Жол-сапар очеркі. Саяхат туралы әңгімелер - әдебиеттің ең көне формасы. Ол адамның көзі көретін көкжиегін кеңейту, тәжірибе жинақтау, адамзаттың қысқа өмірінде көре алатын барлық нәрселерін білуге деген құштарлығын қанағаттандырады.
Жол-сапар очерктерінде көбінде алыстағы елдерді, олардың тұрғындарын, сол жердің табиғатының әсемдігін, саяхаттың ерекшелігі мен кездейсоқтықтар және тағы басқа саяхатшының көрген-білгенін, қандай да болмасын қаламмен суреттеу барлық жастағы оқырман үшін қызықтылығын жоймайды. Оқырмандардың әрбір буыны ұлы саяхатшылардың қолжазбаларын – Марко Поло, Магеллан, Ч.Дарвин, Аф.Никитин т.б. жазғандарын оқумен әуестенген. Кәсіби жазушылардың саяхат туралы жазбаларын да оқырмандар қызығушылықпен оқи отырып, әлемдегі адам аяғы баспаған жерлер жайлы энциклопедиялар мен арнайы басылымдардан мәлімет табылмайтын әлемнің бірде-бір бұрышы қалмағанын ұмытпау керек. Саяхат - қызығушылықтың әр түрлілі-гімен, әдеби талғамның әр түрлі дәрежеде екендігіне қарамастан барлық оқырмандарды біріктіретін әдебиет түрі. Н.Г.Чернышевский: «Саяхат-жартылай роман, жартылай анекдоттар жинағы, жартылай тарих, саясат, табиғаттану болғандығын, оқырман кітаптан тапқысы келетін барлық мәліметті ала алады» [55,222-б],- деп бағалайды. Бірақ мұнда біз оқырмандар арасында танымал географиялық әдебиет жайлы емес, тек оның ерекше бір бөлігі-замандастарымыздың жол-сапар очерктері жайында әңгіме қозғамақпыз. Тақырыбына, танымдық материалдардың көлеміне байланысты жол-сапар очерктері географиялық әдебиеттерге жатуы мүмкін. Бірақ мұнда көркем очерк, ең алдымен, өзінің көркемдік міндетін орындайды. Саяхатты баяндауда автордың тірі тұлғасы көрінетіндігі - заңды құбылыс. Жол-сапар очеркі - жазушының тұлғасын, оның дүниетанымын, өз дәуірінің қоғамдық мәселесіне көзқарасын көрсететін қасиеттер тән әдебиет формасы.
Әдеби процесс жоспарға бағынбайтын және бір қалыпты, жүйелі түрде жүреді. Қазақ әдебиетіндегі жол-сапар очерктері ХІХ ғасырда пайда болғандығын ескерсек, ХХ ғасырдың 60-70 жылдары ол туралы үздік кітаптар жарық көріп, газеттер мен журналдарда жол-сапар очерктерін өндіріп басып, оқырмандар қызығушылығын тудырған жанрлар сапында тұрған. Ал, жол-сапар очеркіндегі лирикалық леп қазіргі әдебиеттегі гуманизация тенденциясымен тікелей байланысты, бұл туралы академик Д.Лихачев пен жазушы Н.Атар иланатын пікірлер айтқан.
Қазіргі кездегі жол-сапар очерктерінде географиялық танымдық материалдар екінші орынға шығып, алдыңғы қатарға автордың өмірлік тәжірибесі, ой-пікірі, этикалық бағандары қойылады. Қазіргі кезде жол-сапар очеркі - жазушы үшін өте тартымды жанр, себебі, мұнда ешқандай қағида, ешқандай қатып қалған форма жоқ. Кез келген көзге түскен немесе байқалған оқиға, құбылыс, зат сол саяхатшының жадымен, көзімен көргендерін кеңейтетін ассоциа-циялар керуенінің шеті болуы мүмкін. Бір нәрсенің тек қана асты сызыла салса, ал, енді екіншісінің әңгімеде мүсінделуі мүмкін. Мұның бәрі жол-сапар очеркіне жақсы сияды, бір-біріне кедергі жасамайды.
Жол-сапар очеркінің авторы кез келген сәтте сапарымен, қозғалыспен байланысты баяндауды тоқтатпай, онда тіпті өткен өмірдің естеліктерін материал ете отырып, көркем тактпен дарынның мүмкіндігіне қарай кез келген көркемдік «ғимарат» тұрғыза алады. Бірақ осындай автор еркіндігіне қарамастан, жол-сапар очеркінің классикалық үлгілері автордың барлық көріп-білгендері, ассоциациялары, лирикалық шегіністері бір образға, бір философиялық идеяға және автордың терең ойына бағынса ғана нағыз көркем шығарма бола алатынын көрсетеді.
Қазақ әдебиетінде 1950-1960 жылдары жол-сапар очерктері кеңінен етек алған. Ә.Әлімжановтың «Литературная газетада» жарияланған «Киіз үй орнына тұрғын үй» атты жол-сапар очеркін жарыққа шығарған. Автор пікірінше, жайлауларда жақсы тұрмыстық жағдай жасайтын уақыт келді, киіз үй қаншалықты жақсы болғанымен, тұрғын үйде тұру жылырақ, қолайлырақ екендігін айтады. Оның дұрыстығын жазушы Қазақстан, Қырғызстан барған сапарлары жайын айтып, өз бақылауларымен бөлісе отырып, оқырманды өз ойына иландырады. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы Қарқара өзеніне жетудің ұзақ та қиын екені, табиғаттың әсем суреттерін, оның фонында киіз үйлер жайлы әңгімелеп: «Ұзақ сапар жүріп, солардың бәріне тоқтадық»,- деп баяндайды. Автор Социалистік Еңбек Ері Сейдахмет Қорғанбаев үйінде болғандығын былай баяндайды: «Мұнда Сейдахмет Қорғанбаев тұрады. Қалың түрлі-түсті кілемдер, оюмен өрілген текеметтер, безендірілген сандықтар бай орналастырылған.
Қонақжай үй иесі бізді қарсы алып, жердегі дастарханға айнала жайғастырды» [56],- деп очеркші қарапайым қойшының үй-тұрмысын әңгімелейді. Сейдахмет арқылы киіз үйде тұрудың қолайсыздығын, Жетісу малшыларының осы жайлы пікірлерін ортаға жайып салады. Бұл мәселе төңірегінде автор өз ойын ортаға сала отырып, жағдайды қалай өзгерту жайындағы ұсыныстарын айтып, жол-сапарға шыққандағы басты мақсатын ашады.
Жол-сапар очеркінің өз тарихы мен дәстүрлері бай және қазақтың атақты жазушыларының бұл жанрда жазбағандары кемде-кем. Қазақ әдебиетінде бірінші бесжылдық жылдарында жол-сапар очеркі кең етек алды. Бұл жанр түрінің дамуына 1934 жылғы географиялық білімді насихаттау жөніндегі ЦК ВКП(б)-нің қаулысы көп әсерін тигізген сияқты.
Географиялық материал негізіндегі очерктерде жазушылар ақпараттық-суреттеушілік талаптардан бас тартады, жол-сапар очеркі - публицист-суреттеушінің өзіндік тұлғасын көрсететін ашық формалардың бірі. Жазушы материалды баяндай отырып, оқырман-мен тікелей сұхбаттасады және автор тарихи элементтерді, статистика, саясатқа көзқарасын білдіріп, өз басынан өткен оқиғаларды, сезімдерді айта алады. Жол-сапар очеркінің ерекшелігі, бір жағынан автор саяхатының фактісімен, екіншіден, тақырыппен байланысты. Очеркті жазу негізінде автордың өмірді қабылдауы анық көрінеді. Очерктің басқа түрлері сияқты, жол-сапар очеркінің ерекшелігі де -автордың сауалға жауап бере алатын негізгіні таңдай білуі.
Қазақ әдебиетіндегі жол-сапар очеркінің төлбасы - С.Шариповтың 1935 жылы жазған «Рузи Иран» [57] очеркі. Алғаш рет шетелге барып, көрген-білгендерін очерк етіп, кітап шығарған осы жазушы. «Рузи-Иранның» нағыз көркем очерк екендігіне алғаш жақсы баға берген І.Жансүгіров болатын. Автор Иранда кеңес мұнай өкілдігінде қызмет істеп жүргенде жазған бұл очерктер циклында ирандықтардың өмірін нанымды бейнелейді. Сабыр Шариповтың «Рузи Ираны» туралы толымды баға берген профессор Рымғали Нұрғали былай дейді: «Рузи Иран» - жүріп өткен жолдағы ой-қиял ұстап қалған нәрселерді ғана тізіп көрсететін дүние емес, бұл-біраз уақыт елдің тұрмысымен жете танысып барып, ойланып толғанудан кейін туған еңбек. Жазушы этнография, экзотикадан гөрі кейіпкер тұлғасына мән берген. Үш-төрт бөлім демесек, қалғанында адамдар мінезі, тағдыры бар. Тағы бір ескеретін жай: әр бейне жеке очеркке арқау болғанмен, лейтмотив, негізгі сарын үзілмейді. Иран халқының өмірі мен босқындар тұрмысы тығыз байланысты, бірінің көрген күні екіншісінікі екенін іштей сезіп отырасың» [58,102-103-б].
Ғалым Б.Кенжебаев С.Шариповтың жол-сапар очеркі туралы былай дейді: «Сабырдың «Рузи Иран», «Ләйле» деген шығармалары - оның Иран елінде болып, көзімен көріп жазған очерк, повестері. Жазушының Иран өмірі туралы көрген-білгендері мен естігендерінің қорытындысы. Автор оны жол әңгімесі, жазу дәптері тәрізді етіп қиыстырған. Алайда, ол жанынан ештеңе қоспаған; тек бар тұрмысты, болған оқиғаны суреттеген» [59,128-б].
Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов шығармашылығының бет-пердесі көсемсөзден басталады. Әсіресе, 1930 жылдары жазған көсемсөздерінде ұлт қамын жеген, ел болашағына алаңдаған ойлары мен байламдарының мәні ерекше. Жазушы кейініректе әлемге әйгілі роман-эпопея туғызып, суреткерліктің шеберлік шыңына жеткен шағында да өз заманының тарихын, өзі өмір сүрген кезеңнің қарапайым еңбекшілері мен қаһармандарын суреттеу үшін көсемсөзге қайта-қайта айналып соғып отырды. Өзінің болашақ романдарына апаратын жолды да осы көсемсөз арқылы дайындық жасап барып, тауып отырды десек қателеспеспіз. Мұхтар Әуезов публицистикалық мұрасының ішінде очерктері - қаламгер шығарма-шылығының жеткілікті дәрежеде зерттелмей, назардан тыс қалып келе жатқан қыры. Жазушы очерктерінің күрделі эволюциясы, публицистік шеберлігінің шыңдалу кезеңдері - арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Публицист ойынан туған әрбір очеркі өз заманының толғағын толғап, қазақ елінің көкейкесті проблемаларын алға тартуға арналып отырған.
М.Әуезов очерктің барлық түріне қалам тартқан, соның ішінде жолсапар, проблемалық, портретті, оқиғалы очерктерінің шоқтығы биік және мәні терең шығармалары деуге болады.
Елуінші жылдары басқа да шетел тақырыбындағы жол-сапар очерктері өмірге келді. М.Әуезовтің «Индия очерктері», «Америка әсерлері» 1950-ші жылдардың екінші жартысында жазылған қазақ әдебиетіндегі жол-сапар очерктерінің үздік үлгісіне жатады. Қазақ жазушыларының шет елдерге баруы жиілеп, қазақ баспасөзінде көптеген жол-сапар очерктері дүниеге келді. М.Әуезовтің әйгілі «Индия очерктері» 1955 жылғы Үндістанға барған сапарынан жазған туындысында алғашқы жолдарынан-ақ саяхаттың басталуы кез келген сапарнама сияқты, мұнда да бейтаныс елдің белгісіз келбетімен таныстыру процесі оқырманды қызықтырады. Автор жаңа деректер, тың оқиғаларды баян ете отырып, үнділіктердің шынайы өмірін тереңнен суреттейді. Шығармадағы жаңалық, сонылық атаулының бәрі де жазушының дүниетанымынан, оның шығармашы-лық даралығынан, қалыптасқан шеберлігінен туындайды деуге болады. Мысалы, «Тәжмахал» сарайын оқырманға таныстырғанда, автордың дүниетаным шеңберінің кеңдігі бірден байқалады. «Сиқыр сарай-мазар Тәжмахал 18 жыл бойына 20 мың жұмысшының қолымен Шахжиһан патшаның бұйрығы бойынша 1632 жылдан басталып, 1650 жылға дейін салынған. Бұл ғажайып жайды салушы ұста Иса деп аталады. «Тәжмахал» тек аппақ мрамордан ғана салынған. Іші ою нақыштарымен көп безелген, тас кестелі кейбір әсем бөлімдерін безендіруге ақ мрамордан басқа 18 түрлі тастар қолданылған...» [16,344-345-б].
М.Әуезовтің баяндауынан оқырман кең мағлұмат алады. Очерктің енді бір тұсында түркі тектес халықтарға ортақ рухани қазына «Бабырнама» жайында қызықты деректер келтіріледі. Очеркші оқырманға Үндістанның тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен салт-санасы жайынан тосын жаңалық жеткізген. Жол-сапар очеркінің құндылығының өзі осында болса керек. Дегенмен, ол бәрін бұрыннан білетін жай жеткізуші болып көрінбейді, керісінше, өзі де білуге ынтызар болғандығы көрінеді. Мұның өзі очерк эпизодтарын тартымды жазуға септігін тигізген, мәселен, «Соңғы жаңалықтар» деген очеркте «урду» тіліндегі ақындардың «мүшәйрасы» туралы қызық әңгімелеу, үнді еліндегі мүшәйраны біздің ақындарымыздың мүшайрасымен салыстыра отырып сөз қозғайды.
Ғалым Айқын Нұрқатов М.Әуезовтің осы Индия еліне барғанда жазған очерктеріне жоғары баға бере отырып, әдебиетіміздің өркендеп өсуіне үлес қосқандығымен ерекшеленеді дей келе: «Дәл осындай ділгір күйде, яғни оқырмандар өз жазушыларымыздың шет жұрт өмірін бейнелейтін шығармаларына мейлінше зәру болып отырған жағдайда аса көрнекті суреткеріміз Мұхтар Әуезовтің «Индия очерктері» атты кітабының жарыққа шығуы - әдебиетіміздегі елеулі құбылыс» [60,174-б]. Жазушы Индияның әр қаласына барғанда көргенін, ескерткіштер мен храмдардағы ерекше тарихи штрихтарды, әртүрлі адамдармен дидарласқанын ретімен баяндап, мол ықыласпен жазған және очеркті оқыған оқырман саяхатшымен бірге аралағандай әсер алады.
М.Әуезовтің бұл сапарнама очеркі күнделікті жазбалар формасында да жазылып, ал, бүкіл суреттеудің, баяндаудың дәл ортасында саяхатшының өзі көрінген. Әуезовтің 1960 жылы Америкаға барған сапарынан жазылып, аяқталмай қалған очеркі - «Америка әсерлері». Бұл шығарма тек жазушы қайтыс болғаннан кейін ғана, 1964 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде (3,10,17,24 шілде) жарық көрген. Автор өз очеркінде Америка қалаларына сөзбен саяхат жасайды. Сол елдің көрікті жерлерімен, мәдениетімен кеңінен таныстырады. М.Әуезовтің қызықты әңгімелейтіндігі және сөзінің құдіреттілігі соншалық, Вашингтон, Нью-Йорк қалаларын көзбен көріп, аралағандай әсерде қаласыз. Мұхтар Әуезовтің жол-сапар очерктері қазақ баспасөзіндегі тілі шұрайлы, баяндауы шырайлы шығармалар қатарына жатады. Сондықтан қазіргі очеркшілер үшін М.Әуезовтің саяхат жазбаларын қағазға түсірудегі шеберлік қырларынан үйренетін жайттар көп.
Очерк жанрының ең көне түрі – жол-сапар очерктері туралы Н. Чернышевский «Саяхат очерктері – бұл өзі ішінара саяхат, ішінара жаратылыстану» [55,222-б],- деп тұжырымдайды.
1950 жылдардың екінші жартысынан бастап Кеңес елінің шет мемлекеттермен байланысы жылдам нығайды. Кеңес делегацияла-рының шет елдерге жиі баруы нәтижесінде қазақ баспасөзінде де көптеген жол-сапар очерктері өмірге келді. Бұл М.Әуезовтің 1950-ші жылдардағы қазақ публицистикасындағы алғашқы сапарнама очеркі болатын. Сапарнама очеркі күнделікті жазба формасында да жазылады, ал, бүкіл суреттеудің, баяндаудың дәл ортасында саяхатшының өзі болады. Бұл үшін жазушының жеке басы оқырманды қызықтыратындай танымал адам болса, очерк тартымды оқылады.
Жазушы 1933 жылы Түлкібас пен Жуалы аудандарына сапар шегіп, осы аудандар өмірімен етене танысып, еңбек адамдарымен тікелей жүзбе-жүз кездесіп, сырласу, әңгімелесу арқылы көрген-білгендерін, сезген-түйгендерін сұрыптап, осы шығармашылық сапарының нәтижесінде «Жуалы колхозшысы», «Сөз алған – тау сағыз бен көк сағыз», «Біз әткөшнекпіз», «Істер сөйлейді» атты очерктер жазған. Бұлар жанрлық жағынан жолсапар очерктері екендігіне дәлел – сапар кезінде көрген оқиғаларына, кездескен адамдарына көркемдік реңк бере отырып суреттейді. «Жуалы колхозшысы» очеркінде бірнеше еңбек адамдарының бейнелері сомдалып, публицист сол арқылы ауданның шаруашылық жетістік-теріне кеңінен тоқталады. Күздің бұлыңғыр күнінде аудан орталығы Ванновка жанындағы көпірді қалыпқа келтіруге аттанған үш жұмысшыны оқырманға өзара әдемі диалог арқылы таныстыра келе, бірден портреттерін сомдаған очеркист олардың мінез-құлқын, отбасы жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, жұмыс істеп жүрген колхоздың еңбек ырғағын да шебер суреттеген.
«... Мәметпен қатар отырған Ырысбек торы дөненге иегін нұсқап:
- Мынау тартады ! Мынау,- деп көрсетіп,- тек заты әлсіз бе дейім, әрдайым тартпайт жүдә! Ия, а, а, һ !- деп нағыз дауыспен көкті тықсырыңқырап қойды.
Ырысбек – қызыл күрең, еңбекке піскен, ірі денелі, сом етті. Өзі де көңілді. Даусы қатаң. Әрбір қозғалыс қимылында иелік, өз-өзіне сенімділік екпіні бар. Әңгімеде ақ тістерін ақсита жиі-жиі керіп қояды. «Шұқырбұлақ» колхозындағы екпіндінің бірі. Жақында бір бұзаулайтын сиыр алыпты.
Үшінші Қалдыбай. Ұзын бойлы, ол да ажарлы, денелі» [16,6-б].
Мұхтар Омарханұлының шоқтығы биік очерктерінің бірі - «Ақын елінде» деп аталады. Бұл шығармасын 1943 жылы «Абай жолы» романының екінші кітабын жазуға деректер іздеу мақсатымен барған ғылыми экспедиция сапарынан жазған. Әдеби-мемориалдық музейде сақталған түпнұсқасының бастапқы аталуы «Романға деректер іздеу жолында» делінсе, кейіннен «Ақын елінде» деп тақырып қойылып, іркес-тіркес үш оқиғаны суреттеген жол-сапар очеркін «Ақын елінде», «Жер әңгімеші», «Колхоз әнші» деген тақырыпшалармен айдарлаған. Бұл очерктің өн бойынан байқайтынымыз – жазушы үлкен романға дерек іздеу жолында Абай өмір сүрген орта, ұлы ақын ауасын жұтқан елдің жері мен суы, адамдарын көзбен көріп, көңілге түйіп, көптеген деректер жинағанын байқаймыз. Автор Абай туралы мол танымдық деректерді ұсына отырып, кейбір проблемаларды да орынды көтерген. Мәселен: «Рас, әлі ауданда Абайдың қорасы, үйі қалпына келтірілген жоқ. Аудан Абай зиратын күткен, қолынан келген ісін істеп күмбез тұрғызған. Бірақ, суретті, салтанат белгілерін, ескерткіштерін алсақ, оның бірде-бірі орнамаған. Бұл істер аудан күшімен істелетін де іс емес, ол республика көлеміндегі міндет» [16,90-б],- деп очерктің соңында Абай заманының ғана емес, одан бұрынғы да қазақ тарихының қатпарларын ішіне бүгіп жатқан «Қоңыр әулие» үңгіріне ғалымдар, зиялылар назарын аударады.
С.Мұқановтың қазақ әдебиетіне, оның ішінде, очерк жанрына қосқан үлесі туралы профессор Д.Ысқақ: „ ... Ол елді аралағанда, шет елдерге шыққанда да қолынан қаламы түспейтін. „Саяхаттар”, „Туған жердің тыңында”, „Тыңда тұнған байлық”, „Алыптың адымдары”, „Адам-Атаның шоқысында” сияқты кітаптары арқылы жазушы әсіресе жолсапар очерктің шебері ретінде танылды” [61,180-б],- дейді.
С.Мұқановтың «Саяхаттар» [62] атты очерктер кітабы бар. Мұнда негізінен «Алатау төңірегінде», «Алматы», «Арқаға саяхат», «Каспийге саяхат», «Украинаға саяхат» атты очерктері енген. Бұл кітапта Алматының кешегісі мен бүгінгісі, Арқа жеріндегі өзгерістер, Каспий аймағының жаңа заманға сай тіршілігі, Қырғыз, Украина жеріндегі өмір суреттері, мәдениет саласындағы жетістіктер баяндалады. «Адамата шоқысында» очеркі - Сәбит Мұқановтың Цейлонда болған сапарынан жазылған, көлемді, қызықты деректер мен сол елдің аңыздарын сәтті пайдаланған тартымды шығармасы. Автор Цейлон аралын мекендейтін халықтардың тарихы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, әдебиеті мен өнері, діні жайында қызықты мағлұматтар береді. «Халықтық Германияда» - 1965 жылы Герман Демократиялық Республикасына барғанда жазған жеті тараудан тұратын туындысы. Очерктер циклында Германияның өткені мен бүгіні, үлкен-үлкен қалаларының ертедегі мәдениеті, тұратын халықтардың салт-санасын кеңінен әңгімелейді. Бұл очерктің негізгі идеясы - адамзатты шығынға ұшыратқан соғыс атаулыға жол бермеу. Өткен Ұлы Отан соғысының қаншалықты апат әкелгені, адам баласының басына түсірген қайғы-қасіреті жайында кеңінен әңгімеленеді. Адамзат тарихындағы ең қасіретті проблеманы болдырмаудың, бейбітшілікті баянды етудің мәселелерін көтереді.
Ғабит Мүсіреповтің бай публицистикалық мұрасы, оның ішінде очерктері қаламгер шығармашылығының толық дәрежеде зерттелмей, назардан тыс қалған қыры болып отыр. Ғабит очерктерін жанамалап өтетін бірен-саран кандидаттық диссертациялармен қоса, газет-журналдарда жарияланған шағын мақалалар бар екені де рас. Жазушының очерктік шығармаларының күрделі эволюциясы толық ашылмай, шеберлігінің шыңдалу кезеңдері нақтылы анықталып болды деп айту ерте сияқты.
Әдебиетімізді әлемдік деңгейде мойындатқан классик жазушы Ғ.Мүсірепов - қазақ әдебиетіндегі барлық жанрда қалам тербеген, оның ішінде очерк жанрын өркендетуге белсене араласқан көсемсөздің зергері. Ол - өзінің көркем очерктерінде ұсақ-түйек мәселелерді емес, келелі қоғамдық құбылыстар мен ірі өзгерістерді әңгіме етіп, замана шежіресін жасаған ұлы жазушы.
Очерк жанрының мақсатының өзі – көрген мен білгенді, өмірде бар мәліметтерді тізбектеп немесе шаруашылық түсіндірме жасау құралы ғана емес екені мәлім. Ғ.Мүсірепов очерк жазу үстінде тынымсыз құбылған көңіл-күй үстіндегі адамдарды, олардың тұңғиық рухани жан-дүниесін, сырлы құпиясын суреттеуде үлкен шеберлікке қол жеткізген. Жазушы шығармашылығынан орын алатын очерк жанрындағы туындылары өмірдің шындығы мен қазақ жері тарихының тереңіне сүңги білген зергер ұста соққан бұйым секілді әсер береді. «Ғабит Мүсіреповтің очерктері жоғары идеялылығымен ерекшеленетінін бөліп айтқан жөн. Әсіресе, замандастарының жарқын өмірі жайлы жазылған жазушы очерктерінде өз дәуірінің озық ой-пікірін үлкен шабытпен, асқақ леппен, құлпырған көркемдік бояумен әсем де әрлі жырланады» [63,24-б], - деп баға береді. Ал Ғазиза Бейсенова “Жомарт жүрек жылуы” атты мақаласында әділ де құнды пікір айтқан: “Ғабеңнің мен байқаған қасиеттерінің бірі – ол кісі ешбір шығармасын ірі-ұсақ деп бөлмейтін. Қайсысы болса да барынша қырлап, әлінше әрлеп ұсынуға ұмтылатын. Ғабең жазу кезінде асықпайтын, әр жолын мұқият зер сала отырып қағазға түсіретін еді. Міне, осы шақтардың ара-арасында көңілге келген көркем ой үлгілерін, нақыл сөздерді, оқыған кітаптарынан алынған цитаталарды, тәрбиелік мағынадағы өлең шумақтарынан өзінің күнделік-кітапшаларына түсіріп отыратын” [64], - деп еске алады.
Ғабит Мүсіреповтің әрбір очеркінің қай-қайсысын алсақ та, идеялық мазмұны терең, көркемдік ерекшелігі жоғары болып келеді. Очеркші қазақ әдебиетіндегі очерк, публицистика жанрларын дамытуға 1930 жылдардың аяғы мен 1940 жылдардың басынан бастап прозаның бұл саласына араласып, өнімді түрде қалам тербеген. Алғашқы жазған очерктерінің өзінен очерк шеберінің бұл жанрды еркін меңгеріп, оқырманды өзінің туындыларымен қуантқаны сөзсіз. Жазушының очерктері жоғары мазмұнымен, замандас бейнесін шабытпен, көркем бояумен, өзі өмір сүріп отырған замана талабына толық үндескенімен де құнды етеді.
Очерктің ең көне түрі жол-сапар очерктерін жазу кезінде саяхат сапарында жинақтаған тарихи, экономикалық, географиялық мағлұматтарға негіздейді. Жол-сапар очеркінің анықтамасын Т.Ыдырысов былай береді: “Бұрын болмаған, көрмеген, танымаған елдің жер-суы, тұрмысы, салт-санасы, мәдениет ескерткіштері, халықтардың өміріндегі тарихи өзгерістер автордың өзіндік талғам, әсері, саяси көзқарасы арқылы баяндалады. Мұнда позициялық өмір болмысын шынайы суреттеудің рөлі күшті. Жол-сапар очеркінде келтірілген фактілер, мәліметтер оқушының ой-өрісін кеңейтуге, идеялық жағынан шыңдалуға септігін тигізуі шарт” [11,78-б].
Ғ.Мүсіреповтің “Жапон әсерлері” очеркі “Лениншіл жас” газетінің бірнеше нөмірінде алғаш 1970 жылы басылған. Бұл очеркінде жазушы бір ғана ел іші мәселесімен шектеліп қалмай, Жапонияға барғандағы жолда көрген-білгенін ғана емес, сонымен қатар Америка-Жапон соғысына, Хиросима-Нагасаки оқиғаларына да терең бойлай енеді.
Жапон елін сол ел жазушыларымен аралай жүріп автор: “Жапон жазушылары бізге бұл жолы да елін көп аралатты. Киото, Нара, Йокогама, Осака қалаларында, Хоккайдо курортында, балықшылар арасында, деревняларда болдық. Қайда да еңбекші бұқараның қошемет-құрметінде жүрдік” [65,514-б], - дей келе, жапондардың өмір-тіршілігінен кең мағлұматтар береді.
Жазушы жапон бұқарасының мәдениетті, инабатты, аса әдепті екендігін, олардың ресми қабылдаудан гөрі өз үйінде, дастархан айналасында еркін сөйлеуді жақсы көретінін сүйсіне айтып, қалам тербейді. Ғабит Мүсірепов суреттеуінде Жапон халқының өткен-кеткен тарихынан, Жапонияның жетінші ғасырдан бастап елдік іргесі қаланғанын, династиялар тарихын, революциялар себептерін, тұрмыс-салтының тартымды жақтарын көз алдымызға елестетеді. Бұл очеркінде автор Жапон халқының бір ерекшелігіне жеке тоқталады. Ол: “Тазалық, жарасымды жұпынылық, мәдениет, адам мінезі жағынан қарағанда жапон елі байлығын да, кедейлігін де көрмеге қоймайтын сияқты. Сол мінездің бір көрінісі – жоқшылығы қанша сезіліп тұрса да алақанын жаю түгіл мөлиген адамға кездескенім жоқ. Көзіне көзің түсіп кетсе, жымиып қалмайтын жапон да сирек кездеседі” [65,508-б], - деп автор жапон бұқарасының осы мінездерін аса жоғары бағалайтынын мақтай жазады.
Очеркші “Жапон халқының меймандостығы адал достыққа әзірлігі менің ойыма күнде бір түсіп қояды” [65,516-б], - деп аса бір сағынышпен шығармасын аяқтағанның өзі басқа очеркшілерде кездесе бермейтін оңтайлы әдіс екені талассыз.
Ғ.Мүсіреповтің Италия сапарынан кейін жазған очеркі “Кездесулер” деп аталады. Италияға үшінші рет келіп, Ұлы Рим, Венеция, Флоренция, Неаполь, көне Помпей, Аминго, Сорнеттоның ең көне ескерткіштерін аралағанын, алған әсерлерін хронологиялық тәсілмен баяндай келе, автор өзіндік талғамы арқылы суреттейді. Бұл кездесуде екі мәселеге, біріншісі – Африка халықтарының мәдени бет алысы туралы болса, екіншісі - “Негритюд” бағытының негіздеріне көбірек тоқталатынын сөз етеді. Жазушы Римге Борис Полевой, Георгий Брейтурд үшеуі келгендігін, “Қонақ” қоғамы шақырған ресторанда бір жас әйелдің стол басына рұқсатпен келіп, рұқсатсыз әңгімелерін жазып алғысы келгенін юмормен, әдемі қиыстыра баяндайды.
“Полевой маған:
- Бірдеме-бірдемелерді боратып жіберші, мынау әйелдің пленкасы бос кетпесін... – деді.
- Мен қазақша сөйлеп кеттім:
- Лейләһа еллә алла! – деп ашып едім бұл өмірдің есігін: кіріп келсем, қап-қараңғы, тамұқ екен кіргенім... Қызса бойым, туласа ойым, өз қолыммен тұсап-матап тұтқын етіп беріп ем. Жүз бұралып, арманда өткен жас кезеңнің құйрығына жармасқалы отырған жан сарыны...
Сары әйел біздің қалжыңды түсіне қалды да, тұрып жүре берді...” [65,525- б], - деген жолдардан автордың өз тапқырлығын әсерлі бейнелегенін көреміз. Әсіресе, автордың Венецияға барғандағы алған әсерін шынайы суреттейді. Венецияның теңіз ортасынан салынғанын, үйлер, көпірлер, храмдар мрамормен қапталғаны, машина орнына қайық, катер, глессрлер, су трамвайының жүретінін қызықты, әрі оқырман көзіне елестете отырып жазады. Очерк соңында Езидора фонтанының бір ғажап ескерткіш екенін, жалаңаш шалқалаған әдемі әйелдің мүсінін фонтан ылғи жуып тұратынын, мүсін алтау, бірақ бәрі бір-ақ әйелдің денесі екенін Ғ.Мүсірепов өз ой елегінен өткізіп, өзгеше сұлу көріністі тебірене жазады: “...Сұлу болғанда бар денесі, бет-жүзі, аяқ-қолы, қасы-көзі, қара тырнағына дейін сұлу болған. Сол әйелді табиғаттың өзі жасаған көркемдігі деп танып мүсінші тасқа көшіріп, фонтанға орнатқан. Сол әйелдің бірінен-бірін аудырмай алты рет қайталаған тас мүсіні, дөңгелек фонтанның алты жағында шалқалаған күйде тұр” [65,438-б]. Осы ғажайып суреттеуде жазушы салыстыру әдісін пайдалана отырып, ұлы суретші Рибераның “Инессасымен” салыстырып, көркемдік сиқырын келістіре жазып, оқырман көкейінде қалдырады.
“Барлық Африка мәдениетінің бірінші фестивалі” Ғ.Мүсіреповтің 1963 жылы Алжирге барған сапарынан сыр шертеді. Бұл жол-сапар очеркінде автор сол елдің астанасы, мәдениеті, әдебиеті, тұрмысы мен салтынан кеңінен мағлұмат бере келе, табиғаты, жері, суы, жан-жануарлары туралы да шынайы лебізбен суреттейді. Жазушы көрген, білген, сезген жайларының бәрін біздің елмен салыстыра жазады. Автор Алжирдегі әйелдердің бейнесін көз алдымызға былай елестетеді: “Алжир әйелі әлі күнге айқара жамылған аққа оранып жүреді. Оның үстіне мұрны мен аузын түгел тұмшалап тұратын шетін шілтерлеген қиықша ақ орамал тағы бар. Сонда тек жарқырап тұрған қара көздері ғана көрінеді. Аяқтарын жасырмайды екен: жалаң аяқ, жеңіл сандалет...” [65,540-б], - дей келе, күн батқаннан кейін қатар келе жатқан қыз бен жігіт көшеде болмайтынын, қыздар әке-шешелерімен ғана көшеге шығатынын, жас жігіттердің топ-тобымен оңаша жүретінін, Алжирде жастардың ертерек үйленетінін айта келе, жазушы көргені мен сезгенінің нақты шындығын көркем тілмен баяндайды.
Көркем-публицистикалық жанрлар тобына жататын очерктің басты ерекшелігі – көркемдік белгілермен бірге, онда публицистік фактілер де болуы шарт. Ғ.Мүсіреповтің “Барлық Африка мәдениетінің бірінші фестивалі” очеркі де цифрлар мен фактілер арқылы тартымды жазылған. “21 июль күні, таңертеңгі он. 6-7 конференция, съездерді қатар өткізе беруге болатын залдарда көп “ұлт сарайы”... қасында хабар министрі Мұхаммед Бен-Яхия, “Африка бірлігі ұлтының” бас секретары Телли Диало (Гвинея), т.б. бар. Алжир Демократиялық Республикасының президенті Хуар Бумедьен сахнаға шықты” [65,540-б], - деп дәстүрлі тарихнамадағы болған оқиғаларды жүйелілікпен баяндайды. Бұл жол-сапар очеркінде жазушы бейтаныс елдің белгісіз келбетін таныстыру процесінде оқырманды өзіне тарта түседі. Шығармадағы Африка халықтарының көне мәдениеті, жаңа дәуірі, көркем әдебиетін жасаған ақындары Дзоломо, Мпахлеле, Джолоба, Вилакази және Абрахамс, Помас Мофало деген романистері туралы сөз қозғағанда автордың дүниетаным шеңберінің кеңдігі, шығармашылық даралығы бірден байқалады. Очерктің кейбір тұстарында Африканың ұлттық ойындарының біздің ұлттық ойындармен ортақтастығын орынды байқаған. Африканың ұлттық театры мен кино өнеріндегі ерекшеліктерді, ұлттық билерінің сюжетті келетінін жатық, әрі түсінікті жеткізген. “Бір қызық нәрсе – Батыс Африканың ұлттық ойындарында, билерінде бізде бар элементтер жүр. Әсіресе, ат үстілік күрес ойындарында. Оны ат үстілік ойындарда Алжирден, күрес ойындарында Сенегалдан көрген. Жеңіл киінген балуандар әуелі тағы өгіздердей жер тырналап, айбат шегісіп, алыса жөнелгенде сахна шайқалғандай болады. Сахнадағы ойыншылар балуандардың қимыл-дарымен бірге жапырласып, бірге дөңгеленіп, сахна шайқалғандай көріністі береді” [65,544-б], - деп баяндау формасында жазылады да, бүкіл баяндаудың, суреттеудің дәл ортасында саяхатшының өзі, жазушының жеке басы болғаны да оқырманды қызықтыратындай, танымал адам екені ұтымды шыққан деуге болады. Бұл шығармасында жазушы Африка фестиваліне қатысқан адам портреттерін жасауда да шеберлігімен көрінеді. Ғабит кейіпкердің бет-әлпеті, киген киімі, сөйлеу мәнері, мінезін суреттеу үстінде қоғамдағы орнына орай бейнелейді.
“Агостиньо Нето - Ангола жазушысы. Мөлдір шашы қара маржан тізіп қойғандай жалтылдайды. Кең иықты, көздері аз күлімдеп, көп ойланып жүретін адамды аңғартады. Сымбатты да сұлу жігіт. Оның әдебиеттегі орны осыдан 15 жыл бұрын ауызға іліксе де соңғы жылдарда білінбей кетіп еді. Сұрастыра келсек, ол соңғы жылдарын түгел азаттық қозғалысына берген екен” [65,546- б], - деп жазушы жазатын объектісімен жақсылап танысып алғандығынан хабардар етеді.
Жазушы-журналистің әрдайым жол үстінде болуы - заңды құбылыс.
Шерхан Мұртаза - қырық жылдан астам журналистік қызметінде талай жердің топырағын басып, талай елдің дәмін татқан қаламгер. Солардың бірқатары жол-сапар очерктеріне өзек болған себебі де ізденімпаздығынан болса керек. Соның бірі «Абай сәулесі» деп аталатын жол-сапар очеркінде автордың әр сөзді орынды пайдаланып, көркемдік қолданысты дәл тауып, айтайын деген ойын жылы сезіммен, аңғарымпаздықпен жеткізген деуге болады.
« ... Егер әркім Абай арқылы ақылына ақыл қосса; көз нұрына нұр қосылса; сезімін байыта түссе; жан дүниесін, рухани әлемін рахымдандыра берсе – шіркін, онда арамызда арамдық, арызқойлық, қызғаныш, тәкаппар-тақастық, өтірік-өсек, жала-қорлық, тағы не бар - барлық жағымсыз қылық арамыздан әлдеқашан аласталар еді...» [21,146-б],- деген үзіндіде очеркистің ой ұшқырлығымен, ой-түйіндерінің бірегейлігіне тәнті боласың. Қоғамдық ойшыл, халық мүддесінің жоқтаушысы Абайдың 150 жылдық тойы әлемдік деңгейде өтетініне осы очеркінде болжам жасаған Ш.Мұртазаның шексіз оптимизмі мен көрегендігіне де куә боламыз.
«Абай сәулесі» шығармасында жол-сапар очерктеріне тән көзге түскеннің бәрін тізе бермейді, керісінше, Жидебайдағы қазіргі Абай музейінің жайы, Қарауылдағы салтанатты жиналыс, терістіктегі Ақшоқы тауының әсемдігі, Еңлік-Кебек ескерткіші басындағы очеркшінің әсері өзек болады.
«Естен кетпес Эстония сапары» жол-сапар очеркінде жасыл аралдар мен қалың ормандар, егістік алқаптар, Эстон халқы мекендейтін жанатты жері жайлы мол мәлімет, деректер арқылы көрініс тапқан.
Қазақ халқы мен эстон халқының тағдыр ұқсастығы салыстырылып тартымды баяндалады: «Арасын бес-алты мың шақырым алыстық бөліп жатқан екі республиканың ауа райы екі басқа. Эстонияда ылғал көп. Мұның залалды жағы да жоқ емес. Ертеде мұнда өкпе ауруына шалдыққандар көп болған. Туберкулезді дәрігерлер жаза алмайтын кезде бұл ауру нағыз тажал еді. Енді ол қауіп жоқ. Медицина туберкулезді жеңіп шықты» [21,202-б]. Бұл жолжазба ерекше ықыласпен оқылатын және Эстон жері мен халқының дәстүрлері туралы толық сипаттама бере алған, деректері көп, тартымды очерк деуге болады.
Шерхан Мұртазаның «Париждегі қазақтар» атты туындысы жол-сапар жазбаларының ішіндегі үздігі. Аса бір тебіреніс, шабытпен жазылған бұл очеркінде жазушы әлемдік өркениеттің бесігі – Париждің өмірімен қоса, ондағы қазақ отбасыларының тіршілігінен хабар бере отырып, олармен жүздесу және қоштасу сәттерін жазғанда әр қадамын ежіктеп, көрген-түйгендерін рет-ретімен оқушыға шебер тілмен жеткізіп отырған. «Хабар тиісімен Париждың қазақтары біз тұрған мейманханаға лезде-ақ келіп жетті. Кезек-кезек қонаққа шақырып-ақ жатыр. Бәрінің үйіне қыдырып жүруге уақыт көтермейді. Сонымен, ақылдаса келіп біреуінің үйіне баратын болдық. Ол Ханимет деген жігіттің мекені екен. Төрт бөлмелі кең-мол пәтерде Ханимет, әйелі Фазилә, екі баласымен тұрады. Өзі осы Парижде былғары фабрикасында жұмыс істейді. Төрт бөлмелі пәтер оған 400 000 франкке түскен. Біздің ақшаға шаққанда 40 000 сом. Кең залда кілем, көрпе төсеулі. Столдарын, орындықтарын шығарып тастапты. Меймандарды баяғы ата-баба замандағы қазақтарша күтіп алмақшы» [21,229- б],- деп Париждік қазақтардың бұл елге келу тарихына, онда жүзге тарта қазақ отбасы тұратыны жайлы айта келе, қасиетті қазақ жерін көргісі келетін қандастарымыздың күпті көңілін айта кетуді автор борыш деп санайды.
« - Жалғыз тілек: біз туралы бөтен ойламаңыздар. Елден жырақ кетсек - ол біздің кінәміз емес. Тағдыр солай, - дейді Париждік қазақтар. – Әйтеуір сөге жамандамаңыздар. Шет елде жүрген қазақтар туралы алматылық бір ақын: «Саудагерсің бе, сатқынсың ба...!» деп жазыпты. Соны оқып, өте қиналдық. Бәрімізге өйтіп топырақ шашу – татулықтың, бауырмалдықтың, адал жүрек, ақ ниеттің дәнекері бола алмайды» [21,231-б],- қазақ ақыны айтқан сөз үшін қызарып, кешірім сұрағанын, сағыныш пен әлдебір арманға толы жандармен қимай қоштасқанын әсерлі баяндайды.
Шерхан Мұртазаның жол-сапар очерктерінің жазылу стилі, формалық ерекшеліктері, жазушылық әдіс-тәсілдеріне аз-маз назар аудардық. Жазушының тақырып таңдауы, оны игеруі, оқырманға қалдырар әсері де ерекше. Очеркшінің ұстанған өмірлік позициясының бірнешеуін санамаласақ: біріншіден, адамзат тіршілігінің өзекті мәселелері туралы тұрақты тебіренеді, екіншіден, шағын көлемге кең мағына сыйғызуға шебер, үшіншіден, әдебиеттегі көркемдік компоненттерді кең және еркін пайдалануға ұста, төртіншіден, ұлттық идея, ұлттық намыс, ұлттық сана мәселелерін өз шығармаларына өзек етеді. Сонымен, Шерхан Мұртаза - жазушылық пен журналистік тізгінді қатар меңгерген қазақы намысшыл суреткер дегіміз келеді.
Оралхан Бөкейдің жол-сапар очерктерінің де өзіндік ерекшеліктері мол. Көрген-білген елдері жайлы, әсіресе, шығармашылық командировка кездерінде жаза жүріп, жол-сапар очерктеріне жүктелетін міндетті қарапайым сөздермен дәлелдеп берген. Жазушының “Олонхо жері, саха елі”, “Тау басында қар жатыр”, “Күзеуде”, “Сырдың елін – жырдың елі дейді екен...”, “Тырналар қайтып келгенде” т.б. сапарнама очерктерінде әдебиет пен мәдениет, ел мен елді, жер мен жерді жақындастыра түсудің дәнекері екенін очеркші жақсы түсінген. Якут еліне бара жатқан сапарының мақсатын жазушы сол жұрттың болмыс-тіршілігін, арман-мақсатын, әдебиеті мен өнерін, дәстүрі мен тұрмысын терең зерттеуге, бұрынғыдан да берік рухани байланыс жасауға бара жатқанын очерк басында түсіндіріп кетеді. Жазушы Саха еліне қандай мақсатпен барғанын айта отырып, сырттай байқағандарын ғана жинақтамаған, қамту шеңбері кең. Саха елінің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, ауыл шаруашылығы мен өндірісін егжей-тегжейлі түсіндіре келе, халқының, бүгінгі буынының өмірлік және психологиялық шындықтарын қызғылықты да мол мағлұмат бере отырып әңгімелейді. Жазушы очерктің “Жер шеті - Тикси” деген тарауында табиғат сұлулығына таңқала суреттейді: “Қыратты, төбелі тақыр таулардың ұстарамен қырғандай жұмырлығы, саумал самалы, жосылған бұғылар, бұғышылар қосы, үруді білмейтін жуас та қырағы жұмыскер иттер – осының бар-барлығы өзгеше бір қайталанбас көркем суреттер секілді еді” [48,17-б]. “Қазақ көлі”, “Айналайын Лена!” тарауларында Якутиядағы ашық аспан астындағы музейлер, этнографиялық, қолөнерлік кереметтігін айғақтайтын жерлерінің сыр-сипатын суреттеген тұстары якут халқының салт-жоралғысымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді және очеркті қызғылықты ете түседі.
Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетіндегі жол-сапар очерктерінің қайсысын алып қарасақ та, идеялық мазмұны терең, айтар ойы анық, тілі көркем екендігіне куә боламыз. Очеркшілер жол-сапар очерктерінде көргенінің бәрін жіпке тізуді мақсат етпеген, керісінше, өмір құбылыстарындағы шындықты ғана іріктеп, соның бәрін ой елегінен өткізіп, оқырманына ұсынған. Жазушылардың зерттегіштік, байқағыштық қабілетімен қатар ұштасатын терең білімін өздерінің көркем очерктерінде шынайы көрсете білген хас шеберлер екеніне көзіміз жетті.
Достарыңызбен бөлісу: |