Сезім органдары. Құстардың есіту органдары рептилилердікі сияқты ішкі және ортаңғы құлақтан тұрады. Бірақ, құстардың құлақ қуысы рептилилердікінен гөрі күрделі. Евстахиев түтігі жұтқыншақ қуысына жалпы бір тесікпен келіп жалғасады. Есіту сүйегі біреу болады, дабыл жарғағы тері жамылғысының астында, сыртқы құлаққа ұқсас ояздау жерге орналасқан. Кейбір түн құстарында (үкілерде) бұл ояз жердің қуысы үлкен, оның айналасында дыбысты күшейтуге бейімделген жұқа тері қабаты болады. Жалпы алғанда, құстар жақсы естиді, Құстардың құлағы, көзімен бірге негізгі органдары болып саналады. Құстар өздеріне төнген қауіп-қатерді ең алдымен құлақтары арқылы сезеді.
Құстардың көру органы да жақсы дамыған: әсіресе, түн құстарының және қыран құстардың көз алмалары үлкен. Көзі кірпік еттерінің әсерімен көз хрусталигінің формасын өзгерту арқылы және көз алмасымен оны қоршап тұрған белокты қабығының формасын өзгертетін сақиналы бұлшық еттердің әрекетінен (хрусталикпен тор қабықтың арасының қашықтап және жақындауына байланысты) көретін болады. Құстарда төменгі және жоғарғы қабықтардың болуымен бірге, көздерінің алдыңғы ішкі бетінде бекіген, бүкіл көзін жауып тұратын үшінші қабағы да болады.
Құстардың кейбір түрлерінде ғана иіс органы жақсы дамыған, мысалы, Жаңа Зеландияның кивилар дейтін құсында; басқа құстармен салыстырғанда түтік тұмсықтылардың, үйректердің, тазқаралардың жылқышылардың иіс органдары жақсырақ дамыған.
Зәр шығару органдары. Құстардың ұрықтарында мезонепрос-дене (mesenephros) бүйрегі болса, ересектерінде метанепрос-мықын бүйрек деп аталатын бүйрегі (metanerhros) болады. Әр бүйректен клоаканың орта бөліміне барып ашылатын несеп түтігі шығады. Ересек құстардың қуығы болмайды; ал ұрықтарында, рептилилердің ұрығында болатын — аллонтоис сияқты қуық болса, тіпті кейбір құстарда бір жасқа дейін қуықтың бүйрегінің көлемі, рептилилер мен сүт қоректілердің бүйрегінен де үлкен болады. Құстар бүйрегінің үлкен болуы, олардың денесінде зат алмасу процесінің актив жүруіне байланысты.
Құстардың несебінде белокты заттың қалдығы көп болады және сүт қоректілердегідей мочевинадан тұрмай, негізінен несеп қышқылынан тұрады.
Несебі зар шығару системасы арқылы тез ағып өтеді. Ол несеп қышқылының нашар еритіндігінде. Өйткені нәтижесінде пайда болған несеп тұздары несеп жолдарын бітеп тастауы мүмкін. Бұл құстарда қуықтың болмауына әкеліп соғуы ықтимал. Құстарда зәрмен бөлінген судың мөлшері аса көп болмайды. Себебі, клоакадан зәрдің құрамындағы су сүзіліп организмге қайтады.
Бұл жағдай құстарда тері арқылы судың буға айналмауына байланысты, құстардың суды азғана мөлшерде қабылдауына әкеліп соғады. Жыртқыш құстардың көпшілігі және кейбір торғай тәрізділер тіпті су ішпейді.
Жыныс органдары. Аталық жыныс бездері бұршақ пішіндес, екі бүйрегінің үстіңгі жағында шарбы майына ілініп тұрады. Жыл маусымының өзгеруіне қарай, олардың көлемі де өзгереді. Мысалы, көбею кезінде қара торғайдың жыныс безі алғашқы көлемінен 1500 есе үлкейеді. Аталық жыныс безінің ішкі жағындағы жиегінде жетілмеген өсінді қосалқысы (epididymis) болады, ол ұрықтың дене бүйрегінің алдыңғы бөліміне ұқсайды. Олардың әрқайсысынан тұқым түтігі шығады (vas deferens) да ол несеп ағармен қатарласа отырып, клоакаға барып енеді. Кейбір түрлерінде бұл түтіктер клоакаға құяр алдында аздап кеңейіп, тұқым қалтасы деп аталатын қуысты құрайды.
Шағылыс органы кейбір құстарда ғана болады. Клоаканың жиегінің өсуінен пайда болған шағылыс органы қаз тәрізділерде, тырналарда және түйе құстарда болады. Құтандарда, дегелектерде де, қоқиқаздарда да және дуадақтарда шағылыс органының жұрнағы сақталады. Бұлар шағылысқанда еркегінің спермасы ұрғашысының клоакасының ішіне құйылады.
Көптеген құстардың ұрғашысының жыныс органы сол жақ аналық безі мен сол жақ жұмыртқа жолынан тұрады да асимметриялы болып орналасады. Оң жақ аналық безі кейбір ғана құстарда: күндізгі жыртқыштарда, үкілерде, гагарларда, тотыда жақсырақ дамыған. Бұл құстарда оң жақ жыныс безі қаншама жақсы жетілсе де, олар әрқашанда қызмет атқара бермейді. Оң жақ жыныс бездерінде жұмыртқа жетілгенімен, ол сол жақ жұмыртқа жолы арқылы сыртқа шығады.
Ұрғашыларының оң жақ аналық безінің нашар дамуы құстардың қатты қабықты, өте ірі жұмыртқа тууына байланысты болуы мүмкін. Тұқым жолымен жұмыртқа өте баяу қозғалады, яғни 1-2 тәуілікке созылады.
Аналық безінің (ovaria) басқа органдар сияқты белгілі дұрыс пішіні болмайды. Жұмыртқа жолының (tubae uterinae) бір ұшы клоакаға келіп ашылады да, екінші ұшы воронка арқылы дене қуысына келіп ашылады. Жетілген жұмыртқа, дене қуысынан түтіктің воронкасына түседі де, оның бойымен қозғалады. Нағыз жұмыртқа жолы бірнеше бөлімдерден тұрады. Бірінші бөлімі (pars albuminifera) — ең ұзыны, ішкі қабырғасында белокты заттар шығаратын бездері болады, осы бөлімінде тауықтардың жұмыртқалары 3-6 сағат болады және оның сырты қалың белокты қабатпен қапталады. Екінші жіңішке бөлімінде — жұмыртқа екі пергамент тәрізді белокты қабатпен скорлупа астындағы қабықпен қапталады. Үшінші бөлімі — кеңірек жұқа қабатты — жатын деп аталады. Мұның ішінде бездері көп болады. Ол бездердің шығарған заттарынан жұмыртқаның сырты известі, қатты қабықпен қапталады да онда пигментті заттар болады. Жатын ішінде жұмыртқа 12-20 сағат болады. Жұмыртқа жолының соңғы бөлімін қынап деп атайды. Бұл бөлімнің бұлшық еттері жақсы жетілген. Осы бұлшық еттерінің жиырылу салдарынан жұмыртқа клоака арқылы сыртқа шығады. Тұқым жолымен жұмыртқаның қозғалу мерзімі тауықтарда бір тәулік болса, көгершіндерде 41 сағатқа дейін созылады.
Жұмыртқа. Қалыптасқан жұмыртқа күрделі дене болып саналады. Әдетте нағыз жұмыртқа деп оның ішіндегі сары уызын айтады. Жұмыртқаның басқа қосымша бөлімдері (мысалы белок) жұмыртқа безінде емес, жұмыртқа жолында пайда болған қабаттары деуге болады.
Құс жұмыртқасының сары уызы көп болады. Сары уыз бөлімінің бет жағында протоплазма және ядродан тұратын түйір деп аталатын заты болады, ол ұрықтанған жұмыртқада кішірек ұрық дискасына айналады. Сары уыздың басқа бөлімі ұсақ көпіршіктерден тұрады. Егерде көз тоқтатып қарасақ, олардың қабаттары сары немесе мөлдір түсті уыздың кезектесуінен құралады. Жұмыртқаның қатты қабығын сындырсақ, сары уызы дөп-дөңгелек болып түседі. Өйткені, сары уыздың сырты арнайы жұқа қабықпен қапталып тұрады. Сары уызда балапанның организіміне керекті қоректік зат және денесін құруға қажет заттар болады. Сары заттың ішінде май және су көп. Дамитын ұрық, өзіне керекті суды, жұмыртқаның осы сары уызынан алады. Оған қосымша жұмыртқаның құрамындағы май да, тотыққанда өзінен су тамшыларын бөліп шығарады, мысалы, тауық жұмыртқасының, сары уызының құрамында: су - 50%, май - 23%, протеиндер -16%, липоидтер 11% болады. Қаздардың жұмыртқасының сары уызының құрамында: су - 44%, май - 36%, протеиндер - 17%, басқа заттар - 3% болады.
Жұмыртқаның сары уызының сыртында мөлдір жартылай сұйық (белок) деп аталатын екінші жұмыртқа қабаты болады. Оның сырты екі жұқа пергаментті қабықпен қапталған. Жұмыртқаның моқал ұшында температура өзгерген кезде оның көлемі өзгеруіне мүмкіндік беретін айтылған екі қабаттың арасында ауа болады.
Жұмыртқаның сары уызына қарай қабыршақ қабығынан "белоктың" ортасында белоктың тығыз ширатылған жіп тәрізді халаза созылып жатады. Халаза сары уызды шайқалудан сақтайды.
Жұмыртқа "белогының" негізгі маңызы нағыз жұмыртқаны (сары уызды) механикалық әсерлерден қорғайды және ұрықтың дамуы кезінде сумен қамтамасыз етеді. Мысалы, тауық жұмыртқасы белогының құрамы: 87% су, протеин - 12%, басқа заттар 1%.
Қатты қабық негізінен көмір қышқыл кальцийден (89-97%), аздап та болса басқа тұздар мен органикалық заттан тұрады. Қатты қабық негізінен жұмыртқаны механикалық әсерлерден әр түрлі бактериялардың енуіне бөгет болады. Ірі жұмыртқа туатын және жұмыртқасын ашық жерге салатын, құстардың жұмыртқасының қатты қабығы мықтырақ болады. Ұрық дамыған кезде, қатты қабықтың біразы ұрықтың скелетін қалыптастыруға жұмсалады. Қатты қабықтың сыртына майда тесікшелері болады. Бұл тесікшелер жұмыртқаның моқал жағында көбірек болады. Ұрықтың газалмасуына осы тесікшелердің маңызы үлкен.
Жұмыртқаның басылуы ұзарған сайын және газ маңызы үлкен. Жұмыртқаның басылуы ұзарған сайын және газ алмасуының күшеюіне сәйкес тесікшелердің диаметрі үлкейе түседі.
Оңтүстік Қазақстанда сирек кездесетін құстарға жалпы сипаттама
1. Дегелек тәрізділер — дене мөлшері әр түрлі көпшілігі ірі, ұзын иілімді мойынды, ұзын аяқты құстар. Олардың аяқтары сирақ бөлімінің жартысына дейін жалаңаш, қауырсынсыз, төрт саусақты, оның алдыңғы үш саусақтарының арасы кішірек тері жарғақтармен қосылған. Тұмсығы түрлі пішінді, көпшілігінің тұмсығы үшкір, қатты затты шоқуға ыңғайлы келеді. Бұлар жануар қоректілігімен және балапандарының жұмыртқанадан қызыл-шақа, дәрменсіз болып шығуымен сипатталады. Балапандарды толық жетілгенше ұзақ уақыт ұяларында болып, ата-аналары қоректендіреді.
Арктика мен Антарктикадан басқа жердің барлығына тараған.
Дегелек тұқымдасына ұзынүшкір тұмсықты, отрядтың ірі құстары топтасады. Олардың тұмсығы ұзын, тік және үшкір келеді. Бұл құстардың көмекейінде дыбыс шығаратын қатпарлары болмайды. Сондықтан көпшілігі дауыс шығармайды.
Бұл түрлер біршама құрғақ далада, орманда, тауда кейде батпақты жерлерде тіршілік ететіндігімен сипатталады. Жайшылықта да және ұясалар кезде де қосарланып жүреді. Ұяларын үлкен етіп ағаштарға, жарларға кейде (ақ дегелек) адам құрылыстарының, маңайына бұтақтан салады. Олар жылына 3-5 жұмыртқа туады, ал жұмыртқаның басылу мерзімі 30 күнге жетеді. Кесірткелермен, жыландармен, бақалармен, моллюскалармен және насекомдармен қоректенеді. Жемін әдетте жер бетінен теріп жейді.
Бізде үнемі ауыл маңына ұялайтын ақ дегелек (Ciconia ciconia), керсінше адамнан қашатын қара дегелек (Ciconia nigra) кездеседі.
2. Құтантұқымдасы (Ardeidae). Құтандар туысына тұмсығы тік, әрі ұзын болатын біршама ірі құстар жатады. Тұмсығы екі жағынан қысыңқы және жиегінде ұсақ тісшелері болады. Көпшілігі топталып жүреді. Бұлар ұяларын ірі ағаштарға немесе қалың қамыстарға салады. Қоректері, көбінесе балықтар, амфибилер, шаян тәрізділер және насекомдар. Оларды судан аулайды. Кәдімгі көк құтан (Egretta alba) біздің фаунамызда орта және оңтүстік облыстарда көбірек кездеседі.
Үлкен ақ құтан (Egretta alba) біршама назар аударарлық. Оның түсі жынысына, жасына және жыл маусымына қарамастан үнемі ақ түсті болады. Күй салтанаты кезінде арқасын қуалай қүйрық қанатының үстіне дейін жалданып ұзын қауырсындар "эгретка" немесе "эспри" пайда болады. Бізде Европалық бөлімінің оңтүстігінде, Кавказда, оңтүстік-батыс Сибирьде, бүкіл Орта Азия мен Қиыр Шығыстың қолайлы жерлерінде ұялайды.
Зиянды насекомдарды құртып, ауыл шаруашылығына аздап пайдасын тигізеді.
3. Қаз тәрізділер (ANSIRIFORMES). Бұл отрядқа ірі және орта үлкендікте болатын, ұзын мойынды, қысқа аяқты құстар жатады. Олардың саусақтары төртеу, оның үш саусағы денесінің алдына бағытталып, аралары тері жарғақтармен қосылған. Әдетте олардың тұмсығы жалпақ үстіңгі жағынан төмен қарай қысыңқы келеді. Тұмсығының сырты жұқа терімен қапталған, тұмсығының ұшында мүйізді бөлімі болады, оны тырнақша деп атайды. Тұмсығының үстіңгі бөлімінің ішкі жағында мүйізді пластинкалары бар. Кейбір түрлерінде жақтарының жиектерінде мүйізді тісшелері болады. құйымшақ безі жақсы дамыған.
Еркектерінің шағылыс органы болады. Жылына бір рет жұмыртқа салады. Жұмыртқадан шыққан балапандарды ширақ болады. Қаз тәрізділердің бүкіл дүние жүзінде 200-дей түрі бар. Бізде олардың елуге тарта түрі кездеседі. Кәсіптік құстардың көпшілігі осы отрядқа жатады. Бұлардан үй құстарының көптеген түрлері шығарылған.
4. Қаздар тұқымдас тармағы (Anserinae). Бұл тұқымдас тармағына нағыз қаздар жатады. Олардың мойыны денесімен салыстырғанда қысқарақ келеді, ал мойын омыртақаларының саны 21-ден артпайды. Жыныстық айырымы болмайды. Қаздар, әсіресе тундраға көбірек тараған. Бізде 11 түрі бар. Көбірек тараған түрі сұрқаз. Осы кездегі қолда өсірілетін қаздардың көпшілігі, сұрқаздан келіп шыққан. Қытайда және шығыс Сибирьдің оңтүстігін мекендейтін құрғақ мұрын деген түрі кездеседі. Осы кездегі Қытайдың қазы деп аталатын үй қаздарының тегі осы құрғақ мұрын қаздардан шыққан. Арктикада қараша қаздар және гуменниктер көп тараған.
Біздің қаздардың барлығы да — жыл құстар, ұяларын адам сирек кездесетін су қоймалары көп, батбақты және тоғайлы жерлерге салады. Қаздар суға қарағанда, құрғақ жерде көбірек мекендейтінін естен шығармау керек. Қаздар қоректерін жерден теріп, жейді, ал су олар үшін ішуге, түлеу кезеңін өткізуге және тынығуға қажет. Қаздардың барлығы да жақсы жүзеді, нашар сүңгиді.
Ұяларын салуға еркегі де, ұрғашысы да қатысады, ал жұмыртқасын тек қана ұрғашысы басуы мүмкін. Еркегі ұяның маңайында жайылып жүреді немесе ішінде жұмыртқасы жоқ бос ұяда отырады. Қаздардың барлық түрі де 4-6 шамасындай жұмыртқа салады. Жұмыртқаларын 25-28 күн басады. Балапандары ұяларында бір тәуліктен артық болмайды, Жүндері құрғаған соң ата-аналарының соңынан еріп кетеді.
Қаздар тоғайлы жердің өсімдіктерінің жапырағымен, тамырымен, сабағымен және тұқымымен қоректенеді. Түлеген кезде бұлардың бірнеше жүздегені бір жерге жиналады. Түлегенде қанаттарының қауырсындары бір мезгілде түгелдей түсіп, жетіледі. Соның нәтижесінде, бұл уақытта қаздар үшу қабілетінен мүлдем айырылады.
Қаздардың кәсіптік маңызы өте үлкен. Бұларды бізде Каспий теңізінің жағалауынан (қыста көбірек) аулайды. Еті дәмді, мамығы сапалы болады.
Өзен үйректері тұқымдас тармағына (Anatimae) 80-ге жақын түрлер топтасады. Көпшілік түрінің жыныстық айырмасы бар. Еркегінің қанатының сыртында металдың жарқырауық түсіндей жалт-жүлт еткен түсі, артқы саусағының жіңішке тері жалпыншағы болады. Тұмсығы жіңішке және үсті көтеріңкі келеді.
Бұл тұқымдас тармағына: қоңыр үйрек, сұр үйрек, біз құйрық, ұсақ шөрегейлер т.б. жатады.
Бұл үйректер шөптесін, өсімдіктері мол суларда мекендейді. Қолайлы батпақты жерлерге де ұяларын салады. Шөбі жоқ терең суларға ұяламайды. Тайыз шөптесінді суларды мекен етіп, өсімдіктермен және су түбінің жануарларымен қоректенеді. Қорегінің көпшілігі өсімдік.
Ұяларын көбінде жерге және кейбір кезде ағаштарға, ондағы басқа құстардың ұяларына немесе ағаштың қуыстарына да салады. Қоңыр үйрек 6-14, сұрүйрек 7-13, бізтұмсық 6-12 жұмыртқа салады, басу мерзімі 24-28 күн. Көбінесе бізде Каспий теңізінде қыстап шығады. Бұлардың кәсіптік маңызы үлкен.
Сүңгуір үйректер тұқымдас тармағы (Fuliggulinae).
Сүңгуірлер дене мөлшері әр түрлі болатын тұмсығы жалпақ, тұмсығының ұшында жіңішке қатты тырнақшасы бар құстар. Артқы саусағының тері қатпары басқа үйректерден гөрі жалпағырақ. Бұлардың түсі кәдімгі үйректерге қарағанда, солғындау келеді. Бұл тұқымдас тармағына түрлі сүңгуір үйректер, қызылбасты сүңгуір, айдарлы чернетъ, гоголъ, тұрпан, гаганың бірнеше түрлері жатады.
Бұл үйректердің көпшілік түрлері солтүстік ендікте тараған. Өзен үйректерінен бұлардың өзгешілігі суы терең, өсімдігі азырақ суларда, теңіздерде көбірек кездеседі. Бұлардың барлығы да жақсы сүңгіп, күндіз қоректенеді. Қоректерін судың терең жерінен іздейді. Су ішінде тез қозғалып жүретін ұсақ жануарларды ұстап жейді.
Ұяларын салғанда сүңгуірлердің бірігіп жерге, кейбір түрлері (гогольдер) ағаштардың қуысына салады. Қыстаған және түлеген кезде бірнешеуі бірігіп топталып жүреді. Еті кәдімгі үйректердің етінен қатты, нашар иісі болса да, олардың көпшілігінің кәсіптік маңызы бар.
Күндізгі жыртқыштар (FALCONNIFORMES). Бұлардың үлкендіктері мен жалпы тұлғасы әр түрлі болып, тұмсықтарының ұшы төмен қарай қармақ тәрізді иілген, оның түп жағында сарғылттау түсті сағызсымақ деп аталатын жалаңаш терілі бөлімі болатын құстар. Тырнақтары түрліше иілген. Қауырсындары тығыз. Жемсаулары жақсы дамыған. Бұлардың етті қарны нашар айқындалған. Балапандары жұмыртқадан шыққанда көздері ашық, денесі мамық қауырсынмен қапталып тұрады. Олар баяу жетіледі, сондықтан көп уақытқа дейін ұясында болады, яғни әлсіз қызыл шақа балапан шығаратын құстарға жақын организмдер. Екі отряд тармағына бөлінеді.
Америка құмайлары отряд тармағы (Cathartae). Бұлар Оңтүстік Америка және Солтүстік Американың оңтүстігіне тараған, өз алдына ерекшеліктері бар азғана жыртқыш құстар болып табылады. Олар жер бетінде жақсы жүгіреді, қорегін көбінесе иіс мүшелерінің жәрдемімен іздеп табады. Төменгі көмекейінің дыбыс бұлшық еттері болмайды, сондықтанда бұл құстар мылқау үнсіз, кеңсірік перделері болмайтын құстар. Тіршілік етуіне қарағанда біздің таз қараларға ұқсайды, көпшілігінде бұлар өлекселермен және майда омыртқаларымен қоректенеді. Олардың мойны жалаңаш, қауырсыны болмайды. Өлекселермен қоректенудің салдарынан бірнеше түрлері тауларда және далаларда, кейде тоғайларда да мекендейді. Бұлардың бір түрі кондор деп аталады.
Қалыпты жыртқыш құстар отярд тармағы (Falcones). Осы отряд тармағына жататын жыртқыш құстардың барлығын қосып келгенде екі тұқымдасқа бөлінеді: сұңқарлар және қырғи тәрізділер.
Сұңқарлар тұқымдасына (Falcondae) - орташа және ұсақ құстар жатады. Астыңғы жағының езуіне жақын жерінде өткір қайшы сияқты тісшелері болады. Бұлардың қанаттары ұзын және ұшты келеді.
Ірі сұңқарлардың түрлері: латын (Falco peregrinus), шұбар, сұңқар (Falco gurfalco) сирек кездесетін құстар. Негізінен бұлар құстарды ауада ұшып бара жатқанда қағып жейді, бұл сұңқарлар шапшаң ұшады. Олар ұяларын ағаштың басына, жарларға, жырларға салады. Пайдалы құстарды қырып, кейбір жерлерде зиянын тигізеді. Ірі сұңқарларды адам қолға үйретіп, басқа құстарды аулайды.
Ұсақ сұңқарлардың түрлері: күйкентай (Falco vespertines), тұрымтай (Ғаlсо columbarius), бөктергі (Ғаlсо tinusculus). Бұлар негізінен ашық жерлерді мекен етеді. Ұяларын ағаштың басына, тастардың арасына, жартастарға, жырларға салады. Ұшу шапшандықтары жоғарыда көрсетілген түрлерден бәсең. Жемдерін үшып жүріп те, жерден де ұстап жейді. Тышқан сияқты кемірушілермен, насекомдармен, кейде құстармен де қоректенеді. Ауыл шаруашылығына, орман шаруашылығына пайдалы құстар.
Қырғи тәрізділер тұқымдасы (Anguilidae). Бұлардың тұмсығының езуінде қайшы сияқты өткір тісшесі болмайтын қанаттары қысқарақ және моқалдау келетін жыртқыштар. Біздегі бүркіттер тұқымдасы мына топтарға жіктеледі: оларға қырғи (Accipiter genitalis), қаршыға (Accipiter) жатады. Олардың да қанаттары қысқарақ және моқалдау келеді. Құйырғы денесімен салыстырғанда ұзын болады. Олар орман құстары. Ағаш арасында шапшаң ұшуға икемделген. Бұлар құстармен, оның ішінде үй құстарымен қоректеніп, шаруашылыққа зиянын тигізеді.
Құладындар (Circus cyaneus). Бұлардың құйрықтары және аяқтары ұзын болады. Құладындар үш топқа бөлінеді: беткей құладыны, дала құладыны және саз құладыны. Олар тундрадан басқа жердің барлығында да болады және ашық жерлерді мекен етеді. Бұлар жемін жер бауырлап қалықтап ұшып жүріп, жердегі шөптердің арасындағы ұсақ омыртқалыларды қағып ұстап, қоректенеді. Көпшілік түрі пайдалы.
Кезқұйрықтардың (Milvis korschun, M. milvis) құйрығы екі айыр болады. Әдетте өзен, көлдердің маңайында мекен етеді. Бұлар қалықтап ұшады. Жалпы алғанда кезқұйрықтар пайдалы құстар болып есептеледі. Олар кемірушілермен, саршұңақтармен, құстармен, балықтармен және насекомдармен қоректенеді.
Бүркіттердің басқа құстардан бір ерекшеліктері, саусақтарына дейін қауырсынмен қапталған. Қанаттары жалпақ және моқал келеді. Олар шапшаң, бірақ салмақты ұшады. Бізде бестен артығырақ түрі бар. Олардың ішінде көбірек тараған түрлері орманда мекен ететін бүркіт (Aguila chryäetos), оңтүстіктегі далалы жерді мекен ететін қыран - қара бүркіт (Anguila nipalensis) шаңқылдауық бүркіт немесме тау қыраны т.б.
Қыран - қарадан басқасы ағаштарға, немесе жарлардың қуысына ұяларын салады, қыран-қара ұясын жерге, немесе бұталарға салады. Ұяларында 1-3 жұмыртқа болады. Инкубация мерзімі 40-45 күнге созылады. Жемдерін қалықтап ұшып жүріп көріп, кенеттен шабуыл жасап ұстайды. Кейде өлекселермен де қоректенеді. Олар негізінен тышқан тәрізді кемірушілермен, сарышұнақтармен, құстармен, насекомдармен қоректенеді.
Әсіресе қыран-қара пайдалы, олар ауыл шаруашылығына зиянын тигізетін насекомдар мен кемірушілерді жейді. Бүркіттерді адам қолға үйретіп түлкі, қасқыр, ақбөкендерді және дуадақтарды аулауға пайдаланады.
Жамансары немесе ақсары (Вutео). Олар бүркіттерге жақын, бірақ кішірек және қауырсыны саусақтарына дейін қаптап тұрмайды. Бізде кәдімгі жамансары (Buteo buteo) кездеседі. Олар ұяларын ағаштарға салады. Басқа түрлері жер үстіне, әдетте өзендердің жағалауларына, тастың қуыстарына салады. Ұясында 2-4 жұыртқа болады. Жұмыртқаны басу мерзімі бір айға жуық.
Ақсарылар жемдерін аңдығанда ауада қалықтап ұшып, немесе биігірек жерге шығып отырып, жасырынып барып ұстайды.
Ақсары өте пайдалы құс. Олар ауыл шаруашылығына зиянды кемірушілермен, насекомандармен қоректенеді. Пайдасын жете білмей жыртқыш құстарды атқанда ақасырларды да атып жіберушілер кездеседі.
Құмайлардың барлығы — ірі құстар. Басында және мойнында қауырсындары болмайтындығы арқылы айыруға болады. Тырнақтары моқал, тұмсығы төмен қарай иілген. Биологиялық ерекшелігі, олар бірыңғай өлексерлермен қоректенеді. Негізгі түрлері: сип (Gurs fulvus), қозықұмай (Guraëtus barbadus) және қара құмайлар (Aegypiusmonachus) болып есептеледі. Бұлар көбінде таулы жерлерде мекендейді. Ұяларын ағаштарға және жартастарға салады. Кейбір түрлері топталып жүріп ұялайды. ұяларында 1-2 жұмыртқа болады, ал жұмыртқасын басу 55 күнге созылады. Көздерінің өте жақсы көруі нәтижесінде, ауада қалықтап ұшып жүріп жемдерін тауып жейді. Пайдалы құстар. Бірақ бұлар өте сирек кездесетін құстар, сондықтан олардың зияны оншама көп емес.
5. Тауық тәрізділер (CALLIFORMES). Тауық тәрізділер барлық жерлерге тараған. Олардың денелері тығыз, қанаттары қысқарақ, ұштары дөңгеленіп біткен. Бұлардың табандары күшті, төрт саусақты, тырнақтары жерді қазуға бейімделген. Көпшілік түрлері-полигамдар, ұрпақтарына қамқорлықты ұрғашылары ғана атқарады. Балапандары жұмыртқанадан шығысымен ата-анасына еріп кетеді. Бұлар өзге отрядтармен салыстырғанда жұмыртқаны көп салады. Көпшілігінің кәсіптік, экономикалық маңызы үлкен. Олардан қолдан асырайтын көптеген үй құстарының түрлері шығарылған.
Қырғауылдар тұқымдасы (Phasianidae). Бұлар оңтүстік және қоңыржай ендіктерге көбірек тараған. Аяқтарының саусақтары қауырсынсыз, еркектерінің аяғында үлкен тепкілері болады. Саусақтарында мүйізденген ірі қабыршақтары болмайды. Оларға жататындар: Солтүстік Америка күрке тауығы (Meleagris galloavo) ол осы кездегі үйде асыралатын күрке тауықтардың арғы тегі, африка цесаркасы (Nimida meleagris), үнді павилодары (Pavo cristatus), Индияның жабайы тауықтары. Олардың ішіндегі айырықша маңызы бары банкив немесе бұта қызыл тауықтары (Galus galus). Бұта тауығынан үй тауықтары шыққан. Бұл тұқымдасқа қырғауылдар, бөденелер, кекіліктер т.б. жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |