Мазмұны түсінік хаты


ҮІІ бөлім. ҒАСЫРЛЫҚ ТУЫНДЫ



бет50/78
Дата06.09.2024
өлшемі6.35 Mb.
#503432
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   78
Қазақ әдебиеті тапсырмалар (2) (копия)

ҮІІ бөлім. ҒАСЫРЛЫҚ ТУЫНДЫ
М.Әуезов шығармашылығы
З аманымыздың ұлы суреткері М.Әуезов – тарихта сирек кездесетін жан-жақты, терең білімді, парасатты, шын мәніндегі асқан талант иесі. Ұлы жазушы М.Әуезовтің көркем мұрасы – біздің төл әдебиетіміз, бүкіл адамзат мәдениетінің жетістігі. Оның Абай туралы эпопеясы мен асқан шеберлікпен жазылған әңгімелері мен повестері ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алтын қорына енеді.
Қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің алғашқы кезеңде /1919-1932/ жазылған шығармаларын қарастырудың ерекше мәні бар. Суреткердің бұл кезеңдегі шығармалары оның іздену, өсу жолынан, әдеби стилі мен творчествосының қалыптасуынан мол хабар береді. 1916-1917 жылдары қолына қалам алған М.Әуезов өз тұсындағы өзгерістерден еш бейтарап қала алмады. Патшалық құрылыстың құлап, елдің ескі отаршыл құрылысқа қарсы атой салуы жас қаламгерді әлеуметтік өмірге араластырды.

«Адамдық негізі - әйел» (1917ж), «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Оқу әдісі», «Ғылым тілі» секілді мақалаларында ол оқу ағартудың, мәдениеттің маңызды мәселелерін көтереді. М.Әуезовтің 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінде қырғыз эпосы «Манас» туралы жасаған баяндамасы ғылыми қауымның назарын аударды.


Жазушының алғашқы кезеңдегі шығармаларының көлемдісі де, көркемі де прозаның әңгіме, повесть жанрларында жазылды. М.Әуезов жиырмасыншы жылдардың бас кезі мен орта шенінде көптеген әңгімелер («Қорғансыздың күні», «Жетім», «Жуандық», «Ескілік көлеңкесінде», «Кім кінәлі», «Барымта» т.б.) жазып, оларда ескі қазақ ауылының алуан түрлі әлеуметтік шындығын реалистік дәстүрде бейнелейді, қоғам өмірінің, халық тіршілігінің терең қатпарларын, ішкі қайшылықтарын білгірлікпен суреттейді. Өмірдің ақиқат ағысын, типтік құбылыстарын зерттеу - жазушыға қазақ коғамының көкейкесті мәселелерін көтеруге мүмкіндік берді.
Оның тұңғыш күрделі шығармасы «Еңлік-Кебек» драмасы 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде жазылды. Алғашқы әңгімесі «Қорғансздың күні» 1921 жылы жарияланды. Жазушының бірталай әңгімелері 1922-1923 жылдарда «Сана», «Шолпан» журналдарында басылған. Олар: «Кешкі дөң басында», «Түнгі ауыл», «Қысқы күнгі дала», «Қысқы түн», «Сыбанның моласында», «Текшенің бауырында», «Сөніп жану». Ал «Жетім», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» т.б. әңгімелері 1924 жылдардың жемісі. Сонымен қатар 1923 жылы «Бәйбіше тоқал», «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген зерттеуі мен «Жердің жаратылысы жайындағы» аудармасы жарияланды.
1925-1928 жылдары Ленинград университетінде оқып жүрген кезде «Қаракөз», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» 1928 жылы повестерін жазады.
«Қорғансыздың күні» (1921) — М.Әуезовтің алғашқы жарық көрген әңгімесі. Шағын шығармада қоғам бойын жайлаған дерттің бір көрінісі зор көркемдік қуатпен ашылған. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлықка шыдамай, боранда үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді. «Қорғансыздын күні» өзінің көркемдік бітімі жағынан қазақ әдебиетіне жаңа өрнек енгізді. «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерілді. Осыдан бастап өрбіген қазақтың көркем прозасы... уақ жанрда да, повесть, роман сияқты көлемді жанрда да көптеген шығармалар туғызып, көп тілді совет прозасының алдыңғы қатарынан орын алды», — деген С.Мұқановтың пікірінде зор шындық жатыр. Әңгіменің құрылысы шымыр, көркемдік бояулары қанық, оқиғалары мен адам мінездері мейлінше шыншыл. Мұнда М.Әуезовтің кейінгі шығармаларында тереңдеп қалыптасқан ерекшеліктер де көрініс берді. Ең негізгісі «Қорғансыздың күнінде» қазақ прозасында тұңғыш рет өмір ағыстары мен қаһармандар мінезі тұтас бірлікте көрсетілді.

«Қыр суреттері» (1923), «Қыр әңгімелері» (1923), «Жуандық» (1925), «Оқыған азамат» (1923), «Жетім» (1925), «Қаралы сұлу» (1925), «Барымта» (1925) сынды әңгімелерінің тамаша суреті, қазақтың тарихы мен тұрмыс тіршілігінен мағлұмат берерлік шындығы, көркемдік қасиетімен де, жазушы шығармашылығының жарқын беттеріне айналды. Жазушы шығармашылық дарыны шыңдалған кейінгі жылдардағы әңгімелерінде жиырмасыншы жылдары жазған прозалық шығармаларындай көркемдік құдіретіне бас идірер қасиет бере алмаған секілді.


М.Әуезов «Қорғансыздың күні» әңгімесінде қозғаған тақырыбында яғни қазақ әйелінің аянышты тағдыры жайына кейін де талай рет оралды. Сөйтіп, «Кім кінәлі?», «Ескілік көлеңкесінде» сияқты шығармаларын жазады. Жалпы М.Әуезовтің әйел жайын толғап, әйел анаға деген құрметін білдіруі алғашқы қаламгерлік қадамынан-ақ байқалады. «Адамдық негізі әйел» атты мақаласы М.Әуезовтің жазушылық жолының негізгі тұғыры болуымен қатар орыс әдебиетіндегі Тургенев әйелдері секілді «Әуезов әйелдері» деп өзіне ғана меншіктей айтылатын кең құлашты, арналы тақырыпқа айналды.
Әйелге деген табынушылық сонау ерте заманда грек әдебиетінде Эсхилдің «Орестеясы», Софоклдың «Антигонасы» арқылы көрінсе, қазақ ауыз әдебиетінде ерлеріне адал серік бола білген Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүніс бейнелері арқылы көрінеді. Ал, ХХ ғасырдың бас кезінде Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Торайғыров т.б. әдебиеттегі әйел тақырыбын шығармаларына негізгі өзек етті. М.Әуезов те осы тақырыпты өзінше өрбітті. Жазушы жаңсақтыққа ұрынып, жалған мақтаудан бойын аулақ салған. Кейіпкерлері асқан ақылды, бойына бар қасиетті дарытқандар емес, сыршылдығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленген бойжеткендер. Үй арасы күйбіңінен аспай, көкірегі оянбай қалған, ойы таяз қазақ қыздары тірлігін де айналып өтпеген. Қазақ қыздары басындағы аяушылық тудырарлық ауыр халді суреттей отырып, ескі салттан ұзамай, ойы да шырмалған бойжеткендердің білімсіздігіне де сынмен қарайтын сияқты. Бұл жөнінде Р.Бердібаев «М.Әуезовтің 20 жылдардағы шығармаларындағы негізгі тақырыптың бірі - әйел теңдігі» деп көрсетеді. Сөйтіп, бұл шығармалардың «Сөніп жану», «Кім кінәлі?», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Қаралы сұлу» т.б. жатады деп атап көрсетеді.
«Жетім» әңгімесінде Қасым атты жетім баланың қасіретті балалық шағы, Иса деген жамағайынның қорлығына шыдамай, ауылдан қашып шыққан бетінде, қараңғы түнде, тоғай ішінде өлгені айтылады. Өмірден зәбір көргендердің мұңы мен наласын үлкен әлеуметтік толғақты мәселе ретінде сипаттау сыншыл реализмнін негізгі белгісі еді. Классикалык орыс әдебиетінің дәстүрлі үлгісінен үйренген, көп тағылым алған М.Әуезовтің алғашқы шығармаларын осы рухта бастауы табиғи болып көрінеді.
Енді бір шығармада («Барымта») таптық санасы оянбаған, байлардың алдауына оңай түсіп, тура жолын таба алмаған кедейлер тағдыры сөз болады. Досбол деген байдың сойылын соғып, намысын жыртып жүріп, қайғылы қазаға ұшыраған кедей жігіттер Қалбағай мен Қонқайдың өкінішті тарихы осы жағдайды аңғартады. Жазушы ертеден келе жатқан барымта әдетінің құрбаны болған жазықсыз жандар тағдырын жанашырлықпен суреттейді.
«Ескілік көлеңкесінде» ескі салт бойынша өлген апасының орнына кәрі жездесіне тоқалдыққа баруға ризалық білдірген, өзін сүйген жігіт Қабыштың тілегімен есептеспеген Жәмеш атты қыздың халі әңгімеленген. Жазушы оқиғалар мен мінездерді өмірдің өз ырғағына сай өрбітеді. Кертартпа, жалған дәстүрдің құрбаны болған Жәмештің жат шешіміне әрі күйінетін, әрі дағдаратын Қабыштың ішкі сезім арпалыстары шебер бейнеленді. Кейіпкерлердің жан толқындарын көрсетуге терендеп бару жазушының басты әдісіне айналғанын шығарма анық байқатады. М.Әуезов өмір қайшылықтары мен теңсіздіктерін әр қырынан көрсету арқылы қазақ әдебиетінде психологиялық прозаның үлгілерін тудырды.
Бұл шығармалардың қай-қайсысы да өмірде болған немесе болуы мүмкін жағдайларға негізделген. Таптық теңсіздіктерді, қоғамның ілгері басуына кедергі келтіретін құбылыстарды талғап, тап басып көрсете білуі, әлеуметтік типтерді терең зерттеуі жазушының қоғамдық мәселелерге сергек қарап, тегеурінді бағыт ұстағанын, сыншыл реализмнің көркемдік тәсіліне жетік төселгенін танытады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   78




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет