Жар-жар
Той бастардан кейін, ұзатылатын қыздың тойында айтылатын өлеңнің екінші бір түрі – жар-жар. Мұны ойынға жиналғандар екі жақ болып, айтыс түрінде орындайды. Бір жағы қыздар, екінші жағы жігіттер немесе қыз алушы және қыз беруші құдалар жағы болып екіге бөлініп айтысқа түседі. Сөзді тойға келген ақындар, болмаса «жар-жардың» жұртқа мәлім, жаттап алынған өлеңін білетін жігіттер бастайды. Айтыстың басты тақырыбы, мазмұны ұзатылғалы отырған, жарына қосылатын қыз туралы, оның жаңа жерге жақсы тұрмыс құруы, балалы-шағалы, әл-ауқатты болуы туралы сөз қозғалады, жақсы тілек айтылады. Бәрінен де қымбаты қыздың жары екендігі баса айтылып, өлеңнің әрбір жолы «жар-жар» деп қайырылады, «жар» деген сөз қыздың құлағына құйыла беріледі. Әрқашан да «жар-жарды» бастаушы жігіт болады. Ол өзінің сөзін ұзатылғалы отырған қыздың көңілін аулаудан, секемді болмаудан бастайды. Мәселен:
Жігіт:
Алып келген базардан қара насар, жар-жар-ау
Мұнда әкем қалды деп, қам жемеңіз, жар-жар-ау,
Қара мақпал сәукеле шашың басар, жар-жар-ау
Жақсы болса қайын атаң, орнын басар жар-жар-ау.
Қыз:
Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау,
Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар-ау.
Қайын атасы бар дейді – осы қазақ, жар-жар-ау
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау52.-
Осы ретпен басталған «жар-жар» айтысы, бұдан әрі қарай созыла береді. Сонда жігіт ұзатылғалы отырған қыздың әке-шешесін, туған-туысын, аға-інісін, апа-сіңлісін, құрбы-құрдасын, жеңгелерін өлеңге қосып тізіп шығады. Бұл аталған адамдардың орнын қыздың барғалы отырған қайын жұртындағы ағайын-туыстар басатынын айтады, шешең орнына қайын енең бар, інің орнына қайын інің бар деп дәлелдейді. Жігіттің бұл сөзіне қыз кезекпен жауап қайырып, олардың бір де бірі өз туыстарындай еместігіне мұңаяды, жылап жыр етеді, көңіліндегі қайғы-қасіретін шертеді; туып-өскен жер, ағайын-туыс, еркін жүрген кезін айтып қоштасады.
Айтысқа түскен құдалар тобы да қыздың көңілін аулай бірқатар сөздер айтады. Жат жерге кеттім деп жылама, қатарыңнан қалмайсың, құрбы-құрдастарыңнан кем болмайсың дей отырып, болашақ өмірінің қызықты болатындығын, жар сүйіп, бала көтеретіндігін айтып жұбатады. Қыз көңілін әзіл-оспақпен көтеруге тырысады.
Бұл айтылған жұбату сөздердің бәріне жауап ретінде, ұзатылғалы отырған қыз жиналған көпшілікке өзінің аянышты халін, көңіліндегі қайғы-қасіретін шағып зар етеді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпағандығын, жастық, қызық дәуренінен айрылғанын, малға сатылып, еріксіз күйеуге кетіп бара жатқанын білдіреді. Мәселен:
Әке менен шешенің мейірі қатты,
Өз баласын қызығып малға сатты.
Байлап беріп жат елге танымаған,
Жетім балаға ұқсатып жаутаңдатты. –
Немесе:
Уылжыған ақша бет, қуарсайшы,
Мөлдіреген екі көз, суалсайшы.
Бір жаманға қор болып кеткеніңше,
Өліп қана, қыз сорлы, уансайшы53, -
дейтін өлеңдерден өткендегі қазақ қыздарының ауыр қайғысы, ащы зары естіледі. Сүйгеніне бара алмай, теңіне қосыла алмай, арманда кеткен, мал орнына сатылған қыздар «жар-жар» өлеңі арқылы да қатымыр заманның әділетсіз әдет-заңына қарсылық білдіріп, оған қарғыс айтады. Бұл секілді халық өлеңдері өткен кезде үстемдік еткен таптың, ақсақалдық-рушылдық қауым қолданған әдет-ғұрып заңның жағымсыз кескінін әшкерелейді, оған халықтың жиіркенішті көзқарасын суреттейді. Осы тұрғыдан қарағанда «жар-жар» өлеңдері әлеуметтік мәні бар мәселелерді көтерген, әсіресе, әйелдердің хал-жайын, ерлермен тең праволы болмағандығын айқын көрсеткен деуге болады.
«Жар-жар» өлеңдері тек ұзатылған қыздың тойында ғана айтылып қойған жоқ, сонымен бірге ол жастардың бас қосқан ойын-сауық кештерінде де қолданылған54 және өзінің әні де болған. Мұндай жағдайда бас қосқан жастар, «жар-жардың» өлең-әнін, әзіл-оспағын көңіл көтеру, махаббат сырын шерту, ойнап-күлісу үшін пайдаланған.
«Жар-жар» өлеңдерінің мәні мұнымен ғана бітпейді. Оның басты ерекшелігінің бірі – қазақтың ауыз әдебиетінде «Айтыс» түрінің шығуына негіз салуында (бұл жөнінде «Айтыс» бөлімін қараңыз). Екіншіден, жар-жар айтуда театрлық элементтер бар. Ерте кезде қазақтың театры болған жоқ. Бірақ оның элементтері болды. Соның бірі осы «жар-жар». Оның жиналған көпшіліктің алдында айтыс түрінде шығуы, өлең, ән, домбыра араласуы, жұртты қызықтыруы жағынан алғанда, «жар-жардың» орындалуы ерте кездегі қазақтар үшін театр сахнасы есебінде болған55.
Жар-жардың өлең құрылысы жеті-сегіз буынды жыр, кейде, он бір буынды қара өлең негізінде келеді. Мұнда жұртқа белгілі, қалыптасқан ұйқастар, трафаретке айналған, көпшіліктің жаттап алып бірден-бірге таратып айтуына ыңғайлы сөздер көп ұшырасады. Өлеңі әзіл-оспақ, жеңіл қалжың түрінде де айтылып отырады.
Сыңсу
Ұзатылатын қыздың тойында жасалған ойын-сауықтың біразы аяқталған кезде, қыздың аттанар алдында ел-жұртымен, ағайын-туыс, құрдасымен, туып-өскен жерімен, жастық-балалық өмірімен қоштасу ретінде айтылатын өлеңі. Мұнда ұзатылатын қыз өзінің құрбы-құрдас, жолдастарымен ауыл-үйді аралай жүріп, белгілі әнге сала сыңсуын айтады (Сыңсудың өлеңдерін ақындар немесе қыздардың өздері шығарған болады).
Ұзатылып бара жатқан қыз сыңсу өлеңдері арқылы жұртқа естірте өзінің мұңын, қайғы-қасіретін шағады. «Мен еліме өкпелі» деп басталатын сыңсу өлеңінде:
Заманым өтті басымнан,
Дәуренім кетті басымнан.
Бұл не деген іс болды,
Көлінен кеткен құс болдым.
Бұлғақтап жүрген заманым,
Қандай да жерге тұс болдым.
Ата-анам еді дәулетім,
Жат жұрттық болып кеткен соң,
Кетер-ау бастан сәулетім.
Мен жұртыма жау ма едім,
Айналайын, ел-жұртым,
Не болар менің заманым!
Дәуренім менің өткен соң,
Бұралқы иттей кеткен соң,
Естіле жүрер дейсіз бе,
Не болып жүрген хабарым.
Заманым қиын болар-ау,
Көкірекке қайғы толар-ау,
Ел-жұртым, сенен айырылып,
Санамен жүзім солар-ау.56 –
деп, ұзатылып бара жатқан қыз көңіл шерін толғайды. Бұл зар қаншама ащы, аянышты болғанымен де, ескі әдет-ғұрып, әділетсіз заңға сүйенген заманда, әйел мұңы ескерілмеген, аяққа басылған. Солай бола тұрса да, сыңсу өлеңдері ерте кездегі әйелдердің хал-жайын суреттейтін, ескілік жол-жобаға қарғыс айтқан, қарсылық білдірген шығармалар болып табылады.
Сыңсу аяқталғаннан кейін, ұзатылып бара жатқан қызға ақыл-өсиет айтылған. Мұны жұбату деп атайды. Жұбатуды, әдетте, ауыл ағасы, беделді адамдар айтқан. Жұбату өлеңдері, бір жағынан, ұзатылып бара жатқан қыздың көңіліндегі қайғы-зарды жуып-шаю мақсатын көздесе; екіншіден, қыздың жаңа жерге барғанда атқаратын міндеті, мінез-құлқы қандай болу керектігін насихаттаған, жол-жоба көрсеткен. Мәселен, жұбату өлеңінің бір түрі:
Жылама, бикем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама,
Ұл боп тусаң әуелден,
Сені мұндай қыла ма!
Көзді жаспен бояма,
Біз бермейік десек те,
Мал бергенің қоя ма?57 –
деп басталады да, «ата-ананың жолын», ескі әдет-ғұрыпты ақтауға тырысады. Содан кейін, ұзатылғалы отырған қыздың болашағы, ендігі өмірі қалай болу жайын үгіт ретінде айтып шығады. «Жарыңа қосыласың, мал-малданып, жан-жанданып жеке үй боласың, әлдилеп бала сүйесің» деген секілді көңіл жұбататын өсиеттер айтылады:
Тілеулі, құтты тойыңда,
Көп жылауды қойыңыз.
Жыламай құлақ салыңыз,
Бұл сөзіме наныңыз,
Мен айтамын өсиет –
Тыңдап ұғып алыңыз.
Мұнан көшіп кетерсің,
Шын еліңе жетерсің,
Тең құрбың шықса алдыңнан,
Ойын-күлкі етерсің.
Құрбы келсе, күлгейсің,
Әдеппенен жүргейсің,
Салмақпенен сөз сөйлеп,
Жақсы жауап бергейсің58, –
деп келеді де, бұдан ары қарай ақыл-өсиет созыла береді. Онда айтатыны: үй ішің, ата-анаңмен, ағайын арасымен тату-тәтті, әдепті бол, үлкенді сыйла, салдыр-салақ болма, мал-мүлкіңді шашпа, тазалық сақта, оқыс мінез көрсетпе, өтірік-өсек айтпа, жарлыларға көз қырыңды салып жүр, сараң болма!
Белгілі дәстүрге айналған жұбату, ақыл-өсиеттерде айтылатын негізгі әңгімелер осы тәрізді болып келеді. Әрине, бұл өлеңдердің халықтық сипаты барлығын, халықтың мінез-құлық жайындағы ойын, көзқарасын білдіретіндігін жоққа шығаруға болмайды. Ұзатылып бара жатқан қызға «жақсы бол» деп ақыл айту, өмір соқпағын көрсету, болашағында не істеу керектігін түсіндіру – халық ұғымына қиғаш келмейді. Бұдан, әрине, жұбату өлеңдерінің қайшылығы жоқ деген ұғым тумайды. Ескі әдет-ғұрыпты, «ата-ана жолын» ақтауға тырысуы, әйелдердің әлеуметтік дәрежесі ерлермен бірдей емес деп көрсетуі жұбату өлеңдерінің халық қабылдамайтын, халықтың көзқарасына, ой-тілегіне қарама-қарсы келетін ұғымдар болып табылады. Мұндай жат ұғымдарды үстем таптың қоспасы деп түсіну қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |