сөзінің жеті ұлт, қай іс болсын сын таққанда, ұлтқа пайдалы ма еді, пайдасыз ба еді деген өлшеумен келеді. Ұлт ішінде қазақтың қай табының пайдалы, пайдасыз еді, саяси басшылық қай басшының қолында еді? Бұл сөздерге ұлтшыл жазушымыз көңіл бөлмейді... әңгіменің бұл жағын тексермейді... Сондықтан кітапшаның бір зор кемшілігі – осы».

Қазақстанның Ресейге қосылғаннан бұрынғы тарихынан жазба мағлұматтар аз болатын, барларының өзі нақты жылдарды айтуға келгенде, әлсіздеу еді. Сондықтан да Қошке тарихи дерек ретінде мақал – мәтелдерге әдеби мұраларға сүйенеді. Шыққанына екі мың жылға жуықтаса да «Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ» деген сияқты мақалдар бар. I – II ғасырда қырғыздар ханын «әже» деп, үйретушіні «қожа» деп атаған. Осы реттегі мақалдар – тарихи құрал. Россияға бағынбай тұрғанда таңбасыз тайға, енсіз қойға ие болған қазақ елі киіз үйді ғана мекендеген, толық көшпелі ел еді. Жекелену, бөліну мүмкін болмаған көшпелі тұрмыстың арқандалған кіндік руы еді. «У жесең руыңмен», «Ордалы құлан ақсағанын білмейді» деп ақсақал аузына қараушы еді. Көшіп – қону, кек алу, жаудан қорғану, көптен құн алып, құн төлеу, немеурін қосу, жылу жинау бір рудың ішінде міндет еді. Немеурінен «Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді» деген құқық туған еді. Жылу осы күнгі күн батыстың страхововойына келеді. Қонақасы алты алаштың бөлінбеген еншісі еді. Мұның бәрі әлеумет пәнінің тілімен айтқанда родовой коммунизм қоғамына кіреді.

Қазақтардың ертедегі музыка, поэзия өнері аса жоғары дәрежеде болды. Бұл жағынан біздің ұлт өзгелерге қарағанда көш ілгері еді. Қорқыттың, сол замандағы басқа да күйшілердің тамаша туындылары бұзылмаған күйінде XX ғасырға жетіп отыр. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қобыланды», «Ер Тарған», «Қыз Жібек», «Алпамыс» секілді дастандар да көркемдік жағынан еш халықтың өзі тектес жанрлардағы шығармаларынан, асып түсетіндей болмаса, кемдігі жоқ. Олардың мазмұны, оқиға өрісі – тарих шеттерінің құжаты болуға татиды. Сол заманда қазақтардың суретөнерінің алғашқы даму сатысы табылған. Оған Қошке мысал келтіреді : «Мен 1760 жылдардың шамасында қазақтың мола тастарында адамның, малдың суреттерін көрдім, және де ақ тасқа неше түрлі сырмен көшпеліліктің түрлерінің, суреттерінің салынғанын көрдім» - дейді Григорьев қазақ арасындағы балшықтан жасалған бейіттердің әдемілігіне таңырқағанын жазып. Сурет салуды тыйған тағы да дүмше молдалар.

Қошке Әбілхайыр ханның Ресеймен бас қосу саясатының түп мәнін мыналармен түсіндіреді :

1) «Күшті Россияға аяқ тіреп Хиуалықты, Қарақалпақты бағындырамын, үш жүзге хан боламын;

2) тақты мұралы қыламын;

3) қол – аяқты жинап алған соң Россиядан бөлініп кетемін».

Бұл тұрғыда Ресейдің де өзіндік мақсаты бар еді. Ол – қазақ елін бағындырып, оның даласымен отырықшы Орта Азияға керуен өткізу.

«Үкіметтің даярлаған құлдық қамытын қазақ тезінен кейіп алған жоқ, ұзақ уақыт бас асаулық көрсетті. Бірен – саран көрсетілген наразылықтар туралы жоғарыда да айтылды. Бұл наразылықтар бір рудың ауданынан шыға алмады. Жалпы ұлт наразылығы Кенесарыда да көрінді», – деп Қошке Ресейге қосылу жөніндегі халық қарсылығы болғандығын тілге тиек етеді. Осыдан кейін Кенесары жөнінде деректер келтіреді : 1845 жылы Кенесары тағы да үкіметтен кешірім алып Түкістанға кетіп, одан Іле өзеніндегі Ұлы жүзге барады. 1846 жылы Кенесары Балқаштың оңтүстігінде тұрып ел – елге елші жібереді. Матайдан қалған үйсін Кенесарыны жақтайды. Ұлы жүздің сұлтандары медальға қызығып, Кенесарыға қарсы болды. Кенесары 10 мың қарулы кісімен жүріп, жеті Хиуалыққа мылтық соқтырды. Ұлы жүздің 500 үйіне астық салғызды. Орыс әскерінен қуғын келіп, қамалды мекен қыла алмай Кенесары Шуға ауып, Ташкент қазақтарын қаратты. Қамалдан қашып жан – жағынан жау қамалағанда Кенесары хан болу пікірінен қайтқан жоқ.

1846 жылы Орынбор аймағына зекет жинауға, жанжал барымтаны тексеруге дінсіздерге бағынбаңдар деп немере інісі Сейілханмен 25 кісі жібереді. Қазақта жүріп қорғана алмайтын болған соң қырғыздың Алатауын мекендеуге ойланды. Қырғыз қарсы болды. 1847 жылы қырғызбен соғысқанда Кенесары өлді.

Қошке «Мәдениетті орыс қандай үлгі берді?» дегенде, олар қазақтың еңбегін жеп, жерін тартып алғаннан басқа ештеңе бермегендігін, қайта тіл, киім, шаруа, әдет жағынан қазақтан өнеге алғандығын айтады. Қазақ арақ ішпегендігін, арақтың орыстан келгендігінің бір дәлелін Қошке көрсетеді.

Осы тұста Қошке «Орыстар түк бермеді» деп артықтау кеткен. Біздің олардан үйренгініміз де болды. Әсіресе әдебиет, өнер саласында. Бұған айғақ жетеді. Ол жөнінде тәптіштеп мысал келтірудің қажеті шамалы, бүгінде кімге де болсада белгілі жайт.

Мұнан әрі қарай қазақтардың мінез, құқық жайы, ауыл шаруашылқ жайы, кәсіпшілік жайы, денсаулық жайы, әңгімелене келіп, әдебиет тарихынан да әңгімелейді. Онда Ы. Алтынсарин, Ә. Бөкейханов, Ж. Көпеев, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сынды әдебиет алыптарының шығармашылықтарына талдау жасайды. Газет журналдардың тарихына тоқталады.

«Бұрынғы езілген ұлттар» кітабында Ресей қаласындағы езілген ұлттардың өткендегі және кейінгі халімен таныстырады. 36 ұлттың тарихи, шаруа кәсіп жағдайларынан һәм мәдени жағынан қысқаша мәлімет мағлұматтар берілген. Әр ұлттың санын, мал басын, шаруашылық жағдайының өткені мен 22 жылды салыстырып нақтылы деректермен көрсетілді, әр ұлттың жерінің сипаты, кен байлығы қала мен ауыл тұрғындарының саны, тағы басқа «іздесе таптырмайтын» мағлұматтар –кітаптың құндылығының дәлелі.

Жалпы, Қошке Кемеңгеровтың әдеби, тарихи еңбектері – бүгінгі күнде де басты назар аударарлық дүниелер. Олар – Қошкенің көп салада білімпаздығының, жан-жақты ойланғыштығының, бәрінен бұрын ел абыройын ықыласта ұстағандығының айғақтары.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет