Мазмұны түсінік хаты



бет20/78
Дата06.09.2024
өлшемі6.35 Mb.
#503432
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   78
Қазақ әдебиеті тапсырмалар (2) (копия)

«Тағдыр» романы
Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романы қазақ халқы басынан кешірген ауыр бір кезең – екі империяның алаштың ата қонысы болған сайын даланы екіге бөліп, шекара сызығын жүргізген кезеңін арқау еткен. Романда алуан мінезді, алуан тағдырлы кейіпкерлер характері сомдалып, болмысы ашылады. 
Патшалық Россия мен Цин империясы Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы иеліктерін айқындап, енші бөлісуді ХІХ ғасырдың 80-жылдары ғана қолға алған болатын. Романдағы күллі оқиға осы айтулы тарихтың халық тағдырына қалай әсер еткенін бейнелеуге арналған. Тарбағатайдың күнгейін мекен еткен халық тағдыры, Цинь империясының аз халықтарға жүргізген саясаты шынайылықпен шығарманың өзегіне алынған. Романның басты қаһарманы – Демежан. Оқырман бұл кейіпкермен роман оқиғасының басында Шәуешек аймақтық губернатор – Ши-амбының қарауында тілмаш болып қызмет істеп жүрген кезінен танысады. Өзгелерге ұқсамайтын ерекше тағдыры бар Демежанның өмір жолы, тіршілік соқпағы, Шәуешек аймағының әміршісіне бағынатын мекендерде тіршілік кешкен қазақ руларымен тығыз байланыста көрсетіледі. Қала өмірінің өзіндік ерекшеліктері, дала тіршілігі, күнделікті өмірге еніп жатқан жаңалықтар нанымды суреттелген. 
Роман оқиғасы төрт бөлімге топтастырылған. Соңында эпилог бар.
«Жол торабы» деп аталатын бірінші бөлімде Шәуешек аймағы губернаторының тілмәші Демежанның халық тағдырын өз пайымымен бағамдаған сәттері, Төртуыл, Керей, Жұмық, Тоғас сияқты рулардың жаз жайлауды, қыс қыстауды мекен еткен тұрмыс-тіршіліктері, ішінара қайшылықтар, Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінің шекара бөлінісі сәтіндегі жағдайы сөз болады. Шыңжаң өлкесі мен орыс жерінің арасына ресми шекара сызығының жүргізілуі жерді меншіктеп, атам заманнан мекен еткен қазақ халқы үшін аса ауыр оқиға екені шығарма кейіпкерлерінің әрекеті, ашу-ызасы, шарасыз халдері арқылы көрінеді.
Демежанның әкесі – Керімбай зәңгі (болыс дәрежесіндегі лауазым) кейіннен Цинь империясының билігіндегі Төртуыл руының үкірдайы (аға сұлтандық дәрежедегі лауазым) болады. Руына беделді, көпті көрген адам. Демежанның Ши амбы алдында артықша беделге ие болуының бірден бір себепкері – осы Керімбай. Романдағы қат-қабат тартыс, қақтығыстар, әр түрлі мінез бен болмыстағы кейіпкерлер нанымды суреттелген. 
«Тағдыр талқысы» атты романның екінші бөлімінде Демежанды елден әкесі Керімбай үкірдайдың қасынан көреміз. Төртуылдың қадірменді ақсақалы Смайыл зәңгі және орыс консулы Балхашин қайтпас сапарға аттанған. Ел ішінің ұсақ-түйек дау-дамайы, қым-қиғаш қайшылығы үдей түспесе, толас таппаған.
Демежан тек малмен ғана кәсіп қылу тым аз, кәсіптің басқа түрімен де шұғылданған жөн деп тауып, бейнетқор жұртпен бірлесіп, Боздақ даласына егін салады. Өзіне сол егіс басына таяу жерден қора-жай салдырады.
«Уақыт керуені» аталатын үшінші бөлімде Демежан – бәрінен де биік тұрған тұлға. Не әрекет қылса да еліне пайдалы істі ойлап жүрген азамат Абдыра мен Қараүңгір өзендерінен тартылатын екі тоған суға қағаз жасатып, оны Іле жаңжұңына бекіттіртіп алған. Осы жайт халдайлардың Демежанға деген өшпенділігін қоздырады.
«Дар ағашы» деп аталатын төртінші тарауда Ши-амбы қызметінен босап, Құлжаға сапар шегеді. Үш айдай уақыт өткенде Шәуешек аймағын отыз жыл билеген ұлық дүние салады.
Кезінде Демежан салдырған мешіт-медрелесер халық игілігіне қызмет етуде. Демежанның абзал да аяулы жары Бибі Демежандай арыстың түтінін өшірмей отыр. Романда Демежанның ата-анасы Керімбай мен Ажар, жары Бибі, тоқалы Ырысқан бейнелері өзіндік ерекшеліктерімен танытылады. Жақсылы-жаманды кейіпкерлердің мінез бітімі, болмысы қаламгерлік шеберлікпен бедерленген. 



Роман неге тағдыр деп аталған? Роман кімдердің тағдыры туралы?
Романның толық нұсқасын оқып, тараулары бойынша негізгі оқиғалар желісін жазыңдар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   78




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет