Шығармашылық диктант
Диктанттың бұл түрі – үйрету диктанттарының ішінде мазмұн, құрылым, стиль, әдіс-тәсіл жағынан ең күрделісі, оқушылардың ойлау қабілетін, сөздік қорын, білім деңгейі мен өздігінен жұмыс істеудегі шеберліктерінің көрсеткіші. Сондықтан бұл диктант шолу, қорытындылау, қайталау сабақтарында жиі жүргізілсе, шәкірттер ескерту, бақылау диктантттарына сенімді даярлықпен келеді.
Сөздік диктанты
Сөздік диктанты сабақтың кез келген уақытында жазылады. Оған оқушылардың жыл бойы меңгеруге тиісті термин сөздері, омоним, антоним сөздері және жазылуы қиын сөздер алынады. Текстің көлемі 5-10 сөзден аспауы керек. Сөздік диктантын көру, өздік диктанттары ретінде де, мұғалімнің ауызша айтуы бойынша да жаздыруға болады. Ол мұғалімнің еркінде.
Терме диктанты
Диктанттың бұл түрі кез келген ережеге негізделіп жүргізіледі. Мұғалім диктант мәтінін оқымастан бұрын қандай ережеге көңіл аудару керектігін ескертеді. Оқушылар мәтінді түгел жазбай, мұғалім оқып тұрған мәтіннен әркім өзіне берілген тапсырмаға лайықты сөздер мен сөз тіркестерін немесе сөйлемдерді теріп жазады.
Ескерту диктанты
Бұл диктант көлемі, орфографиялық емлеге тән сөздік қоры жағынан бақылау диктантына жақын келеді.Басқа диктанттардай тек кеше не бүгін ғана өтілген тақырыптарды емес, осы уақытқа дейінгі барлық материалдарды түгел қамтып, оқушыларды бақылау диктантына тікелей әзірлейді. Сондықтан бұл диктантқа енген мәтіндер бірін-бірі қайталамай, өткен материалдарды тиянақтап, толықтыра түсуге тиіс. Ескерту диктантына мұғалім де, оқушылар да тиянақты, ұқыпты да жауапты қарауы қажет.
Бақылау диктанты
Бұл диктант айына бір не әрбір үлкен тақырып, тараудан кейін немесе тоқсанның соңында өткізіледі. Бақылау диктанттары оқушылардың бұрын өтілген материалдарды қандай дәрежеде меңгергенін және сауаттылық деңгейін анықтау мақсатымен жүргізіледі.
Диктант үшін ІІ сыныпта 18-20 сөзден, ІІІ сыныпта 20-30 сөзден құралған қысқа сюжетті мәтін алынады да, көлемі жөнінен де, мазмұны тұрғысынан да біртіндеп күрделеніп отырады. Бақылау диктанты төмендегіше жүргізіледі:
а) үзіліс кезін пайдаланып, мұғалім диктант тақырыбын, мәтін ішінде кездесетін қиын сөздерді тақтаға жазып қояды;
ә) мұғалім диктант мәтінін екі рет дауыстап оқып, жазылуы қиын сөздерді тақтадан қарап алу керектігін ескертеді;
б) егер диктант мәтіні жеке сөздер мен сөз тіркестерінен немесе оған негізделген сөйлемдерден құралған болса, мұндай мәтіндердің әрбір сөзін, сөйлемін мұғалім үш рет оқиды. Оқушылар жазар алдында әрбір сөзді көңіл қоя тыңдап, ұғып алғаннан кейін ғана жазуды ұсынады. Мұғалім оқушылардың түгелдей жазуын қадағалап, ең баяу жазатын оқушы жазып бітісімен, келесі сөйлемді оқиды. Бірақ ол жаңа сөйлем екені айтылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |