Портреттік очерк. Портреттік очеркте әдеби портрет түпнұсқасының көшірмесін жасамайды немесе сыртқы көрінісін, белгілерін көрсетумен шектелмейді, сондай-ақ қаһарманның жеткен жетістіктерін санамалап шығумен де шұғылданбайды. Онда адам бейнесін сомдай отырып, оның характерін ашады. Портреттік очерк жазар алдында автор қаһарман таңдау, оның ішкі әлеміне терең бойлау, ол өмір суретін, еңбек ететін ортасын нақты жағдайды анықтап, зерттеуі қажет. Хемингуэй: «Көркем шығарма шындығы өмір шындығынан күшті болуы тиіс, сонда ғана жазушы адамдарға әсер ете алады»[66],- дейді (Г.Боровик жазбасы бойынша). Бұл айтылған пікір көркем әдебиет жанрларындағы образ жасауға да тиесілі. Қаһарманмен сұхбат, оның өз қызметін толық орындауы жөнінде анықтама, не шынайы толтырылған сауалнама әлі де қаһарманның толық портретін бере алмайды және қаһарман портретін жасауда даралық пен типтілік туралы мәселе туады.
Суреткер жасаған портрет, тіпті портрет-естелік түрінде болса да, қаһарман бейнесіндегі типтік белгіні көрсетеді. Жалпы, портретші оқырманға очерк кейіпкерінің характері туралы өзінің болжамын айтады. Очеркші өз замандасының шынайы портретін жасау үшін төмендегі жайлар кері әсерін тигізбейді. Біріншіден, портреттік очерктің деректілігі қаһарманның нақты аты сақталуынан, не бір екі әрпі өзгеруіне немесе қаһарманның бүркеншек атпен аталуына байланысты емес. Екіншіден, көп жағдайда өмірлік материал авторға ерлік адамының шынайы бейнесін көрсетіп береді. Кейіпкердің мінезіндегі қасиеттерін, кемшіліктерін көрсете бастауы да кері әсерін тигізбейді. Үшіншіден, автор портрет очерктерінде өз қаһарманының характерін ойлап табуға құқылы. Қаһарман тірі ме, әлде өлі ме, осыған қарамастан ол очеркте шынайы, әрі көп қырлы болып бейнеленуі тиіс. Очеркте пайда болған әдеби қаһарман «типті» және «дара» мінез-құлқы бар болуы тиіс. Портретке оқырман қызығушылығының төмендеуі қаһармандағы типтік белгілердің тым көбеюі немесе оның даралық бейнесінің бұлдырауынан екені сөзсіз.
Жазушы портрет жасауда әртүрлі адамдарда байқалатын кейбір мінездерін, кейде бір нақты адамның мінезіндегі ерекшелігін көрсетуі мүмкін. Нақтылай айтқанда, портретті очерктің міндеті - жалпы бейне немесе нақты адамдар (Ыбырай Жақаев, Злиха Тамшыбаева, Талғат Бегелдинов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова т.б.) арқылы мінез ерекшеліктерін дұрыс таныту. Портрет термині алғашқыда сырт бейнеңді суреттеу болып табылса, қазіргі күнде очерктің бірден-бір бейнелеу құралы және жанр түрлерінің бастысы. Портретті очерк жасайтын автор алдына мынадай мақсат қояды: қазіргі заман адамын, оның іс-тәжірибесін, өмірдегі табысын көрсету, рухани әлемін ашу. Очеркші мінез ерекшеліктері байқалатын кейіпкер өмірінің жеке сәттерін бөліп қарастырады. Адамның мінезі күнделікті тіршілікте айқындалатыны да - заңды құбылыс.
М.Әуезовтің 1935 жылы жазылған «Баймұқаметұлы жолдас» атты
очеркі Алтайдағы «Ақжал» алтын қазу кеніндегі партия өкілі Жанай Баймұқаметұлының ұйымдастыру, адами қызметін көрсетуге арналады. Жазушы бұл мақсатын сәтті орындай отырып, очерк кейіпкерінің бейнесін толық ашқан. «Жанай өз өмірі, өз басы туралы өте сараң сөйлейді. Ол, өз еңбегі, өз табысы дегеннің барлығы, көптің табысы, көптің еңбегінің жемісі дейді. Өзім сөйттім деудің орнына ылғи өзі өсірген адамның пәлендей іс еткенін көңілдене, шаттана айтады» [16,46-б],- деген суреттеуден очерк кейіпкерінің іскерлігі, жұмысшылар арасындағы асқан сыйлылығы, ерекше беделі танылады.
«Баймұқаметұлы жолдас» жанрлық жағынан портреттік очеркке жататындықтан, шығарманың композициялық құрылысына, сюжеттік желісіне үңілген кезде байқалатыны - әрбір эпизод, деталь, штрихтар басты кейіпкердің образын ашуға жұмсалған. Мысалы, Жанайды жұмысшылардың үлкені де кішісі де «Жәке» немесе «Бәке» деп атауының өзі сыйлағандықтың белгісі болып табылады. Кейіпкердің басшылығы арқасында кен орнының қол жеткен табыстары, материалдық жағынан табысқа жеткен жұмысшылардың жай-күйі, Жанайдың өзі тәрбиелеген жұмысшыларының шерткен сыры, басшыны толғандырып жүрген ірі проблемалардың кейіпкер аузынан шығуы және Жанайдың мәдени сауаттылығы очерк арқауы болғандықтан кейіпкер қызметінің сан алуан қырлары ашылады. Очеркші суреттеуінде кейіпкер тек өз ісінің үздігі ғана емес, жұмысшыларды бір мақсатқа жұмылдыра білетін үлкен ұйымдас-тырушы іскер басшы, қазақ өнері мен әдебиетін білетін мәдениетті азамат екенін суреткер образ сомдау шеберлігі арқылы айқындайды.
Портретті очерк композициясы, ең алдымен, кейіпкердің идеялық және психологиялық мінездеме талаптарымен анықталады. Адамды көрсету мақсатында автор ол жайындағы пікірін, өзгелердің де көзқарасын көрсетеді, оған дәлелдемелер келтіреді. Әрбір диалог, сырт келбетінің әрбір бөлшегі бейнеленген адамды жақсы жақтарынан көрсету үшін, не болмаса алдында байқалған мінездер жайындағы түсінікті тереңдету үшін қолданылады. Бұл очерктегі суреттеуде өзіндік объектісімен байланысқанымен, беллетристикаға тән қасиеттерге де ие. «Портрет - өзіне биография элементтерін қосқанымен, биография емес. Портретті очерк адамды жалпылай көрсетуді мойнына алады. Портрет жасаудағы қиындықтың бірі - очеркші өз білгенінен артық адам туралы айтуы қажет. Осы арқылы дұрыс бағыттағы дамуы анықталады» [67,128-б],- дейді В.Перцов. Сонымен, портрет қияли түпнұсқа негізінде жасалмайды. Портретті очеркте шеберлер қажетті ғана эпизодтарды таңдайды және адам биографиясындағы күрт өзгерістерді айқындауға көп септігін тигізеді. Сондықтан да, бұл сәттерді таба және қолдана білудің өзі - шеберлік. Автор типтік қасиеттерді дұрыс қолдана білетін сәттері болады, мысалы: «қарапайым», «батыл көзқарасты», «еркін адам» т.б. Алайда, бұл жерде портрет спецификалық, жеке мінездерден айрылып, көңілге қонымды қабылданбайды. Портретті очеркте бір топ адамдарға тән мінездерді бөліп, күшейте түседі, жалпыны қалдырып, кездейсоқтықты алып тастайды. Бірақ бұл жалпы мінез нақты мінез арқылы беріліп, портрет типтікке айналады. Кейіпкер тип қана болмауы керек, жазушы үшін де, оқырман үшін де, ең алдымен, ол тірі адам, нақты бейне болуы тиіс. Мұзафар Әлімбаевтың «Ғашық ақын ғажабы» очеркінде Естай ақынның портреті былай беріледі: «Күні кешегідей есімде. Қыран көз, қызыл шырайлы, сұңғақ бойлы, сыптығыр, сүйкімді қартты сахнадан жібермей, залдағы жұрт үсті-үстіне үдете қол шапалақтап, «Тағы да бір ән, тағы да бір ән»,- деп, тұс-тұстан қиқу салған қызулы дауыстардан құлақ тұнғандай. Сахнаның қалтарыс бүйірінде тұрып, біресе өнерпазға құмарта көз тігіп, қайта-қайта қолқа салған жұртқа, біресе әлеумет алдындағы әншіге қарап, тылсым күйде тұрушы мен ем...» [40,27-б],- деп, жетпіс жастағы жүйрік әншінің қарқынына қайран қала жазған жазушы ақынның айрықша мінезі мен әнін, асқан талантын шебер портреттік кескінмен өрнектеген.
Кез келген портретті очерк сюжетті бола бермейді. Сондықтан да, портретті очеркте басты фигура нақты бір адам болып табылады. Кейіпкердің шын атын атау міндетті емес, кейіпкер белгілі бір себептерге байланысты аты аталмауы мүмкін, бұдан суреттеліп отырған портрет жапа шекпейді. Алайда, нақты бір адамды очеркке енгізу бүгінгі күні өте маңызды және қажетті. Кейде портретті очерк атқарған қызметі мен жақсы жақтарымен ауыстырылады. Қазақ әдебиетінде де портретті очерктің үздік үлгілері өмірге дер кезінде келіп, өз замандастарының рухани жан-дүниесіне терең бойлаған. Оларға Ә.Әлімжановтың «Дихан туралы аңыз», Қ.Ысқақовтың «Айша апай», Ж.Жұмақановтың «Нәйлә» т.б очерктерді атауға болады.
Очеркте «құрастыру» және «ұйымдастыру» сөздері үлкен мағынаға ие. Әңгіме тек қана өмір деректерін іріктеу емес, сонымен қатар, оны жоспарлау, орналастыру, монтаждау және де тек қана материалдық элементі мен түйіскен жерінің сапалығын «қалыптастыру» емес, санының ара қатынасы, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесі мен сыртқы танымы, басты және болмашы, жеке және ортақ тепе-теңдігінің қажеттігі, қосалқы бағыну принципі және әр түрлі ішкі ырғақтар жиынтығы, үндестігі және т.б. болып табылады.
Журналистің позициясы – ол түпкі ойдың, идеяның, тақырыптың айқындығы мазмұн мен пішінге қатысты. Композиция очерктегі тақырыпты мазмұнды жеткізудің құралы болғандықтан, екеуіне де қатысты болады. Ең мәнді деген бірқатар деректердің өзінен толық жарамды очерк шыға алмайды, яғни, оған идеялық негіз қажет. Ал тақырыпты, идеяны өндіру шығарманың түпкі ойы мен фактурасын іздестіруіне шығарма композициясының қабылдау құралы, болашақ материалдың құрылысы жалпы контурымен сәйкес келеді. Автордың суреттеуінсіз шарықтау шегін білдіретін очерктің анық-қанығын көрсететін сызба бола бермеуі де мүмкін.
Үздік комбайншы жайындағы очерк төмендегідей. Кейіпкер таңертең тұрып терезеден алғашқы қарды көреді. Ол киініп, ас үйге шығады. Жұбайы табаға нан пісіріп жатады. Немересі үстел басында отырады. Кейіпкер қолына күрек алып, бірінші қарды тазалауға тысқа шығады. Сол әрекеттің арасында кейіпкер балалық шағын, соғыс, соғыстан соңғы үйлену тойын есіне алады. Бұл очерк жайлы кейіпкердің өмірінің бір сәтін қамтыған жедел суреттеме жайлы ой қалыптасады. Өмірбаян деректерін баяндау (дәл фотографиялық болсадағы) идеялық тараптарды айқындаусыз жеке өмірлік эпизодтар, шығармашылық-публицистикалық зерттемелер оқырман-ды ешқандай да қорытындыға келтіре алмайды, одан ой мен эмоция туғызбайды. Сонымен қатар, тура нұсқаға бағынбаған деректер дұрыс түсінілмеуі мүмкін. Тек қана деректердің сан-алуандығы, түпкі ойдың жүрекке жетіп, ойды алатындығы ғана құнды материалды өмірге әкеледі. Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Сланов, О. Бөкеев, Ш.Мұртаза, А.Сейдімбек, Т.Жұртбай, Ж.Аупбаев және т.б. очерк шеберлерінің туындыларынан очерк жанрының негізінен ұйымдастырушы күш екенін байқаймыз, егер деректер іріктелген болса, ұйымдастырушыға түпкі ойдың өзегі белгілі деген сөз. Ал, енді очеркшінің алдында М.Кольцовтың айтуындай, «көз тоярлықтай» материалды публицистикалық леп беретіндей етіп орналастыру керек. Егер де нақты дерек, терең ой мен жазылған очеркті оқыған соң оқырманның көкейінде қанағаттандырылмаған сауалдар болса, онда жазушы композицияның ең басты шарттарының бірін орындай алмағаны. Ұйымдастыру-шылық қасиет күш, ең алдымен, газет-журналдар очеркіне қажет, онда әр қилы деректер мен жағдайларды бір-біріне жақын мазмұндағыларды қатар орналастырады және бұл шарттарға өзгелер де қатысады; материалдың түйіндерін қатар қою, материал бөлімдерінің сандық ара қатынасын, әр түрлі дәрежелі және жоспарды көрсетуді дұрыс қадағалау немесе өзге болмыстың сараптамасын да шоғырландыру қажет. Бөлімдердің сәйкессіздігі, шығармашылыққа сәтсіздік әкелетін бірқатар мысалдар келтіруге болады, мысалы, газет беттерінде жарияланған кейбір очерктер мен суреттемелерде құрылыстың дәл осы түйіндері бұзылған.
Портреттік очерктің ішкі құрылымының берік болуының бірінші талабы, тақырып өзектілігі, өмір көрінісінің кей тұстарының анық суреттелуі, мәселені бір немесе бірнеше эпизодтар арқылы, адамның өткен өмірі арқылы т.б. оқиғаны ашып беретін құрылымдық формалардың едәуір тұрақты және кең тарағандығы кездейсоқтық емес. Портретті очерктің құрылысында эпизод басты рөл атқарады. Эпизод – қойылым. Ол өз бойына көптеген фактілерді жинап, идеяның пайда болу процесін тездетеді.
Очерктің эпизодтан басталған бірінші абзацы ықшамды баяндаудың қарқынды қалпын көрсетеді. Асықпай дамыған экспозиция повесте не романда ондаған беттерді алса, ал, очеркте санаулы жолдардан кейін оқырманның бірден тақырыпқа еніп кетуіне, мәселе мәнін, адам тағдырын нақты түсінуіне мүмкіндік береді. Мұндай бастау ауызша әдеби-көркем әдістердің интонациясын талап етеді. Бұл әдістің ең көп тараған түрі - репортаждық бастау. Қойылым, эпизод шағын суреттік көрініс оқырманды бірден суреттеліп отырған оқиға проблемасының ортасына алып барады.
Адамның игілікті әрекеті аумағында ғана табиғат «жандандырылған» - әлеуметтік-қоғамдық сипат алған адамзаттық табиғатқа айналады. Адам әдетте, төңірегін талғап, таразылайды. Таным жүйесінде табиғи адамзаттық, ақиқаттық, жеке пендешілік қасиеттер бірегей жарастық табады. Тіршілікте бір-біріне тәуелсіз ештеңе жоқтың қасы. Суреткер әдетте, дүние құбылыстарының белгілі бір жұмбақтарына ой жүгірте отырып, олардың өзара байланысына талдау, сұрыптау жасай отырып ой түйеді, кез келген жазушы айналамен, қоғаммен араласа жүріп, еңбекқор шаруадан бастап, ел басқарған әкімге дейін өз шығармаларына арқау етеді. Журналист Жомарт Әбдіхалықтың «Шаруақор» очеркі ел басқарған, тізгін ұстаған еңбекқор әкім Сергей Кулагиннің портретін ашуға арналған. Публицист ой-толғанысы мен нақты факторларды қабыстыра отырып, кейіпкерінің әр қилы қызмет сатыларын, талапшылдығын, іскерлігін, еңбекқорлығын көрсете білген әкім ретінде суреттейді. «Әлбетте, ең азы бөлімше басқарса да, бірінші билікке қолы жеткендердің талайы не ғаламат өзімшіл болады, не қара басын күйттеген пиғылдары атой салып тұрады. Бұлардың тағы бір парасы болмашы іс тындыра бастаса бітті, алды-артына жан салмай, тіпті жалына қол тигізбейтін «жаман аттың» күйін кешеді. Құдайдың бір дес бергені, С.Кулагин осындай жаман індеттен ада болып шықты» [68],- деп нақты адам басындағы жеке қасиеттері туралы айта келе, қоғам құбылыстары, заман өзгерістері, адамның жеке басында болатын қабілеттердің сырларын қоса қамтып отыр. Әкім болғандар ішіндегі типтік құбылыстардың алтын өзегін табу, замандастар арман-мұратына, тіршілік-тынысына ортақ шындық-тарды саралап алу, неге болсын уақыт биігінен қарай білу, осы заманның көкейкесті мәселелеріне, рухани мүдделеріне елеп-екшеп қарау жағынан келгенде очеркші діттеген мақсатына жеткен. «Азаматтың жүгін арқалаған ару» атты очеркінде де қазіргі арпалысы мол замандағы табан жолдарынан таймаған өр әйел тұлғасы жасалады. Очерктің бас кейіпкері – Ақмола облысының әкімі орынбасары – Светлана Жалмағамбетова. Кейіпкерінің портретін очеркші былай сомдайды: «Тәуелсіздік танымы рухани өмірімізді де, әлеуметтік пейілімізді де мүлдем жаңаша талғам-түсінікпен сілкіп серпілтуді, сергектікті талап етсе, соның үдесінен алғашқылардың бірі болып шыға білген азамат - ару Светлана Жақияқызы. Ол республика астанасы Ақмола облысының бұрынғы орталығына ірге теуіп, қоныс аудара бастаған кезде де, одан облыс орталығы Көкшетауға қоныс аударып, жұмыс ауқымы жаңаша ұлғая түскен тұста да, ауқымды мәдени, рухани, әлеуметтік шаралардың көшбасында жүрді. Қаншама кедергілер қолбайлау болғанымен, бұл күнде Ақмола облысында 180 клуб, 363 кітапхана, 13 мұражай, 3 кинотеатр, облыс орталығында қазақ, орыс драма театрлары, облыстық филармония жұмыс істеп тұрса, бұл – осындай іскер басшылардың еңбегі» [69],- деп түйіндейді. Әкімнің орынбасары Светлананың өнерпаздарға, дарынды балаларға, танымал өнер қайраткерлеріне жанашырлық көрсетуден танбай келе жатқаны іскер басшының портретін сомдауда жанашырлық, іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттерін жіті байқаған.
Сонымен ықшамдық өзінің құрылымдық формаларын ұйғартады. Очеркші оқырманның көз алдына ойша оқиғаны елестетуіне мүмкіндік береді. Очерктің өте бай тәжірибесі әр түрлі компоненттерді пайдалануға мүмкіндік жасап береді. Портретті очерктерде ойды ықшам жеткізудің жолдары төл сөз, диалог, пейзаж, шолу, кейіпкердің естелігі, авторлық пайымдаулар, арнау сөз арқылы жүзеге асатынын жоғарыда байқадық.
Достарыңызбен бөлісу: |