Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ: «Болашақтың»
шарапаты елге тиіп отыр
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Болашақ» халықаралық бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша Үкімет отырысында есеп берді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен 1993 жылы тағайындалған стипендия әлем бойынша бірегейлігімен ерекшеленетінін тілге тиек еткен министр осы уақытқа дейін 9 250 адам «Болашақтың» шарапатын көргенін атап көрсетті. Бас ұстаздың айтуынша, 5 714 ізденуші халықаралық бағдарламаны ойдағыдай аяқтаған, ал 2 796 стипендиат бүгінгі таңда дүниежүзінің 33 елінде білім алып жатыр. Түлектердің 20 пайызы — мемлекеттік секторда, 21 пайызы — ұлттық, 55 пайызы — жекеменшік компанияларда, 4 пайызы халықаралық һәм үкіметтік емес ұйымдарда жауапты қызмет атқаруда.
«Бағдарлама ел қажеттілігіне байланысты саны мен сапасы жағынан үнемі өзгеріп отырды. Әрбір жаңалық жинақталған тәжірибеге негізделді. Бағдарлама соңғы екі жылда барынша жаңартылды және оған күрделі міндеттер қойылды. Біріншіден, 2011 жылдан бастап бакалавр даярлау тоқтатылды. Қазіргі кезде бағдарлама магистрлер мен PhD докторлар даярлауға бағытталған және академиялық, ғылыми мобильдік шеңберінде тағлымдамадан өтуге басымдық берілген. Шетелдік университеттердің тізімі қайта қаралды. Қазір олардың саны әлемдік рейтингі жоғары 200 университетті ғана құрайды. Екіншіден, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі түбегейлі шешілді. Бағдарламалы-мақсатты әдіс енгізілді. 2011 жылдан бастап мамандарды даярлау мақсатты өтінімдер негізінде жүргізіледі. Өз қызметкерлерін оқуға жіберген ұйым шарттың бір тарабы болады. Оған маманның жұмыс орнын сақтау бойынша міндеттемелер бекітілді. Стипендиат оқуын бітірген соң жіберуші ұйымға, өндіріске келіп бес жыл міндетті түрде жұмыс істейді», – деді Б.Жұмағұлов. Министрдің мәлімдеуінше, бұдан былай бітірушілердің елге оралуы және жұмыс істеуі қатаң бақылауда болады. Бұл үшін министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп «Шетелдегі студент» ақпараттық жүйесін іске қосты. Енді шекара қызметі халықаралық бағдарламаның түлектеріне қатысты ақпаратты министрлікке жеткізіп отырады. Бұл «болашақтықтардың» тыныс-тіршілігі үнемі министрліктің назарында болады деген сөз. Көпфункционалды ақпараттық жүйенің бір бөлімі «е-Болашақ» деп аталады. Ол стипендиаттар бойынша мониторинг жүргізіп, қаржыландыруды және статистикалық есепті қамтамасыз етеді. Айтпақшы, «Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау Мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізіліпті. Бұл туралы БҒМ басшысы: «Болашақ» стипендиясынан үмітті болған Қазақстан Республикасының барлық азаматтары елдің кез келген жерінен электронды үкімет порталы, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжат тапсыра алады. Бұл бастама аймақтардағы үміткерлердің мүмкіндігін арттыру үшін жасалып отыр. 2011 жылы аймақтардағы үміткерлердің бағдарламаға қатысу үлесі 39 пайыз болған. Былтыр бұл көрсеткіш 47 пайызға жетті», – деді.
42
«Болашақ» бағдарламасының шеңберінде аймақтарды экономиканың сұранысына сай білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмапты. Осы турасында Б.Жұмағұлов: «Өңірлік даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл сайын аймақтың мамандарға сұранысы бойынша мақсатты өтінім жасайды. Министрлік оларды аймақтарына қайтара отырып, бағдарламалық-мақсатты даярлауды үйлестіреді. Бұл бағытта Білім және ғылым министрлігі мен Өңірлік даму министрлігі арасында меморандум жасауды орынды деп есептейміз», — деді.
Еліміздегі мамандықтардың тапшылығынан арылу үшін бағдарлама аясында мақсатты топ ұйымдастырылатын болыпты. Мәселенің мән-жайын министр былай баяндады: «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының төрағалығымен өткен республикалық комиссияның соңғы отырысында мамандық топтарын нақты даярлау туралы шешім қабылданды. Бұл мәдениет, журналистика, ақпараттық технологиялар саласына, сондай-ақ техникалық және қоғамдық-саяси мамандықтарға, ұлттық қауіпсіздікке қатысты. Біздің министрлік тиісті орталық органдармен бірлесіп осындай топтарды жасайтын болады. Елдегі сұранысты толық қанағаттандыру үшін мамандықтардың атауына ғана емес, даярлау мазмұнына да назар аударуымыз қажет».
Министрдің сөзін мұқият тыңдаған Үкімет басшысы Серік Ахметов «Болашақ» бағдарламасын тағайындау Елбасының тарихи шешімі болғанын сөз етіп, Қазақстанның дарынды жастарын қолдау жалғаса беретініне тоқталды және министрге нақты тапсырма жүктеді. «Білім және ғылым министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Болашақ» бағдарламасының түлектерін жұмыспен қамту бойынша кешенді іс-шаралар қабылдасын. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономиканың даму басымдықтарының еңбек және еңбек нарығының нақты қажеттілігін ескере отырып, шетелге кадрларды даярлау жоспарын жасасын», – деді ол.
Жиыннан соң «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек журналистерге сұхбат берді. Ол «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарын оқытудың орташа шығыны 14 млрд теңгені құрайтынын, бір стипендиатқа жылына 5 млн 623 мың теңге жұмсалатынын, шетелде білім алатын қазақ жастарына ай сайын 2 мың АҚШ доллары көлемінде шәкіртақы төленетінін тілге тиек ете келіп, күні бүгінге дейін 333 адам оқу үлгерімінің нашарлығынан, отбасылық проблемаларынан және жеке бас жоспарының өзгеруі салдарынан стипендияларынан айырылғанын айтты. С.Нұрбек «Болашақ» стипендиясынан айырылған 80 адам өздерінің оқуларына мемлекет жұмсаған қаржыны қайтарудан жалтарып жүргенін де бүкпесіз баяндады. «Бұлардың барлығы түптің-түбінде мемлекеттің өздеріне жұмсаған ақшасын қайтарады. Бұған олардың жылжымайтын мүліктері кепіл болады. Егер стипендиат өз міндеттемесін орындамаса, оқуын тастап кетсе, айрықша процедура іске қосылады. Бұрындары біз бұл мәселелерді сот арқылы шешетінбіз. Қазір Президент жанындағы кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен, бағдарлама қатысушысына төлем төлеу кестесі бекітіледі. Мәселенің әлеуметтік өткірлігін ескере отырып, төлем төлеуді 10 жылға ұзарттық. Яғни қандай да бір үстеме ақысыз, пайызсыз, «аяушылықты» кесте түзіледі де, бұрынғы стипендиат 10 жыл көлемінде мемлекеттің өзіне құйған қаржысын қайтарады», – деді акционерлік қоғам басшысы.
//Класс Тайм.-2013.- 24 сәуір.-2 б.
43
Мақтағали БЕКТЕМЕСОВ, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.
Транзитология – толымды тақырып
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарына арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың екінші жылы да аяқталды. Осы аталған мемлекеттік бағдарламаның іске асуы негізінде соңғы жылдарда ғана еліміздің білім беру жүйесіне атап айтуға тұрарлық ерекше жаңалықтар енгізілді. Олардың қатарында – электронды оқыту, жанбасылық қаржыландыру, ұлттық деңгейдегі сапалық бақылау, Кембридж университеті бағдарламасы негізінде мұғалімдердің біліктілігін арттырудың мүлде өзгеше жаңа жүйесі, жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірушілерді тәуелсіз сертификациялау, бағдарламаларды, академиялық ұтқырлықты жетілдіру есебінен жоғары білімнің сапасын көтеру, шетелдік ең үздік мамандарды дәріс оқуға және сабақ өткізуге шақыру, жоғары оқу орындарын оңтайландыру және тағы басқа да өзгешеліктер бар.
Осылардың барлығы Елбасының өзі күн тәртібіне қойған зор міндет – еліміздің болашағы – жастарға сапалы білім беруден туындап отыр. 2012 жылдың өзінде ғана «Өрлеу» БАҰО АҚ негізінде балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері, жиыны 6,5 мың педагог біліктілігін арттырды. Алдағы бес жыл уақыт ішінде Кембридж университетінің жаңа бағдарламасы бойынша 120 мың қазақстандық мұғалімді қайта даярлау жоспарланып отыр. Жүзеге асқан жарқын істердің нәтижесін осы жаңаруларға тікелей қатысы бар біз ғана емес, жергілікті тұрғындар да сезінуде.
Үстіміздегі 2013 жылдың 4-5 сәуірі аралығында Семей мемлекеттік педагогикалық институтында «Өзгермелі әлем: қазіргі қазақстандық қоғамның трансформациясы және әлеуметтік транзитология мәселелері» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция қоғамды трансформациялау жағдайындағы әлеуметтік транзитологияға тікелей қатысы бар: «Білім беру транзитологиясы: дүниежүзілік тәжірибе және Қазақстан», «Қазақстандық қоғам және мәдени транзитология», «Тарихты жаңаша пайымдау», «Еуразияшылдық мәдениеттер диалогының контексіндегі трансформациялық үдерістердің көрінісі» және «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның экономикалық трансформациясы: басты тенденциялары мен қайшылықтары» сияқты бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көтерді. Бұл конференцияның жұмысына отандық ғалымдармен бірге Ресей Федерациясының ғалымдары да белсене атсалысты.
Талай жылдардан бері Семей мемлекеттік педагогикалық институты Ресейдің Алтай өлкесінің әкімшілік орталығы – Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясымен тығыз шығармашылық байланыс орнатып отыр.
Сол сияқты, институттың академик Манаш Қозыбаев атындағы тарихи және саяси-әлеуметтік зерттеулер ғылыми орталығы он жылдан астам уақыттан бері Ресейдің және Моңғолияның ғылыми орталықтарымен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде соңғы жылдардың өзінде ғана пединституттың тарихшы ғалымдары Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімінің Тарих институтының ғалымдарымен бірлесе отырып, «Жоғарғы Ертіс XVII-XXI ғғ.: ұлттық-мемлекеттік, этномәдени және экологиялық өзара ықпалдастық» тақырыбына қатысты үш мұрағат материалдарының жинақтарын құрастырып және бір монографияны жазып шығарды.
Америка Құрама Штаттарының Питтсбург мемлекеттік университетімен, Ұлыбританияның Рэдинг және Нъюкасл университеттерімен, Венгрия Республикасының Янош Кодолан атындағы қолданбалы өнер университетімен де байланысымыз жылдан-жылға нығая түсуде.
Институттағы инновациялық өзгерістердің ішінде студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын шынайы іске асыру мәселесі алдыңғы орында тұр. Себебі, осы бағытта, өзіміздегі және отандық ғалым-педагогтардың білікті мамандар даярлаудағы жинақталған үлкен тәжірибелерін игеріп қана қоймай, шетелдік педагогика саласындағы маманданған жоғары оқу орындарының тәжірибелеріне де зор көңіл бөлудеміз. Оның себебін жан-жақты ашып айтпаса да түсінікті. Егерде негіздің негізін мектеп деп есептесек, ал ондағы ұстаздың білікті болуы біздер даярлайтын ертеңгі маманға байланысты. Солардың
44
қатарында студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын шынайы іске асыру да бар. Нақтылай кетсек, студенттердің академиялық ұтқырлығы, «Қос диплом» 2+2 Бакалавр бағадарламасы бойынша жүзеге асуда.
Семей мемлекеттік педагогикалық институты Корея Республикасының Джионгсанг Ұлттық университетімен тығыз байланыс орнатып отыр. Екі жоғары оқу орны арасында студенттер алмасу жылма-жыл іске асырылуда. Қазіргі кезеңде пединституттың 15 студенті «Информатика», «Шет тілі: екі шет тілі» және «География» мамандықтары бойынша осы университетте білім алуда. Сол сияқты, бізге бір жыл мерзімге келген Джионгсанг университетінің 5 студенті келесі жылы да осында оқуға тілек білдірді. Біз осыған қарап, шетелдік студенттер институтымыздың білім сапасына риза деп ой түйе аламыз. Біз мұны, ертеден үлкен тәжірибе жинаған отандық педагогикалық білім саласының және оның бүгінгі заман талаптары негізінде дамытылып отырғандығының нәтижесі деп білеміз.
Жоғарыда аталған халықаралық конференцияға қатысқан қазақстандық ғалымдар өз баяндамаларында отандық білім мен ғылым саласындағы соңғы уақыттарда іске асырылған сапалы өзгерістерге тоқталды. Олардың айтуынша, білім және ғылым заңдарының қабылданып, іске аса бастауы саласындағы оң өзгерістерге негіз болуда. Олар сонымен бірге, мектеп мұғалімдерінің және біздің ел ғалымдары мәртебесінің көтерілуіне жағымды баға берді. Мәселен, қауымдастырылған профессор және профессор ғылыми атақтарын енді қаржылай қолдау енгізіліп отыр. Бұл бұрынғы ұлттық академияның зерттеу институттарындағы академиктердің қаржылық қамтамасыз етілуімен пара-пар нәрсе. Бүгінгі таңда білімнің және ғылымның салалары бойынша сапалы оқулықтар дүниеге келуде, олардың үлкен бөлігі уақыт сынынан өткен, жоғары сұраныстағы ағылшын, неміс және француз тілдеріндегі оқулықтардан төте аударылуда. Бұл да қуанарлық үлкен жетістік.
Конференцияның өзіндік ерекшелігі оның Онлайн жағдайында өтуінде болды. Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясының ғалымдары сол күні өздеріндегі үлкен конференц-залда монитордың алдында отырды. Біздегі конференция басталғанына бір сағат уақыт болғанда, алдын ала қарастырылғандай, телекөпір арқылы баяндамаларды тыңдау және талқылау басталды. Алтай педагогикалық мемлекеттік академиясының профессоры, философия ғылымдарының докторы Светлана Ан өзінің ешкімді бейжай қалдырмаған, қызығушылықпен көптеген сұрақтар туғызған «ХХ-ХХІ ғасырлардағы Ресей мәдениетінің трансформациялануы» атты баяндамасында ұлттық мәдениеттің қазіргі жаһандану жағдайындағы сыртқы әсерді сезінуі және қабылдауы мәселесімен қатар, ұлттық құндылықтардың қалпына келуіне байланысты айтқандары қазақстандық тыңдаушылардың көңілдерінен шықты. Ал, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімі Тарих институтының сектор меңгерушісі, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Михаил Шиловский өзінің «Ресей мен Қазақстанның мысалындағы посткеңестік кезеңдегі еуразияшылдықтың тұжырымдамалық бағыттарының трансформациясы» тақырыбындағы баяндамасында елді қызықтыратын тұжырымдар мен фактілер ұсынды. Мәселен, Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанин негізін қаласқан Сібір автономистерінің (облысшыларының) қозғалысы мен Алаш қозғалысының, Алашорданың арасындағы тарихи байланысты көрсетуі шынайы қызығушылықты туғызды. Сонымен бірге, ресейлік ғалым Қазақстанның білім және ғылым саласына енгізілген және оң нәтижелер беріп отырған жаңалықтарға үлкен баға берді. Оның айтуынша, білім мен ғылым саласындағы өзгерістерде Қазақстан көшбасшы болып отыр. «Сіздердің жүріп кеткен жолдарыңыз және жинақтаған тәжірибелеріңіз бізге үлгі. Сіздер қашан да, қай салада болмасын бізден көш ілгері кетіп барасыздар», деді ресейлік ғалым. Мұның бәрі көңілге қонатын, шын мәніндегі біздегі атқарылған істерге шетелдік әріптестің тарапынан берілген әділ баға болды.
//Егемен Қазақстан.-2013.-26 сәуір.-7 б.
45
«Түркістан-ақпарат»
ҒЫЛЫМИ-ОҚУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Механика-математика факультетінде НР компаниясының «НР Технология Институты» бағдарламасы аясында НР ғылыми-оқу орталығы ашылды.
Оқу орталығының ашылу салтанатына НР Hewlett-Packard вице-президенті, өсуші нарық департаментінің директоры Вольфганг Виттмер, Қазақстандағы НР-дің бас директоры Ерлан Дүйсенбин, Орталық және Шығыс Европадағы НР ғылыми-оқыту бағдарламаларының жетекшісі Игорь Белоусов, ҚазҰУ-дің бірінші проректоры М. Бүркітбаев, механика-математика факультетінің деканы Д. Ахмед-Заки, факультеттің профессорлары мен оқытушылары, студенттері қатысты.
Ғылыми-оқу орталығының негізгі мақсаты НР ұсынатын бағдарламалар негізінде студенттер мен оқытушылардың заманауи бағдарламаларды меңгеріп, білімді арттыру. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы НР Технологиясы оқу-ғылыми орталығының директоры Болатжан Құмалақов орталықтың ашылу кезінде презентация жасап, барша жиналған қауымды жан-жақты орталықпен таныстырды.
Орталық НР компаниясы ұсынған соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, бағдарламалық жасақтамамен қамтамасыз етілген. Мәліметтерді сақтау базасы, тораптық жабдықтармен (сымсыз желілерге арналған құралдармен), оқытушылар мен студенттерге арналған персоналды компьютерлермен жабдықталған. ҚазҰУ оқытушыларымен бейімделген және оқу бағдарламасы барысында дәріс, арнайы курстар мен зертханалық және тәжірибелік сабақтарда оқыталатын болады. Орталық «Университеттік статусқа» ие және мұндай бағдарламалар оқытушылардың да біліктілігін арттыру мен қайта даярлауда қолданылатын болады. Студенттер, магистранттар, барлық факультеттер оқытушылары орталықта тегін оқып, өз білімдерін жетілдіріп, халықаралық дәрежедегі сертификат алуға мүмкіндіктері бар.
ҚазҰУ-дағы НР-дың Ғылыми-оқу орталығы – Қазақстандағы әрі ТМД елдеріндегі тұңғыш орталық болып табылады. Бұл жерде НР АТА (Accredited Technical Associate) бағдарламасы ендірілген. «НР компаниясы оқыту бағдарламаларын ұсынады, ол университет оқытушыларына бейімделген, факультеттегі лекцияларға қосымша арнайы курс түрінде және зертханалық-өндірістік жұмыстар арқылы жасалынатын болады. Сондай-ақ, бұл бағдарламалар оқытушыларды сертификаттау арқылы оқытушыларды қайта даярлау, біліктілікті арттыруда да қолданылады», – дейді өз сөзінде Қазақстан мен Қырғызстандағы НР өкілдігінің директоры Ерлан Дүйсенбин.
ҚазҰУ НР АТ бағдарламасы бойынша Орталық және Шығыс Европада елдеріндегі 30 жоғары оқу орындарының бірі атанды.
//Түркістан.-2013.-25 сәуір.-8б.
46
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы, Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры
ЭЛЕКТРОНДЫҚ ОҚЫТУ «ӨМІР БОЙЫ БІЛІМ АЛУ»
ҚАҒИДАСЫНА ЖОЛ АШАДЫ
Президенттің «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы еліміздің таяу жарты ғасырға саяси және экономикалық дамуының міндеттері мен стратегиялық мақсаттары анықталған құжат болып табылады. Жолдауда XXI ғасырдың – білім мен ғылымның ғасыры, инновациялық технологияның, электронды-ақпараттық техниканың ғасыры екеніне ерекше назар аударылған.
Әлемдік қаржылық дағдарыс дамыған Еуропа елдерінің экономикасын шайқалтып, бұл елдерде әлеуметтік салаға бөлінген қаржы мөлшерінің күрт қысқаруына, жұмыс орындарының азаюына, мемлекеттік қызметкерлердің жалақыларының кемуіне, жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының қымбаттауына әкеліп соғып жатқанда Елбасының әлеуметтік салаға, оның ішінде білім саласына бөлінген қаржы көлемін жыл сайын еселеп көбейтіп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында адамзаттық ресурстардың әлуетін арттыру мақсатында білім беруді түбегейлі жаңартудың басым бағыты болып әлемде «е-learning» деп атап кеткен электрондық оқыту жүйесін отандық білім жүйесіне енгізу таңдап алынды. Электрондық оқыту динамикалық бәсекеге қабілетті білімге негізделген экономиканы құрудың, бүкіл ғұмыр бойы оқыту кеңістігін және Еуроодақты құрудың негізгі құралдарының бірі ретінде 2000-2010 жылдарға арналған Лиссабон стратегиясында мойындалды.
Жүйені құрудың мақсаты – жаппай сапалы білімге бағытталған озық білімдік ресурстар мен технологияларға білімдік процестің барлық қатысушыларының тең қатынас құруын қамтамасыз ету. Қойылған мақсаттың жетістігі оқыту сапасын, білім беруді басқару тиімділігін, сыртқы ортамен ақпараттық кірігуді арттырады және: •білім беруді басқару жүйесін автоматтандыру үшін; •білімдік процесті технологияландыру үшін; •Отандық цифрлық білімдік ресурстарды (ЦБР-ды) дайындау үшін жағдайлар жасайды. Электрондық оқытуды 2015 жылға дейін республика мектептерінің 50 пайызына, ал 2020 жылға дейін 90 пайызына енгізу жоспарланды. Оқу процесіне автоматтандыруды енгізу үшін әрбір білім беру ұйымы қажетті жабдықтармен жарақтандырылатын болады: компьютердің жаңа түрлерімен, кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету және т.б. Білім беру ұйымдарының 90 пайызының қажетті оқу ресурстары бар интернет ресурстары болады. Негізгі және бейіндік орта мектепте оқытылатын әрбір пән бойынша интерактивті және зияткерлік цифрлы білім беру ресурстары әзірленеді. Орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын цифрлы білім беру контентімен (қандай да бір ақпараттық ресурспен – мәтін, кескіндеу, музыка, бейне, дыбыс және т.б, толықтыру (мысалы: интернет ресурстар контенті) ашық қолжетімділікте толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оқытушылар жасаған электрондық білім беру ресурстары (медиатекаларды бір орталықтан құру және ресурстармен толтыру) дамытылады. Оқушы автоматтандырылған жүйеде жеке портфолиосын, күнтізбесін, күнделігін жүргізеді. Мұғалім күнтізбелік тақырыптық жоспары бар электрондық дәптерді, сынып журналын, хабарландыру қызметі (алда болатын жоспарлы және жоспардан тыс жиналыстар мен кездесулер туралы оқушылардың ата-аналарына e-mail немесе sms-хабарламалар, есептілік және т.б. жіберу) толтыратын болады. 2011 жылы
47
республика бойынша 44 білім беру ұйымында электрондық оқыту жүйесі пилоттық жоба ретінде жүзеге асырыла бастады. Электрондық оқыту педагог мамандардың «өмір бойы білім алу» қағидасының қолжетімділігін арттырумен қатар, ауыл мен қала мектептеріндегі педагогтардың білім деңгейлерін теңестіру үшін өздігінен кәсіби шығармашылық траекториясын дамытуына мүмкіндік туғызып, әлемдік кеңістікке шығуына жол ашады. Қызылорда облысының білім беру ұйымдары төмендегі кесте бойынша электрондық оқытуды енгізу жүйесіне енеді деп жоспарлануда. Электрондық оқыту жүйесін енгізудің негізгі индикаторы педагогтардың біліктілігін арттыруға негізделеді. Электрондық оқытуды біліктілікті арттыру жүйесіне енгізудің мақсаты – педагогтардың ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзырлылығын қалыптастыру болып табылады.
Осы орайда Қызылорда облысында электрондық оқытуға көшетін 30 білім беру ұйымының қызметкерлері курстан өткізілді. Республикалық институтта білім беру ұйымы басшылары, орынбасарлары, жүйе әкімшісі біліктілігін арттырса, облыстық институттарда колледж, кәсіптік лицей оқытушылары, мектептердің пән мұғалімдері курстан өтті. Курс мазмұны нормативтік-құқықтық, мазмұндық және технологиялық модульдерден тұрады. Курс соңында пән оқытушылары электрондық оқыту жүйесінің контенттерін, интерактивті тақта құралдарын әртүрлі салада қолданудың электрондық сабақтарын, портфолиоларын, электронды оқулықтар жасақтап, «Менің сабақтарым», «Менің бағдарламам», «Сандық білім ресурстары» тақырыптарында курстық жұмыстар жасап, қорғады. Өткізіліп жатқан курстардың мазмұны, оларға берілген таратпа материалдар мен платформалар педагогтардың электрондық оқыту ортасында еркін жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге курстардан өткен кез келген педагог өзінің портфолиосын республикалық институттың сайтындағы «E-learnіng» блогына тіркей және онлайн сауалнамалар мен тестке еркін жауап бере алады. Электрондық оқыту жүйесіне енгізілген білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарлары, оқытушылар, оқушылар үшін бағдарламалық қамтамасыз етудің аясы кеңейтілген. Ата-аналардың баласының жетістіктері туралы ақпараттық хабарлама алуына, сабаққа қатысуы мен оқу үлгерімдерін, сабақ кестесін, үй тапсырмаларының берілуін бақылауларына мүмкіндіктер қарастырылған. Электрондық лабораториялық жұмыстар жүргізу арқылы оқушылар түрлі зерттеу, ізденіс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. Білім алушылардың білімге деген құштарлығы артуда, сәйкесті түрде білім сапасының деңгейі де жоғарылауда. Электрондық оқытуды енгізу педагогтардың жас ұрпаққа өмірлік білім беру ұстанымын қалыптастыруға, әлемдік білім кеңістігіне еркін енуіне, желілік шығармашылық қауымдастық арқылы тәжірибе алмасуға, кәсіби қызметтерін электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Әлем мойындаған осындай тиімді оқыту жүйесін еліміздің білім саласына пәрменді түрде енгізуді батыл қолға алып отырған Білім және ғылым министрінің бұл бағыттағы жұмысы құптарлық деп ойлаймын.
//Айқын.-2013.-25 сәуір.-28 б.
Софья ІЗМҰХАМБЕТОВА, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Төр – мұғалімдікі
немесе келешекті Кембриджбен ұштастыру идеясы қалай жүзеге асуда?
Бүгінгі таңда елімізде білім сапасын арттыруға айрықша маңыз беріліп, осыған орай жанбасылық қаржыландыру, ұлттық деңгейдегі сапаны бақылау, Кембридж университеті бағдарламасы бойынша мұғалім біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі, колледждер мен ЖОО түлектерін тәуелсіз сертификаттау бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынып отыр. Осы ретте жоғары білім беру саласында жыл сайын 1000 таңдаулы шетелдік профессорды шақыру, ЖОО желісін оңтайландыру тәрізді жаңалықтар да көкейге қонады. Мұндайда әрине, жаңа технологияларға көшу мұғалімнің рөлін төмендетіп жібермей ме деген күдікті сұрақтың туары әбден заңды. Алайда, қазіргі дамыған елдердегі оқу үлгерімі бұл күмәнді түбегейлі жоққа шығарып отыр. «Е-learning» жүйесі арқылы білім деңгейінің 15-20 пайызға көтерілгендігі оған толықтай дәлел бола алады. Яғни оқушы өмірге анағұрлым жақсы білім қорымен араласу мүмкіндігіне ие болады деген сөз. 2011 жылы 44 білім ұйымында қанатқақты жоба өткізу арқылы мұндай фактінің растығына көз жеткізілген еді. Бүгінде еліміздің 600-ге жуық мектебі мен колледжі «e-learning»-ке» қосылған десек, 3-5 жылдың бедерінде оқу орындарының басым бөлігі оқытудың тың түріне түгелдей ауысады деп күтілуде. Ал, мұғалім рөлі мұнан ешбір де төмендемейді, өйткені, бұрын өтіліп келген сабақтар кестеден алып тасталмайды, тек оқытудың жаңа құралы ғана іске қосылады. «Е-learning» міне, сол оқу үдерісі мен білім беру ұйымдарын басқаруды жүзеге асырады.
Электрондық оқыту бағдарламасынан хабардар болу үшін облыстағы білім басқармасымен, білім саласын бақылау департаментімен, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы базасындағы педагогикалық шеберлік орталығы филиалымен, т.б. білім мекемелерімен бірлесіп, осынау мемлекеттік ауқымды бағдарламаға байланысты ұйымдастыру жұмыстарын қолға алдық. Бүгінде құжатты электронды рәсімдеуге мән беруіміз, екі апталық дәстүрлі курстарға электрондық дәрістерді енгізуіміз – осы бірлескен жұмыстың нәтижесі деуіме болады. «Zkoipk.kz» сайтына «e-learning» жүйесі енгізіліп, бүгінде ақпараттарды жинау деңгейінде жұмыс істеп жатырмыз.
Өткен жылдың 4 сәуірінде еліміз бойынша Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының үшінші (базалық) деңгей бағдарламасы бойынша үш айлық курстар басталған болатын. Бағдарламаның негізіне алынған сындарлы оқыту теориясына сәйкес «құзыретті мұғалім құзыретті оқушыны қалыптастырады» деген идея 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың Тұжырымдамасындағы: «Білім берудің негізгі міндеті – білімдік шоғырланудан нәтижеге бағытталған құзыреттілік тұрғыға көшу…» деген бағытына сәйкес келетінін атап өткім келеді.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» 2012 жылы өткізген 1-ші легінде 110 мұғалімнің барлығы дерлік біліктілік емтиханын сәтті тапсырып, республика көрсеткіші бойынша І орынға көтерілсе, 2-ші лектегі сабақ қорытындысында 186 мұғалім біліктілік сынағынан ойдағыдай өтіп, республика бойынша ІІІ орынға табан тіреді. Бүгінде институтта 290 мұғалім білімдерін жетілдіруде, олардың да жоғары нәтиже көрсететініне еш күмән жоқ. Сонымен қатар, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне, мектеп директорлары мен орынбасарларына Кембридж бағдарламасын түсіндіру семинарларын өткізуде.
Кез келген маманды кәсіби даярлау кезінде ең алдымен, теориялық білім тәжірибе жүзінде тексерілетіні мәлім. Кембридж бағдарламасының идеясы да осы бағытта жүзеге асады. Нақтылап айтсақ, үшінші деңгей курсының бағдарламасы 3 кезеңнен тұрады: бірінші бетпе-бет – қашықтықтан оқыту (мектептегі тәжірибе) кезеңі, екінші бетпе-бет – оқу курсы 12 аптаға созылып, әр аптада бес күн (8 сағат) оқиды, ал сенбі әр адамның өзінің жеке басының білімін жетілдіруге беріледі. Деңгейлік курстың үшінші (базалық) даярлығынан өткен педагог бірінші айда теориялық білім алса, екінші айда алған білімін өз сабағына пайдалануға мүмкіндік беріледі, ал үшінші айда әр педагог жіберілген
49
қателіктерін елеп-екшеуі нәтижесінде кешенді талдауға көшеді, яғни өз тәжірибесіне өзгерістер енгізуді жоспарлайды, есептер мен тұсаукесерлерден тұратын портфолио жасақтап, біліктілік емтиханын тапсырады.
Мұғалімдердің кәсіби мәртебесі мен тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесі мемлекеттік деңгейге дейін көтеріліп отыр. Соның бірі – педагогтың жалақысын өсіру болып табылады. Осы ретте айта кететін бір жайт, біліктілік емтиханын тапсырған сертификат иесі бүгінде өзінің пайыздық төлемақысына ие болуда.
Мұғалімдерді әдістемелік қолдау мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» тренерлері он-лайн режімінде семинарлар мен шеберлік-сыныптарын өткізуде, мұғалімдердің күнделікті сабақтарына қатысуда, ПШО сайты арқылы форум мен желілік қауымдастықта пікір алмасуда, интернет желісі арқылы жекелеген білім саласы қызметкерлеріне ақыл-кеңес беруде. Бұл жұмыстарды жетілдіре түсу үшін «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ» базасында «trener.orleuzko.kz» атты үш айлық курстан өткен мұғалімдердің желілік қоғамдастығы құрылды.
Әрине, электронды оқытуды енгізу үшін ең алдымен, мектептердің электр желілері кең жолақты интернет қосылғанда жүктемені көтере алатындай дәрежеде жұмыс істеуі керек. Ал қазір облыстағы 413 мектептің 30 пайызы кең жолақты интернетке қосылып, жылдан-жылға компьютерлендіру ісі жолға қойылуда. Кей мектептерде сынып журналы мен оқушы күнделігінің электрондық жүйемен жүргізіле бастауы – болашақтағы «Сөмкесіз мектеп» бағдарламасының алғашқы қарлығаштары іспетті. Мұның пайдасы өте көп. Мәселен, ата-ана мұнан былайғы уақытта баласының сабақ үлгерімін интернет арқылы біліп, қадағалап отыру мүмкіндігіне ие болмақ. Сол себепті қазір мектеп директорынан бастап, мұғалімдер мен тәрбиешілерді арнайы сыныптан өткізуді кезек күттірмейтін мәселе деп санаймыз. Ал былтыр желтоқсанда Кореяның Сеул қаласында «e-learning» жүйесі бойынша өткен семинарға институт директорының орынбасары Е. Сафуллин қатысып, республикадан барған делегаттардың атынан шеберлік сыныбын өткізіп, бейнедәріс жасап қайты. Мұның өзі қазақстандық білімнің халықаралық деңгейге ұмтылысының бір дәлелі деп есептеймін. Ал, өз басым заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың бүгінгі қарқыны өсіп-өркендеуі үшін шетелдік тәжірибенің озық тұстарын қабылдауды барынша қолдаймын. Себебі, жаһандану үдерісінен тыс өмір сүру мүмкін емес. Осыған орай «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиал директорларын өткен жылы Сингапурға іссапармен алып барды. Сингапур оқытушылар одағы өткізген семинар біліктілікті арттыру мәселелерін шешу тұрғысында көпшіліктен кең қолдау тапты.
Сондай-ақ, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» «Кембридж бағдарламасы – тәжірибеде» атты облыстық семинар өткізудегі ойы да жаңаша жұмыс істеуге ұмтылыстан туған. Ол Америкадағы Кембридж университеті бағдарламасы бойынша институтта үшінші базалық деңгейлік курстарда оқып шыққан қала мен аудан мектептері мұғалімдерінің бірінші бетпе-бет кезеңін қорытындылауға арналды. Бағдарламаны түсіндіруші тренерлерді дайындаудың өзіне көп тер төгілді. Олар былтырғы жылы Кембриджден келген шетелдік әріптестерімен бірге әзірлік курстарын бастады. Бұл бағытта атқарылған шаралар болашақта өзінің тиісті жемісін береді деп сенемін. Өйткені, өткен жылы курс жұмысы Кембриджде талданып, бағалана келіп, 296 педагогке 3 деңгейдің сертификаты тапсырылған болатын. Менің үш деңгейлі курстарға ең таңдаулы ұстаздарды іріктеп жіберу керек деп айтып отырғаным сондықтан. Білім сапасы әділеттілік орын алған жерде ғана өсіп, өркен жаяды. Тағы бір ескерер жайт, педагог мамандығына жастар тек диплом алу үшін бармауы керек, жүрек қалауымен, жан дүниесімен таңдаса екен дейсің. Өйткені, олар елдің ертеңіне жауапты адамдар ғой. ХХ ғасыр басында ақиық ақын Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген екен. Бұл, сірә, мұғалімге қойылар талап оңай емес, зор жауапкершілікпен атқарылатын асыл парыз дегендікті меңзеген қанатты қағида болса керек. Ал қазір қалай? Мұғалімнің орны төрде ме, төменде ме? Біз төрге оздырғымыз келеді.
//Егемен Қазақстан.-2013.-27 сәуір.-9 б.
Достарыңызбен бөлісу: |