– Иә...
– Жасың жетпейді ғой...
– Апай, бізде ұлдардың көбі машина мінеді. – Сыныптың старостасы Жауһар мұның жаңалық емес екенін әрі еш сөкеттігі жоқтығын білдірді.
– Әке-шешелеріңнің жүрегі тас па?
– Сенеді ғой.
– Сендерге дауа жоқ екен, бар.
«Коала» қутың қағып, сыртқа беттеді.
– Тағы кімдер машинамен келеді?
– Мырзан, Мақсат...
Староста балалардың атын тізбелеп жалғастырып келе жатыр еді, «жә-жә, жетер» деді қайсы бір ұл қылжаққа бұрып.
– Автокөлік инспекциясы тоқтатса, не дейсіңдер?
– Апай, тоқтатпайды. – Қанат еркінси орнында отырып-ақ әңгімеге араласты. – Тоқтатса, сол жерде мәселені шешіп, кете береді.
– Балалар, бұларың дұрыс емес, заңға бағыну керек. Әлі үлгересіңдер машина айдап....
Осы кезде қоңырау соғылып, мұғалімнің сөзі аяқталмай қалды.
***
Әкесі кішкентай кезінен жан-жақты болуын қалап, Жасынды көпшілік ортаға ерте араластырды. Бетінен қақпай өсірді.
Бақта қыдырып жүргенде ұлының тілін қызық көріп, топтанған жеткіншектерге әлденелерді біліп келуге әдейі жұмсайтын. Өзі сонадайдан сыртынан бақылап тұрады. Орыстар болса – орысша, қазақтар болса – қазақша тайынбай «тапсырманы» орындаудың жөнін табады. Әлгі топ кекілді ұлдың ең әуелі қылығына, сосын сұрағы мен жауабына күліп қала береді. Кейін досы Ерекең баланың көпшілдігін аңғарып, қоғамдық автобустарда күні бұрын үйреткен анекдоттарын айтқызып қоятын. Ұялып, қымсыну дегенді білмейді. Не түрлі күлкілі әзілдерді бар өнерін салып, сыдыртып шығады. Көліктегі жұрт қызықты әңгіме естіп қарық.
Бұл – бірінші сыныптағы қылығы еді. Келесі жылдары ондай әбестіктен тартынатын болды.
Екінші сыныптан бастап каратэ киокушинкай клубына апарды. Содан күні бүгінге дейін жұмасына екі мәрте секциясын құр жібермейді. Одан бері бірнеше дүркін жарыстарға қатысып, әртүрлі орындар алды. Түрлі біліктілік сынақтарынан өтіп, бірқатар белбеулерді иеленді. Енді, алдында қара белбеу дәрежесін қорғау сынағы тұр.
Жасын апталық жұмыс кестесін тұрақты негізде жасап алған. Күнделікті сабағынан бөлек дүйсенбі, бейсенбіде ағылшын тілі курсына барады. Сейсенбі, сенбіде – спорт секциясы. Ал сәрсенбі, жұма күндерін ғылыми жұмысына арнайды. «Физикалық вакуум – әпсана ма әлде таусылмас энергия-қуат көзі ме?» деген тақырыптағы еңбегін аяқтап қалды.
Бүгін сейсенбідегі жаттығу динамикалық қарқынмен жүрді. Сэнсэйдің4 айтқанын, көрсеткенін дәл сондай етіп қайталап шығу шеберлікті қажет ететіні белгілі. Ал, шеберлік дағдыланудан қалыптасады екен. Дағды табанды еңбекпен бойға сіңеді.
Жаттығуға бөлінген екі сағат жылдам өтті. Соңында сэнсэй таяу арада Жапониядан жекпе-жек өнерінің білгірлері келетінін және қара белбеуге сынақ алатынын жеткізді. Соған жауапкершілікпен әзірленуді тапсырды. Сапта тұрған барлық шәкірттері «ос!»5 деп, дүркірете жауап берді.
Сусебезгіде шайынып, сыртқа шыққаннан кейін әдет бойынша телефонына үңілген. Жауһар whatsАpр-пен хабарлама жіберіпті. Екі-ақ ауыз сөз: «Сәлем! Скайпқа шық!». Жүрегі атқалақтай жөнелді. Қуаныштан кеудесі дүрсілдеп барады.
Скайпты қосты. Көп күттірмей адамдардың жоғарыдан төмен тізілген суреттері пайда болды. Жылдамдатып саусағының ұшымен Жауһардың суретін іздеді. Ізінше-ақ ол назарына шалынды әрі онлайн жүйеде отырғанын айғақтайтын белгі тұрды. Бейнеқоңырауды басты. Сол заматында бүлкілдеп, дыбыс белгілері кетіп жатты. Ұзаққа бармай дисплейден қарақат көзді қыздың ақ жүзі көрінді.
– Сәлем, Жасын!
– Сәлем!
– Бүгінгі ойламаған жерден «Ақылды датчик» жөнінде жасаған презентацияларың тамаша болды. – Сықылықтай күлді.
– Иә, күтпеген тұста... – Бала абдырай қуыстанды.
– «Білгірлер клубының» мүшесі екендеріңді дәлелдедіңдер. – Үнінен мысқылдың уыты байқалды.
– Текке жүрмей бүгінгі технологиялық мүмкіндікті пайдаланып, жүзеге асуы ықтимал нәрселерді байқап көргеніміз ғой. – Ақталғандай тіл қатты.
– Жалықпайсыңдар ма?
– Ішіне бір кіргеннен кейін, ойын сияқты. – Жасынның езуі жайыла күлді. – Өзіңнің ғылыми жұмысың қалай, өткенде жетекшіңе жолығып шыққан ең.
Жауһардың танауын аспанға көтеріп, қасынан менмендігін таныта өткені есіне оралды.
– Ақырындап жылжытып жатқан сияқтымыз. Одан жалықсам, «Стилист» клубына барамын. Ал, сен, ол клубтың кімдікі екенін білесің бе?
– Жоқ.
– Мырзандікі.
– Жақсы екен, бұрын білмеген едім.
– Таяуда алғашқы роликке түсейін деп жатырмын, бірнеше фотосессиялар жасалды.
– Дұрыс, қабілетті шыңдай берген жөн. Бүгін не жоспарың бар? – Қыздың қолы бос болса, әлдебір жаққа бұрынғыдай қатар қыдыруға ұсыныс айтпаққа оқталды.
– Қазір «Стилистке» барамыз.
«Барамыз» дегенге баланың жүрегі шым етіп, бір бұлқынып қалды. Дереу негізгі шаруаға көшті.
– Мені жайша іздедің бе?
– Сайлауға түсуге әзірленіп жатырсың ба, соны білейін дегем... – Жауһардың ашық үні көмескі тартып, күмілжіңкіреді.
– Мүлде жоспарымда жоқ нәрсе. – Бала ағынан жарылды.
– Әлімбектің сөзінен кейін, «ол ондай ұсынысты текке айтып тұрған жоқ-ау?» деп ойлағанбыз. – Тағы да көпше түрде. – Жақсы онда, сау болып тұр, – деді Жауһар.
– Жақсы...
Бұл езуін жиғанша дисплейдегі экран жалп етіп өшіп үлгерді. Жауһардың да Жасынға деген сезімі сонымен бірге сөнгендей болды.
***
Дәл осы кезде Мырзанның шешесі ұлына кейістік білдіріп отыр еді.
– Елдің балалары сияқты ғылыми жұмыс та алмадың, ертең қалай оқуға түсесің? – Алаңдаушылық кейіппен қобалжи сұрады.
– Олар тұрмысы төмендердің балалары ғой жанын салып жүрген, ол жұмыс Гарвард университетіне жүрмейді. – Керісінше ұлы мүлде сабырлы күйде жауап қатты.
– Жүрмесе де, қабілетіңді көрсетпейсің бе? – Ана жүрегі әлденеге алағызи құрақ қақты.
– Әкем түсірем деп отыр ғой, несіне басымды қатырам? Бас қатыратын уақыт оқуға түскеннен кейін де жетеді.
– Ендеше мына жүрісің дұрыс па, күнде қыдыру, күнде той. Әлден осындайсың...
– Мама, мен он бестемін, менің жеке өміріме араласпа. Шетелдерде мұндай жасында балалар ата-анасынан бөлек тұрады, ұнатпасаңдар бөлек кетемін...
Анасының иіні салбырап, діңкесі құрыды.
– Енді бүгін қайда барасыңдар?
– «Стилистке» барып, подиумда қалай жүріп-тұрудың әдісіне жаттығамыз.
– Бір қызға бола соншама көйлек тіктіріп, босқа шашыласың...
– Текке емес, біздің компанияның жаңа үлгілерін жас модельерша жарнама жасайды. Ертең Еуропаға конкурсқа барамыз, сонда Қазақстаннан негізгі модель Жауһар болмақ.
– Байқа, әлден ол қызды желпілдетіп жібердіңдер...
– Жоқ, желпілдеткен ешкім жоқ. Сән үлгісін көрсететін сұлулар неғұрлым ашық, халыққа жұғымды болуы керек. Жауһарды соған дайындап жатырмыз.
– Білмеймін, сендердің бұл істерің ұнамайды. – Ананың өңінен кейістік аңғарылды.
– Әр сән компаниясының өз имиджі, то есть, бет-бейнесі болуы керек. Менің компаниямның сондай жұлдызы – Жауһар.
– Абайла, әкеңнің ақшасын қайтарымсыз нәрсеге салып, текке шашпа.
– Әкем маған бұл контораны бүгінгі менеджментті үйренуім үшін, былайша айтқанда, болашақта үлкен істі басқаруға репитиция жасауыма бола ашып берген. Сондықтан, ондағы шығыс қаржылар менің басшы ретінде қалыптасуыма жұмсалуда деген сөз. Әкемнің мұнай өндіретін елдегі ондыққа кіретін компаниясы тұрғанда несіне қиналасың, мама?
– Судың да сұрауы бар, балам. Аспаннан ақша жауғандай боп жүрсіңдер...
– Мама, еш алаңдама. Менің кететін уақытым болды, Мәскеуден дизайнер-стилистер шақыртқанбыз. Бүгін солармен жұмыс жасаймыз.
– Тым құрығанда сабағыңды пысықташы, келесі жылдары мектептегі сайлауға түсем дейсің...
– Қорықпа, мама, қоғам жұмысы қайда қашар дейсің. Биыл жазда екі пән кабинетін жөндеп, жабдығын ауыстырып берсек, өздері-ақ мені таңдар.
Мырзан асығыс сыртқа беттеді.
***
Жасынның ештеңеге зауқы соқпай төсегінде iPad-ын шұқылап жатты. Әр сайтқа үңіліп, үйреншікті дағдысымен күнделікті жаңалықтарды бір сүзіп шықты. Жаттығудан кейін сәл дамылдап алмақ. Әдетте жарты сағаттай көңілін мүлде басқа нәрсеге аударып, тынығатын. Содан кейін сабағына кіріседі.
Ертеңгі сабақты пысықтаған соң міндетті түрде ағылшын тіліне қосымша дайындалады. Өйткені аптасына екі мәрте баратын курспен ғана шектелсе, онда бәлендей нәтижеге жете алмайтыны белгілі. Әлемдік тілді жетік меңгерсе, вакуумдық кеңістікке қатысты көптеген әдебиеттер қолына тиер еді. Бүгінде ғаламтордағы материалдарды ағылшынша еркін оқып, жақсы түсінеді.
Балабақшадан ағылшынша үйрене бастаған бұған тілді тереңірек меңгеруге ықпал еткен әкесі. 7-ші сыныпты бітірген жылы Англияның Оксфорд университетінің жанындағы колледжге курсқа жіберді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген өзі сияқты балалармен бірге оқыды. Әрине, оған бару үшін тілді белгілі дәрежеде меңгеріп, үйренгеніңді дәлелдеп тест тапсыруың тиіс.
Бұған ұзақ жылғы әзірлігің ғана септігін тигізеді. Ондай дайындық Жасында бастауыш сыныптан басталып, репетиторлардың қатысуымен жалғасты. Кейін тіл орталықтарына барып, ағылшын тілін ұдайы оқыды. Соның нәтижесінде тілді меңгерудің белгіленген өлшемдегі деңгейін толық игерген.
Жасын осы бағдарлама бойынша Оксфорд қаласына екі жыл қатарынан қатынады. Екі жылда да ең жасы кішісі болды. Негізінен, ересек балалар барады. Дені – студенттер. Барлығы ағылшын отбасын паналайды. Бірінші жылы екі студент жігітпен бірге тұрды. Ішіндегі Мұрат деген қылжақбастауы «Жасын, өзіміз шомылған суды ағызбай саған толтырып қойдық, ваннаға түсіп ал. Бізден жұғысты болсын, ертең біз сияқты студент боласың» деп әзілдейді.
Бәрі күледі. Бұл жәй қағытпасы, шынтуайтында іш тартып, қамқорлық танытып жүреді. Таңертең кетіп, бастары кешке бір-ақ қосылады. Себебі, әрқайсының тілді меңгеру деңгейі әрқилы. Сондықтан әртүрлі топтарда оқиды. Курс соңында тест тапсырып, бір жарым айлық біліміңнің нәтижесін көрсетуің керек. Сертификат беру, бір жағы, уақыттың текке өтпегенін, ақшаның босқа жұмсалмағанын растайтын амал. Әйтпесе, IELTS тапсыртпай-ақ апаратын бағдарламалар бар, ол негізінен туризмге бейімделеді.
Бірінші жылы барып келгеннен кейін сыныптас құрбылары қызықтап неше түрлі сұрады. «Бір топта неше бала оқыдыңдар? Қандай мемлекеттен жиналды? Достар таптың ба?» деген сияқты әдеткі сауалдар. Сонда Жауһар бұған тілеулес жан сияқты ниетін көрсеткен. Екеуі уақыт өткен сайын бір-бірін жақынырақ түсінетіндей байқалды. Екінші мәрте Ұлыбританиядағы оқудан оралғанында тіпті бұрынғыдан да етенелік танытты. Жиі бастары қосылатын, ағылшын тілі орталығына да жұбын жазбай қатынайтын. Ара-тұра киноға да бірге баратын. Екеуара ағылшынша сөйлесіп, бір-біріне хат жазатын. Жұптары жазылмайтындықтан құрбылары «Ж+Ж» деп мазақтайтын еді.
Бұл жарасымдылық 9-шы сыныптың бірінші тоқсанынан кейін, Мырзан басқа қаладан ауысып, бұлардың сыныбына келген соң өзгерді. Қашан хабарласса да, Жауһардың үнемі уақыты жетпейді, қолы бос емес. Ылғи бітпейтін бір шаруалармен жүреді, бір жақтарға кетіп бара жатады. Ақырында Жасынның көзі жетті, бұған дейінгі достығы жай екен. Іштей қиналып жүрді. Бірақ сыртқа білдірмеуге тырысты. Есесіне, негізгі мақсатынан танбады. Ғылыми жұмысына тереңірек мән берді, ағылшын тілін құнттай түсті, спорт секциясы кестесінің бір де біреуін жібермеді.
Осы аралықта ғылыми жұмысы Білім және ғылым министрлігінің Орта білім беру департаментінде сараптаудан өтіп, Берн қаласындағы халықаралық олимпиадаға жолданатын санаулы жұмыстардың бірі ретінде танылды.
Көңіл-күйі де ертеңгі үлкен істің нәтижелі болуына бөлінді, уақытын да соған арнады. Жұмысын ағылшын тіліне аудартты. Қосымша материалдарды дайындады. «Дарын» орталығына барып, қаншама мәрте білгірлердің алдынан сынақтан өтті. Соңғысы тек ағылшын тілінде жүрді.
Енді Жауһармен аралары қайта жақындамайтынын түсінді. Әсіресе оның басқа адамның мүддесін көздеп, алыстан орағытып барлау жасағаны көңіліне сыймады. Ал, Әлімбектің ана сөзді қайдан шығарғанына өзі де қайран. Іштей осы лайық дегендердің қатарына қосып қойып, бүгін қисыны келіп қалған соң ойын құрбыларынан бүкпей айтқан болар. Онда тұрған не бар?
Ал, шынтуайтында мектептегі президенттікке сайлауға түсу жөнінде өзінде мысқалдай ой жоқ. Негізгі мақсаты – экстренатқа өту, жылдамдатып үлкен ортаға барып, ғылыммен ауқымды түрде айналысу.
Жауһар ханшайымдыққа талассыз өтетінін білетін сияқты. Шүбәсіз болғандықтан өзіне лайық адамды сырттай таңдап, алдын-ала анықтап алғанды жөн көретін тәрізді. «Егер олай болса, ол таңдаған адамы кім?»
Жасын өзін олардың қатарына қоса алмады. «Мырзан шығар». Оны осы уақытқа дейін алып келген бағаларына қарап, 5-ке оқитын үздіктер санатына жатқызуға болады. Алайда, көп жағдайда көтермелеумен жүрген сыңайлы. Жарқыраған білімін әлі байқаған жоқ.
Әрі, Жауһар білмекке әуестенген сайлауға қатысты науқанның басталуы әлі ерте. Шара басталмай жатып дабыра қылудың қажеті қанша? Ең әуелі 8, 9, 10-шы сынып оқушыларының басым көпшілігі қолдарын қойып, растаған өз кандидаттарын тіркеуі керек. Содан кейін сөз етсе дұрыс болар ма еді?..
Жауһардың бір сәтте жалт беріп, құбылатынын әсте ойламапты. Ықылас, пейілдің арнасынан қайтқан өзендей бәсеңдеуін, өмір атты вакуумдық кеңістіктегі өзара әсер етудің күшті және әлсіз элементтеріне балады. Қазіргі жағдайда өзі – әсер етуге әлсіз элемент.
«Жалпы, симметриялық тұрақты вакуумдық ықпалдастықты сипаттайтын шешім, гравитациялық радиус (rg) және электромагниттік радиус (re) сияқты екі константыдан тұрады. Егер масса мен заряд нөльге айналса, онда радиустың екеуі де жойылады. Демек, біздің достығымыздың мән-мазмұны ендігі тұста ол үшін қара бақырдай құнсыз. Сондықтан арадағы тартылыс заңы және жақсы көру аурасы бұзылған. Екі константы өкінішке орай супербірлестікке айнала алмады. Яғни, оқиғалар кеңістігі абсолюттік вакуумге ұласып кетті».
Әртүрлі ойға беріліп жатып, 30 минут уақыттың қалай өткенін бағамдамады. Сағатына қарады да, сабағын дайындауға отырды.
***
Жасын оқитын 9-шы «Ә» сыныбында 25 бала бар. Оның 12-сі ұл, қалғаны қыздар. Бір қызығы, ұлдарға жаппай жанама аттар берілген. Айбын – «Чунга-чанга», Дидар – «Қоян», Мақсат – «Марқа», Әлімбек – «Ақшақар», Қанат – «Сықси», Мәлік – «Коала», Арқабай – «Үйрек», Алмас – «Қазан», Мырзан – «Сифон», Дихан – «Пятачок». Бұлардың бәріне кім мұндай ат қойып, айдар тағып жүргенін және ешкім білмейді. Әйтеуір, бір күні біреуі абайсызда дәл тауып үйлесімді лақабын айтып қалады. Ол күллісінің көкейіне қона кетеді – бітті, құрбылары бір ауыздан әлгіні қолданып шығады. Сонымен жүре келе қалыптасып, жанама ныспыға бойлары үйренеді. Сосын, тіпті, «Марқа» десе, «әу» дегенін байқамайды.
Кейбіріне сыртқы кескініне сай мультфильмдегі кейіпкерлердің есімін берген. Дихан өзі сап-сары, бетінің ұшы қып-қызыл, танауы домалақтау біткен. «Винни-пухтағы» «Пятачок» есімді торайдан аумайды. Сол сияқты Арқабайдың да екі еріні бір-біріне тимей, суреттегі үйрек балапанының аузындай сәл ашылып тұрады. Содан кейін оны «Үйрек» деп атаған. Дидардың қасқа тістері қояндікіне ұқсап, алдына шығыңқырап біткендіктен, «Қоян» деген. Мақсат тойған қозы, яғни, марқа сияқты. Ал, Мырзанға «инновациялық» ұғыммен «Сифон» лақабы лайық деп табылды. Шамасы, кез келген нәрсені талғамсыз қабылдай беретін, кез келген нәрсеге тартынбай араласа кететін мінезіне бола аталған шығар. Ең жаман әдеті – бірнәрсені бықсытып, қоңырсытып отыратын еді.
Тек Жасынға жанама есім жамалмады. Мүмкін, дәл образын беретін балама ешкімнің қаперіне келмей жүрген шығар. Әлде, құрбылары үлгерімі жағынан мектеп бойынша 4-ші орындағы үздік оқушының олқы тұсын көрмегендіктен, тілін тістеп жүр ме?
– «Қазан», бүгін үлкен үзіліске не дайындап келдіңдер?
Мырзан екі қолын қалтасына салып, Алмасқа мұрынын шүйіре қарады.
Алмас мектептегі радиоторабын басқаратын. Күнделікті үлкен үзілісте мектеп өмірінен, жекелеген балалар туралы ақпарат таратады. Сонымен қатар патриоттық тәрбиедегі әндерді іріктеп, үзілістерде қалықтатып қояды.
-
Саспа, «Сифон», естисің. – Сыныптасына жымия қарап, тіл қатты.
-
«Сифон» дегенді кім шығарды? Әзілдесеңдер де байқап сөйлесеңдерші. – Мырзанның өңі құбылып, дауысына зіл араласты.
Сыныптастары әр-әр тұстан мырс-мырс күлді. Ащы келемеж Мырзанның жанына кірш-кірш қадалды. Қапелімде қызарақтап қалды. Құрбысының атын атамай, бүлдіріп алған өзі. Бұл келеңсіздікті тез арада түзеп жіберуге тырысты.
– Жігіттер, сабақтан кейін қалып, өзіміз жеке сөйлесейік.
Қағытпа басталғанда-ақ бір түрлі қуыстанған Жауһар осы арада кеудесін көтеріп, жан-жағына насаттана қарады. «Не десеңдер де ол сендерден биік, бала болса да клубты басқарып отыр» дегендей сыңай байқатады.
Сол заматта «дыз-дыз» етіп, Мырзанның телефонына СМС келіп түсті. Тұтқаны алып қарап еді «Өзіңді кісі етіп көрсетуіңді қойсаңшы» деген жазуды оқыды. Жіберген – Арқабай. Амбициясы асқақ бақуаттының баласы Мырзан мына сөзге жарылып кете жаздады. Бірақ сыртқа ештеме білдірмеді. Сыпайы түрде «Келесі апта 8 наурыз, ақылдасайық» деп жауап қайырды.
Қоңырау соғылып, сызу пәнінің мұғалімі ішке енді.
Мектеп педагогтарының бағалауы бойынша осы сынып ерекше қабілетті оқушылардан құралған. Нақты пәндерден ғана емес, өнерге де өте бейім. Қанат киноиндустриясын әжептәуір меңгерген әрі оған қызығушылығы аса жоғары. Бейнероликтер мен клиптер жасап, сценарийін, операторлығын, режиссурасын өзі үйлестіреді. Гүлназ қыл қалам шебері – полотнолар салып, көрмелерде жүлделі орындар алған. Дизайнер-суретші болуды көксейді. Дидардың IT технологияларын үйренуге жаны құмар. Жасын ғылым жолына бет алған. Сыныптың жартысына жуығы 5-ке оқиды. Сондықтан, оқушылардың дені мектептегі «Білгірлер клубының» мүшесі.
Мектеп-лицейде сан-салалы үйірмелер жұмыс істейді. Соның бірі – көркемөнер, Гүлназ сол үйірмеде. Беліне түсетін шашын түбінен бір буып, білегін сыбанып ап, үнемі шағын шеберханадан шықпайды. Оның еңбекқорлығы мен талантына қызығатындар қаншама. Ал, қызғанатындар ше?..
Бірде, ынта-шынтасымен картина жазып жатқанында өзімен үйірме жұмысына қатысатын жоғарғы сыныптың екі қызы бұның қасына таянды. Салып жатқан суретіне әрі-бері қарап тұрды.
– Мына балдыр-батпақпен не айтпақ болдың? – деді Жания.
Гүлназ үндемеген күйі ту сыртына бұрылып, оның бетіне бажайлай назар тоқтатты.
– Жалпы, сенің жұмысыңда көз тартар жарқ еткен бояу жоқ, – деп әлгі бойжеткен сөзін сабақтады. Өзі түйе үстінен сирақ үйіткендей биіктен қарайды.
– Сенің жұмысың мен еңбегіңді мұнда бағалайтын адам да табылмайды. – Екінші құрбысы осылай түйреп өтті.
– Жарайды, көңіл аударар бояу жоқ болса, бола берсін. Суреттерімді бүгін бағаламаса, ертең бағалар. – Орнықты жауап бергенімен, іштей абдырап, қобалжыды.
– Біз, Айжан екеуміз сенің жұмыстарыңды талқыладық. Күңгірттікке әуессің. Еңбекқорлығың жақсы, бірақ, шындығын айтқанда – талантың кемшін.
– Иә. – Құрбысы қоштап қойды.
– Осы қысқы каникулда біз Мадридтегі Прадо кескіндеме мұражайында болдық. Онда көптеген көрмелерді аралап, неше қилы суреттерді көрдік. Содан кейін Starbucks-та кофе ішіп отырып, кейбір суретшілердің бағы тірісінде емес, өлгеннен кейін ашылады деген қорытынды жасадық. Мысалы Ван Гог, Камиль Писсаро, Френсис Бэкен. Содан кейін неге екені белгісіз, сені есімізге алдық.
Суретші қыз тұтқиылдан кенеше жабысқан қос құрбыға одан сайын аңтарыла қарады.
– Мен, нақтысында, Айжан екеуміз де «Гүлназ өзін-өзі өлтірсе, шығармашылығы кеңінен танылуына пайдасы тиер ме еді?» деп ойладық.
Гүлназға дүние төңкеріліп кеткендей, көз алды қарауытты. Бірдеме деуге аузына сөз түспеді. Бидай өңі қуарып, үндемеді.
– Қанша тыраштансаң да, мектептегі көркемдік саласындағы 1-ші сыныптық шәкіртақы маған тиіп, сен менің шаңымды қауып келесің.
Осыны айтты да, әлгі екеуі миығынан күліп, сыртқа бет алды.
Бұдан соң Гүлназ өзіне сын көзбен қарап, бояулар гаммасын ойнатудың амалдарын игеруге ден қойды.
Қалай болғанда да 9-шы «Ә» таланттар шоғырланған сынып екенін жалпы жұрт мойындайтын.
***
Арқабай сабағын дайындап бітіп қалғанда әкесі бөлмесіне кірді.
– Кәне, «Күнделігіңді» берші, қарайын.
– Әке, ешкім қазір «Күнделік» ұстамайды.
– Неге?
– Не в моде. – Арқабай қылғына күлді.
– Сабағыңды жақсы оқы. Ертеңгі күн тек ертеңгі күн емес, ол – болашақтың басы. Болашақ туралы мектептің қабырғасында жүріп ойлану керек. Ойлану аз, келешек өміріңнің іргетасын қалап қою керек. Ересек өмір басталғанда есіріктікпен уақыт өткізгеніңе өкінесің.
– Өзің мектепте жүргенде алдағы өмірің, мамандығың туралы ойландың ба?
– Сен сол қателікті жібермесін деп тұрмын.
– Неге ойлай алмадың?
– Ол кезде өмірге көзқарас басқа болатын. Өкімет пен партия жастарды ең әуелі екі жыл бригадада жұмыс жасасын деген шешім шығарды. Осы бағытынан тайып кетпесін деп, жыл сайын Лениндік зачет тапсыртып, кім болатыныңды қайта-қайта қадағалап отырды. Сөйтсек, бізді – жұмысшы табының қатары азайып кетпесін деп, қара жұмысқа даярлапты. Қазір олай емес қой.
– «Лениндік зачет» деген не?
– «Саяси бағытың мен патриоттығыңды» анықтайтын сынақ.
– Е-е, қызық екен. – Әкесінің жүзіне барлай қарап, күлді. – Сабақтағы үлгерімім жақсы, жақында келесі оқу жылында олимпиадаға қатысу үшін тақырып алайын деп жүрмін.
– Оның дұрыс, құрбыларыңнан қалма. Бос уақытта болатын ойын-сауықтан да сырт қалып қойма.
– Киноға барайын десем, жібермейсіңдер.
– Анда-санда киноға барған түк етпейді, алайда күнделікті текке қаңғығаның көп сияқты.
– Жоқ, балалармен қарым-қатынас ұстап жүрмін ғой.
– Қыздармен де жақсы сөйлесуің керек. Қыздармен дұрыс қарым-қатынас жасамағандар, онша сыйлы болмайды.
– Қыздар сыпайы қарым-қатынастан гөрі, кімнің ақшасы көп, кімнің әкесі бай – соларға үйіріліп тұрады.
– Ол сенің ойың шығар.
– Ойым емес, нақты дерек. Әкесі мұнай магнаты, миллионер Мырзан дейтін бала бізбен екінші тоқсаннан бері оқиды. Бәрі соған құрақ ұшады. Үздік оқушы, старостамыз Жауһардың Мырзан дегенде көңілі мүлде басқа. Сол үшін Жасынмен қатынасын үзді. Себебі, Мырзан қыздан ештеңе аямайды. Күнде бір жерге барады, күнде бір тосын қызық болады. Біздің сыныпта ондай ақшалы ешкім жоқ. Өйткені, Мырзанның өзі бір фирманы басқарады.
– Сен оған қызықпа. Жігіттің бойындағы өнер, білім, ғылым бәрін жеңіп шығады. Ең бастысы азамат ақиқат жағында болуы керек. Ал, қыздар кей кездерде көзсіз көбелек сияқты. Төгілген шуақ пен түрлі-түсті бояуға елітіп, жіберген аңғырттығын артынан барып біліп, аһ ұрады. Әсіресе ол жақсы оқыса, староста болса және бетінің сәл әрі байқалса, бітті, өмірдегі дәреженің ең биік шыңына шықтым деп ойлайды.
– Қазірден-ақ өзін мектеп бітірушілер балының ханшайымы ретінде сезінеді. Енді, жанында бірге тұратын ханзаданы таңдап жатыр.
– Жарайды, оған мән бермей-ақ қой. Әйткенмен, біреуді жазғырып немесе кінәні әлдекімге аударып, болашаққа бет алған жолды тоқтата алмайсың.
– Әке, маған қазір сыныптас достарым келеді. Біз 8-ші наурызға қыздарға арнап сыйлық алып, фильм түсіруіміз керек. Соған барамыз.
Сөйткенше қоңырау соғылды. Арқабай жүгіріп барып есік ашты. Ар жағынан Алмас, Дихан, Қанаттың төбесі көрінді.
– Кіріңдер. Мен киінейін.
Төртеуі қайта далаға шыққанда күн шыңылтырлау екен.
– Қанат, сенде қандай бейнекөрініс бар? – Арқабай мойынын соза «Сықсиға» үңілді.
– Сыныптағы және мектептегі мерекелік концерттегі видеолар.
– Жоспар бойынша не жасауымыз керек?
– Қазір үш-төрт қыздың үйіне ескертпей, тосыннан барамыз да, түсіреміз. Содан кейін соны монтаждап, фильм әзірлейміз. Сосын, құттықтап сыйлығымызды тапсырған соң көрсетеміз.
– О-о, қызық болады. – Дихан бас бармағын шошайтты.
– Ал, қай қыздарға барамыз? – Алмас алдын-ала бет түзер бағытты анықтап алу жайын ойлады.
– Жауһар, Ләззат, Сандуғаш, Жәния... Арғы жағын тағы көреміз.
– Жауһарға бір түрлі көңілім қалып қойған. – Алмас құлықсыз кепте тіл қатты. – Бірінші сыныптан бастап бірге оқып келе жатқан бізді ортамызға кеше ғана келген Мырзанға айырбастады да жіберді.
– Ештеңе етпейді, сыныптың бетке ұстары, түсіруіміз керек. – Әкесінің жаңағы ақылынан кейін бе Арқабай салқынқандылық танытты. – Иә, бәрінен Жасынға қатты бататын шығар, екеуі жақын достар еді ғой...
Достарыңызбен бөлісу: |