Мазмұны жалпы бөлім 1-бөлiм. Негiзгi ережелер



бет9/42
Дата14.06.2016
өлшемі2.57 Mb.
#135967
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   42

81-бап. Аудармашы

1. Аударма жасау үшiн қажет тiлдi меңгерген және күдікті, айыпталушы, сотталушы; олардың қорғаушылары не жәбiрленушi, азаматтық қуынушы азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi, сондай-ақ куәлар және өзге де процеске қатысушылар iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмеген жағдайларда, сонымен бiрдей жазбаша құжаттарды аудару үшiн тергеу және сот іс-әрекеттерiне қатысуға тартылған iске мүдделi емес адам аудармашы ретiнде шақырылады.

2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган адамды аудармашы етiп тағайындау туралы қаулы шығарады.

3. Аудармашының:

1) аударманы жүзеге асыру кезiнде қатысушыларға аударманы нақтылау үшiн сұрақтар қоюға;

2) жүргiзуiне өзi қатысқан тергеу немесе өзге де iс жүргiзу іс-әрекеттерiнiң хаттамасымен, сондай-ақ тиiстi бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен танысуға және аударманың толықтығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгiзуге жататын ескертулер жасауға;

3) егер оның аудару үшiн қажеттi бiлiмi болмаса, iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға;

4) қылмыстық процестi жүргiзушi органның iс-әрекетiне шағым жасауға;

5) тергеу және өзге де iс жүргiзу әрекетiне қатысуына байланысты өзiне келтiрiлген шығындарға өтем және егер iс бойынша iс жүргiзуге қатысу оның қызметтiк мiндетiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, орындалған жұмысы үшiн сыйақы алуға;

6) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге құқығы бар.

4. Аудармашы: қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуге; өзiне тапсырылған аударманы дәл және толық орындауға; оның қатысуымен жүргiзiлген тергеу іс-әрекетiнiң хаттамасында, сондай-ақ процеске қатысушыларға олардың ана тiлiндегi немесе олар бiлетiн тiлдегi аудармасында тапсырылатын iс жүргiзу құжаттарында аударманың дұрыстығын өзiнiң қолымен куәландыруға; аудармашы ретiнде тартылуына байланысты өзiне белгiлi болған iстiң жағдайы туралы мәлiметтердi немесе өзге де деректердi жарияламауға; тергеу іс-әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында тәртiп сақтауға мiндеттi.

5. Дәлелсіз себептермен келуден немесе өзiнiң мiндетiн орындаудан бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн аудармашыға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіпте ақшалай жаза қолданылуы мүмкін. Көрінеу дұрыс аудармаған жағдайда аудармашы қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

6. Осы баптың қағидалары iс бойынша iс жүргiзуге қатысу үшiн шақырылған, мылқау немесе саңырау адамдардың белгiлерiн түсiнетiн адамдарға қолданылады.
82-бап. Куәгер

1. Қылмыстық қудалау органы осы Кодексте көзделген жағдайда тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу фактiсiн, оның барысы мен нәтижелерiн куәландыру үшiн тартқан адамдар куәгерлер болып табылады.

2. Өздерiнiң қатысуымен болып жатқан iс-әрекеттердi толық және дұрыс қабылдауға қабiлеттi, iске мүдделi емес және қылмыстық қудалау органдарына тәуелсiз кәмелеттiк жастағы азаматтар, осы Кодекстің 90-бабының талаптарына сай оларға қарсылық білдірмеген жағдайларда куәгер бола алады.

3. Тергеу іс-әрекеттерiн жүргiзуге кемiнде екi куәгер қатысады.

4. Куәгердiң:

1) тергеу іс-әрекеттерiн жүргiзуге қатысуға;

2) тергеу іс-әрекетi жөнiнде хаттамаға енгiзуге жататын мәлiмдемелер мен ескертулер жасауға;

3) өзi қатысқан тергеу іс-әрекетiнің хаттамасымен танысуға;

4) қылмыстық қудалау органының іс-әрекетіне шағым жасауға;

5) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде өзiне келтiрiлген шығындарға өтем алуға;

6) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге құқығы бар.

5. Куәгер:

1) қылмыстық қудалау органының шақыруы бойынша келуге; тергеу іс-әрекетiн жүргiзуге қатысуға;

2) осы iс-әрекеттiң жүргiзiлу фактiсiн, оның барысы мен нәтижелерiн тергеу іс-әрекеттерiнiң хаттамасында өзiнiң қолымен куәландыруға;

3) анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың рұқсатынсыз сот алдындағы тергеу материалдарын жарияламауға;

4) тергеу іс-әрекеттерiн жүргiзу кезiнде тәртiп сақтауға мiндеттi.

6. Дәлелдi себептерсiз келуден немесе өзiнiң мiндетiн орындаудан бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн куәгерге осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіпте ақшалай жаза қолданылуы мүмкін.
83-бап. Сот отырысының хатшысы

1. Сот отырысының хаттамасын жүргiзетiн, сондай-ақ сот отырысынан дыбыс-бейне түсіруді қамтамасыз ететін қылмыстық iске мүдделi емес мемлекеттiк қызметшi сот отырысының хатшысы болып табылады.

2. Сот отырысының хатшысы:

1) өзi хаттамалауды қамтамасыз етуi қажеттi барлық уақытта сот отырысы залында болуға және сот отырысына төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз кетпеуге;

2) хаттамада соттың iс-әрекетi мен шешiмiн, соттың отырысына қатысушы барлық адамдардың өтiнiштерiн, қарсылықтарын, айғақтарын, түсiнiктемелерiн, сондай-ақ сот отырысының хаттамасында көрсетуге жататын басқа да жағдайларды толық және дұрыс жазуға;

3) сот отырысының хаттамасын осы Кодексте белгiленген мерзiмде дайындауға;

4) төрағалық етушiнiң заңды өкiмiне бағынуға;

5) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жарияламауға мiндеттi.

3. Сот отырысының хатшысы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшiн тікелей жауап бередi.

4. Дұрыс емес не шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi сот отырысының хаттамасына енгiзген жағдайда хатшы заңда көзделгендей жауапты болады.


84-бап. Сот приставы

1. Соттар қызметiнiң белгiленген тәртiбiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi орындаушы лауазымды адам сот приставы болып табылады.

2. Сот приставы бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың атқарылуына бақылау жасауды қамтамасыз етедi, сот талқылауы кезiнде залдағы тәртiптi бақылап отырады, төрағалық етушiнiң өкiмiн орындайды және соттарда судьяларды, куәларды және басқа да процеске қатысушыларды қорғауды жүзеге асырады, оларды басқаның ықпалынан қорғайды, соттың iс жүргiзу әрекетiн жүргiзуiне жәрдемдеседi, сотқа келуден жалтарған адамдарды алып келудi жүзеге асырады, өзiне заңмен жүктелген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
85-бап. Медиатор

1. Тараптар заң талаптарына сәйкес медиацияны жүргізу үшін тартатын тәуелсіз жеке тұлға медиатор болып табылады.

2. Медиатор:

1) медиация тараптарына қылмыстық процесті жүргізетін орган беретін ақпаратпен танысуға;

2) медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылар туралы деректермен танысуға;

3) қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес кездесулердің саны мен ұзақтығын шектемей, медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылармен жеке және құпия кездесуге;

4) тараптарға медиация тәртібінде татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасуға жәрдемдесуге құқылы.

3. Медиатор:

1) медиация жасаған кезде медиация тараптарының келісімі бойынша ғана іс-әрекет жасауға;

2) медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттарын, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге;

3) медиация рәсімін өткізуге байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жарияламауға міндетті.

4. Медиатор тараптардың келісімімен медиация рәсімін қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз бен хабарлама тіркелген сәттен бастап және қылмыстық процестің кейінгі сатыларында, үкім заңды күшіне енгенге дейін жүзеге асыруға құқылы.



11-тарау. Қылмыстық процеске қатысу мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайлар. Қарсылық білдіру
86-бап. Қарсылық бiлдiру және қылмыстық процеске қатысудан шеттету туралы өтiнiштер және қылмыстық процеске қатысудан босату

1. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, жәбiрленушiнiң (жеке айыптаушының), азаматтық қуынушының, азаматтық жауапкердiң өкiлi, куәгер, сот отырысының хатшысы, сот приставы, аудармашы, сарапшы, маман қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге өздерiнiң қатысуын жоққа шығаратын мән-жайлар болған кезде қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан шеттелуге мiндеттi не оларға қылмыстық процеске қатысушылар қарсылық бiлдiретінін мәлiмдеуi тиiс.

2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган өз құзыретiнiң шегiнде iс бойынша iс жүргiзуден шеттету туралы мәлiмделген қарсылық бiлдiрулер мен өтiнiшхаттарды шешуге немесе бұл адамның қылмыстық процеске қатысуын болдырмайтын мән-жайлар анықталған кезде тиiстi қаулы шығару арқылы өз бастамашылығы бойынша оны iс жүргiзуге қатысудан шеттетуге құқылы. Егер басқа процеске қатысушыларға қатысты қарсылық бiлдiрулердi шешуге уәкiлеттi адамға қарсылық бiлдiрумен бiр уақытта процеске өзге де қатысушыларға қарсылық бiлдiру мәлiмделсе, онда бiрiншi кезекте осы адамға қарсылық бiлдiру туралы мәселе шешiледi.

3. Егер қылмыстық сот iсiн жүргiзуге бiр мезгiлде бiрнеше адамның қатысуы олардың туыстық қатынастарына немесе жеке байланыстың басқа да қатынастарына байланысты болдырылмайтын жағдайда қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуден процеске қатысушы жағдайына басқалардан кейiнiрек ие болған адам шеттетiлуi тиiс. Егер туыстық немесе жеке байланыстың басқа да қатынастарымен байланысты адам соттың құрамында болса, қылмыстық iс бойынша іс жүргiзуден шеттетiлуге төрағалық етушi таңдаған адам жатады.

4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуы осы Кодексте көзделген қандай да болсын мән-жайлармен болдырылмайтын сот отырысының хатшысын, сот приставын, аудармашыны, маманды, сарапшыны олардың сұрауы бойынша олардың өз iс жүргiзу функцияларын орындауына кедергі келтiретiн дәлелдi себептерiнiң болуына орай мұндай қатысудан қылмыстық процестi жүргiзушi орган босатады.
87-бап. Судьяға қарсылық бiлдiру

1. Егер ол:

1) осы Кодекске сәйкес қылмыстық iс соттылығына жатқызылған судья болып табылмаса;

2) осы қылмыстық іс бойынша тергеу судьясы ретінде қатысқан болса, тергеу судьясының қаулыларына шағымдарды, наразылықтарды қараған болса;

3) аталған iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық қуынушы, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;

4) осы қылмыстық iс бойынша сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, күдіктінің, заңды өкiлi, жәбiрленушiнiң, азаматтық қуынушының немесе азаматтық жауапкердiң өкiлi ретiнде iс жүргiзуге қатысса;

5) жәбiрленушiнiң, азаматтық қуынушының, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, айыпталушының немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы немесе процеске қатысушылардың біреуіне сүйегі жақын болса;

6) егер судья жеке, тiкелей немесе жанама осы iске мүдделi деп санауға негiз беретiн өзге де мән-жайлар болса,судья iстi қарауға қатыса алмайды.

2. Қылмыстық iстi қарайтын соттың құрамына туыстық немесе жеке байланыстың басқа да қатынастарымен байланысқан өзара тәуелдi адамдар кiре алмайды.

3. Бiрiншi сатыдағы сотта қылмыстық iстi қарауға қатысқан судья бұл iстi апелляциялық, кассациялық сатыдағы сотта немесе қадағалау тәртiбiнде қарауға қатыса алмайды, сол сияқты өзінің қатысуымен шығарылған істі тоқтату туралы үкімнің немесе қаулының күшін жою жағдайында, бірінші сатыдағы сотта істі жаңадан қарауға қатыса алмайды.

4. Апелляциялық сатыдағы сотта iстi қарауға қатысқан судья өзінің қатысуымен қабылданған апелляциялық үкімнің, қаулының күші жойылғаннан кейін оны осы сатыда жаңадан қарау кезінде, сондай-ақ істі бірінші сатыда және кассациялық сатыда қарау кезінде қарауға қатыса алмайды.

5. Кассациялық сатыдағы сотта iстi қарауға қатысқан судья өзінің қатысуымен қабылданған қаулы күшін жойғаннан кейін бұл iстi бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотта қайта қарау кезінде қатыса алмайды.

6. Iстi алдыңғы сот сатыларында қарауға қатысқан судья сол iсті қадағалау сатысында қарауға қатыса алмайды. Істі қадағалау сатысында қарауға қатысқан судья осы істі төмен тұрған сот сатыларында қарауға қатыса алмайды.

Істі бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында қарауға қатысқан судья осы істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарауға қатыса алмайды.

7. Қарсылық бiлдiру судьяның қылмыстық процестің кез келген сатысына қатысуы жоққа шығарылатын мән-жайлар туралы белгілі болғанда мәлімдеуі тиіс.

8. Судьяға қарсылық бiлдiру, сондай-ақ қарсылық бiлдiрiлуге жататын сот талқылауына қатысушылар туралы мәселенi қаулы шығару арқылы кеңесу бөлмесiнде сот шешедi.

9. Судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi, қалған судьялар қарсылық бiлдiрiлген судьяның қатысуынсыз шешедi, ол, алайда судьялар кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн өзiне мәлiмделген қарсылық бiлдiру жөнiнде өзiнiң түсiнiктемесiн көпшiлiк алдында айтуға құқылы. Бiрнеше судьяға немесе соттың бүкiл құрамына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi толық құрамда көпшiлiк дауыспен сот шешедi. Дауыстар тең болған кезде судьяға қарсылық бiлдiрiлген болып саналады.

10. Бұлтартпау шараларын қолдану немесе тергеу іс-әрекеттерiн жүргiзу туралы өтiнiштi шешетiн тергеу судьясына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi осы тергеу судьясы қаулы шығара отырып жеке өзi шешедi. Iстi осы Кодекстiң 52-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес қарайтын судьяға мәлiмделген жеке-дара қарсылық бiлдiрудi сол соттың төрағасы немесе осы соттың басқа судьясы, ал олар болмаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы шешедi. Қарсылық бiлдiру туралы мәлiмдеме қанағаттандырылған жағдайда қылмыстық iс, шағым не өтiнiшхат белгiленген тәртiпте басқа судьяның iс жүргiзуiне берiледi.

11. Қарсылық бiлдiрудi қабылдамай тастау немесе қанағаттандыру туралы қаулы шағымдалуға (наразылық келтірілуге) жатпайды. Қаулымен келiспеушiлiк туралы уәждер апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау шағымына енгiзiлуi мүмкiн.
88-бап. Прокурорға қарсылық бiлдiру

1. Прокурор осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.

2. Прокурордың сотқа дейінгі тергеуге қатысуы, сонымен бiрге оның сотта айыптауды қолдауы оның осы қылмыстық iске одан әрi қатысуына кедергi болып табылмайды.

3. Сотқа дейiнгі тергеу кезiнде прокурорға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi жоғары тұрған прокурор, ал сотта iс жүргiзу кезiнде – iстi қараушы сот шешедi.


89-бап. Тергеушi мен анықтаушыға қарсылық бiлдiру

1. Осы Кодекстiң 87-бабында көзделген негiздер болған кезде тергеушi мен анықтаушы iстi тергеуге қатыса алмайды.

2. Осы қылмыстық iс бойынша бұрын жүргiзiлген тергеуге прокурордың, тергеушiнің және анықтаушының тиiстi түрде қатысуы осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге олардың одан әрi қатысуын болдырмайтын жағдай болып табылмайды.

3. Тергеушіге немесе анықтаушыға қарсылық білдіру туралы мәселенi тергеу бөлімінің бастығы немесе анықтау органының бастығы не прокурор шешедi.


90-бап. Куәгерге қарсылық бiлдiру

1. Осы Кодекстiң 87-бабында және осы баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктеренде көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде куәгер сотқа дейінгі iс жүргiзуге қатыса алмайды.

2. Қылмыстық процестi жүргiзушi органға жеке немесе қызметi бойынша кiрiптар болса, куәгер сотқа дейінгі iс жүргiзуге қатыса алмайды. Сонымен қатар құқық қорғау органдараның, соттардың қызметкерлері, арнаулы заң оқу орындараның оқушылары, сынақ бақылауындағы сотталғандар және басқа да қылмыстық істер бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар куәгер ретінде қатыса алмайды.

3. Куәгердiң тергеу іс-әрекеттерiн жүргiзуге оның алдында қатысуы, куәгерлердiң қандай да болсын бiреуiнiң қатысуы жүйелi сипат алған жағдайларды қоспағанда, басқа тергеу іс-әрекетiндегi осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге оның қатысуын болдырмайтын мән-жайлар болып табылмайды.

4. Куәгерге қарсылық бiлдiруді тергеу іс-әрекетiн жүргiзушi адам шешедi.

5. Өзінің іс жүргізуге қатысуын болдырмайтын мән-жайларды жасыруы және осы Кодекстің 86-бабының бірінші бөлігінде көзделген өздігінен шеттетілу міндетін орындамауы куәгерді осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіпте жауаптылыққа әкеп соғады.


91-бап. Сот отырысының хатшысы мен сот приставына қарсылық бiлдiру

1. Сот отырысының хатшысы мен сот приставы:

1) осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;

2) олардың құзыреттi еместiгi байқалса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.

2. Адамның сот отырысына сот отырысының хатшысы немесе сот приставы ретiнде оның алдында қатысуы олардың сот отырысына тиiстi сапада одан әрi қатысуын болдырмайтын мән-жай болып табылмайды.

3. Сот отырысының хатшысы мен сот приставына қарсылық бiлдiру туралы мәселенi iстi қараушы сот шешедi.


92-бап. Аудармашы мен маманға қарсылық бiлдiру

1. Аудармашы мен маман:

1) осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;

2) егер олардың құзыреттi еместiгi байқалса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.

2. Адамның аудармашы немесе маман ретiнде оның алдында қатысуы олардың сот отырысына тиiстi сапада одан әрi қатысуын болдырмайтын мән-жай болып табылмайды.

3. Аудармашы мен маманға қарсылық бiлдiруi туралы мәселенi қылмыстық процестi жүргiзушi орган шешедi.


93-бап. Сарапшыға қарсылық бiлдiру

1. Сарапшы:

1) осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;

2) егер ол анықтаушымен, тергеушiмен, прокурормен, судьямен, күдіктімен, олардың қорғаушыларымен, заңды өкiлдерiмен, жәбiрленушiмен азаматтық қуыныушымен, азаматтық жауапкермен немесе олардың өкiлдерiмен қызметтiк немесе өзге де бағынышты болса немесе болып отырса;

3) егер ол нәтижесi қылмыстық қудалауды бастау үшiн негiз болған тексеру немесе басқа да тексерiс іс-әрекеттерiн жүргiзсе;

4) егер оның құзыреттi еместiгi байқалса;

5) егер ол iске, осы Кодекстiң 219-бабына сәйкес сот медицинасы саласындағы дәрiгер-маман ретiнде адамның мәйiтiн қарауға қатысу жағдайларын қоспағанда, осы Кодекстің 222-бабына сәйкес маман ретiнде қатысса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.

2. Тірі адамға, сондай-ақ мәйітке сараптама жүргізуге сараптама тағайындалғанға дейін тиісті адамға медициналық көмек көрсеткен дәрігер сарапшы ретінде қатыса алмайды.

3. Адамның осы іске сарапшы ретінде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргізілген сараптамадан кейін ол қайталап тағайындалатын жағдайларды қоспағанда, іс бойынша сараптама жүргізуді оған тапсыруды болдырмайтын мән-жай болып табылмайды.

4. Сарапшыға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi қылмыстық процестi жүргiзушi орган шешедi.


94-бап. Қорғаушыны, жәбiрленушiнiң (жеке айыптаушының), азаматтық қуынушының немесе азаматтық жауапкердiң өкiлiн қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан шеттету

1. Қорғаушы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң (жеке айыптаушының), азаматтық қуынушының, азаматтық жауапкердiң өкiлi мына мән-жайлардың кез-келгенi болған кезде:

1) егер ол бұрын iске судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы, сот отырысының хатшысы, сот приставы, куә, сарапшы, маман, аудармашы немесе куәгер ретiнде қатысса;

2) егер ол осы iстi тергеуге немесе соттың қарауына қатысқан немесе қатысатын лауазымды адаммен туыстық немесе жеке байланыстың басқа да қатынастарымен тәуелдi болса;

3) егер ол қорғалушымен немесе сенiм бiлдiрушiмен қарама-қарсы мүдделерi бар адамға заң көмегін көрсетiп жүрсе немесе бұрын көмек көрсеткен болса, сонымен бiрге мұндай адамдармен туыстық немесе жеке байланыстың өзге де қатынастарымен тәуелдi болса;

4) егер заңның күшiмен немесе соттың шешiмiмен қорғаушы немесе өкiл болуға оның құқығы жоқ болса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.

2. Қорғаушыны, жәбiрленушiнiң (жеке айыптаушының), азаматтық қуынушының немесе азаматтық жауапкердi қатысудан шеттету туралы мәселенi сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде – прокурор, ал сотта іс жүргізу кезінде істі қарайтын сот шешеді.
12-тарау. Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету
95-бап. Судьялардың, алқабилердiң, прокурорлардың, тергеушiлердiң, анықтаушылардың, қорғаушылардың, сарапшылардың, мамандардың, сот отырысы хатшыларының, сот приставтарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

1. Судья, тергеу судьясы, алқаби, прокурор, тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы, сот приставы, сонымен бiрге олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстары мемлекеттiң қорғауында болады.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға мемлекет заңда көзделген тәртiпте сотта қылмыстық iстердi немесе материалдарды қарауға байланысты олардың өмiрiне қауiп төнуден немесе өзге де күш қолданудан қауiпсiздендiру шараларын қолдануды қамтамасыз етедi.
96-бап. Жәбірленушілердің, куәлардың, күдіктілердің, айыпталушылардың және қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолдану мiндетi

1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган, егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге байланысты оларға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңда тыйым салынған өзге де іс-әрекеттi жасаудың қаупi туралы дерек болса, күдіктінің, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң, қылмыстық процеске қатысушы басқа да адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының қауiпсiздiгi шараларын қабылдауға мiндеттi.

Мәліметтерге қол жетімділікті шектеу түріндегі қауіпсіздік шарасы мемлекеттік құпияларды не іске қатысушы адамдар өмірінің құпия тұстары туралы мәліметтерді жариялаудан қорғау мақсатында қолданылуы мүмкін.

2. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының немесе іс жүргізетінлік келісім жасалған сотталған адамның, оның отбасы мүшелерiнің қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қажет болған кезде аталған адамдардың келісімі бойынша осы Кодексте және заңдарда көзделген мемлекеттік қорғау және қауіпсіздік шаралары қабылданады.

3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган олардың ауызша (жазбаша) мәлiмдемесiнiң негiзiнде немесе өз бастамашылығы бойынша осы баптың бiрiншi және екінші бөлiктерінде аталған адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қабылдап, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.

4. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының олардың қауiпсiздiгi шараларын қабылдау туралы мәлiмдемелерiн қылмыстық процестi жүргiзушi орган оларды алған сәттен бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қарайды. Мәлiмдеушiге тиiстi қаулының көшiрмесiн жiбере отырып, ол қабылданған шешiм туралы дереу хабардар етіледі.

5. Мәлiмдеушi өзiнiң қауiпсiздiгi шараларын қабылдау туралы өтiнiшхатын қанағаттандырудан бас тартылғанына прокурорға немесе сотқа шағымдануға құқылы.

6. Қауiпсiздiк шараларын қолданудан бас тарту, егер бұрын берiлген өтiнiштен көрiнiсiн таппаған мән-жайлар туындаса, аталған шараларды қолдану туралы қайта өтiнiш жасауға кедергi келтiрмейдi


97-бап. Жәбiрленушiлердiң, куәлардың, күдіктілердің және қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдардың қауiпсiздiгi шаралары

1. Куәлардың, күдіктілердің және қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының қауiпсiздiгi шараларын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық процесті жүргізетін орган:

1) зорлық-зомбылық немесе қылмыстық заңда тыйым салынған басқа да әрекеттер қаупi шыққан адамға оны қылмыстық жауаптылыққа тарту ықтималдығы туралы ресми ескерту жасайды;

2) қорғалатын адам туралы мәлiметтер алуға шек қояды;

3) оның жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы тапсырма береді;

4) күдіктіге, айыпталушыға қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты зорлық-зомбылық қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) ықтималдығын болдырмайтын бұлтартпау шараларын таңдайды.

5) жақындауға тыйым салу түріндегі мәжбүрлеп іс жүргізу шарасын қолданады.

2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган шығарған ескерту адамға қолы қойғызылып хабарланады.

3. Қорғалатын адам туралы мәлiмет алуға шек қою қылмыстық процестің басынан бастап адамның өтініші бойынша қылмыстық iстiң материалдарынан оның анкеталық деректерi туралы мәлiметтердi алып, оны негiзгi iс жүргiзуден бөлек сақтаудан, бұл адамдардың бүркеншiк ат пайдалануынан тұрады. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам осы шараны қабылдау туралы қаулы шығарады, онда жеке адам туралы деректерді құпия сақтау туралы қабылданған шешімнің себептері жазылады, қорғалатын адамның оның қатысуымен жүргізілетін тергеу іс-әрекеттері хаттамаларында пайдаланылатын бүркеншек аты және қолтаңбасының үлгісі көрсетіледі. Қорғалатын адамның қатысуымен іс жүргізу әрекеттері қажет болған жағдайда оны тануды болдырмайтын жағдайларда жүргізіледі. Қаулы және негізгі іс жүргізуден бөлектелген материалдар мөрленген конвертке салынып, ол одан әрі қылмыстық істі тергеген органда сақталады және оның мазмұнымен сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамнан басқа прокурор және сот таныса алады.

4. Куәгерлердiң, күдіктілердің, айыпталушылардың, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да адамдардың және олардың жақындарының жеке қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң тәртiбi заңда айқындалады.

5. Қауiпсiздiк шараларының қабылдануына қарамастан, қылмыстық қудалау органы бұған негiздер болған жағдайда жәбiрленушiге, куәға, айыпталушыға, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да адамдарға қатысты қылмыстық заңда тыйым салынған әрекеттер жасау қаупi анықталуына байланысты сотқа дейін тергеуді бастауға мiндеттi.

6. Қауiпсiздiк шаралары оны қолданудың қажеттiгi болмағанда қылмыстық процестi жүргiзушi органның дәлелдi қаулысымен тоқтатылады. Қорғалатын адамға оның қауiпсiздiгi шараларының тоқтатылғандығы немесе ол туралы деректердiң қылмыстық процеске қатысушы адамдарға ашылғандығы туралы дереу хабарлануға тиiс. Қылмыстық процесті жүргізетін органның қауіпсіздік шараларын тоқтату туралы шешіміне қорғалатын адамның сотқа немесе прокурорға шағым беруі шағым жасалған шешімнің атқарылуын тоқтата тұрады



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет