2.3 Нарықтық экономика жағдайында Қазақстанның даму бағыттары мен болашағы
Қазақстан бүгінгі күнде табысты даму үлгісіне айналған мемлекеттердің бірі.
Экономика – өте терең және күрделі құбылыс. Оның заңдарын, тетіктерін біліп, оларды жақсы игермей, бір жүйеден екінші жүйеге көшу өте қиын да қауіпті қадам. Жаңа жүйеде жұмыс істейтін қалың бұқара оның заңдылықтарын білмесе, оның жақсы мүмкіндіктеріне сенбесе, тіпті қиын. Жаңа, яғни нарық экономикасын білмеу де, оған сенбеу де біздің қоғамда білініп тұрды. Өкінішке орай, ғасырлар бойы қазақ көші сомдаған тарихи санамызда да нарық экономикасының ізі жоқ болып шықты. Егер ресейліктер нарыққа көшеміз десе, олар Қазан төңкерісіне дейін аталмыш жүйе арқылы көп жылдар дамыған ел болатын. Егер Балтық бойы елдері, немесе грузиндер, армяндар нарық жолымен жүреміз десе, олардың да өткен ұрпақтарынан қалған үлгі-тәжірибелері болды. Бізде, бізбен тарихи ортақтас қырғыз, өзбек, түркімен және тәжіктерде аталмыш үлгі болған жоқ. Осындай жағдайда тиісті шешім қабылдау үшін батылдық пен табандылық, үлкен жауапкершілік керек болды. Батылдық пен қайрат-жігерді Президент Назарбаев көрсете білді. “Мен нарық экономикасын таңдадым, оның мүмкіндіктеріне сенемін. Халқым менің соңымнан еріңдер және осы нарық жолымен еш нәрсеге алаңдамай жедел жүріп отыруға бел байлаймыз” – деген Елбасының халыққа үндеуі Қазақстанның нарық экономикасына қарай табанды да тарихи бетбұрысының бастауы болды.
Қазақстандағы экономикалық реформалардың әр кезеңі осындай заманалық сипатта болды десек, қателеспейміз. Нарық экономикасына көшудің ең басты мәселесі мемлекеттік мүлікті ыдыратып, меншікті жекешелендіру болды. Қай елде болса да бұл өте жауапты науқан, көптеген елдерде осы саладағы реформаларға жылдар емес, ондаған жылдар кеткенін әлем тарихынан білеміз. Үш-төрт кезеңмен жіктелген меншікті жекешелендіру науқаны бізде, Қазақстанда, бас-аяғы 8-9 жылдың ішінде негізінен орындалды. 1995-1997 жылдар мемлекеттік мүліктің 60 пайызына жуығы жекешелендірілді, 2001 жылы елдің жекеменшік секторында кәсіпорындардың 74,4 пайызы, елдегі жұмыскерлердің 60 пайызынан артығы жұмыс істеп, олар республикадағы жалпы өнімнің 83 пайызын шығарып отырды. Кейін бұл көрсеткіштер тағы да өсті. Ал қазір Қазақстан экономикасының қай саласын алсақ та олардың негізін қалайтындар жекешеленген кәсіпорындар мен ұжымдар.
Осындай жедел іс-қимылдардың қажеттігі қандай еді? Біріншіден, батыл реформалар және оларды тездетіп жасау біздің өз таңдауымыз болды. Ауқымды реформалардың мемлекеттік бағдарламалары жасалып, халыққа ұсынылды, ел болып оны орындауға кірістік. Екіншіден, осы нарық жүйесіне біз де көшеміз деген бұрынғы әріптестердің, әсіресе Ресейдің, беталысы бізге демеу болды. Үшіншіден, (оны айтпай кетуге болмайды) көптеген халықаралық ұжымдардың (Бүкіләлемдік банк, Халықаралық валюта қоры, тағы басқалардың) бізге осы жолға түсу үшін жасаған өктем үгіті мен итермелеуі себеп болды. Олардың талабы һәм әртүрлі көмегі біздерді, бұрынғы республикаларды, Кеңес Одағы құрамына қайтадан қосылмау үшін тез тосқауылдар қою мақсатын көздеген еді.
Экономикалық реформалардың шешуші саласының бірі бағаны ырықтандыру болды. Нарық дегеніміз әркім өз таңдауымен жасайтын кәсіпкерлік, ал шығарған бұйымдардың бағасы тек оларға деген сұраныс арқылы анықталады. Шығарылған бұйым сұраныс таппаса, оның құны болмайды, ондай кәсіпкерлік дамымайды. Нәтижесінде сұраныс пен бағаның тығыз байланысы арқылы экономика тиімділігі артады. Бұл әкімшілік экономикасына қарама-қарсы қағида. Жаңа экономиканы жасақтаудағы шешуші қадамның бірі. Қазақстан бағаны ырықтандыру реформаларын да жедел бастады. Кейбір салалар (тамақ өндірісі, халыққа қызмет көрсететін ұжымдар) болмаса, қалған салаларда тез арада баға ырықтандырылып, тек сұраныс арқылы деңгейі анықтала бастады. Бірақ, осы жолда көптеген бұйымдардың бағалары шарықтап, жай еселеп емес, он-жүз еселеп өсіп, көптеген қиындықтар көрдік.
Реформалардың тағы бір шешуші саласы Қазақстанның басқа елдермен сауда жүйесін ырықтандыру болды. Нарық дегеніміз ашық экономика, әлем елдерімен сауда қатынасы ашық және екі жаққа да тиімді түрде қалыптасуы керек. Оның да тиімділігі мен тиімсіздігін анықтайтын сұраныс пен баға. Осындай өркениетті жолға түсу міндеті бұрын осы жағынан тәжірибесі аз, тіпті жоқ деп айтсақ та болады, егемен Қазақстанның алдында тұрды. Осы саладағы іс-қимылдарға да біздер көп бөгелмей кірістік. Көптеген елдермен әлемде қалыптасқан үлгі негізінде сауда саласына байланысты келісімдер жасалды, тиісті заңдар қабылданды. Ең басты мәселелердің бірі шетел инвесторларының келуіне қолайлы жағдай жасау болды. Өйткені қай елге болса да шет жерден инвестициялық қаржы келуі сол елдің инвестициялық қолайлылығына (инвестициялық климатына) байланысты. Шет ел қаржысына өте мұқтаж Қазақстан осы мәселені де дұрыс шеше білді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 50 млрд. доллардан астам инвестиция келді. Олар көптеген салалардың бой түзеуіне, әсіресе мұнай-газ өндірісін тез дамытуға негіз болды. Адам басына шаққанда шет елден келген инвестициялар бойынша Қазақстан барлық ТМД елдерінің бұрын да бүгін, де алдында. Ал Халықаралық валюта қоры бүгінгі Қазақстан инвестицияға деген қолайлылығы жағынан әлемдегі ең алдыңғы 20 мемлекеттің санатына қосылды деп отыр [16].
Шет елдермен экономикалық байланыс кеңістігі Қазақстан Одақ құрамында болғанда да, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да өте аз, тар болатын. Сол кездерде республикалардан шығатын бұйымдарға сұраныс етіп отырған елдердің саны 10-нан аспайтын, ал бізге бұйымдар сататын Одақтан тыс елдердің саны одан да аз болатын. Бүгін Қазақстан әлемдегі 215 елдің 171-імен сауда-саттық қатынаста, 45,0 миллиард доллардан астам көлемде олармен тауар айналымы бар. Және де бұрын сауда негізінде ТМД елдерімен, әсіресе, Ресеймен болса, қазір Қазақстандағы тауар айналымының дені алыс шет мемлекеттермен, әсіресе Еуропа Одағымен, Қытаймен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен болып отыр.
Реформалардың негізінде Ұлттық банк құрылды, ұлттық валюта – теңге іске қосылды. Ақша экономиканың қан айналымы болса, дербес ұлттық валюта біздің егемендігіміздің, ел экономикасы ешкімге тәуелді емес екендігінің тағы бір өте маңызды тетігі болды. Бүгін біз төл теңгемізді тек қана өз аумағымызда емес, әлем деңгейінде басқа валюталармен дәрежесі бірдей айналымға қолдану қарсаңында тұрмыз.
Осы жылдары егемен елдің салық, бюджет жүйелері, кеден кешені құрылды, ауылшаруашылық, білім мен ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік, зейнетақы салаларында да тиісті реформалар жүргізіліп, нарық экономикасы талабына сәйкес олардың даму бағыттары анықталды. Шағын және орта кәсіпорындарды демеу, дамыту бағдарламалары іске қосылды.
Дегенмен, оны да айтуымыз керек, ауқымды реформалар барысында білмегендеріміз бен жоғалтқандарымыз да аз болған жоқ. Мүлікті жекешелендіру науқаны көптеген қайшылықтармен өтті. Мемлекеттік мүлікті қолындағы әкімшілік мүмкіндігін пайдаланып арзан бағамен сатып алушылар аз болған жоқ, осының салдарынан бай мен кедейдің, байлығы қолындағы топ пен байлықсыз топтың ара-жігі үлкейіп, халықтың наразылығын тудырды. Жоғарыда біз совет заманындағы ноқтасы сыпырылған баға алғашқы кезеңде шарықтап өсті дедік. Оның себептері көп болды, ал негізгісі біздегі жаңа салық жүйесінің кемшіліктерінен болды. 1993 жылдан бастап С.А.Терещенко басқарған Үкімет жаңа салық жүйесін, соның ішінде қосымша құн салығын іске қосты. Бұл біздің экономикамызға жат салық түрі еді, мен оны осы күнге дейін жат, бізге тиімсіз салық деймін. Өйткені, аталмыш салық нарық экономикасы елдерінде осыдан 15-20 жыл ғана бұрын, олар әбден дамып, тауар тапшылығын жеңу үшін емес, артық тауар шығару үрдісін тежеу үшін енгізілген болатын. Және де шет елдерде осы салық тауар айналымының бір-ақ, ақырғы сатысында алынатын болып реттелген. Сол кездегі қосымша құн салығы Норвегияда 18%, басқа Еуропадағы елдерде 13-14%-дан аспайтын. Біз болсақ осы салықты тауары жетіспей, күйзелісте тұрған ел экономикасына енгіздік. Және де оны алатын тауар айналымының сатысы дұрыс анықталмай, ол жүрген жолдың әр сатысында алынатын болды. Осыған қоса қосымша құн салығы тұтынушылардан шет елдердегідей 13-18% емес, 28% яғни, 2-2,5 есе көп деңгейде алынатын болды. Содан келіп тауарлар бағасы елімізде ондап та емес, жүз еселеп өсіп, экономиканы қатты күйзеліске ұшыратты, халық тұрмысын күрт төмендетті.
Жоғарыда айтқан, басқа да үлкенді-кішілі кемшіліктер экономикадағы күйзелістердің себебі болды, соның салдарынан осы жүргізіп жатқан реформаларымыз, жалпы нарық экономикасы біздер үшін дұрыс па, егемендігімізге қауіп емес пе деген сұрақтар да туды. Дегенмен, нарық экономикасын таңдаған тарихи шешіміміздің және оны орындаудағы батыл іс-қимылдың бірден-бір дұрыстығына, кейін уақыт өте келе, бір емес бірнеше рет көзіміз жетті. Аз-ақ мерзімнің ішінде қиыншылықтарды жеңіп, тұрақты даму траекториясына шықтық.
Кейбір көрші елдер – біздің одақтас әріптестеріміз осындай батыл шешімге бара алмады, әкімшілік экономика тұтқасынан түбегейлі арылғысы келмеді, нарық жолындағы қадамдары өте баяу болды. Сол кейбір елдердің экономикасы бүгінге дейін дұрыс бет түзей алмай отыр. Біз болсақ реформалар жағынан бүкіл ТМД елдерінің алдына шықтық. Ресей Федерациясы, басқа әріптестеріміз, көптеген халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттер Қазақстанды экономикалық реформалардың озық үлгісі деп санайды. Бүгін біздер ғасырлар бойы нарық экономикасын дамытып келе жатқан алдыңғы қатардағы елдердің санатына қосылу қамындамыз. Әрбір жауапты кезеңдерде дамудың дұрыс шешімін тапсаң, көштің алдында боласың, шешімін таба алмасаң көш соңында қаласың деген осы [17].
Достарыңызбен бөлісу: |