Радиоочерк. Қазіргі қазақ очеркі өзінің алдында тұрған идеялық-көркемдік талаптарға жауап бере алады деп айта аламыз, онда ол осы бағытта біршама сәтті қадамдар жасады деуге негіз бар. Соңғы жылдары журнал және газет беттерінен, радио мен теледидардан тілі орамды, сипаттамалық, өмірдің әртүрлі саласын салтанатты, көрнекті етіп көрсететін очерк жойылып барады. Бүгінгі күні баспасөз беттерінде, радио мен теледидарда өмірдің терең, әрі күрделі қатпарларын шыншылдықпен ашып көрсететін және саяси, ауыл шаруашылық, идеологиялық, моральдық өзекті проблемаларды батыл қозғайтын очерктер азайды десек қателеспейміз. Бұл құбылысты очерктің көркемдік жетілуі, оның жетістіктерінің маңыздылығының айғағы және кепілі дей алмаймыз.
Очерктің құнды белгісі – шыншылдылығы мен деректілігі. Деректі очерктің дамуында соңғы кездері оның жеке тақырып аясында терең мәніне жеткен публицистикалық лирикамен байытылуы аңғарылады.
Бүгінде оқырман, тыңдарман, көрерменнің очерк арқылы қоғамдағы жаңа жағдайға, жаңа моральдық-этикалық талап дәрежесіне байланысты өмірге келген мамандық иелерімен жүздесуі сирегені де белгілі.
Егер публицистика үлкен идеялармен астасып, адамға тән ұлы сезімдерді шынайы бейнелей алса, образды түрге, мағынаға ие болса - өз міндетін орындағаны. Шындығында, очерк – көркемдікке барлау. Бірақ ол барлау - құрғақ деректер жиынтығы емес, өмірді әбден зерттеп, оны шығармашылықпен жаңартуға белсенді араласатын деректі жанр.
Жай ғана дерекшілдік емес, очерк табиғатындағы өмір шыңдағыш күрескерлік пен көркемдік өреліліктің қатар көріне алуы бұл жанрды сөз өнерінің дара жаралымы ретінде айғақтайды.
“Әдебиет терминдерінің қысқаша сөздігіндегі” Л.Тимофеев пен Н.Венгеров очерк жанрына кеңінен түсінік берген. “Очерк – әдебиеттегі эпикалық жанрды әңгімелеп, баяндап беретін түрге жатады. Сондықтан да ол (роман, повесть, әңгіме) маңызды және өзіне тән сипаттарды іріктеп алып, жазушы шығармашылық ой-қиялы арқылы жалпы оқиғаны тұжырымдайды, яғни, оқиғаның өмірде болу немесе болмау мүмкіндігі тұрғысында суреттейді” [125,106-б],- деген. Очеркші өмірдегі деректерді суреттеуде кез-келген суреткер сияқты өмірден оқиғаның ең маңыздысын іріктеп алады және адамдар әрекетіндегі өзіне ғана тән сипаттарды сұрыптайды, яғни, автордың ойын, оның өмірге қатысын айтып береді. Алайда, ол ой-қиялдың басты элементтерін өзгертуге, бұрмалап көрсетуге тиіс емес. Элементтерді ойдан шығаруға күштеу очеркті әңгімеге айналдырып жібереді де, деректер дәлдігі міндетті болмай қалады.
Қоршаған орта шындығымен байланысына қарай очерктерді екі типтік айырмашылыққа бөлген: құжатты және көркем немесе беллетристендірілген очерктер. Очеркші-документалистер ойдан шығарудан қашқақтай отырып, шынайы типтік деректерді сұрыптау жолымен типтік образдарды жасайды. Құжатты очерктерге қатысты Л.Тимофеев, В.Сорокин, Г.Абрамовичтің берген анықтамаларын қабылдауға болады.
Көркем радиоочерк (беллетристендірілген радиоочерк) деп кейіпкерлері тарихта болған, оқиғалы туындыларды атайды. Өзінің пішіні жағынан көркем радиоочерк документальді очерктен тым ерекшеленбейді. Көркем радиоочерк жанры бүгінгі таңда да бар. Бұл очерктерде ең маңызды деген суреттеудегі құбылыстарда ғана нақтылық сақталады. Очеркші басқа компоненттерді таңдауда кез келген басқа жанрлардағыдай ерікті және еркін. Ол нақтылы адресті бермеуге ерікті, ойдан шығарылған персонаждарды әрекетке қоса алады, жорамалға және түйіндеуге жүгінеді.
Құжатты дүниені ойдан шығарылған оқиғамен араластыру журналистен зор сақтықты, авторлық этиканың қатаң сақталуын талап етеді. «Көркем очерк» терминінің бүгінгі күні аты затына сай екендігін баса айту керек. Көркем суреткерлік дегенде, әдетте, шығарманың жоғары сапасы, идеясын айқындау, образдылық, мінездердің типтілігі, суреттеу құралдарының толыққанды көркемділігі ескеріледі. Документальды жанрдың үздік шеберлерінің практикалық шығармашылығы документальдылық көркемдікке қарсы тұрмайтындығын сенімді түрде дәлелдеп берді. «Көркем очерк» терминін пайдалану үстінде біз оған шартты мазмұнды, ойдан шығарылған материалдар негізіндегі очерктерді жатқызамыз. «Беллетристендірілген очерк» термині дәлдеу келеді. Сондықтан мұндай очерктерді беллетристік очерк деп атау дұрысырақ болмақ.
Радиоочеркке ғалым Н.Омашев былай анықтама береді «Радиоочерктің негізгі нысанасы адам, проблема, кейде оқиға болып табылады. Оның ең басты ерекшелігі – кейіпкердің немесе оқиға куәгерінің деректі-жанды әңгімесі. Сондықтан да, радоочерк шынайы дерекке, толыққанды дәйекке құрылады. Өйткені, оның кейіпкері нақты өмірдегі адамның өзі. Сол тұрғыдан алғанда радиоочерк өнер туындысы, көркем шығарма болып есептеледі»[87,93-б].
Құжаттылық - маңызды, радиоочерктің сипатын толық ашып бере алмайтындықтан, жанр өлшемі қызметін атқара алмайды. Радиоочерктегі деректер мен ойдан шығарылған оқиғалардың арақатынасы емес, суреттеуге тиісті материалдар сипаты мен өмірді өзіндік типтендіру арқылы зерттеп, анықтама беру керек деген көзқарас басым. (Е.Журбина, Б.Удодов, А.Коган, С.Максимов, В.Багданов т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |