Мазмұны жалпы бөлім 1-бөлiм. Негiзгi ережелер


-бап. Қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар



бет5/42
Дата14.06.2016
өлшемі2.57 Mb.
#135967
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

36-бап. Қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар

1. Қылмыстық қудалау органы, сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 66 – 68 баптарында, 69-бабының екінші, үшінші бөліктерінде, 70, 71, 84-бабының бірінші бөлігінде, сондай-ақ 442 – 443, 445 – 449, 454-баптарының ескертулерінде көзделген жағдайларда, тиісті мән-жайлар болған кезде өз құзыреті шегінде адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, қылмыстық қудалауды қысқартуға құқылы. Осындай жағдайларда сот қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкiмiн шығаруға да құқылы.

2. Сотта қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жайларды анықтаған мемлекеттiк айыптаушы айыпталушыны қылмыстық қудалаудан бас тартатындығы туралы мәлiмдеуге құқылы. Мемлекеттiк айыптаушы мәлiмдеген қылмыстық қудалаудан бас тарту жеке айыптаушыға қылмыстық iстiң материалдарын пайдалана отырып, айыпталушыны қылмыстық қудалауды жалғастыруына кедергi келтiрмейдi.

3. Қылмыстық iс қысқартылғанға дейiн күдіктіге, айыпталушыға iстi қысқартудың негiзi, оның құқықтық салдары және осы негiз бойынша оны қысқартуға қарсылық бiлдiру құқығы түсiндiрiлуге тиiс.

4. Қылмыстық iстiң қысқартылғандығы туралы жәбірленуші және оның өкілі хабардар етіледі, олар қаулыға жоғары тұрған сотқа немесе жоғары тұрған прокурорға шағымдануға құқылы.

5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша қылмыстық iстi қысқартуға, егер күдікті, айыпталушы оған қарсылық бiлдiрсе, жол берiлмейдi. Мұндай жағдайда iс бойынша iс жүргiзу әдеттегi тәртiппен жалғастырылады.


4-тарау. Ақтау. Қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекетімен келтірілген зиянды өтеу
37-бап. Күдікті (айыпталушы) ретiнде тартылған адамды ақтау

1. Сот бойынша ақталған адам, сол сияқты оған қатысты осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7), 8) тармақтарында көзделген негiздер бойынша қылмыстық iстi қысқарту туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдікті (айыпталушы) ақталады, яғни құқықтары қалпына келтіріледі және Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк берген құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр шектеуге болмайды.

2. Сот, қылмыстық қудалау органы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамды ақтау және оған қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекетiнiң нәтижесінде келтiрiлген зиянды өтеу бойынша заңда көзделген барлық шараларды қолдануға тиiс.
38-бап. Қылмыстық процестi жүргiзетiн органның заңсыз iс-әрекетiнiң нәтижесінде келтiрiлген зиянның өтелуiне құқығы бар адамдар

1. Адамға заңсыз ұстаудың, күзетпен ұстаудың, үйде қамауда ұстаудың, қызметiнен уақытша шеттетудiң, арнаулы медициналық ұйымға орналастырудың, соттаудың, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың нәтижесiнде келтiрiлген зиян қылмыстық процестi жүргiзушi органның кiнәсiне қарамастан толық көлемде республикалық бюджеттен өтеледi.

2. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекеттерiнiң нәтижесінде келтiрiлген зиянның өтелуіне мына:

1) осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдар;

2) егер осы Кодекстiң 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген мән-жайлардың болмауына қарамастан, қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайлар анықталған сәттен бастап сотқа дейінгі тергеу тоқтатылмаса, осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша қылмыстық іс қысқартылуға тиіс адамдар;

3) өздеріне қатысты қылмыстық iс осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3) және 4) тармақтарында көзделген негiздер бойынша қысқартылуға тиiс, бiрақ қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайлар анықталған сәттен бастап қысқартылмаған және мұндай адамдардың қылмыстық iстi қысқартуға келiскенiне қарамастан қылмыстық қудалау заңсыз жалғастырылған адамдар;

4) жасаған әрекетiнiң саралануы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң оны жасағаны үшiн күдік келтiру немесе айыптау кезiнде осы Кодексте ұстауға немесе күзетпен ұстауға жол берiлмейтiн одан жеңiлiрек қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн бабына өзгерген не осы бап бойынша неғұрлым жеңiл жаңа жаза тағайындалған немесе үкiмнен айыптаудың бөлiгi алып тасталған және осыған байланысты жазасы төмендетiлген жағдайда, сол сияқты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын немесе тәрбиелiк ықпал ету мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы соттың заңсыз шешiмi бұзылған жағдайда қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған, ұсталған немесе күзетпен ұсталған адам. Қамауға алудың немесе бас бостандығынан айырудың iс жүзiнде өтелген мерзiмi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң кiнәлi адам жасаған әрекет жаңадан сараланған бабында көзделген қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның ең жоғары мөлшерiнен асатын бөлiгiнде заңсыз өтелген болып есептеледі;

5) заңды негiзсiз тиiстi мерзiмiнен артық қамауда ұсталған, сол сияқты қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында iс жүргiзуге мәжбүр етудiң кез келген өзге де шараларына заңсыз ұшыраған адамдар құқылы.

3. Азамат қайтыс болған жағдайда зиянды өтеттiру құқығы белгiленген тәртiпте оның мұрагерлерiне, ал төленуi тоқтатыла тұрған зейнетақылар мен жәрдемақыларды алу бөлiгiнде отбасының асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етiлетiн адамдар тобына жататын мүшелерiне ауысады.

4. Егер сотқа дейінгі тергеу және сот талқылауы барысында ерiктi түрде өзiне өзi жала жабу жолымен ақиқатты ашуға кедергi келтiргендiгi және сол арқылы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген зардаптардың пайда болуына жағдай жасағандығы дәлелденген адамға зиян өтелмейді.

5. Осы баптың қағидалары осы баптың екiншi бөлiгiнiң 3) тармағында көзделген мән-жайлар болмаған кезде адамға қатысты қолданылған iс жүргiзудiң мәжбүрлеу шаралары немесе қаулымен шығарылған айыптау үкiмi рақымшылық ету немесе кешiрiм жасау актiлерiнiң шығуына, мерзiмiнiң ескiруiне немесе қылмыстық жауаптылықты жоятын немесе жазаны жеңiлдететiн заңның қабылдануына байланысты бұзылған немесе өзгертiлген жағдайларға қолданылмайды.

6. Өзге мән-жайлар зиянды өтеттіруге негіз болып табылмайды.


39-бап. Зиянды өтеттiру құқығы және талап қою мерзімі

1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган адамды толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдай отырып, оның келтiрiлген зиянның өтелуiне құқығын да тануға тиiс. Ақтау үкiмiнiң немесе сотқа дейін тергеуді қысқарту туралы, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе өзгерту туралы қаулының көшiрмесi мүдделi адамға тапсырылады не почта арқылы жiберiледi. Сонымен бір мезгілде оған зиянның өтелу тәртiбi түсiндiрiлген хабарлама жолданады. Зиянның өтелуiне құқығы бар қайтыс болған адамның мұрагерлерiнiң, туыстарының немесе асырауындағылардың тұратын жерлерi туралы мәлiмет болмаған кезде хабарлама олар қылмыстық процестi жүргiзушi органға өтiнiш жасаған күннен бастап бес тәуліктен кешiктiрiлмей жолданады.

2. Осы Кодекстің 38-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген адамдар мүліктік зиянның толық көлемде өтелуіне, моральдық зиянның салдары жойылуына және еңбек, зейнетақы, баспана және өзге де құқықтары қалпына келтірілуіне құқылы. Соттың үкімі бойынша құрметті, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан, сондай-ақ мемлекеттік наградалардан айырылған адамдардың атағы, сыныптық шені, дипломатиялық дәрежесі, біліктілік сыныбы, мемлекеттік наградалары қалпына келтіріледі.

3. Қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеті келтірген зиянды өтеу туралы талапты осы Тарауда көзделген тәртіпте құқықтарды қалпына келтіру тәртібін түсіндіретін хабарлама алынған күннен бастап алты ай ішінде қоюға болады. Осы мерзім дәлелді себептермен өткізіп алынған болса, мүдделі адамдардың өтініші бойынша прокурор не сот оны қалпына келтіре алады.

4. Алты ай мерзім өткеннен кейін қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеттері келтірген зиянды өтеу туралы азаматтық және азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіпте және мерзімде талап қоюға болады.
40-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу

1. Осы Кодекстiң 38-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға келтiрiлген мүлiктiк зиян:

1) жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны, олар айырылған өзге де қаражаттар мен кiрiстердi;

2) соттың үкiмiнiң немесе өзге де шешiмiнiң негiзiнде заңсыз тәркiленген немесе мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылған мүлiктi;

3) соттың заңсыз үкiмiн орындау үшiн өндiрiлiп алынған айыппұлдарды; сот шығындарын және адам заңсыз әрекеттерге байланысты төлеген өзге де сомаларды;

4) адам көрсетiлген заң көмегі үшiн төлеген сомаларды;

5) қылмыстық қудалау нәтижесінде келтiрiлген өзге де шығыстарды өтеудi қамтиды.

2. Осы Кодекстiң 38-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарды күзетпен ұстауға, қамауды немесе бас бостандығынан айыруды өтейтiн жерлерде ұстауға жұмсалған сомалар, бұл адамдарды қылмыстық қудалауға байланысты сот шығындары, сол сияқты олардың күзетпен ұсталуын, қамауға алынуын немесе бас бостандығынан айырылуын өтеуi уақытында қандай да бiр жұмыстарды орындағаны үшiн жалақысы қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекетiнiң нәтижесінде келтiрiлген зиянды өтеу төлемiне жататын сомадан шегерiле алмайды.

3. Зиянды өтеудiң тәртiбi туралы хабарламамен бiрге осы Кодекстiң 39-бабының бірінші бөлігінде көрсетiлген құжаттардың көшiрмесiн алған кезде осы Кодекстiң 38-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген адамдар сотқа дейінгі тергеуді қысқарту, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе өзгерту туралы үкiм, қаулы шығарған органға мүлiктiк зиянды өтеу туралы талап қоюға құқылы. Егер iстi жоғары тұрған сот қысқартса немесе үкiмдi өзгертсе, зиянды өтеу туралы талап үкiмдi шығарған сотқа жолданады. Кәмелетке толмағанның атынан зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi қоюға құқылы.

4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетілген орган өтiнiш түскен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей, қажет болған жағдайларда қаржы және әлеуметтiк қорғау органдарынан есеп сұрату арқылы зиянның мөлшерiн айқындайды, одан кейiн инфляцияны ескере отырып бұл зиянды өтеу үшін төлем жүргiзу туралы қаулы шығарады. Егер сот iстi апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау тәртiбiнде қарау кезiнде қысқартса, көрсетiлген іс-әрекеттердi бiрiншi саты бойынша қараған сот судьясы сот талқылауын өткізбестен жеке-дара жүргiзедi.

Қаулыда: мүліктік зиянды өтеу негізі; оның ақша түріндегі есебі мен мөлшері; ақталушыға қайтаруға жататын мүлік; төлем жүргізуге немесе мүлікті қайтаруға міндетті орган; төлем жүргізу үшін қаулыны көрсетудің мерзімдері, қаулыға шағымданудың тәртібі мен мерзімдері көрсетілуге тиіс.

5. Зиянды өтеу туралы мәселе бойынша органның қаулысына осы Кодекстiң 105 және 106-баптарына сәйкес көзделген тәртiпте прокурорға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін. Сот қаулысына осы Кодекстiң 106-бабында немесе тиісінше 422-бабында көзделген тәртiпте жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы мүмкін.

6. Заңды күшіне енгеннен кейін елтаңбалы мөрмен расталған қаулының көшiрмесi төлем жүргiзуге мiндеттi органдарға көрсету үшiн адамға тапсырылады немесе жолданады. Төлем төлеу жүргізу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Мүліктік зиянды өтеуге төлем жүргізу туралы органның немесе соттың қаулысы ол заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл ішінде, ал осы Кодекстің 41-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген өзге де құқықтарды қалпына келтіру – алты ай ішінде төлеуге көрсетілуі мүмкін.

7. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асырған органдардың заңсыз іс-әрекеттерімен заңды тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу туралы талап осы бапта көзделген тәртіпте қаралады және зиянды белгіленген көлемде мемлекет өтейді.
41-бап. Моральдық зиянның зардаптарын жою

1. Қылмыстық процестi жүргiзушi адамды ақтау туралы шешiм қабылдаған орган келтiрiлген зиян үшiн одан ресми түрде кешiрiм сұрауға мiндеттi.

2. Келтiрiлген моральдық зиян үшiн ақшалай өтемақы туралы талап қою азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiнде ұсынылады.

3. Егер адам заңсыз қылмыстық қудалауға ұшыратылып, ал қылмыстық қудалау, ұстау, күзетпен ұстау, қызметiнен уақытша шеттету, медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, соттау және оған қатысты қолданылып, кейiннен заңсыз деп танылған басқа да iс-әрекеттер туралы мәлiметтер баспасөзде жарияланса, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылса, осы адамның талап етуi бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда оның туыстарының немесе оның құқықтарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған қылмыстық процестi жүргiзушi органның талап етуi бойынша тиiстi бұқаралық ақпарат құралдары бiр айдың iшiнде ол туралы қажеттi хабарлама жасауға мiндеттi.

4. Осы Кодекстiң 38-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген адамдардың талап етуi бойынша қылмыстық процестi жүргiзушi орган екi апта мерзiм iшiнде заңсыз шешiмдердiң күшi жойылғаны туралы оның жұмыс iстейтiн, оқитын, тұратын жерi бойынша жазбаша хабарлама жолдауға мiндеттi.
42-бап. Құқықтарды қуыным тәртiбiмен қалпына келтiру

Егер зиянды өтеу туралы талапты осы тарауда көзделген тәртіпте беру үшін алты ай мерзім өтіп кетсе және оны қалпына келтіруден бас тартылса, адам азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiнде сотқа жүгінуге құқылы.


5-тарау. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу
43-бап. Қылмыстық iстердi бiрiктiру

1. Бiр iс жүргiзуде бiр немесе бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықты бірге қатысумен жасаған адамдарға, бiрнеше құқық бұзушылық жасаған адамға, осы қылмыстарды күнi бұрын уәде бермей жасырғандығы немесе олар туралы айтпағандығы үшін күдікті (айыпты) адамға қатысты iстер бiрiктiрілуi мүмкiн.

2. Күдікті анықталмаған, бірақ бір адам немесе адамдар тобы бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп пайымдауға жеткілікті негіз болған жағдайда қылмыстық істерді біріктіруге рұқсат етіледі.

3. Қылмыстық істердi бiрiктiру қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысы негiзiнде жүргізіледі. Қылмыстық қудалау органы шығарған қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жіберіледі.

4. Мыналар:

1) әртүрлі адамдарға қатысты бірдей күдіктену, айыптау;

2) жеке айыптау ісі қарастырылған жағдайлардан басқа, бір-біріне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айып тағылған адамдарға қатысты күдіктену, айыптау;

3) істің біреуі бойынша қылмыстық қудалауды жеке тәртіпте, ал екіншісі бойынша – жария тәртіпте жүзеге асыру;

4) бірлесіп қарау істі объективті қарауға кедергі жасайтын барлық басқа күдіктену, айыптау бір іс жүргізуге біріктірілмеуге тиіс.

5. Бiрнеше iс бiрiктiрiлген iс бойынша iс жүргiзу мерзiмi уақыты бойынша бiрiншi қылмыстық iс жүргізу басталған күннен бастап есептеледi. Егер бiрiктiрiлген iстердiң бiреуi бойынша бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау не үй қамағына алу қолданылса, тергеу мерзiмi аталған бұлтартпау шаралары қолданылған сотқа дейінгі тергеу басталған күннен бастап есептеледi.

6. Адамдарға қылмыстық процеске қатысушылар құқығы өздеріне қатысты бiрiктiрiлген iстер бойынша ғана тиесiлi болады.

44-бап. Қылмыстық iстi бөлектеу

1. Сот, қылмыстық қудалау органы қылмыстық iстен:

1) мемлекеттiк құпияларды қорғауға байланысты жабық сот талқылауы үшiн негiз оған қатысты болатын, бiрақ басқа күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты емес жекелеген күдіктілерге немесе айыпталушыларға;

2) ересектермен бiрге қылмыстық жауаптылыққа тартылған кәмелетке толмаған күдіктіге немесе айыпталушыға;

3) қылмыстық жауаптылыққа тартуға жататын жекелеген анықталмаған тұлғаларға, сондай-ақ осы Кодекстің 45-бабында көзделген басқа жағдайларда;

4) прокурор іс жүргізу келісімін жасасқан күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты басқа қылмыстық iстi жеке жүргiзуге бөлектеуге құқылы.

2. Сотқа дейінгі тергеу немесе күзетпен ұстау мерзiмдерi аяқталуға жақын көп эпизодты қылмыстық iстi тергеу жағдайында тергеушi, анықтаушы, анықтау органы күдіктену бөлiгiнде тергеу объективті және жеткілікті жүргiзiлгендiгiн мойындай отырып, iстiң бiр бөлiгiн, егер ол iстiң қалған бөлiгiн тергеуге және қарауға кедергi жасамаса, сотқа жолдау үшiн жеке iс жүргiзуге бөлектеуге құқылы.

3. Егер қылмыстық iс бойынша тергелетін iске байланысты емес қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi бар iс-әрекеттер туралы мәлiмет алынса, ол туралы барлық материалдар осы Кодексте көзделген тәртiпте сотқа дейінгі жаңа тергеу бастау үшiн дереу бөлектелуге тиiс.

4. Қылмыстық iстердi бөлектеуге, егер ол iстi тергеу мен шешудiң объективтілігі мен жеткіліктілігіне әсер етпесе, рұқсат етiледi.

5. Iстi бөлектеу қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысы негiзiнде жүзеге асырылады. Қылмыстық қудалау органы шығарған қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жіберіледі. Қаулыға түпнұсқада немесе көшiрмесiнде бөлектенетiн материалдардың тiзбесi қоса берiлуге тиiс.

6. Бөлектелген iс бойынша iс жүргiзудiң мерзiмi қылмыстық құқық бұзушылық туралы мәлімдеме, хабарлама жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жөніндегі Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген күннен бастап есептеледi. Қалған жағдайларда мерзiм негiзгi қылмыстық iс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған кезден бастап есептеледi.

45-бап. Іс бойынша сот ісін жүргiзудi тоқтата тұру және сотқа дейінгі тергеу мерзімдерін үзу

1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу:

1) айыпталушы соттан жасырынған не оның орналасқан жері басқа себептермен анықталмаған;

2) айыпталушыны, сотталушыны қылмыстық қудалау иммунитетiнен айыру не оны шетелдiк мемлекеттерге беру туралы мәселелердiң шешiлуiне байланысты сотталушының iске қатысуының нақты мүмкiндiктерi болмаған;

3) сотталған адамның жүйкесiнiң заңда көзделген тәртiпте куәландырылған уақытша бұзылуы немесе өзге де ауыр науқастанған;

4) сотталған адамның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде болуы;

5) қылмыстық iс бойынша одан әрi iс жүргiзуге уақытша кедергi келтiретiн еңсерілмейтін күштің әрекетi;

6) егер бұл ретте басты сот талқылауын жалғастыру мүмкін болмаса, тиiстi сараптама жүргiзiлген;

7) осы Кодекстiң 58-тарауында көзделген тәртiпте құқықтық көмек алуға байланысты iс жүргiзу әрекеттерi орындалған;

8) ынтымақтастық туралы іс жүргізу келісімінің бекітілген талаптарын орындау үшін не қаралып отырған iспен және жаңа адамдарға қатыстыiстi жеке қарау мүмкiн болмаса, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тартуға және оларды сотқа беруге, қылмыстық істі прокурорға қайтарған;

9) сотталушының дәлелдемелердің заңсыз іс-қимылдар қолдана отырып алынғаны немесе оған қатал қарағаны туралы арызын сотта прокурордың қарауы және оның шешіміне шағымдануы, бұл ретте бас сот талқылауын жалғастыруға мүмкіндік болмаған жағдайда сот қаулысымен тоқтатыла тұрады.

2. Қылмыстық істі басқа қылмыстық іспен қосу және жаңа айыптау актісін жасау қажеттігіне орай, істі сотта талқылауды жалағастыруға мүмкін болмаған кезде, қаралып отырған iспен және жаңа адамдарға қатыстыiстi жеке қарау мүмкiн болмаса, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тартуға және оларды сотқа беруге, іс бойынша іс жүргізу қылмыстық істі қосқанға және жаңа айыптау актісін жасағанға дейін тоқтатыла тұрады.

3. Сот осы қылмыстық iсте қолдануға жататын, Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заң немесе өзге де нормативтiк актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне жүгінген жағдайда, сот іс бойынша іс жүргізуді толықтай немесе тиісті бөлігінде тоқтата тұруға міндетті.

Егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңес басқа соттың бастамасымен осы қылмыстық іс бойынша қолдануға жататын заңды немесе өзге де нормативтік актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынысты іс жүргізуге қабылдаса, сондай-ақ қорғау тараптарынан іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы тиісті өтініш келіп түскен жағдайда, сот іс бойынша іс жүргізуді толықтай немесе тиісті бөлігінде тоқтата тұруға міндетті.

4. Сотта қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу, егер жеке айыптау iсi бойынша жеке айыптаушы оның ауыр науқас екендiгiне, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде iссапарда болуына немесе азаматтық борышын орындауына байланысты сотта қылмыстық қудалауды жүзеге асыра алмаған жағдайда да сот қаулысымен толықтай немесе тиiстi бөлiгiнде тоқтатыла тұрады.

5. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу оны тоқтатуға негiз болған жағдайлар жойылғанға дейiн тоқтатыла тұрады, ал сотта қарау мерзімі кідіртіле тұрады. Олар жойылған соң ол соттың қаулысымен жаңартылады.

6. Iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру немесе жаңарту туралы процеске қатысушыларға, оның ішінде қорғау тарапына хабарланады.

7. Тоқтатылып қойған iс, егер iс бойынша ескiру мерзiмiн үзу туралы мәлiмет болмаса, қылмыстық заңда белгiленген ескiру мерзiмiнiң аяқталуы бойынша қысқартылуға тиiс.

8. Сотқа дейін тергеу мерзімдері мынадай жағдайларда:

1) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмаған кезде;

2) күдікті (айыпталушы) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде болған;

3) күдікті (айыпталушы) қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғанда не оның тұратын жері өзге де себептермен анықталмағанда;

4) заңда көзделген тәртiпте куәландырылған күдіктінің (айыпталушының) жүйкесi уақытша бұзылған немесе өзге де ауыр науқастанған;

5) осы Кодекстiң 58-тарауында көзделген тәртiпте құқықтық көмек алуға байланысты iс жүргiзу әрекеттерi орындалмаған;

6) хабар-ошарсыз жоғалған адам табылмаған;

7) егер бұл ретте тергеуді жалғастыру мүмкін болмаса, тиісті сараптама өткізілген жағдайларда үзіледі.

9. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам осы баптың жетінші бөлігінде аталған негіздер бойынша сотқа дейінгі тергеу мерзімдерін үзген кезде іс жүргізу мерзімдерінің үзілгені туралы прокурорды жазбаша хабардар етеді.

10. Сотқа дейін тергеудің үзілген мерзімдері оларды үзуге негіз болған мән-жайлар жойылған сәттен бастап жаңартылады, ол туралы прокурор жазбаша хабардар етіледі.

Ескерпе: Қылмыстық iс бойынша одан әрi iс жүргiзуге кедергi келтiретiн еңсерілмейтін күштің әрекеті деп табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар түсiнілуі тиіс.
46-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi аяқтау

Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу:

1) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу толық қысқартылғандығы туралы қаулының күшiне енуi бойынша;

2) үкiмнiң немесе iс бойынша басқа да түпкiлiктi шешiмнiң орындалуы бойынша – егер ол оны орындау жөнiнде арнаулы шаралар қабылдауды қажет етпесе;

3) үкiмнiң немесе iс бойынша басқа да түпкiлiктi шешiмнiң орындалғандығы туралы растау алынуы бойынша – егер ол оны орындау жөнiнде арнаулы шаралар қабылдауды қажет ететiн болса, аяқталады
47-бап. Құпиялылықты сақтау

1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында осы Кодексте және басқа да заңнамада көзделген мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, алынатын мәлiметтердi қорғау жөнiндегi шаралар қабылданады.

2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган мемлекеттiк және өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтi хабарлауды немесе берудi ұсынған адамдар тиiстi құпияларды сақтау қажеттiгiне сiлтеме жасай отырып, көрсетiлген талапты орындаудан бас тарта алмайды, бiрақ одан қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн көрсетiлген мәлiметтердi алудың қажеттiгiн растайтын, тиiстi iс жүргiзу әрекетінің хаттамасына енгiзуге жататын түсiндiрме алуға құқылы.

3. Қылмыстық процеске қатысушылардың мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтермен танысу тәртiбi заңнамада айқындалады.

4. Егер сот алқабилердiң қатысуымен қарайтын қылмыстық iстiң материалдарында мемлекеттік құпияны құрайтын мәлiметтер болған жағдайда, облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметін материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік орган төрағалық етушінің жазбаша өкiмi бойынша алқабилерді мемлекеттік құпияларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiпте рұқсат етудi ресiмдейдi.

5. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтi қамтитын дәлелдемелер соттың жабық отырысында зерттеледi.

6. Өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтi, сондай-ақ жеке өмiрiнiң iшкi сырын ашатын дәлелдемелер, аталған мәлiметтердiң жариялану қаупi төнген адамдардың сұрауы бойынша соттың жабық отырысында зерттелуi мүмкiн.

7. Жеке өмiрге тиіспеушілікті бұзудың, жеке немесе отбасылық құпияны жариялаудың нәтижесiнде адамға келтiрiлген зиян заңда көзделген тәртiпте өтелуге тиiс.

8. Анықтау және алдын ала тергеу деректерiнiң құпиялығын сақтау тәртiбi осы Кодекстiң 201-бабында айқындалады.

9. Процеске қатысушыларға тапсырылуға жататын, мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтер бар iстен шығарылған iс олармен танысқаннан кейiн iспен бiрге сақталады және процеске қатысушыларға сот отырысы кезiнде тапсырылады.

10. Сот үкімдегі немесе қаулылардағы мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды іс материалдарына сілтеме жасай отырып, олардың мазмұнын ашпайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет