ІІ ТАРАУ
Лиризм және мінез
Мінез – адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жинытығы. Авторлық мінездеме дегеніміз біздің түсінуімізше автордың төл шығармасында орын алған кейіпкерлерге берген анықтамасы. Мінез жоқ жерде, Л.И.Тимофеевше айтсақ, ақиқатты «адамдандыру» мүмкін емес. Ал біз әдебиетте ақиқат шындықты тек адамдар арқылы ғана танитынымыз белгілі. Сондықтан өз шығармасында «өндірістік процестерді суреттеудің тасасынан болар – болмас бұлдырап көрінетін кері ауызданған мәнекендер», емес толық қанды көркем образдар жасағысы келген суреткер бар шеберлігін өмір шындығын жинақтаумен қатар адам мінезін даралауға жұмсайды. Суреткер үшін керемет қиын нәрсе «адамның жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп иірімдерді» (Гоголь) табу, тану және жазу. Сезімнің тілі – бір түрлі, тілсіз тіл. Сол тілсіз сезімге тіл бітіргендей, қағаз бетін адамның ішкі күйінің суретіне, құбылысына, қимылына айналдыру - суреткерден қаншылық нәзіктікті, шеберлікті қажет ететіні түсінікті болуға тиіс.
Характерология жалпы психологияның бір тармағы болғандықтан, көркем көркем туындыдағы авторлық мінездемелердің орны бөлек. Әдебиет сабағында осы мәселеге арнайы көңіл аудару қажет, - дейді ғалым Б.Майтанов /13. 8./
А.Г. Цейтлиннің зерттеуіне қарағанда, адамның мінезін – сезім «иірімдерін» суреттеу – Жорж Сандтың қолынан келмеген нәрсе де, Писемскийдің ең осал жері. Пушкин Вольтерді «алпыс жыл жазса адамында жібі түзу мінез жоқ, оңды – солды лепірген құр сөз ғана бар» деп ажуалаған. Бұл да тегін емес. Ал Лев Толстой үшін «ең басты нәрсе – адамның жан тіршілігі». Сондықтан ол «Соғыс пен бейбітшілікті» жазу үстінде эпопея қаһармандарының әрқайсысына алдын ала жан – жақты «мінездеме» жазып, әр алуан «психологиялық паспорт» толтырып отырған. Қызық жері - әр кейіпкердің мінез – құлқындағы алты түрлі (дәулет, қоғамдық, махаббат, ақындық, парасат және семьялық) ерекшелікке баса назар аударған. Мінездеу, жанама мінездеу, адамға тән күйініш, сүйініш сезімдерді суреттеу, адамның өз сөзін (монолог) немесе өзгемен сөйлесуін (диалог) келтіру – осылардың бәрі жеке – жеке тұрған, біріне – бірінің қатысы жоқ дара мақсатты (самоцель) нәрселер емес. Керісінше, бірін – бірі толықтырып, бірінен – бірі туып, біріне – бірі жалғасып жатқан дүниелер.. Мұндай бірліксіз бұлар адам мінезін де, тұлғасында жасай алмаған болар еді. Бұл – академик, ғалым Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» кітабында берілген анықтама. ( 1. 95 )
Жазушы өз геройының қимылын жеке – дара алмай, оның сөйлеген сөзімен ұштастыра суреттеп, оған өзінің авторлық көзқарасын (эстетикалық бағасын) білдіріп еді, бұл геройдың кім екенін, қандай мінез – құлықтың адамы екенін, қандай мінез құлықтың адамы екенін тасқа таңбалағандай білдік те алдық.
Қазақ әңгіме-повестеріндегі ерекше назар аударуды қажет ететінде жайттардың бірі – осы мінез мәселесі. Өйткені, көркем шығарма, оның ішінде әңгіме жанры да өмір шындығын қалай болса солай, талғамсыз, тарихи жағынан негізсіз етіп алмай, белгілі бір жайды белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік орта шындығына сай, тарихи жағынан нақтылы алып суреттейді. Демек, мінез жоқ жерде тарихи оқиға, әлеуметтік жағдай шындығы көрінбейді де, керісінше әлеуметтік орта, оның шындығы ашылмаған жерде мінез жоқ.
Лирикалық проза көркемдік ағым болса, лиризмді тарихи-генетикалық тұрғыдан өнердің тектік қасиеті деп, авторлық позиция роайында бейнелеу принципі ретінде, әдеби процесс өлшемімен тенденция, творчестволық типология талабымен стильдік құбылыс, мазмұндық-құрылымдық аяда компонент есебінде танып-қабылдауға болатын тәрізді.
Бүгінгі қазақ әңгімелерін барлағанда байқалатын тағы бір нәрсе – қаламгерлеріміздің өз кейіпкерінің жүріс-тұрысын ежіктеп кетпей, олардың ішкі жан-дүниесіне зер сала бастағандары, қаһарманның іс-әрекетін жан-дүниесімен сабақтас алып суреттеуге ден қойғандары. әрине, бұл басқа жанрларға қарағанда шағын әңгімеде кейіпкердің бүкіл рухани әлемін ашып тастау әлдеқайда қиын, әлдеқайда күрделі екендігін ескермеске болмайды. Әңгіме жанрында кейіпкер психологиясын терең де толымды ашу мүмкіндігі повесть-романға қарағанда әлдеқайда шектеулі. Дегенмен, психологизмнің элементтері әңгімеде де жоқ емес. Айталық, Т.Нұрмағамбетовтың “Жәрдемші” әңгімесінің өзегі – бас шопан Қабылдың өз жәрдемшісіне қамшы жұмсап, орнынан босауы, содан байырғы әріптесі Алдашбекке жәрдемшілікке келуі. Бұл жерде назар аударатын нәрсе – екі түрлі жағдайда суреттелетін Қабылдың мінезіндегі өзгеріс, Қабыл психологиясындағы құбылыс /18.90/.
Әңгімеде ескі көзқарастарынан азап шеккен Қабылдың қайшыласқан сезімдері, асып-тасыған көңілінің сабасына түсуі, рухани дүниесігндегі өзгерістер ккөрінеді. Бұл жердегі қабыл психологиясы бір күйден екінші күйге ауысып, құбылып отыруымен қызық. Мысалы, екі айтқызбайтын елгезек жәрдемші тапқанына риза бас шопанның алғашқы ойы: “баяғының құл жұмсаған байлары да осындай рахат көре алды ма? Жоқ па?... Әй, дәл осындай тілсіз жәрдемші жұртттың бәрінде бола береді дейсің бе? Кітаптардан оқып жүрміз ғой... Иесін сабап кетеді”, - деп келсе, өрісте жүріп, атынан түскен кездегі ойы: “Ол болғанда қолтығымнан демеп жіберетін еді-ау. Аттың шылбырын жинап, ердің басына өзі іліп, қамшымды әперіп тұрар еді-ау” /19.187/. Қабылдың асып-тасыған бұл психологиясы, бұдан кейінгі жүріс-тұрысы, ірі-ірі шыға бастаған сөздері, өрісте өзі сияқты бас шопан Алдабекпен кездескен сәттегі Сырдың суы сирағынан келтірмейтін әңгімесі, ферма меңгерушісі мен совхоз директорын құйысқанына қыстырмай, әлемдік мәселелерді қозғап кететін кездері әдемі юмормен, ұтымды диологтармен берілген. Ал мұндайда көңілге күдік ала бастайтын оның тыңдаушысын (Алдашбекті) жазушы: “Осы әңгіменің аяғы бір пәлеге ұшырап жүрмесе етті” дегендей түсі қашып отырады“, - деп суреттейді. Мұнан Алдашбектің Қабылдай емес момын, жуас жан екенін көреміз, бастықтары жөніндегі әңгімеден тартыншақтап, сақтанып отырғандығын, яғни мінездеріндегі ерекшеліктерді аңғарамыз.
Осылайша әңгіме кейіпкерлерінің ой-толғаныстары, мінез-құлқы мен көңіл-күй ерекшеліктері нақтылы ситуациядан, сыртқы жағдайдан туындап жатады. Олардың рухани дүниесіндегі сілкініс, ақтарылған сезім, шарықтаған қиял бір-бірімен байланыса келіп, бірін-бірі толықтыра келіп, кейіпкер жанының диалектикасын, сезімдер қозғалысының суретін жеткізетін әдемі өрнек құрайды. Тіпті осындағы кейіпкерлердің рухани дүниесіндегі өрлеуді көрсету үстінде бүгінгі әдеби шығармамызда көп кездесетін үлгілердің – гипербола элементтерінің ұшырасуы, бұл әңгіменің табысы. Мұның өзі гипербола элементтерін тек ауыз әдебиетінде ғана емес, бүгінгі әдебиетімізде де шығармашылықпен пайдалана білгендігінің нәтижесі.
“Қабыл Алдашбектің қолынан жетелеген күйі зорланғандай етіп, сан мұхитты саптама етіктермен кешіп өтіп, америкаға апарады. “Қабылжан-ау, Америка менің не теңім, ауылға апаршы” дегенін тыңдамайды. Және білмейтіні жоқ. “анау Ақ үй, мынау Көк үй” деп жағалап көрсете жүріп, ЦРУ-дың жанына келеді. “Біраз пәле осы жерден басталады, біліп қой” дегендей сол үйге қарай Қабыл саусағын шошайтып тұрып алады.
...Қайтарда тағы да әлгі мұхитты саптама етіктерімен кешіп өтіп, Египет пен Израильдің жеріне соғып, Ирак пен Иранның шекарасына келеді. Шекарада қабыл бір алақанын Иранға, екінші алақанын Ирак жаққа жайып тұрып, оларды мүсіркегендей “Ау, мына бейбақтарға не жоқ” дейді.
Мұнда ауыз әдебиетіндегі үлгі сол күйінде қолданылмайды, бұлардың арасында үлкен сапалық өзгешелік бар. Эпостық жырда құтан мен Қарабай, құлан мен бұлан, алты айшылық жер тілге тиек болса, бұл әңгімеде метеориттер, астероидтер, галактика, Мұхат, Ақ үй, ЦРУ, Египет пен израиль, Иран мен Ирак секілді бүгінгі ұғымымызға тән терминдер қолданылады /20.15/.
Қазіргі таңда жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің қазақ әдебиетінде өз отауы, төл әлемі бар. Т.Нұрмағамбетов шығармалары жеке дара бір жарқын құбылыс болып отыр. Жазушы шығармаларының қай-қайсысы да үлкен жүк көтеріп тұрған туындылар. Атап айтсақ, “Қош бол, ата”, “Қарлығаштың ұясы”, “Он төрт жасар жігіт”, “Түкпірдегі ауыл”, “Дарияның арғы беті”, “Тұнық су” секілді бірнеше повесть және “Қауын иісі”, “Әже”, “мазасыз түн”, “Жүрек жылуы”, “Жалғыз шартақ”, “Менің інілерім”, “Ата қоныс”, “Әлі шалдың қыздары”, “Сушы”, “Шашубай”, “Таңғы жауын”, “Жаздың қысқа түні“,“Тойдан кейін”, “Жәрдемші”, “Екі мая шөп”, т.б. әңгімелері соның дәлелі.
Т.Нұрмағамбетов шығармаларындағы туған жерге деген махаббат, еңбек адамдарының толыққанды мүсіні, терең реализм мен психологизм, нұрлы ирония арқылы қарапайым, халықтық характерлерді ашу – міне қаламгерге қажет ерекшеліктердің түрлері. Ол - өз тақырыбы бар, айтары бар жазушы. Ол өзінің “Қош бол, ата” повесінен бастап концепциялы жазушы болып келеді. Ол не концепция. Ол – туған жерге деген сүйіспеншілік, қарапайым еңбек адамдарының ұлылығын жырлау. Сол себепті де оның кейіпкерлері – пәк, таза ойлы жеткіншек, басына тағдыр тауқыметі түскен, жол айрығында тұрған бала Көктембай (“Қош бол, ата”), Шорман(“қарлығаштың ұясы”, Елжан (“Тұнық су”). Осы Бала бүгініне, болашағына алаң, туған жер топырағына тәу етіп, ел дәстүрін жалғастырып, адамгершілік ар, жеңісі үшін бас тігіп жүрген қарт Жөкең (“Қош бол, ата”), Нұржан – (“Қауын исі”), Қамқа кемпір (“жүрек жылуы”), тағы басқалары. Т.Нұрмағамбетовтың ту етіп көтерері – тазалық, туған жер табиғатының тазалығы.
“Тыңдашы, мені, ата... бұл мен ғой, Көктембаймын. Саған бүгін кімдердің келгенін білесің бе? Толасбай, Шодыр көкем... қабылдама, олардың құранын, ата, қабылдама... Тыңдама... Көкемнің бүгін мені қалай ұрғаннын көрсең...
Ата, мен оларды жек көремін. Бәрін де.. Шодыр өз тайқыларымды өзіме беормейді, зорлықшыл. Мен әлі үлкейгенле оған көрсетермін.
Ата, Толасбайдың күмбездеп үй соғу керек дегенін естідің бе? Мен естідім, керегі жоқ. Керегі жоқ, күмбездеген үйінің. Мына өзіңнің жұп-жұмсақ, таза топырағың-ақ жетеді.”
Жер құшағында жатқан атасы моласының басында отырған бала Көктембай үлкендердің екіжүзділігіне ашулы. Осы ретте өз әкесін де аяп отырған жоқ. Қадірлері – туған жердің тап-таза, жұп-жұмсақ топырағы.
Осы терең ой, ақиқат пікір – Т.Нұрмағамбетовтың бүкіл творчествосына арқау болған. “Қарлығаштың ұясы”, “Үшінші кластың жетекшісі”, “Көгілдір аспан”, “Дарияның арғы беті”, “Түкпірдегі ауыл”, “Тұнық су”, “Бойтұмар” повестерінде де, жазушының барлық әңгімелерінде де көтеріп тұрған күш-тірек – туған жер. Бастарына қандай күн туса да, Тынымбай Нүрмағамбетов кейіпкерлері туған жерден кетпейді, ауылды айнала жүреді /18.94/.
Т.Нұрмағамбетовтың қарапайым бала, жігіт-қыз, егде-ересек, шал-кемпір кейіпкерлерінің бәрі дерлік – дара, дана адамдар. Халықтың қалың ортасынан шыққан өкілдер, типтік жағдайдан жаралған типтік тұлғалар. Қазақы, халықтық хараетерлер.
Жазушының көрнекті шығармасының бірі – “Тұнық су ” повесі. Бұл повесінің маңыздылығы – бала Ержанның суық бауыр анасы Салияны, сұлу астананы тастап, Мұңсызбай ауылына келуінде де емес. Ол повестің жас ұрпақты туған жерін, табиғат-ананы сүюге баулитындығында. Ол туған жердің табиғатын тамаша бейнелейді, көзге елестетіп, көңілге бейнелейді. Шығарманың әрбір эпизоды, детальдары, пейзаждары, диалог, монологтары Т.Нұрмағамбетовтың қарапайым, кішкентай нәрселер арқылы түбегейлі үлкен мәселелер көтеріп, кесек образдар сомдап, әлеуметтік ірі, күрделі ойлар айта білгендігіне дәлел.
Бір қызығы – “Қош бол, ата”, “Тұнық су” повесінің басты кейіпкері балалар болса, “Бойтұмар” повесінің басты кейіпкерлері – ересектер, орта жастағы адамдар. Мұның өзі де жазушы творчествосындағы бір ерекшелікті, игі бетбұрысты байқатса керек.
Т.Нұрмағамбетовтың “Қарлығаштың ұясы” повесінде аңыз, ертегілерді көркемдік тәсіл ретінде пайдаланса, кейінгі шығармаларында мұндай әдіс-амалдарды, әдебиетте бұрыннан бар, пайдаланылған үлгілерді қолдану жоқ.
“Түкпірдегі ауылда” таза реализм, психологиялық зерттеу алдыға шықса, “Тұнық суда” тағдыр тартысы, драматизмі қоюланып, ащы да ауыр тағдыр, терең реализм билік алып, Елжанды – қаршадай баланы тығырыққа тіреген. Оның табиғатты ая-ауқым ретінде суреттеу, адамдар мінез-құлқын, психикасын қазбалай, қадағалай ашы қосылғанда шығарманың шынайылығы, шымырлығы арта түсетіні түсінікті /18.91/.
“ Түкпірдегі ауыл” – құрылымы қызық, тұтас алғанда да бұлшық еттей түйілген шымыр шығарма. Онда дәстүрлі тартыс, конфликт, жағымсыз кейіпкер жоқ емес. Шағын ауылдың төрт түрлі аптал азаматын алу арқылы жазушы шалқар өмірдің шындығын алға тарқан. Повесть керағар да қызықты, қатпарлы да күрделі мінездер сомдаумен құнды.
Мұндағы бригадир, ауыл бас көтерері Әлібек, қырсық, бірақ ер, мәрт мінезді жігіт Қиғашбек, ерке ақылды, тентек келін Нәзила, ауыл ақсақалы, Жиделінің жұлыны мен даналығы тектес Тәукебай қарт бейнелері Тынымбай Нұрмағамбетов шығармашылығында ғана емес, күллі кешелі-бүгінді қазақ прозасындағы тың, тосын, құнарлы мінез-характерлер Нұрмағамбетов шығармаларындағы соны жаңалық деуге болғандай.
Жазушының алғашқы шығармаларынан Б.Майлинге еліктеуді, Шыңғыс Айтматов әсерін көрсек, кейінгі туындыларынан Тынымбай Нұрмағамбетовтың өзін көреміз.
Бұл – Тынымбай Нұрмағамбетов атты жазушының кемелденгенін, толысқандығын көрсетсе керек. “Ең парасатты проза, - дәл және қысқа жазылған проза”, - деп А.С.Пушкин айтқандай, көркем әңгіме қазіргі әдебиетіміздің көтерер жүгі үлкен бір жанрына айналып отыр. Жыл сайын жеке кітаптарда, мерзімді баспасөз беттерінде көптеген әңгімелер жарияланып келеді. Мәселен, Тынымбай Нұрмағамбетовтың “Тұнық су” атты кітабындағы “Көкөзектің қауыны” әңгімесін алайық. Асылы, жазушы түсіндіруге, ұзақ-сонар баяндауға ден қойып кетпеуге, кейіпкер мінез-құлқын, жалпы адамзат табиғатын деталь, тіл арқылы жеткізуге құмар. Кейіпкерлер табиғатын олардың өз сөздері арқылы танытады. Характер мен орта сәйкестігін де ұмытпайды. Мәселен, баласына болыспай, қарағайдай қатқан қырсық шал базарға барысымен ол мінезімен қоштасады. Базарға бірінші рет кеп саудаласқан кемпір-шалдың “нарық” дегенді білмей дағдарулары да қызық. Қамқа кемпір сатып алушыларға: “Шырағым, өзің қаншаға алғың келіп тұр. Сол ойыңдағыны берсеңші” десе, Қаратемір қартттың “сатушы мен ғой, жұрттың тілін табайын деп емес, бұл жұрт менің тілімді тапсын” деп тұруы, тәкаппарсынуы әрі табиғи әрі күлкілі. Осы сөйлемдерден-ақ, олардың кескін-келбеті елес бергендей. Демек, жазушы характерді тілдік детальдар арқылы да таныта алған.
Адам образын жасау – көркем шығармаға қойылар негізгі талап екендігі белгілі. Образ жоқ шығармада тағдыр жоқ. Ал адам суреттелмеген туындыда өмір тынысы, тіршілік ағымы бар деп айта алмаймыз. Осындай талап тұрғысынан қарағанда, тынымбай Нұрмағамбетовтың кейіпкер табиғатын танытуға ғана емес, өмірлік материалдың, оқиға-әрекеттің ой саларлық қырларына көбірек үңілуін де айту керек. Аталған әңгімедегі сауда,ға ебі жоқ аңқау қарттарды алдап, жер соқтырар жантасқа байланысты ситуациялар соның дәлелі. Ал, Қаратемір мен Қамқаға базарға келген балалы әйелге жаны ашып, қауынды тегін әрі кезексіз бергеніне де сенесіз. Өйткені, бұл автордың қисынсыз, күшпен қиыстырғаны емес, характерлердің бойына сиымды,. Шамасына шақ әрекет.
Әйтсе де, жазушының характерлерінің, адамдар қарым-қатынасының, тұрмысының қуыс-қуысына кей-кейде негізсіз көп үңіліп, әңгіменің әлеуметтік салмағын жеңілдетіп алатын тұстары да бар. Қарапайым ауыл адамдары осылай сөйлейді деп жөнді-жөнсіз тіл бұрай беруі де көңілге қона бермейді. Осы күнгі оқыған, кемінде он жылдық білімі бар нағиділланың аузына “деректеріміз” деп сөз салуы сенімсіздеу. Мұндай сөздерді бұзып айтса қара танымайтын қарттар айтар, ал мектеп бітірген әрі аудан орталығында тұратын бүгінгі жастардың сөзді бұлайша бұзып сөйлеуі ерсі секілді.
П.Пикассоның “И среди людей больше копий, чем оригинала” деген қанатты сөзінің жаны бар. Бәлкім сондықтан да төл көркем әдебиетіміздегі образдарда қазақы мінез-құлық, психология шаш етектен. Көбі инкубатордың балапанындай ұқсас. Ұлт мінезі ғой деп ақтап та алуға болар еді, бірақ көбіне жетпейтіні күйініш-сүйініш, толғаныс даралығы. Адам жұмбақ, өнер жұмбақ, ендеше жан сезіміңді қозғар, ой-санаңа түрткі тосын кісіні іздейсің.
2.2. Қуандық Түменбай прозасындағы ұлттық рух
Осындай ізденімпаздықты, жанкештілікті Қуандық Түменбай шығармашылығына үңіле түссеңіз байқайтыныңыз хақ. Жазушының ерекшелігін де дәл осындай қасиеттерінен табасыз. Хикаяттары, әңгіме-повесттерінің кейіпкерлері әдебиетімізге тән шетінен тым арманшыл, шексіз ақжүрек, бейкүнә, өз ортасында беделді, алдыңғы саптағы адамдардан бөлектеу. Мүлдем ондай емес деу асылық болар, бірақ Қ.Түменбайдың алғашқы кесек хикаяттарының бірі “Алтын жылды армандарым” (1999ж.) әкесі жоқ, шешесі бар шала жетім Темірханды арманшыл-қиялшыл, тіпті кейде Ш.Айтматовтың “Ақ кемесіндегі” баланы еске түсірердей болғанымен, ішкі психологиялық болмыс-бітімі, тағдыр-талайы ерек. Басқаға қайдам, бізге жазушының өзегіндегі ащы жалын дәл осы туындысында лаулаған сияқты болып көрінеді. Кезінде тоқырау деп аталған кезеңнің кесапат-қиянатын, иман-сауптың тоза бастағыны, оның үстіне қаламгердің өз өмірбаяны бедерленген тұсын сезесіз. Ересек жазушының бала жаны мен жалыны өн бойыңызды екіұдай күйге бөлейді /21.10/
Мінез – адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы дегенге сүйенер болсақ , Қуандық Түменбай кейіпкерлерінің мінездері, болмысы қазіргі қоғамдағы күнделікті кездестіріп жүрген адамдар десек те болады. Жазушы қоғамдағы адамдардың болмыс – бітімін сұрыптай отырып, рухани – психологиялық табиғаттын аша түседі.
Қосағынан 25 жасында жесір қалып, алпыстан асқан қайныағасына тиген кейіпкері Темірханның шешесі Насиха мен Жапардың жеті түнде төсектегі күбір-сыбырын құлағы шалған.
Тәңірхан Кенесары көкесін ойлап кетті. “Апам осы кісіге тисе ғой. Ол кісінің әйелі жоқ, баласы жоқ, неге өзі ықылас білдіріп, жеңгесін алмайды екен. Қайныағасына қосылып, жатысы анау”
Он жасар Тәңірханның туған шешесі туралы ойы. Сенесіз бе? Анайы емес пе? Атойлап шығар сауалдар. Туындының ішкі астарына үңіліп көрейік. Өмір. Туған әке мейірімін көрмеген, бір әулеттің шайқалған шаңырағы, тәлкекке түскен бейбақтар ортвасындағы он жасар Тәңірханның кеудесі толған қайрауықтың ащы үніндей ызылы шер. Шерменде шер. Жасына жетпей-ақ, осы орта, осы күй бала санасын ерте есейтті. Әдебиетімізде ауылдағы адамдар тағдырын бедердлегенде, дәл осындай ап-ащы күйінішті Қ.Түменбайға дейінгілер де білді, көрді. Жампоз жазушыларымыз жаза алмағаннан емес, жазғанын дүниеге келтірмегеннен еді. М.Шолоховқа жүгінсек, қанша жерден ащы болса да, жазушы шындықты оқырманға тура айтуы керек
Қ.Түменбайдың Тәңірханы шалқар мінезді, дауласарсыз, бірақ әдебиетіміздегі батылдық. Шындықтың көзіне тура қараған батылдық. Хикаяттағы бас кейіпкер шерлі ғана емес. Ағайын-туыс, алыс-жақыннан, өзі өскен тіршілік ортасының қасқыр қабағынан көкірегі қарс айрылса да, ертеңігі күннен күдерін үзбейді. Ағасы Шерхан “желтоқсан көтерілісіне” қатысып, түрмеге түсті деген хабар жетісімен, Алматыға жиналады. Атасы Жүзжасардың басына барғанда: “Ата, батаңызды беріңіз”, - деп күбірледі Тәңірхан. Біз сіздің атыңызға қолымыздан келгенше кір келтірмейміз.Біз емес, біздің қолымызда не тұр, уақыт, заман ғой кірлетіп жүрген. Енді бәрі дұрыс болар /21.16/
Сіз аруағыңызбен жебеңіз, Жүзжасар ата! Сөйтіп, ұрпағыңызды құтқарып қалыңыз. Шерхан оқуды бітіріп, агроном болып, ауылға келіп, сіздің дихандық жолыңызды жалғастырамын, жаңғыртамын, әулеттің атын тазартып, ауылдың атын әлемге паш етемін деп жүр ғой”/22.42/. Он жастағы бала жиырма бестегі жігіттің сөзін сөйлеп тұр. Тәңірханның көз жасы жанын есейтіп жіберген. Иланасыз.
Көркем әдебиет атаулының өзегі – рух дертін көрсету. Жүрек пен мидағы қорғасындай күшті саралау, сүзу. Асылы, кімнің қалай сүзуінде. Қ.Түменбай прозасы мен көсемсөзінің тұла бойындағы тұлпары мен сұңқары – адам рухы. ТӘН-ЖАН-РУХ”. Ана құрсағында таза жетілген мен жетілмегендер. Жарық дүниеге шыр етіп келгеннен кейінгі екі періштенің – Қалиман мен ӨҚатиманың жазуы. Оны қадағалайтын жазушы, суреткер. Қ.Түменбайдың кезінде зиялы, мәдени ортада динамиттей жарылған әңгімесі – “Адам”. Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті осы әңгімесі үшін шақырып алып, түсінік жаздырған. Таққан кінасы – “орысты зинақор етіп көрсетті”. Әңгімені әркім әр қырынан тұщынуы заңды еді. әсіресе, сол тұсиағы қоғамдық құлқына, әбден шемен көзқарасқа бұл түрпідей тиіп, тікендей қадалғанг. Ауған соғысында дұшпандар екі аяқ, екі қолын тірідей кесіп, шолақ бөренедей тастап кеткен офицер жігіттің достан да дұшпаннан да көңілі қалып, көрген қорлығы жан түршіктіреді.
Адам неге мұндай күйге түсті? Кеңестік рух жан-дүниесін меңдеп алған жас офицер Арарат Кайранасов әскери училищені бітіріп, қызыл диплом алды. Мәскеу округінде взвод командирі болды. Ауған соғысын өзі қалап барды. “Медаль керек болда маған. Орден керек болды. Олар пәле. Тау, тас – бәрі өздерінікі, бәрінің тілін біледі. Біз ше, келімсек, мылқаулар таумен де, таспен де табыса алмай ақырында, өзіміз сорлаймыз. Кім шақырды екен, біздей мылұқауларды осы биік-биік тауына?”, - дейді кейіпкер дұшпандар тұтқынында өзін-өзі жұлып жеп. Дәл осы жерде жаны мен тәні тезге түсті. Тезге түсіп, тірідей тозақтың отына күйіп бара жатты. Сонда ғана дүние жалған екенін, өзі құдайдай сенген Отанының саяси билігі үшін бұл бар болғаны адам емес, зыр айналған жай ғана ұршық тасы, жай ғана зат екенін сезді. Туған Отанының ең үлкен марапаты, көргшен жақсылығы – орден, темір екен. Адамның адамдық қадір-қасиеті биік мүддесімен бетпе-бет келгенде түкке тұрмайды. Бұдан жігіттің пәршек-першегі шыққан құрыштай денесі жары үшін де түк емес. Теріс айналып, қайырылмай кетті. Тоталитарлық идеология қанына сіңген, “Отаным” деп өзегін беруге дайын соқыр сеніммен күлі көкке ұшты” ...жылтыр үстел үстінде жатқан Надямен ажырасу туралы сот үкімін оқыған сәтте басын көтерместен еліміздің кң жоғарғы марапатының қызыл-көк жолақтарымен көмкерілген шүберек бөлігіне ауыз салғанда күректей өткір тіс көсемнің қасқа басына қарш-қарш тиді /22.264/.
“Ол ең болмаса жалғыз қолы болмағанына өкінді. Қолы болғанда жүрек тұсында салбыраған темірді жұлып алып, терезеден көшеге құлаштай лақтырсам деп армандап отыр. Тағы да басын төмен иді, отыз екі тіс қарш-қарш етіп, мұздай темірмен айқасты
- А-а-а-й! А-а-а-й!
Мүгедек жігіттің адамдық рухы күйреді. Сол сәттен-ақ, табиғи хайцуандық нәпсілік инстинкт бас көтеріп, лап қойды. Кәді мгі ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе?
“ – Маған орден керек емес, әйел керек, әйел!
Көз алдында туған баласының өзегіне у төккен қасіретіне шыдамаған, көкірегі қарс айырылған анасы да мына қоғамнан күдер үзіп:
“ – Ұлым, тілегіңді мен орындасам қайтеді”, - деуден басқа амалы қалмаған.
Жан мен тәндегі цунамиді Қуандық “өтіріктің балын жалап, тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық” (Б.Момышұлы) деп жазды. Өмірдің сұрқай шындығын сол сұрқай күйінде берді.
Қуандық Түменбай бұл туындысын дүнеден озып бара жатқан Кеңес заманының сұп-суық темірдей жүйесіне әдейі ерегесіп жазды. Басқаша жазуға бұрынғы кеңестік көпқалыпқа салып, аяғы жоқ, қолы жоқ. Арараттың қасына сүйген қызы Надеждасын күндіз-түні отырғызып, “сен үшін тағдыр тауқыметін кешуге дайынмын, саған деген махаббатым мәңгілік, сен үшін бәрін де тәрк етемін” дегізіп, табындырып, қаһарман етіп қоюына болар еді. Әдебиетте мұндай сюжеттер бастан асып жатыр. Қаламгер ғасырға жуық асығы алшысынан тұрған тоң мойын мемлекет жүйесі мәңгүрт еткен қоғамдық санаға осылайша ши жүгіртіп көрді.
Жазушы хикаяттары мен әңгімелерінде өз заманының құлқын, саясатқа соқпай кеткен кейіпкерлері кемде-кем. Бәрінде де, басты ерекшелігі – көз қиығын, көңіл-күйін артөқан, жүректі жылытып, буынды босататын – адамның рухы. Осы орайда жазушының “Жігіттің көктөбесі”, (Жазушы,1995) жинағындағы “Ұры” хикаяты – Қуандық Түменбайдың шұрайлы да сүбелі, қазақы тірлік-тыныстық, сана-сезімнің, тағдыр-талайының иісі аңқып тұратын бірегей туындысы. Шығармада тайға таңба басқандай сомдалған кәдімгі қазақ ауылының адамдары – ұры Ұлтарақ, бүкір кемпір Алтынай, “жүздік шегеге төрткүл дүниенің бар жаңалығын іліп тастап” жатқан соғыс ардагері Әйтеке, т.б. Көзін ашқалы несібесін ұрлықпен теріп жеп, жетім-жесір, шал-кемпір демей, жолына кездескеннің азын-аулақ ырыздығын аузынан тартып жеп, зар илеткен – Ұлтарақ ақыр соңы ұрлық пиғыл жолында тоққа түсіп өледі. Тіпті бүкір кемпір Алтынайдың ұлы Кенжебек әскерді бітіріп келіп, көлік апатынан қайтыс болып, қасірет тартып жүргенде жан сақтап отырған жалғаз ала бауыр сиырын Ұлтарақ ұрлап сойып алады. Туындыда есіңнен кетпейтіні – осы екі кейіпкердің жан-дүниесі, мінезі, іс-әрекеті. Алтынай осы күнге дейін қазақ ауылының екі үйінің бірінде бар, тағдыр тақсіретін көрсе де, иманын жоғалтпаған кемпір. Кемпір болғанда да, бүкіл саналы тірлігін сараптап, пенденің пенделігімен жасалып-жалғасып жатқан қиянат-зәбір атаулыға қарсы тұрар арлы адамдардың бар екенін ұғындырып өткен адам. “Құдай да зымияндардың жағына шығып кетті ғой”, - дейді Алтынай кемппір. Осы бір ауыз сөз Қуандық Түменбай хикаятының өзегін шарпыған ащы жалын. Рух дертінің ошағы. “тірілермен түсінесе алмай, өлілермен тілдесіп жүрген жағдайым бар. “Таза адамдар мен сияқты көрініп жүреді. Ал сен жердің бетінде қиналып жүрсің. Өйткені, сен таза адамсыңі. Жер бетінде сен сияқтылардың жүруәі қиын” (Алтынай кемпірдің монологы.) Қ.Түменбайдың туындыларының қай-қайсысында өтпелі кезең деп аталған ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр басындағы замана табы-тынысы бар.
Қысқасы, әдебиеттегі адам образын жасаудың жолдары мен тәсілдері көп және әр алуан. Жалғыз – ақ, жазушы шын мәніндегі шебер, зергер болуы шарт, сонда ол қолданған әрбір амал адам образын ашуға қызмет етеді. Әдебиеттегі адамның ішкі бітімімен қатар сырт келбетін (портретін) де осы тұрғыдан түсінгшен жөн. Әйтпесе, портретте – самоцель емес. Оқырман өзі оқыған белгілі бір көркем шығармадағы геройлардың мінезін біліп, сөзін ести тұра сырт пішінін, кескін кейпін де көргісі келеді. Портрет тәсілі осыдан туған. Портрет дегенде біздің көз алдымызға кескін өнеріндегі (живописьтегі) портрет елестейді. Бұл – кескін өнеріндегі портрет. Бұл портреттің ерекшелігі - өзгермейтіні, қозғалмайтыны, қашан көрсек те бір қалыпта ғана тұратыны белгілі. Ал сөз өнеріндегі портрет бұлай емес, ол – бір қалыпта қатып тұрып қалмайтын, өзгеретін, қозғалатын жанды келбет, тірі кескін. (1. 110 ) Міне, біз көркем туындыны талдау, ондағы кездесетін өнер адам тұлғасын сомдау барысында кездесетін әдеби әдіс – тәсілдерге қысқаша тоқталып өттік.
Достарыңызбен бөлісу: |