МҰҚанова арна назымқызы құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі қазақ тарихының дерегі ретінде



бет3/4
Дата23.02.2016
өлшемі250.5 Kb.
#9926
түріДиссертация
1   2   3   4

Үшінші тарау, Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегіндегі тарихи-этнографиялық мәліметтер, деген атаумен үш бөлім мазмұнында берілді. Бірінші бөлімде, қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығында маңызды рөл ойнаған халықтық күнтізбеге байланысты материалдар қарастырылды. Алдымен, «Тауарих хамсада» күнтізбенің шығу тегіне байланысты мәліметтер жан-жақты талдаудан өтіп, осы мәселеге қатысты материалдар бір жүйеге келтірілді. Сол жүйе бойынша, алдымен жыл атаулары мүшел циклімен байланыстырылып, қазақ, парсы, қалмақ, қытай тілдеріндегі нұсқа атауларымен ұсынылды. Автордың жыл атауларын, нақты аталған халықтардың тілдерінде ұсыну шешімі қосалқы деректермен дәлелдей отыра болжауды қажет етті. Кезекте, қазақтың азаматтық ай аттарына және оның ерекшеліктері мен қазақ қоғамында алатын орны мәселелері қарастырылды. Қ. Халид, қазақ қоғамында пайдаланылған әрбір азаматтық ай атауына жеке-жеке тоқталып, біріншіден айдың атауына, екіншіден сол айдың халық шаруашылығында немесе қоғамында көрініс алуы мәселесін қозғаған.

Автордың айлар тізбесіне ұсынған материалдары, ең алдымен реттілігінен бастап, түсіндірмелеріне дейін ғылымда қалыптасқан тұжырымдардан түбегейлі айырмашылықсыз берілген. Дегенмен, кейбір ай атаулары мен (әсіресе, қаңтар, ақпан, наурыз) олардың түсіндірмелері, біршама ретілігі, әрі атауы жағынан көпшілік деректердегі мазмұнмен келіспейтін сыңай танытты. Мұндай айырмалар, қазақ қоғамында пайдаланылған күнтізбелердің аудандық айырмашылықтары болғанын дәледеуге жол ашты.

Жоғарыда айтып кеткендей, халықтық күнтізбе дәстүрлі мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Соның ішінде, үркер жұлдызының жыл бойындағы қозғалысы қазақтың мал шаруашылығы, оның ішінде төл алу маусымында маңызды рөл ойнаған. Қ. Халид үркер жұлдызының жыл бойындағы қозғалысын толықтай көрсеткен. Үркер жұлдызының туған уақыттан бастап жыл бойындағы қозғалысы, автор тарапынан күндік белгілеулермен, анық көрсетілген. Автор, мәліметтерінің негізінде кесте жасалып, үркердің қозғалуы қосалқы деректерде орын алуы есепке алынды. Сондай-ақ, автор үркердің аймен тоғысуын рет-ретімен көрсетіп, қазақ малшыларының қызметімен байланыста қарастырған. Жалпы, бұл мәселе қазақ есепшілерінің материалдары негізінде біршама зерттелген. «Тауарих хамсада» ай мен үркер жұлдызының тоғысуына байланысты ұсынылған кесте қазақ есепшілерінің материалдары негізінде тексеріліп, құндылығы анықталды.


Екінші бөлімде Қ. Халидтың қазақтың дәстүрлі қоғамында маңызды орын алған отбасын құрып, некелесу салтына байланысты жиған материалдары жан-жақты қарастырылды. Қ. Халид құдаласу мен қалың мал беру салтының орындалуына ерекше мән беріп, бүкіл дәстүрдің орындалу процесіне тоқталып өткен. Мәліметтер салттың орындалу ретіне қарай бір жүйеге келтірілді. Мәліметтердің шыншылдығын анықтау жұмыстарымен қатар, салт ішінде орындалатын кейбір әдет-ғұрып, дәстүрлерге байланысты түзету, толықтыру жұмыстары іске асырылды.

Жоғарыда айтып кеткендей, Қ. Халид құда түсу және қалың мал беруге ерекше мән беріп, жалпы баяндап өтпей, өзіндік мақсатпен жазған. Мұндағы мақсат құда түсу, қалың мал беру дәстүрін рулық қатынаспен білімсіз байланыста жазу. Автор, құда түсу мен қалың мал беруде орындалатын элементтерді үнемі туыстық жүйемен байланысын үзбей сипаттағанмен, нақты жазбаған. Мысалы, « ... қалың мал жинау бүкіл туыстардың міндетіне кіретін; ... қалың малға жақын-жуықтар көмек етіп; ... «Қалың мал» - көп мал болып, қыз «қалыңдық» болып оның құрметі ауырға түскен сияқты түсінік» [1, 186б.] деп жазған. Сондықтанда, Қ. Халид қалың мал беру дәстүрлі шарт, ал оны жинау бүкіл туыстың міндеті болып саналатынын, нақты айтқанымен, рулық қатынаспен байланыстыру зерттеу процесінде орындалды.

Қ. Халидтың құда түсу процесінде: «құйрық-бауыр жеу», «Құдаларды сыннан өткізу», «киіт кигізу» және «қалың малдың» көлемі мен күнін белгілеу сияқты шарттарға байланысты мәліметтері өз мазмұнында беріліп, қажетті деректанулық талдау жұмыстарынан өтті. Әсіресе, «қалың малдың» көлеміне байланысты ұсынылған сандық көрсеткіштер, шыңдалған тарихи-этнографиялық зерттеулердегі мәліметтермен салыстыру жұмыстарынан өтті. Көпшілік деректерде айтыла бермейтін «қалың малмен» қатар орындалатын «қара мал», «бас жақсы», «орта жақсы», «аяқ жақсы», «төгерек мал» дәстүрлері, Қ. Халид нұсқасында ұсынылып, талдау жұмыстарынан кейін мән-мағынасы белгілі болды. «Қалың малға» қарсы қыз жақтан «жиһаз беру» дәстүрі отбасын құрудағы, негізгі орындалу керек шарт ретінде, автор тарапынан дұрыс мағынада баяндалған.

Сондай-ақ, автор «киіт», «ілу», «сүт ақы» және де «өлі-тірі» дәстүрлерін міндетті түрде орындалу керек элементтердің қатарына қосып, мағынасымен қатар, сандық өлшемдеріне байланысты, нақты көрсеткіштерді ұсынған: «Қалың мал айтса-айтпаса да бай болсын, кедей болсын – киіт, ілу және сүт ақы – осы үш нәрсе ешқашан тоқтатылмайды, «ата-күші, ана сүті» деп шарт етілген нәрсе» [1, 187б.]; көлеміне байланысты; « ... ілу қыз берген жақтың киітіне қарсы болады, мысалы, киітте жамбы болса, күйеу жақтан ілу де жамбы беріледі, қыз жақтан ат, түйе берілсе, күйеу жақтан ілу де соған қарай беріледі. Ал, сүт ақы ілуден бір дәреже төмен, ілу жамбы болса, сүт ақы – түйе, ілу түйе болса, сүт ақы – ат болады» [1, 187б.] деп жазған. Мәліметтер, қосалқы деректермен қатар қазақ халқының өмір тіршілігімен, менталитетімен, дүниетанымымен байланыста қарастырылды.

Некелесу ішінде орындалатын үлкен мерекелік, шартты шаралардың бірі «ұрын той», Қ. Халид тарапынан ұрын некелесуден бұрын келуге болмайтын, бірақ міндетті түрде атқарылатын дәстүр ретінде жеткізілген. Яғни, некелесуден бұрын ұрланып, бірақ міндетті түрде келіп кету мағынасында сипатталуы, зерттеу жұмысының барысында дұрыс жеткізілігендігі анықталды. Сонымен қатар, «ұрын тойдың» бірнеше күнге созылатыны; «ұрын» іші күйеу бірнеше сыннан өтетіні; күйеуге қойылатын талаптар мен сындардың орындалуы; балдыздардың рөлі кезекпе-кезек мағынасы жағынан қосалқы деректермен салыстыру жұмыстарынан өтті.

Үшінші бөлім, қазақтың дәстүрлі қоғамында ерекше орын алған, бірақ біршама уақыт заман өзгерістеріне байланысты өз қызметтерін тоқтатып, ұмыт болуға айналған, кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жаңғыру тұрғысынан есепке алынды. Алдымен, орындалу жағынан ауқымды емес ырым, жора түріндегі «салауат», «ала жібін аттамау», «самалық», «ереже», «қонақ асы», «тамыр болу», «қолқа салу» сияқты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер «Тауарих хамса» мазмұнынан теріп алынып, рет-ретімен қойылды. Автор, аталған ғұрыптардың қоғамда атқарған рөлі мен қатар атауларына, оның мағыналарына, шығу тегіне тоқталған. Мысалы, қазақ қоғамында өте жиі пайдаланылған «салауат», «ереже» түсініктерінің шығу тегі араптың сөздерімен байланысатынын айтқан. Түсініктер мағынасын зерттеу барысында, деректердің тарихи-этнографиялық еңбектерде, тура мағынасында қарастырылмағаны анықталып, мағынасы анық түрде сөздік арқылы белгілі болды. Нәтижесінде, мәліметтің шыншылдығы, әрі деректік тұрғыдан бірегейлігі белгілі болды. Сондай-ақ, автор «салауат» салтының қоғамда маңызды орын алғанын, әлі күнге дейін мән-мағынасын жоймаған «ала жіп» түсінігімен үйлесімді байланыста баяндаған. Зерттеу нәтижесінде «салауаттың» қазақ қоғамындағы құқықтық институт қызметінде өзіндік рөлі болғаны анықталды.

Кезекте, «қонақ асы», «тамыр», «қолқа салу» ғұрыптары «Тауарих хамса» бойынша ұсынылып, қосалқы еңбектердегі мәліметтермен шыншылдығы сыналып, құндылықтары анықталды. Зерттеу барысында аталған дәстүрлердің шығу тегі, оның ішінде бір-бірімен тығыз байланысуы жаңа көзқарастарға алып келді, ал көпшілік зерттеулерде аталған ғұрыптар жеке дара қарастырылған.

Сондай-ақ, қоғамдық мәні жағынан қазақ қоғамында ерекше орын алған салттың бірі «ас беру» «Тауарих хамсада», бастан-аяқ баяндалған. Автор, дәстүр тарихына көлемді материалдар ретін ұсынған. Салттың тарихына қатысты деректер, мынадай реттілікпен қойылып, біріншіден салттың қоғамдық мәні, екіншіден пайда болу уақыты, үшіншіден ас ішінде атқарылатын элементтер қарастырылды.



Қорытындыда диссертациялық тақырыптың әрбір тарауына және оның бөлімдеріне қатысты ғылыми тұжырымдар мен қорытындылар беріліп, тәжірибелік мәні көрсетілді.

Бірінші тарау бойынша, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Ресейлік шығыстануды зерттеу арқылы, осы саладағы, жергілікті түрік-татар өкілдерінің қызметін көрсетіп, Орталық Азия, оның ішінде қазақ халқының тарихи кезеңдеріне байланысты еңбектерін, негізгі деректер ретінде пайдалануды ескеру. Осы тұрғыдан, Қ. Халид қызметін және оның «Тауарих хамса» еңбегін қазақ тарихына қатысты құнды дерек ретінде қарастыру.

Екінші тарау бойынша, «Тауарих хамса» мазмұнындағы Қазақстан тарихының қоғамдық кезеңдеріне қатысты мәліметтерді мазмұндарына қарай топтастырып, деректердің құндылығын ғылымның әдіс-тәсілдері арқылы анықтап, тарих ғылымының айналымына енгізу. Әсіресе, Қазақстан тарихында ақтаңдаққа айналған жекелеген оқиғаларға, тарихи тұлғаларға қатысты бірегей құнды деректерді, ресми түрде оқулықтар мазмұнына енгізу. Сондай-ақ, «Тауарих хамса» еңбегінің шығыстық деректер негізінде жазылғанын ескеріп, ежелгі дәуірге, оның ішінде жер бетінде адамзаттың пайда болу мәселесіне қатысты мәліметтерді, шығыстық нұсқадағы болжам дерек ретінде қабылдау. «Тауарих хамсаның» «Ресейдің Шығыс Түркістанға аяқ басуы» бөлімі арқылы Қазақстан тарихының жаңа заманын, оның ішінде отаршылдық дәуірдің тарихи шеңберін Шығыс Түркістан өлкесіне қарай кеңейту. Яғни, отаршылдық дәуірдегі Ресей, Қазақстан, Қытай және т.б. (дүнген, қалмақ, сарт, татар) мемлекеттер мен халықтар аралық болған саяси мәселелерді қайта қарап, дүниежүзілік тарихтағы орнын белгілеуге жол ашу.

Үшінші тарау бойынша, «Тауарих хамса» еңбегіндегі қазақ халқының рухани дәстүрлі мәдениетіне қатысты тарихи-этнографиялық материалдарды түрлеріне қарай жіктеп, деректанулық тұрғыдан талдап, шыншылдықтарын анықтау. Әсіресе, қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығында маңызды рөл ойнаған күн тізбе мәселесіне байланысты деректерді қосалқы деректермен салыстыра отырып, дәстүрлі қоғамның ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан түсіну. Күн тізбеге қатысты сандық көрсеткіштерді деректік құндылығы жағынан жоғары бағалау. Қазақ халқындағы отбасын құрып, некеге тұру дәстүріне байланысты деректерді талап қазақтың қоғамдық, ұлттық, мәдени, дәстүрлік ерекшеліктеріне байланысты мол мәліметтер, мысалдар алу. Дәстүрлі қоғамның ерекшеліктерін білдіретін ырым, жора түрлеріндегі кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді зерттеп, мемлекет қызметіндегі орындарын көрсету. Соның ішінде, «ас беру» салтының қоғамдағы саяси қызметін «Тауарих хамса» мазмұнындағы көлемді деректер қоры арқылы көрсету.

Жалпы, диссертациялық жұмыстың нәтижесі Қ. Халидтың шығыстану саласындағы қызметін «Тауарих хамса» еңбегіне деректанулық талдау жүргізу арқылы танытумен байланысты. Сондай-ақ, еңбекті мазмұнындағы Орталық Азия халықтарының ішінде қазақ тарихына көңілдің мол бөлінгенін және деректердің құндылығын ескеріп, деректанулық талдау жұмыстарынан өткізіп, тарих ғылымының айналымына ресми түрде қосу.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет