2.4 Жоғары оқу орындары мен мектептің сабақтастығы негізінде студенттердің танымдық қызығушылығын қалыптастыру
Нарықтық қатынастар орныға бастаған тәуелсіз еліміздегі білім мекемелерінің алдына оқушыларға берілетін білім мен тәрбие сапасын көтеру және жақсарту міндеттері қойылды. Соңғы уақытта заман ағымына байланысты білім мазмұнында көптеген түбегейлі өзгерістер болуда. Оқу-ағарту, тәрбие мәселелерін сараптап, оқушылардың кәсіптік бағдарын қалыптастыруда ЖОО мен мектеп арасында сабақтастықты орнату бүгінгі таңның өзекті мәселелерінің бірі.
Студенттердің танымдық қызығушылығын мектеп пен ЖОО сабақтастығы негізінде қалыптастыру мәселесі әлі де болса жеткілікті дәрежеде ғылыми-педагогикалық тұрғыда зерттелмегенін анғардық. Бұл мәселе кеңінен талданып және педагогика ғылымынан заңды орын алуы тиіс деп санаймыз. Өйткені, тәуелсіз елге қажетті білікті маманды даярлау мәселесі орта оқу орындарынан бастау алады. Әрі бұл мәселелерді ЖОО мен мектеп арасындағы сабақтастықтың мәні мен мазмұнын айқындап, дамытудың маңызы зор.
Студенттердің сабақтағы және сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында танымдық қалыптасу байланыстылығын анықтауды көздеп, өзіндік үлгісін жасаған. Қазіргі замандағы ғылым мен техниканың даму жағдайында ғылымның әр саласында білім мазмұны мен көлемінің қауырт өсуіне байланысты ЖОО мен мектеп арасындағы сабақтастық оқушылардың танымдық қызығушылығының қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Сондықтан заман талабына сай маман дайындау жоғары сыныптарда басталып, студенттік кезеңмен ұштасып отырады. Демек жоғары оқу орындарындағы оқытушыларға, студенттерге аса үлкен жауапкершілік жүктелуде. Өйткені, болашақ ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеу мұғалімдер мен оқытушыларға байланысты. Білімді маман даярлау үшін толыққанды адам, жеке тұлға қалыптастыру - күрделі де келелі іс.
Студенттер бойына танымдық қызығушылықты сіңіру - көп уақытты, мерзімді қажет ететін үрдіс. Жоғары оқу орындарында педагогикалық үрдісті мектеп бітірушілердің бойындағы ізгі қасиеттерді ескере отырып, ұйымдастырған жағдайда ғана жұмыстың нәтижесі жоғары деңгейде көрінеді. Бұл мәселеден мектеп пен жоғары оқу орындары арасындағы сабақтастық қажеттілігі туындайды.
Студенттердің таным үрдісін тиімді ұйымдастыру арқылы оқу белсенділігін арттыру және танымдық қызығушылығын дамыту мәселесі бірқатар еңбектерде қарастырылған. Соның ішінде А. Тамаевтың “Әдебиет сабақтарында жоғары класс оқушыларының оқырмандық қызығушылығын қалыптастыру” ғылыми зерттеуінде оқушылардың оқырмандық қызығушылығының психологиялық негіздеріне, оны тәрбиелей отырып, әдеби білім беру мәселелеріне мән берілген. Субъектінің әртүрлі таным белсенділігі мен танымдық қызығушылықтарының табиғи құбылыстарға қайта бейнелеу көрінісі (Л.П. Аристова), тұлғаның танымдық қасиетін сипаттаудың еріксіз жағдайы (Р.А. Низамов), ал оқушының өмірлік позициясындағы іс-әрекеттілігі (Г.И. Щукина), тұлғаның оқыту сипатына, мазмұнына, таным мақсатына еріктік-күш жігерін жұмсау іс-әрекеті сапасын (Т.Н. Шамова) сараптаған болса, танымдық қызығушылық мәселесі Т.А.Буянова, Э.К. Васильева, О.А. Золотарева және т.б. еңбектерінде көрініс тапқан. [61]
Қазіргі кезде педагогикалы-психологиялық ғалымдардың еңбектерінде кәсіби қызығушылықтардың дамуы мен кәсіби өзіндік айқындалу дәрежесіне және әлеуметтік ортаның жеке тұлғаға ықпал ету мәселелеріне мән беріліп, өзіндік тұрғыда қарастырылып отыр. Кәсіби қызығушылықтарды тәрбие үдерісінде қалыптастыру жолдарын Л.А. Вайсбург, Ю.П. Вавилов, А.А.Газаев және т.б. ғалымдар талдаған.
Студенттердің танымдық үрдісін тиімді етіп ұйымдастыру арқылы оқу белсенділігін арттыру және танымдық қызығушылығын қалыптастыруды психологиялық тұрғыдан А.Н.Леонтьев, А.Р. Лурия, С.Л. Рубинштейн, Л.В. Занков, Л.В. Эльконин, А.В. Петровский, педагогикалық тұрғыдан П.И. Пидкасистый, Т.И.Шамова, Т.Н.Щукина, отандық ғалымдар Ж.И.Намазбаева, Т.С. Сабыров, Н.Д. Хмель және т.б. зерттеді.
Әдістемелік тұрғыда Н.А. Ахметова, А.Е. Әбілқасымова, Т. Әбілова, А.А. Бейсенбаева, М.Х. Балтабаев, Ж.Т. Дәулетбекова, Р.К.Дүйсенбінова, М.Ж. Жадрина, Қ. Қайым, Қ.Қ. Қабдықайыров, И.Д.Синельникова, О.С.Салимбаев, А.Т. Томаев, Б.Т. Набиева, Н.А. Рыков және т.б. ғалымдар зерттеп, жеке пәндерді оқытуға байланысты және сабақтан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктерін анықтауға үлес қосты. [62]
Мәселен, Б.Т. Набиева “Сабақтан тыс және сабақ байланыстылығы арқылы пәнге деген оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру” тақырыбындағы ғылыми зерттеу еңбегіндегі мәселеге ғылыми талдау жасай келе, оқушының танымдық қызығушылығын қалыптастырудың әдістемелік негіздерінің мәнін айқындап және сыныптан тыс оқытуды теориялық негізде байланыстыруға әрекет жасаған. [63] Дегенмен жоғарыда аталған ғылыми жұмыстарды саралай келе, студенттердің танымдық қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған мектеп пен жоғары оқу орындарының арасындағы сабақтастық маңызын өзіндік тұрғыдан анықтама беруді жөн көрдік:
Ақыл-ойы кемелденген, парасаты мен тұлғалық қасиеті жоғары маман дайындау ісінде оқушылардың төменгі сатыда алған білімін, меңгерген дағдыларын, қалыптасқан тәлімдік нормалары мен ұстанымдарын және білуге, үйренуге, түрлі іс-әрекетті орындау әдіс-тәсілдерін меңгеруге деген ішкі сезімдерін (ынта, ықылас, ниет, түрткі, тілек, қажет т.с.с) жоғары сатыда жаңа деңгейде дамытуды танымдық қызығушылықты қалыптастырудағы мектеп пен ЖОО арасындағы сабақтастық дейміз.
Адамда сан алуан қызығулардың болуы мүмкін. Бірақ бұлардың ішінде ең басыңқы қызығуы болады. Мұндай қызығулар, әсіресе, оқу әрекетіне аса қажет. Оқуға қызығудың әсерлі, күшті, тұрақты, мазмұнды болуы оқушының сабақты үлгеруіне ықпал етеді де, терең білім алуына көп жәрдемін тигізеді. Оқу қызығулары студенттерде оқу түрткілерінің дамуына байланысты қалыптасып отырады. Студент жастарда қызығудың жөнді көрінбеуі, олардың өмірін мазмұнсыз етеді. Мұндайда олар енжар болып іші пысады, зерігіп берекесі кетеді. Қызығудың мазмұнды әрі кең, өрісті болуы оның басты ерекшеліктеріне байланысты. Қызығуы тұрақты қасиетке айналған адам ғана іс-әрекеттен жақсы нәтиже шығара алады, ісі әр уақытта да берекелі болады.
Кейбір адамдар кез келген нәрсеге қызығады да, оның бірде-біреуіне нақты тұрақтамайды. Мұндай “көрсе құмар” әуесқойлық қасиеттер адамды тұрлаусыз, тұрақсыз етеді. Егер осы әдет бойға сіңіп кеткен болса, бұл - үлкен кемшілік. Қызығуы тұрақтанбаған адам қызметтің қай саласында болмасын пәрменді еңбек ете алмайды. Тек тұрақты қызығу ғана адамның бүкіл бойын билеп, қандай бөгеттер болса да жеңе білуге, небір ауыртпалықты көтеруге жәрдемдеседі.Қызығулар өзінің мазмұны мен бағытына қарай, Қ.Б. Жарықбаев, Ә.Алдамұратов және т.б. бір топ ғалымдарымыздың пікірінше, материалдық, қоғамдық-саяси, кәсіптік, эстетикалық, оқырмандық, спорттық, танымдық болып келеді. Бұл қызығушылықтардың әрқайсысы өз алдына бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, таным қызығулары: оқуға, ғылымға (математика, химия, биология, философия т.б.), ал кәсіпке қызығуларға салалы кәсіптің түрлеріне, мамандықтарға байланысты болып бөлінеді. [64]
Эстетикалық қызығулар: кино, театр, музыка, бейнелеу өнеріне және т.б. сәйкес жіктеледі. Адам объектіге түрлі мақсдеген көздеп қызығады, осы тұрғыдан қызығуды тікелей және жанама деп екіге бөлуге болады. Тікелей қызығу айналадағы нәрселердің тартымдылығынан туады да, жанама қызығу – бұл әрекеттің түрткі нәтижесін қажетсінуінен туындайды. Мұндай қызығу барысында адам көздеген мақсатқа біртіндеп, сатылап жетеді. Мәселен, оқуға, еңбек етуге т.с.с. қызығу. Жанама қызығу тұрақты болып келетін болса, адамның ісі оңға басып, ол әрнәрсені білген үстіне біле түсуге ықыласы артып отырады. Адамдардың қызығу саласындағы ерекшеліктері де әр түрлі. Бұл өзгешеліктер адамның іс-әрекетіне, көзқарасы мен талғамына, мұраты мен мүддесіне байланысты белгілі мазмұнға толы болады. Мысалы: бір адамдар саяси мәселелерге қызығатын болса, екінші біреулер эстетикаға, әдемілікке қызығады. Ал, үшінші біреулері ғылыми-теориялық мәселелерге ерекше назар аударып отырады, төртінші біреулерде осы айтылғандардың барлығы бірдей тоғысып жатады. Мектеп жасындағы балаларда қарапайым танымдық қызығушылықтармен қатар спорттық, оқырмандық қызығулар да кездеседі.
Қызығу пәрменді, белсенді болу үшін бала тікелей бір әрекеттермен айналысуы қажет. Мұғалім не тәрбиеші балалардың қызығуын тәрбиелеуде олардың өзіне әлі де мәлім емес кейбір жанама қызығуларын тауып, соларды тұрақтандыру үшін әрекет жасауы керек. Сонда ғана бала рухани өмірге бай, зерігуді білмейтін, жан-жақты, қабілетті адам болып шығады.
Жалпы педагогикалық ғылыми еңбектерде «Қызығу», «Қызығушылық» ұғымы деп қарастырылуда. Ал педагогиканың тәжірибелік аспектісінде қызығушылық деп қолданылғандықтан екі сөз мағыналас, екі сөздің мағынасы өзгермейтіндіктен, қызығушылық деп қолдандық. Қызығушылық қалыптасуы үшін адам бойында сенімділік туындауы керек. Сенім мен дүниетаным қатарласып жүрсе ғана өз мақсатыңа жетуге мүмкіндік туады.
Ж.Р. Баширова мен Н.С. Әлқожаеваның “Иман - тәрбие негізі” еңбектерінде имандылық, адам баласының бойында шын мәнісіндегі сенім мен сезімді тәрбиелейді делінген. Сенім деген ұғымға бір жақты қарауға болмайды, ол тек құдайға, Аллаға сену дегенді білдірмейді, сонымен қатар ғылымға, білімге, болашаққа, адамның бір-біріне сенуін де сөз етеді. Бұған адамның талғамы, тәрбиесі, өскен ортасы, жанұясы, тәжірибесі де елеулі әсер етеді. Қызығу сенім, талап, мұрат, адамды әр кезде іс-әрекетке талпындырып отыратын ең күшті қозғаушы түрткілердің бірі болып табылады. Түрткілер, қызығулар адамның іс-әрекетінде анық байқалады деген тұжырым жасаған. Яғни, адам өзі сенген нәрсеге ғана қызығушылығы артады деп ойлаймыз.
Жалпы, қорытындылай келе, ЖОО мен мектептің сабақтастығында негізінде оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру мәселелерінен ұсыныстар туындады:
-мектепте қалыптасқан танымдық қызығушылықты әрі қарай дамыту үшін мектеп пен ЖОО арасындағы сабақтастықты сақтау қажет;
-мектептегі жоғары сынып оқушылары мен университеттегі алғашқы курс студенттерімен бірігіп канференциялар, дебаттар, дөңгелек үстелдер, іс-шаралар жыл сайын жүргізіліп отырылуы керек;
-университет оқытушылары мектептермен үнемі тығыз байланыста болуы керек;
-оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруда ғалымдардың педагогикалық көзқарастарының өзара үндестігі мен сабақтастығын ашып көрсететін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет;
-мектеп пен ЖОО сабақтастығы жөнінде іс-тәжірибелер жинағын құрастыру керек.[65]
Салт-дәстүр - әдет, әдеп, әдет-ғұрыптың өмiр заңдылығы болып қалыптасқан түрi
Тыйымдар – тәртiптiк, тәлiмдiк iс-әрекеттегi шек қою, мәжбүр ету, талап қою әрекеттерi
Ырымдар – жақсыдан шарапат көру үшiн, жамандықтан қашу үшiн орындалатын сенiмдiк iс-әрекеттер.
Достарыңызбен бөлісу: |