Мазмұны кіріспе түркі халықтары дүниетанымында «әйел» бейнесінің өзіндік ерекшеліктері



бет41/44
Дата28.11.2023
өлшемі0.63 Mb.
#484648
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   44
Диссертация НАЗИРА

Раушан — төңкерістен кейін тас-талқаны шығып ыдырап барып қайта құрылып жатқан қазақ аулындағы көп бейнетқордың бірі — қарапайым ғана үй иесі әйел. Көзі ептеп қара танығаны болмаса, өмірден оқығаны да, тоқығаны да шағын. Күйеуі Бәкеннің. ой-өрісі мақсат-мүддесі тіпті қораш, күйкі: «Таңертең тұрып шомын үйсе, шаруашылығын істесе, шаршап келіп, Раушанның оң тізесін баса отырып, терлеп шай ішсе, қызыл іңірден жатып ұйқысын қандырса — одан артық тұрмыс бар, одан қызық нәрсе бар деп Бәкен ойлады ма екен?». Бірақ, бұған керісінше, Раушанның ойы әжептәуір ояу, әр нарседен дәмелі, әр нәрседен білмекке құмар, қайраты мен жігері де бірқыдыру. Аздап жүрексінгенмен, қоғам жұмысына араласудан бас тартпайды. Сондықтан жұрт өзін болыстық әйелдер конференциясына делегат етіп сайласа, қарсы болмайды. Мұнысын сабын қайнатқан суатақ қатындар өсекке айналдырса, қайыспайды. Бәкенге ат-арба дайындатып, жолға шығады. Жол-жөнекей көргендері де ізсіз кетпейді, бұйығылау өскен дала қызының көкірек көзін ашып, әр нәрсенің парқын біліп, байыбына бара түсуіне септігін тигізеді «Апырмай,— деп ойланады Раушан бір шағын қалашық тұсынан өтіп бара жатып, тұрмыстары қызық болады екен ғой, біздің ауыл сияқты көңнің арасында қоқырсып жатқан ел _емес, үйлерінің арасы тап-таза, қаз-қатар тізіліп жарасып-ақ отыр». Болыс кеңсесіне жеткенше жолшыбай көргендерінен Раушан осындай са лыстырмалы пайымдаулар жасап, «жол жүргеннің өзі қызық болады екен» деп түйеді.
Жазушы Раушанды ауылдық кеңес ағасы боп сайланғаннан кейін де сан алуан қиындықтар, кедергілер арасына апарып қояды. Ең басты қиындық — өзінің күйеуі Бәкеннің надандығы.
Бәкен — тумысында адал, аңқылдақ болғанымен, аңқау, аңғырт, оның үстіне өзіндігі аз, өзгенің сөзіне ергіш те сенгіш. Ол – шағын шаруасына мұқият, «қой аузынан шөп алмай- тын» жуас, ешкімнің ыңғайын жықпайтын, əсіресе əйелінің бетіне жел болып келмейтін жұмсақ мінезді адам. Тіпті шындап ашулана да алмайды, ашуланған болып көрінгісі келсе де, артынша күлкісі таяу тұрады. Бəкен мінезіндегі осындай ерекшелікті жазушы қызық- тап əзілдейді. Жаратылыстан жұмсақ мінезді Бəкеннің ашуға мінген кездегі қылығы күлкі боларлық.
Раушан Бәкенмен бірге жүріп, түрлі - түрлі адамдарға да кездеседі. Олар да бұған әр түрлі ой салады және оларды жазушы, әрине, бас кейіпкердің бейнесін толықтырып, мінезін жан-жақты аша түсу үшін суреттеп отыр. Бұл арада да сол — Бейімбетке тән шеберлік — бас аяғы бірер ғана суретті сөзбен қосалқы кейіпкерлердің кескін-кейіпін оқырманның көз алдына дәлме-дәл әкеле қояды. «Теке сақалды, кенже бұқадай қыржиып келген, адырақ көзді қара кісі» - Ермақ, оның әйелі — «кемиектеу келген көлбақа тәрізді тарғыл кемпір», сондай-ақ «имеңдеген аққұба жігіт — болыстың хатшысы...» Осылардың қай-қайсысының да Раушан тағдырына әр нәрсеге күйіну- сүйінуде, әр нәрседен үйрену-жиренуіне, сайып келгенде іштей түлеп-өсуіне әр дәрежеде қатысы бар. Раушанның «жан диалектикасына» әсіресе уездің әйелдер бөлімінің «орысша киінген» бастығы «отырған отырысы, қағазды алып оқығаны, қолы майысып жазу жазғаны, бәрі жарасып тұрған» Мәриям деген «әйел бала» тікелей, қолма-қол араласады. Ол Раушанды болыстық жиылыс төралқасына сайлатып, қатарына шақырады, құр имене бермей жұрт алдына шығып, сөз сөйлеуге дағдыландырады. «Раушан — ел ішіндегі күң әйелдердің арасынан шыққан көсем» деп қатты риза болып, қолпаштап та қояды. Оны уездік жиылысқа өкіл етіп қалаға ертіп әкетеді, өзінің пәтеріне жатқызады.
Раушан енді қала құлқымен танысады. Біресе үрке, біресе таңдана танысады. Бәкен «атсыз арба» деп атаған автомобильді көргенде: «Бетім-ай, сиқыр шығар...»— деп шошиды. «Екі беті ұн жаққандай аппақ, ерні қып-қызыл» көк кез келіншекті көргенде: «Құдай әуре қылған соң қайтсын!»— деп таңырқап, күліп жібереді. Ал «әйел бостандығын ойыншық қылып» жүрген жеңілтек, желғабаз Әбдіш секілділердің алдамшы алаяқтығын көргенде: «Оқыған еркекте ар-ұят бар дегенге нанудан кеттім...»— деп қолын бір-ақ сілтейді. Бірақ бұл ұғымының ұшқары екенін, қала жігіттерінің бәрі «Әбдіш сияқты азғын» емес екенін дәлелдеп, Раушанның қателігін түзететін де Мәриям. Сөйтіп, Раушан осылайша оқырманның көз алдында көптеген сынақтан өтіп, бірсыпыра психологиялық өзгерістерді бастан кешіп, ақыл- ой-сана жағынан кәдімгідей өсіп, қаладан ауылға қайтқанда ауылнай болып сайлануға іштей дайын еді.
Раушан - аңқаулығы мол әйел. Күйеуінің таяғын да көтереді. Бірақ оны пысықтандыратын, өжеттендіретін, ілгері сүйрейтін бір күш бар – ол қоғамдық жауапкершілік. Əншейінде сыпайы, қолы ашық Раушан ауылнай мөріне өте сақ, өйткені ол коммунист Раушанға сеніп тапсырылған көпшілік қоймасының кілті сияқты. Сол себепті, мөрге келгенге жан-жағына салмақпен қарайтын болады. Сол-ақ екен, ол ескі əдетке, күйеуінің суық қабағына көнбей қояды. Раушанның өсуіне, пысуына оның жол жүріп, қала тұрмысын көруі де көп əсер етеді. Кейін елді мəдениетке тартуда, əрине, осы көрген-білгендерінің бəрі оның ойына ұйтқы болады.
Көлем жағынан повесть – жазушының көптеген басқа шығармалары секілді ықшам. Повестің тілі көркем әрі шебер, композициясы шымыр.
Бейімбет қазақ əйелінің типтік бейнесін жасауда тамаша талантын танытты. Əйелдерге тəн сырлы сезімді, осалдық пен ұлылықты, махаббат пен ерлікті, сарқылмас зор күшті табиғи суреттер арқылы шындықпен баяндады. Қарапайым қазақ əйелінде таңқаларлық қаншама ұлы күш, жігер, нəзік сезімдер жатқанын айқын суреттеді.
Раушан - өмірдің тура өзі. Оймақтай əшекейі, титімдей де бөгет қоспасы жоқ. Бірақ қаншалықты сүйкімді жанды бейне. Көп мінезіне күліп, кейде оған жаның да ашиды. Бұл шығарма - оқырманды суығына тоңдырып, ыстығына күйдіріп, толқыта білген шығарма, белгілі бір дəуірдегі өмірді мөлдіретіп, сол қалпында көз алдына əкелген шығарма, ақын шеберлігінің шыңы. Прозалық шығармасының қандайын болса да шиеленіскен драмалық тартысқа құратын Бейімбет Майлин «Раушан-коммунист» повесін қиыннан қиыстырып жасаған.
«Раушан коммунист» атты шығармаларда патриархалды-феодалдық ауылдың ескілігін жеңіп əлеумет ісіне белсене араласқан қазақ əйелінің жағымды образын жасауы – Бейімбеттің қазақ əдебиетіне əкелген зор жаңалығы еді. Раушан өзінің əлеуметшіл күрес жолына белсене беріледі, замандастарын да, ерін де коммунистік дұрыс жолға бастайды. Раушанның жеңісі – ескі қазақ аулындағы əйел бостандығы үшін болған күрестің жеңісін бейнелейді. Раушан — шынайы, шыншыл образ.
Түрік әдебиетіне келер болсақ, таңдаулы жазушылардың бірі - Решат Нури Гүнтекиннің орны ерекше. Ол көртеген роман, әңгіме және драмалық шығармалардың авторы. Оның шығармаларына арқау болған Анадолының жергілікті халқының ұлттық болмысы. 
Жастайынан әңгіме-жырға әуес болып өскен Решат Нури Халит Зияның әңгімелерін оқығаннан кейін ерекше әсерге бөленеді. Ол өзі бұл жөнінде былай дейді: «Бүгін бір туынды өмірге әкеле алсам Халит Зия Мырзаға борыштымын». Оның романдары тіл тазалығымен ерекшеленеді. Асыл әдемілігі әрбір оқиға арасында елдің шынайы көрінісі, шындығы көрсетілуінде, осылайша ауыл, туған жер әдебиетін өмірге әкелуінде жатыр. Решат романдарында Анадолының ішкі дүниесін, қарапайым халықтың өмірін тамаша көрсете білген. Түрік ауыл адамының оқу жолымен емес өмір мектебінің берген даналығы арқасында жеткен кемелдігі, тектілігі оның романдарында шынайылықпен суреттеледі.
Роман саласындағы секілді драма саласында да ел әдебиетін қолға алған қаламгердің шығармалары таза халықтық тілімен ерекшеленеді. Оның қаламынан бірнеше роман, әңгіме жинақтары, пьесалар мен аудармалар дүниеге келді.
Решат Нуридің алғаш рет атағын жайған 1922 жылы «Vakit» газетінде жарияланған «Бозторғай» (Çalıkuşu) атты романы болатын. Бозторғай романы Фериде деген қыздың өмірі туралы жазылған роман. Бұл жерде де "әйел теңдігі", "әйел бостандығы" деген мәғгілік тақырыптар қарастырылады.
Роман Фериденің күнделік дәптерінен құрылған. Фериде атты әскер қолбасының қызы еді. Кішкентай кезінде анасынан, бірнеше жылдан кейін әкесінен айырылады. Еренкөй Козятағындағы нағашы әпкесінің қолында өседі. Бесиме әпке оны Нотре Даме де Сион француз қыз лицейінде оқытады.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет