Шыңғыс Айтматов шығармашылығы
Шыңғыс Айтматов қазақ пен қырғыздың әдеби мұрасын ортақтастырып, қаламының ұшына жан бітіре білген, сырға, мұңға толы шығармаларымен оқырманын бірден баурап алатын заңғарлы жазушы.
Көзі тірісінде әлем әдебиетінің классигіне айналған жазушының «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Боранды бекет», «Құс жолы», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Ерте келген тырналар», «Қош бол, Гүлсары», «Бетпе-бет», «Кассандра таңбасы» туындылары оқырманның жанына мәңгі жатталып, ұрпақтан ұрпаққа жететін құнды әдеби мұраға айналып, шығармалары 150-ден астам халықтың тіліне аударылды.
Әдебиеттің ақсеңгірі – Шыңғыс Айтматовтың шығармалары шынайы әлеммен байланысты. Прозалары ізгілікке және барша тіршілік иелеріне деген сүйіспеншілікке толы, яғни, адамдарға, жабайы және үй жануарларына, табиғатқа, жалпы жер бетінің барлық тіршілік иелеріне деген ғаламға сыймайтын махаббат сипат алады. Әр шығармасын оқыған сайын жан дүниең аударылып-төңкеріліп, кейіпкерлерімен бірге сол оқиғаны бастан кешіп жатқандай күй кешесің. Бұл – жазушының құдіреттілігі.
1956 жылы жазушылық қабілетін шыңдауға Мәскеу қаласына аттанған Айтматов Жоғары әдебиет курсына оқуға қабылданады. Сол кезеңдерде жазушының қиялына қанат бітіп, шығармаларын көптеп жаза бастайды. Дәл сол жылы жарық көрген «Жәмиласы» оны танымал етіп, бірінші болып француз тіліне аударылған еді.
Ең алғашқы романы – «Ғасырдан да ұзақ күн» 1980 жылы басылымға шығып, Боранды Едігенің өміріндегі оқиғалар фантастикалық желімен адамзатты басқа әлем өркениетімен байланыстырған. Оның тереңінде адамдардың өзара тіл табысуына қарағанда, өзге әлемнің өкілдерімен тіл табысу әлдеқайда жеңілдеу екенін білдіретін астар жатқызылған.
Екінші рет жазушы фантастикалық жанрға тоқсаныншы жылдардың орта кезінде қайта оралды. Бұл жолғы шығармасы – «Кассандра таңбасы» – жасанды адамдар туралы. Дегенмен де жазушының қаламынан шынайы әлемді сипаттайтын тың туындылар көбірек жарық көрді. Әрі олардың әрқайсысы өз алдына ғажап шығармаларға айналды.
Шыңғыс Айтматов – адам және қоғамдағы мәселелерді көркем шығармаларында шебер суреттеп, кейіпкерлерін ұмытылмастай ететін қасиетке ие жазушы. Оның прототиптері – рухы жоғары, адамгершілігі асқан, адам жанына терең бойлайтын жандар. Өйткені ол жаңашыл жазушы, психологиялық портреттің шебері еді.
Жазушы шығармаларының желісімен жиырмадан астам фильм түсірілген болатын. Ең алғашқы рет 1961 жылы режиссер Алексей Сахаров «Асу» фильмін экрандаса, 1965 жылы Андрей Кончаловский «Алғашқы ұстаз» повесін көпшіліктің назарына ұсынды. Сонымен қатар «Қош бол, Гүлсары», «Жәмила», «Ақ кеме» және басқа да туындылары таспаланған.
Осы тұрғыда жазушыға кинематография саласында 1976 жылы Бүкілодақтық кинофестивальдің үлкен жүлдесі мен 1996 жылы Берлин кинофестивалінің құрметті жүлдесі табысталды.
Қазақ халқының сүйікті перзентіне айналған жазушыға «Адамзаттың Айтматовы» деген теңеу де тегін телінбесе керек. Шыңғыс Төреқұлұлының барлық прозалары қазақшаланып, ТМД елдері әдебиетінің ортасынан ойып орын алды. Әр қазақ баласы оның шығармаларындағы адамзаттың ортақ арманына, ұшқыр қиялына, таң шығындай мөлдір сырына, жан сыздатар шерлі мұңына, бой шымырлатар фантастикасына қанып өсті.
2011 жылы Шыңғыс Айтматовтың құрметіне Қырғыз Республикасында 12 желтоқсан күні – Қырғыздың ұлттық әдебиеті күні деп белгіленіп, жыл сайын жазушының рухына тағзым ету дәстүрге айналды.
Ш.Айтматовтың қазақ халқымен және әдебиетімен достық байланысы туралы әңгімелеңдер.
Ойы таза, сезімі мөлдір Алтынай бейнесі арқылы жазушы әйелдерге тән қандай қасиеттерді суреттейді?
Повестегі кейіпкерлер жүйесін жинақтап, даралап, Дүйсен мен Алтынайға мінездеме беріп, қандай қасиеттері ұнағанын көрсетіңдер.
«Менің алғашқы ұстазым» тақырыбында эссе жазыңдар.
Шығарманың негізгі бөлімі Алтынайдың хаты ретінде ұсынылады. Сендер де шығарма кейіпкерлері Дүйсен мен Алтынайға өз пікірлеріңді білдіріп, хат жазыңдар.
Ғаламтордан Ш.Айтматов повесінің желісімен түсірілген «Алғашқы ұстаз» көркем фильмін көріп, аудиторияда пікірлесу ұйымдастырыңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |