Публицистикадағы сұхбаттың орны
Журналистика жанрлар жүйесінің негізгі түрлерінің бірі – сұхбат жанры болып табылады. Сұхбат «интервью» ағылшын тілінде «interview» – «кездесу, әңгімелесу» деген мағына береді. Ол саяси, қоғамдық немесе өзге де өзекті мәселелер жөнінде журналистің белгілі тұлғалармен әңгімесіне құрылған публицистика жанры. Бүгінгі таңда аз уақыт ішінде адамға көп ақпарат беруді мақсат ететін журналистикада, заман талабына сай ақпараттық жанрлар алға шығуда. Сұхбат оқырманға да, тыңдарманға да, тіпті көрерменге де журналист – интервью алушының көріп-білген әңгімесін тікелей және тез жеткізетін жанр болып табылады. Бір жағынан, сұхбат – жанрлар жүйесінде көпқырлы позицияға ие, күрделі және жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Сондықтан қазіргі журналистика жүйесіндегі сұхбаттың алатын орны мен оның түрлілігін анықтау өзекті мәселе. Сұхбаттың журналистика жанрлар жүйесінен көрініс беретін құбылыстарын толық талдамай тұрып, жанрлар тобына сипаттама бермей анықтау мүмкін емес. Сұхбаттың журналистика жанрлар ішіндегі орнын анықтап қана қоймай, техника дамуымен қоса қарыштаған журналистика жанрларының эволюциясына, сұхбаттың газет, радио және теледидардағы негізгі түрлері мен өзіндік ерекшеліктеріне тоқталғанымыз жөн.
Журналистика жанрлар жүйесіндегі барлық жанрлар топтасқан үш тобы: ақпараттық, талдамалы және көркем-публицистикалық жанрлар. Оның ішінде сұхбатты ақпараттық жанрлар тобына жатқызамыз. Талдамалы жанрлар тобын өз ішіне топтастырған сұхбаттың портреттік және проблемалық түрлері кіреді. Бұл тұста газеттік сұхбаттың ақпараттық және талдамалы болып бөлінетінін ескеруіміз қажет. Бұдан сұхбаттың біржақты жанр емес екеніне көз жеткіздік. Ол өз ішінде әртүрлі болып бөлінеді. Бір уақытта ақпараттық та, талдамалық та жанрлар тобына жататын сұхбаттың журналистика жанрлар жүйесінде орны өте зор. Сұхбат қазіргі кезде журналистер арасында кең тараған және көп қолданылады.
Күрделі жүйенің құрамы ретінде сұхбат қолданылу жиілігімен, орындалу техникасымен осы жүйедегі жоғары позициялардың бірін иемденеді. Қазіргі заманауи әлемдегі адамдар алатын ақпараттар ағыны жылдам, сондықтан қазіргі журналистика заман талабына сай оқырман, көрермен және тыңдарманға ақпарат берерде оны терең талдап, сараптама жасауға емес, нақты ақпарат беруге ұмтылады. Осыған орай, журналистер арасында кеңінен қолданылатын жанр, ешқандай себеп-салдарлық байланыстарды қамтымайды, тыңдарман-ға қажет нақты ақпаратты беруді мақсат тұтып, сөйтіп ақпараттық жанрға айналды.
Сұхбат - газеттегі сұхбат құрамында көп кездесетін субьективтілік болғанына қарамастан, ақпарат алушыларға қажет материалды бірінші болып алуға жағдай жасайды. Аталған субьектизм журналистің алған ақпаратын сұхбатқа айналдырып, қағаз бетіне көшірген кезінде өз елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен, газет бетіндегі интервьюер мен сұхбат берушінің сұрақ-жауап түріндегі әңгімесі оның түпнұсқасы емес. Бұл журналист пен сұхбат берушінің сол әңгімесі, бірақ сұхбат алушы біраз өзгеріс енгізеді.
Алайда, атап кеткендей бұл ерекшелік көбіне журналистің тыңдаған дүниесін оқырман оқитын газет сұхбатына тән, ал аудитория ақпаратты тікелей тыңдап және көре алатын радио мен теледидар сұхбатына көбіне жат болып келеді. Соңғы жағдайда, тыңдарман ақпаратты сұхбат алушымен қатар тікелей сұхбат берушіден тыңдап, көреді. Мұндай жағдайда, сұхбат беруші адам тікелей қатысып, оны өз санасынан өткізетіндіктен белгілі деңгейде оқиғаға қатысушы есебінде болады. Бұл жерде ақпаратты оқырман, көрермен, тыңдарман тыңдап, көргенін өз дүниетанымына, өмірлік көзқарасына сәйкес қабылдайды. Сұхбат - көп қырлы жанр. Бұл сұхбаттың ақпараттық жанрға да, талдамалы жанрға да қатыстылығын дәлелдейді. Сұхбат өзіндік жеңілдігіне қарамастан, белгілі бір стратегия мен тактикаға бағынуды талап ететін күрделі жанр. Сұхбат біздің көзқарасымыз бойынша ғана жеңіл, себебі, ақпарат алудың көзі ғана болып көрінеді. Сұхбат әртүрлі болады. Жанр ретінде сұхбат: хабарлама (әңгіменің маңызды тұстары алынып, жауаптар қысқа беріледі), сұхбат – диалог (әңгіменің толық мәтіні беріледі), сұхбат – суреттеме (әңгіме мазмұнынан өзге оның қандай жағдайларда алынғаны, сипаты беріледі), сұхбат – пікір (оқиғаға, құбылысқа, деректерге түсіндірме беріледі), бұқаралық сұхбат (баспасөз конференцияларынан, брифингтерден беріледі) болып бөлінеді. Публицистика жанрлары мен пішіндеріне арналған орыс тіліндегі «Справочник журналиста» [13,158-б] кітабында сұхбаттың монолог, диалог, суреттеме, анкета және ұжымдық түрлерін атайды. Мұнда «дөңгелек үстел басындағы әңгімені» сұхбаттың ұжымдық түріне жатқызады.
Сұхбат – публицистикалық жанр, журналистің бір немесе бірнеше тұлғамен әңгімесі. Егер сөздердің семантикасына назар аударатын болсақ, «inter» – өзара қатынасы бағыттас деген мағынаны берсе, «view» сөзінің мағынасы – «көзқарас», «пікір» дегенді білдіреді. Демек, сұхбат – көзқарас, дерек, ақпарат алмасу. Жанрлардың құрылуы кезінде, яғни белгілі бір жанрға жатқызу үшін публикациялардың болашақ сипат алуымен жанр аттарын айыра білу керек. Публикациялардың әлі де жанрлық анықтама алмаған жаңа тобының қатаң принциптік негізі жоқ және белгілі заңдылыққа сүйенбейді. Кейде атау жанрға ат беруші жанр құрылушы бір факторда субьектінің назары бір оқиғаға баса назар аударылуы негізінде беріледі. Сұхбатты журналистиканың бір жанры деп қарастырмас бұрын, алдымен оның даму тарихына тоқталған жөн. Журналистикадағы кез келген жанрдың даму үрдісі негізінен техниканың дамумен, радио мен телевидениенің пайда болуы және таралуымен тығыз байланысты. Сондықтан да біз сұхбаттың даму тарихын техникалық даму үрдісімен тығыз байланыста қарастырамыз. Сол арқылы газет, радио және телевидениедегі сұхбатты осыған сай БАҚ әдістемелері бойынша талдаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |